БасҚару ісініҢ мӘні жӘне ҚҰрылымы
Саяси институттар мен әкімшілік басқару органдарының қызметі тиісті мемлекеттік саяси және әкімшілік шешімдерді қабылдау мен іске асыруда көрініс табады. Шешімдерді талдау – мемлекеттік басқару теориясының ажырамас аспектісі болып табылады. Шешімдердің тұрпаты, оларды әзірлеу тәсілдері бойынша, әр түрлі субъектілердің қатысу деңгейлеріне қарай қоғамдық-саяси жүйенің нақты сипаттары туралы айтуға болады. Басқарушылық шешімдер барлық деңгейлерде – ұлттық, аймақтық, муниципалдық деңгейлерде қабылданады. Сәйкесінше тиісті мемлекеттік және жергілікті басқару органдары шешім қабылдау субъектілері болып табылады. Шешімдерде қарастырылатын мәселелер басқарылатын объектілердің қажеттіліктері мен мүдделеріне сәйкес анықталады. Осы шешімдердің тұрпаты мен дейгейлеріндегі айырмашылықтарға қарамастан, қабылдау және іске асыру процестерін сипаттайтын оларға кейбір ортақ белгілер тән. Сондықтан теориялық талдау басқару субъектілерінің қызмет ету жағдайларының жалпы белгілерімен қатар ерекшеліктерін де қарастырады.
Сонымен мемлекеттік билік және жергілікті басқару органдары мемлекеттік басқару мақсаттары мен функцияларын кәсіби даярлықты және қажетті амалдарды, тәсілдерді, нысандарды, әдістерді қолдануды талап ететін адамдар еңбегінің ерекше түрі - басқару ісі арқылы жүзеге асырады.
Басқару ісі – қолданбалы сипаттағы құбылыс, себебі ол басқару мақсаты мен функцияларын жүзеге асыруға, басқарушылық шешімдер мен әрекеттерді әзірлеп, нақты өмірде қолдануға бағытталған.
Басқару ісі басқару шешімдерін қабылдап, іске асыруға бағытталған интеллектуалдық мазмұнымен ерекшеленеді, өйткені ол қоғамдық процестердің ағымын және жағдайын, адамдардың сана-сезімін, тәртібін, қызметін өзгертетін басқарушылық шешімдерді дайындауға, қабылдауға және іс жүзінде жүзеге асыруға бағытталған. Ол әлеуметтік нақтылықты, ондағы қорларды, құралдарды, резервтерді анықтайды, оны жетілдіру мен жаңа деңгейге көшірудің оңтайлы әдістерін табады. Оның басты мән-мағынасы басқарылатын процестің жаңа сапасын ашу, ал бұл шығармашылық күш-қуатты қажет етеді.
Басқару ісі ақпараттық мәнге ие, яғни ең алдымен басқару ақпараттарын қалыптастыру, ой елегінен өткізу, мәселені талдау, бір жүйеге келтіру процестері орындалады. Мемлекеттік басқаруда тек қандай да бір жалпы қоғамдық процесті сипаттайтын, оның жағдайы мен динамикасын, қозғаушы күштерін айқындайтын ақпараттар ғана жарамды болып табылады.
Басқару ісі сондай-ақ субъектінің ерік-қалауын білдіретін күрделі әлеуметтік-психологиялық құбылыс болып табылады. Онымен айналысатын әрбір адам талдау, бағалау, таңдау, шешім қабылдау, бағыну және орындау, бұйрық беру мен бақылау амалдарын ойлау қабілеті, ерік қалауы арқылы атқарады. Бұл мемлекеттік билік органдарының ұжымдарында ерекше әлеуметтік-психологиялық жағдайды, мінез-құлық пен қызметтің белгілі бір түрін қалыптастырады. Ерікті үнемі шыңдау, жауапкершілік жүгі, тәртіптілік, мемлекеттік қызметті атқаруға бағыныштылық- мемлекеттік органдарда басқарушылық қызметпен айналысатын адамдарға тән қасиеттер. Егер бұл қасиеттер болмаса онда мұндай орган жүзеге асыратын басқарушылық ықпалдар адамдар арасында беделге ие болмайды.
