Мемлекеттік қызмет мүдделеріне қарсы қылмыстардың жекелеген құрамдары
Қызметтік өкілетті теріс пайдалану (307-бап)
Қызметтік екілетті теріс (заңсыз) пайдалану қызметтік қылмыстардың неғұрлым кең тараған түрі. Ол көптеген жағдайларда лауазымды адамның қылмыстық әрекетінің бастамасы, басқа ауыр қылмыстар жасаудың тәсілі де болып табылады. Бұл қылмыстың мәні мынада, лауазымды тұлға өзіне берілген қызметтік өкілетті пайдалана отырып, мемлекеттік аппарат жүйесіндегі құқық пен өкілетті зұлымдық жолына қолданады.
Оның кауіптілігі сол, лауазымды тұлға өзінің қызметтік өкілетін қызметтік мүддеге қарама-қайшы кылмыстық жолмен пайдалана отырып азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін, не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі түрде нұқсан келтіреді.
Мемлекеттік аппараттың қалыпты, занды қызметіне қол сүғу осы қылмыстың объектісі болып табылады. Осыған байланысты, егер қызметтік өкілетті теріс пайдалануды мемлекеттік органда, жергілікті өзін-өзі басқару органында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, Қазақстан республикасының басқа да әскер құрамдарында және әскери құрамдарда лауазымға ие адамдар жасаған жағдайларда ғана аталған қылмыс және 13-тарауда көзделген езге де қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілік туындайды. Мемлекеттік немесе жергілікті өзін-өзі басқару органдары болып табылмай-тын коммерциялық және өзге де ұйымдардағы қызметтік өкілетті теріс пайдаланған тұлғалар ҚК-тің 228-бабы бойынша осындай іс-әрекеттері үшін қылмыстық қудалау тәртібі тур-лы осы бапқа ескертпелерді ескере отырып жауап беруге жатады.
Қызметтік өкілетті теріс пайдаланудың объективті жақта-рының міндетті белгілері мыналар болып табылады: лауазым-ды адамның өзінің қызметтік өкілетін пайдалануы; лауазымды адамның қызмет мүдделеріне қайшы келетін белгілі бір іс-әрекет жасауы; егер осы іс-әрекет азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен занды мүдделеріне, не қоғамдық немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі түрде нұқсан келтірсе.
Мынадай іс-әрекеттер лауазымды адамның өзінің қызметтік өкілеттігін пайдалануы деп түсініледі, егер ол іс-әрекет оның қызметтік өкілетінен туындайтын болса және осы лауазымды адам атқарып отырған қызметінің арқасында берілген құқықтар мен міндеттерді жүзеге асыруға байланысты болса.
Заңда (ҚК-тің 307-бабы) кызметтік өкілетті пайдалану туралы айтылған. Осыған орай бұл қылмыстар негізінен әрекет жасау жолымен жасалады немесе әрекетсіздік жолымен де жасалуы мүмкін.
Лауазымды адамдардың құзыреті тиісті лауазымды адамдардың қызметі жөніндегі құқықтар мен міндеттердің шегін айқындайтын заңдармен, ережелермен, жарғылармен немесе нұсқаулықтармен не болмаса басқа да нормативтік актілермен
реттеледі Лауазымды адамның әрекеті деп лауазымды адам оның атқарып отырған қызмет жағдайының арқасында ғана жасай алатын әрекетін айтуға болады. Әрекетсіздік дегеніміз лауазымды адамның қызметтік парызы бойынша орындауға міндетті
қызметтік міндеттерін орындамауын айтамыз. Қызметтік жағын пайдаланумен байланысты емес жасалған әрекет немесе әрекетсіздік қызметтік өкілетті теріс пайдалану ретінде қаралуы мүмкін емес.
Лауазымды адамның іс-әрекеті егер ол қызметтік парызын бұзса, яғни лауазымды адам өзінің қызмет жағдайын қызметтік мүддеге қайшы етіндей пайдаланған жағдайда ғана ҚК-тің 307-бабы бойынша қылмыс ретінде каралады.
Егер іс-әрекет мемлекеттік аппаратқа қойылатын жалпы міндеттер мен шарттарға тұтастай алғанда, сол сияқты жекелеген билік органдары немесе басқару буындары орындайтын міндеттерге объективті түрде қайшы келетін болса, аппараттың белгіленген принциптері мен жұмыс тәртібін, ен алдымен зандылық принциптерін бұзған болса, қызметтік мүдделерге қарсы жасалған деп танылады.
Қызметтік мүдде деп, сондай-ақ нақты бір мекеменің, кәсіпорынның қалыпты жұмыс барысын, тәртіптің, жеке және заңды тұлғалардың заңды құқықтары мен мүдделерінің сақталуын түсіну керек.
Қызмет мүддесі талаптарының бұзылуы кай уақытта болса да лауазымды адамның іс-әрекетінің заңсыздык сипатымен көрінеді.
