Ақпараттың асимметриялылығын төмендету механизмдері
Асимметриялық ақпараттар тауарлар мен қызметтер нарығында ғана емес, сондай-ақ, еңбек нарығында да, сақтандыру қызметінің нарығында да, инвестициялық ресурстар нарығында да және басқа да нарықтарда орын алады. Ақпараттың асимметриялылығын төмендетудің аса көп тараған әдістерінің бірі болып нарықтық сигналдар табылады. Нарықтық сигналдардегеніміз сатушының сатып алушының мекен-жайына экономикалық игілік туралы беретін ақпараттары. Нарықтық сигналдар концепциясының авторы 2001 жылғы Нобель сыйлығының лауреаты, американдық экономист Майкс Спенс болып табылады.
Сонымен, нарықтық сигналдардың қызметін не атқарады? Ең алдымен, ойымызға жарнама келеді. Бірақ жарнама асимметрияны төмендете алмауы мүмкін, жарнаманың өзі сапалы және сапасыз тауарларға бірдей бағыттала береді, яғни тауарлар мен қызметтерді дұрыс саралауға мүмкіндік бермейді. Тауарды сатушы жай ғана нарықтық сигнал беріп қоймай тиімді нарықтық сигнал бере білулері керек. Мысалы, нарықтық сигнал ретінде бұйымның сыртқы көрінісі – жақсы жасалған жиһаздың сыртқы пішіні, киімдегі мұқият тігілген тігістер, азық-түлік тауарларының хош иісі, т.б. сияқты белгілер – сол тауардың аса жоғары сапалы екендігін көрсетеді, сондай-ақ, нарықтық сигналдарға сатушының репутациясы, дипломдар, сертификаттар және т.б. жатады.
М. Спенс еңбек нарығында білімді сигнал ретінде қарастырған. Шындығында, жұмыс беруші сатып алатын тауардың сапасы туралы, яғни жұмыс күшінің қызметтері туралы мәліметтерді қалай біле алады? Ал сапалы жұмыскерді сапасы төмен жұмыскерден қалай ажыратуға болады? Мұны адамды жұмысқа қабылдау алдында әңгімелесу барысында оның сыртқы пішініне қарап ажырату қиын. Қымбат костюм, сапалы макияж және басқа да белгілер жұмысқа орналасуға келген адамның еңбек қабілеттілігі туралы айтпайды, мұның бәрі алдамшы нәрсе болуы мүмкін. М. Спенстің моделінде тиімді нарықтық сигнал – білім болып табылады. Ол адамның қабілеттіліктері туралы тиімді ақпарат береді, яғни қабілеті бар адамдар университет, колледж бітірген білімді адамдар болып табылады. Сәйкесінше, фирмалар жұмыскерлерді жұмысқа қабылдау кезінде білім сияқты нарықтық сигналдың көмегімен еңбек нарығында туындайтын асимметриялық ақпараттың деңгейін төмендетуге мүмкіндік алады.
Нарықтық сигналдардың әртүрлілігі ретінде кепілдемелер мен міндеттемелерді де қарастыруға болады. Сапасы жоғары тауарларды қамтамасыз ететін фирмалар ғана ұзақ мерзімге кепілдемелер бере алады және осындай міндеттерді нақты орындаудың өзі кездейсоқ жағдай емес. Ал сапасы төмен тауарларды өндіретін фирмалар, керісінше, ұзақ мерзімдік кепілдемелер беруге мүдделі емес. 90-шы жылдардың басындағы нарықтық реформалар кезінде көптеген сауда базарларында, дүңгіршектерде, жекелеген дүкендерде Қытайдан және Түркиядан әкелінген тауарларға: «Сатылған тауар қайтып алынбайды және айырбасталмайды» деген жазулардың болғанын айтуға болады. Сол уақытта сыртқы киімдер, тұрмыстық заттар қайтып алынбайтын. Тек соңғы жылдары ғана үкіметтік органдар сапасыз және сертификатталмаған тауарларды сатуға тиым салуға және күресуге нықтап кірісе бастады. Бірақ қазірдің өзінде дамыған нарық заманында сауда нүктелерінде әлгі жазулардың ілініп тұруы әлі де байқалады. Сонымен, кепілдемелер тауардың жоғары сапасы туралы дұрыс сигнал ретінде бағаланады және сәйкесінше, тұтынушылар кепілдемелері бар тауарларға аса жоғары баға төлеуге дайын болып келеді.
Кепілдемелердің сенімді репутациямен сәйкестілігі нарықтық сигналдардың тиімділігін арттырады. Атағы жоқ фирмалардың кепілдемелер береміз деген уәдесіне тұтынушылардың «лимон» сатып алмағандығына нық сенімділікпен қарай алмайды. Қазіргі фирмалардың негізгі әрекеті тұтынушылардың тауарға сенімділігін арттыру, яғни жақсы репутация жасау болып табылады. Қазір көптеген атақты фирмалар «Пайда – бәрінен де жоғары, бірақ сенім пайдадан да жоғары» деген ұранмен жұмыс істейді.
Сонымен, соңғысы, асимметриялық ақпаратты төмендету әдістерінің бірі ретінде мемлекеттің араласуын (міндетті сертификациялау – мемлекет шараларының бірі болып табылады) жатқызуға болады. Мемлекет те тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау жолымен, жалған жарнамалардың таратылуына жол бермей тұтынушыларға қажетті мәліметтер беру арқылы ақпараттардың асимметриялылығын төмендете алады. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында заңдылықтардың үлкен мәні бар. Сапасыз тауарларды сатуға қарсы, фирмалардың қызметтері туралы жалған ақпараттар таратуға және т.б. шараларға қарсы қатаң санкциялар қолданылады. Мемлекет тұтынушыларға тауардың сапасы туралы, инвестициялау мен сақтандыру саласында тәуекелдің дәрежелері туралы ақпараттарды және басқа да мәліметтерді қамтамасыз ете отырып, осыған орай барлық экономикалық субъектілер үшін тегін қолданатын қоғамдық игіліктерді (ақпараттарды) қалыптастырады.
