Тарау. Конкурстық міндеттемелер

ҚР 21.05.02 ж. № 323-II Заңына сәйкес 910-бап өзгертілді

910-бап. Конкурстық мiндеттеменiң мазмұны

1. Осы тарау сыйақы беруге көпшiлiк алдында уәде беруден туындайтын конкурстық мiндеттемелердi және тендер, аукцион әрі саудаластықтың Қазақстан Республикасының заң актілерімен белгіленген өзге де нысандары негізінде туындайтын мiндеттемелердi реттейдi.

Конкурстық мiндеттемелер Қазақстан Республикасының өзге заң актiлерiмен де регламенттелуi мүмкiн.

2. Конкурстық мiндеттемеде оның бастамашысы конкурстың өзi айқындаған нысанасы мен бастапқы шарттарының негiзiнде тұлғалардың белгiсiз немесе белгiлi бiр адамдар тобына оған қатысуға ұсыныс жасайды және конкурстың жеңiмпазына белгiленген сыйақы төлеуге және (немесе) онымен конкурстық мiндеттемелердiң мазмұнына сәйкес шарт жасасуға мiндеттенедi.

3. Конкурсқа қатысуға ұсынысты конкурстың бастамашысы тiкелей немесе конкурстың делдал-ұйымдастырушысы арқылы жасауы мүмкiн.

Делдалдың құқықтары мен мiндеттерi оның конкурстың бастамашысымен жасасқан шартымен айқындалады.

4. Конкурс бастамашысының конкурсқа қатысуға шақырған ұсынысы баспасөзде және өзге де бұқаралық ақпарат құралдарында барлық тiлек бiлдiрушiлерге хабарлау жолымен жолданғанда - ашық немесе конкурсқа қатысуға шақырған ұсыныс конкурс бастамашысының таңдауы бойынша тұлғалардың белгiлi бiр тобына жолданғанда - жабық болуы мүмкiн.

5. Конкурстың бастамашысы конкурсқа қатысуға тiлек бiлдiрушi тұлғаларға алдын ала iрiктеу жүргiзгенде ашық конкурс оған қатысушылардың бiлiктiлiгiмен байланыстырылуы мүмкiн.

911-бап. Сыйақыға жария уәде беру

1. Жұмысты жақсы орындағаны немесе өзге де нәтижелерге жеткенi үшiн ақшалай немесе өзгеше нысанда сыйақы төлеу туралы жария хабарлаған кез келген тұлға конкурс шарттарына сәйкес оның жеңiмпазы болып танылған кез келген тұлғаның алдында өз мiндеттемесiн орындауы тиiс.

2. Сыйақыға жария уәде беру тапсырманың мәнiн, нәтижелердi ұсынудың өлшемдерi мен тәртiбiн, сыйақының мөлшерi мен нысанын, сондай-ақ нәтижелердi жариялаудың тәртiбi мен мерзiмдерiн көздейтiн шарттарды мiндеттi түрде қамтуға тиiс.

3. Сыйақы төлеу туралы шешiм мен оны төлеудiң өзi уәдеде белгiленген мерзiмдерде қабылдануға және iске асырылуға тиiс.

4. Егер конкурс ғылым, әдебиет немесе өнер туындысын жасауға арналып хабарланса, сыйақыға жария уәде беруде өзгеше белгiленбесе, жария уәде берген тұлға туындыны жасаушымен оған қаламақы төлей отырып, оны пайдалануға шарт жасасуға басым құқық алады.

5. Сыйақы туралы жария уәде берген тұлға, егер конкурс шарттарында өзгеше көзделмесе, сыйақы тағайындалмаған жұмыстарды олардың жасаушыларына қайтарып беруге міндетті.

912-бап. Сыйақыға жария уәде берудiң күшiн жою

1. Сыйақы төлеу туралы жария хабарлаған тұлға, бас тартуға жол берiлмейтiндiгi хабарландырудың өзiнде көзделген немесе содан туындайтын немесе сыйақыға уәде берiлген iс-әрекеттердi жасау үшiн белгiлi бiр мерзiм берiлген немесе бас тарту туралы хабарланған кезде соған үн қосқан адамдардың ең болмағанда бiреуі мiндеттемеде көрсетiлген iс-әрекеттердi орындап қойған жағдайлардан басқасында, берiлген уәдеден сол нысанда бас тартуға құқылы.

