Негізгі сұрақтар

1. Отбасына және кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыстардың жалпы сипаттамасы.

2. Отбасына қарсы қылмыстардың жеке құрамдары.

3. Кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыстардың жеке құрамдары.

1Қазақстан Республикасы Конституциясының 27-бабында: Неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауында болады (1); Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу — ата-ананың табиғи құқығы әрі парызы (2); Кәмелетке толған еңбекке кабілетті балалар еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға міндетті (3) — делінген. Бұл көрсетілген қағидалар халықаралық кұқықтың осы мәселелер жөніндегі негізгі ережелеріне сәйкестендірілген. Адам құкығы жөніндегі 1948 жылғы Жалпыға бірдей Декларацияда, Азаматтық және саяси құқықтар туралы 1966 жылғы Халықаралық пактіде отбасы қоғамның табиғи негізгі ұясы және ол мемлекет пен қоғам тарапынан корғау кұкығына ие деп белгіленген. 1989 жылы 20 карашада қабылданған "Бала құқықтары жөніндегі" Конвенцияда да балалардың азаматтық және саяси-әлеуметтік кұқықтарының корғалуына ерекше мән берілген. Казақстан Республикасы да отбасы және кәмелетке толмағандар жөніндегі халықаралық кұқық нормаларын қастерлей отырып, осы мәселелерге байланысты пайда болатын қоғамдық қатынастарды қылмыстық-құқықтық жолмен қорғауға ерекше мән береді.

1997 жылы кабылданған жаңа Қылмыстық кодекстің Ерекше бөлімінің 2-тарауы отбасына және кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыстар үшін жауаптылық белгілеген. Бұл тарауда осы тұрғыдағы қылмыстарға арналған нақты қылмыстардың мынадай түрлері көрсетілген: кәмелетке толмаған адамды қылмыстық іске тарту (131 -бап); кәмелетке толмаған адамды қоғамға қарсы іс-әрекеттер жасауға тарту (132-бап); кәмелетке толмағандарды саудаға салу (133-бап); баланы ауыстыру (134-бап); бала асырап алу құпиясын жария ету (135-бап); балаларын немесе еңбекке жарамсыз ата-анасын асырауға арналған каражатты төлеуден әдейі жалтару (136-бап); кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау (137-бап); балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау (138-бап); қамқоршы немесе қорғаншы кұқықтарын теріс пайдалану (139-бап); еңбекке жарамсыз жұбайын (зайыбын) асыраудан әдейі жалтару (140-бап). Осы топқа жататын қылмыстардың объектісі ата-аналар мен балалардың арасындағы отбасылық катынастар, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың дене бітімі, интеллектуалдық, рухани, адамгершілік тұрғысынан дұрыс дамып, қалыптасу жағдайлары болып табылады. Енді осы топқа енген қылмыс құрамдарының әрқайсысына жеке-жеке талдау жасап өтейік.

2Кәмелетке толмаған адамды қылмыстык іске тарту (131-бап).Кәмелетке толмаған адамды 18 жасқа толған адамның қыл-мыстық іске тартуы жеке қылмыс кұрамы ретінде қарастырылады.

Қылмыстың тікелей объектісі — кәмелетке толмағандардың бірқалыпты дамуы және оларға дұрыс тәрбие беру шарттары болып табылады.

Қылмыстың жәбірленушісі — 18-ге толмаған адам, яғни кәмелетке толмағандар.

Қылмыс объективтік жағынан алғанда әр түрлі әдістер (тәсілдер) колдана отырып кәмелетке толмаған адамды қылмыстық іске тарту арқылы жүзеге асырылады.

Кәмелетке толмаған адамды қылмыстық іске тарту деп 18-ге толмағандарды кылмыстың тікелей орындаушысы немесе өзге де көмектесушісі болуға жігерлендіруге, ынтасын, шешімін қоздыруға бағытталған іс-әрекеттерді айтамыз. Қылмыстық іске тартудың әдісі занда тікелей көрсетілмеген, бірақ ол әртүрлі жолмен жүзеге асырылуы мүмкін. Бұл әрекет көбінесе психикалық әдістерді қолдану арқылы (қорқыту, уәде беру, алдау) немесе басқа да тәсілдерді қолдану арқылы жүзеге асырылады. Кәмелетке толмаған адамдарды үрейлендіру немесе оларды басқа бір қолайсыз жағдайларға калдыратын әрекеттер жасаймын деген әрекеттер арқылы, олардың психикалық санасына әсер етулер қорқыту деп табылады. Қорқыту ауызша, жазбаша, телефон аркылы, дене қимылын көрсету аркылы жүзеге асырылуы мүмкін және мүндай қоркытулар жәбірленушінің тікелей өзіне немесе оның таныс адамдарына білдірілуі хақ.

Субъектінің болашақта кәмелетке толмағандарға белгілі бір жәрдем көрсетуге (оқуға түсіруге, жұмысқа тұрғызуға немесе оларға баскадай игіліктер жасауға міндеттемелер алуы) уәде беру деп танылады.

