МемлекеттіҢ мӘні мен
НЕГІЗГІ СИПАТТАМАЛАРЫ
Мемлекеттің мәні, адамдар өміріндегі оның орны мен рөлі жөнінде өткен ғасырда либералдар мен этатистер арасында туындаған пікірталас жалғасын табуда. Мемлекетті бұрынғыдай күштеу машинасы, қысым көрсету құралы ретінде біржақты түсіндіру әлі де болса сақталуда. Қазіргі кезде мемлекет көбінесе қолында билігі бар саяси күштердің немесе тұлғалардың меншігі ретінде қарастырылады. Кейбір мемлекеттанушы ғалымдар мемлекетті әрбір адамға қайырым жасауға міндетті, жалпыға бірдей игілікті қамтамасыз ететін құрылым ретінде сипаттайды.
Мемлекет көптеген ғылыми пәндермен: мемлекет және құқық теориясымен, әкімшілік құқық, саясаттану, әлеуметтік басқару ғылымымен зерделенетін көпқырлы құбылыс. Әрбір ғылым мемлекеттік басқару органдарының қызметінің белгілі бір аспектісін, олардың құрылымын, мазмұнын, бағытталуын зерттейді.
Мемлекет қызметінің маңызды бағыты – адамдардың қоғамдық өмірін басқару. Ал адамдардың қоғамдық өмірі мемлекеттік басқару теориясының объектісі мен зерттеу заты болып табылады. Сондықтан да мемлекетті әрбір адам қоғам нысаны ретінде қарастырады. Ол адамдардың қоғамдық қатынастар жүйесімен байланысты, олардың сана-сезіміне, тәртібіне және қызметіне қатысады, белгілі бір аумақта өмірді, оның ішінде экономикалық өмірді ұйымдастыруға әсер етеді. Мемлекет мемлекеттік шекарамен белгіленген аумақта өмір сүретін адамдарды біріктіреді және олардың өзара іс-әрекетін қамтамасыз етеді. Мемлекет, қысқаша айтқанда, адамдардың аумақтық ұйымдастырылуының белгілі бір тәртіптік жүйесі. Осыған сәйкес, біріншіден, ру-тайпалық қарым-қатынастар қоғамдық қатынастармен ауыстырылады. Екіншіден, әр түрлі адамдардың ұлттық, діни және әлеуметтік белгілеріне қатысты бейтарап құрылым қалыптасады. Тарихи түрде мемлекет адамдардың жаңа қауымдастығын құрады.
Мемлекет өзінің аумағында тұратын адамдарды, оның ішінде азаматтығы жоқ тұлғаларды, сонымен қатар басқа мемлекеттің азаматтарын біріктіретіндіктен, ол барлық адамдар қауымдастығының қажеттіліктерін, мүдделері мен мақсаттарын объективті түрде білдіреді. Дамудың әр кезеңінде бір жағынан адамның құқығы мен бостандығын қамтамасыз ету, оның шығармашылық қызметіне еркіндік беріп, белсенділігін арттыратын, екінші жағынан - қоғамға белгілі бір ұйымдасқан бастау енгізіп, жеке адамдардың қызметін тәртіпке келтіретін мәселелердің шешілу жолын табу мемлекеттің міндеті болып табылады. Әдетте, мемлекет ешнәрсе өндірмейтіндіктен өздігімен мәселелерді шеше алмайды деп есептелсе де, ол барлық қоғамның, материалдық, әлеуметтік, рухани игіліктерді өндіру және тұтынумен айналысатын адамдардың проблемаларының шешілуіне ұйымдастырушылық және құқықтық негіз қалап, қамтамасыз етеді.
Мемлекет үшін, ең алдымен, өз халқының ұлттық мүддесін білу,оның әлемдік қауымдастық халықтарының мүдделерімен қаншалықты өзара байланысты екенін және оларға қаншалықты тәуелді екенін анықтау, осы мүдделерді жүзеге асыру үшін барлық жағдай жасау өте маңызды болып саналады. Сондықтан мемлекеттік ұстанымдарға міндетті сипат беретін нормалардың тек оның құрылымдары мен механизмдері арқылы ғана қалыптасып, бекітілетіндігін атап көрсету ләзім. Мемлекет өзінің органдары арқылы заңдар мен басқа да нормативтік актілер қабылдап, олардың жүзеге асуын әкімшілік және заңнамалық әдістер арқылы қамтамасыз етеді. Бұл орайда мемлекет заңды монополияға ие және оны орындату барысында, керек болса, мәжбүрлеу тәсілін де қолданатынын баса айту керек.
Мемлекеттің мәні, сонымен қатар, өз мақсаттары мен қызметтерін жүзеге асыруды қамтамасыз ету үшін өзінің аппаратын - ортақ қажеттіліктерді, мүдделерді, мақсаттарды айқындаумен және қоғамның мемлекеттік-құқықтық нормаларын әзірлеумен кәсіби айналысатын адамдар тобын белгілі бір жағдайда ұйымдастырып, оларды қолдайтындығында. Бұл аппараттың күрделі құрылымы мен жан-жақты бағытталған қызметі болуға тиісті. Оның бір бөлігі заң шығару қызметімен, заңдардың орындалуымен және сот ісін жүргізумен айналысса, екінші бөлігі мемлекеттің ішкі және халықаралық деңгейдегі тұрақтылығын, оның әлемдік қауымдастықпен өзара қарым-қатынасын қамтамасыз етеді. Аппараттың жағдайы, оның қоғаммен байланысы немесе одан алшақтауы, оның көлемі және иерархиялық құрылымы, қызметкерлерінің сапасы және көптеген басқа да параметрлері мемлекет, қоғам және мемлекеттік басқару үшін өте маңызды.
Ғылыми әдебиеттерде кездесетін мемлекеттің көптеген анықтамаларының ішінде келесі екеуіне тоқтап өтуге болады. Біріншісі, мемлекетті ең кең мағынада: адамдар қауымдастығы ұйымының жоғарғы нысаны ретінде, ортақ жоғары билікке бағынатын адамдардың саяси одағы ретінде, біріңғай ерікті білдіру, жалпы мүдделерді қамтамасыз ету, сондай-ақ адамның құқығы мен бостандығын қорғау негізгі мақсаты болып табылатын ұйым нысаны ретінде сипаттайды. Екінші түсінікке сәйкес, мемлекет адамдардың іс-әрекеті мен тәртібін реттейтін саяси және құқықтық байланыстар мен қатынастардың жүйесі. Басқаша айтқанда, ол саяси-құқықтық институт, саяси билік ұйымын құратын әлеуметтік институттардың жүйесі. Мемлекетті институционалдық тұрғыдан қарастыратын бағыт оны қоғамдағы адамдардың тәртібін анықтайтын нормалар жүйесімен байланыстырады. Осыған орай испан саясаттанушысы Л.Санистебан былай деп жазады: шындығына келгенде мемлекет «небәрі нақты уақыт шеңберінде орын алатын әлеуметтік тәртіпті заңдық тұрғыдан реттеудің бір түрі».