Мемлекеттік органдарды басқару әрекетіне байланысты өкімет өкілдері мен басқа адамдарға қарсы қылмыстар
Азақстан Республикасы Президентінің ар-ұжданы мен қадір-қасиетіне қол сұғу және оның қызметіне кедергі жасау (318-бап).
Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес Қазақстан Республикасының Президенті — мемлекеттің басшысы, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайтын, ел ішінде және халықаралық қатынастарда Қазақстанның атынан өкілдік ететін ең жоғары лауазымды тұлға. Республиканың Президенті — халық пен мемлекеттің билік бірлігінің, Конституцияның мызғымастығының, адам мен азамат құқықтары мен бостандықтарынын нысаны әрі кепілі (40-баптың 1, 2-тармақтары).
Қазақстан Республикасының Президентіне, оның абыройы мен қадір-қасиетіне ешкімнің тиісуіне болмайды (46-бап, 1-тармақ). Республика Президенті мен оның отбасын қамтамасыз ету, оларға қызмет көрсету және қорғау мемлекет есебінен жүзеге асырылады (46-баптың 2-тармағы). Қазақстан Республикасыньщ Конституциясының жоғарыда көрсетілген нормаларына сәйкес Қазақстан Республикасының жаңа Қылмыстық кодексінде Республика Президентінің ар-ұжданы мен қадір-қасиетіне қол сұғу және оның қызметіне кедергі жасаушылық үшін жауаптылықты көздейтін арнаулы бап көрсетілген.
Қылмыстың тікелей объектісі — Қазақстан Республикасы Президентінің басқару қызметіне байланысты ар-ұжданы мен қадір-қасиетін қорғау жөніндегі қатынастар.
Қылмыстың жәбірленушісі — Республика Президенті, оның жақын туыстары.
Қылмыстың объективтік жағы Қазақстан Республикасы Президентін жария түрде қорлау немесе оның ар-ұжданы мен қадір-қасиетіне қол сұғу арқылы сипатталады.
Республика Президентін жария түрде қорлау деп басқа біреудің немесе көпшіліктің көзінше ел Президентін әдепсіз сөздермен, шектен шыкқан арсыздығымен көзге түсетін дене қимылдарын жасау арқылы қоғамдық мінез-құлықтарға қайшы келетін басқа да әрекеттер жасау арқылы, ауызша немесе жазбаша түрде тіл тигізулер болып табылады.
Президенттің ар-ұжданы мен қадір-қасиетіне қол сұғу деп ол туралы шындыққа сай келмейтін жалған сөздер тарату, плакаттар салу, адамгершілігін, қадір-қасиетін көрінеу аяққа басатын, оны жұртшылық алдында масқаралайтын, беделін түсіретін жалған лақаптар айту, тарату сияқты әрекеттерді айтамыз.
Қылмыс құрылысы жөнінен формальдық құрамға жатады және ол Президентті жария түрде қорлау немесе оның ар-ұжданы мен қадір-қасиетіне қол сұғатын әрекет жасаған уақыттан бастап аяқталған деп танылады.
Қылмыс субъективтік жағынан тікелей қасақаналықпен және әр түрлі ниетпен жасалады. Қылмыстық ниет іс-әрекетті саралауға әсер етпейді, бірақ жаза тағайындағанда еске алынады.
Қылмыстың субъектісі — 16-ға толған адам. Осы қылмыстың ауырлататын түрі — бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалана отырып жасалған нақ сол әрекет үшін жауаптылық Қылмыстық Кодекстің 318-бабының 2-тармағында көрсетілген.
Бұқаралык ақпарат құралдарына — газет, журнал, радио, телехабар және басқа да көпшілікке арналған осындай құралдар жатады.
Қылмыстық кодекстің 318-бабының 3-тармағында Қазақстан Республикасы Президентінің өз міндеттерін атқаруына кедергі жасау мақсатында оған немесе оның жакын туыстарына қандай да болсын нысанда ықпал еткені үшін жауаптылық көзделген. Бұл жерде қылмыстың істелу мақсаты Республика Президентінің өз міндеттерін атқаруына кедергі жасау. Жақын туыстарға Президенттің аға-іні, қарындас, нағашы, күйеу баласы, құда, жұбайының осындай жақын туыстары жатады. Президенттің өзіне немесе жақын туыстарына ықпал ету — туыстық, таныстықты пайдалану арқылы, жалған хабар жеткізу немесе сенімге қиянат жасау нысандарында жүзеге асырылуы мүмкін.
