Етті-майлы қылшық жүнді құйрықты қой тұқымдары

Қазіргі кезде қылшық жүнді қойлар азықтың өнімдері ет, май, сүт, өнеркәсіпке, халық шаруашылығына қажетті аса бағалы шикізаттар: қылшық жүн, тері, елтірі өндірудің көзі ретінде өсіріледі. Соның сыртында, бұл қойлар ғасырлар бойы өз жерлеріне әбден үйренген, жергілікті генетикалық қор ретінде келешек селекциялық ізденістер үшін керек. Сондықтан, бұл баға жетпес байырғы тұқымдарды таза сақтай өсірудің келешек үшін маңызы зор.

Қылшық жүнді қойларға жоғарыда келтірілген бес топтың тұқымдары жатады. Олар: тондық, елтірілік, етті-майлы, етті-жүнді, етті-жүнді-сүтті қой тұқымдары. Бұлардың ішінен Қазақстан үшін маңызы барлары етті-майлы және елтірілік қойлар. Сондықтан осы тұқымдарға кеңінен тоқталайық. Ол тұқымдар: еділбай қой тұқымы, қазақтың қылшық жүнді құйрықты қой тұқымы, сарыарқа қой тұқымы, қаракөл қой тұқымы.

Аталуына сай бұл топтағы қой тұқымдарының негізгі өнімдері ет пен май. Негізгі алғашқы шыққан отаны Оңтүстік Батыс Азия. Сол жерден Орталық Азияға, Оңтүстік және шығыс Африкаға, Батыс Қытайға тараған. Бұл қой тұқымдарына моңғолдың, қалмақтың, өзбектің қылшық жүнді қойлары және гиссар қойы жатады.

Етті-майлы қой тұқымдарының ерекше қасиеттерінің бірі қиыр Оңтүстік пен орталық Азияның шөл-шөлейт, құм мен құмайт жерлерінде өмір сүруге және жыл бойы жайылымда болуға дағдыланған, сусыз су тапшы жерлерге үйренген, жүйрік, ұзын алыс жолдар мен жайылымда айдауға шыдамды, таулы жерлерге де төзімді малдар.

Көп ғасырлар бойы өте қатаң табиғат жағдайында өсіріліп келгендіктен етті-майлы қойлар өзінің мықты дене бітімімен, шыдамды-көнбістігімен, жақсы дамыған ірі денесімен және сүйектерімен ерекшеленеді. Сонымен қатар, бұл тұқымдардың тез өсіп жетілгіштігі, сүттілігі, жайылымда семіргіштігі, сирек шөпті жайылымды жақсы пайдалануы және су тапшылығына төзімділік қасиеттері де өте жоғары.

Бұл қой тұқымдары табиғаттың қатаң жағдайына, жем-шөптің жоқ немесе тапшы болып қалатын кезеңдеріне бейімдеу нәтижесінде жайылымның мол, жақсы кезінде денесіне азық қорын жинап алуға үйренген. Ол табиғатына жарасымды және қалыпты құбылыс ретінде енген. Сондықтан етті-майлы қой тұқымдары жайылым қорының мол, жақсы кезінде өз денесіне (құйрығына, ішіне) мол етіп май жинап алады да, оны азықтың кемтар, жайылымның нашар кезінде шетінен жұмсай бастайды. Сондықтан дене үлкендігіне, салмағына қарай құйрығы 15-20 кг, кейбір тұқымдарда одан да көп құйрық май жиналады.

Құйрық майларының дәмі мен азықтық сапалары тері астындағы және іш майларынан әлде қайда жоғары болады. Академик М.Ф. Иванов (1925) “Қазақы құйрықты қой еті өте дәмді, ал құйрық майын сары маймен теңестіруге болады” деп жазған. Сондықтан да кіші Азия, Орталық Азия халықтары құйрық майын өте құнды тамақ өнімі ретінде қолданады.

Жоғарыда келтірілген ұяң жүнді тұқымдардың ішінде дегерес, сараджы, тәжік, алай қазақтың ұяң жүнді қойлары да осындай етті –майлы қойларға жатады және өнімдері де өте сапалы да мол.