Егер лауазымды адамның қызметтік өкілетін заңсыз пайдалануының салдарынан заңда көзделген белгілі бір зиянды зардаптар туындайтын болса, осындай жағдайда ғана ол қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Қызметтік өкілетті теріс пайдалану, билікті және қызметтік өкілетті шамадан тыс асыру, қызметтегі әрекетсіздік, салақтық Қазақстан Республикасының жаңа Қылмыстық кодексінде азаматтардың құқтарымен заңмен қорғалатын мүдделеріне немесе қоғамның және және мемлекеттің заңмен қорғалатын мүддесін елеулі түрде бұзудан тұрады, яғни 1959 жылғы Қазақ ССР Қылмыстық Кодексіндегі зиян шектірудің нұсқалығынан айырмашылығын Қазақстан Республикасының жаңа Қылмыстық кодексі елеулі түрде бұзу" деген басқа терминді колданады. Мүдделерді бұзудың "елеулілігі" деген белгі — бірнеше жағдайға байланысты болатын баға беру түріндегі түсінік.
Азаматтардың, ұйымдардың құқықтары мен заңмен қорғлатын мүдделерін не қоғамның, мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерін елеулі түрде бұзуға, ең алдымен заңмен қорғалатын объектіге елеулі түрде материалдық және моральдық зиян келтіру жатқызылуы тиіс.
Материалдық зиян мүліктік, жеке бастық және ұйымдық зиян болып бөлінеді.
Мүліктік зиян қылмыс жасалған сәттегі республиканың зандарында белгіленген ең төменгі есептік көрсеткіштің еселенген мөлшеріндегі ақшаға сәйкес айқындалады.
Жеке басқа келтірілген зиян егер ол жәбірленушінің денсаулығына жеңіл, орта ауырлықтағы зиян келтірілсе, елеулі түрде деп санауға болады.
Ұйымдық зиян кәсіпорынның, мекеменің, ұйымның жұмысының тоқтап қалуымен, өнім шығарудың тыйылуымен, олардың, жұмысында кедергілер мен үзілістің болуы және т.б. түсіндіріледі.
Сондай-ақ азаматтардың негізгі конституциялық құқықтары мен бостандығының бұзылуы, тиісті органның беделін түсіру, ауыр қылмыстарды жасыру (бүркемелеу) т.б. елеулі зиян болып табылады.
Іс-әрекеттің нақты кәсіпорынның, мекеменің қалыпты жұмысына тигізген теріс әсерінің дәрежесі, келтірген шығынның мөлшері, зардап шегушілердің саны, моральдық, дене және мүліктік зиянның ауырлығы материалдық зиянның өлшемі болып табылады.
Мүліктік, жеке бастық және ұйымдық зияндар бағалау сипатында болады, ал моральдық зиянның дәрежесі акшалай бағалауға келмейді.
Азаматтардың, ұйымдардың құқықтары мен заңмен қорғалатын мудделерін не қоғамның, мемлекеттің заңмен корғалатын мүдделерін жоғарыда келтірілген бұзудың жиынтығы — істің нақты жағдайы бойынша лауазымды адамдардың аталған қылмыс түрлерінің қоғамға қауіпті зардаптарын құрайды.
Лауазымды адамдардың заңсыз іс-әрекеттері мен пайда болған зардаптарынын арасында келтірілген себептік байланыс болуы керек. КСРО Жоғарғы сотының Пленумы аталған санаттағы істерді қарау кезінде — соттарға өзінің 1990 жылғы 30 наурыздағы «Билікті немесе қызмет жағдайын теріс пайдалану, билікті немесе қызметтік өкілетті шамадан тыс асыру, салақтық және лауазымдық жалғандық туралы істер бойынша сот практикасы туралы» қаулысында келтірілген зиянның сипаттамасын, сондай-ақ «сотталушының әрекеті (әрекетсіздігі) мен зиянның арасындағы себептік байланыстың бар екендігі анықталуы және үкімде көрсетілуі тиіс» деп атап көрсетті.
Себептік байланыстың болмауы қылмыстык жауапкершілікті жоққа шығарады және қылмыс құрамының болмауына байланысты істі тоқтатуға негіз болып табылатындығы түсінікті.
Қылмыстық кодекстің 307-бабын қолдану үшін аталған кылмыс кұрамының субъективті жағын дәл анықтаудың маңызды мәні бар. Қаралып отырған қылмыс құрамының субъективті жағы кінәнің касақана нысанымен сипатталады, Қылмыстық кодекстің 307-бабының мәтінінде осыны тікелей нұсқап көрсетеді. Лауазымды тұлға қызмет мүдделеріне қарсы қасақана әрекет ете отырып, өз қылығының заңсыз екендігін біледі. Сонымен қоса, ол өзінің қызметтік өкілетін өзінің жеке мақсатына қол жеткізу үшін пайдаланғысы келеді, яғни іс-әрекетке, сондай-ақ лауазымды адамның кінәсінің зардаптарына қатысты тек қана тікелей, сол сияқты жанама қасақана түрде жасалған болуы да мүмкін.