Қылмыстық кодекстің 318-бабының ескертуіне сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің жүргізіп отырған саясаты туралы сын тұрғысында айтылған жария сөздер осы бап бойынша қылмыстық жауапқа тартуға әкеп соқпайды.
Депутаттың ар-ұжданы мен қадір-қасиетіне қол сұғу және онын қызметіне кедергі жасау (319-бап)
Қылмыстың тікелей объектісі — Қазақстан Республикасы Парламентінің мемлекеттік заң шығару қызметіне байланысты ар-ұжданы мен қадір-қасиетін қорғау жөніндегі қоғамдық қатынастар. Қылмыстың жәбірленушісі Республика Парламентінің депутаты.
Қылмыстың объективтік жағы, субъектісі және субъективтік жағы, ауырлататын және аса ауырлататын түрлері бойынша Қылмыстық кодекстің 318-бабындағы көрсетілген құрамдағы белгілермен ұксас. Айырмашылық — қылмыстың жәбірленушісінде ғана. 318-бапта қылмыстан жәбірленуші Республика Президенті, ал 319-бапта Республика Парламентінің депутаттары. Депутаттың ар-ұжданы мен қадір-қасиетіне қол сұғу, қорлау оның депутаттың міндеттерін атқару кезінде немесе оны атқаруға байланысты жүзеге асырылады. Мұндай болмаған ретте іс-әрекет жеке адамға қарсы қылмыс ретінде саралануы мүмкін.
Кылмыстық кодекстің 319-бабының ескертуіне сәйкес Парламент депутатының депутаттық қызметі туралы сын тұрғысында айтылған жария сөздер осы бап бойынша қылмыстық жауаптылыққа әкеп соқпайды.
Өкімет өкілін қорлау (320-бап)
Қызмет бабындағы міндеттерін атқарып жүрген кезінде немесе оны атқаруына байланысты жария қорлау туралы қылмыстық жауаптылық 320-бапта көрсетілген.
Қылмыстың тікелей объектісі қызметтік міндеттерін атқарып жүрген немесе атқаруына байланысты өкімет өкілінің заңды қызметі болып табылады.
Қосымша тікелей объект — олардың беделі мен абыройы.
Қылмыс объективтік жағынан қылмыс бабындағы міндеттерін атқарып жүрген немесе оны атқаруына байланысты өкімет өкілін қорлау әрекеті арқылы жүзеге асырылады.
Өкімет өкілінің беделін, абыройын, адамгершілігін көпшілік алдында аяққа басатын, оларды масқаралайтын әрекеттерді қорлау дейміз. Оларға өкімет өкілі туралы ауызша немесе жазбаша, көзінше немесе сыртынан, болмаса баспасөз құралдарын пайдаланып, оларды масқаралайтын, даттайтын, абыройын аяққа басатын әрекеттер жатады. Қорлауға, сондай-ақ өкімет өкілінің беделін түсіру мақсатымен жұрт көзінше оны тілдеу, бетіне түкіру, басқа да жөнсіз қимылдар арқылы оның беделін түсіру жатады. Осы бапта айтылған өкімет өкілін қорлау олардың қызметтік міндетін атқару кезінде не атқаруына байланысты болуы керек. Яғни бүл жерде осы қылмыстың жасалу себебі өкімет өкілінің өз кызметін жүзеге асыруына, атқаруына тікелей байланысты. Қылмыстың объективтік жағының тағы бір белгісі өкімет өкілін қорлау жария түрде — көпшілік алдында болуы қажет. Көпшілік алдындағы қорлау деп өкімет өкілін қорлауды бөтен адамның көріп, естіп тұруы немесе бір топ адамның осы әрекетке куә болуы. Бұл жерде басқа бір адамның көзінше қорлау көпшілік алдындағы қорлау деп саналады. Жазбаша қорлау деп баспасөз құралы арқылы көпшілікке мәлім болған жағдайларды айтамыз.
