Биязылау жүнді қой тұқымдары
Биязылау жүнді қой тұқымдары дегеніміз біркелкі жүн талшықтарынан тұратын, талшықтары түбіт талшықтан жуандау, 25,1-44,0 мкм немесе сапасы 58-36 аралығында, ұзындығы 6 дан 20 см дейін, кейде одан да ұзын біркелкі жүн беретін қойлар жатады.
Биязылау жүнді қой тұқымдарының Қазақстанда өсірілетін мынандай тұқымдары бар: дегерес қой тұқымы, цигай қой тұқымы, гемпшир қой тұқымы, қазақтың етті-жүнді биязылау жүнді қой тұқымы: а) Қалшеңгіл типі, б) Ақсеңгір типі, в) Шу типі.
Қазақстан кроссбред қой тұқымдары
Қазақтың биязылау кроссбред жүнді қой тұқымы:
а) оңтүстік-шығыс типі;
б) шығыс Қазақстандық типі .
Ақжайық етті-жүнді кроссбред қой тұқымы
Солтүстік Қазақстан етті-жүнді кроссбред қойлары.
Биязылау жүнді қой тұқымдарының өзіне тән өнімдік, дене бітімдік қасиеттері бар. Бұл тұқымдар жоғары ет және жүн өнімділігімен ерекшеленеді. Жүні жіңішкелігіне, иректігіне, ұзындығына, қаттылығына, қайраттылығына және т.б. қасиеттеріне қарай көп түрлерге бөлінеді. Мұның ішінен цигай қойының жүні өз қасиеттерімен ерекшеленеді. Ол жүні тым қатты, қайратты, ұйысу қасиеті төмен болады. Биязылау жүндердің ішінде технологиялық қасиеттері бағалы болып есептелетіндері кроссбред жүнділері. Аты айтып тұрғандай, мұндай жүндер биязы жүнді қоймен ұзын биязылау жүнді қойдың будандарынан алынады немесе сол будандастыру нәтижесінде шығарылған қой тұқымынан қырқылады.
Кроссбред жүндер ерекше ұзын, жылтыр, берік болып келеді, олардан трикотаж заттар мен бағалы маталар жасалады. Бұл жүнге дүние жүзінде сұраныс жылдан жылға көбейіп келеді. Қазіргі кезде дүние жүзінде өндірілетін жүннің жартысына жуығы (44-46%) кроссбред жүніне жатады.
Биязылау жүнді қой тұқымдарының екінші ерекшелігі – жоғары ет өнімділігі. Бұл қасиеттері малдың сырт көрінісімен, тез өсу, жетілгіштігмен, азықты өніммен қайтарымының жоғарылығымен, таза ет шығымының көптігімен көрініс табады. Өсіруге, бордақылауға қойған жас малдар биязы жүнді тұқымдармен салыстырғанда 25-30% қосымша салмақты артық беріп, 1 кг қосқан салмағына 1,5-2,0 кг азық мөлшерін кем жұмсайды. Жеделдетіп өсіріп бордақылағанда тез жетілгіштігінің арқасында 5-6 айлығында жоғары сойыс қоңдылығына жетеді.
Қазақстанда биязылау жүнді қой шаруашылығы дамуына жол ашқан, оған ғылыми-теориялық негіз болған 1946-1948 жылдары Қазақстанда М. Ә. Ермековтың басқаруымен жүргізілген қой тұқымдарын сынау жұмыстарының қорытындысы болды. Сынауға мына қой тұқымдары қатыстырылды: арқар-меринос, қазақтың биязы жүнді қойы, прекос, шығарылып жатқан прекос – құйрықты қойлар будандары, қарғалы, дегерес, еділбай, қарақол және олардың будандары.
Қойлардың мынадай қасиеттері мен көрсеткіштері бойынша сынақ өткізілді: өнімділігі, салмағының өзгеруі, жетілуі, өсімталдығы, жүн өнімділігі, жайылымды пайдалануы, табиғи ортаға бейімділігі, өміршеңдігі т.б. Сынақ өткізушілер мыналарды дәлелдеді: басқа қой тұқымдарына қарағанда биязылау жүнді прекос – құйрықты қойлардың будандары бір қатар жақсы көрсеткіштерге ие болды. Олар салыстырмалы сынақта ірі, өміршең, жүн өнімділігі де ет өнімділігі де жоғары. Бұл көрсеткіштері жағынан олар тек еділбай тұқымынан ғана төмендеу болды. Осы қойға жақын, кейбір көрсеткіштері жағынан жоғарырақ болған тек дегерес тұқымдық тобы болды. Комиссия осыған сүйене отырып Қазақстанда биязылау жүн өндіру үшін жаңа тұқымдар шығарған дұрыс болады деген ұсыныс берді.