Кәмелетке толмағандар үшін мәні бар мәліметтерді немесе мән-жайларды қасақана айтпау немесе олар жөнінде үн қатпау арқылы оларды жаңылыстырып қоғамға қауіпті іс-әрекетті істеуге тартуды алдау деп түсінген жөн. Мысалы, ересек адам кәмелетке толмаған адамға көрші үйден өзіне тиісті жүкті жол бойына жеткізуді өтінеді, нәтижесінде ол бөтеннің мүлкін ұрлауға көмектескенін бірақ біледі. Кәмелетке толмаған адамды басқа да тәсілдермен қылмыс жасауға тартуға, оларды иландыру, сатып алу, оларды зұлымдық, кара ниетті іс-әрекеттерді істеуге жігерлендіру, бопсалау, материалдық тәуелділік жағдайын пайдаланып қалу т.с.с. әрекеттер жатады.

Жоғарыда көрсетілген тәсілдерді қолданғанымен кәмелетке толмағандар қылмыстық іс-әрекетке баруға қарсылық білдірсе, онда кінәлінің іс-әрекеті кәмелетке толмаған адамды қылмыстық іске тартуға оқталғандық ретінде сараланады.

Қылмыс формальдық кұрамға жатады. Және ол кәмелетке толмағандарды қылмысқа тартқан уақыттан (яғни 18-ге толмаған адамның оған келіскен сәтінен бастап) аяқталған деп табылады. Қылмыстық кодекстің 131-бабының 1-тармағы бойынша онша ауыр емес, ауырлығы орташа қылмыстарды істеуге кәмелетке толмағандарды тартқаны үшін ғана жауаптылық көзделген. Субъективтік жағынан ҚК-тің 131-бабында көзделген қылмыс тек қана тікелей қасақаналықпен істеледі. Кінәлі адам әр түрлі тәсілдерді колдана отырып жасы 18-ге толмағаны өзіне анық адамды қылмыстық іске тартқанын сезеді, біледі және соны жүзеге асыруды тілеп әр түрлі әрекет жасайды. Кылмыстық ниет және мақсат әртүрлі (кек алу, қызғаныш, пайдакүнемдік, баска да зұлымдық ниеттер) болуы мүмкін. Бұлардың іс-әрекетті саралауға әсері болмайды, бірақ жаза тағайындағанда есепке алынады.

Қылмыстың субъектісі — заңда тура атап көрсетілгендей кәмелетке толмаған адамды қылмыстық іске тартқан жасы 18-ге толған адам. Кәмелетке толмаған адамның екінші бір кәмелетке толмаған адамды қылмыстық іске тартуы бұл қылмыс кұрамына жатпайды.

Ата-анасы, педагог не кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөніндегі міндеттер өзіне заңмен жүктелген өзге адам жасаған нақ сол әрекет — осы қылмыстың ауырлататын түрі болып табылады (ҚК-тің 131-бабының 2-тармағы). Көрсетілген адамдардың кәмелетке толмаған адамдар жөніндегі кұкықтық жағдайын пайдаланып, осы іс-әрекеттерді істеуі қылмыстың коғамға қауіптілігін едәуір ұлғайтады. Ата-аналарды анықтау Қазақстан Республикасының неке және отбасы туралы 1998 жылы 17 желтоқсанда қабылданған Заңына сәйкес шешіледі.

Педагог деп тәрбие немесе оку процесімен айналысатын адамдар танылады. Педагогті кылмыстың субъектісі деп тану үшін оның жұмыс істейтін оқу орындарының түрі (жоғары оқу орындары, мемлекеттік немесе мемлекеттік емес), нысаны (күндізгі, сырттай, кешкі) ешқандай әсер етпейді.

Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жәніндегі міндеттер өзіне жүктелген өзге де адамдарға қорғаншы, камқоршы, асырап алған ата-аналар, мектепке дейінгі балалар мекемелерінің тәрбиешілері, бұлардан басқа заңмен тәрбиелеу міндеті тікелей жүктелген — жақын-туыстары, ағасы немесе апасы, әжесі немесе атасы жатады.

Осы баптың бірінші немесе екінші тармақтарында көзделген, күш қолданып немесе оны қолданамын деп қорқытып жасалған әрекеттер (131-баптың 3-тармағы) — осы қылмыстың тағы бір ауырлататын түрі болып табылады. Мұндағы күш көрсетуге жеткіншекті қылмыс істеуге ықпал ететін тәсілдерді қолдану жолымен, яғни оны сабау, оған жеңіл және орта дәрежелі жарақат келтіру аркылы қылмыс істеуге көндірулер жатады. Егер мұндай тәсілмен жәбірленушіге ауыр дене жарақаты келтірілсе немесе өлімге әкеліп соқса, онда кінәлінің әрекеті қылмыстардың жиынтығы бойынша саралануға жатады. Күш қолданамын деп қорқыту — өлтіремін, денеңе жарақат келтіремін, жаныңды қинаймын, өртеймін деген шын мәнінде іске асатын нәрсе жәбірленушіге тікелей психикалық әсер ететін сөздерді кінәлінің айтуы жатады.