Қылмыс субъективтік жағынан тек қана тікелей қасақаналықпен жүзеге асырылады. Кінәлі адам өкімет өкілін оның қызмет бабындағы міндеттерін орындауына байланысты көпшілік алдында жария түрде қорлағанын сезеді және соған саналы түрде жол береді және аталған адамдардың абыройын, беделін түсіруді тілейді.
Қылмыстың субъектісі — 16-ға толған, есі дұрыс, кез келген азамат болады.
Қылмыстық кодекстің 320-бабының ескертуіне сәйкес:
1. Қылмыстық кодекстің осы бабында және басқа да баптарында өкіметтің өкілдері деп, оған қызмет жағынан тәуелсіз адамдарға қарсы қатысты заңмен белгіленген тәртіпте өкім ету
өкілеттігі берілген мемлекеттік органның лауазымды тұлғасы танылады.
2. Өкімет өкілінің қызметтік жұмысы туралы сын тұрғысында айтылған жария сөздер осы бап бойынша қылмыстық жауаптылыққа әкеп сокпайды.
Өкімет өкіліне қатысты күш қолдану (321-бап)
Қылмыстық кодекстің 321-бабының 1-тармағында өкімет өкілінің өз қызметтік міндеттерін орындауына байланысты оған немесе оның жақындарына қатысты өмірі мен денсаулығы үшін
қауіпсіз күш қолдану немесе күш қолданбақ болып қорқыту үшін жауаптылық белгіленген.
Қылмыстың тікелей объектісі — өкімет өкілдерінің дұрыс басқару қызметі, ал қосымша тікелей объектісі олардың өзінің және жақын туыстарының өмірі мен денсаулығы. Бұлар қылмыстың жәбірленушісі болып табылады.
Өкімет өкілінің түсінігі Қылмыстық кодекстің 320-бабының ескертуінде берілген.
Қылмыс объективтік жағынан мына әрекеттерді істеу арқылы көрініс табады:
а) өкімет өкілінің өзіне немесе оның жақын туыстарына қатысты өмірі мен денсаулығы үшін қауіпсіз күш қолдану (321- баптың 1-тармағы);
б) осы көрсетілген адамдарды күш қолданбақ болып қорқыту (321-баптың 1-тармағы);
в) аталған адамдарға қатысты өмірі мен денсаулығына қауіпті күш қолдану.
Өкімет өкілінің өз қызметтік міндеттерін орындауына байланысты оның өзінің немесе жақындарының өмірі мен денсаулығына қауіпсіз күш қолдануға жәбірленушінің киімін жырту, оларды сабау, денесіне жеңіл жарақат келтіру, бостандығын шектеу, өміріне немесе денсаулығына қауіп келтірмейтін жағдайда жәбірленушінің ағзасына есеңгірететін нәрселер егу сияқты әрекеттер жатады.
Осы көрсетілген адамдарға күш қолданбақ болып қорқытуға жеңіл, орта дене жарақатын келтіремін, қамап қоямын, сабаймын, үй-жайыңды өртеймін деген жалпылама анықталмаған сипаттағы, бірақ жәбірленушінің пайымдауынша кінәлі адам оларды жүзеге асырады-ау деген негізі бар қорқытулар жатады.
Аталған адамдарға қатысты өмірі мен денсаулығына қауіпті күш қолдануға — жәбірленушіге ауыр дене жарақатын келтіру, өлім халіне жеткізіп ұрып-соғу, азаптау, жұқпалы ауруды адам ағзасына егу т.б. әрекеттер жатады. Бұл әрекеттен кісі өлімі болған жағдайда кінәлінің әрекеті Қылмыстық Кодекстің 321 және 96-баптарымен қылмыстың жиынтығы бойынша сараланады.
Қылмыс құрылысы жағынан формальдық-материалдық құрамға жатады. Жәбірленушілерге күш қолданбақ болып қорқыту — формальдық кұрамға, ал басқа әрекеттер материалдық құрамға жатады.
Субъективтік жағынан қылмыс тікелей қасақаналықпен істеледі. Қылмыстың субъектісі — 16-ға толған адам.
Прокурордың қызметіне кедергі жасау және оның талаптарын орындамау (321-1-бап)
Прокуратура органдарының қызметі Қазақстан Республикасы Конституциясында және Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылғы 21 желтоқсандағы Қазақстан Республикасындағы прокурорлық қадағалау туралы заңдық күші бар жарлығымен белгіленген.