Қазакстан Республикасының жана Қылмыстык кодексі бойынша қызметтік өкілдігін теріс пайдалану (307-бап), қызметтегі жалғандық (314-бап), биліктік әрекетсіздік (315-бап) үшін, егер аталған қылмысты адам пайдакүнемдікпен немесе өзге де жеке бас мүддесі үшін жасалған болса ғана жауапкершілік туындауы мүмкін. Осындай жағдайда жоғарыда аталған қызметтік қылмыстардың қылмыстық ниеті жаңа ҚК бойынша аталған қылмыстық құрамдардың міндетті элементтері болып табылады. Парақорлықтың да пайдакүнемдік себептен жасалатындығы жалпыға мәлім. Ақшаны, мүлікті, материалдық игіліктерді заңсыз алғысы келу, мемлекеттің немесе өзге бөтен біреудің мүлкін заңсыз алу және оны қайтарымсыз негізде өз меншігіне немесе басқа адамдардың пайдасына айналдыру немесе өзге де мүліктік пайда тапқысы келу не материалдық міндеттемелерді төлеуден босағысы келу — пайдакүнемдік мүдделілік ниетте болады.
Өзге де жеке мүдделілік, мүліктік емес сипаттағы, мансапқорлық, пайдакүнемдік, ықпалды қамқорлық көрсету, отбасылық, кек, қызғаныш, көре алмаушылық, нәрсенің шын тұрпатын боямалап көрсету, өзара қызмет көрсету, өзінің атқаратын қызметіне сәйкес еместігін бүркемелеу сияқты себептерді басшылыққа ала отырып пайда табуға ұмтылушылықтан көрінуі мүмкін.
Сонымен, жаңа Қылмыстық кодекс бойынша лауазымдық тұлғаның тарапынан пайдакүнемдік немесе жеке мүдделілік нақты жағдайда айқындалмаса, тіпті оның әрекеті заңмен қорғалатын мүдделерге зиян келтіргеннің өзінде де 307, 314, 315-баптар бойынша қызметтік қылмыс құрамын құрамайды.
Заңға сәйкес (ҚК-тің 307-бабына ескертпе) қаралып отырған қылмыстың субъектісі, біріншіден, тек қана мемлекеттік қызметші; екіншіден ҚК-тің 307-бабындағы ескертпеге сәйкес лауазымды тұлға болып табылатын мемлекеттік қызметші ғана болуы мүмкін.
Мемлекеттік қызметші түсінігі "Мемлекеттік қызмет туралы" Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 23 шілдедегі заңының 1-бабында берілген. Соған сәйкес ақы төленетін
мемлекеттік қызметте істейтін және мемлекеттік міндеттер мен
функцияларын іске асыру мақсатында мемлекеттік органдар атынан заңға сәйкес өкілеттікті жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының азаматы мемлекеттік қызметші болып табылады. Барлық мемлекеттік қызметшілердің ішінен Қазақстан Республикасының жаңа ҚК бойынша қаралып отырған қылмыстардың субъектісі болып танылуы мүмкін жекелеген лауазымды тұлғалардың санатгары ерекшеленеді: 1) өкімет өкілі
функциясын тұрақты, уақытша немесе арнайы өкілеттік бойынша жүзеге асыратын мемлекеттік қызметшілер; 2) мемлекеттік органда не Қарулы Күштерде немесе Қазақстан Республикасы басқа да әскер құрамында және әскери құрамаларда ұйымдастыру-реттеу немесе әкімшілік-шаруашылық функцияларды тұрақты, уақытша немесе арнайы өкілеттік бойынша жүзеге асыратын мемлекеттік қызметшілер.
Жаңа Қылмыстық кодекстің 309-бабы (лауазымды тұлғаның өкілеттігін иемдену), 314-бабы (қызметгік жалғандық) тек екі құрам бойынша ғана, бірақ лауазымды тұлға болып табылмайтын мемлекеттік қызметшіні немесе жергілікті өзін-өзі басқару органының қызметшісін қылмыс субъектісі ретінде айқындады.
Өз қызметінің түріне қарай оларға бағынышты қызметкерлерге қатысты ғана емес, сонымен бірге олардың әкімшілік бағынысында, оларға қызметтік бағыныстағы емес азаматтарға қатысты да өкіметтік функцияларды жүзеге асыру өкілеттігі берілген адамдар өкімет өкілі деп танылады.
Өкімет өкілдерінің функциялары өкіметтің барлық салаларында жүзеге асырылады — заң шығару; республикалық деңгейдегі, сол сияқты жергілікті өзін-өзі басқару деңгейіндегі атқарушылық және сотта. Парламент Мәжілісінің депутаттары мен Сенаттың сенаторлары, сондай-ақ мәслихаттардың депутаттары заң шығару өкілеті саласындағы өкімет өкілдері болып табылады. Қазақстан Республикасы үкіметінің мүшелері, жергілікті өзін-өзі басқару органдары қызметкерлері; құқық қорғау және бақылаушы органдардың лауазымды тұлғалары, Ішкі істер министрлігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, прокуратураның, кеден, салық қызметінің қызметкерлері мен шекарашылар және соған ұқсас тұлғалар. Сот өкілеті саласында барлық деңгейдегі соттардың судьялары өкімет өкілдері болып табылады. Арнайы өкілдік бойынша өкімет өкілінің функциясын жүзеге асырушы тұлғалар — белгілі бір кезеңге заңдық маңызы бар, өкімет өкілдігін жүзеге асыруға тартылған түрлі қоғамдық инспекторлар, ревизорлар, бақылаушылар.
