Географиялық детерминизм және оның геосаяси ілімін қалыптастырудағы рөлін анықтаңыз
Географиялық детерминизм концепциясы бойынша, қоғамдық даму үрдісі – объективті заңдылықтар нәтижесінде емес, табиғи күштер әсерінен жүзеге асырылады. Бұл теорияны қалыптастырушылардың айтуынша табиғи факторлар қоғамдық құрылыстың типін, елдердің шаруашылық даму дәрежесін, тіпті адамдардың физиологиялық және психологиялық келбетін, олардың бейімділіктері мен мінез-құлқын, темпераментін анықтайды.
Географиялық детерминизмді, сонымен қатар социологиядағы географиялық бағыт деп атайды; бұл бағыт қоғамдық дамуды географиялық жағдайларға тікелей тәуелді деп қарастырады. Ол мемлекет пен биліктің шығу тегінің табиғилығын, олардың пайда болуы мен қызмет етуінің табиғи қажеттілігін негізге алады. Бұл жағдайда ең басты себеп ретінде адамдардың бірлесіп өмір сүрулерінің нәтижесінде пайда болған әлеуметтік факторлар емес, керісінше, адамның биологиялық, психофизиологиялық құрылымы мен сондай-ақ қоршаған табиғи ортамен аңықталатын табиғи фактор алдыңғы орынға қойылады.
Геосаяси идеялар әр түрлі географиялық ортада өмір сүретін мемлекеттік құрылымдарды, халықтардың саяси өмірін салыстыру негізінде пайда болды. Географиялық фактор ретінде климат, жергілікті жердің рельефі, адамдар қауымдастығының өмір сүру ортасы, су бассейнінің болуы сияқты аймақтық ерекшеліктер ұсынылды.
Географиялық ортаның саясат пен мемлекеттік құрылысқа тигізетін ықпалына ертедегі ойшылдар да көңіл аударған. Ежелгі грек дәрігері Гиппократ (б.з.д.460-370 жж.) өзінің "Ауа, су және жергілікті жер туралы" шығармасында аталған табиғи факторлардың адамның денсаулығына, оның мінез-құлқына, сондай-ақ жергілікті жердің қоғамдық және мемлекеттік құрылысына тигізетін ықпалына көңіл бөлді. Адамды "саяси хайуан" деп атай отырып Аристотель қоғам мен мемлекеттің пайда болуының табиғи негізінің бар екенін көрсетті.
Географиялық фактор ірі географиялық ашулар орын алған жөне осының негізінде өздерінің табиғи-климаттық жағдайларымен ерекшеленетін, әр түрлі құрлықтарда өмір сүретін халықтардың саяси өмірі мен мемлекеттік құрылысын салыстыру мүмкіндігі пайда болған 15-16 ғғ. бастап ерекше мәнге ие бола бастады.
Ғылымдағы географиялық бағыт пен геосаяси идеялардың негізін салушы ретінде француздың саяси ойшылы, заңгер Жан Боденді (1530-1596жж.) есептеуге болады, ол өзінің "Тарихты жеңіл үйрену әдісі" (1566) атты шығармасында қоғам дамуына табиғи орта ықпалын тигізеді деген идеяны ұсынды. Географиялық бағыт мейлінше тиянақты түрде француз ойшылы Шарль Луи Монтескьенің (1689-1755) "Заңдар рухы жайлы" деп аталатын еңбегінде жете зерттелді. Оның көзқарасы бойынша, климаттық жағдайлар, жергілікті жердің топырағы, рельефі халықтардың мінез-құлқына ғана емес, өте үлкен дәрежеде қоғамдық дамудың сипатына, халықтар өміріндегі саяси процестерге де ықпалын тигізеді. Географиялық детерминизм идеяларын біршама жұмсарта отыра Монтескье географиялық фактордың әсері адамдар қоршаған ортаның жағдайларына тәуелді болған өркениет дамуының бастапқы кезендерінде ерекше байқалғанымен, өркениеттің даму барысымен өндіріс, жеке меншік, басқару принциптері, әдет-ғұрып, дін секілді әлеуметтік факторлардың ықпалының күшейетіндігін атап көрсетті.
Тұтастай алғанда географиялық парадигма ғылыми тұрғыдан аса жемісті болды. Ол ғылымдағы географиялық мектептердің институтталынуына алып келді, географиялық себептер мен жағдайларды ескере отырып саяси процестерді түсіндіруге тырысатын саяси географияның пайда болуын қамтамасыз етті.
Географиялық детерминизм идеялары мемлекеттердің, халықтар мен ұлттардың арасындағы өзара қарым-қатынастарда маңызды рөл атқаратын қазіргі геосаяси доктринаның қалыптасуында ерекше мәнге ие болды. Геосаяси доктриналар мемлекеттің саяси бағытының қалыптасуында басты қызмет атқарады. Қазіргі геосаясат бөтен территорияны жаулап алу, агрессия ғана емес, өзінің сыртқы саясатының бағытын айқындау үшін географиялық жағдайларды пайдалану, сырткы саясаттағы мәселелерді шешуде қалыптасқан географиялық ахуалды мейлінше толық ескеру.
Бұл теорияның атақты өкілі Ф.Ратцель: «Адамзат іс-әрекетінің мазмұны оның табиғи өмір сүру ортасының белгілерімен анықталады» деп жазған. Сонымен қатар, ол мемлекеттерді өмір сүру ортасы үшін күрес жүргізуші организмдер ретінде қарастырған. Бокльдің айтуынша, географиялық детерминизм мәңгілік қоғамдық теңсіздік пен колониялық режимдер қажеттілігінің негізі болып табылады.
Вольтер «Философиялық сөздіктегі» Климат бөлімінде «Климат белгілі бір күшке ие, алайда үкіметтер күші одан жүз есе көп, ал үкімет пен дін екеуі біріксе – әлдеқайда күштірек болады» деп айтып кеткен.
Геосаясат сыртқы саяси басымдықтарды да анықтайды, себебі олар географиялық ортаның ресурстарын (мемлекеттің өмірлік маңызы бар орталықтарынық кеңістіктік қорғанысын анықтайтын шекара кауіпсіздігі, пайдалы казбалардың болуы және оларды экономикалық айырбастауды ұйымдастыру үшін пайдалану мұмкіншілігі, мемлекет территориясының әлемдік транспорттық байланыстарды ұйымдастыру желілеріне жақындығы және т.б.) пайдаланумен байланысты. Қазіргі геосаясат баламалы айырбастауды қамтамасыз етуге жағдай жасай отырып, үйлесімді түрде көлемді нарықтық жүйеге енеді. Алайда бұл жағдай геосаяси проблемалардың дербестігін, мемлекеттің сыртқы саясаттағы және ішкі саясаттағы акцияларын қамтамасыз ету үшін оларды белсенді идеологиялық тұрғыда пайдалану мүмкіндігін жоққа шығармайды. Осы жерде Қазақстанның геосаяси жағдайын ескеретін Н.Ә. Назарбаевтың еуразиялық идеясының жемістілігін айта кеткеніміз жөн. Бұл идея Қазақстан Республикасына екі құрлықтың экономикалық, рухани факторларын біріктіруге және елдер мен халықтарды байланыстыратын көпір болуға мүмкіндік береді.