Азақстандағы 1937-1938 жж. қуғын сүргін.
1936 жылы КСРО конституциясы қабылданды. Бұл конституция әміршіл-әкімшіл жүйені нығайтты. Елде тоталитарлық жүйе, Қазармалық социализм орнады. Жеке адамның құқығы ескерілмеді. Қазақстанда жазалау шаралары (репрессия) басталды. Ең алдымен жазаға ұлттық демократиялық зиялылар, Алаш қозғалысының қайраткерлері, қазақ елінің біртуар ұлдары Ә. Ермеков, Ә. Бөкейханов, Ж. Аймауытов, Ж. Досмұхамедов т.б. ұшырады. 1937-1938 жылдары жазалау шаралар өте күшті өтті. Осы жылдары репрессияға ұшырағандар:
- Кеңес өкіметін орнатуға ат салысқандар: Т. Рысқұлов, С. Шәріпов, Ә. Әйтиев, Н. Төреқұлов, Б. Алманов, С. Мендешов, С. Арғыншиев, А. Асылбеков т.б.
- Партия, қоғамдық ұйым қайраткерлері: О. Жандосов, Т. Жүргенов, Қ. Тәштитов, Н. Нұрмақов, А. Досов, О. Исаев, Ұ. Құлымбетов т.б.
- Революция жеңісін қорғап, ақ гвардияшыларға қарсы күрескендер: Т. Әлиев, М. Масанчи, С. Жақыпов т.б.
- қазақ әдебиеті мен ғылымының белгілі өкілдері: Б. Майлин, І. Жансүгіров, С.Сейфуллин, М.Дулатов, М. Жұмабаев, С. Аспандияров, А. Байтұрсынов, Қ. Жұбанов, М. Төлебаев т.б. орталықтан Қазақстанға жіберілген партия қызметкерлері: Л. И. Мирзоян, К. Я. Рафальский, В. Н. Андроников т.б.
Бұлардың барлығы «халық жауы» ретінде жендеттердің қолынан жазықсыз қаза тапты. Қазақстан жерінде жазықсыз жазаға ұшырағандарға арналған лагерлер пайда болды. Олар: Карлаг (Қарағанды еңбекпен түзеу лагері), Степлаг т.б. Осылардың ішінде ең ірісі «ЧСИР»-халық жауларының отбасы мүшелеріне арналған лагерь. Кейіннен ол «Алжир» халық жаулары әйелдерінің Ақмола лагері атанды. Жеке адамға тоталитарлық жүйе кесірінен 101 000 қазақстандық лагерь азабын көрді. Олардың 27 000-ы атылды.
Сұрақтар:
1. Қазақтардың дәстүрлі құрылымын біржолата бұзу және оның трагедиялық салдары. 1932-1933жж. аштық.
2. Қазақстанның 1930-1940 жылдарындағы қоғамның саяси жағдайы. Ұлттық интеллигенцияның трагедиялық тағдыры.
3. Өлкедегі қоғамдық және идеялық күрес «Кіші қазан» және қазақ ауылын күштеп кеңестендіру саясаты.
Негізгі әдебиеттер:
1.Қазақстан тарихы / Көне заманнан бүгінге дейін. – 5 томдық. 4 том. Алматы, 2010.
2.Қазақстан тарихы. Очерктер. Алматы, 1994.
3. Ч. Мусин. Қазақстан тарихы. Алматы, 2008.
1. Голод в Казахской степи: Сборник документов. А., 1991.
2. Гонимые голодом. Документы о судьбе десятков тысяч казахов, бежавших в начале 30-х годов (ч. 1-2). А., 1995.
3. Гуревич Л.. Тоталитаризм против интеллигенции. А., 1992.
4. История Казахстана: белые пятна. А., 1991.
5. Козыбаев М.К., Абылхожин Ж.Б. Коллективизация в Казахстане: трагедия крестьянства. А., 1993.
6. Койгелдиев М.К. Красный террор. А., 2008.
7. Койгелдиев М.К. Репрессия 20-40 гг. А., 2009.
8. Қозыбаев М.Қ. Ақтаңдақтар ақиқаты. А., 1992.
9. Қойгелдиев М.Қ., Омарбеков Т.О. Тарих тағылымы не дейді? А., 1993.