Ұйымдық-өкімдік міндеттері дегенді ұжымға, жұмыс учаскесіне басқа қызметкерлердің қызметтік және өндірістік қызметтеріне басшылық жасауды, қарамағындағылардың еңбегін ұйымдастыруды, мемлекеттік органдарда, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінде немесе Қазақстан Республикасының өзге де әскери құрылымдарында мемлекеттік тәртіпті қолдауды жүзеге асыру жөнінде адамдарға тікелей басшылық жасаумен байланысты функциялар деп түсінген жөн. Лауазымды тұлғалардың осы санатына мыналар жатқызылады: министрліктердің, ведомстволардың басшылары, олардың орынбасарлары, мемлекеттік органдардың құрылымдық бөлімшелерінің басшылары.
Әкімшілік-шаруашылық міндеттер дегенді мемлекеттік мүлікке тікелей иелік етумен және басқарумен, оны сақтаумен, материалдық құндылықтарды жөнелтумен, алумен және босатуды ұйымдастырумен және бұларға мемлекеттік органда немесе жергілікті өзін-өзі басқару органында, тиісті мекемелерде және әскери құрылымдарда бақылау жасаумен байланысты функциялар деп түсіну керек. Бұлар қаржылық жабдықтау бөлімдері мен қызметтерінің бастықтары, қоймалардың, мемлекеттік дүкендердің меңгерушілері, құрылымдық бөлімшелердің бөлімдердің, филиалдардың және т.б. басшылары болуы мүмкін.
Арнаулы өкілеттік деген штаттық қызмет орнында есептелмейтін адамға белгілі бір ұйымдық-әкімдік реттеу немесе әкімшілік-шаруашылық міндеттерді не өкімет өкілі функциясын орындау тапсырылған деп түсініледі. Бұл арнаулы құқықтық актімен (бұйрықпен, еңбек келісімімен, сенімхатпен немесе еңбек ұжымының, қоғамдық ұйымның шешімімен) немесе ауызша өкім ету негізінде рәсімделуі мүмкін.
Мұндай жағдайда өкілеттік белгілі бір уақытқа немесе нақты тапсырманы орындау үшін беріледі.
Мемлекеттік органдарда біржақты кәсіби немесе қосалқы техникалық міндеттерді орындайтын мемлекеттік қызметшілер лауазымды тұлға болып табылмайды.
Түсінік беріліп отырған баптың қатаң жауапкершілікті көздейтін түрі (2-бөлігі), егер жауапты мемлекеттік қызмет атқаратын тұлға қызметтік өкілетті теріс пайдаланған жағдайда деп көрсетілген. Осы түсінік беріліп отырған бапқа (2-ескертпе) сәйкес деп "Мемлекеттің функцияларын және мемлекеттік органдардың өкілеттігін тікелей орындау үшін Қазақстан Республикасының Конституциясында, Қазақстан Республикасының конституциялық және өзге де зандарында белгіленген қызметті атқаратын, сол сияқты мемлекеттік қызмет туралы зандарға сәйкес мемлекеттік қызметшілердің саяси қызметін атқаратын адамдар жауапты мемлекеттік қызмет атқаратын адамдар деп түсініледі".
Мемлекеттік қызмет туралы заңмен бекітілген мемлекеттік қызметшілердің саяси қызмет атқаратын санатына жататын қызмет орнындағылар соларға тең. Қазақстан Республикасының жауапты мемлекеттік лауазымдарын атқаратындарға Қазақстан Республикасы Президенті, Қазақстан Республикасы Үкіметінің Төрағасы, Парламент палаталарының төрағалары, депутаттар, министрлер, Жоғарғы Соттың төрағасы, Бас Прокурор, Конституциялық кеңестің төрағасы және мүшелері, судьялар және Қазақстан Республикасының басқа да жоғары лауазымды адамдары жатады.
Талданып отырған баптың 3-тармағы жағдайға айрықша баға беру ретінде ауыр зардаптардың болуын атайды. КСРО Жоғарғы Соты Пленумының 1990 жылғы 30 наурыздағы "Билікті немесе қызмет жағдайын теріс пайдалану, билікті немесе қызметтік өкілетті шамадан тыс асыру, салақтық және лауазымдық жалғандық туралы істер бойынша сот практикасы туралы" қаулысының 10-тармағына сәйкес ауыр зардаптарға тиісті мемлекетгік органның немесе жергілікті өзін-өзі басқару органының жұмысында берекесіздік жасау, аса ірі материалдық шығын келтіру, денсаулығына ауыр зиян келтіру, егер осы зардаптар оны лауазымды адамдардың қызметтік екілетті теріс пайдалануымен жасаған жағдайда орын алады. Ауыр зардаптар баға беру санаты болып табылады. Осы айрықша бағалау белгісін тану нақты іс жағдайына байланысты болады және факті мәселесі болып табылады.