Биязылау жүнді қойлардың алғашқы шыққан ортасы Кіші Азия елдері болып табылады. Мұнда біздің дәуірімізден 1000-1100 жыл бұрын қазіргі цигай қойларына ұқсас қойлар өсірілген. Кейіннен бұл қойлар Балкан түбегіндегі елдерге және Румыния, Венгрия мемлекеттеріне тараған. Көптеген елдерде әртүрлі жергілікті биязылау жүнді қойлар өсірілген. Олар қылшық жүнді қойларды биязы жүнді қойлармен будандастыру арқылы алынған. Осы заманғы биязылау жүнді қой тұқымдарының көбінің отаны Англия болып табылады. Мұнда 18-19 ғасырларда 30-ға жуық биязылау жүнді қой тұқымдары шығарылған. Сол қой тұқымдары дүние жүзіне таралып кетті. Себебі бұл тұқымдары өте құнды қасиеттермен ерекшеленетін еді. Бұл биязылау жүнді қойлар біртекті тамаша биязылау жүнімен бірге жоғарғы еттілік қасиеттерімен сипатталатын болды. Бара – бара биязылау жүн беретін тұқым арасынан етті бағыттағы қой тұқымдары дараланып шықты. Олар нарық-сауда экономикасынан бұрынғы жергілікті жақсартылмаған тұқымдары, кейбір жерде меринос қойларды да ығыстырып шығарды. Осындай жоғарғы қасиеттерінің арқасында биязылау жүн беретін мұндай етті қойлар дүние жүзіне тез таралып кетті. Қазіргі кезде дүние жүзіндегі 600 – ден астам қой тұқымдарының 40% биязылау кроссбред жүн беретін тұқымдарға жатады. Жүні кроссбред және кроссбред типтес биязылау жүнді-етті қойлар Жаңа Зеландияда барлық қой шаруашылығының 97%, Аргентина, Бразилия мен Чилиде 80-90% құрайды. Биязы жүнді қой шаруашылығының Австралия сияқты классикалық елінде де биязылау жүнді қойдың үлесі 27% жетеді және жылдан жылға өсуде.
Тез жетілгіш биязылау жүнді қойлар Кеңес Одағында, соның ішінде Қазақстанда да 20 ғасырдың ортасында қолға алына басталды. Бұл қойлардың асыл тұқымды негізін жасау үшін Англияның линкольн, ромни-марш, бордер-лейстер, гемпшир, шропшир қой тұқымдары әкеліне бастады. Қазақстанның қатаң, құрғақ, ыстық ауа райы мен жайылымдарына бұл қойлар шыдамады. Сондықтан, ол қойлардың жергілікті қой тұқымдарымен будандарын алып, көбінесе сол будандар арқылы өсіріледі. Қазақстан биязылау жүнді қой тұқымын шығаруға цигай, линкольн, ромни-марш, шропшир, гемпшир қой тұқымдары көбірек пайдаланылды.
Дегерес қой тұқымы.Дегерес қой тұқымы ерте кезден шығарыла бастаған. Алматы облысының Дегерес ауылында патша үкіметі кезінде бір орыс помещигінің шаруашылығы болған. 1914 жылы осы шаруашылыққа ағылшынның шропшир атты етті-жүнді қойының қошқары әкелінген. Сол қошқармен жергілікті қазақы қойдың саулықтары будандастырылған. Кеңес үкіметі кезінде ұйымдастырылған Дегерес кеңшарына алынған будан түгелдей берілген. Бірақ, кеңшардың негізгі міндеті жылқы өсіру болғандықтан, қой өсіруге көңіл бөлінбеген. Сондықтан бұл шропшир –қазақы қойлар будандарын ұйымдастырылған Жетісу ауыл шаруашылық тәжірибе бекетіне берген. Ол кезде бекетте қызмет істеген мал мамандары К. М. Николаев, В. Н. Калинин қазақ қойының құйрығы мен шропшир қойының жүнін ұштастыру жолында едәуір еңбек сіңірді. Жаңа пайда болып жатқан дегерес қойын аса сүйіп, мәпелеп өсірушінің бірі бекеттің мал өсірушісі Мұхаметжан Кәрібозұлы болды.
