Тәуелсіз Қазақстанның саяси дамуы
Мемлекеттің саяси дамуы ретінде ондағы мемлекеттің мемлекеттік рәміздері, конституциасы, т.б да нышандары мен мемлекеттік маңызы бар оқиғаларды қарастыруға болады.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігін жариялау:
КСРО-ның ыдырау барысын тездеткен 1991 жылғы тамыз бүлігі 1991 жылдың қазанына қарай көптеген республикалардың өз тәуелсіздігін жариялауына септігін тигізді. 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының тәуелсіздік жөнінде Конституциялық Заң қабылдауы улкен айтыс-тартыстың арқауы болды. Сөз жоқ, осыдан бір жыл бұрын Қазақстанның тәуелсіздігі жөніндегі Заң көптеген қарсылықтарға ұшырар еді, 1991 жылдың соңғы 4 айының ішіндегі саяси процестер тығырықтан шығудың табиғи жолына бастап әкелді: Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялады. «Мұндай заңды көп ұлтты Қазақстан халқы көптен күткен еді, - деп мәлімдеді республиканың халық депутаты С.Сартаев, - егер де оны біздің халқымыздың көптеген ұрпақтары жақындата түсті десем, ақиқатқа қарсы айтқан болмас едім. Тәуелсіздік үшін күрес үздіксіз дерлік жүргізіліп келді».
Қабылданған құжаттың 1-бабында Қазақстан Республикасы тәуелсіз, демократиялық, унитарлық және құқықтық мемлекет деп анықтама берілген. Ол өз аумағында барлық өкімет билігін толық жүзеге асырады, ішкі және сыртқы саясатын дербес жүргізеді, басқа мемлекеттермен өзара қарым-қатынасын халықаралық құқық қағидалары негізінде құрады. Қазақстан аумағы біртұтас, бөлінбейтін және қол сұғылмайтын болып табылды.
Заңның 2-бабында Республика азаматтары ұлтына, діни сеніміне, қоғамдық бірлестіктерге қатыстығына, шыққан тегіне, әлеуметтік және мүліктік жағдайына, кәсібіне, тұрған жеріне қарамастан барлық құқықтар мен міндеттерді, бостандықтарды пайдалана алатыны атап көрсетілді. Егемендіктің бірден-бір иесі және мемлекеттіліктің қайнар көзі республика азаматтары болып табылады. Республика аумағынан кетуге мәжбүр болған және басқа мемлекеттерде тұратын қазақтарға өздері азаматтары болған мемлекеттің заңдарына қайшы келмесе, Қазақстан Республикасының азаматтығын да қоса алу құқығы берілді. Республика аумағынан жаппай қуғын-сүргін, күштеп ұжымдастыру, басқа да адамгершілікке қайшы акциялар барысында қашып шыққандар мен олардың ұрпақтарының елге оралуына қолайлы жағдайлар жасалды.
Мемлекеттің аса маңызды міндеттерінің бірі қазақ ұлты және Қазақстанда тұратын басқа ұлттар мен ұлт өкілдері мәдениетінің қайта өрлеуі мен дамуына қамқорлық жасау болып табылады. 3-бапта Қазақстан Республикасы Мемлекеттік өкімет органдарының құрылымы анықталды. Қазақстан Республикасының және оның атқарушы өкіметінің басшысы - Президент болып табылады. Республика мемлекеттік тәуелсіздігінің экономикалық негіздері анықталған 4-баптa республиканың тәуелсіз мемлекет мәртебесіне сәйкес келетін және меншіктің барлық түрлерінің көпқырлылығы мен теңдігіне негізделген дербес экономикалық жүйесінің болатыны атап көрсетілді. Жер мен оның қойнауы, су, әуе кеңістігі, өсімдіктер және жануарлар дүниесі, басқа да табиғи байланыстар, ғылыми-техникалық және экономикалык мүмкіндіктер Қазақстан Республикасының меншігіне жатады.
Қазақстан Республикасы дүниежүзілік қауымдастықтың тең құқықты мүшесі, ол өзінің тәуелсіздігін қорғау мен ұлттық мемлекеттілігін нығайту шараларын қабылдайды. Республиканың ажырамас құқығын құрайтын мәселелерді шешуге кез келген сырттан қол сұғушылық оның мемлекеттік тәуелсіздігіне нұқсан келтіру ретінде бағаланады. Қазақстан Республикасының өз мемлекеттік рәміздері - Елтаңбасы, Туы, Әнұраны бар. «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Заң тарихи маңызды құжат және егеменді, демократиялық қоғам қалыптастырудың негізі болып табылады.