Егер лауазымды тұлғаның әрекеті пайдакүнемдік немесе өзге де жеке мүдделіктен жасалмаған болса немесе азаматтардың, ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерін елеулі түрде бұзбаса, ондай жағдайда мұндай тұлғалар қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды, ал оның әрекетінде тәртіптік теріс әрекет құрамының белгілері болса, онда тәртіптік жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
Билікті немесе қызметтік өкілетті асыра пайдалану (308-бап)
Билікті немесе мемлекеттік өкілетті асыра пайдалану қызметтік өкілетті теріс пайдаланудың айрықша түрлерінің бірі болып табылады. Қылмыстың бұл түрінің қызметті теріс пайдалану құрамынан (ҚК-тің 307-бап) айырмашылығы мынада: қызметті теріс пайдалану кезінде заңсыз әрекет лауазымды тұлғаның әдеттегі қызмет шеңберінде жасалады, ал асыра пайдалануда, керісінше, әрекет құқық пен өкілеттің осы шеңберінен ашықтан-ашық асып кетеді.
Талданып отырған қылмыс белгілерін анықтау үшін осы лауазымды тұлғаға берілген өкілеттік көлемін нақты айқындап алу керек.
Кінәлі лауазымды тұлға қаралып отырған қылмысты жасай отырып, солардың шегінен асып кететін құқықтар мен өкілеттер заңдармен және мынадай заңдық актілермен айқындалады: қаулылармен, өкімдермен, бұйрықтармен, нұсқаулықтармен, жарлықтармен, нұсқамалармен және т.б.
Билікті немесе лауазымдық өкілетті шамадан тыс асырудың және өзге қызметтік қылмыстардың да объектісі болып — мемлекеттік аппараттың қалыпты қызметі табылады.
Билікті немесе лауазымдық өкілетті шамадан тыс асыру тек қана олардың өздерінің қызметтік міндеттерін жүзеге асырумен байланысты жасалуы мүмкін. Егер кінәлі адамның жасаған іс-әрекеті оның қызметтік өкілеттігімен байланысты болмаса, Қылмыстық кодекстің 309-бабында көзделген қылмыс құрамы болмайды. Яғни жасалған заңсыз әрекеттер лауазымды тұлғаның құқығы мен өкілетіне толықтай байланыссыз болған жағдайда, бұл әрекеттер тиісті белгілер болған кезде қызметтік болып табылмайтын қылмыс ретінде қаралады.
Объективті жағынан алғанда бұл қылмыс міндетті түрде болуы керек деп саналатын 3 белгімен сипатталады: лауазымды тұлғаның оған заңмен берілген құқығы мен өкілетінің шегінен ашықтан-ашық асып кететін іс-әрекеттер жасауы; осы бапта келтірілген заң бұзушылық түріндегі қоғамға қауіпті зардаптар; тұлғаның өкілеттік шегінен асуы мен жасалған зардаптар арасында себептік байланыстың болуы.
КСРО Жоғарғы Сотының 1990 жылғы 30 наурыздағы жоғарыда аталған Пленумының қаулысындағы түсіндірме бойынша лауазымды тұлғаның өкілеттік шегінен ашықтан-ашық шығып кету әрекеттері мыналар болуы мүмкін: аталған ведомствоның жоғары лауазымды тұлғасы ғана жасауға құқығы бар әрекеттер (мысалы, университет факультетінің деканы факультеттің қызметкерлерін жұмысқа қабылдау және жұмыстан шығару функцияларын, осы функциялар заң бойынша жоғары оқу орнының ректорына ғана тән бола тұрса да, өзіне иемденеді); басқа ведомствоның лауазымды тұлғасының құзіретіне кіретін іс-әрекеттер (мысалы, тінтуді жүргізу құқығы анықтама, тергеу, прокуратура және сот органдарына берілген, сондықтан ауыл әкімінің тінту жүргізу туралы өкім беруі билікті асыра пайдалану ретінде бағалануы тиіс); алқалы органның кұзіретіне кіретін іс-әрекеттер (мысалы, заң бойынша мүгедектік туралы анықтаманы тек қана дәрігерлік-еңбек сараптама комиссиясы бере алатындығы айқын бола тұра емдеуші дәрігердің осындай анықтаманы өзі беруі); осы лауазымды тұлғаның құзіретіне кіре түрса да, бірақ занда және өзге де нормативтік актіде көрсетілген жағдайлар болғанда ғана жол берілетін іс-әрекеттер (қылмыскер шабуыл жасаған сәтте қару қолдану); бірде бір лауазымды тұлға немесе орган жасауға құқылы емес іс-әрекеттер (көбінесе, қарамағындағыларға қатысты жәбірленушінің жеке басын кемсітетін күш көрсету).
Билікті немесе қызметтік өкілетті қылмыстық асыра пайдалану құрамы болу үшін мемлекеттік не қоғамдық мүдделерге немесе жекелеген азаматтардың құқықтары мен заңмен қорғалатын мүдделерін елеулі түрде бұзу түріндегі және тұлғаның әрекеті мен зардаптардың арасында себептік байланыстар болуы қажет. Билікті немесе қызметтік өкілетті асыра пайдаланудың объективті жақтарының осы міндетті белгілерінің сипаты мен мазмұны қызметті теріс пайдалану кезіндегімен бірдей. Билікті немесе қызметтік өкілетті асыра пайдалану құрамының қажетті белгілерін елеулі түрде бұзудың болмауы Қылмыстық кодекстің 308-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікті жоққа шығарады.
Ашықтан-ашық заң бұзушылықтың белгілері жасалған іс-әрекеттердің берілген өкілеттіктердің шегінен асып кеткендігінің айқындығын, сөзсіздігін білдіреді.
