Азақстан Республикасының мемлекеттік құрылысын қалыптастыру
Кез-келген тәуелсіз мемлекеттің ең басты белгілерінің бірі - оның өзіне ғана тән мемлекеттік рәміздерінің болуымен сипатталса,елдің шынайы әрі іс жүзіндегі нақты тәуелсіздігі қайсыбір мемлекетке кіріптарлықтан ада ететін экономикалық еркіндігімен де ұштастырылып жатады. Бұл рас нәрсе. Әлем елдерімен салыстырғанда мемлекеттік шекарасының ұзақтығы дүниежүзі бойынша бірінші орында тұрған Ресеймен шекетесетін Қазақстанның шығысында Азияның ғана емес, әлемнің алпауыт аждаһасына айналған Қытай орын тепкен. Басқасын айтпағанда осы екі ірі мемлекеттің ортасында тұрып, ғасырлар бойы бабасынан мұраға қалған ең бірінші байлығы - жерін сақтап қалу бір ерлік болса, алмағайып заманалардың қай-қайсысында да экономикалық тұрғыдан босаңдық танытпай, алып елдің жетегіне жұтылып кетпеуінің өзі үлкен абырой. Олай болса, тәуелсіздікті тек сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде дәлелдеу аса маңызды. Сондықтан да, қазіргі Қазақ елі 20 жылдық тәуелсіздік тарихында елдігін ғана емес, экономикасының егемендігін де сақтаған мемлекет ретінде межелі табалдырықтан абыроймен аттап отырғаны да шындық. Өйткені, күні кеше көз алдымызда өткен тарихқа жүгінсек, тәуелсіздіктің де оңай келе қоймағанын анық байқауға болады. Бұнда да ең алдымен елдің экономикалық тәуелсіздігін сөз етпеуге еш құқымыз жоқ.
1991 жылы тәуелсіздігін жария еткен Қазақстан өзінің құрдас мемлекеттері секілді өтпелі кезеңнің қиыншылықтарын бастан кешірді. Өтпелі кезеңдегі негізгі мақсатымыз жоспарлы экономикадан нарықтық сатыға көшу болатын. Бұрыннан бағынып келген орталықтың күл-талқаны шығып, салааралық тұрмақ, өңіраралық байланыстардың аяқ астынан «жоғалуы» барлық саланы дерлік құлдыратуға сүйреді. Бұл Қазақстан тәуелсіздігінің тарихындағы алғашқы экономикалық дағдарыс болды. 90-шы жылдардың басында төске өрлеген гиперинфляциямен, өндірістің толық тоқтатылуымен, төлемсіздік дағдарысымен күрес экономикалық жағынан да дербестікке ұмтылған жас мемлекетіміз үшін үлкен сынақ болды. Ресми Мәскеу арқылы ғана шешімін табатын бюджеттік жүйе де тоқырап, тәуелсіз елді көтермелеп, жығылғанға сүйеу болатын қор мүлдем болмады. Кеңес одағы шеңберіндегі Қазақ ССР-інің бюджеттік субвенциясы 50 пайызға дейін жететін. Бұның өзі сол кезде жеке отау тіккен дербес ел үшін аса қатерлі ғана емес, экономикалық тәуелділікке қайта итермелейтіндей Қазақ елі үшін мүлдем кері көрсеткіш болғаны даусыз. Тәуелсіздіктен кейінгі 1993 жылы гиперинфляция орын алып, бұндағы инфляция деңгейі - 2165 пайызды құраса, 1994 жылы ол 1158 пайызға жетті. Сондықтан да, қалыптасқан күйзелістен шығудың жолы тым қиын еді. Сөйтіп, Қазақ еліне заң жүзінде жарияланып, әлемге мойындатылған тәуелсіздігін іс жүзінде дәлелдеудің, қайта кіріптарлықтан құтылу үшін экономикасын қорғаштап көтерудің сынағы келді. Бұл дегеніңіз - елдің жерін, территориясын сақтау, ұлттық мемлекеттіліктің белгілерін бекітумен қатар, дербес экономикалық саясат ұстану үшін тәуекелі берік тағдыршешті мәселелерде табандылықты талап еткені белгілі.