Қылмыстың тікелей объектісі — прокуратура органдары туралы заңымен белгіленген қызметіне байланысты қоғамдық қатынастар.
Қылмыс объективтік жағынан прокурорлық қадағалау актілерін орындамау, сол сияқты оның қызметіне кедергі жасау арқылы жүзеге асырылады. Прокурорлық қадағалау актілеріне осы органның наразылық қаулысы немесе басқадай ұсыныстары жатады. Объективтік жағынан қылмыс осы қадағалау актілерін орындауға байланысты болады. Прокуратура органдарының қызметіне кедергі жасауға осы мекеменің заңды құқықтарын жүзеге асыруға ашық түрде қарсылық білдіруі жатады. Мысалы қажетті құжаттарды көрсетуден, беруден бас тарту, қылмысты істі оқып танысуға бермеу, дер кезінде тексерілуге жататын іс-қағаздарын көрсетпеу және т.б.
Қылмыс құрамы материалдық. Қылмыстың объективтік жағының тағы бір белгісі — қылмыстың зардабы: прокурорлық қадағалау актілерін орындамау немесе оның қызметіне кедергі жасау азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіруге әкеліп соғуы болып табылады. Елеулі зиян нақты жағдайларға байланысты анықталады. Қылмыс субъективтік жағынан тікелей немесе жанама қасақаналықпен жүзеге асырылады. Кінәлі адам прокурордың заңды қызметіне кедергі жасағанын немесе оның заңды талаптарын орындамағанын ұғады, сезеді, солай бола тұрса да заң талаптарын орындамайды. Қылмыстық ниет әр түрлі болуы мүмкін, ол қылмысты саралауға әсер етпейді.
Қылмыстың субъектісі — жасы 16-ға толған кез келген есі дұрыс адам.
Жауапты мемлекеттік лауазымды иеленуші лауазымды адамға қатысты қолданылатын қауіпсіздік шаралары туралы мәліметтерді жария ету (322-бап)
Жаңа Қылмыстық кодексте жауапты мемлекеттік лауазымды иеленуші лауазымды адамға, сондай-ақ оның туыстарына қатысты қолданылатын қауіпсіздік шаралары туралы мәліметтерді, осы мәліметтер сеніп тапсырылған немесе оның қызметтік іс-әрекетіне байланысты белгілі болған адамның жария етуі қылмыс деп танылып, сол үшін жауаптылық көзделген (322-баптын 1-тармағы).
Бұл норма бланкеттік, өйткені көрсетілген қылмыстың объективтік және субъективтік белгілері жауапты мемлекеттік лауазымды иеленуші адамдарды мемлекеттік қорғау туралы занда арнайы көрсетілген.
Қылмыстың негізгі тікелей объектісі — жауапты мемлекеттік лауазымды адамдардың бірқалыпты, дұрыс қызметі, ал қосымша тікелей объектісі — көрсетілген осы адамдардың немесе олардың туыстарының қауіпсіздігі болып табылады. Осы адамдар қылмыстың жәбірленушілері болып табылады. Жауапты мемлекеттік лауазымды адамдардың түсінігі Қылмыстық кодекстің 307-бабының ескертуінің 2-тармағында берілген. Жақын туыстары — ата-аналары, балалары, атасы, әжесі, немерелері, інілері, қарындастары, жиені, асырап алған балалары, асырап алған ата-аналары, келіні, құдасы, жақын досы және т.б. жатады.
Қылмыс объективтік жағынан алғанда жоғарыда аталған жәбірленушілерге тікелей байланысты қауіпсіздік шаралары туралы мәліметтерді кез келген тәсілмен (ауызша, жазбаша, теледидар арқылы) жария ету жолымен әрекет немесе әрекетсіздік арқылы жүзеге асырылады.