«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Заңды қабылдау жөніндегі хабарды республика халқы қуана қарсы алды. 1991 жылғы 16 желтоқсан Қазақстан Республикасының тәуелсіздік күні болып жарияланды. Бұл күн 1986 жылғы желтоқсан құрбандарын еске алудың бес жылдығымен тұспа-тұс келді. Алматыда өткен митингіде Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаев, академик С. Зиманов, желтоқсан оқиғасына қатысқандар, алыс және жақын шет елден келген қонақтар сөз сөйледі. «1986 жылы желтоқсанда екі күш - жас, қатайып үлгермеген демократия мен тоталитарлық жүйе қақтығысты, - деді митингіде сөз сөйлеген М. Шаханов. - Алматыдағы оқиғалардан соң көптеген демократиялық бой көрсетулер болып өтті, тоталитарлық жүйе күйреді. Қазақстанның тәуелсіз мемлекеттердің қатарынан өз орнын алуында 1986 жылғы желтоксанның баға жетпес сіңірген еңбегі бар».
Көп ұзамай Қазақстанды тәуелсіз мемлекет ретінде дүние жүзінің жетекші елдері таныды. 1992 жылы 2 наурызда Қазақстан Республикасы Біріккен Ұлттар Ұйымына (БҰҰ) мүшелікке қабылданды. Республика өзіне Ұйымның Жарғысын бұлжытпай орындау міндеттемесін алды. Қазақстан адам құқығының БҰҰ ортақ декларациясымен бекітілген құкықтары мен бостандықтарының басымдығын мойындай отырып, дүниежүзілік қауымдастыққа лайықты түрде қосылуға ұмтылатынын, алған міндеттемесін мүлтіксіз орындайтынын нық мәлімдеді.
1992 жылы каңтарда Қазақстан өзінің тұңғыш алтынын шығарып, мемлекеттің алтын қорын жинауды бастады.
Республиканың мемлекеттік тәуелсіздігін қамтамасыз ету мақсатымен 1992 жылғы қаңтарда Ішкі істер әскері құрылды. Армия қатарына шақырылған жастар Қазақстан аумағында әскери борышын өтеу мүмкіндігіне ие болды. Бұрын, ұзақ жылдар бойы «эксаумақтық» қағида бойынша әскерге шақырылғандар туған жерінен неғұрлым алыс аумақтарда қызмет етуге тиіс болатын. 1992 жылы тамызда Республика Президенті әскери қызметшілер үшін әскери анттың жаңа мәтінін бекітті.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері:
Қазақстанның тәуелсіз мемлекет болып қалыптасуы кезек күттірмейтін міндет ретінде оның мемлекеттік рәміздерін қабылдауды талап етті. 1992 жылы 4 маусымда Жоғарғы Кеңестің сессиясы республиканың жаңа мемлекеттік Туы мен Елтаңбасын бекітті. Сол жылғы 11 желтоқсанда Республика Әнұранының жаңа мәтіні қабылданды.
1936 жылы бекітілген Қазақ КСР-інің мемлекеттік туы мен елтаңбасында Кеңес елінің идеологиялық бағытын (тап күресі, «кеңес» халқының бірлігі, коммунизм идеясын дүние жүзіне тарату) бейнелеген және республиканың этникалық-мәдени ерекшелігін ескермеген рәміздер енгізілген еді. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы - мемлекеттік негізгі рәміздердің бірі. Тудың ортасында арайлы күн, күннің астында қалықтаған қыран бейнеленген. Тік бұрышты көгілдір матаның ағаш сабына бекітілген тұсында ұлттық оюлармен кестеленген тік жолақ өрнектелген. Тудың ені ұзындығының жартысына тең. Бірыңғай көгілдір түс төбедегі бұлтсыз ашық аспанның биік күмбезін елестетеді және Қазақстан халқының бірлік, ынтымақ жолына адалдығын аңғартады. Күн - уақыт, замана бейнесі. Ұлан-байтақ кеңістікте қалыктаған қыран ҚР-ның еркіндік сүйгіш аскақ рухын, қазақ халқының жан дүниесінің кеңдігін паш етеді.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Туы:
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының негізі - шаңырақ. Ол елтаңбаның жүрегі. Шаңырақ - мемлекеттің түп негізі - отбасының бейнесі. Шаңырақ - күн шеңбері. Айналған күн шеңберінің қозғалыстағы суреті іспетті. Шаңырақ - киіз үйдің күмбезі көшпелі түркілер үшін үйдің, ошақтың, отбасының бейнесі. Тұлпар - дала дүлдүлі, ер-азаматтың сәйгүлігі. Ол жеңіске деген жасымас жігердің, қажымас қайраттың, қажырдың, тәуелсіздікке ұмтылған құлшыныстың бейнесі. Қанатты тұлпар уақыт пен кеңістікті біріктіреді. Ол - өлмес өмірдің бейнесі. Бес бұрышты жұлдыз гербтің тәжі іспетті. Қазақстан Республикасының Елтаңбасының авторлары - Ж.Мәлібеков пен Ш. Уәлиханов. Ж.Мәлібеков-сәулетші, ЕҰУ-нде профессор, доктор, «Отырар» кітапханасының сызбасын сызған. Мемлекеттік Ту мен Елтанба жөніндегі арнайы заңда Қазақстан Республикасының азаматтары және Республика аумағындағы басқа да азаматтар Ту мен Елтаңбаны құрметтеуге міндетті екендігі атап көрсетілді. 1992 жылы маусымда «Қазақстан Республикасы Әнұранының музыкалық редакциясы туралы» Заң, кейіннен - әнұран мәтіні қабылданды.
