Саяси сана ұғымы, құрылымы және функциялары

Саяси сана адамзат қауымдастығының рухани өмірінің маңызды элементі. Саяси сана жекелеген адамдардың және олардың әр түрлі қауымдастықтарының саяси билікке, мемлекетке және оның органдарына, партияларға, саяси ұйымдар мен қозғалыстарға, дәстүрлерге, саяси өмір нормаларына, саяси құндылықтарға қатынастарын көрсететін түсініктердің, көзқарастардың, мақсаттардың жиынтығы іспетті.

Саяси сананың қайнар көзіне отбасы, индивидке әр түрлі деректерден келіп түсетін ақпарат және оның жеке басының өмір тәжірибесі жатады.

Саяси сананың әдетте «таза» күйінде өмір сүрмейтінін, оның ақиқатты танудың басқа да түрлерімен және формаларымен тығыз өзара байланыста болатынын айтуымыз керек.

Адамдар саясатты және саяси құбылыстарды моральдық категориялар – жақсылық пен жамандық, әділеттік пен әділетсіздік арқылы бағалайтын болғандықтан, саяси сана мейлінше моральдық көзқарастармен жиі қабысады. Ал, құқықтық сана мен саяси сана жарым-жартылай қиысады, өйткені көптеген саяси қатынастар құқықпен реттеледі, мемлекеттің көп қырлы қызметі құқықпен жанасады. Кейде құқыққа деген қатынас саяси көзқарастармен де анықталады.

Саяси сана бастапқыда әлеуметтік теңсіздіктің, саясаттың, саяси қатынастардың, институттардың, ұйымдар мен мекемелердің пайда болуымен қалыптаса бастады және солармен бірге дамыды.

Саяси сана бұл бір жағынан, адамдар санасындағы саяси болмыстың көрінісі, ал екінші жағынан, адамдардың және олардың қауымдастықтарының мүдделерінің көрінісі, жалпы саяси сана – бұл саяси болмыстың субъективті бейнесі. Бейненің субъективтілігі ең алдымен оның объективтік дүниеге емес, субъектіге жататынын білдіреді.

Саяси сананың негізін саяси шындық құрайды. Саяси өмірдің фактілері мен құбылыстары туралы білімнің белгілі бір жиынтығы негізінде қоғамдық болмыстың осы саласына қатысы бар көзқарастар мен баға беру қалыптаса алады.

Саяси сананың нақты тарихи сипатта болуы оның маңызды ерекшелігі болып табылады. Бұл, біріншіден, саяси сананы құрайтын түсінік, көзқарастар және т.с.с. нақты өмірдегі саяси болмыстың тұстарының бейнеленуі болып табылады; ал, екіншіден, саяси санада ең алдымен сол нақты қоғамда үстемдік етуші әлеуметтік жіктің түсініктері мен құндылықтары бекиді. Соңғысы кездейсоқ нәрсе емес. Үстемдік етуші әлеуметтік жік өзінің түсініктері мен көзқарастарын бұқаралық ақпарат құралдарының көмегімен, тәрбие жүйесі арқылы және т.б. жолдармен басқа адамдардың санасына енгізеді. Сонымен бірге, саяси санада қоғамдық түсініктер, көзқарастар да бекиді. Сондай-ақ, саяси сана бір мезетте ұлттық және басқа да ерекшеліктермен байланысты барлық түсініктерді, көзқарастарды, құндылықтарды және т.с.с. өзіне қосып алады.

Саяси сана шындықтың бейнеленуі бола отырып, салыстырмалы түрдегі өзінің дербестігін де сақтайтынын айтуымыз қажет. Саяси сананың салыстырмалы түрдегі дербестігі, біріншіден, оның бір жағынан саяси процестердің барысынан озып кету қабілетінің бар екендігін, ал екінші жағынан, саяси болмыс дамуынан артта қалу тенденциясының оған тән екендігін байқатады. Саяси сананың салыстырмалы дербестігі оның жай ғана шындықты бейнелеуінен көрініп қоймайды, сонымен қатар оны ұғынуға тырысудан, тәжірибелік қызмет барысында өзгертуге тырысудан көрінеді. Саяси сана, алуан түрлі мүдделері бар әрбір адамға саяси мүдделілікті береді, өйткені мұндайда саясат біздің санамыздың, ішкі дүниеміздің бір бөлігінен орын алады. Басқаша сөзбен айтқанда, саяси сана – бұл индивидке қоғамда биліктің бар екендігін сездіретін ішкі механизм[99].

