Ибат-ул хақайиқ» ескерткішінің тілі
Түркі халықтарының біздің заманымызға келіп жеткен жазба мұралары аз емес. Бұлар ғылымның қажетіне жарауы үшін, халықтың игілігіне айналуы үшін жан-жақты, түбегейлі зерттелуі тиіс. Қазіргі кезде түрколог ғалымдардың басты назар аударып отырған мәселесі - әр ескерткіштің тіл ерекшеліктерін сол дәуірдегі, бұрынғы және кейінгі дәуірдегі барлық ескерткіштермен тәптіштеп салыстыру арқылы диалектілік құрамын барынша дәл айқындау. Бұл үшін қазіргі өмір сүріп отырған түркі тілдерінің фактілерімен, тіпті диалектілері, говорлармен санаспасқа болмайды (1, 130).
Біз сөз еткелі отырған Ахмет Йүгінекидің «Һибат-ул-хақайиқ» (Ақиқат сыйы) атты дастаны ғалымдардың жобалауынша XII ғасырдың аяғы мен XIII ғасырдың басында Батыс Түркістанда дүниеге келген.
Біз бұл шағын мақалада Ахмет Йүгінекидің «һибат-ул-хақайиқ» атты дастаны мен қазіргі қазақ тілінің арасындағы фонетикалық, морфологиялық және семантикалық басты-басты айырмашылықтарды сөз етеміз. Сол арқылы бұл мәселенің болашақтағы келелі істердің бір маңызды бөлегі екендігіне зерттеушілердің назарын аударамыз.
Фонетикалық ерекшеліктер
Көне түркі тілінде жазылған кез келген ескерткіштерді қазір өмір сүріп тұрған кез келген түркі тілмен салыстырсақ, олардың арасындағы белгілі бір дәрежедегі ұқсастық пен айырмашылықты аңғарамыз. Мұның көне тіл мен жаңа тілдің арасындағы сабақтастықты білу үшін ғылыми маңызы өте зор.
«һибат-ул хақайиқтың» лексикасындағы барлық сөздерді фонетикалық тұлғалануы жағынан қазіргі қазақ тіліндегі балама сөздермен салыстырғанымызда олардың едәуір бөлегінің айна-қатесіз ұқсас екенін байқадық. Мысалы, «ат, ата, ана, ара, аз, атан, ал, күн, түн, мен, өз, бер, сөз көп, кең, тар, оқ, ол, отын, он де, - мал, қол, қарын», т.б. Тіпті көптеген сөздерге қосымшалар жалғанғанда олардың біздің дәуірімізде де өзгеріссіз айтылатындығы байқалады. «Алды, қалды, қалып, қылайын, қылған, қойда, қылыққа, қаптарылмас, малы, малсыз, малға, оқыса, байлық, болғай, толды, тоны, сынаған, соны» сияқты тұлғалар ескерткіште, қазіргі қазақ тілінде де бірдей.
Ескерткіштегі дауысты дбыстардың сапсы жөнінде пікір таласы көп-ақ. Мұның басты себебі араб алфавитінің дауысты дыбыстарды белгілеуде дәрменсіздігінен. Осы себепті дауыстылардың қазіргі тілдермен сәйкестігін ажырату да өте қиын. Бұл тұрғыдан ең көзге түсетін ерекшелік ерін дауыстыларының қазақ тілінде езу дауыстылары болып айтылуы. Мысалы, «артуқ» - артық, «көңүл» - көңіл, «ескирүр» - ескірер, т.б. Бұл қазіргі тілімізде екінші, үшінші буындарда ерін дауыстыларының айтылмау заңдылығына байланысты болса керек.
Біз жоғарыда қазақ тілі мен ескерткіш тіліндегі дыбыстық сәйкестіктерді санамалап бердік. Көне тіл мен жаңа тілдің көптеген айырмашылығы болатыны заңды. Ал бір ескерткіш көлемінде кездесетін дыбыс алмасуларынан қалай түсіндіруге болады?