10. Қойгелдиев М.Қ. Тұтас Түркістан идеясы және Мұстафа Шоқайұлы. А., 1997.
11. О чем не говорили? А., 1993.
12. Омарбеков Т.О. Зобалаң. А., 1994.
Қосымша әдебиеттер:
1. Ахмедов Ғ. Алаш Алаш болғанда. А., 1995.
2. Коллективизация сельского хозяйства Казахстана (1926-1941 гг.): Документы и материалы в 2-х томах. А., 1967.
3. Культурное строительство в Казахстане: Сборник документов и материалов. А., 1965.
4. Қоңыратбаев О. Тұрар Рысқұлов. Қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметі. А., 1994.
5. Михайлов В. Хроника великого джута. А., 1989.
6. Нәубет. А., 1990.
7. Осипов В.П. Всматриваясь в 20-30 годы. А., 1991.
22. Дәріс тақырыбы: Қазақстан Екінші дүниежүзілік және Ұлы Отан соғысы жылдарында (1939-1945 ж.ж.)
Дәріс жоспары
1. Қазақстандықтар Ұлы Отан соғысы майдандарында.
2. Республика экономикасын соғыс мүддесіне бағындыру халықтың тылдағы
ерлігі.
3. Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі Қазақстанның мәдениеті мен ғылымы.
1. Қазақстандықтар Ұлы Отан соғысы майдандарында.
Соғыс жылдары қорғаныс өнеркәсібі үшін Қазақстан металлургтері күні-түні еңбек етті. Өндірілген 100 т молибденнің 60 тоннасын Шығыс Қоңырат руднигі өндірді. Қазақстан соғыс жылдары Одақ бойынша өндірілген барлық қорғасынның 85 пайызы, полиметалдың – 70 пайыз, висмуттің – 50 пайызы, вольфрамның – 20 пайызын өндірді.
Осындай халықтың жанқиярлық ерлігінің нәтижесінде кеңестік экономиканың өсу қарқыны соғыс алдындағы бес жылдықтар көрсеткіштерінен жоғары болды. Нәтижесінде тек 1942 жылдың өзінде КСРО Германиямен салыстырғанда танкті 3,9 есе, ұшақты 2 есе, артиллериялық қару-жарақты 3 есе артық өндірді. Ал, 1944 жылы кеңестік индустрия тәулігіне бір танк бригадасы мен полкін, 3 авиация полкін жабдықтауға дарайтын әскери техника шығарды. Оған Қазақстан экономикасы да өз үлесін қосып, соғыс өнімдерінің басым бөлігін өндіріп, уақытымен майданға жеткізіп тұрды.
Ауыл шаруашылығын қайта құру міндеті де онша оңай болған жоқ. 1942 жылы Қазақ КСР-інің егіс көлемі 1941 жылмен салыстырғанда 842 мың гектарға көбейіп, жалпы КСРО бойынша артқан егіс көлемінің 30 пайызын құрады. Күздік дәнді дақылдар, тары, қызылша егісі артты. Соғыс кезінде Казақ КСР-і КСРО-ның аса ірі мал шаруашылық базасына айналды. Колхозшы шаруалар мемлекеттік маңызы бар міндеттерді құлшына орындап, отаншылдық үлгісін танытты. Звено жетекшілері Ш. Берсиевтің, Ы.Жақаевтың, Ким Ман Самның, А. Дацкованың, Б. Сомжүрекованың, С.Оңғарбаеваның еңбектегі даңқы бүкіл елге тарады.
