Заңнамалық актілер мен ережелер. Түсініктер және анықтамалар
«АҚ және ТЖ саласындағы Заңдар».Осы Заң Қазақстан Республикасында табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу мен жою бойынша қоғамдық қатынастарды реттейді (қазақ және орыс тілдерінде, көлемі – 176 бет).Мазмұны:Қазақстан Республикасының «Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туралы» Заңы
Қазақстан Республикасының «Азаматтық қорғаныс туралы» Заңы
Қазақстан Республикасының «Авариялық-құтқару қызметі және құтқарушылар мәртебесі туралы» Заңы
Қазақстан Республикасының «Өрт қауіпсіздігі туралы» Заңы
Қазақстан Республикасының «Өндірістік қауіпті нысандардағы өнеркәсіптік қауіпсіздік туралы» Заңы
Қазақстан Республикасының «Терроризммен күрес туралы» Заңы
Қазақстан Республикасының «Халықтың радиациялық қауіпсіздігі туралы» Заңы
Қазақстан Республикасының «Төтенше жағдайлар туралы» Заңы
Қазақстан Республикасының «Әскери жағдайлар туралы» Заңы
Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері мен қорғаныс туралы» Заңы
Түсініктер және анықтамаларға тоқталсақ, Төтенше жағдай дегеніміз адамдардың қаза табуына әкеліп соққан немесе әкеліп соғуы мүмкін, олардың денсаулығына, қоршаған ортаға және шаруашлық жүргізуші объектілерге нұқсан келтірген немесе келтіруі мүмкін, халықты едәуір дәрежеде материалдық шығындарға ұшыратып, тіршілік жағдайын бұзған немесе бұзуы мүмкін авария, зілзала немесе апат салдарынан белгілі бір аумақта туындаған жағдай. Төтенше жағдай пайда болу себептеріне қарай табиғи сипаттағы және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларға бөлінеді. Табиғи сипаттағы ТЖ – дүлей зілзала (жер сілкінісі, сел, көшкін, су тасқыны және басқалар), табиғи өрт, індеттер мен малдың жұқпалы аурулары, ауылшаруашылық өсімдіктерінің және ормандардың кеселдері мен зиянкестері арқылы зақымдануын туғызатын ТЖ-лар. Техногендік сипаттағы ТЖ - өнеркәсіп, көлік авариялары және басқа да авариялар, өрт (жарылыс), күшті әсер ететін улы, радиоактивті және биологиялық жағынан қауіпті заттарды тарататын (тарату қаупі бар) авария, үйлер мен ғимараттардың кенеттен қирауы, бөгендердің бұзылуы, тіршілікті қамтамасыз ететін электр-энергетика және коммуникация жүйелеріндегі, тазарту құрылыстарындағы авария туғызған ТЖ. Төтенше жағдай аймағы бұл ТЖ туындаған белгілі бір аумақ. Табиғи және техногендік сипаттағы ТЖ таралу аумағына және келтірген нұқсанның көлеміне қарай, объектілік, жергілікті, өңірлік және жаһандық болып бөлінеді.
Туындаған ТЖ жіктемесі ҚР Үкіметінің 2004 жылғы 13 желтоқсандағы №1310 Қаулысымен бекітілген «Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар жіктемесіне» сәйкес жіктеледі. ҚР Үкіметінің 2002 жылғы 24 желтоқсандағы №1351 Қаулысымен бекітілген «Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың туындауына әкеліп соққан авариялардың, зілзалалардың және апаттардың себептерін тексеру ережесіне» сәйкес объектілік және жергілікті ауқымдағы төтенше жағдайларды ТЖМ ОҚО төтенше жағдайлар департаменті тарапынан құрылған комиссия зерттейді.
Комиссия құрамына орталық атқарушы органдардың аумақтық органдары, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, мүдделі органдардың басшылары кіреді. Комиссия тексеру барысында оқиғаны көргендерден, лауазымды және басқа адамдардан жазбаша және ауызша түсініктемелер алуға, сараптамалық қадағалау органдарының мамандары, ғалымдар қатарынан белгіленген тәртіппен кіші сараптама комиссияларын құруға құқығы бар. Кіші сараптама комиссиясы және оның төрағасы табиғи және техногендік сипаттағы ТЖ себептерін тексеру жөніндегі комиссия төрағасының өкімімен тағайындалады. Сараптамалық қорытындыны талап ететін мәселелер жазбаша түрде беріледі. Кіші сараптама комиссиясының барлық мүшелері қол қойған материалдар комиссия төрағасы белгіленген мерзімге комиссияға тапсырылуы және тексеру материалдарына қоса берілуі тиіс. Комиссия тексеру барысында болған оғиғаның жағдайларын анықтайды, оның себептерін, нормативтік құқықтық кесімдердің жіберілген бұзушылық сипатын, жауапты адамдар құрамын белгілейді және оларды жазаға тарту шараларын ұсынады, зардаптарды жою және осындай жағдайлардың қайталануын болдырмау жөнінде іс-шаралар белгілейді, қирау және зиян мөлшерін анықтайды. Комиссия 10 күн ішінде табиғи және техногендік сипаттағы ТЖ-дың туындауына әкеліп соққан авариялардың, зілзалалардың және апаттардың себептерін тексеру актісін жасайды.