Сонымен қатар сол кездері тәуелсіздік алған мемлекеттердің ішіндегі ең күрделі жағдай Қазақстанның басында болғаны да анық еді. Әлемдегі ең ұзын шекараның ұзақтығы өз алдына, жас мемлекеттің қаржылық жүйесін алпайыт көршіден бұрып алып өз алдына тәуелсіз бағытқа түсіру де үлкен күшті талап еткені түсінікті. Өйткені, егемендіктің алғашқы жылдары көзге көрінбесе де әртүрлі экономикалық қысымдар болып тұрғаны анық. Басқасын айтпағанда, қазақтың мемлекеттілігіне қарсы «рубльдің шеңберінде қалыңыздар, әйтпесе ел болуларың қиын» деген кері пікірлер де сырттан айтылып жатты. Осы шеңбердің ықпалында ұстап тұру үшін нешетүрлі қитұрқы амалдарды бастан өткеруге тура келді. Бұл туралы Мемлекет басшысы өзінің «Қазақстан жолы» атты кітабында былай дейді: «Еңбекақыны, зейнетақыны, жәрдемақыларды төлеу үшін біз Ресейден ақша сатып алуға мәжбүр болдық. 1992 жылдың бірінші жартысына дейін Ресейдің Орталық банкісінен ақша қаражатын біз тегін алып тұрғанбыз. Бірақ кейіннен бюджеттер бөлінгенде рубльді сатып алуға тура келді. Ақшаны сатып алуға Қазақстан бюджетінде қаражат жетпегендіктен, ел оның тапшылығын бірден сезінді. Біз рубльді қарызға (несиеге деп те айтуға болады) алатынбыз. Артынан Ресей біздің 1,5 миллиард долларға қарызданғанымызды айтты. Бірнеше жылдар өткеннен кейін барып, «Байқоңыр» айлағы үшін есептескенде ғана осы қарызды жаптық».
Кейіннен тәуелсіздіктің тірегіне айналған төл Теңгенің айналымға енуі елдің егемендігін біржолата нығыздай түскен еді. Қазақстан осылайша тәуелсіздіктің алғашқы 5-6 жылын түбегейлі дербес мемлекеттікті қалыптастыру, ішкі және сыртқы саясаттың жаңа жүйесін құру, экономиканы жұмыс істеуге мәжбүр ету, оны жекешелендіру, яғни либералды мемлекетті, либералды экономиканы қалыптастыру үшін тынымсыз жұмыстарды бастан өткерді. Соның арқасында тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ дағдарыстың жағымсыз салдарынан қарсы тұра алатын экономика құруға шама жетті.
Осыдан соң барып Тәуелсіздіктің алтыншы жылында ҚР Президенті Н. Назарбаев қалыптасқан жағдайдан шығудың нақты бағдарын айқындайтын, сондай-ақ елдің алдағы даму белестерін айғақтайтын «Қазақстан-2030» даму Стратегиясын бекітті. Аталмыш Стратегия жас Қазақстанның ұзақ мерзімді, сатылап дамуына берік негіз қалағаны айқын. Стратегияға сәйкес, еліміздің миссиясы 2030 жылға қарай тәуелсіз, гүлденген, саяси һәм экономикалық тұрақты Қазақстанды қалыптастыру болып табылады. Мемлекеттің бұған дейінгі жүріп өткен жолдары да, даму бағыттары да осы стратегиямен берік үндесіп келеді. Өйткені, «Қазақстан-2030» даму стратегиясын жүзеге асыру үшін ұзақ мерзімді стратегиялық іс-шаралар жоспары да бекітілді. Кезең-кезеңге межеленген бірқатар басымдықтар айқындалды. Ал ондай басымдықтарды игеру бойынша бірқатар мәселеде жағымды динамика мен прогресс орын алды. Мәселен, көрсеткіштердің аса маңыздысы болып табылатын Ішкі жалпы өнімінің өсімі бойынша 2008 жылдың өзінде «Қазақстан-2030» стретагиясында 2010 жылға қарай қол жетуі межеленген мақсат орындалды. Әйтсе де, Қазақстан тарихындағы тағы бір күрделі кезең Оңтүстік-Шығыс Азия дағдарысымен тұспа-тұс келеді. 1998 жылғы Оңтүстік-Шығыс Азия дағдарысы дамыған нарықтарға ғана емес, жаңа қалыптасып келе жатқан нарықтарға да кері әсерін тигізді. Бұл Қазақстанның да ІЖӨ-не жағымсыз рөл атқарғаны да айқын. Еңсеріп қана қойған жоқ, сол жылдары Қазақстанның ел ордасын Ақмолаға көшіру туралы алып бастама көтерілді. Кейіннен бұл бастама елдіктің, егемендік пен тәуелсіздіктің символына айналған Астананы өмірге әкелді. Сөйтіп, қазіргі Астана Қазақстан өңірлері үшін экономиканы дамыту көшбасшысы болып қана қойған жоқ, саяси-әлеуметтік, қаржылық-экономикалық мәселелердің халықаралық алаңына да айналды. Сол арқылы басқа қалаларға бизнесті жүргізуге қолайлы жағдай жасаудың, инвестиция тартудың үлгісін көрсетіп келеді.