Кешегі Кеңес Одағының кезінде биязы жүнді қой тұқымдарын шығару үшін жаппай будандастырудың салдарынан етті-майлы тұқымдар азайып, кейбір аймақтарда жойылып та кетті. Ал қазіргі нарық заманында баяғыдан жергілікті жерде өсіріліп келген етті-майлы қой тұқымдары бәсекелестікте жеңіске жетіп келеді. Еуропаның өзінде (Франция, Германия және т.б.) қазір қойдан келетін табыстың 70-80% оның етінен түседі екен. Ал біздің қазіргі кезде өсіруге ең пайдалы қойларының осы етті-майлы қойлар болғаны да шындық. Мүмкін Қазақстанда таза, сапалы жүн өсіріп оны жуып-тазартып, жоғарғы технологиядан өткізуді үйренсек биязы, биязылау жүнді қой өсіріп көп пайда табуға жол ашылар. Ал қазірше, ең пайдалы қой-біздің қазіргі технологиялық деңгейімізде – ол қазақы құйрықты қой және оның будандарын өсіру болып отыр.

Қазіргі уақытта етті-майлы қойлардың барлық шаруашылықтардағы саны 3,4 млн. бас. Солардың ішінде 95,0% жуығы жақсартылған қылшық жүнді құйрықты және 2,6% таза тұқымды қойлар, қалғаны дегерес және қазақтың жартылай қылшық жүн тұқымды қойларына жатқызылады.

Еділбай қой тұқымы – қазақтың құйрықты қойларының ішіндегі ең ірісі, жүндестігі жөнінен де ең тәуірі. Сондықтан қазақтың қылшықты жүнді қойларын асылдандыру үшін де кеңінен қолданылып келеді. Бұл тұқым халық селекциясы нәтижесінде қалыптасқан тұқым. Табиғат ортаның құбылысына, өзгеруіне өте тез бейімделеді. Еділбай қойы ірі, биік, сүйегі шымыр, аяқтары ұзын және әлді, тұрқы ұзын, кеуделі, арқа сүйектері кең біртұтас мықты, бас сүйегі үлкен, тұмсығы дөңес, құйрығы үлкен, құлағы жалпақ, салпақ. Жергілікті жердің табиғатына өте көнбіс, қысы-жазы жайылымда бағыла береді, өте жақсы тебіндейді.

Еттілік-майлылық жағынан гиссар қойынан ғана аздап кем түседі. Қошқарлары 100-110 кг, саулықтары 73-75 кг тартады. Таңдаулылары 162,126 кг-ға дейін жетеді. Қозыларының туғандағы салмағы 5,5-6,0 кг, ал 4 айлығында еркек қозылар 45-47 кг, ұрғашылары 40-42 кг тартады.

Еділбай қойының жүні де салыстырғанда басқа қылшық жүнді қойлардан көп сапалы болады. Қошқарлардан 3-3,2 кг, саулықтардан 2,3-2,6 кг жүн қырқылады. Қозыларынан күзде 0,5-0,7 кг жүн алынады. 100 саулықтан 110-120 қозы береді.

Қазіргі кезде Еділбай тұқымы Батыс Қазақстанда көптеп өсіріледі, сонымен бірге Қарағанды, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстарында жақсартушы тұқым ретінде қолданылады.

Қазақтың қылшық жүнді құйрықты қой тұқымы – бұл тұқым Қазақстанда ертеден қалыптасқан. Әрбір аймақта өзінің жергілікті тұқымдары шығарылған. Еділбай қойынан кішірек, өнімділігі де төмендеу. Бірақ жергілікті жерлердің ауа райы, азықтық жағдайына жақсы бейімделген қойлар. Соңғы жылда бұлардың көпшілігі Еділбай қошқарларымен будандастырылып, өнімділігін көтеріп жатқан шаруашылықтар аз емес. Бұл қойлардың қошқарлары 90-110 кг, саулықтары 60-70 кг, қозылары енесінен айырғанда 35-40 кг тартады. Еттілік қасиеттері жақсы.

Бұл қойларды өсіріп, келешекте жақсы пайда көруге әбден болады.