Басқару ісі әрқашанда ұжымдық түрде көрініс табады, себебі ол қандай да бір мемлекеттік орган ұжымында жүзеге асырылады және бір мезгілде басқа мемлекеттік органдардағы адамдар ұжымымен тігіненде, көлденеңінен де өзара әрекеттесуді көздейді. Онда мемлекеттік орган құзіретін және жалпы мемлекеттік басқару функцияларын кешенді түрде жүзеге асыру мақсатында кооперацияны талап ететін, белгілі бір жұмыстың мазмұны мен түрлері бойынша мамандандыру бар. Алайда кейде ұжымдық сипат басқарушылармен дұрыс бағаланбайды, мұндай жағдайда басқарушылық қызмет өзінің потенциалын жоғалтады, басқару тиімділігі төмендейді.
Өзінің көрінуі жағынан басқару ісі сан қырлы құбылыс. Оған адамдар да, білім де, ақпарат та, техникалық құралдар да жатады, олар барлығы біріге келе күрделі кешенді құбылысты құрайды. Көп ақпараттар бола тұрса да, ол білімнің немесе техникалық құралдардың жоқтығынан өңделмеуі мүмкін. Сол сияқты едәуір басқарушылық ұжым бола тұра, өзінің кәсіби деңгейінің төмендігі салдарынан мемлекеттік орган өкілеттігін жүзеге асыруды қамтамасыз ете алмауы мүмкін. Сондықтан басқару ісінің барлық элементтерін жан-жақты ойластырып, тепе-тең түрде әрекетке келтіру ғана оған тиімділік пен ұтымдылық бере алады. Сол себепті кешенділік басқару ісінің маңызды, жалпы белгілеріне жатады.
Сонымен қатар басқару ісі белгілері мен уәждеріне, адамдардың кәсіби даярлығы мен белсенділігіне қарамастан, ол мемлекеттік басқаруда заңдық сипатқа, көрініске ие болады. Оны тиісті мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар әрбір нақты мемлекеттік орган құзыретіне сәйкес, ондағы әрбір мемлекеттік лауазымның қызмет түріне сәйкес атқаруға тиіс. Сондықтан да басқару ісінің көптеген элементтері заңды түрде мемлекеттік органдарда тіркеліп, олардың құқықтық мәртебесінде процессуалдық нормалар түрінде бекітіледі. Бұдан басқару ісінің басқару процесінің элементтерімен ұқсастығы туындайды.
Барлық басқару деңгейлеріндегі басқарушылық шешімдердің ішінде біз мемлекеттік шешімдерді қарастырамыз. Мемлекеттік шешім – бұл қоғамдық мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған мемлекеттік органдар әрекетінің нақты жобаларын таңдау мен негіздеу.
Саяси және әкімшілік шешімдерді бірінен-бірін ажырата білген жөн. Саяси шешімдер саяси басшылықтың шоғырландырылған көрінісін білдіреді. Олар әлеуметтік топтардың немесе нақты қоғамдастықтың ортақ мүдделері мен мақсаттарын жүзеге асыруға бағытталған. Саяси шешімдер аймақтық деңгейде немесе белгілі бір жергілікті қоғамдастықтың шеңберінде қабылданса да сол мемлекетте тұратын адамдардың мүдделеріне, мемлекеттік биліктің қызметіне қатысты болады.
Әкімшілік шешімдер адамдардың өндірістік-шаруашылық, әлеуметтік және мәдени өмірін, жеке ұйымдардың ағымдағы қызметін реттейтін басқарушылық әрекеттер актілері. Әкімшілік шешімдерді шығару атқарушы билік пен басқару органдарының функциясына жатады.