Бұл қойларды 1929 жылы бірінші рет В. А. Бальмонт, М. Ә. Ермеков көріп, сынап шығарған. В. А. Бальмонт қолда бар дегерес будандарын 4 класқа бөлді:
І– біркелкі биязылау жүнді дөңгелек құйрықты будандар;
ІІ – біркелкі биязылау жүнді келте құйрықты будандар;
ІІІ– әртекті жүнді, дөңгелек құйрықты будандар;
ІV– әртекті жүнді, келте құйрықты будандар.
Сынау бойынша барлық дегерес қойлары төмендегіше бөлінді: 1 класс – 13,0%; 2 класс – 25%; 3 класс – 31,5%; 4 класс – 30,5%. Қорытып айтқанда, дөңгелек құйрықты қойлар 44,5%, келте құйрықты – 55,5% болды.
1931-1932 жылдары «Қарғалы» тәжірибе шаруашылығына дегерестің 20 қошқар және саулықтары төлдерімен әкелінді. Соңынан ол қойлар Мыңбаев атындағы тәжірибе шаруашылығына беріліп, ғылыми тәжірибе, селекциялық жұмыстары қалыптасты. Сол кезден бастап жұмысқа Т. Бөкенбаев кірісіп, кейін жетекші болды. Жұмыстың бас кезінде (1931-1936 ж.ж.) құйрықты саулықтарды шағылыстыру үшін жақсартушы тұқым ретінде құйрықты биязылау жүнді қошқарлар (құйрықты қазақы қой мен шропшир қошқарының будандарын “Өзара” өсіруден алынған) пайдаланылды. Күйекке жіберілген саулықтар ұсақ (56 кг) жүн түсімі де төмен (2 кг) болды.
1944 жылдың күзінен бастап Алматы облысының “Октябрь” кеңшарында прекос – қазақы құйрықты қойдың будан саулықтарын дегерестің ұнамды типке жататын қошқарларымен шағылыстырады. Онан әрі будандардың таңдаулы бөлігі “Сарыбұлақ” асыл тұқымды қой кеңшарына жіберілді, өйткені мұнда етті-майлы жүн түсімі мол отарлары шоғырланған болатын. Пайдаланылған саулықтар жүні жағынан биязыдан ұяң жүнге дейін алуан түрлі еді, олардың шағын қақпақ құйрығы көбінесе, келте құйрықтар болды. Өнімділігі де жоғары емес, салмағы 57,9 кг, жүн түсімі 2-2,5 кг айналды.
Тек 1947 алғашқы рет Мыңбаев тәжірибе шаруашылығынан алынған өнімі жоғары екі қошқар (салмағы-112-122 кг, жүн түсімі 5-5,6 кг) шағылысқа пайдаланылды.
Бұл жұмыста алға қойылған мақсат –қазақы құйрықты қойдың ет өнімділігі мен жергілікті жағдайға бейімділігін сақтай отырып, жүні біркелкі биязылау, 56-46 сапада жүн інім ұзындығы 12-14 см болатын қой тұқымын өсіру болды. Жаңа шығарылатын тұқымның қойы мықты, тез жетілгіш, дене бітімі жақсы, құйрықты, ет-май құрау белгілері айқын көрінуі тиіс. Осы мақсатқа сай негізгі тұқымдық отарға іріктеліп алынатын қойға қойылатын талаптар белгіленді. Сол талаптарға сай ең төменгі межелер мыналар еді: қошқарлардың салмағы 80-90 кг, жүн түсімі 4-4,5 кг, сапасы 46 –дан төмен емес, жүн талшығының ұзындығы 10 см-ден жоғары, таза түсімі 60-62%, саулықтардікі, тиісінше: 60-65 кг, 2,4-2,6 кг, 46,10 см, 60-62%.
Қазақы қойдың құнды қасиеттерін сақтау үшін (азық талғамайтыны, жайылымда көнбістігі және т.б.) жұмыстың бүкіл кезеңдерінде қой шөл және шөлейт аймақ жайылымында бағылды. Тұқымдық қошқарларға қыста, күйекке әзірлеу және күйек кезінде ғана, ал саулықтарға төлдеген кезде ғана үстеме жем берілді.
Жоғарыда айтылғандай, күрделі будандастыру арқылы екі шаруашылықта да (Мынбаев атындағы және «Сарыбұлақ») бірінші және екінші ұрпақтың будандары сұрыпталып, таңдалып, “өзара” шағылыстырылды. Жұмыстың алғашқы кезеңінде ұнамды типтің малы аз болғандықтан “өзара” өсіру үшін қақпақ құйрықты саулықта, сондай-ақ әркелкі ұяң жүнді қойлар пайдаланылды.