Кеңес одағының ыдырауынан, Оңтүстік-Шығыс Азия дағдарысынан кейінгі ел басындағы ең үлкен күйзеліс АҚШ ипотекалық нарығынан бастау алған, сосын әлемдік деңгейде алапат толқын тудырған 2008 жылы бастау алған жаһандық қаржы дағдарысы еді. Құрылыс индустриясын қарышты дамытып отырған Қазақстан үшін де бұл оңай соққы болған жоқ. Құрылыс саласының соңынан банкілік-қаржылық жүйе де біршама шайқалды. Әйтсе де, жаһандық дағдарыстың сынағын бұл жолы да Қазақстан сәтті еңсерді. Елдің қаржылық-экономикалық жүйесін құлдырытпау, экономика секторларын қолдау бағытында Үкіметтің тұрақтандыру жоспары бекітілді. Ең бастысы, әлеуметтік бағдарланған бюджетті толық сақтау басты назарда болып, елдің жұмыссыздығын өсірмеуге көп күш салынды. Өңірлерде жұмыспен қамту стратегиясы жүзеге асты. Ал 2010 жылы дағдарыс салқынын еңсеруді одан сайын түгесіп, дағдарыстан кейінгі даму сатысына өту мақсатында Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Осылайша, уақытылы қабылданған дағдарысқа қарсы шаралар Қазақстанның Ішкі жалпы өнімінің құлдырауынан сақтап қалды. Мәселен, Экономикалық даму және сауда министрлігінің келтірген деректеріне сүйенсек, Қазақстан, тіпті, ең дағдарысты жылы болып саналатын 2008-2009 жылдарының өзінде ІЖӨ-нің төмендеуін емес, өсімін қамтамасыз етті. Атап айтқанда ІЖӨ 2008 жылы - 3,2 пайызға артса, әлемдік күйзелістің шарықтау шегі саналатын ел экономикасына аса ауыр тиген 2009 жылы бұл - 1,2 пайыздық өсімді көрсетті.
Сөйтіп, 2010 жылы еліміздің ІЖӨ 7 пайызға өсіп, біраз уақыт «шыр айналдырған» дағдарыстан кейінгі экономиканың қалпына келу белгілері көрінді. Өнеркәсіптік өндіріс 10,5 пайызға жоғарылады. Жұмыссыздықты жою мақсатында 100-ге тарта жаңа кәсіпорындар ашылды. Тарихи қалыптасқан өлшеммен статистиканы тағы да салыстырып қарасақ, 1996 жылы жан басына шаққандағы ІЖӨ 1 мың 300 доллар шамасында қалыптасса, 2010 жылы бұл көрсеткіш 10 мың доллар шамасында болды. Ал орташа айлық жалақы аталған кезеңдерде 101 доллардан 526 долларға дейін артты. Ал еңбек нарығына келер болса, 90-шы жылдардың соңына қарай жұмыссыздық деңгейі 13-15 пайыздық көрсеткіште қатып тұрса, қазір 5,8 пайызды құрап, бұл көрсеткіш бойынша бірқатар дамыған елдермен тереземіз теңесті. Икемді салықтық-бюджеттік, ақша-кредиттік саясаттың нәтижесінде, жалпы макроэкономикалық тұрақтылық арқасында Қазақстанға 1993 жылдан бері 130 млрд. доллар шамасында тікелей шетелдік инвестиция тартылды.
Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан тәуелсіздік жылдары ішінде жаһандық ауқымдағы қатерлі үш дағдарыстың толқынына төтеп беріп, жаңа дәуірге қадам басты. Бұндай жетістікті бағындыру ең алдымен ҚР Президенті Н. Назарбаевтың саяси ерік-жігерінің, қазақ халқының өршіл мақсатқа ұмтылысын көрсететін мінезінің арқасында жүзеге асты. Былтырғы 2010 жылы Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұл тұрғысында: «ХХІ ғасыр Қазақстан үшін жаңа қауіп-қатерлерді өзімен бірге ала келді. Оның ішінде ең ірісі әлемдік дағдарыс болды. Осы жағдайда санаулы елдер ғана бұл сынды еңсере алды. Оның қатарында біздің Қазақстан да бар. Тәуелсіздік - бұл бәрінен бұрын елдің экономикалық тәуелсіздігі»,-деген болатын. Расымен, экономикалық жетістіктерді айтқанда, ондай жетістіктердің де оңай жолмен келмегенін естен шығармауымыз қажет-ақ. Сонда ғана тәуелсіздігіміздің тұрығы мығымданып, оның ішінде экономикалық дербестігіміз мәңгілікке ұласа түсері айқын.