Заңда көрсетілген зардаптар басталған сәттен бастап қылмыс, атап айтқанда азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерін елеулі түрде бұзу аяқталған болып есептеледі. Тергеу-сот тәжірибесінде бұл зардаптар көбіне дене күшін жұмсау және психикалық зорлық көрсету түрінде көрінеді.
Билікті асыра қолдану кезіндегі зорлық дене күшін жұмсау және психикалық болуы мүмкін. Билікті немесе қызметтік өкілетті асыра пайдалану кезінде дене күшін жүмсау жәбірленушінің денесіне зақым келтіру, ұрып-соғу, азаптау, бостандығынан заңсыз айыру түрінде көрінуі мүмкін. Билікті асыра қолдану кезінде психикалық зорлық, дене күшін жұмсаумен қорқыту және денеге жарақат салумен, өліммен қорқыту жәбірленушінің белгілі бір әрекет немесе әрекетсіздікті істеуге және басқадай нысандарды мәжбүрлеп қорқытуы арқылы көрініс табады.
Мұндай қорқытулар субъект тарапынан сөзбен, жазбаша, дене қозғалысы, ым көрсету аркылы жүзеге асырылады және де осы қорқытулар жәбірленушінің жеке басына ғана емес, оның туыстары, жақындары жөнінде де болуы мүмкін.
Билікті немесе қызметтік өкілеттілікті асыра пайдаланудың объективтік жағының қажетті белгісі — лауазымды адамның құқықтары мен өкілеттігі шегінен көрінеу асып кетуі мен одан тікелей туындаған занда көрсетілген зардаптың біреуінің орын алуының арасындағы себепті байланыстың болуы болып табылады.
Талданып отырған қылмыс субъективтік жағынан тек қана қасақаналықпен жасалады. Кінәлі адам билікті немесе қызметтік өкілеттікті көрінеу асыра пайдаланғанын және оның азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерін елеулі түрде бүзуға әкеп соғатынын сезеді және өз өкілеттігін асыра пайдалану арқылы құқық қорғау объектілеріне зиян келтіруді тілейді немесе осы зардаптардың болуын тілемесе де оған саналы түрде жол береді.
Қылмыстық ниеттің іс-өрекетті саралау үшін ешқандай әсері болмайды.
Қылмыстың субъектісі болып өкімет өкілі немесе басқадай лауазымды адамдар танылады. Олардың түсінігі Қылмыстық кодекстің 307-бабының ескертуінде берілген. Талданып отырған баптың 2-тармағында бұрынғы заңда болмаған осы қылмыстың ауырлататын түрі — жауапты мемлекетгік лауазымда істейтін адам жасаған билікті немесе қызметтік өкілеттікті асыра пайдаланған әрекеттер үшін жауаптылық көзделген. Жауапты мемлекеттік қызмет атқаратын адамдардың да түсінігі Қылмыстық кодекстің 307-бабының 2-ескертуінде көрсетілген.
Осы баптың (308) 3-тармағында осы қылмыстың аса ауырлататын түрі — ауыр зардаптарға әкеп соққан әрекет, сол сияқты олар күш қолдану немесе оны қолданамын деп қорқыту арқылы не қару немесе арнаулы құралдар қолдану арқылы жасалғаны үшін жауаптылық белгіленген. Ауыр зардаптарға жәбірленушіге ірі материалдық залал, абайсызда ауыр дене жарақатын келтіру немесе оның абайсызда қаза болуы жатады.
КСРО Жоғарғы Сотының 1990 жылғы 30 наурыздағы "билікті немесе қызмет жағдайын теріс пайдалану немесе өкілетті шамадан тыс асыру, салақтық, қызметтік жалғандық істері бойынша сот тәжірибелері туралы" қаулысының 13-тармағына сәйкес билікті немесе қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану барысында жәбірленушіге қасақана ауыр зардап келтіру немесе оны қасақана өлтіру қылмыстардың жиынтығын құрайды деп тура көрсетілген.
Қорқытудың түсінігіне Қылмыстық кодекстің 181-бабын талдағанда, ал қару немесе арнаулы құралдардың анықтамасына Қылмыстық кодекстің 251-бабын зерттегенде тоқталып өткенбіз.
Лауазымды адамның өкілеттігін иемдену (309-бап)
Мемлекет мемлекеттік аппараттың өздерінің қызметтік өкілетін теріс пайдаланатын лауазымды тұлғаларымен қалай күрессе, лауазымды тұлғаның атағын өз бетінше иемденуге тырысатын өзге қызметкерлермен де солай күреседі. Шындығында осындай әрекеттер мемлекеттік аппараттың қалыпты дұрыс жұмысын бұзады және сонымен азаматтардың, қоғамның және мемлекеттің мүддесіне елеулі түрде зиян келтіреді. Осы жағдайды ескере отырып, Қазақстан Республикасының жаңа Қылмыстық кодексінің 309-бабы лауазымды тұлға болып табылмайтын мемлекеттік қызметшіге лауазымды тұлғаның өкілетін иемденгені үшін жауапкершілік белгілейді.