Майдан даласында ұрыс салған мыңдаған қазақстандықтар отаншылдық пен ерліктің үлгісін көрсетті. Мәскеу түбінде генерал-майор И.В. Панфилов қолбасшылық еткен 316-атқыштар дивизиясы ерлікпен шайқасты. 1941 жылғы қарашада Дубосеково разъезі түбінде ұрыс салған 1075-атқыштар полкінің танк жоюшылар тобының ерлігі елге мәлім болды. Осы топта болған ротаның саяси жетекшісі В.Г. Клочковтың: “Ресей кең-байтақ, бірақ шегінерге жер жоқ, артымызда Мәскеу” – деген жалынды сөзі бүкіл майданды шарлаған ұранға айналып кетті. Мәскеу үшін шайқаста И.В. Карпов қолбасшылық еткен атқыштар полкі мен аға лейтенант Бауыржан Момышұлы басқарған батальонның жауынгерлері ерекше табандылық пен қаһармандық көрсетті. Мәскеу түбіндегі шайқаста көрсеткен ерлігі үшін 316-атқыштар дивизиясы 8-гвардиялық дивизия болып қайта құрылып, Қызыл Ту орденімен марапатталды. Жауынгерлердің өтінші бойынша дивизия И.В. Панфилов есімімен аталатын болды. Ротаның саяси жетекшісі Мәлік Ғабдуллин басқарған автоматшылар тобы жау танкілерін жойып, өз бөлімшелерін қоршаудан алып шықты. М. Ғабдуллинге жауынгерлік ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Бородино селосында неміс бөлімінің штабына басып кіріп, 5 неміс офицерінің көзін жойған Төлеген Тоқтаровқа асқан батылдығы мен ерлігі үшін қаза тапқаннан кейін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Ориенбаум алғы шебінде 48-атқыштар дивизиясының атақты мергені Дүйсенбай Шыныбеков шайқасты. 1941 жылғы қыркүйектің ауыр күндерінде қазақтың халық ақыны Жамбыл ленинградтықтарға “Ленинградтық өренім” деген жырын арнап, онда көп ұлтты еліміздің бүкіл еңбекшілерінің ой-пікірін, сезімі мен алаңдаушылығын білдірді. 1942 жылдың күзінде Сталинград түбінде кескілескен ұрыстар жүріп жатты. Ауқымы жағынан адамзат тарихында болып көрмеген Сталинград шайқасының отты жалыны Қазақстан даласын да шарпыды. Қазақстан Сталинград облысымен 500 шақырым бойында шекараласып жатқан еді. Сондықтан Сталинград майданында жүріп жатқан соғыс қимылдарына Батыс Қазақстанның ресурстары кең ауқымда тартылды. 1942 жылдың күзінде Каспий өңірінде соғыс жағдайы енгізілді. Қазақстандықтардың Волгадағы қаһарман қаланы қорғаушыларға жолдаған үндеуінде “Сталинград – Шығыстың кілті”, - деп көрсетілді. Полковник Ғани Сафиуллин басқарған 73-гвардиялық дивизияның өзі ғана жаудың 120 танкісі мен 800 автомашинасын жойды. Сталинград майданында шайқасқан 29 және Алматының 38-атқыштар дивизияларының даңқы шықты. Олардың екеуі де кейін 72 және 73-гвардиялық дивизияларға айналды. Кенді Қарағандының өкілі, ұшқыш Нүркен Әдіров 1942 жылғы желтоқсанның 19-ында Боковская-Пономаревка ауданында болған әуе айқасында өз ұшағын жау танкілерінің шоғырына құлатып, серіктерімен бірге ерлікпен қаза тапты. Атақты “Павлов үйі” үшін соғыстан батырлардың интернационалдық тобының бір мүшесі Оңтүстік Қазақстаннан барған жауынгер Толыбай Мырзаев еді. Волга бойында қаһарман қала түбінде минометші Қарсыбай Сыпатаев өшпес ерлік жасады. Қаза болғаннан кейін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Қазақстандық партизандардың жалпы саны 3,5 мың адамнан асып түсті. Олардың қатарындағы Қ. Қайсенов (кейін Халық Қаһарманы), Ж. Ағаділова, Е. Воробьева, П. Семенова, Д.Ә. Әбдрайымов, Ә. Шәріпов, У. Оразбаев, Ж. Саин, Ж. Нәметов, Т. Жұмабаев т.б. қаһармандық ерліктерімен тарихта қалды. Жүздеген қазақстандықтар шетелдердегі қарсыласулар қозғалысына қатысты. Олардың ішінде Кеңес Одағының Батырлары А.С. Егоров пен З.У. Хусайыновтың есімдері белгілі болды. Тек үш елдің ғана – Францияның, Италияның, Болгарияның қарсыласу қозғалысы күрескерлерінің қатарында 180 қазақстандық ерен ерлікпен шайқасты. Қазақстандық партизандар жау тылындағы қаһармандық күресі арқылы өздерінің Отан алдындағы қасиетті борышын Еуропа халықтары арасындағы борышымен ұштастырды. Кеңес партизандарының жауынгерлік ерліктері жоғарғы үкімет марапаттарымен атап өтілді.