Қорыта айтқанда, дегерес тұқымы күрделі өндіре будандастыру әдісін қолданып, одан алынған төлдерді таңдау, талдау, сұрыптау, жұптау арқылы шығарылған көп жылғы еңбектің қорытындысы 1980 жылы тұқым ретінде бекіп, оның авторлары – В. А. Бальмонт, Т. Бөкенбаев, А. В. Голоднов, М. Алетов, Т. Садыкулов, Ә. Байжуманов, С. М. Перегудов және тағы басқалары болып табылды.
Қазіргі дегерес қойының сүйегі берік, басқа құйрықты қойларға қарағанда құйрығы аз –кем кішірек, дене бітімі мықты, тез жетілгіш, жүн түсімі қанағаттанарлық, сапасы 50-56, ұзындығы 12-13 см, биязылау жүн береді. Соңғы жылдары істелген селекциялық жұмыстардың нәтижесінде жүн сапасы 50-46, талшығының ұзындығы 14-16 см қойлар көбейеді. Республикамыздың оңтүстік аудандарындағы шөл және шөлейт аймақтардың маусымдық жайылымдарын жыл бойы пайдаланып арзан етпен бірге тамаша жүн өндіруде дегерес қойына бәсекелес келетін қой тұқымы жоқтың қасы.
Орталық Қазақстанның суық та қатаң, құрғақ кең жайылымын пайдалануда дегерес қойының ұяң жүн беретін типі бар. Оның еттік майының қасиеті өте жоғары. Жалпы дегерес қой тұқымы өте мол етпен жүн беретін тұқым. Қошқарларының салмағы 100-110 кг, саулықтары 60-65 кг, аталықтарынан 4,0-4,5 кг, аналығынан 2,5-3,6 кг жүн алынды. Жүн шығымдылығы 60-70%. Қойдың түсі көбіне ақ, ақбоз, қоңыр түстілер де кездеседі. Қазір Алматы, Қарағанды облыстарында өсіріледі. Барлық селекциялық жұмыстарды профессор Т. Садыкулов басқарады.
Цигай қой тұқымы ерте заманнан келе жатқан биязылау жүн беретін етті қой тұқымы. Бұл тұқым өте көнбіс, қатал ауа райында, жем-шөп тапшы жағдайда да жақсы өсіп, өзінің жоғарғы ет-жүн көрсеткіштерін көрсете алады. Цигай қойы өте жақсы серпімді, ақ түсті биязылау жүн, құнды мехтық тері беретін, етті жақсы өндіретін мал.
Қошқарлары 85-95 кг, ал таңдаулылары 147 кг, саулықтары 50-55 кг, ал таңдаулылары 129 кг тартады. Қошқарларынан 7,5-10,5 кг, саулықтарынан 3,5-8,0 кг жүн қырқылады. Жүнінің ұзындығы 9-14 см. Цигай қойының жүнінің жіңішкелігі 44-56 сапада (27-40 микрон), таза жүн шығымы 55-60%. Әр 100 саулықтан 140-150 қозы алынады. Қойлары сүтті 120 күн сауылғанда қозысынан артылған сүт –80 кг. Қозылары тез өсіп жетіледі, 4-4,5 айлығында 35-40 кг жетеді.
Цигай қойы Болгария, Румыния, Югославия, Ресей, Украинада және т.б. елдерде таралған.
Цигай қойы Қазақстанда жерсініп, 1978 жылы тұқым ішіндегі цигай қойының қазақ типі болып бекітілді. (Авторлары Коган-Берман, Жиряков және басқалары). Бұл цигай қойының қазақтың типі 1950 жылдан бастап бірнеше рет әкелінген таза цигай қойымен жергілікті биязы – қылшық жүнді қойлардың будандарымен сіңіре будандастыру арқылы шығарылды. Жаңа тип жергілікті құрғақ, қатаң ауа райына, жем-шөбімен жайылымына жақсы бейімделген, бітімі берік, етті-жүндік қасиеттері жоғары малдар. Аталық қошқарлары 95-100 кг, саулықтары 52-54 кг, жүні шпательді де, табағысында да ұзындығы мен жіңішкелігі біркелкі, шаиыры ақшыл-сарғыш, бір қалыпты. Жүн сапасы аналықтарында 56-50, аталығында 50-48, орта ұзындығы 10-12 см. Қошқарлардан 7,5-8,0 кг, саулықтардан 4,0-4,5 кг жүн қырқылады, шығымдылығы 46-50%. Ең жақсы қойлар “Жан-98” ЖШС пен “Жұрын”, “Ақтөбе” Акционерлік қоғамдарында өсіріледі.