«Һибат-ул хақайиқ» дастанында мынадай дыбыс алмасулары кездеседі: д~й: «едгү-ейгү; д~т: «дөрт-төрт»; д~з: «қодын-қозы»; ғ~қ; «қатығ-қатық»; м~н: «йәмайана»; н~й: «қанда-қайда»;с~з; «алмас-оңалмаз», т.б.
Ә.Н. Нәжіптің пікірінше, мұндай фонетикалық әртүрліліктің екі түрлі себебі бар. Біріншіден, жазба тілінде сол кезде өмір сүрген әртүрлі диалектілердің ізі сақталған. Екіншіден, әр ғасырда көшірмешілер өзі сөйлейтін диалектінің элементтерін енгізіп жібірген (4, 209). Біз осы пікірге қосыламыз.
«Һибат-ул хақайиқта» бір буынды сөздерге дауыстыдан басталатын қосымша жалғанғанда түбірдегі қатаң дыбыс ұяңданбайды, қазіргі қазақ тілінде ұяңданып кетеді. Мысалы, оқуң-оғын, шаки-шәгі т.б.
Морфологиялық ерекшеліктер. «һибат-ул хақайиқтың» қазіргі қазақ тілінен морфологиялық жағынан да елеулі айырмашылығы бар. Бұл ерекшелік әсіресе негізгі түбір мен туынды түбірді салыстырғанда айқынырақ байқалады. Қазіргі қазақ тілімен түбірлес сөздер негізінен бір немесе екі буынды болып келеді. Үш буынды түбірлес сөздер некен-саяқ. Көне және жаңа тілге ортақ түбір сөздердің өзара айырмашылығы тек фонетикалық тұлғалануында «баш-бас», «адақ-айақ», т.б. Яғни осының алдындағы тарауда санамаланып өткен ерекшеліктердің морфологияға да қатысы бар. Ал туынды сөздердің жайы басқаша. Етістіктің «біл-түбірінен ескерткішке «біліг», қазақ тілінде «білім» туынды сөздері жасалады. Ал – «көр» - деген ортақ түбірден «көрүмлүг» көрікті сөздері өрбіген. Бұдан шығатын қорытынды қазіргі тілдерде сақталған сөздерге ескерткіште көне жұрнақ жалғана береді. Керісінше құбылыс та байқалады: қазіргі тілде кездеспейтін көне сөзге тірі жұрнақ жалғанады. Мысалы, «борчы» - маскүнем, «унарча» - шамамша, т.б. Мұндағы –чы, -ча жұрнақтары қазақ тілінде - шы, - ша түрінде жиі қолданылады.
Орта ғасырларда туынды болып есептеледі. Мысалы, ескерткіштерде «ай» деген түбірден етістіктің «айт» деген бұйрық райлы сөзі жасалады. Қазақ тілінде негізгі түбір ұмтылған да, туынды түбір негізгі түбірдің мағынасын беріп кеткен.
Қазақ тілінде «тірі» деген сөз бар. Ескерткіште бұл сөзге өздік етістіктің – л жұрнағы жалғанып, «өмір-сүр» деген мағына беретін «тіріл» сөзі жасалған. Яғни кейбір сөздерге қазіргі тілдердің тұрғысынан жалғауға болмайтын жұрнақтар жалғана береді.
«Һибат-ул хақайиқта» қазіргі тілдердің тұрғысынан көнерген жұрнақтар жиі қолданылады. Мысалы, «тануғ» (куә) улығ, қуруғ (бос), қылдашы (қылушы), белгүлүг, йатыбан (жатып), уламай (тіректі), артағ (артық), артут (сыйлық), ердам (өнер, ерлік), аңар (оған), кеңрү (кең), келгү (келуші), болдуғунча (болғанынша) т.б. Мұндағы – уғ. – дачы, - гүлүг, - бан, - ай, - ағ, - ут, - дам, - ар, - рү, - гү, - дуғуңча бұл күнде өлі жұрнақтар.