1945 жылы сәуірдің 16-сында кеңес артиллериясының қуатты үні екінші дүниежүзілік соғыстағы ең ірі операциялардың бірі – Берлин операциясының басталғанын паш етті. Мамырдың 2-сінде Кеңес Армиясы Германияның астанасы – Берлинді басып алды. Берлин операциясына қатысқан Кеңес жауынгерлерімен бірге қазақстандықтар да ержүректілік, ерлік және жоғары шеберлік көрсетті. Берлинді алуға қатысқан Кеңес жауынгерлерінің ерлігі екінші дүниежүзілік соғыс атрихының шежіресінде қалды. 30-сәуірде Рейхстагты алу үшін жанталаса шайқас басталды. Офицерлер С.А. Неустроев, В.И. Давыдов, К.К. Сансонов басқарған батальондар шабуыл жасады. Неустроев батальонынан Рейхстагқа алғашқылардың бірі болып қазақстандық И.Я. Сьянов басқарған атқыштар ротасы кірді. Дәл осы күні лейтенант Рақымжан Қошқарбаевтың взводы да келіп жеткен еді, ол алқызыл жалауды Рейхстаг бағанасына басқалардан бұрын тікті. Сержанттар М. Егорев пен Кантария Рейхстаг шатырына Жеңіс туын келесі күні қадады. 1999 жылы Рақымжан Қошқарбаевқа Халық Қаһарманы атағы берілді. Еуропа халықтарын фашистік езгіден азат ету кезінде көрсеткен ерлігі үшін 150-ге жуық қазақстандыққа Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Кеңес Одағының Батыры Сағадат Нұрмағамбетов те Берлин үшін ұрыстарға өз жауынгерлерін бастап кірді (кейіннен оған Қазақстан Республикасының Халық Қаһарманы атағы берілді). И.Я. Сьянов, Х. Қайдауов (кейін Халық Қаһарманы), З. Тұрарбеков, Х. Көбеков, Т. Бигелдинов, А. Еремеев, Н. Шелихов және басқа да көптеген атақты жерлестеріміз қатысты. Әрқайсысы 200-ден астам жауынгерлік ұшу сапарын жасап, әуе мен жерде оннан астам ұшақтарды, көптеген танкілерді, ұрыс техникасының басқа да түрлерін қолданып, жүздеген фашистерді жоқ қылған шабуылшы ұшқыштар Талғат Бигелдиновке, Леонид Бедаға және Иван Павловқа жеке өзі 37 ұшақты және топтасып жүргізілген ұрыстарда жаудың тағы да 6 ұшағын атып түсірген Сергей Луганскийге екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
3. Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі Қазақстанның мәдениеті мен ғылымы. Соғыс басталған соң “КСРО Ғылым академиясының Орал, Батыс Сібір және Қазақстан байлықтарын қорғаныс мұқтажына жұмылдыру жөніндегі комиссиясы” құрылды. Құрамында В.Л. Комаров, А.А. Байков, И.П. Бардин, А.А. Скочинский, В.К. Обручев, Л.Д. Шевяков, В.Н. Образцов сияқты кеңестің ірі ғалымдары енген Комиссияның ғылыми ұсыныстары Қазақстанның әскери экономикасын дамытуды негізге алды. Соғыс жылдарында республикада ірі ғылыми күштер шоғырланды. Бурабайда академиктер В.М. Алексеев, А.Н. Бах, Л.С. Берг, С.Н. Бернштейн, В.Н.Вернадский, Н.Ф. Гамалей, Н.Д. Зелинский, Л.И. Мандельштам, А.С.Орлов және басқалар ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Республика астанасында 20-дан астам ғылыми-зерттеу институты, соның ішінде КСРО Ғылым академиясының философия, география, физиология институттары, УКСР Ғылым академиясының физика-механика институты, КСРО Сәулет академиясы орналасты. Көшіріліп әкелінген жоғары оқу орындарында ғалымдардың үлкен тобы еңбек етті.
КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалында астрономиялық обсерватория, тіл, әдебиет және тарих, химия-металлургия, топырақтану бөлімдері ұйымдастырылды. 1945 жылы қазан айында КСРО үкіметі Қазақ КСР Ғылым академиясын құру туралы шешім қабылдады. Қ.И. Сәтбаев бастаған Қазақстан ғалымдары қара, түсті және сирек кезедесетін металлдарды, жанатын пайдалы қазбаларды, су және су су энергетика қорын майдан қажеттеріне жұмылдыру бағытында жұмыс жүргізді.
1941 жылы қарашада көшіріліп әкелінген “Мосфильм”, “Ленфильм” киностудиялары мен Алматы киностудиясы негізінде көркем фильмдердің біріккен орталық киностудиясы ұйымдастырылды. Онда Кеңес киносының С. Эйзенштейн, Л. Трауберг, С. Юткевич, Ф. Эрмлер, Н. Черкасов, М. Жаров, Л. Орлова сияқты үздік шеберлері жұмыс істеді. Төртжылдық қазақ киноактерлер мектебі ұйымдастырылды. Сол кезде Қазақ КСР астанасында жұмыс істеген Бүкілодақтық мемлекеттік киноматография институтында ұлттық кадрлар даярланды. М. Әуезовтің, Ғ. Мүсіреповтің, Ә. Тәжібаевтың қатысуымен орталық киностудиялар шеберлерімен бірлесіп отырып “8-гвардиялық”, “Абай әндері”, “Жауынгер ұлы”, “Қазақ киноконцерті - майданға”, “Саған, майдан” картиналары түсірілді. Қазақстанның өнер қызметкерлерінен құрылған ІІ концерт бригадасы Калинин, Солтүстік Батыс, Сталинград, Оңтүстік Батыс, Белорусь майдандарының, Ерекше Қиыр Шығыс Әскери бөлімдерінде көптеген концерт қойып, жауынгерлердің рухын көтеріп, жеңіске жігерлендірді. 1942-1944 жылдарда Қазақстанға майданнан 22 делегация барып қайтты. Осының бәрі майдан мен тыл бірлігінің нығаюына жәрдемдесіп, кеңес адамдарының жеңіске деген сенімін күшейтті.
Халыққа білім беру. Жоғарғы мектеп.Соғыс кезіндегі орасан зор қиыншылықтарға қарамастан халыққа білім беру ісіне зор қамқорлық жасалынды. 1941 жылғы студенттер саны 10,4 мыңнан 1945 жылы 15 мыңға дейін көбейді. Республикада білікті кадрлар даярлауда эвакуацияланған оқу орындары (20-дан астам жоғарғы оқу орындары мен 16 техникум еді, олардың 11-і Алматыда болатын) едәуір жұмыс атқарды. 1941 жылы қарашада Абай атындағы опера және балет театры үйі құрылысының аяқталуы республиканың мәдени өміріндегі айтулы оқиға болды. Соғыстың аяқ шенінде Алматыда Жасөспірімдер театр әртістері көптеген патриоттық спектакльдер қойды. 1942 жылы кеңес халқының фашистік басқыншыларға қарсы қаһармандық күресі тақырыбында С. Мұқановтың либреттосы бойынша Е. Брусиловский жасаған тұңғыш опера - “Ұлан, алға!” опера театрының сахнасына шығарылды. Қазақ академиялық драма театрының ұжымы 1943 жылы В. Шекспирдің М. Әуезов аударған “Асауға тұсау” пьесасын қазақ тілінде қойды. Музыка мәдениеті ілгері қарай елеулі қадам жасады. Е. Брусиловскийдің “Сарыарқа” симфония-сюгетасы, Л. Хамидидің “Қазақстан” сюитасы, М. Төлебаевтың “Тос мені тос” және “Жорық” шығармалары таңдаулы туындылар қатарына жатады. Майдангер сазгер Рамазан Елубаевтың Төлеген Тоқтаровқа арналған, Ғабиден Мұстафиннің өлеңіне жазылған лирикалық “Жас қазақ” әні жан тебірентерлік әсерге толы.