Тип авторлары: А.М. Жиряков, М.Я. Коган-Бергман, Р.Г. Фахрутдинов, К. Есенғалиев және т.б.
Гемпшир қой тұқымы – 19 ғасырда Англияда шығарылған. Гемпшир қойы ірі, дене бітімі етті малға тән, мойны қысқа, денесі жұмыр, кеудесі кең, арқасы жалпақ, тұрқы ұзын, жатаған, сүйегі мықты, сан еттері толық болады. Тұмсығы, құлағы, аяғы қара болып келеді. Жүні ақ, биязылау, жүн иректері көрініп тұрады, жіңішкелігі 50-58 сапада. Жүнінің ұзындығы 6-10 см. Қошқарлары 4-6 кг, саулықтары 3-4 кг жүн береді. Таза жүн шығымы 50-60%. Қошқарлары 100-120 кг, саулықтары 65-85 кг. Әр 100 саулықтан 115-130 қозы алынады. Қозылары тез жетілгіш, жақсы күтімде тәулігіне 400 г дейін салмақ қосады, 4 айлығында 20-25 кг таза ет береді.
Қазақстанда гемпшир қойын жергілікті қылшық жүнді құйрықты қойлармен будандастырып жақсы биязылау жүн мен ет беретін тұқым тобы шығарылды. Бұл қойларда өте тез жетілгіш, ірі, қошқарлары 100-150 кг, саулықтары 62-64 кг, 7-8 айлық қозылары 45-50 кг салмақпен етке өткізіледі. Таза еті 20-25 кг. Жүні биязылау, өте құнды. Қазір Алматы облысының Ақсу ауданында өсіріледі (Қызылағаш).
Қазақтың етті-жүнді биязылау жүнді қой тұқымы.1945-1950 жылдарда Академик В.А. Бальмонт пен академик М.Ә. Ермековтердің басшылық етуімен қазақтың етті-жүнді биязылау жүнді қой тұқымының негізі қаланды. Ол былай басталды. Қазақтың биязы жүнді қой тұқымын шығару үшін жергілікті жетісу құйрықты қылшық жүнді қойлары прекос тұқымының қошқарларымен будандастырады. Соның барысында Мыңбаев атындағы тәжірибе шаруашылығында 1-ші және 2-ші ұрпақ малдары негізінен біркелкі-біртекті биязылау жүнді болып шықты. Олардың жүн сапасы 60-58, кейбірі 56 болды. Осындай қойларды таңдап табиғаты қатал, жайылымы сирек шөл-шөлейт жерлерде өсіру үшін іріктеліп-сұрыпталып алынды. Ұнамды типтісі қойлар ірі, мықты, дене бітімі жақсы жергілікті жайылым жағдайына бейімді, дені сау, тез жетілгіш, жүнді-етті өнімділігі жоғары, ұзын камвольдық биязылау жүн беруі тиіс еді. Ол малдардың аталық 90-100 кг, жүн түсімі 4-4,5 кг және 6-6,5 кг, сапасы 58-56 ұзындығы 9-10 см кем болмауы тиіс деген талап қойылды. Мыңбаев атындағы тәжірибе шаруашылығында осы талаптарға сай 600 қой таңдап алынды. Сол шығарылып жатқан жаңа тұқым малдардың бойында жергілікті құйрықты қойдың қатаң табиғат жағдайында өз бойына сіңірген қасиеттерін ұрпақтарында сақтап қалу көзделді. Сол үшін бұл будан малдар да қатаң жайылым жағдайында жыл бойы бағылып өсірілді.
Академик В. А. Бальмонт қойдың дене бітімін, өміршеңдігін, қоршаған ортаға қажетті қасиеттерін сақтап дамыту үшін бірінші және екінші ұрпақтың ішіндегі ұнамды малдарды “өзара” бірақ жақын туыстық емес жағдайда өсіру әдісін қолданып соларды зауыттық будандастыруды жүргізді. 1950 жылдың аяғына ұнамды қой отары 1000 басқа жетті және олардың өнімділігі де қанағаттанарлық дәрежеде болды.