Саяси шешімдер әкімшілік шешімдерге қарағанда нақты қоғамдық топтарға тікелей немес жанама түрде бағытталады, олардың арасындағы қатынастарды реттеу құралы, әлеуметтік топтардың мүдделері мен мақсаттарын білдіру, жүзеге асыру тәсілі болып табылады. Олар саяси билік пен саяси басқару субъектілерінің қызметінің нәтижесінде туындайды. Мемлекеттік басқарудағы саясаттың басымдылық қағидасына сәйкес саяси шешімдер әкімшілік-басқарушылық шешімдерге қарағанда артықшылық сипатқа ие.
Мемлекеттік шешім, ең алдымен шешім қабылдайтын субъект – мемлекеттік биліктің басқарушы органымен- алқалы немесе жеке лидермен; шешімді атқарушы субъект – мемлекеттік қызмет аппаратымен; шешім бағытталған объектімен (төмен деңгейдегі басқару органдары, қоғамның әр түрлі сфераларында жұмыспен қамтылған әлеуметтік топтар, саяси және қоғамдық бірлестіктер) сипатталады.
Мемлекеттік шешімдердің басқа да сипаттамалары бар: шешім беделі, яғни шешім қабылдаушы мемлекеттік билік субъектісінің деңгейін, оның заңға сәйкестілігі мен негізділігін білдіреді;
шешім диапазоны, өзі әрекет ететін саяси кеңістікті және аталған шешім қамтитын міндеттер көлемін сипаттайды; әдетте саяси шешімдер көп мақсатты болып келеді;
шешімдердің ақпаратпен қамтамасыз етілуі, яғни оны қабылдаудың ғылыми және ақпараттық негізі – шешім қабылдаудың технологиясы мен стилі - шешімді әзірлеу мен қабылдау әдіс- тәсілдерінің, шешім қабылдауға қажетті ақпаратты жинақтау мен қабылдау әдістерінің жиынтығы; жобалардың баламалы нұсқаларын талдау тәртібі мен сипаты, олардың ішіндегі басым бағыттарын айқындау және оларды іске асыру үшін қажетті құралдарды таңдау амалдары, тәсілдері;
шешім қабылдау түрлері – демркратиялық немесе авторитарлық;
шешімдердің тәжірибелік маңыздылығы.
Мемлекеттік шешімдер көптеген белгілер бойынша топтастырылады. Соның ішінде мемлекеттік билік пен басқару жүйесіндегі субъектілер деңгейіне қарай: жалпы ұлттық, аймақтық және жергілікті органдардың шешімдері; мақсаттар мен міндеттер сипатына қарай – саяси және әкімшілік шешімдер, басқаратын және атқарушы, стратегиялық немес оперативті-тактикалық, жалпымемлекеттік немес мемлекеттік өмірдің жекелеген облыстарына қатысты шешімдер; қоғамның өмір сфералары бойынша – шаруашылық-экономикалық, әлеуметтік, мемлекеттік құрылыс және басқару мәселелері бойынша, мәдени құрылыс және т.б. бойынша шешімдер; басқару объектісін қамту масштабына қарай–жалпы жүйелік, жалпысаяси, макроэкономикалыңқ, микроэкономикалық шешімдер; басқару функциялары бойынша – жоспарлау, ұйымдастыру, бақылау және тағы басқа мәселелер бойынша шешімдер.
Саяси шешімдердің мысалы ретінде мемлекеттік бағдарламаларды, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-саяси және әскери – стратегиялық концепцияларды, елдің Парламентімен қабылданған конституциялық сипаттағы заңнамалық актілерді, мемлекет қызметіне қатысты жалпы мәселелер бойынша ҚР Президентінің Жарлықтарын айтуға болады. Әкімшілік-басқарушылық шешімдер қатарына Үкіметтің қаулыларын, министрліктер мен ведомстволардың бұйрығы мен өкімдері жатады.