Сарыарқа қой тұқымы – 1994 жылы тұқым ретінде бекітілді. Көптеген ғалымдардың зоотехник селекционерлердің ұзақ жылғы мақсатты еңбегі нәтижесінде шығарылған. Авторлары Е. Есентаев, К. Қанапин, Н. Кенжетаев, С. Байкенов, С. Сәлкебаев, К. Күзембаев, А. Ахатов және т.б.

1970 жылдардан бастап еділбай қойымен жақсартылған Орталық Қазақстанның жергілікті құйрықты қылшық жүнді қойларын ақ және ақсұр жүнді қойлар шығару үшін Қарағанды облысындағы Сарысу, Жеңіс кеңшарында селекциялық ғылыми жұмыстар басталған. Көп жылғы іріктеу, сұрыптау, жұптау мақсатты жұмыстардың нәтижесінде орталық Қазақстанда Сарыарқа қылшық ақ, ақсұр жүнді құйрықты қой тұқымы бекітілді.

Бұл қой тұқымының екі типі бар: жаңаарқа және сарысу. Қошқарлары 85-90 кг, кейбіреулері 100 кг дейін, саулығы 60-65 кг тартады. 100 саулықтан 85-90 қозы алынады. Қозылары туғанда 4,0-4,6 кг, енесінен айырғанда 30-36 кг тартады. Қошқарлары 2,5-3,0 кг, саулығы 2,0-2,5 кг ақшыл, сұр жүн береді. Басқа биологиялық қасиеттері қазақы құйрықты қойларға ұқсас, қатаң табиғатқа көнбіс. Жыл бойы жайылымға үйренген. Қары өте қалың қыста ғана қосымша азық беріледі.

Сарысу типі жаңаарқа типінен ірілеу, төлшілдігі молдау (100 қозыға дейін, одан да көп төл береді).

Бұл тұқым Қарағанды облысына аудандастырылған, бірақ басқа қатаң табиғатты өлке-аймақтарда да өсіруге болады.

Қаракөл қой тұқымы. Елтірілік қой тұқымдары туралы әдебиетте араб географы Аль-Истахри айтқан. Ол 978 жылы шыққан кітабында Түркістан өлкесінде қозыларынан алғашқы өмір сүру күндерінде сойып тамаша, басқа елдерде болмайтын елтірілер алынатынын жазған. Сонымен қатар жаңа туған немесе шала туған қылшық жүнді қойлардың қозыларынан терілері де бұйралы елтірі береді. Тарихтың әр кезеңінде елтіріге сұраныс, оны қолданыс әр түрлі деңгейде болған. Көптеген авторлардың пікірлерін, көзқарастарын зерттей келіп И.Н. Дьяченков (1980 ж.) 16-18 ғасырларда қаракөл қойын, жалпы елтірі беретін қойлар тұқымдарын дәйекті түрде жақсарта бастаған деп есептейді. Капитализмнің орнауымен, нарық экономикасы мен өнеркәсіптің дамуына байланысты елтіріге де сұраныс көбейген, оның бағасы артқан. Осындай кезде мал өсірушілер селекциялық жұмыстарды өрістете отырып, жақсы елтірі беретін қой тұқымын өсіре бастаған. Елтірі сол қой тұқымдарының негізгі өніміне айналған. Қазіргі кезде елтірі беретін бірнеше қой тұқымдары бар, бірақ дүние жүзінде елтірі беретін қой тұқымдарының ең жақсысы, ең кең тарағаны – қаракөл қой тұқымы. Бұл тұқым Азия, Африка, Еуропа және Америкадағы елуден астам елде өсіріледі. Дүние жүзінде қаракөл қойының және оның будандарының саны 30 миллионнан асады, қаракөл елтірісінің жыл сайынғы өнімі 9-10 миллион дана құрайды.

Қаракөл қой тұқымын шығару үшін құйрықты және ұзын майлы құйрықты қойлар пайдаланылған болуы керек. Бойында елтірілік қасиеттері бар қойларды ұдайы, жүйелі түрде сұрыптап, іріктеп жұптаудың нәтижесінде, көп ұрпақтың еңбегінің арқасында шығарылған қой тұқымы. Ең нәтижелі ізденіске Бұхара аймағындағы қой өсірушілер жеткен болуы керек. Өйткені елтірі беретін Бұхара қойы жөнінде мәліметтер 18 ғасырдың басында тарай бастаған.