Соғыс кезіндегі көптеген қиыншылықтарға қарамастан (мекемелер саны қысқарды, материалдық база едәуір нашарлады) жалпы кітап қоры 10 млн томнан асатын 10,5 мың кітапхана, 17 музей, 3845 клуб мекемесі, 2257 оқу үйі, көркемөнерпаздардың 3500 үйірмесі жұмыс істеді. Соғыс жылдары қазақ және орыс тілдерінде 7 журнал, 4 республикалық, 33 облыстық, 196 аудандық газет шығып тұрды. Дарынды тарихшы ғалым Ермұхан Бекмаханов 1943 жылы Алматыда жарық көрген “Қазақ КСР тарихы” атты көлемді еңбектің негізгі авторларының бірі еді.
Қорытынды.Коммунистік партия 1939 жылы елдің индустриялық қуатын арттыру, оның қорғаныс қабілетін нығайту бағытына ден қойды, ұжымшар құрылысы күшейе түсті.
Республика экономикасын соғыс жағдайына лайықтап қайта құру жүзеге асырылды. Қазақстандық әсери құрамалардың үштен бірі Ленинград, Мәскеу түбінде соғысты. Қазақстан Сталинград майданының ең жақын тылына айналды. Мыңдаған қазақстандықтар Украинаны, Белорусияны, Балтық республикаларын, Кеңестік Молдованы азат ету жолындағы ұрыстарға қатысты. Жау тылындағы партизан қозғалысы қатарында соғысқан Қ. Қайсенов, Ж. Ағаділова, Е. Воробьева және басқалар қаһармандық ерліктерімен тарихта қалды. Берлин операциясына қатысқан кеңес жауынгерлерімен бірге қазақстандықтар да ержүректік, ерліктік және жоғары шеберлік көрсетті.
Фашизмге қарсы соғыс жеңіспен аяқталғаннан кейін Қазақстан өкілдері Квантунь әскеріне қарсы шайқасты.
Кеңес халқының Ұлы Отан соғысындағы жеңісі адамзатты фашизм қаупінен құтқарды. Қазақ халқының бұл жеңіске қосқан үлесі зор. Соғыстың ауыртпалығын көтеріп, бостандықты қорғаған қазақстандық батырлардың есімі әрқашан ел есінде сақталады. Соғыстың алғашқы күндерінен бастап «Барлығы майдан үшін, барлығы жеңіс үшін!» деген ұранмен соғысқа аттанған ерлердің орнын әйелдер, қариялар мен балалар алмастырды. Тыл еңбеккерлерінің да жауды жеңудегі рөлі жоғары. Олар соғыс күндерінің барлық ауыртпалықтарын қажырлықпен көтеріп, патриотизм үлгісін танытты.
Негізгі әдебиеттер:
1. Қазақстан тарихы / Көне заманнан бүгінге дейін. – 5 томдық. 3 том. Алматы, 2002
2. Қазақстан тарихы. Очерктер. Алматы, 1994.
3. Ч. Мусин. Қазақстан тарихы. Алматы, 2008.
1. Абылхожин Ж.Б. Традиционная структура Казахстана. А., 1991.
2. Абылхожин Ж.Б. Очерки социально-экономической истории
Казахстана. ХХ век. А., 1997.
3. Алдажуманов К.С., Алдажуманов Е.К. Депортация народов преступление тоталитарного режима. А., 1997.
4. Алдажуманов К.С., Козыбаев М.К. Тоталитарный
социализм: реальность и последствия. –Алматы, 1997.
5. Асылбеков М.Х., Галиев А.Б. Социально-демографические
Қосымша әдебиеттер:
1. Абжанов Х. Сельская интеллигенция в Казахстане: вчера, сегодня, завтра. А., 1990.
2. Верт Н. История советского государства. 1900-1991. М., 1992.
3. Гуревич Л. Тоталитаризм против интеллигенции. А., 1992.
4. Жакупбекрв С.К. История легкой индустрии Казахстана. А., 1984.
5. Козыбаев М.К. Историческая наука Казахстана. А., 1992.
6. Народное движение за освоение целинных земель в Казахстане. Сборник материалов. М., 1959.
7. Реабилитация. Политические процессы 30-50-х годов. М., 1991.