Азаматтар еңбек құқығының субъектілері ретінде

Азаматтар өздерінің материалдық және рухани қажеттілігін қанағаттандыру мақсатында әртүрлі қоғамдық қатынастарға қатысуы мүмкін. Азаматтар, өздерін құқық субъектісі ретінде кәсіби қызметтің қандай да бір түрінде өзін көрсете алатын, қабілетін жүзеге асыра алатын мүмкіндік тудырушы құқықтық қатынасарды ерекше боліп алуы керек. Еңбектік құқық субъектілігі бар азаматтар белгілі бір ұйымдық-құқықтық формадағы еңбекке, кәсіпкерлік қызметке қабілетін жүзеге асырады. Жалданатын еңбек адамдарында (жұмыскерлерде), жеке кәсіпкерлерде, шет ел азаматтарында өз құқықтық мәртебесі болады.

Субъективтік құқықтар мен міндеттердің көлеміне және сипатына қарай еңбек құқығының субъектісі ретінде кейбір санаттағы азаматтардың құқықтық мәртебесі жалпы және арнайы болып бөлінеді.

Жалпы құқықтық мәртебе Қазақстан Республикасының Конституциясынан және еңбек туралы заң актілерінен тікелей туындайтын және барлық азаматтар үшін бірдей болып табылатын құқықтар мен міндеттерді қамтиды. Қазақстан Республикасының Конституциясы (24 бап) азаматтардың еркін еңбекке, қызмет түрі мен кәсіпті еркін таңдауға құқын көздейді. Сонымен қатар, азаматтардың қауіпсіздік пен гигиена талаптарына жауап беретін еңбек жағдайына, ешқандай кемсітусіз еңбек ақы алуға, сондай-ақ жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғалуға; жеке және ұжымдық дауларды, тіптен ереуілге шығып, заңда белгіленген тәсілмен шешуге құқықтары бар. Ал, мәжбүрлеп жұмыс жасатуға тек сот үкімі бойынша не тотенше немесе ескери жағдайларда ғана рұқсат етіледі.

Қазіргі күшіндегі еңбек заңнамасы азаматтардың еркін еңбекке құқығын нақтылайды, оған кәсіптің, жұмыстың түрін таңдау, қабілетіне, мүмкіндігіне, кәсіби дайындығына, біліміне қарай және қоғамның мұқтаждығына сай жұмыс жасау құқығы кіреді.

Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес жұмыскерлер демалуға, жыл сайын төленетін демалыс алуға құқылы, қолайлы және қауіпсіз жұмыс жағдайына, кәсіподаққа бірігуге, т.б. құқылы.

Еңбек туралы заңнама жұмыскердің жалпы міндеттерін де көздейді. Оларға жататындар: адал еңбек, еңбек тәртібін бұзбау, мүлікті ұқыптылықпен сақтау, еңбек нормаларын орындау, еңбек өнімділігін арттыру, кәсіби шеберлігін ұштау, жұмыстың және шығаратын өнімнің сапасын жақсарту.

Еңбек құқығында арнайы еңбектік құқыққабілеттілік деген ұғым бар, оның мағынасын құқықтық қатынастардың кейбір түрлеріне (тобына) кірудің заңдық мүмкіндіктерінің жиынтығы құрайды. Мұндай құқықтық қатынастар субъектісі тек азамат ғана болады, ол қандай да бір лауазым, кәсіп, мамандық иесі үшін заңда белгіленген арнайы біліктілік талаптарын қанағаттандыруы тиіс.1 Еңбек құқығының субъектілері ретінде жұмыскерлерге еңбектік құқық субъектіліктің жалпы критерийлері: жастық, жігерлік және әлеуметтік критерийлер таралады. Бұл жағдайда адамның нақты еңбек ету қабілеті, яғни заңнамада және жақтардың келісімінде белгіленген жағдайдағы жүйелі, жолға қойылған жұмысқа қабілеті.

Жас өлшемі критерийі адамның еңбектік құқық субъектілігін белгілі бір жас мелшерімен байланыстырады. Төменгі және жоғары шегі Қазақстан Республикасының заңымен белгіленген жас еңбекке қабілетті жас деп саналады. Еңбек заңнамасында жұмысқа қабылданатын ең кіші жас 16 жас деп белгіленген. Орта білім алса немесе жалпы білім беретін оқу орнын тастап кетсе, 15 жасқа жеткен адам ата-анасының, қамқоршысының келісімімен жеке еңбек шартына отыра алады. Жастарды өндірістік еңбекке дайындау үшін 14 жасқа толған оқушыны, сабақтан бос уақытында, ата-анасының біреуінің (қамқоршысының) рұқсатымен, денсаулыққа зиян келтірмейтін жұмысқа тартуға болады. Келісім жазбаша формада (арыз) беріледі. Жеке еңбек шартына кәмелетке толмағанмен бірге ата-ана (қамқоршы) да қол қояды (Еңбек туралы Заңның 11 бабы).

Мемлекеттік қызметке тұратын адам 18 жастан кіші болмауға тиіс, егер мемлекеттік қызметкерлердің тиісті санатына қатысты рес­публика заңында басқадай көрсетілмеген болса (1999 жылғы 23 шілдедегі "Мемлекеттік қызмет туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 13 б. 2 т.). 1998 жылғы 7 қазандағы "Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгертулер мен толықтырулар енгізу ту­ралы"1 Қазақстан Республикасының Заңы мемлекеттік қызметте болудың ең жоғарғы шегін алып тастады (Қазақстан Республикасы Конституциясының 33 б. 4 т.)