2. Сыйақыға жария уәде берудiң күшiн жою сыйақы туралы хабарлаған тұлғаны үн қосқан адамның хабарландыруда көзделген iс-әрекеттердi жасауға байланысты шеккен шығындарын өтеуден босатпайды. Барлық жағдайларда өтеудiң мөлшерi хабарландыруда аталған сыйақыдан аспауға тиiс.

913-бап. Лотереялар, тотализаторлар және өзге де ойындар өткiзу ерекшелiктерi

1. Мемлекеттiң, әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстiң немесе уәкiлеттi мемлекеттiк органнан лотереялар, тотализаторлар мен тәуекелге негiзделген басқа да ойындар өткiзуге лицензия алған адамның осы ойындарға қатысушылармен арадағы қатынастары шартқа негiзделген. Мұндай шарт лотереялық билет, түбiртек немесе өзге құжат берумен ресiмделедi және ойынға қатысушы лотереялық билеттiң құнын немесе ойынға қатысудың өзге төлемiн төлеген кезден бастап жасалған болып танылады.

2. Лотерея, тотализатор немесе өзге де ойындар өткiзу шарттарына сәйкес ұтыскер болып танылатын адамдарға ойындардың бастамашысы (ұйымдастырушысы) ойындарды өткiзудiң шарттарында көзделген мөлшерде, нысанда (ақшалай немесе заттай) және мерзiмдерде, ал егер бұл шарттарда мерзiм көрсетiлмесе - ойындардың нәтижелерi шыққан кезден бастап он күннен кешiктiрмей ұтысты төлеуге тиiс.

3. Ойындардың бастамашысы (ұйымдастырушысы) осы баптың 2-тармағында аталған мiндеттерiн орындамаған жағдайда лотереяда, тотализаторда немесе өзге ойындарда ұтып алған қатысушы оған ұтысты төлеудi, сондай-ақ өзiне келтiрiлген залалдарды өтеудi талап етуге құқылы.

2009.04.05 № 157-IV ҚР Заңымен 914-бап өзгертілді (ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) (бұр. ред. қара)

914-бап. Ойындар мен бәс тiгудi өткiзуге және оларға қатысуға байланысты талаптар

Азаматтар мен заңды тұлғалардың тәуекелге негiзделген ойындар немесе бәс тiгу (құмар ойындар мен бәстер) ұйымдастыруға, өткiзуге немесе оларға қатысуға байланысты талаптары, ойын бизнесін ұйымдастырушы құмар ойындарын және (немесе) бәс тігуді өткізудің шарттарын сақтаған кезде, осы Кодекстiң 913-бабында аталған қатынастардан туындайтын талаптарды қоспағанда, сот қорғауына жатпайды.

915-бап. Тендер

1. Тендер нысанындағы конкурстық саудаластық кезiнде оның бастамашысы (ұйымдастырушы) өзi ұсынған бастапқы шарттардың негізiнде тендер бастамашысы үшiн шарттың ең жақсы талаптарын ұсынған тендер қатысушысымен шарт жасасуға (сатушы, сатып алушы, тапсырысшы, мердiгер, жалға берушi, жалға алушы және т.б. ретiнде) мiндеттенедi.

2. Тендерге қатысушылар, тендер шарттарында белгiленген мерзiмнiң шегiнде, тендер бастамашысына немесе оның ұйымдастырушысына тендермен ұйғарылған барлық құжаттаманы қоса бере отырып, өз ұсыныстарын жазбаша түрде жiбередi. Тендердiң шарттарында ұсыныстарды желiмделген конверттермен және девиздермен жiберу көзделуi мүмкiн.

Ұсыныстарды беру мерзiмдерiн бұзу, егер оның бастамашысы мерзiмiн өткiзiп алған тұлғаның тендерге қатысуға жiберiлгенi туралы жазбаша түрде хабарламасы, мерзiмiн өткiзiп алған тұлғаны тендерге қатысушылардың қатарынан шығаруға әкеп соғады.