Сол кезден бастап, бірте-бірте орта, уақ бұйрасы бар қозы терісінен (елтіріден) жакет, пальто, папаха, тұмақ, жаға, күрті тігу көбейіп, Еуропа базарынан үлкен сұраныс шыға бастайды. Соның нәтижесінде қаракөл қойының аты шығып, даңқы өсіп жер-жерге тарай бастайды.

“Қаракөл” атының шығуына бірнеше болжам бар. Біреулері Ассирияның “қаракөл” деген сөзінен шыққан дейді. Ол сөздің түсінігі “Қара райхан” деген ұғымды береді. Екіншілері “Қаракөл” деген сөзден шыққан дейді. Ол атаулы көп Памирде қаракөл қозылар жас кезінде күн көзіне қызынып, топтанып жатқанда, алыстан қап-қара, дөп-дөңгелек болып көрінеді. Сол көріністі көлге ұқсатып атаған дейді. Қалай болғанда да, қаракөл деп қозының елтірісін атайды. Сол ұғым қазір заңды түрде қолданыста. Қаракөл қой тұқымы – әдемі де сұлу елтірісімен дүниеге мәлім қой. Біздің дәуірімізден бір жарым мың жыл бұрын Бұхара маңында шығарылған тұқым, 2-6 күндігінде сойылған қозылардан өте сапалы, әдемі елтірі алынады.

Қаракөл қойы ұзын майлы құйрықты қой тобына жататын, шөлдің қатаң жағдайына бейімділігімен, көнбістілігімен, жүрдектілігімен ерекшелінеді. Тұлғасы берік, терісі жұқа, бірақ тығыз. Қойдың нәзік және тұрпайы типтері онша ұнамды емес.

Қозылардың түсі әр түрлі: қара, көк, сұр, қоңыр, қызыл-қоңыр болады. Түгі жібек тәрізді, жылтыр, серпімді, бұйра. Өскен сайын жүні ақшылданады, негізгі түсі тек басы мен аяқтарында ғана қалады. Қаракөл қойының жүні түбіттен, аралық талшықтан және қылшықтан құралған әртекті болады. Бұл жүн кілем үшін құнды шикізат болып саналады.

Қаракөл қозыларының елтірілік құндылығы толқын, бұршақ тәрізді бұйраларының болуына, олардың қалай орналасуына байланысты.

Қаракөл қойы негізгі өнімі – елтіріден басқа да өнімдер береді. Қозысын сойған соң әр қойдан 50 кг сүт саууға болады. Қаракөлдің ет өнімділігі де жаман емес. Қошқарлары 65-70 кг, саулықтары 45-50 кг тартады. Қозылары тез өседі, туғанда 3,5-4,0 кг, енесінен айырғанда 22-25 кг-ға жетеді. Әр қойдан аталығынан 3,5-5,0 кг, аналығынан 2,5-3,0 кг жүн қырқылады, 100 аналықтан 110-120 қозы береді.

Қаракөл қойы қысы жазы жайылымда бағуға әбден үйренген, сирек, тықыр шөпті жерлерді жақсы игереді.

Қазақстанда бірнеше тұқым ішіндегі типтер мен бір қаракөл елтірісін беретін құйрықты қой тұқымы шығарылды. Бұл қой тұқымының болашағы әлі алда.

Қаракөл қойлары шұрайлы жайылымдарды өте жақсы пайдаланады, әсіресе көктемде, күзде қысқа мерзімнің ішінде (30-45 күн) тез қозданады.

Қаракөлдің қосымша табыс өнімі ретінде алынатыны 1-2 күн енесінің уызын еміп барып сойылған қозылардан алынатын ұлтабары және қозысы сойылған саулықтардан сауылатын (25-40 кг) сүті. Бұл өнімдерден де біраз пайда түседі. Ондай саулықтарды міндетті түрде сауу керек, әйтпесе олар желінсау болып ауырады, келешекте желіні сүт бере алмайды.

Қаракөл қой тұқымы өзі ішіндегі типтерінің көптігімен ерекшелінеді. Ол типтер (сүлелер) өзіне тән ерекше түсімен, бояуымен, елтірілік және дене бітімдік қасиеттерімен сипатталады.

