Антидемократиялық режимдер
Тоталитарлық (латынның total - бүтін, тұтас деген ұғымын білдіреді) режим деп қоғам, адам өмірінің барлық салалары тұтасымен мемлекеттік бақылауға алынған мемлекеттік-саяси құрылымды айтамыз. Онды өндіріс, экономика, бұқаралық ақпарат құралдары, білім, мәдениет, адамдардың жеке өмірі – бәрі тек мемлекеттің бақылауында болады. Сөз бостандығы болмайды. Жеке меншік, бәсекелестік, нарықтық қатынастарға жол берілмейді. Азаматтық қоғамның элементтері жұмыс істегенімен, ол тұтасымен мемлекеттің қарамағында. Жеке басқа табынушылық, бір партияның идеялық күштілігі байқалады. Халық дін ретінде бір идеологияға сенеді, бағынады. Барлық іс-әрекеттер алдын ала жоспарланған, жоғарыдан түсетін бұйрық арқылы жүзеге асырылады, жекелікке, даралыққа жол берілмейді. Мемлекеттің идеясына қарсы шыққандарды «халық жауы» деп құртады. Оппозицияны болдырмайды.
Тоталитаризмнің үш түрі ХХ ғасырда болған. Ол Италиядағы Муссолини кезіндегі фашизм, Германиядағы Гитлер кезіндегі национал-социализм және Кеңес Одағындағы Сталин негізін салған коммунизм. Бұл мемлекеттегі идеологияның күштілігінен осы елдер өз уақытында ірі мемлекеттерге айналды. Авторитаризммен органикалық байланыстағы және одан тек тоталдығымен (лат. totalis-жалпы, жаппай, барлығын қамтитын), яғни акциялардың, әрекеттердің бәрін қамтып, жекелікті жоққа шығарушылығымен ерекшеленетін ерекше саяси режим. Саяси өмірде тоталдық идеясы ежелден белгілі. Адамдардың тіршілік әрекеттерін жаппай қадағалау мен оны толықтай реттеудің қажеттілігін ежелгігрек философы Платон (б.д.д.428-348 жж) ұсынып, талдаған болатын. Ол идеалды мемлекетте адамдардың барлық өмірі қатаң ережелерге бағынуы керек деп есептеді. Тек мемлекет қана жеке мүдделерді ортақ мүдделерге бағындырып, заңдарды қолдану арқылы қоғамда тәртіп орнатуға міндетті.
Қытай императоры Цинь Ши-Хуанди (б.д.д. 259-210 жж) Фацзы (легистер) мектебінің идеяларына сүйене отырып, билікті орталықтандыру мен бірпікірлілікті қалыптастыру арқылы тоталитарлық идеяларды жүзеге асыруға талпынды. Ол ұлы қытай ойшылы Конфуцийдің еңбектерін еркін ойлаудың уағыздаушысы ретінде отқа жақты.
Дегенмен тоталитаризм ХХ ғ. жемісі болып саналады. Ғасырдың саяси процесіне өзіндік қолтаңбаларын қалдырған ірі тоталитарлық мемлекеттер осы ХХ ғ. пайда болды.
Итальяндық фашистердің лидері Бенито Муссолини өзінің 1932 ж. жарық көрген «Фашизм доктринасы» атты еңбегінде тоталитаризмнің бір түрі фашизмнің идеологиялық концепциясын нақты және айқын түрде баяндап берді. Онда ол, ең алдымен,мемлекетшіл ретінде көрінеді. Ол: «Мемлекет халықтың ұжданы мен еркінің білдірушісі болды. Либерализм Мемлекетті индивид үшін жоққа шығарды; фашизм индивидтің нағыз мәнінің жоқтаушысы ретінде Мемлекет құқығына көңіл аударады» деп есептеді.
Мемлекеттің басымдылығына баса назар аудара отырып, ол әрдайым бұл терминді бас әріппен жазады: «Мемлекеттің фашистік концепциясы барлығын қамтиды: одан тыс ешқандай адами, рухани құндылықтар болмайды немесе ондай құндылықтардың мәні өте төмен болады. Осындай түсініктегі фашизм тоталитарлық және фашистік Мемлекет – ол өзіне барлық құндылықтарды жинап алатын синтез және бірігу, - халықтың барлық өмірін түсіндіреді, дамытады және күш береді».
Муссолинидың доктринасында күш көрсету факторы неміс национал-социализмі мен кеңес коммунизмі доктриналарындағыдай айқын көрінбейтіндігін байқауға болады.
Адольф Гитлердің атышулы «Менің күресім» атты кітабында герман национал-социализмінің болашақ саяси практикасы ашық түрде баяндалған. Онда бірінші орында – национал-социалистік мемлекеттің мүдделері, нәсілшілдік, сонымен қатар антисемиттік, антикоммунистік идеологиямен қаруланған неміс ұлтының этникалық үстемдігі баяндалған.