42 – кесте. Қазақтың етті-жүнді қойларының аналықтарының өнім көрсеткіштері(Мыңбаев шаруашылығы)
Жыл-дар | Мал саны | Күздегі тірі салмағы, кг | Қырқылған жүн, кг | Жүн ұзындығы, см | ||||
Ор та-ша | Ауыт-қуы | Орта-ша | Ауыт-қуы | Орта-ша | Ауыт-қуы | |||
Ересек саулықтар | ||||||||
66,2 | 42-85 | 3,83 | 1,7-5,6 | 10,0 | 6-16 | |||
67,1 | 55-88 | 4,21 | 2,2-6,1 | 10,2 | 7-15 | |||
66,1 | 46-82 | 3,87 | 2,5-6,1 | 9,8 | 7-14 | |||
62,5 | 46-84 | 3,93 | 2,2-5,8 | 9,8 | 7-14 | |||
2,0-2,5 жастағы саулықтар | ||||||||
61,1 | 48-80 | 4,12 | 2,4-5,6 | 10,1 | 8-13 | |||
64,5 | 49-85 | 4,26 | 2,8-6,1 | 9,9 | 7,5-14,5 | |||
61,0 | 46-82 | 3,93 | 2,5-5,5 | 9,4 | 6,5-14 | |||
59,2 | 43-76 | 3,85 | 2,5-5,5 | 9,3 | 7,5-11,5 | |||
1,0-1,5 жастағы ұрғашы тоқтылар | ||||||||
59,4 | 45-47 | 4,03 | 2,7-5,5 | 10,1 | 7-18 | |||
56,9 | 43-73 | 2,96 | 1,6-4,9 | 9,5 | 7-13 | |||
55,8 | 42-70 | 3,80 | 2,3-5,1 | 9,8 | 7-17 | |||
50,9 | 37-64 | 3,69 | 2,8-,5 | 8,9 | 7,5-12 | |||
Бұл кестеде көрсеткіштер малдың өнімділігін (еттілік, жүндік) жақсартудың потенциалдық мүмкіндігі жоғарлығын көрсетті.
1945-1950 жылдары отарда пайдаланылған аталық қошқарлардың тірі салмағы 94-102 кг, жүн түсімі 7,35-6,77 кг, ұзындығы 11,5 см болды. Жалпы отарлардағы қойдың 78,3% қойылған талаптарға сай өнімділік көрсетті. Жүндері ұзын, камвольды, 58-56 сапада болды. Зертхана қорытындысы бойынша жүн ақ, біртекті, жабағысы жабық, құрылымы штапельді биязы жүннен ірілеу, шайыры аздау, иректігі ірілеу деп бағаланды.
Осындай өнімділігінің жоғарылауымен бірге малдың шаруашылық қасиеттері, оңтүстік–шығыстың шөл-шөлейт жайылымына төзімді, ұзақ айдап жайылуға көнбіс, әр түрлі құрғақ жайылымға бейімделген қой екендіктерін де көрсетті.
Элита саулықтары мен тоқтылары бұдан да жоғары өнімділік көрсетті: ересек саулықтар орта салмағы 62,2 кг, ең жақсылары 82 кг жетіп, 4,14-5,8 кг жүн берді. Оның ұзындығы ортасы 10,2 см, таңдаулысы 14,5 см болды, ал 2,25 жастағылар тиісінше 60,1; 70,0; 4,11-5,4; 9,6-11 болса, тоқтылары 52,2; 64,0; 4,04-5,5; 10,3-11,5 жетті.
Осы кезде өнеркәсіптің кроссбред және кроссбред типтес ұзын биязылау жүнге сұранысының күрт өсуіне байланысты 60-шы жылдардан бастап бұл қойларды линкольн қошқарымен кіріспе будандастырды. Бірақ өсіруге таңдалған малдың жергілікті жерге, жайылымға бейімділігі мен өміршеңдігі сақталып отырылды. Бұл жерде өте жоғары өнімді, жергілікті жерге бейімді үш қошқар линкольн буданынан өсірілгенін айту керек. Олардың орта салмағы 105,7 кг, жүні 8,47 кг (жуғанда 5,3 кг), сапалары 56-50 және 46, ұзындығы 17 см, біртекті болды. Осы қошқарлардың жүнінің сапасын, ұзындығын жақсартуда орны жоғары болды. 1966 жылы биязылау жүнді бұл қойлардың саны 2758 басқа жетті. Осындай биязылау жүнді-етті қойларды көбейту үшін төлді жерде орналасқан Т. Бокин кеңшарына біраз қойлар берілді. Бұл кеңшарда биязылау жүнді қойларды тездетіп көбейту үшін жергілікті қазақтың биязы жүнді саулықтары етті-жүнді биязылау қойдың қошқарларымен шағылыстырылды. Бұл жұмысты профессор Касымов К.М. басқарды. Салыстырмалы ғылыми-шаруашылық тәжірибелер биязылау қойлардың өміршеңдігін, төлшілдігін көрсетті. Биязылау жүнді қойлардан 115-117 қозы, ал биязы жүнді қойлардан 105-106 қозы алынды. Өміршеңдігі биязылау жүнді қойлардың 6,0-13,3% жоғары болды, тірі салмағы 4-5 кг, ал ұшасы 11,4-13,3 кг басым болды. Ұдайы іріктеу, сұрыптау, нысаналы жұптаудың нәтижесінде бұл қой көбейіп, Алматы облысының шөл-шөлейт аймағына тарады.