Қаракөл қойлары түсіне (жүнінің бояуына) қарай: қара, көк, сұр және басқа (ақ, қоңыр, райхан түсті т.б.) болып бөлінеді. Барлық қаракөл қойлардың қараға 58-60%, көкке 25-26%, сұрға -10%, қалғаны басқа түстерге жатады.

Аса бағалы сұр түсті елтірілер тобын беретін қаракөл қойлар үш тұқымдық типке бөлінген: бухар, қарақалпақ және сурхандария. Сұр түсті түктерді беретін гетерохромдық бояулар генмен басқарылады, бір жүн талшығының ұзына бойы әр түсті болып құлпырып тұрады, мәселен: түктің жоғары жағы ақшыл, ал төменгі жағы күңгірт, қоңыр. Өзі жалтыр талшықта осы бояулар құйылып көзге тартымды көрінеді.

Бұхар сұр елтірісінің түктерінің төменгі жағы қара, қара қоңыр болып келсе, жоғары жағы күміс, алтын түсті болып келеді. Түктер бояуының ара қатынасы және бояуының контрастығына қарай құбылып тұрады. Соларға қарай Бұхар сұр елтірілерін күміс түсті, алтын түсті, алмаз түсті, мәйе (сирень) түсті деп бөледі.

Сұрхандария сұрының төменгі жағы қоңыр, кофе түстес болып келеді де, үстіңгі жағы өте ағарыңқы болады. Бұл сұрдың негізгі бояуы қоңыр түстен. Сурхандария сұрына қола түсті, платина түсті, янтарь түсті, антрацит түсті, құм түсті болып бөлінеді.

Қарақалпақ сұр төмендегіше сипатталып бөлінеді: болат түсті-түктің астыңғы жағы қара, үсті болат түсті; алау түсті - төменгі жағы қара, жоғарғы жағы ақ; өрікгүл түсті – түктің төменгі жағы қара, қоңыр жоғарғы жағы ақшыл қызыл, өрікгүлдің көрінісіндей болады.

Райхан гүл түсті (гулигаз) елтірілер қойдың жүнінде қоңыр және ақ түсті жүн талшықтарының ара қатынасына байланысты болады. Ондай бояулы елтірілер көбінесе көк қаракөл қойын қамбар түсті қойларымен (қоңыр) будандастырғанда пайда болады.

XX ғасырдың аяқ кезінде ақ қаракөл типі де шығарылды. Бұл тип қаракөл қойларын құйрықты қой қошқарларымен будандастыру арқылы, және таза платина түсті қаракөл қойларын сұрыптау, іріктеу және жұптау арқылы шығарылды.

Қазақстан қаракөл қойын өсіру жөнінде жарты ғасырлық ғана тәжірибесі болса да, селекционерлеріміз көптеген табыстарға жетті. Біздің республика селекционерлері – К. Елемесов, Х. Укбаев, М.А. Ширинский, Х.Х. Маметхазан, А.М. Омбаев, М.Д. Тавитов, А.С. Ахметшиев, Т.С. Бигараев және т.б. Осы жылдардың ішінде 10 заводтық тип, бір тұқымдық тип, бір жаңа тұқым шығарды. Сонымен бірге, қаракөл қойын азықтандыру, қаракөл елтірісін өндіру, өңдеу, одан дайын тауар шығару технологияларын қалыптастырды.

Қазір Қазақстан қаракөл өсіруші селекционерлерінің үлкен тобы жетісіп келуде, оның ішінде 3 Ұлттық Ғылым Академиясының академиктері бар.

Сұр түсті қаракөл типі мен құйрықты елтірі етті-майлы қой тұқымы.Академик Х. Укбаев пен Т. Қансейітовтердің көп жылдық ізденістерінің нәтижесінде Қазақстанда қаракөл сурының жаңа ішкі типін және жаңа құйрықты елтірілі - етті-майлы қой тұқымын шығарып бекітті. Сұр түсті елтірілі беретін жаңа тип пен жаңа қой тұқымын шығару жұмысы бірнеше кезеңмен жүргізілді.