Занда айтылған қауіпсіздік шараларына жауапты лауазымды адамның, оның жақын туыстарының жеке күзеті, тұрғын үй, мүлік. үй-жабдықтарын күзету, өртке қарсы, күзет сигнализациясы, телефон номері, көлік құралдарының мемлекеттік тіркеу белгілері, қару жарағы, жеке қорғану құралдары, уақытша қауіпсіз жерге орналасуы, құжаттарының деректері және басқа маңызды қызметіне байланысты мәліметтері жатады. Осы қауіпсіздік шаралары туралы мәліметтерді жария ету деп кез келген тәсілмен бөтен адамға осы мәліметтер сеніп тапсырылған немесе оның қызметтік іс-әрекетіне байланысты белгілі болған адамның жария етуі болып табылады. Кейде мұндай жария ету әрекетсіздік арқылы осындай мәліметтері бар құжаттарды, бейне жазбаларды жоғалту жолымен де істеледі.
Қылмыс құрылысы жағынан формальдық және ол занда көрсетілген іс-әрекеттер қауіпсіздік шаралары туралы мәліметтерді бөтен адамға немесе адамдарға жария еткен уакыттан бастап аяқталған деп танылады.
Қылмыс субъективтік жағынан қасақана (тікелей немесе жанама) түрде істеледі.
Қылмыстың субъектісі арнаулы, 16-ға толған, осы мәліметтер өзіне сеніп тапсырылған немесе оның қызметтік іс-әрекеттеріне байланысты белгілі болған адам (жеке күзетшісі, хатшысы, көлік жүргізушісі, дәрігері, үй күтушісі және т.б.).
Қылмыстық кодекстің 322-бабының 2-тармағында осы қылмыстың ауырлататын түрі — нақ сол әрекет ауыр зардаптарға әкеп соққаны үшін жауаптылық көзделген.
Қылмыс құрамы материалдық. Ауыр зардаптарға — жауапты лауазымды адамды немесе оның жақын туыстарын өлтіруге оқталу, оларға ауыр дене жарақатын келтіру, үй-мүлкін жою т.б. зардаптар жатады. Кінәлінің зардап жөніндегі кінә нысаны абайсыздық арқылы көрініс табады.
Азақстан Республикасының мемлекеттік шекарасының мызғымастығына қол сұғатын және Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздеріне қарсы қылмыстар
Қазақстан Республикасының күзетілетін Мемлекеттік шекарасынан әдейі заңсыз өту (330-бап)
Қылмыстың тікелей объектісі -Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасының қол сұғылмайтындығын реттейтін қоғамдық қатынастар.
Мемлекеттік шекараның түсінігі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекара туралы заңында берілген.
Қылмыс объективтік жағынан алғанда Қазақстан Республикасының күзетілетін Мемлекеттік шекарасынан белгіленген құжатсыз және тиісті рұқсатсыз әдейі заңсыз ету арқылы жүзеге асырылады. Қылмыс күзетілетін Мемлекеттік шекарадан кез келген тәсілмен жаяу, көлікпен, әуе кемесімен, сумен жүзу арқылы Қазақстан Республикасының аумағына немесе оған шекаралас мемлекеттің аумағына заңсыз — белгіленген құжатсыз және тиісті рұқсатсыз өткен уақыттан бастап аяқталған деп танылады. Қылмыс формальдық құрамға жатады. Бұл жерде айта кететін нәрсе — күзетілетін мемлекеттік шекарадан заңсыз өту ғана қылмыс деп қарастырылады. Егер шекара ТМД елдері арасында күзетілмейтін болса, онда одан өту қылмыс деп қарастырылмайды. Мемлекеттік шекарадан өту, Қазақстан Республикасынан кету және оған келу тәртіптері Мемлекеттік шекара туралы Заңмен және халықаралық келісімдермен реттеледі.
Қылмыс субъективтік жағынан алғанда тікелей қасақаналықпен істеледі. Кінәлі адам Қазақстан Республикасының күзетілетін Мемлекеттік шекарасынан белгіленген құжатсыз және тиісті рұқсатсыз әдейі заңсыз өтетінін сезеді және соны істеуді тілейді.
Абайсызда не амалсыздан, аса кажеттілік жағдайда мемлекеттік шекарадан өту қылмыс деп танылмайды (Мысалы, әуе, су кемесінің апатқа ұшырау қаупі туғанда, басқа елдің аумағына амалсыздан қонуы, күрделі ауа райына байланысты адасып шекараны бұзу т.б.)