Қазіргі күндегі “қалшеңгіл” типті қойларының тірі салмағы саулықтары 55-57 кг, қошқарлары 85-100 кг, бір жастағы қошқарлары 52-57 кг, ұрғашы тоқтылары 40-45 кг. Жуылған салмағымен қошқарлары 4,5-5,0 кг, саулықтары 2,7-3,0 кг, тоқтылары 2,2-2,4 кг жүн береді. Әр 100 саулықтан 110-115 қозы алынды. Еттілік қасиеті өте жоғары. Қозылары 4,0-4,5 айында 14,3 кг таза ет береді.
Авторлары: В.А. Бальмонт, Қ.М. Қасымов, С.А. Үмбетов, А.С. Қоржынбаев, Н.Т. Батыршанов.
Қазір бұл қалшеңгіл типі онан әрі жақсартылуда.
Ақсеңгір типі.Академик В.А. Бальмонттың басқаруымен биязылау кроссбред және кроссбред типтес жүн беретін қой тұқымын шығару үшін 1960 жылдары ақсеңгір және Мыңбаев тәжірибе шаруашылықтарында қазақтың биязы жүнді қойының саулықтарының 2-ші және 3-ші класқа жататындарын ағылшын ұзын жүнді линкольн, ромни-марш, бордер-лейстер тұқымдарының қошқарларымен өте күрделі өсіре будандастыру әдісімен шығарылған. Ұнамды будандарды “өзара” шағылыстырып өсірді.
Ұнамды мал деген ұғымға әдейі талаптар қойылды. Ұнамды мал ірі, жақсы дамыған, дене бітімі мықты, аяғы биік емес бірақ тура қойылған, қимылы сергек, тұмсығы дөңестеу, тұмсығы, мұрны ашық, бәрі де мүйізсіз. Бас жүні қалың емес, көзіне түспейтін. Мойны жалпақ, дөңгеленіп келген, арқасы жалпақ онша ұзын емес, түзу. Еттілік сыртқы көріністер жақсы, мықыны, сандары толық. Жүні кроссбред немесе кроссбред типтес, штапельді – тұлымды, штапельді, біртекті, қалыпты, ұзындығы 12 см кем емес, 56-50 ал қошқарларда 50-46 сапада, шайыры ақ-сары, саны қалыпты. Төлшілдігі 100 саулыққа 125-130%. Фенотипі бойынша мал аталарына (ағылшын қойларына) ұқсас болуы тиіс, дене бітімі мен жергілікті жерге жерсінуі қазақтың биязы жүнді тұқымына ұқсас болуы тиіс.
1979 жылы «Ақсеңгір» тәжірибе шаруашылығында талаптарға сай ұнамды типте кроссбред жүн беретін 9,0 мың қой, соның 6,0 мыңы аналық болды. Олардың қошқарлары 110,7 кг, жүн қырқымы 8,0 кг, ұзындығы 13,4 см болса, тоқтылары тиісінше 61,8 кг, 4,8 кг, 16,4 см, аналықтары 55,5 кг, 4,3 кг, 13,7 см, ұрғашы тоқтылары 40,8 кг; 3,3 кг; 13,3 см болды. Осылай селекциялық ізденіспен Ақсеңгір сүлесі қалыптасты.
1991 жылы ақсеңгірлік мұндай қойдың жалпы саны 16 мыңға, аналығы 10 мың басқа жетті. Бұдан былайғы жұмыстар ғылым докторы Т. Қасымовтың басшылығымен жүргізілуде.
Тұқым және тип авторлары: В.А. Бальмонт, Қ.У. Медеубеков, Т.С. Қасымов және т.б.