Мемлекеттік аппараттың жекелеген буындарының қалыпты дұрыс қызметі түсіндіріліп отырған құрамның объектісі болып табылады.
Аталған құрамның объективтік жағы лауазымды тұлға болып табылмайтын мемлекеттік қызметші өздігінен, алдау жолымен лауазымды тұлғаның өкілетін иемденеді және оны азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін елеулі түрде бұзатын қоғамға қауіпті әрекеттер жасау үшін пайдаланады.
Қылмыс белсенді әрекеттер жолымен жасалады. Қылмыс жасаушы кінәлі адам мемлекеттік қызметші — өзін белгілі бір лауазымды тұлға ретінде көрсетеді және іс жүзінде әлгі тұлғаның өкілетін заңсыз орындайды. Лауазымды тұлғаны иемдену нысандары занда керсетілмеген, бірақ олар барынша әр түрлі болуы мүмкін. Мысалы: қатардағы қызметкер — аудандық әкімнің референті келушілерді қабылдайды да солардың арыздары бойынша шешім қабылдайды; қандай да болмасын құжаттарға өз бастығының атынан қол қояды немесе қатардағы полиция өзін аудандық ішкі істер басқармасының (АІІБ) жедел қызметінің қызметкері ретінде таныстырады және азаматтарды тұтқынға алу қаупін төндіріп, өзіне керекті заттарды алады және т.б.
Кінәлі адам лауазымды тұлғаның өкілетін заңсыз әрекеттер жасау мақсатымен иемденеді, соның нәтижесінде азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі түрде нұқсан келтіріледі, яғни осы қылмыс құрамының кінәлінің қоғамға қауіпті әрекеттерінен басқа объективті жағының міндетті белгілері — азаматтардың немесе ұйымдардың заңмен қорғалатын мүдделерін елеулі түрде бұзу түріндегі қоғамға қауіпті зардаптарының орын алуы болып табылады. Осындай заң бұзушылықтың мазмұны мен нысаны қызметгік өкілетті теріс пайдалану құрамына талдау жасаған кезде ашылды (ҚК-тің 307-бабына түсіндірмені қараңыз).
Талданып отырған құрам өзінің құрылымы бойынша материалдық құрамға жатқызылатындықтан, осы құрамның объективтік жағының тағы бір міндетті белгісі болып — кінәлінің заңсыз әрекеттері мен орын алған зардаптар арасындағы себептік байланыстың болуы болып табылады. Азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделері елеулі түрде бүзылған сәттен бастап қылмыс аяқталған деп есептеледі.
Лауазымды тұлғаның өкілетін иемденудің субъективтік жағы тікелей қасақаналықпен жүзеге асырылады.
Қаралып отырған қылмыс субъектісі лауазымды тұлға болып табылмайтын мемлекеттік қызметші болады. Егер осындай әрекеттерді мемлекеттік қызметші болып табылмайтын басқа жат тұлғалар жасаған болса, онда олар бұл бап бойынша жауапкершілік атқармайды, бірақ олардың әрекеті істің нақты жағдайына байланысты ҚК-тің басқа баптары бойынша саралануы мүмкін, мысалы: тұрғын-жайдың қол сұғылмаушылығын бұзу, денеге жарақат салу, пара беруге мәжбүр ету, қорқытып талап етушілік немесе алаяқтық және т.б.
Осы қылмыс қызметтік өкілетті теріс пайдалану құрамынан мынадай адамдар бойынша ажыратылады.
Қылмыстық кодекстің 307-бабында көзделген қылмысты жасау кезінде — кінәлі адам іс жүзіндегі занды өкілетті қызмет мүддесіне нұқсан келтіре отырып, оны теріс пайдаланады. ҚК-тің 309-бабында айтылып отырған қылмыстың мәні кінәлінің өзінде жоқ бола тұра лауазымды адамның өкілетін иемденуінде болып отыр.
Қылмыстық кодектің 307-бабындағы қылмыстың субъектісі тек қана лауазымды тұлға, ал иемдену субъектісі (ҚК-тің 309-бабы) — занда белгіленген тәртіппен лауазымды тұлға болып табылмайтын мемлекеттік қызметші.
Кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысу (310-бап)
"Қазақ КСР-інде шаруашылық қызметтің бостандығы және кәсіпкерлікті дамыту туралы" 1990 жылғы 11 желтоқсандағы Қазақ КСР Заңына сәйкес кәсіпкерлік қызмет деп өзара тиімді нәтижелер мен табыс алу мақсатындағы кез келген қызмет түсініледі (1-бап), мұнда кез келген меншік түріндегі кәсіпорын және солар құрған бірлестіктер құрыла алады және жұмыс істей алады. Кәсіпкерлік қызметтің саласында, егер оған заңмен тыйым салынбаған болса, шектеу койылмайды.
Түсіндіріліп отырған қылмыстың объективті жағы — субъектінің әрекеті осы ұйымға жеңілдік және артықшылық берумен немесе оған басқа нысанда қамқоршы болумен байланысты жағдайда, не лауазымды тұлғаның кәсіпкерлік қызметпен айналысатын ұйым құруымен, не осыған қатысты тыйым салынғандығына қарамастан осындай ұйымды басқаруға қатысуымен түйінделеді.