Осы баптың бірінші, екінші немесе үшінші тармақтарында көзделген кәмелетке толмаған адамды ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасауға тартуға байланысты әрекеттер (131-баптың 4-тармағы) көрсетілген кылмыстың өте ауырлататын түрі болып табылады. Ауыр немесе аса ауыр кылмыстардың түсінігі Қылмыстық кодекстің 10-бабының 4, 5-тармақтарында берілген.

Кәмелетке толмаған адамды коғамға қарсы іс-әрекеттер жасауға тарту (132-бап)

Криминологиялық зерттеудің нәтижесі көрсеткендей соңғы жылдары елімізде кәмелетке толмағандарды ішімдікке, наша-қорлыққа, темекі тартуға және басқа да коғамға қарсы іс-әрекеттер жасауға тарту фактілері өріс ала бастаған. Нәтижесінде жеткіншектердің арасында әр түрлі жұқпалы аурулар өрши түскен, бұл, әрине, ертеңгі болашағымыз үшін аса қауіпті құбылыс.

Қылмыстың тікелей объектісі кәмелетке толмаған адамдардың дене және адамгершілік тұрғысынан дұрыс дамып, тәрбиеленуі болып табылады.

Объективтік жағынан қылмыс кәмелетке толмаған адамды есірткілік немесе басқа да есеңгірететін заттарды медициналық емес тұрғыда тұтынуға не спирттік ішімдіктерді ұдайы тұтынуға, не жезөкшелікпен, каңғыбастықпен немесе қайыршылықпен айналысуға тарту арқылы сипатталады.

Заң бойынша есірткілік немесе есеңгірететін затқа жататын, арнаулы тізім бойынша белгіленген осындай заттарды екі немесе одан көп медициналық емес тұрғыда тұтынуға тарту кәмелетке толмаған адамды көрсетілген әрекеттерге ұдайы тарту деп танылады.

Есірткілік немесе есеңгірететін заттарды анықтау арнаулы сарапшылық корытынды бойынша анықталады.

Екі немесе одан көп реттерде кәмелетке толмағандарды үнемі спирт ішімдіктерін (арақ-шарап) ішуге тартуды осы қылмыстың объективтік жағының бір белгісін жүзеге асырғандық болып табылады. Арақ-шарапқа барлық ішімдіктер, оның ішінде қолдан жасалған осындай заттар да жатады. Кәмелетке толмағандармен бірге бір мәрте бірлесіп спирт ішімдіктерін ішу, оны мас күйге жеткізу қылмыс болып табылмайды, мұндай әрекет әкімшілік құқықтық жолмен жауаптылыққа тартылады.

Кәмелетке толмаған адамды ақшаға немесе басқадай мате-риалдық сыйақы үшін нәпсіқұмарлық қатынаста болуға жеткізу, оларды жезөкшелікпен айналысуға тарту деп танылады. Жезөкшелікке тартудың тәсілі — қорқыту, тәуелділік жағдайларды пайдалану, көндіру арқылы болуы мүмкін. Егер кінәлі адам өзі жөзекшелікке тартқан адамды зорласа немесе оны аздыратын басқа да әрекеттер жасаса, онда оның әрекеті істеген қылмыстардың жиынтығы бойынша сараланады.

Кәмелетке толмаған адамды бір мекен-жайдан екінші бір мекен-жайға орын ауыстыруға, тұрғылықты орнында болмауына, кездейсоқ табыстармен, ұсақ ұрлықпен, қайыр тілеумен, басқадай еңбексіз табыстармен күн көруге көндіріп тарту қаңғыбастыққа тарту деп танылады. Бөтен адамдардан ақша, азық-түлік, киім-кешек немесе басқадай материалдық құндылықтарды сұрап алып табыс табуға әр түрлі тәсілдермен кәмелетке толмағандарды көндіру, оны қаңғыбастықпен айналысуға тарту деп танылады.

Кәмелетке толмаған адамды коғамға қарсы іс-әрекеттер жасауға тарту формальдық қылмыс құрамына жатады және ол заңда (132-бап) көрсетілген әрекеттердің біреуін жасаған уақыттан бастап аяқталған деп танылады.

Қылмыс субъективтік жағынан тікелей қасақаналықпен істеледі. Кінәлы адам кәмелетке толмаған адамды есірткілік немесе басқа да есенгірететін заттарды медициналық емес тұрғыда тұтынуға не спирт ішімдіктерін ұдайы тұтынуға, не жезөкшелікпен, каңғыбастықпен немесе қайыршылықпен айналысуға (ұдайы болмаса) тартқанын сезеді және осы әрекеттерді істеуді тілейді. Қылмыстың субъектісі 18-ге толған есі дұрыс адам, Қылмыстық кодекстің 132-бабының 2-тармағында: ата-анасы, педагог не кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөніндегі міндеттер өзіне заңмен жүктелген өзге адам жасаған нақ сол әрекет, ал осы баптың 3-тармағында, осы баптың бірінші немесе екінші тармақтарында қарастырылған бірнеше рет не күш қолданып немесе оны қолданамын деп қорқытып жасалған әрекеттер үшін қылмыстық жауаптылық көзделген. Осы бапта көзделген екі немесе одан да көп әрекетті жасау бірнеше рет жасалған әрекеттер деп танылады (ҚК-тің 11-бабы).