Сонымен, нарықтық механизмнің тиімді жұмыс істеуін бұзатын жетілмеген бәсеке жағдайындағы асимметриялық ақпарат болып табылады. Асимметриялылық деп біз ақпараттардың нарықтық субъектілер арасында дұрыс бөлінбеуін және бұл мәселенің нарықтардың монополизациялануынан туындайтындығын түсінеміз. Ақпарат асимметриясы трансакциондық шығындардың жоғарылауына, сонымен қатар белгілі бір тауарлардың шектен тыс өндірілуіне, ал енді бір тауарлардың кем өндірілуіне алып келеді. Егер тұтынушы тауар және оның сапасы туралы ақпараттың аз ғана бөлігін білсе, онда біріншіден, сапасыз тауарлар сапалы тауарларды нарықтан ығыстырады («лимондар» нарығын еске түсіріңіз), және, екіншіден, интерналийлерді туындатады. Тағы бір еске сала кетейік, интерналий термині келісім жасаушы тараптардың келісім-шартта көрсетілмеген табыстары немесе шығындары деген мағынаны білдіреді. Мысалы, толық ақпаратқа ие монополист - өндіруші (өндіруші өзінің тауары туралы толық ақпаратқа ие, ал тұтынушылар оның белгілі бір бөлігіне ғана ие) сапалы тауар өндіре отырып өндіріс шығындарын төмендете алады және экологиялық жағынан қауіпсіз тауарды өндіруді кеңейте алады. Өндіруші шығындарының бір бөлігін тұтынушылар төлейді және ол шығындар баға түрінде көрсетілмеген, келісім-шартта қарастырылмаған тұтынушылардың «ішкі» шығындарына айналады. Егерсіз радиоактивтік элементтермен зақымдалған азық-түлік тауарларын сатып алып тұтынсаңыз, онда сіз өзіңізді жаман сезініп, дәрі-дәрмекке және т.б. заттарға қосымша ақша жұмсауыңыз мүмкін. Интерналийлердің мөлшеріне сәйкес тұтынушы үшін тауарлардың шекті пайдалылығы төмендей береді. Ал мемлекет болса нарықтық ақпараттарды реттеп және тиімді үйлестіре отырып бұл мәселені шеше алады, мысалы, ақпарат орталықтарын ашу арқылы, сондай-ақ, тауар туралы толық және шынайы ақпараттар алу құқығын заңдылықтардың көмегімен қалыптастырады және қорғайды.
Орытынды
1. Нарық ақпараттың жеткіліксіздігімен сипатталады, ол нарық белгісіздікті туындатады.
2. Нарықтық белгісіздік – бұл алдағы болатын мүмкін өзгерістерді болжаудың және бағалаудың қиын екендігін сипаттайтын жағдайлар, бұл тиімді шешім қабылдауды шектейді.
3. Нарықтық белгісіздіктің орын алуы тәуекелді туындатады, оны экономикалық шешім қабылдауға жауапты тұлғалар өз мойнына алады.
4. Тәуекел – бұл белгісіздік жағдайында шешім қабылдау нәтижесінде орын алатын мүмкін зиянның пайда болу қаупі.
5. Тәуекелдің дәрежесін бағалау мүмкін нәтижелердің математикалық күтімін анықтау және күтілетін пайдалылықтың мәнін анықтау негізінде жүзеге асырылады.
6. Тәуекел жағдайында шешім қабылдау кезінде тәуекелге деген субъективтік қатынастың маңызы зор. Тәуекелге байланысты субъектілердің үш категориясын бөліп көрсетуге болады: 1) тәуекелге бара алмайтындар, олар әрқашанда күтілетін пайдалылықтың бірдей мәнінде кепілдендірілген нәтижені қалайды; 2) тәуекелге немқұрайды қарайтындар, олар алдағы болатын кез-келген нәтижеге немқұрайдылықпен қарайды; 3) тәуекелге бейім адамдар, олар әрқашанда күтілетін пайдалылықтың бірдей мәнінде тәуекелмен байланысты нәтижені қалайды.
7. Тәуекелді диверсификацияның көмегімен төмендетуге болады, яғни тәуекелді көптеген тұлғалардың арасында ортақтастыру, және сақтандыру жолымен тәуекелді белгілі бір төлемдер төлеу арқылы үшінші тұлғаларға аудару.
8. Нарық айырбас операцияларына қатысушы тұлғалардың арасында ақпараттың дұрыс бөлінбеуімен сипатталады, оны біз ақпарат асимметриясы деп атаймыз.
9. Асимметриялық ақпараттың орын алуы нарық тиімсіздігінің факторы болып табылады, ол жауапсыздық тәуекелі және жағымсыз таңдау формасында болып келеді.
10. Жауапсыздық тәуекелі – нарықтағы субъектілердің әділетсіз тәртіптері, асимметриялы ақпарат есебінен пайда көру мақсатында әділетсіз немесе орынсыз әрекеттерге баруға тырысу.
11. Теріс селекция (жағымсыз таңдау) – сапасы төмен тауарлардың сапалы тауарларды нарықтан ығыстыруымен байланысты болатын нарықтың әрекет ету әдісі.
12. Нарықтық ақпараттар тарату нарықтың әрекет ету тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді, ал ақпараттың асимметриялылығын төмендету ерекше шараларды және нарықтық сигналдарды қолдану жолымен жүзеге асырылады.