3. Тендерге қатысушылардың арасынан оның жеңiмпазын таңдауды тендер бастамашысы немесе ол құрған тендер комиссиясы жабық немесе тендердiң шарттары бойынша ашық тәртiппен жүргiзедi.

4. Егер тендерге қатысушылар екеуден аз болса немесе тендерге қатысушылардың ұсыныстарын оның бастамашысы тендердiң талаптарын қанағаттандырмайды деп таныса, оның бастамашысы тендердi өткiзiлмеген деп тануы мүмкiн.

5. Тендердiң жеңiмпазы мен оның бастамашысы тиiстi шарт жасасады. Тендердiң бастамашысы жеңiмпазбен тиiстi шарт жасасудан бас тартқан жағдайда тендердiң жеңiмпазы оған келтiрiлген залалдарды өтетiп алуға құқылы.

6. Тендердiң шарттарында тендерге әрбiр қатысушының тендер қорытындылары шығарылғаннан кейiн қатысушыларға қайтарылатын кепiлдiк жарна енгiзiлуi көзделуi мүмкiн. Егер тендерге қатысушы тендердiң мерзiмi өткенге дейiн өз ұсынысынан бас тартса немесе оны өзгертсе, кепiлдiк жарна қайтарылмайды.

Жеңiмпаз тендер жеңiмпазының ұсыныстарына жауап беретiн жағдайларда тендер бастамашысымен тиісті шарт жасасудан бас тартса, кепiлдiк жарна жеңімпазға қайтарылмайды.

916-бап. Аукцион

1. Аукцион нысанындағы конкурстық саудаластық кезiнде сатушы аукционның затын ол үшiн неғұрлым жоғары баға ұсынатын аукционға қатысушыға сатуға мiндеттенедi.

2. Аукцион сатушы жариялаған бағаны арттыру немесе кемiту талаптарымен өткiзiлуi мүмкiн.

3. Бағаны төмендетумен өткiзiлетiн аукцион шарттарында заттың сатылуы мүмкiн болатын ең төмен баға көзделуi мүмкiн.

4. Азаматтық айналымнан шығарылмаған кез келген қозғалатын немесе қозғалмайтын мүлiк, оның iшiнде интеллектуалдық меншiк объектiлерi, импорттық, экспорттық және өзге де квоталар мен лицензияларды қоса алғанда, шарттар мен мүлiктiк құқықтар аукционның нысанасы болуы мүмкiн.

5. Аукционға қатысу туралы ұсыныстар аукцион заты, оның өтетiн орны мен уақыты туралы мәлiметтердi қамтуға тиiс.

6. Аукционға қатысуға тiлек бiлдiрген тұлғалар, егер оны өткiзудiң шарттарында өзгеше белгiленбесе, аукцион басталғанға дейiн аукционға қатысуға өтiнiш беруге және кепiлдiк жарнаның белгiленген сомасын енгiзуге тиiс.

7. Егер аукционға кемiнде екi қатысушы (сатып алушы) қатысса, ол өте алады.

8. Егер аукционның затын оған қатысушылардың бiрде-бiрiнiң сатып алғысы келмесе, бастапқы баға төмендетiлуi немесе аукционның заты осы аукционнан алып тасталуы мүмкiн.

9. Егер аукцион шарттарында өзгеше белгiленбесе, ең жоғары баға ұсынған аукционға қатысушымен оған аукционның затын сату туралы шарт жасалады.

10. Егер сатып алушы осы баптың 9-тармағында көзделген шартты жасасудан бас тартса, ол аукционға қатысушылардың қатарынан шығарылады, оған кепiлдiк жарна қайтарылмайды, ал сатып алушы сатып алудан бас тартқан аукционның заты қайтадан саудаластыққа қойылуы мүмкiн.

11. Аукционға қатысқан, бiрақ онда ештеңе сатып алмаған тұлғаларға кепiлдiк жарнаның сомасы қайтарылады.

Аукционның қандай да болсын затын сатып алған тұлғаға кепiлдiк жарнасының сомасы төленген сатып алу бағасының есебiне есептеледi.

Наши рекомендации