Шу типі. Бұл типті шығару жұмысы 1953 жылдан М.Ә. Ермековтің басшылығымен жүргізілді. Жамбыл облысының табиғаты қатаң шөл-шөлейт жері көп Шу ауданына Мыңбаев атындағы тәжірибе шаруашылығынан прекос – қазақы құйрықты қойлардың буданынан шығарылған биязылау жүн беретін етті қойлар алып келінді. Бұған дейін бұл жерде (Шу ауданы Новотроицк және Абай кеңшарлары) биязы - қылшық жүнді қойлардың будандары өсіріліп келген еді. М.Ә. Ермеков сол көп қойдың ішінен прекос - құйрықты қойлардың ұнамды дегендерінен 431 бас қолдан тәжірибелік отар құрды. Бұл қойлардың жүн өнімділігін жоғарылату үшін Ставрополь және Оңтүстік қазақ мериносының аталықтарымен шағылыстырылды. Бұл жұмыс қойдың жүн өнімділігін біршама жақсартты, қоюлығы мен сапасын арттырды.
1956 жылы бұл будандар Мыңбаев атындағы тәжірибе шаруашылығынан әкелінген прекос - құйрықты қойлар будандарынан таңдалған қошқарлармен шағылыстырылды. Алынған ұрпақтар ірі де дене бітімі мықты, салмағы жоғары болып еттілік те жүнділік те қасиеттері жақсарды. Осылардан таңдалып іріктелген қойлар “өзара” шағылыстырылып өсірілді.
Бұл малдың ең таңдаулыларының аналығының салмағы 64,1 кг, жүні –4,89 кг болды.
1959 жылы Шу мал асыл тұқым бекетіне 15 солтүстік Кавказдық биязылау жүн беретін қой тұқымының қошқары әкелінді. Олар тәжірибедегі отарлармен будандастырылды. Тек кіріспе будандастыру жақсы нәтиже берді. Соның арқасында кроссбред тектес жүн алынды.
1962-1964 жылдарда осы қойларды ромни-марш, линкольн тұқымдарының қошқарларымен кіріспе будандастыру жүргізілді.
Бұл әдіс қойдың табиғи қасиеттеріне, жайылымға бейімділігіне, қатаң құрғақшылыққа төзімділігіне қатты әсер етпей, оларды қалпында қалдырып, тек жүн өнімділігіне қатты әсер етті. Олардың жүн өнімі жақсарып, шығымы жоғарылады. Биязылау жүн түгелдей кроссбред және кроссбред типтес жүн қатарына көтерілді.
Сонан кейінгі пайдаланылған австралиялық корридель қошқары қой жүнінің ұзындығын ұзартып, түсімін жоғарылатты. Сонымен бірге шайыры қалыпқа келіп ағарды, жүнінің иректігі анық көрінетін болды, жүнінің жылтырлығы мен тауарлық көріністері жақсарды.
Осылай прекос құйрықты қойларының ұрпақтарын ставрополь, солтүстік кавказ, линкольн, ромни-марш, австралия корридельдерімен күрделі өсіре будандастырудың арқасында қазақтың етті жүнді биязылау жүнді қой тұқымының шу сүлесін қалыптастырды.
1991 жылы ұзақ жылдардағы ізденісті селекциялық жұмыстардың нәтижесінде шөлді жайылымдарында өсетін, жоғары өнімді еті және кроссбред пен кроссбред типтес жүн беретін қазақтың етті жүнді биязылау жүн беретін қой тұқымы бекітілді. Ол қой тұқымының авторлары болып В.А. Бальмонт, М.Ә. Ермеков, К.У. Медеубеков, Ю.А. Скоробогатов, М.М. Бетембаева, К.С. Сәбденов, К.М. Касымов, Ж.А. Рахымжанов, Т.С. Қасымов, С.Ш. Мырзабеков т.б. ғалымдар танылды. Қой тұқымының ішінде қалшеңгіл, ақсеңгір, шу сүлелері бекітілді.
Қазіргі қазақтың етті-жүнді биязылау жүнді қойының аталығы 100-110 кг, саулығы 60-65 кг, жүн сапасы 58-56, ұзындығы 10-12 см. Қошқарлары 7,5-8,5 кг, саулықтары 3,5-4,5 кг жүн береді, таза шығымы 55-60%. Төлшілдігі 120-130 қозы. Қазір Жамбыл облысының Шу ауданында, Алматы облысының Жамбыл ауданында өсіріледі.