Ал, өңірлік және жаһандық ауқымдағытабиғи және техногендік сипаттағы ТЖ-ды ҚР Үкіметінің шешімі бойынша құрылатын комиссия тексереді.
Авариябұл технологиялық процестің бұзылуы, механизмдердің, жабдықтар мен ғимараттардың бұзылуы. Авариялық ғимараттар бойынша зерттеу жұмыстарын авариялық ғимараттардың техникалық жағдайын зерттейтін тұрақты жұмыс атқару облыстық комиссиясы жүргізеді. Аталған комиссияның зерттеу жұмыстарының қорытындысы бойынша шешімді облыстық төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссия төрағасы қабылдайды. Қауіпті өндірістік объектілердегі авариялардың себептерін тексеру тәртібін «Қауіпті өндірістік объектілердегі өнеркәсіптік қауіпсіздік туралы» ҚР 2002 жылғы 3 сәуіріндегі Заңына сәйкес өнеркәсіптік саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган мүдделі орталық атқарушы органдармен бірлесіп өздерінің құзыреті шегінде белгілейді.
Зілзала бұл ТЖ-дың пайда болуына әкеліп соғатын жойқын құбылыс.
Дүлей зілзала – ТЖ-дың пайда болуына әкеп соғатын зілзала.
Апат – аймақтық және ірі ауқымды ТЖ пайда болуына әкеліп соғатын жойқын құбылыс.
ТЖ-дың алдын алу – алдын ала жүргізілетін және ТЖ пайда болу қатерін мүмкін болғанынша азайтуға, адамдардың денсаулығы мен өмірін сақтауға, залал мен материалдық шығын мөлшерін кемітуге арналған шаралар кешені.
ҚР «Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туралы» Заңының 14 бабына сәйкес алдын алу шараларына:
- ғылыми зерттеулер, жағдайды қадағалау, бақылау, ТЖ пайда болуына әкеп соғуы мүмкін аварияны, зілзала мен апатты болжау және олардың қаупі туралы хабарлау;
- ТЖ саласындағы білімді насихаттау, халықты және мамандарды оқытып-үйрету, қорғану шаралары жатады.
ТЖ саласындағы ғылыми зерттеулердің негізгі міндеттеріне мониторинг әдістерін әзірлеу мен ТЖ-дың деректер банкін жасау, ТЖ болжау, алдын алу әдістерін, бақылау шаралары мен қорғану құралдарын, оларды болжау, зардаптарына баға беру, олардың алдын алу мен оларды жою жөніндегі нысаналы және ғылыми-техникалық бағдарламаларды әзірлеу кіреді. Жағдайды қадағалау, бақылау мен табиғи және техногендік сипаттағы ТЖ болжау қызметі (сейсмикалық қызмет, сел жүретінін хабарлау, радиациялық қауіпсіздікті бақылау жүйелері және басқалар) арнайы уәкілдік берілген мемлекеттік органдардың жанынан құрылады және ТЖ алдын алу мен оларды жоюдың мемлекеттік жүйесіне енгізіледі.
Төтенше жағдайларды жою жұмыстарына – ТЖ пайда болған кезде жүргізілетін және адамдардың өмірін сақтап, денсаулығын қорғауға, залал мен материалдық шығындар көлемін азайтуға, сондай-ақ ТЖ аймағының одан әрі таралмауына бағытталған құтқару, авариялық-қалпына келтіру жұмыстары мен басқа да кезек күттірмейтін жұмыстары жатады. Осы жұмыстарды уақтылы атқару мақсатында ауданның АҚ және ТЖ қызметтері құрылады. Бұл қызметтер атқаратын жұмыс түрлеріне қарай тиісті техникамен, жеке құраммен, қажетті құралдармен жасақталады.
«Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туралы» ҚР Заңының 20 бабында:
- «табиғи және техногендік сипаттағы ТЖ оқшаулау мен оларды жою жөніндегі бірінші кезекте жасалатын іс-қимылды бұрын бекітілген жоспарларға сәйкес ТЖ аймағында орналасқан авариялық-құтқару қызметтерінің күштері мен құралдарын тарта отырып жергілікті атқарушы органдар және ұйымдардың басшылары ұйымдастырады» делінген.