Мемлекеттік шекараны бұзудың ниеті мен мақсаты іс-әрекетті саралауға қатысы жоқ, олар тек жаза тағайындағанда ескеріледі.
Қылмыстың субъектісі — 16-ға толған, кез келген адам.
Қылмыстық кодекстің 330-бабының 2-тармағында осы қылмыстың мынадай ауырлататын түрлері: а) адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша (ҚК-тің 31-бабының 2-тармағын қараңыз); б) немесе ұйымдасқан топпен (ҚК-тің 31-бабының 3-тармағын қараңыз); в) не күш қолданумен немесе оны қолданбақ болып қорқытумен жасалған дәл сол әрекеттер үшін жауаптылық белгіленген.
Күш қолдану деп жәбірленушіге жеңіл, ауырлығы орта дәрежедегі жарақат келтіруді айтамыз. Одан зор жарақат келтірген жағдайда қылмыс жиынтығы бойынша сараланады. Күш қолданбақ болып қорқытудың түсінігіне Қылмыстық кодекстің 321-бабында тоқталғанбыз.
Шығарып жіберу туралы шешімді орындамау (330—1-бап)
Кейбір реттерде мемлекеттік шекара туралы заңды бұзып, өз бетімен Республика аумағына еніп, кері қайтпайтындар да кездеседі. Осыған орай Қазақстан Республикасының 2001 жылғы наурыздың 16-сындағы заңына сәйкес Қылмыстық кодексте 330—1-бап қосымша енгізіліп, онда шетел азаматтарының және азаматтығы жоқ адамдардың өздеріне қатысты қабылданған Қазақстан Республикасының шегінен шығарып жіберу туралы шешімдерді орындамағаны үшін қылмыстық жауаптылық белгіленген.
Қылмыстың тікелей объектісі Қазақстан Республикасынын шекарасына қол сұғылмайтын қатынастарды реттейтін қоғамдық қатынастар объективтік жағынан қылмыстық әрекет арқылы — Қазақстан Республикасының шегінен шығарып жіберу туралы өкілетті органдардың шешімін орындамау арқылы жүзеге асырылады. Қылмыс құрамы формальдық, шығарып жіберу туралы шешімді орындаудан бас тартқан кезден бастап аяқталған деп танылады.
Қылмыс субъективтік жағынан тікелей қасақаналықпен жүзеге асырылады.
Қылмыстың субъектісі — арнаулы 16-ға толған, шетел азаматтары және азаматтығы жоқ адамдар.
Заңсыз көші-қонды ұйымдастыру (330-бап)
Көлік құралдарын не жалған құжаттар, не тұрғын немесе өзге де үй-жай беру, сондай-ақ азаматтарға, шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасының аумағы бойынша заңсыз келіп-кету, өту үшін өзге де кызметтер көрсету жолымен заңсыз көші-конды ұйымдастыру заңсыз көші-қонды ұйымдастыру деп танылады.
Қылмыстың тікелей объектісі – көші-қонды реттейтін басқару саласындағы қоғамдық қатынастар.
Қылмыстың заты жалған құжаттар болуы мүмкін. Объективтік жағынан қылмыс белсенді әрекеттер арқылы жүзеге асырылады. Олар азаматтарға, шетелдіктерге, азаматтығы жоқтарға Республика аумағына заңсыз келуге, одан заңсыз кетуге бағытталған әрекеттер жасау арқылы көрініс табады. Мұндай заңсыз көші-конды жүзеге асыру жалған құжат беру, заңсыз тұрғын жайға орналастыру т.б. заңсыз әрекетгер арқылы жүзеге асырылады. Мұндай іс-әрекеттер көші-қонды реттейтін арнаулы заңға және нормативтік құқықтық актілерге қайшы болады. Баптың диспозициясы — бланкеттік. Бұл мәселе көші-қонды реттейтін арнаулы нормативтік құқықтық актілермен реттеледі. Қылмыс құрамы формальдық. Көрсетілген заңсыз іс-әрекеттердің біреуі істелгеннен бастап қылмыс аяқталған деп танылады. Субъективтік жағынан бұл қылмыс тікелей қасақаналықпен, әр түрлі ниет мақсаттармен жүзеге асырылады. Қылмыстың субъектісі — 16-ға толған адам.