Қылмыстық кодекстің 132-бабының 2 және 3-тармақтарында көрсетілген ауырлататын және аса ауырлататын белгілердің түсініктері тиісінше Қылмыстық кодекстің 131-бабының 2 және 3-тармақтарында көрсетілген белгілермен бірдей, сондықтан да бұл үғымдарға арнайы тоқталып жатпаймыз.

Кәмелетке толмағандарды саудаға салу (133-бап)

Кәмелетке толмаған адамды саудаға салу үшін жауаптылық бұрын Қазақстан Республикасының аумағында қолданылған қылмыстық зандарда мүлдем керсетілмеген еді. Қазақ жерінде мұндай құбылыс Кеңес өкіметі орныққанға дейін мүлдем болмаған. Қазіргі жағдайда кейбір жерлерде кәмелетке толмағандар "зат", "товар" ретінде пайдаланылып, қылмыскерлерге пайда табудың көзіне айналды. Дүние жүзінде орын алып отырған осындай келеңсіз құбылыстарға сәйкес Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 133-бабында осы тұрғыдағы іс-әрекетке қылмыстық жауаптылық белгіленген.

Қылмыстың тікелей объектісі — кәмелетке толмағандардың мүддесі, олардың дұрыс даму, жетілу, білім алу, тәрбиелену жағдайлары.

Қылмыс объективтік жағынан кәмелетке толмаған адамды сатып алу не кәмелетке толмаған адамға қатысты оны біреуге беру немесе оны иемдену түрінде өзге мәмілелер жасау арқылы жүзеге асырылады.

Кәмелетке толмаған адамды белгілі келісімді ақы алып (ақшалай, заттай, қозғалатын немесе қозғалмайтын мүлік) басқаға беру, сату немесе сатып алу деп танылады.

Кәмелетке толмаған адамды айырбастау (үйге, көлікке, басқа тауарларға), сыйға беру (мысалы шет елге тұрақты өтіп кетуге байланысты көрсеткен көмегі үшін немесе шын достықтың белгісі ретінде тегін беру); қарызын немесе басқадай міндеттемелерін өтеу үшін беру; басқа біреуге уақытша пайдалануға жалға беру өзге мәмілелер жасау деп танылады. Қылмыс жәбірленушіні саудаға салу жөніндегі мәмілеге қол жеткізілген және кәмелетке толмаған адамды басқа біреуге берген уақыттан бастап аяқталған деп танылады.

Субъективтік жағынан қылмыс — кәмелетке толмағандарды саудаға салу тек қана тікелей қасақаналықпен істеледі. Бұл жерде осы қылмысты істеуге кінәлі болып адамды сатқан және сатып алған жақтар, сондай-ақ осындай әрекеттерге бағытталған өзге де мәмілелер жасауға қатысқандар (жәбірленушіні заңсыз біреуге берген немесе оны иемденген адамдар) табылады. Өйткені олар өздерінің іс-әрекеттерінің қоғамға қауіптілігін, заңға кайшылығын сезеді және осы әрекеттерді істеуді тілейді.

Кылмыстың субъектісі — 16-ға толған кез келген есі дұрыс, кәмелетке толмағандарды саудаға салуға қатысқан адамдар.

Қылмыстық кодекстің 133-бабының 1-тармағында көрсе-тілген әрекеттерді:

а) бірнеше рет;

б) екі және одан да кеп кәмелетке толмағандарға қатысты;

в) адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша не-
месе ұйымдасқан топпен;

г) адамның өзінің қызметтік жағдайын пайдаланып;

д) кәмелетке толмаған адамды Қазақстан Республикасынан тыс жерге заңсыз әкетумен немесе оны Қазақстан Республикасына заңсыз әкелумен;

е) кәмелетке толмаған адамды қылмыс жасауға немесе коғамға қарсы өзге де іс-әрекеттер жасауға тарту мақсатында;

ж) кәмелетке толмаған адамның мүшелерін немесе тінін ауыстырып салу үшін алу мақсатында жасалса — онда олар осы қылмыс қүрамының ауырлататын түрлері болып табылады
(ҚК-тің 133-бабының 2-тармағы).

Осы баптың бірінші немесе екінші тармақтарында көзделген кәмелетке толмаған адамның өліміне немесе өзге ауыр зардаптарға абайсыздықпен әкеп соққан әрекеттер — көрсетілген қылмыс кұрамының аса ауырлататын түріне жатады (Қылмыс-тық кодекстің 133-бабының 3-тармағы).

Бұл жерде кәмелетке толмаған бір адамның өлуі туралы сөз болып отыр. Өзге де ауыр зардаптарға — жәбірленушіге орта, ауыр дене жарақатын келтіру, кәмелетке толмаған адамның кінәлінің заңсыз әрекетіне байланысты өзін-өзі өлтіруі, олардың жұқпалы аурумен зақымдануы, мүгедек болып қалуы сияқтылар жатады. Қылмыстық кодекстің 133-бабының 3-тармағында көрсетілген қылмыс құрамының субъективтік жағынан әрекеті қасақаналык, ал одан болатын зардап абайсыздықпен жүзеге асырылады.