Ал 2006 жылы қабылданған қазіргі әнұран сөзінің авторлары: Жұмекен Нәжімеденов пен Нұрсұлтан Назарбаев. Әнін жазған- Шәмші Қалдаяқов. Халық арасында ыстық ықыласқа, сүйіспеншілікке бөленген Шәмшінің «Менің Қазақстаным» әні XX ғасырдың ортасында, Хрущевтің әкімшілік реформалары кезінде шыққан. Бұл ән Қазақстан тұтас ел және жерінің бір шөкімін де өзгеге бермейді деген өжет дауылпаз ұран. «Менің Қазақстаным» әнінің рухы жаңа заманда Жаңа Қазақстанды орнатып жатқан халқымыздың рухани талап-тілегіне толық сай келеді.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны - Қазақстан Республикасының мемлекеттік негізгі рәміздерінің бірі. Әнұран салтанатты рәсімдерде, мемлекеттік органдар өткізетін өзге де шараларға байланысты орындалады.
Ел рәміздерін қабылдау - аса маңызды тарихи оқиға болды. Көп жылдар бойы Қазақстан өзінің ішкі және сыртқы саясатын анықтау мүмкіндігінен айырылған еді. Енді жаңа рәміздерді қабылдау тарихи сахнаға жаңа мемлекеттің, жаңа бейбітшілік сүйгіш державаның шығуын білдірді.
Қазақстан Республикасы астанасының ауысуы:
Тәуелсіз Қазақстанның қоғамдық-саяси өміріндегі елеулі өзгерістердің бірі астананың ауысуы болды. Қазақстан Республикасының Президенті өзінің «Қазақстан жолы» атты еңбегінде астананы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешім қабылдамас бұрын ұзак ойланғанын, барлық қадамдарын есептеп, тарихшылармен, саясаттанушылармен, мәдениеттанушылармен ақылдасқанын, басқа елдердегі астаналарын көшіру тарихымен танысқанын айта келіп, астананы ауыстырудың негізгі себептерін былайша түйіндейді:
Біріншіден, астананы ауыстыру Қазақстанды геосаяси жағынан күшейтудің қажеттігінен туындайды. Сондыктан елдің бас қаласының орнын анықтауға ерекше көңіл бөлінді. Астана өзіне еуропалық және азиялық озық дәстүрлерді сіңіріп отырған Еуразия құрлығының орталығы болып табылады.
Екіншіден, бұл шешімді қабылдағанда қауіпсіздік мәселесі де еске алынды. Тәуелсіз мемлекеттің астанасы, мүмкіндігінше, сыртқы шекараларынан жырақта және елдің ортасында орналасуы тиіс.
Үшіншіден, астананың орнын ауыстыру Қазақстанның экономикасын сауықтыру қажеттігінен де туындады. Ол елдің экономикасы үшін тиімділікті қамтамасыз етті. Облыс орталықтары дами бастады, экономиканың құрылыс материалдары өндірісі, жол төсеніштері, энергетика және машина жасау сияқты салалары аяғынан тік тұрды. Тұрғын үй құрылысы бұрын-сонды болып көрмеген қарқынмен дамуда.
Төртіншіден, астананы көшіре отырып, құрамы жағынан көп ұлтты біз, тұрақты полиэтникалық мемлекетті құру, Қазақстанды мекендеп отырған халықтардың арасындағы достықты сақтау бағытын да есте ұстадық. Н.Ә.Назарбаев астанасы Алматыдан Астанаға көтірудің тиімділігінің барлығы 32 себебін айқындап көрсеткен.
Қазақстан Республикасының 1994 жылдың 6 шілдесіндегі «Қазақстан Республикасының астанасын ауыстыру туралы» қаулысы тәуелсіз мемлекетіміз астанасының тағдырын шешті. 1995 жылы 15 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасының астанасы туралы» заң күші бар Жарлығы, 1997 жылдың 20 қазанында «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы етіп жариялау туралы» Жарлығы шықты. 1997 жылдың 10 желтоксанында Президент Н.Ә. Назарбаевтың төрағалық етуімен Парламент пен Үкіметтің біріккен мәжілісі өтті. Осы күннен бастап Ақмола Қазақстан Республикасының астанасы болып танылды. 1998 жылдың 6 мамырында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Ақмола қаласының аты Астана болып өзгертілді. Қазақстан Республикасы астанасының ресми тұсаукесері 1998 жылдың 10 маусымында өтті.
Қазақстан тәуелсіздік алған 25 жыл ішінде қарқынды дамып,елдің бас қаласы-Астана «Болашақтың қаласы» атанды. «Қазақстан-2030», «Қазақстан-2050» көпжылдық даму стратегияиясының ойдағыдай орындалуы-мемлекетті алға жетеледі. Әрине, бұл жетістіктер елбасымыз- Н.Ә.Назарбаевтың арқасында.