Жоғарыда көрсетілген әрекеттерді ұйымдасқан топ не өзінің қызмет өкілдігін пайдаланған адам жасаса онда ол осы қылмыстың ауырлататын түрі болып табылады. Ұйымдасқан топтың түсінігі Қылмыстық кодекстің 31-бабының, 3-бөлігінде берілген. Қызмет адамдарының түсінігі Қылмыстық кодекстің 228, 307-баптарының ескертулерінде берілген.
Қазақстан Республикасында шетелдік жұмыс күшін тарту және пайдалану ережелерін бірнеше рет бұзу (330—3-бап).
Қазақстан Республикасының аумағында уәкілетті органның тиісті рұқсатынсыз жүрген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды жұмыс берушінің жұмысқа бірнеше рет қабылдауы - шетелдік жұмыс күшін тарту және пайдалану ережелерін бұзғандық болып табылады (330—3-бап).
Қылмыстың тікелей объектісі — жұмыс күшін тарту немесе пайдалану ережелері реттейтін басқару саласындағы қоғамдық қатынастар.
Объективтік жағынан қылмыс белсенді әрекет арқылы рүқсатсыз жүрген шетелдіктер мен азаматтығы жоқтарды жүмыс берушінің жұмысқа бірнеше рет қабылдануы арқылы жүзеге асырылады. Жұмыс берушілерге кәсіпкерлер жеке немесе занды тұлғалар жатады. Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасы аумағында тұруы ресми органдардың рұқсаты арқылы жүзеге асырылады. Рұқсатсыз шетелдіктермен азаматтығы жоқ адамдарды жұмысқа бірнеше рет қабылдау қылмыс болып табылады. Бірнеше рет деп рұқсатсыз жүрген екіден көп шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды жұмысқа заңсыз қабылдауды айтамыз.
Қылмыс құрамы формальдық. Қылмыстық кодекстің 330-3-бабында көрсетілген әрекеттерді істеген сәттен бастап қылмыс аяқталған деп танылады. Қылмыс субъективтік жағынан тікелей немесе жанама қасақаналықпен жүзеге асырылады.
Қылмыстың субъектісі — арнаулы жұмыс беруші: ол ұйым жетекшісі немесе жеке тұлғалар болуы мүмкін. Егер жұмыс беруші Қазақстан Республикасында шетелдік жұмыс күшін пайдалану ережелерін бірнеше рет бұзса, онда оның іс-әрекеті Қылмыстық кодекстің 330—3-бабының 2-бөлігі бойынша саралануға жатады. Шетелдік жұмыс күшін пайдалану ережелерін екі немесе одан да көп бұзу бірнеше рет ереже бұзушылық деп танылады.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын құқыққа қарсы өзгерту (331-бап)
Қылмыстың тікелей объектісі — күзетілетініне немесе күзетілмейтініне қарамастан Қазақстан Республикасының шекарасына қол сұғылмайтындығы.
Қылмыстың заты — шекаралық белгі. Кдзақстан Республикасының Мемлекеттік шекара туралы заңында мемлекеттік шекараның көзге анық көрінетін шекаралық белгілер арқылы белгіленетіні айтылған.
Шекаралық белгілердің бейнесі және оларды орнату тәртібі Қазақстан Республикасының халықаралык шарттарымен, Қазақстан Республикасының Үкіметінің шешімімен анықталады.
Қылмыс объективтік жағынан: Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын құқыққа қарсы өзгерту мақсатында шекаралық белгілерді алып тастау, орнын ауыстыру немесе жою арқылы сипатталады.
Шекаралық белгілерді алып тастау деп — осы белгілерді мемлекеттік шекарадан шығарып тастауды; орнын ауыстыру деп бұл шекаралық белгіні екінші бір жерге апарып қондыруды, ал жою деп осы белгілерді түгелімен жоюды, түкке жарамайтын етіп тастауды айтамыз. Осы көрсетілген әрекеттердің бірін орындау аяқталған қылмысты істегендік деп танылады. Қылмыс құрамы формальдық.
Қылмыс субъективтік жағынан тікелей қасақаналықпен істеледі. Кінәлі шекаралық белгілерді алып тастайтынын, орнын ауыстыратынын немесе жоятынын сезеді және соны істеуді тілейді.