Осымен байланысты саяси сананың жеке тұлғалар арасындағы, локалды қоғамдық топтар мен жалпы қоғамның саяси өмірінің арасындағы жанастырушы механизм болып алға шығатын адамның ішкі рухани дүниесін сипаттайтындығын атап айту керек. Осыған орай саяси сана құрылымын анықтау аса маңызды.

Саяси сана құрылымы мейлінше күрделі. Саясаттанулық әдебиеттерде осы күнге дейін саяси сана құрылымын анықтау методологиясы әлі де жете зерттелмеген. Әр түрлі авторлардың бөліп көрсеткен құрылым элементтері көбіне-көп анықтау тәсілдері, өзгешелік өлшемдерін және мазмұнын белгілеу тәсілдері бойынша бір-бірінен айтарлықтай өзгешеленеді. Бұл саясаттанушылардың локальдық тұрғыдан, әр түрлі зерттеу міндеттері тұрғысынан қарастыратындығын көрсетеді. Демек, саяси сана құрылымының көптеп саналатын алуан түрлі өлшемдері бар. Олардан жаңылысып қалмау үшін, саяси сананың құрылымдық элементтерін бөліп көрсете отырып, бұл бөліп көрсетудің қандай негіз бойынша іске асырылғанын әр уақытта анық түсіну қажет.

Саяси сананың құрылымы қоғамдық қызметтің әр түрлі салаларын кеңінен қамтиды және жеке тұлғаның саяси процеске қатынасу варианттарын қалыптастырады. Осылайша саяси сана құрылымының, менің көзқарасымша, келесі негізгі компоненттерін гносеологиялық, аксиологиялық және әлеуметтанулық деп бөліп көрсетуге болады.

Саяси сананың гносеологиялық компоненті нақты шындықты сенімді бейнелеуі көзқарасы тұрғысынан саяси сана элементтері арасындағы айырмашылықтарды ашып көрсететінін ерекше атап айтамыз. Басқаша сөзбен айтқанда, саяси сананың гносеологиялық құрылымы саясат әлемінің әр түрлі жақтарын қандай да бір деңгейде бейнелейтін субъектілердің барлық көзқарастарын білім ретінде қарастыруды ұйғарады. Осы аспектіде: саяси шындық пен өтірік, саяси ақыл-ойдың адасуы және саяси әлем құпияларына оның ену күшінің арақатынасы, бейнелеудің мифологиялық, утопиялық және ғылыми типтерінің және т.б. арақатынасы мәселелері қарастырылады.

Саяси сананың аксиологиялық құрылымы саяси саладағы рухани құбылыстарды танып білуші субъект үшін олардың тиімді немесе тиімсіздігі көзқарасы тұрғысынан бейнелейді. Басқаша сөзбен айтқанда, осы құрылымда саяси түсініктер алуан түрлі пайымдаулар және баға беру ретінде түсіндіріледі, олар саясатты танушы субъектінің қайсыбір құнды басымдықтарын көрсетеді. Сондықтан сол инститтуттарды, нормаларды, процестерді және өзге де құбылыстарды субъект жағымды бағалауы мүмкін (мысалы, демократиялық көзқарастың өкілі), ал басқаларына (басқа идеяларды және принциптерді ұстанғандарға) жағымсыз болуы ықтимал. Әр түрлі бағалаудың жиынтығы түптеп келгенде саяси сананың бүкіл көлемін толтыратын болады.

Саяси сананың әлеуметтік құрылымы саяси сананың барлық элементтерін, олардың алатын орны, сонымен қатар практикада рухани құбылыстарды жүзеге асыру процесіндегі олардың ойнайтын рөліне деген көзқарас тұрғысынан сипаттайды. Бір жағынан алғанда, осы құрылым шеңберінде индивидуальдық, топтық немесе бұқаралық сананың әр түрлі формалары сипатталса, ал екінші жағынан – практика саласына адам ойының мазмұнының ауысу процесінің компоненттері, дәлірек айтқанда: идеалдар, принциптер, нормалар, нұсқаулар, мотивтер және т.б. түсіндіріледі. Саяси сананың жалпы қорытынды компоненттері ретінде саяси идеология және саяси психология қарастырылады. Олардың әрқайсысы саяси өмірде маңызды, аса күрделі ерекшелікті рөл атқарады.