Ерік критерий адамның еңбекке деген жігеріне байланысты. Психикасы бұзылған және жігері шағылган адам еңбек міндеттерін ұғынып орындай алмайды және өз іс-әрекетін бақылай алмайды. Психикасы бұзылғандықтан және ақылы ауысқандықтан сот арқылы жұмысқа қабілеті жоқ деп танылған адам еңбек құқығының субъектісі бола алмайды.

Әлеуметтік критерий барлық азаматтар үшін теңдей еңбектік құқықсубъектілігін белгілеумен байланысты. Еңбек туралы қазіргі күшіндегі заңда барлық еңбек қабілеті бар азаматтарға кәсіп, мамандық және жұмыс түрін таңдауға бірдей мүмкіндік берілген. Жұмысқа қабылдаған кезде жынысына, нәсіліне, ұлтына және діни сеніміне байланысты қандай да бір тікелей немесе жанама шек қоюға не тікелей немесе жанама артықшылық беруге болмайды.

Сонымен қатар еңбек заңнамасында азаматтардың кейбір санаттарына, олардың денсаулығына, өндірістік қызметінің сипатына, еңбектің өте мұқият қорғалатындығына және т.б. байланысты қосымша кепілдіктер беру қарастырылған. Атап айтқанда, мүгедектердің еңбекке жарамдылық мөлшері мен шамасы дәрігерлік-әлеуметтік сараптама комиссиясының ұсынысы негізінде, олардың денсаулық жағдайы, еңбекке мүмкіндіктері мен қабілеті ескеріле отырып белгіленуі мүмкін.

Еңбек жағдайына қатысты кейбір жеңілдіктер екі қабат әйелдер мен бір жарым жасқа толмаған баласы бар әйелдер үшін де заңда қарастырылған (Еңбек туралы заңның 66, 67 баптары).

Жалпы ереже бойынша 18 жасқа толмаған жұмыскер еңбектік құқық қатынастарында кәмелетке толғандармен теңестіріледі, ол еңбекті, жұмыс уақытын, демалыстарды және басқа бірқатар еңбек жағдайын қорғау саласында еңбек заңнамасында белгіленген жеңілдіктерді пайдаланады.

Еңбек туралы жаңа заңға сәйкес, жалданған жұмыскерге, бірнеше жұмыс берушімен жеке еңбек шартын жасасуға құқық берілген.

Еңбек құқығының субъектісі шет ел азаматтары да бола алады. Шет ел азаматтарын келісім-шарт бойынша жұмысқа тарту практикасы бірлескен кәсіпорындар ашуға, республика экономикасына шет ел капиталын тартуға, т.б. байланысты кең өріс алуда. Бұлар басқа елдердің республика аумағында уақытша тұратын, елшілік пен миссияларды қамтамасыз етумен байланысты емес жұмыс атқаратын адамдары болуы мүмкін. 1994 жылғы 24 желтоқсандағы "Шет ел инвестициялары туралы" Қазақстан Республикасы заңының 25 бабына сәйкес шет ел қатысқан кәсіпорын қызметкерінің, оның әкімшілігінің, бақылау кеңесі мүшелерінің құрамына шет ел азаматтары да кіруі мүмкін. Шет ел қатысқан кәсіпорынның шетелдік жұмыскеріне еңбек ақы төлеу, демалыс беру, зейнетақымен қамтамасыз ету мәселелері олардың әрқайсымен жасалған жеке еңбек шартында шешімін табады.

Кәсіпкерлік қызметпен еркін айналысуға мемлекет кепілдік береді, оны қолдайды әрі қорғайды. Мысалы, кәсіпкерлердің құқығы кәсіпкерлік қызметпен қандай да бір рұқсат алмай-ақ (лицензия керек қызметтерден басқалары) айналысуға болатындығымен, экономиканың барлық саласындағы кәсіпкерліктің барлық түрін бір тіркеуші органда мүмкіндігінше қарапайым жасырын тіркеу тәртібімен; мемлекеттік органдардың кәсіпкерлік қызметті тексеруін заң актілерімен шектеу арқыны; кәсіпкерлік қызметті заңда көзделген негіздер бойынша тек сот шешімімен мәжбүрлеп тоқтату тәртібімен; жеке кәсіпкерліктің айналысуына тыйым салынған жұмыстардың, қызметтердің, тауарлардың түрлерін заң актілерінде белгілеумен; оның қызметіне заңсыз кедергі келтірген мемлекеттік органдарды, лауазымды адамдарды, сондай-ақ басқа адамдар мен ұйымдарды кәсіпкер алдында заңда белгіленген тәртіпте материалдық жауапқа тартумен; заңда көзделген өзге де амалдармен қамтамасыз етіледі (ҚР АК-нің 10 бабы).

Өзінің заңды мүдделері мен құқықтарын қорғау, сондай-ақ басқа жеке және заңды тұлғалардың, қоғамның немесе мемлекеттің заңды мүдделерін қорғау мақсатында азаматтар өздерінің ұсыныстарымен, арыз-шағымдарымен, пікір-сұраныстарымен мемлекеттік органдарға және лауазымды адамдарға жүгінуге құқылы ("Азаматтардың шағым-арыздарын қарау тәртібі туралы" Қазақстан Респуб­ликасы Президентінің 24.06.1995 жылғы Жарлығының 3 бабы).

Наши рекомендации