Сөздерді қосарлау арқылы да, біріктіру арқылы да жаңадан сөз жасауға болады. Бұл тәсілдің түркі тілдерінде атам заманнан келе жатқандығы ескерткіштердің лексикасынан да аңғарылады. Алайда ескерткіштерде мұндай тәсіл арқылы жасалған туынды сөздердің көпшілігі қазіргі тілдердің тұрғысынан архаизм. Мысалы, түштең – теңдес, қатар – құрбы, ағыз-тил – тіл мен жақ, қарабаш – қызметші, т.б.
«Һибат-ул хақайиқта» жалғаулардың қолдануында қазіргі қазақ тілінен мынадай айырмашылықтары бар екенін байқадық.
- лар көптік жалғауының қазақ тіліндегідей фонетикалық варианттары жоқ және қазақ тілінде жалғауға келмейтін сөздерге жалғана береді. Мысалы, қылурлар, көңүллар, т.б.
Ескерткіште жіктік жалғаулары «мен, сен, ол» күйінде, яғни толық тұлғасында жалғанады. Мысалы, айур мен – айтамын, қылур сен – қыласың, армаз ол – арымайды, т.б. Бұл, бір жағынан «Һибат-ул хақайиқта» өте көне тілдік элементтердің сақталғандығын дәлелдейді.
Тәуелдік жалғауының, фонетикалық жағынан болмаса, қазіргі қазақ тіліндегі тәуелдік жалғауынан пәлендей айырмашылығы жоқ. Мысалы, башым, башың, башы.
Оның есесіне септік жалғауында бірқатар ерекшеліктер бар. Ілік жалғауы –ың, иң формасында тек есімдіктерге ғана жалғанған: «аның, мениң», т.б. Қазіргі қазақ тіліндегідей зат есімдерге жалғанбайды. Ескерткіштегі ілік септігі қазақ тіліндегі ілік септігінің жасырын келген түрінде ұқсас: «билік ма, даны» - білім көзі, шаһым мадхы – шаһымның мадағы.
Барлық сөзге табыс жалғауы негізінен – ны, - ни түрінде жалғанады: ерни, инши, диарны, т.б. Қазақ тілінде бірнеше фонетикалық варианттары бар. Ескерткіште бірен-саран сөздерге ғана табыс септігі - ын, - ин формасы табыс септігімен қатар көмектес септігінің де мағынасын беріп тұр: «бир елгин тутуп шаһд» (бір қолымен бал ұстап). Жекелеген сөздерге табыс септігінің өте көне формасы – үг пайдаланылған: «сөзүг» (сөзді), «йүзүг» (жүзді) т.б.
Ескерткіште көмектес септігінің мағынасын негізінен «била, бирла» септеулік шылауы береді: «енр била» - ермен, «тил била» - тілмен, «кедим бирла» - киіммен, т.б.
Шығыс септігінің жалғауы бастан-аяқ – дин. Мысалы, башдин, отдин, т.б. Қазақ тілінде бірнеше фонетикалық вариантта қолданылады.
Жатыс септігі мен барыс септігінің беретін мағынасы жөнінен де, формасы жөнінен де қазіргі қазақ тілінен айтарлықтай өзгешелегі жоқ.
«Һибат-ул хақайиқта» - өзге ескерткіштерден архаизмдік элементтерді көбірек пайдалануы жағынан ерекшеленеді. Ескерткіш жазылған кезеңде мұндай көнерген элементтердің сөйлеу тілінде болған-болмағандығын аңғару өте қиын. Жаңа форма мен көне форманың жарысып жүруі, алайда көне форманың жаңа формаға қарағанда өте сирек қолданылатындығы, бір ғана – ин формасының әрі табыс, әрі көмектес септігінің мағынасын беретіндігі, тағы осы сияқты ерекшеліктер сол замандағы сөйлеу тілі мен жазба тілдің айырмашылығын көрсетеді.