Баланы ауыстыру (134-бап)

Заң (ҚК-тің 134-бабы) баланы қасақана ауыстырғаны үшін қылмыстық жауаптылық белгілеген. Бұл қылмыстың қоғамға кауіптілігі сол, баланы ауыстыру арқылы ата-анамен баланың туыстық қатынасы зорлықпен бұзылып, адамгершілік принциптеріне жатпайтын әрекеттер жүзеге асырылады. Қылмыстың тікелей объектісі баланың бірқалыпты дамып, жетілу және қалыптасу жағдайлары, олардың және отбасының мүдделері.

Қылмыс объективтік жағынан баланы ауыстыру әрекеті аркылы жүзеге асырылады. Баланы ауыстыру деп бір баланы басқа бір баламен ауыстыруды айтамыз. Мысалы қыз баланы ер балаға, қара түсті баланы сары түсті балаға, іштен мүгедек болып туған баланы дені сау балаға ауыстыру т.с.с. Баланы ауыстыру жаңа туған балалар жөнінде — босану үйлерінде немесе балалар үйлерінде, немесе уақытша бақылаусыз далада қалған баланы ауыстырып алу арқылы жүзеге асырылады. Өз баласын басқа баланың ата-анасының келісімінсіз оның баласымен ауыстыруда осы қылмыстың құрамын құрайды. Жаңа туған нәрестелерді екі жақтың да ата-аналарының өзара келісімі бойынша ауыстыру — қылмыс құрамын түзбейді.

Қылмыс формальдық құрамға жатады және ол бір баланы екінші бір баламен заңсыз ауыстырған сәттен бастап аяқтал-ған деп табылады. Егер осындай ауыстыру сәтінде кінәлы адам-ның қылмысы әшкереленіп қалып, ол қылмысты ниетін ақыры-на дейін жеткізе алмаса, онда кінәлының әрекеті осы қылмыс-қа оқталғандық болып табылады. Қылмыс субъективтік жағы-нан тек қана тікелей қасақаналықпен істеледі. Ол туралы заң-ның езінде тура көрсетілген. Кінәлы йдам баланы қасақана оның ата-анасының немесе занды өкілінің келісімінсіз ауыс-тыратынын сезеді және осы әрекеттерді істеуді тілейді. Егер баланы ауыстыру абайсыздықпен жүзеге асырылса, онда адам-ның әрекеті қылмыс болып табылмайды.

Қылмыстың субъектісі — 16-ға толған есі дұрыс баланы нақты ауыстырған адам (босану немесе балалар үйінің медицина қызметкерлері, жаңа туған баланың анасы) т.с.с.

Қылмыстық кодекстің 134-бабының 2-тармағында осы қыл-мыстың ауырлататын түрі — пайдакүнемдік немесе өзге зұлымдық ниетпен жасалған бала ауыстыру әрекеттері үшін жауаптылық көзделген. Пайдакүнемдік ниетке — баланы ауыстырып материалдық олжа, пайда табу әрекеттері, ал зұлымдық ниетке — кек алу, қызғаныш, ұлттық, нәсілдік пиғылда жасалған әрекеттер жатады.

Бала асырап алу құпиясын жария ету (135-бап)

Бала асырап алушының еркіне қайшы кызметтік немесе кәсіптік құпия ретінде бала асырап алу фактісін сақтауға міндетті адамның не өзге адамның пайдакүнемдік немесе өзге жамандық ниетпен жасаған бала асырап алу кұпиясын жария еткені үшін жауаптылық Қылмыстық кодекстің 135-бабында көзделген. Бұл қылмыстың қоғамға кауіптілігі сол кінәлі адам асырап алған балаға немесе үшінші жаққа бала асырап алу құпиясын заңсыз бұзып, оны жария ету арқылы балаға немесе оны асырап алған ата-аналарына орны толмас моральдық зиян келтіреді.

Қылмыстың тікелей объектісі — бала асырап алу туралы заңда белгіленген қоғамдық қатынастар, сол бала асырап алушылар мен асыранып алынғандардың мүдделері.

Қылмыс объективтік жағынан бала асырап алу туралы заңда белгіленген қоғамдық катынастар, сол бала асырап алушылар мен асыранып алынғандардың мүдделері.

Қылмыс объективтік жағынан бала асырап алу құпиясын жария ету арқылы жүзеге асырылады. Қазақстан Республикасының неке және отбасы туралы Заңына сәйкес бала асырап алуды жүзеге асыратын лауазымды адамдар және бала асырап алу жөніндегі фактіні білетін өзге де адамдар бала асырап алу құпиясын сақтауға міндетті. Аталған адамдар бала асырап алушының немесе асырап алынған баланың еркіне қайшы қызметтік немесе кәсіптік кұпияны не пайдакүнемдік немесе өзге жамандық ниетпен жасаған бала асырап алу құпиясын жария етуі қылмыс болып табылады. Бала асырап алу құпиясын жария ету деп ол туралы кез келген адамға, оның ішінде туыстарына, таныстарына, асырап алынған адамның өзіне ауызша, жазбаша, басқадай байланыс немесе ақпарат құралдарын пайдаланып отырып жасаған әрекеттерін айтамыз.