Осыдан келіп, қоғамның саяси өмірінде саяси сананың маңыздылығын бағалау қиын. Ол тек қана саяси құбылыстар мен процестерді бейнелеп қоймайды, сонымен бірге саяси нақтылықты да жасайды. Барлық саяси әрекеттер мен процестер адамдардың санасында басталады десек артық айтқандық емес. Терең ұғынып және пайымдамайынша байыпты саясат болуы мүмкін емес. Сонымен қатар, кез-келген реформаторлардың құнды бағдарларды, саяси сананың бағытын өзгерту, ғасырлар бойғы стереотиптерді және дәстүрлерді қирату оңай шаруа еместігін, материалдық шындықтан да әлдеқайда күрделі екенін есте ұстағаны артық болмайды. Саяси сана қоғамдық тәжірибеден озып кетіп, оқиғаның өрістеуін болжай алады, сол арқылы саяси қызметті ынталандырушы фактор ретінде алға шығады. Егерде ол әлеуметтік шындықты бұрмаланған түрде бейнелесе, онда саясатта волюнтаризмге әкеп соқтырады. Саяси субъект қоғамдық өмірдің объективті заңдарымен есептеспейді, еркін шешімдер қабылдап, субъективті ықыластарын басшылыққа алады.

Осымен байланысты саяси сананың қалыптасуының күрделі және қайшылықты екенін атап айтқымыз келеді. Әдеттегідей бұл әлеуметтік шындықты сыни пайымдау жолымен жүреді, адамдардың сезімдік түсінігін бірте-бірте рационализациялау, олардағы ақпаратты қорытындылау арқылы жүзеге асады.

Жеке индивид, әлеуметтік топ, қауымдастық болып биліктік қатынастарға қатысушылар объективтік факторлардың, тұлғалық ықпалдың және мақсаттардың негізінде өзінің саяси санасын қалыптастырып шығарады. Алайда саяси сананың даму бағыты, оның құрылымының бірте-бірте өзгеруі және дамуы саяси сананы қалыптастырудың ерекшелікті жолын құрайды, онда жасампаздық, шығармашылық элемент немесе еліктеу және жай ауысып алынған элементі, бұрын қалыптасқан саяси идеалдар мен құндылықтарды көшіріп алу басымырақ болады.

Саяси сана қоғамда саяси мәдениеттің жаңа элементтерін және дәстүрлерін дайындап, бекітетін механизм болып табылады. Қоғамның саяси санасынан қолдау таппаған кез-келген жаңа және бірегей идеялар немесе бастамалар өшу мен құрып кетуге душар болады. Осы тәрізді идея қоғамдық организмнің барлық саласына ене алмайды және оның алыс түпкірлеріне жете де алмайды. Ол қоғам ішіндегі маңызды саяси қозғалыстардан бөлектенген болады, оның барысы көбіне-көп саяси санамен және ол іске асыратын сол функциялармен анықталады.

Индивидтердің детерминация деңгейіне, әлеуметтік-саяси кеңістіктегі өзара әрекетінің сипатына байланысты саяси сананың мынандай: когнитивтік, идеологиялық, коммуникативтік, интегративтік, болжамдық, тәрбиелік функциялары пайда болады[100] және қоғамдық өмірге белсенді ықпал ете бастайды.

Саяси сананың когнитивтік функциясы қоғамда жүріп жатқан саяси процестерді бейнелеуді және пайымдауды қамтамасыз етеді. Бұған өткен және бүгінгі саяси оқиғаларға баға беру, сонымен қатар болашақтағы биліктік қатынастардың аса тиімді даму жолдары туралы түсініктерді жасау кіреді. Демек, саяси сананың бұл функциясы саяси субъектілердің функцияларды атқаруы және модификациялауы үшін, сонымен бірге саясат әлемінің әр түрлі жақтарын адамның терең танып білуі үшін білімді тұрақты өзгертіп отырудағы қоғамның қажеттілігін бейнелейді және орындайды.