Қылмыстың мақсаты — заңға қайшы түрде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын өзгерту.
Қылмыстың субъектісі 16-ға толған, кез келген адам.
Қылмыстық кодекстің 331-бабының 2-тармағында осы қылмыстың ауырлататын екі балама түрі — бірнеше рет жасалған шекаралық белгілерді алып тастау, орнын ауыстыру немесе жою (бірнеше рет қылмыс түсінігі Қылмыстық кодекстің 11-бабында берілген) немесе ауыр зардаптарға әкеп соққан сол әрекеттер үшін жауаптылық белгіленген. Ауыр зардаптарға — шекаралық даулардың пайда болуы, ірі материалдық залалдың орын алуы т.с.с. Ауыр зардаптың көлемін нақты жағдайларға байланысты сот шешеді.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын, Мемлекеттік елтаңбасын немесе Мемлекеттік әнұранын қорлау (317-бап)
Қылмыстың тікелей объектісі — Қазақстан Республикасының басқару тәртібі, Мемлекеттік рәміздерінің беделі.
Қылмыстың заты — Мемлекеттік ту, Мемлекеттік елтаңба, Мемлекеттік әнұран.
Мемлекеттік ту — Мемлекеттік елтанба, Мемлекеттік әнұран Қазақстан Республикасының мемлекеттігінің ресми рәміздері болып табылады.
Қылмыстың объективтік жағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын, Мемлекеттік елтаңбасын, Мемлекеттік әнұранын қорлау арқылы сипатталады.
Қорлау деп — Мемлекеттік туды, Мемлекеттік елтаңбаны жария түрде жұлып тастау, өртеу, таптау, жою немесе бүлдіру, оларға әдепсіз сөздер, суреттер салып сайқымазақ ету сияқты әрекеттер жатады. Мемлекеттік әнұранды қорлауға оның мәтініндегі сөздерді бұрмалап келемеж ету, Әнұранның мазмұнын көрінеу теріс бұрмалау, оған қорлайтын әдепсіз сөздер қосып айту сияқты әрекеттер жатады.
Қылмыстық әрекеттер жария түрде жүзеге асырылуы қажет. Іс-әрекеттің бөтен адамдардың (біреу болса да) көзінше жүзеге асырылуы немесе ешкім жоқта Мемлекеттік туға, Мемлекеттік елтаңбаға, Мемлекеттік әнұранға сайқымазақ сөздер, суреттер салып, оның көпшілікке аян болуы жария іс-әрекеттің белгілері болып табылады.
Қылмыс формальдық құрамға жатады және ол заңда көрсетілген заттарды қорлау әрекеттерін жасаған уақыттан бастап аяқталған деп табылады.
Қылмыс субъективтік жағынан алғанда тікелей қасақаналықпен істеледі. Кінәлі адам мемлекеттік рәміздерді қорлайтынын сезеді және соны істеуді тілейді.
Қылмыстың субъектісі — 16-ға толған адам.
Мемлекеттік туды заңсыз көтеру (329-бап)
Қылмыстың тікелей объектісі және заты Қылмыстық кодекстің 317-бабында көрсетілген қылмыс құрамына ұқсас.
Объективтік жағынан алғанда қылмыс Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын сауда кемесінде заңсыз көтеру арқылы сипатталады.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көтерудің тәртібін белгілейтін арнаулы Ереже бар. Осы Ережеге сәйкес ашық теңіздерде, мұхиттарда жүзіп жүрген Қазақстан Республикасының сауда кемелері занда белгіленген тәртіпке сай көтеруге құқылы. Занда көрсетілмеген басқа жағдайларда немесе Қазақстан Республикасының сауда кемесі болып табылмайтындардың біздің мемлекетіміздің туын сауда кемесінде көтеруі заңға қайшы, қылмысты әрекетке жатады. Қылмыс құрамы формальдық, қылмыс Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын сауда кемесінде заңсыз көтерген сәттен бастап аяқталған деп табылады.
Қылмыс субъективтік жағынан тікелей қасақаналықпен істеледі.
Қылмыстың субъектісі — арнаулы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын сауда кемесінде заңсыз көтеруге бұйрық берген кеме капитаны.