Қылмыстық жауаптылық бала асырап алу құпиясын жария ету, оны асырап алушының еркіне кайшы түрде жүзеге асырылғанда ғана пайда болады. Бала асырап алушының еркі деген ұғымға — оны асырап алған жұбайлардың екеуінің де еркі жатады. Осыған орай ерлі-зайыпты жұбайдың біреуінің екіншісінің еркінен тысқары жағдайда бала асырап алу кұпиясын жария етуде қылмыс қатарына жатады.

Қылмыс бала асырап алу құпиясын жария еткен уақыттан бастап, қандайда бір зардаптың орын алған немесе алмағанына карамастан аяқталған деп танылады. Қылмыс субъективтік жағынан тікелей қасақаналықпен істеледі. Кінәлі адам бала асырап алу құпиясын жария етудің коғамға қауіптілігін сезеді және де осы құпияны жариялауды тілейді. Бала асырап алушының еркіне қайшы қызметтік немесе кәсіптік құпияны бала асырап алу фактісін сақтауға міндетті адамның жария етуі кез келген ниетті басшылыққа ала отырылып жүзеге асырылады. Ал бала асырап алу құпиясын езге адамдардың жария етуі пайдакүнемдік немесе өзге жамандық ниетпен ғана жүзеге асырылады. Бұл тұрғыдағы субъектілердің осындай ниеттермен істеген әрекеттері қылмыс құрамын кұрайды. Пайдакүнемдік немесе өзге де жамандық (зұлымдық) ниеттердің түсінігі Қылмыстық кодекстің 134-бабында зерделенген.

Қылмыстың субъектісі екі топқа бөлінеді. Бірінші топқа: бала асырап алу құпиясы қызметтік немесе кәсібіне байланысты белгілі болған адамдар. Оларға — жергілікті өкімет органдары қызметкерлері, бала асырап алуға кеңес берген адвокаттар, АХАЖ қызметкерлері жатады. Екінші топқа бала асырап алу фактісінен хабардар болған өзге де адамдар. Олар: жұбайлардың біреуі, жақын туыстары, таныстары. Қылмыс субъектісінің жас мөлшері 16-ға толған адам. Лауазымды адамдардың бала асырап алу құпиясын жария етуі ауыр зардаптарға әкеліп соқса (жәбірленушінің өзін-өзі өлтіруі, психикалық науқасқа ұшырауы т.с.с.) олардың әрекеті Қылмыстық кодекстің 307-бабымен саралануға жатады.

Балаларын немесе еңбекке жарамсыз ата-анасын асырауға арналған каражатты төлеуден әдейі жалтару (136-бап)

Қылмыстық кодекс бойынша:

Ата-ананың сот шешімі бойынша кәмелетке толмаған балаларын, сондай-ақ он сегіз жасқа толған еңбекке жарамсыз балаларын асырауға арналған қаражатты төлеуден үш айдан астам әдейі жалтаруы (136-баптың 1-тармағы); кәмелетке толған еңбекке жарамды адамның сот шешімі бойынша өзінің еңбекке қабілетсіз ата-анасын асырауға арналған қаражатты төлеуден үш айдан астам әдейі жалтаруы (136-баптың 2-тармағы) үшін жеке-жеке жауаптылық көзделген.

Қылмыстың тікелей объектісі кәмелетке толмаған, сондай-ақ кәмелетке жасы толған еңбекке жарамсыз балалардың, еңбекке қабілетсіз ата-ананың лайықты өмір сүруін қамтамасыз ететін материалдық мүдделері. Қылмыстық жәбірленушілері — 18-ге толмаған балалар, 18-ге толған еңбекке жарамсыз балалар (ҚК-тің 136-бабының 1-тармағы); еңбекке қабілетсіз ата-аналар (соньщ ішінде бала асырап алғандар да).

Объективтік жағынан Қылмыстык кодекстің 136-бабының 1-тармағында көрсетілген қылмыс ата-ананың сот шешімі бойынша кәмелетке толмаған, сондай-ақ 18-ге толған, бірақ еңбекке жарамсыз балаларын асырауға арналған қаражатты әдейі төлеуден жалтаруы арқылы жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасының неке және отбасы туралы За-ңына сәйкес алимент: 1) ата-аналардың ерікті келісімі болған және ол нотариус арқылы куәландырылған жағдайда; 2) соттың шешімі бойынша өндіріледі (124-132-баптар). Бірақ Қылмыстық кодекстің 136-бабының талабына сәйкес қылмыстық жауаптылық соттың шешімі бойынша алимент төлеуден жалтарғаны үшін ғана туындайды.

Балаларын асырауға арналған қаражатты төлеуден әдейі жалтаруға соттың шешімі занды күшіне енгеннен кейін оны орындаудан үнемі, ұзақ уақытқа жалтарулар жатады. Заңда оның мерзімі үш айдан астам уақыт деп белгіленген. Жалтарудың тәсілі әр түрлі: жұмыс орнын себепсіз жиі өзгерту, тұрғылықты жерін жасыру, қосымша жұмыс орнын немесе табыс көздерін жасыру т.с.с. болуы мүмкін. Әдейі жалтару деп тануға сот органының белгіленген қаражатты төлеу туралы ресми ескертуінің орындалмауы негіз болады.

