Салық құқығының негіздері
Салықтық құқық дегеніміз - мемлекеттің салық саясатының негізін айқындай отырып оның салықтық құрылымы мен салық жүйесін бекітетін және салықтық қатынастарды реттейтін құқық нормаларының жиынтығы.
Салықтық құқықтың пәні деп, мемлекеттің салықтық қызметінің барысында қалыптасатын қоғамдық қатынастарды айтамыз. Осы қоғамдық қатынастар салық салу жүйесін белгілеу, салық әкімшілігін жүргізетін уәкілетті мемлекеттік органдар жүйесін айқындау, салықтық міндеттемелерді орындау, салықтық міндеттемелерді орындауға байланысты қажетті жағдайлар жасау, мемлекеттік мәжбүрлеу шараларын қолдану, халықаралық салықтық шарттарда көзделген мақсаттарды жүзеге асыру, салық органдары мен басқа уәкілетті мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылдар және т.б. барысында салық салу саласында туындайтын салықтық қатынастар болып табылады.
Салық салу саласындағы қатынастар материалдық және ұйымдастыру салықтық қатынастары болып екіге бөлінеді. Материалдық салықтық қатынастар өздерінің мынадай:
- мемлекет болмысының мызғымас берік іргетасын материалдық негізін қалаушы қатынастар;
- жалпы ұлттық табысты бөлу нәтижесінде салықтық кірістің біржақты ағымдарын (қаражаттарын) мемлекет пайдасына бағдарлайтын қатынастар;
- мемлекет болмысына байланысты туындайтын айрықша экономикалық әрі базистік қатынастар;
- мүліктік-заттай сипатта болатын және оларға қатысты меншік құқығының алмасуын, мемлекет меншігіне айналуын көрсететін қатынастар;
- мемлекеттік бюджет жүйесінің негізін құрайтын экономикалық қатынастар сипатындағы айрықша қаржылық қатынастар;
- ақшалай нысандағы (кейде заттай күйіндегі) құнның біржақты қозғалысын білдіретін қатынастар;
- салықтық міндеттемелердің нақты белгіленуіне орай жекелей-айқындалған қатынастар;
- көбінесе тұрғылықты-тұрақты көрініс табатын қатынастар;
- тек құқықтық нысанда болатын қатынастар түріндегі сипаттамасымен ерекшелінеді;
Ал ұйымдастыру салықтық қатынастары:
- салық салу саласында жүргізілетін фискалдық мониторингке қатысты;
- мемлекеттің салықтық құрылымы мен салық жүйесін қалыптастыруға және олардың тиісінше қызмет атқаруларын қамтамасыз етуге байланысты;
- материалдық салықтық қатынастардың ойдағыдай қалыптасып, дамуын қамтамасыз етуге байланысты;
- салықтық қызмет процедураларын белгілеуге және қолдануға байланысты;
- мемлекет пен салық органдарының, салық органдары мен басқа да уәкілетті мемлекеттік органдардың және жергілікті мемлекеттік басқару органдарының арасындағы вертикалдық және горизонталдық байланыстарға қатысты;
- мемлекеттік стратегиялық салықтық жоспарлау мен болжамдау процестеріне қатысты және т.б. материалдық салықтық қатынастардың тиімділігін көздейтін қатынастарға байланысты туындайды.
Сонымен, салық деп, мемлекет тарапынан біржақты шығарылған заңдардың негізінде, сол заңдарда нақты айқындалған мөлшерде және қатаң белгіленген мерзімдерде Республикалық немесе жергілікті бюджетті қалыптастыру мақсатында салықтық міндеттемелерін орындауға тиісті заңды және жеке тұлғалардан жүйеленген әрі тұрақты түрде мемлекеттік уәкілетті органдар алатын баламасыз, қайтарымсыз, ақшалай міндетті төлемді айтамыз.
Салықтар экономикалық және әлеуметтік - саяси қатынастарды өзінің бойында жинақтаушы күрделі әрі қоғам өмірінің көп аспектілі қаржылық- құқықтық құбылысы болып табылады.
Салықтардың мән-жайларына байланысты: тікелей және жанама салықтар; тұрақты бекітілген және реттеуші салықтар; мемлекеттік деңгейдегі және жергілікті аумақтардағы салықтар; жалпы және мақсатты салықтар; ұдайы алынатын және біржолғы салықтар сияқты түрлері болады.
Салық түрлері
Қазақстан аумағында алынатын салықтардың келесідей түрлері бар, олар:
1) корпорациялық табыс салығы;
2) жекелей табыс салығы;
3) қосылған құн салынатын салық;
4) акциздер;
5) жер қойнауын пайдаланушылардың салықтары мен арнаулы төлемдері;
6) әлеуметтік салық;
7) жер салығы;
8) көлік құралдары салығы;
9) мүлік салығы.