1. 1974 жылдан бастап қазақтың қылшық жүнді құйрықты және еділбай тұқымдарының саулықтарын қола реңді сұр қошқарларымен үшінші ұрпағына дейін сіңіре будандастыру арқылы қазақтың сұр түсті реңді ішкі тұқымдық типін шығарды. Будан әрі қарай сұрыптау, таңдау және жұптау арқылы қаракөл қойының талабына сай келетін қажетті белгілері жетілдірілді. Бұл жұмыс 1991 жылы аяқталды. Шығарылған тұқымдық типтің құйрық пішіні S-әрпіне ұқсас, бұйралар ұзындығы жағынан ұзын, екі орташа, қалам, қабырға, жазық бұйралы, жүн жабының жібектілігі мен жалтырлығы күшті, сұр түсті, қола реңді, елтірі бетінде реңінің таралуы біркелкі, қозының өн бойына айқын контрасты, элита мен 1 классы 82%-дан жоғары, қола реңінің шығымы 72%. 100 аналықтан 110 қозы алынады. Қаракөл қой тұқымының бұл жаңа типі өзінің жетекші селекциялық белгілерін, яғни ет, елтірі және жүн өнімдерін ұрпағына беру қасиеті тұрақты.

2. 1979 жылдан бастап еділбай және қазақтың құйрық қой тұқымдарының саулықтарын қола реңді сұр түсті қошқарларымен шағылыстырудан туған екінші будан ұрпағын сұрыптап, іріктеп, жұптап “өзара” күрделі өсіре (заводтық) шағылыстыру арқылы жаңа құйрықты елтірілі-етті майлы қой тұқымы шығарылды. Бұл жаңа тұқым қойларының құйрығы тартыңқы, жанбасы мен құйрық майы мол, терең және кең кеуделі, бұйралары ширақ, тығыз және ұзын, пішіндері қалам, қабырға, жазық бұйралармен бірге-бір және екі жақты жал бұйралар аралас, елтірідегі суреттер тік-параллель, параллель–шоғырланған және аралас; жүн жатынының жібектілігі және жылтырлығы күшті, сұр түсі мен қола реңі өн бойына біркелкі таралған. Осылай әлемде теңдесі жоқ сұр түсті, қола реңді елтірілі-етті майлы қой тұқымы Атырау, Оңтүстік Қазақстан облыстарында шығарылып, 1998 жылы тұқым ретінде бекітілді.

Жаңа қой тұқымы ірі, дене бітімі берік, сырт пішіні құйрықты қойларға ұқсас, жайылымға жақсы үйренген, жүрдек шыдамды келеді. Биологиясы, еттілігімен майлылығы қазақы қойға жақын, елтірілік қасиеттері қаракөлге жақын. Туғандағы салмағы қозысының 4,5-5,3 кг, енесінен айырғанда 33,0-36,0 кг, 18 айлығында ұрғашы тоқты 50-55 кг, қошқары 70-75 кг, ересек саулықтары 55-65 кг, қошқарлары 90-95 кг.

Бұл тұқым қойлары қазіргі кезде Атырау облысымен Оңтүстік Қазақстан облысының шаруашылықтарында өсіріледі. Жылдан жылға басқа жерлерге де таралып бара жатыр.

етті-майлы қылшық жүнді құйрықты қой тұқымдары - student2.ru

37-Сурет. Еділбай қой тұқымының қошқары № 9282, т.с. 130 кг, ж.ш. 3,6 кг

38-Сурет . Еділбай қой тұқымының етті-майлы қылшық жүнді құйрықты қой тұқымдары - student2.ru саулығы № 7857, т.с. 80 кг, ж.ш. 2,7 кг

етті-майлы қылшық жүнді құйрықты қой тұқымдары - student2.ru 39-Сурет . Қаракөл қойының қошқары

 
  етті-майлы қылшық жүнді құйрықты қой тұқымдары - student2.ru

 
  етті-майлы қылшық жүнді құйрықты қой тұқымдары - student2.ru

40-Сурет. «Сарусу» типті сарыарқа тұқымының қошқары т.с. 120 кг, ж.ш. 3,0 кг

41-Сурет. «Сарусу» типті сарыарқа тұқымының саулығы 1,5 жастағы т.с. 61 кг, ж.ш. 2,1 кг

Наши рекомендации