Бірінші кезекте жасалатын іс-қимыл кезінде халықты ТЖ аймағынан уақытша көшіру, ұйымдардың қажетті материалдық-техникалық ресурстарын жұмылдыру ісі жүргізілуі мүмкін, авария, зілзала немесе апат болған объектінің жұмысы тоқтатылады немесе тоқтатыла тұрады, ұйымдарда жұмыс режимі өзгертіледі, адамдардың жүріп-тұруы мен жүктердің тасымалдауына шектеу (карантин) енгізіледі, мүмкін болатын құтқару және авариялық-қалпына келтіру жұмыстары жүзеге асырылады, қоғамдық тәртіп пен объектілерді қорғау қамтамасыз етіледі.
ТЖ аймағының шекараларын ҚР заңдарына сәйкес тағайындалған ТЖ жою басшылары ҚР Үкіметі белгілеген ТЖ сыныптау негізінде айқындайды.
Табиғи және техногендік сипаттағы ТЖ жою кезінде шұғыл медициналық жәрдем көрсету қызметі дереу іске қосылады, ал ол жеткіліксіз болған жағдайда орталық мемлекеттік органдардың және ұйымдардың медициналық күштері мен құралдары тартылады (21-бап).
Халықтың, қоршаған ортаның және шаруашылық жүргізу объектілерінің табиғи және техногендік сипаттағы ТЖ кепілді қорғалуын қамтамасыз ету үшін алдын ала материалдық-техникалық, азық-түлік, медициналық және басқа ресурстардың мемлекеттік резерві жасалады (24-1 бап).
Аудан, және ауыл әкімдерінің төтенше жағдай саласы бойынша атқаратын міндеттері.Халықты, қоршаған ортаны және шаруашылық жүргізуші объектілерді төтенше жағдайлар мен олар туғызған зардаптардан қорғау мемлекеттік саясатты жүргізудің басым салаларының бірі болып табылады.
Қазақстан Республикасының табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы заңдары мемлекет Конституциясына негізделеді және өзге де мемлекеттік нормативтік –құқықтық актілерден түзіледі.
Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде халықты, аумақты және шаруашылық жүргізуші объектілерді қорғаудың негізгі принциптері мыналар:
· жариялылық және халық пен ұйымдарды болжанып отырған және пайда болған төтенше жағдайлар, олардың алдын алу мен оларды жою жөніндегі шаралар туралы хабардар ету;
· төтенше жағдайлар кезіндегі құтқару, авариялық- қалпына келтіру және басқа да кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізу міндеттілігі, шұғыл медициналық жәрдем көрсету, тұрғындарды және зардап шеккен қызметкерлерді әлеуметтік қорғау, төтенше жағдайлар салдарынан азаматтардың денсаулығы мен мүлкіне, қоршаған ортаға және шаруашылық жүргізуші объектілерге келген зиянды өтеу болып табылады.
Сонымен қатар бұл жерде Қазақстан Республикасының заңдары негізінде жергілікті халықтың төтенше жағдайлар саласында мемлекеттік әлеуметтік сақтандырылуға міндетті екенін ескеруге болады.
Қазақстан Республикасының «Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туралы» заңының 13 бабына сәйкес, аудандардағы, ауыл әкімдіктеріндегі жергілікті атқарушы органдар тиісті аумақтардағы төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою үшін жауапты.
· Аудан әкімдері мен ауыл әкімдері жергілікті ауқымдағы төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою жөніндегі шараларды ұйымдастырады;
· Төтенше жағдайлардың туындауына әкеп соққан аварияны, зілзала мен апатты тергеуге (зерттеуге) қатысады;
· Халықты (тұрғындарды) және ұйымдарды қауiпсіздік, төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою жөніндегі шаралар туралы хабардар етеді; (Қызметкерлер күшімен, БАҚ арқылы, байланыс және хабар беру құралдары арқылы, т.б. )
· Төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою жөніндегі шараларды ауданның бюджетінен, ауыл әкімдіктерінің қорларынан қаржыландырылады;
· Материалдық-техникалық, азық-түлік, медициналық және басқа ресурстардың жергілікті қорларын құрады және пайдаланады;
· Төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккен тұрғындардың және қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуын қамтамассыз етеді;
· Азаматтардың денсаулығы мен мүлкіне, қоршаған ортаға және шаруашылық жүргізуші объектілерге келтірген зиянның өтелуін қамтамасыз етеді;
· Медициналық қызмет көрсетуді ұйымдастырады;
· Азаматтар мен қызметкерлер төтенше жағдайлар аймақтарында тұрғаны және жұмыс істегені үшін өтемақылары мен жеңілдіктер алуды өз құзіреті шегінде қамтамасыз етеді;
· Төтенше жағдайлар жойылғаннан кейін қоршаған ортаны сауықтыру бағытында шаралар жүргізеді;
· Ұйымдар мен азаматтардың шаруашылық қызметін қалпына келтіру бойынша шаралар жүргізеді.
«Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туралы» ҚР Заңы №19-1 1996ж. 5 шілде (2006.10.01 берілген өзгерістер мен толықтырулар)