Тоталитарлық жүйе ретіндегі коммунизм идеологиясы жаңа тапсыз қоғам құрудың кеңестік тәжірибесінің негізінде қалыптасты. Әрине, оның бастапқы принциптерін К.Маркс берген болатын, ол пролетариаттың таптық диктатурасының ерекше креативтік рөлі туралы ережелерінде еуропалық елдердегі революциялық тәжірибені зерттеу негізінде осы диктатураның тарихи болмай қалмайтындығы мен қажеттілігін баса атап өтті. К.Маркстың іліміндегі пролетариат диктатурасын орнату қажеттілігі идеясын мойындай отырып, В.И.Ленин бұл диктатураның орнауы таптық күрестің тарихи кезеңіне, азамат соғысына, мемлекетаралық қайшылықтарға алып келеді деп көрсетті. Аталған саяси процесте күш көрсету факторы шығармашылық рөл атқарады. Тек күш қолданудың негізінде ғана жаңа қоғамның пайда болуы және дамуы мүмкін.
Яғни, «сталинизм» ерекше ілім болып саналмайды, өйткені ол өзінің мазмұны бойынша Лениннің тоталитарлық идеяларын іс жүзінде толықтай жүзеге асырған тоталитарлық практика еді.
Тоталитарлық режимдер демократиялық дәстүрлері әлсіз әлемнің көптеген елдерінде қалыптасты, олар: азаматтық соғыстың нәтижесінде демократиясы күйреген Испания, Қытай, Солтүстік Корея, Куба, Румыния, Албания, Югославия. Чехословакия, Венгрия, Польша, ГДР секілді социалистік бағыттағы Еуропаның бірқатар елдерінде КСРО-ның қысымымен тоталитарлық тенденциялар қалыптасты.
Авторитарлық режим тоталитарлық қоғамнан демократиялық қоғамға өтетін кезең, бұл күшті тәртіпке негізделген, жеке адамның билігі қалыптасқан режим.
Авторитарлық режим Иордания, Индонезия, Морокко, Сауд Аравиясында, бұрынғы Кеңес мемлекеттерінде және т.б. елдерде қалыптасқан.
Авторитарлық режим кезінде тоталитаризмнің де демократияның да белгілері кездесе береді бұл қоғам өзінің қатаң тәртібі мен тұрақтылығымен ерекшеленеді, себебі мұнда қоғамды өзгеріске ұшырататын идеялар мен топтарға жол бермейді, заң жүзінде оларға қатаң бақылау жасалынға. Қоғамда сайлау, көппартиялық жүйе қалыптасқанымен ол мемлекетке тәуелді. Азаматтар биліктен алшақтатылған, билікті бақылай аламйды. Басқарудың күш көрсету құралдарын пайдалана отырып жүргізілетінін көруге болады. Мемлекет басында тұрған адам өзінің үстемдігін шексіз жүргізе алады. Оны шектейтін демократиялық элементтер, мемлекеттің тармақтарының болуы формалді түрде. Тағы да бір ерекшелік: мемлекет тұтас бақылаудан бас тартқан. Адам саяси жүйеден басқа әлеуметтік, экономикалық, мәдени және тағы да басқа салаларды өз таңдауын жүзеге асыра алады.
Авторитарлық режим.Ол айтарлықтай кең негіздерге ие. Өйткені, бедел – билік пен билік құрудың қажетті құрылымдық элементі. Оны биліктің атрибутивтік белгісі деп есептеуге болады. Сондықтан билік, билік құрушы субъект өз беделінің сақталуы мен өсуіне әрдайым қамқорлық жасап отырады. Бедел биліктің және оның шешімдері мен әрекеттерінің заңдылығын қамтамасыз етеді. Билік құру тек қана зорлық-зомбылық пен мәжбүрлеу емес, оны бағынушының келісімі негізінде басқару болып табылады. Бедел билік құрушы субъектіні бағынушылардың үстінен қарайтын және олардың тіршілік әрекеттеріне бағдар беретін күшке айналдырады.
Авторитаризм, авторитарлық саяси режим – билік құрушы элитаның бөлініп шығуы, жеке бостандықтар мен саяси бәсекелестіктің шектелуі, адамдарды саяси қауымдастыққа біріктіретін тіршілікке қажетті әлеуметтік-саяси факторлар тән ерекше саяси режим. Сол себепті авторитарлық режим өз бетінше қызмет етеді, - онда билік үшін ашық бәсекелестік күрес жоқ. Билік үшін күрес, көп жағдайда, саяси тартыстар түрінде билік құрушы элитаның ішінде жүреді. Қоғам құрылымданған, саяси рөлдер анықталынған, саяси жинақылық төмен.
Қоғам үшін ашықтықтың белгілі бір дәрежесі мен саяси бәсекелестіктің болуы тән. Саясат элитарлық әрекет деп танылып, саяси элита топтарының арасында ашық, заңдастырылған саяси күрес жүреді. Тарихи тұрғыдан қарасақ, бұл, мәселен өнеркәсіптік және аграрлық экономикалық элиталардың арасындағы күрес болуы мүмкін. Мысалы, XVII ғ. Ағылшын революциясы 1688 ж. даңқты революция деген атауға ие болған оқиғамен аяқталды, соның нәтижесінде күресуші элитарлық топтар арасында келісімге қол жеткізілінді. Осы компромисс және одан кейінгі саяси процесс Англияда саяси консесуалдық мәдениетті қалыптастырып, Англияның саяси өмірінің ірге тасын қалады.
Ағылшын демократиясының көптеген ерекшеліктері өздерінің тамырын осы саяси дәстүрден алған.
Бәсекелесуші олигархияның автократиялық режимінде қатаң әлеуметтік қарсы тұру жоқ болғандықтан, бұл режим біртіндеп либералдық демократия режиміне өзгеруі мүмкін.