Қылмыс субъективтік жағынан тікелей қасақаналықпен істеледі. Қылмыстық ниет әр түрлі болуы мүмкін: пайдакүнемдік, баланың анасына деген өшпенділік, кінәлінің баламен туыстығына күмән келтіру т.с.с. көрсетілген қылмыстық ниеттердің қылмысты саралауға әсері болмайды.

Қылмыстық кодекстің 136-бабының 1-тармағы бойьшша қылмыстың субъектісі — арнаулы субъект — сот шешімі бойынша қаражат төлеуге міндетті ата-аналар немесе соларға теңестірілген адамдар болады.

Қылмыстық кодекстің 136-бабының 2-тармағы бойынша қылмыстың субъектісі болып еңбекке жарамсыз ата-анасын асырауға арналған қаражатты сот шешімі бойынша төлеуден жалтарған кәмелетке толған олардың туған немесе өгей балалары, сондай асырап алынған балалары (ұлдары немесе қыздары) танылады.

Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау (137-бап)

Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді ата-анасының немесе өзіне осы міндеттер жүктелген өзге адамның, сондай-ақ кәмелетке толмаған баланы қадағалауды жүзеге асыруға міндетті педагогтің немесе оку, тәрбие беру, емдеу немесе өзге мекеменің басқа қызметкерінің орындамауы немесе тиісті дәрежеде орындамауы, егер бұл әрекет кәмелетке толмаған балаға қатал қараумен ұштасса — жауаптылык қылмыстық кодекстің 137~бабы бойынша белгіленеді.

Қылмыстың объектісі — кәмелетке толмағандардың дене және психикалық жағынан дұрыс дамып, қалыптасуы.

Объективтік жағынан қылмыс бірнеше балама әрекеттерді: а) кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау; б) осындай міндеттерді тиісті дәрежеде орындамау арқылы сипатталады. Өзіне жүктелген міндеттерді толық орындауға мүмкіндігі бола тұра оны орындамау немесе әрекетсіздік жасау міндеттемені орындамау, ал өзіне жүктелген міндеттерге салдыр-салақ, үстірт қарау міндеттемелерді тиісті дәрежеде орындамау деп танылады.

Қылмыстық жауаптылыққа тартудың негізгі шарты — кәме-летке жасы толмаған балаға қатал қарау болып табылады. Қатал қарауға — жасы толмаған баланы үнемі ұрып-соғу, сабау, қорқыту, аштықта, ыстықта үстау, үрейін алу, нерв жүйелерін бұзу т.с.с. жатады.

Субъективтік жағынан қылмыс тікелей қасақаналықпен жасалады. Кінәлі адам кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі әзінің кұкықтық міндеттерін орындамағанын, оларға қатал қарағанын сезеді және сол әрекеттерді істеуді тілейді.

Қылмыстың субъектісі арнаулы : 1) кәмелетке толмаған баланың ата-анасы; 2) кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жолындағы міндеттер езіне жүктелген өзге де адамдар, атап айтқанда — бала асырап алушылар, камқоршылар немесе қорғаншылар; 3) кәмелетке толмаған баланы қадағалауды жүзеге асыруға міндетті оку, тәрбие, емдеу немесе өзге де мекеменің қызметкерлері (мектепке дейінгі балалар мекемелерінің қызметкерлері, орта мектептердің, кәсіптік-техникалык оқу орындарының, мектеп-интернаттардың және киын балаларды тәрбиелейтін тәрбие мекемелерінің педагогтары, аурухана қызметкерлері және т.б.).

Балалардың өмірі мен денсаулығынын кауіпсіздігін камтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау (138-бап)

Балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамта-масыз ету жөніндегі міндеттерді қызметі бойынша өзіне осындай міндеттер жүктелген адамның не осы міндеттерді арнайы тапсырма бойынша орындаушы немесе міндеттерді ерікті түрде өзіне алған адамның тиісінше орындамауы, егер бұл жас баланың денсаулығына абайсызда ауыр немесе орташа ауырлықтағы зиян келтіруге әкеп соқса — жауаптылық ҚК-тің 138-бабы бойынша шешіледі.

Қылмыстық құқықтағы бұл бап мүлдем жана құрам болып табылады.

Қылмыстың тікелей объектісі — балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі қоғамдық қатынастар.

Қылмыстың жәбірленушісі — балалар.