Есімшенің - мақ, - ған формалары бірен-саран сөзге жарыса қолданылған: «билмақдин, билмагдин» - білмегеннен. Барыс септігінің көне - рү, - ру жалғауы да санаулы сөздерге ұшырайды. «табару» (қарай), «кеңрү» (кең) т.б. Кейбір сөздерге қосылған - ла жалғауы жатыс септігінің мағынасын береді: «тирикла» (тірісінде), «үзила» (үстінде) т.б. Дауыстыға аяқталған бірқатар сөздерге жатыс септігінің - да формасы тікелей немесе қазіргі тілдердегідей «н» қыстырма дыбысы арқылы жалғанған. Мұның себебін түсіндіру қиын.
Ескерткіште тағы бір көзге түсетін ерекшелік му сұраулық шылаудың қазіргі тілдердегідей сөйлемнің соңында емес, сұрау екпіні түсіп тұрған сөзге тікелей тіркесетіндігі. Мысалы, «санар му едиэ қум ұшақ таш саны» (ірі құм мен ұсақ тас санауға келе ме?). Мұнда сұрау екпіні түсіп тұрған сөз – «сынар». «һибат-ул хаһайиқтың» біраз жерінде өлең ұйқасында күшейтетін мағына беретін а демеулік шылауы пайдалынылған. «Сениң рахматиндин үмармен өң-а» (Алдымен сенің мейірім-шапағатыңнан үміт етемін). Бұл демеулік шылау ескі ұйғыр ескерткіштерінде көбірек кездеседі.
Қазіргі тілдердің тұрғысынан архаизм болып есептелетін элементтерді әр дәуірдегі ескерткіштермен өзара салыстырсақ мынадай жайт аңғарылады. Қараханид дәуірінде сөйлеу тілінде кездесетін әрі жиі қолданылатын сөздер Алтын Орда дәуірінде архаизмге айналып кеткен. Мысалға Алтын Орда ескерткіштерінде «уманч» сияқты формаларда түрленіп қолданылған. Ескерткіштен мұндай сөздердің бірнешеуін мысалға келтіруге болады.
Ескерткіште етістіктің бұйрық райының - сун формасымен - су формасы жарыса пайдаланылады. Мысалы, қылсу, қалсу, билсу, келмасун, билсун т.б.
«Һибат-ул хақайиқта» жіктеу есімдігінің септелуі де назар аударады. «Сен, мен» жіктеу есімдігіне барыс жалғауы «сеңа, меңга». Бұдан мынадай қорытынды шығаруға болады: түркі тілдерінде ғ, г суксып қалуға бейім тұратын дыбыстардың бірі. Олай болса, мына формула шығады: «сенга // сеңга // сеңа». Яғни жіктеу есімдіктеріне да барыс жалғауы көне заманда « - ға, га» түрінде жалғанған. Бұған қазақ тіліндегі есімдіктің «маған, саған» түрінде септелуі де мысал бола алады. Мұндағы ерекшелік – метатеза құбылысы: «манға // маған».
Үшінші жақтағы жіктік есімдігіне тәуелдік, көптік, септік жалғаулары жалғанғанда ол формасы ан формасына айналып кетеді. Мысалы, анлар, ана, ануң, аны, т.б. Ескерткіштің бүкіл өн бойында қазіргі тілдерде ұшырайтын олар формасы бір-ақ рет кездесті. Бұл сірә, көшірмешінің енгізген «жаңалығы» болса керек. Бұған қарағанда ол есімдігінің негіз тілдегі варианты ан болуға тиіс. Ескі формалардың қосымшалар жалғанғанда қалпына келетіні қазіргі тілдерде де бар құбылыс.
Қысқаша айтқанда, ескерткіште көне формалар мен жаңа формалардың жарыса жүруін мына үш себептен деп есептейміз. «Һибат-ул хақайиқта» авторы Ахмет Йүгінеки өзінен бұрынғы әдеби дәстүрді пайдаланып, сол кездегі сөйлеу тілінде жоқ архаизмдік элементтерді енгізіп жіберген. Сондай-ақ өлеңнің ұйқасым, өлшем талабына сәйкес әртүрлі тайпа диалектілеріндегі синонимдік сөздерді, грамматикалық формаларды пайдаланған. Ал жаңа сөздердің, формалардың көпшлігі көшірмешілердің жіберген қателері.