Саяси сананың идеологиялық функциясы қоғамдық дамудың саяси саласындағы топтық мүдделерді қорғау процесін бейнелейді. Саяси сана қоғамның саяси жүйесінің дамуы мен реформалануының әр түрлі доктриналарын тұтас идеологиялық құрылулар және саяси бағдарламалар етіп топтастырады және қорытындылайды. Саяси сананың идеологиялық функциясының арқасында нақты саяси әрекет теориялық реңк алады. Осылайша саяси сананың идеологиялық функциясы жеңіп алған билік ұстанымдарын сақтауда саяси партияларды, ұлтты және мемлекетті біріктіретін қажеттілік болып табылады.

Саяси сананың коммуникативтік функциясы саяси жүйенің әр түрлі элементтері арасындағы өзара әрекет ету процесін қамтамасыз етеді. Мысалы, саяси сананың коммуникативтік функциясы азаматтардың, әлеуметтік топтардың, саяси партиялар мен мемлекеттік институттардың өзара әрекет етуі үшін немесе сайлаушылар мен олардың билік органдарындағы өкілдерінің жан-жақты ынтымақтасуы үшін психологиялық және идеологиялық негіздер мен механизмдерді береді. Сайып келгенде, саяси сананың коммуникативтік функциясы – бұл субъектілердің өз арасында және билік институттарымен саналы өзара әрекетін қамтамасыз ету болып табылады.

Саяси сананың интегративтік функциясы топтық саяси мүдделерді жүзеге асыру ісінде әр түрлі қоғамдық топтың, жіктің немесе таптың өкілдерінің өзара әрекетін үйлестіруге мүмкіндік береді. Саяси сана топтың барлық мүшелерін биліктік қатынастың тұтас субъектісіне біріктіреді.

Саяси сананың болжамдық функциясы саяси процестердің даму бағыттарын, болашақты бағалау мақсаттарын қалыптастырудағы индивидтер мен топтардың қабілетін білдіреді. Бұл өз кезегінде өздерінің мақсаттарын іске асыру және саяси процестердің келешекте дамуы үшін адамдарды қоғамдық өмірге нақты белсенді қатысуға жұмылдырады.

Саяси сананың тәрбиелік функциясы саяси билік субъектісі ретінде кез-келген әлеуметтік қауымдастық үшін аса сенімді саналатын сол бағыттың қажеттілігін білдіреді. Қауымдастық өзінің өкіліне өзі дайындаған дүниетанымдық мақсаттар арқылы ойлауды және сезінуді «үйретеді». Сондықтан бұл функция белгілі бір мақсаттарға, идеалдарға сәйкес саяси мінез-құлыққа ықпал етуге мүмкіндік береді.

Саяси өмір шындығында саяси сананың әр түрлі функцияларын жүзеге асыру деңгейі нақты жағдайдың барысына, әр түрлі субъективтік және объективтік факторларға байланысты болады. Егер қоғамның саяси дамуы саяси қатынастарға жігерлі қатысушы ретінде әлеуметтік топтың өмір сүру мәселесін қоятын болса, онда топтың саяси санасында бірінші орынға идеологиялық және тәрбиелік функциялар шығады. Мұндай жағдайда топ саяси идеалдар мен көзқарастарды қайта ойлануға және қажетті өзгерістерді қамтамасыз етуге, сонымен қатар кейінгі ұрпақтар үшін билік мүдделерін жүзеге асырудың жаңа көңілге қонымды стилін қалыптастыруға тырысатын болады.

Егерде әлеуметтік топ немесе тап орнықты саяси көзқарасты ұстанатын болса, онда қоғамның саяси жүйесінің әр түрлі элементтерімен конструктивті өзара әрекетті қамтамасыз ету мүмкіндігін беретін коммуникативті және когнитивті функциялар бірінші орынға шығады.

Сайып келгенде, саяси сананың функциясын жүзеге асырудың сипаты мен толықтық деңгейі саяси процестердің сипатына байланысты айтарлықтай өзгеріске түсетін болады.

Функциядағы саясат саласының мәні мен заңдылықтарының бейнелену дәрежесі бойынша саяси сананың мазмұны диалектикалық өзара байланысқан оның әр алуан деңгейлері мен түрлерін қарастырады.

Наши рекомендации