Қылмыс объективтік жағынан — қызметі бойынша өзіне балалардың өмірі мен денсаулығының кауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттер жүктелген адамның не осы міндеттерді арнайы тапсырма бойынша орындаушының немесе мұндай міндеттерді ерікті түрде өзіне алған адамның тиісінше орындамауы арқылы көрініс береді. Яғни көрсетілген қылмыс әрекетсіздік арқылы істеледі. Балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін адамдар өз міндеттерін тиісінше орындамайды. Мысалы балабақша меңгерушісі жас балаларды қараусыз тастап, дүкен аралап кетеді, осы кезде баланың бірі көшеге шығып кетіп, көлікке қағылып, орташа ауырлықтағы дене жарақатын алады. Бұл жерде қызметі бойынша өзіне жуктелген міндетті балабақша меңгерушісі орындамау салдарынан баланың өмірі мен денсаулығына кауіп төнді. Немесе арнайы тапсырмамен мектеп оқушыларын саяхатқа апарған адамның бейқамдығынан, оқушы суға кұлап, ауыр дене жарақатын алады. Бұл жерде арнайы тапсырма алған адам өз қызметіне жауапсыз қараудан бала денсаулығына зақым келген. Осындай міндетті ерікті түрде өзіне алған адамдарға — панасыз балаларды ез қамқорлығына алғандар, қорғаншылар, бала асырап алғандар жатады. Қылмыс құрамы материалдық және ол заңда көрсетілген зардап — баланың денсаулығына абайсызда ауыр немесе орташа ауырлықтағы зиян келтірілген сәттен бастап аяқталған деп табылады. Қылмысты әрекетсіздік пен орын алған зардаптың арасында себепті байланыс болуы хақ. Субъективтік жағынан қылмыс абайсызда істеледі. Егер мұндай іс-әрекет касақана істелсе, онда кінәлінің жауаптылығы және адамға қарсы қылмыс жөніндегі тараудың тиісті бабымен сараланады.

Қылмыстың субъектісі арнаулы — жасы 16-ға толған, өзіне осы міндеттер кызметі бойынша жүктелген адам; осы міндеттерді арнайы тапсырма бойынша орындаған адам; мұндай міндеттерді өзіне ерікті түрде алған адам. Абайсызда жас баланың өліміне әкеп соққан әрекет осы қылмыстың ауырлататын түрі болып табылады (138-баптың 2-тармағы).

Қамқоршы немесе қорганшы құқықтарын теріс пайдалану (139-бап)

Қылмыстың объектісі — камқоршы немесе қорғаншы та-ғайындалған баланың денсаулығы, дұрыс тәрбиесі, сондай-ақ олардың материалдық мүдделері. Объективтік жағынан қылмыс қамқоршылықты немесе корғаншылықты пайдакүнемдік немесе қамқоршылықтағы (қорғаншылықтағы) балаға зиян келтіру үшін өзге арам мақсаттарға пайдалану немесе қорғаншылықтағы (камкоршылықтағы) баланы қасақана қадағалаусыз немесе қажетті көмексіз қалдыру қамқоршылықтағы (қорғаншылықтағы) баланың құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі нұқсан келтіруге әкеп соғу әрекеттерін істеу арқылы жүзеге асырылады. Мысалы, қамқоршылықты немесе корғаншылықты пайда табу мақсатымен — яғни балаға тиісті меншікті талан-таражға салу үшін пайдалану немесе балаларға тиімсіз келісімдер жасау; балаларды көмексіз, қадағалаусыз қалдырып қаңғытып жіберу, оларды ұрып-сабау, корлық көрсету, аш ұстау, оқытпау сияқты заңды кұқықтары мен мүдделеріне нұқсан келтіру.

Қылмыс материалдық құрамға жатады. Заңда көрсетілген баланың құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі нұқсан келтіру мәселесі нақты жағдайларға байланысты сот органдары арқылы анықталады.

Қылмыс субъективтік жағынан тікелей қасақаналықпен істеледі. Қылмыстың мақсаты — пайдакүнемдік немесе өзге де арам пиғылдар. Қылмыстың субъектісі — заң бойынша белгіленген қамқоршы немесе корғаншы.

Еңбекке жарамсыз жұбайын (зайыбын) асыраудан әдейі жалтару (140-бап)

Қылмыстың объектісі — еңбекке жарамсыз жұбайдың ма-териалдық мүддесі. Еңбекке жарамсыз деп зейнеткерлік жасқа жеткен, аурулығы немесе басқадай зақым алуы бойынша еңбек қабілетін жоғалтқан жұбайды айтамыз.

Объективтік жағынан қылмыс сот шешімі бойынша еңбекке жарамсыз және материалдық көмекке мұқтаж жұбайын (зайыбын) асырауға қаражат төлеуден үш айдан астам әдейі жалтару арқылы жүзеге асырылады.

Жұбайының еңбекке жарамсыз және материалдық көмекке мұқтаж екенін сот шешеді. Осындай мұқтаждық бар, оны асырауға екінші жұбай (әйелі немесе ері) міндетті деп тапса, сот шешімі бойынша кінәлі адам оны некеде тұрғанына немесе некеде тұрмағанына карамастан асырауға міндетті. Сот шешімін үш ай бойы себепсіз төлеуден жалтарса, онда ол әдейі жалтарғандық деп табылады. Субъективтік жағынан қылмыс тікелей қасақаналықпен істеледі.

Қылмыстың субъектісі — еңбекке жарамсыз жұбайын сот шешімі бойынша асырауға міндетті екінші жұбай.

Өзін-өзі бақылау сұрақтары:

1. Отбасына және кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыстар тарауына қанша бап кіреді?

2. Баланы қасақана ауыстырудағы қылмыс құрамын көрсет.

3. Бала асырап алу құпиясын жария етудің обьективтік жағын көрсет.

Дәріс тақырыбы 4. Адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарына қарсы қылмыстар.

Наши рекомендации