Семантикалық ерекшеліктер. Сөз етіп отырған ескерткіштің лексикасындағы барлық сөздерді қазіргі қазақ тіліндегі баламалармен салыстырғанда олардың формалық жағынан ғана емес, мағыналық жағынан да елеулі өзгешеліктер бар екендігі көптеген фактілер арқылы дәлелденіледі. Енді соған тоқталалық.
Біріншіден, бұл мәселеге белгілі бір тіл элемнті біз өмір сүріп тұрған дәуірде қолданыла ма, жоқ па деген тұрғыдан келеміз: бір алуан сөздер қазіргі тілімізде мүлдем кездеспейді. Мұндай сөздерді тарихи сөздіктер арқылы, яки белгілі бір контекс арқылы ғана түснуге болады. Қазіргі қазақ тілі тұрғысынан мынандай сөздер архаизм болып есептеледі: ажун (дүние), едиз (биік), арқыш (кеш, керуен), асығ (пайда), уламсуз (тірексіз), өтүн (кешірім сұра), учүз (арзан), үрүң (ақ), усан (салғыртсы), уған (құдай), өт (мақта), өкүш (көп), ул (байла), еш (дос, жолдас), ең (бет), байат (құдай), била (бірге), таба (қарай), тарк (тез), тоңа (батыр), тиши (әйел), сүчүг (тәтті), қамуғ (барлық), йарын (ертең) т.б.
Бірер мысал келтірейік. «Тон» деген сөздің ескерткіштегі мағынасы бүкіл киім атаулыны білдіреді. Қазіргі қазақ тілінде белгілі бір киімнің атауы. «Көңүл» деген сөздің ескерткіштегі мағынасы «жүрек, жан-дүние», ал тіліміздегі мағынасы көңүл-күй. Яғни бұл сөздердің мағынасы кейін тарылған.
«Көк» деген сөздің ескерткіште «тамыр» (өсімдіктің тамыры) және «ата-тек» деген екі мағынасы бар. Қазіргі тілімізде бұл екі мағына да ұмытылған. Өсімдіктің енді шығып келе жатқан көгі дегендегі «көк» және түр-түсті білдіретін «көк» мағыналары туынды мағына болуға тиіс. «Тар ерса кең ерса битилди рузуң» (Көп болсын, аз болсын ризығың жазылған) деген сөйлемдегі тар және кең сөздері қазіргі қазақ тіліндегідей емес «аз және көп» мағыналық реңкінде түсініледі. «Йигит хожа болур йаңы ескирүр» (Жас қартаяды, жаңа ескіреді) деген сөйлемдегі йигит сөзі тіліміздегі «жігіт» сөзінен өзгеше «жас» деген мағына беріп тұр. Бұл сөз «йигит евдаш» (жас әйел) деген тіркесте Алтын Орда ескерткіштері «Гүлстан бит-түркиде», йигит қыз (жас қыз) деген тіркесте «Хусрау мен Шырында» кездеседі.
Ескерткіште «қол» мағынасын беретін «ел, елиг» сөздері, «ер, еркек» мағынасын беретін «ер, еран» жарыса қолданылған. Бірақ бұл сөздердің алғашқысы абстракты (дерексіз) мағынада, соңғысы конкретті (нақтылау) мағынасында қолданылғанға ұқсайды.
«Һибат-ул хақайиқтың» тілін қазіргі қазақ тілі мен салыстырғанда фонетикалық, морфологиялық және семантикалық басты-басты ерекшеліктер міне осындай. Бұдан әрі тереңдетіп зерттеу – болашақтың міндеті. Ескерткішті белгілі бір түркі тілімен салыстырудың, біріншіден, ескерткіштің тілімен салыстырудың, біріншіден ескерткішті тілін анықтау үшін, екіншіден, сол тілдің тарихын білу үшін екі жақты пайдасы бар екендігін қайталап айтамыз.