Кінәлі лауазымды тұлға өзінің атқарып отырған қызметтік өкілеттігінің аркасында оны өз мүддесіне теріс пайдалана отырып, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын ұйым құрады, не осындай ұйымға өзі немесе өз адамы арқылы басшылық етуге қатысады. Әрекеттің қайсы нысаны болмасын, кінәлі адамның оған заңмен берілген лауазымдық өкілетті пайдалануы арқылы жасалады. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының "Мемлекеттік қызмет туралы" 1999 жылғы 23 шілдедегі заңыңда мемлекеттік қызметшіге басқа қызметпен, соның ішінде педагогтік, ғылыми және жеке творчестволық қызметті қоспағанда, кәсіпкерлікпен айналысуға тікелей тыйым салынатындықтан, кінәлі адамдардың аталған әрекет нысандары заңсыз болып табылады.
Осы қылмыс үшін қылмыстық жауапкершіліктің қажетті шарты болып кінәлі адамның іс-әрекетінің ұйымды құру немесе оны басқаруға қатысу (осы кәсіпкерлік ұйымға жеңілдіктер мен артықшылықтар берумен), мысалы, салықтық, сараптамалық кезектен тыс тіркеу және құжат беру, тауарларды, шикізаттарды немесе өзге де материалдарды кезектен тыс алу, аукциондарға қатысу (немесе өзге де қамқорлықтар жасаумен), тексерулерден, ревизиядан босату, олардың қызметі үшін, қолайлы жағдайлар жасау және т.б.) арадағы тікелей байланыстар болып табылады.
Заңда белгіленген шектеулерді бұзған мемлекеттік қызметшінің барлық өзге де іс-әрекеттері тәртіптік теріс қылықтар ретінде бағалануы мүмкін.
Осы құрамның ауырлататын түріне — мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарының лицензия беру жөніндегі өкілеттіктерді мемлекеттік емес ұйымдарға, соның ішінде қоғамдық бірлестіктерге беруге әкеп соқтырған әрекеттер жасағаны жатады (Қылмыстық кодекстің 310-бабының 2-тармағы) яғни лицензия туралы заң шартын бұза отырып мемлекеттік органдардың лауазымды адамдары лицензияға байланысты өздері жүзеге асыратын өкілдікті мемлекеттік емес, қоғамдық бірлестіктердің жүзеге асыруына жол береді.
Бұл құрам формальдық санатқа жатқызылады, сол себепті 310-бапта көрсетілген әрекеттер жасалған сәттен бастап қылмыс аяқталған деп саналады.
Түсіндіріліп отырған қылмыстың субъективтік жағы тек тікелей қасақаналықпен ғана сипатталады.
Қылмыстың осы құрамының субъектісі кызмет жағдайы бойынша Қылмыстық кодекстің 310-бабында (1,2-тармақтарында) көзделген әрекеттерді (лауазымды тұлға туралы түсінікті ҚК-тің 307-бабына түсіндірмеден қараңыз) жасауға мүмкіндігі бар лауазымды тұлғалар болуы мүмкін.
Пара алу (311-бап)
Қоғамымызға парақорлық қандай зиян келтіріп отырғаны белгілі. Бұл лауазымды қылмыстардың өте қауіпті түрі болып табылады. Оның қауіптілігі пайдақорлық ниетпен жасалынатын қылмыстармен араласып, қосылып жасалуында (көбіне ұрлықпен). Парақорлық мемлекеттік аппарат қызметінің дұрыс жүмыс істеуіне бөгет жасайды және олардың беделін кетіруге, өкімет және атқару органдарының қызметінде әділдік қағидасын бұзуға әкеліп соқтырады.
Парақор көптеген лауазымды тұлғалардың адал екеніне күмән туғызып, масқаралау арқылы сенімсіздік келтіріп қана қоймай, жалпы мемлекетке, конституциядағы азаматтардың мүдделері мен құқықтарын шектеуге, заңдылық қағидаларының бұрмалануы және Қазақстан Республикасының нарықтық реформаларының дұрыс жүргізілуін тежейді.
Парақорлықтың ұғымы үш қылмыс құрамымен түсіндіріледі. Пара алу (311-бап); пара беру (312-бап); парақорлыққа делдал болу.
Лауазымды адамның өзі немесе делдал арқылы пара берушінің немесе оның өкілі болған адамның пайдасына жасаған іс-әрекеті (әрекетсіздігі) үшін ақша, бағалы қағаздар, өзге де мүлік, мүлікке құқығы немесе мүлік сипатындағы пайда түрінде пара алуы, егер мұндай іс-әрекет (әрекетсіздік) лауазымды адамның қызметтік өкілеттігіне кіретін болса, не ол қызметтік жағдайына байланысты осындай іс-әрекетке (әрекетсіздікке) мүмкіндік жасаса, сондай-ақ жалпы қамқоршылығы немесе қызметі бойынша жол берсе — ол заңға сәйкес пара алу деп танылады.
Пара алудың объектісі мемлекеттік аппараттың дұрыс қызметі, беделі болып табылады.
Қылмыстың қажетті белгілерінің бірі параның заты болып табылады.
Пара заты болып табылатындар: ақша, бағалы қағаз, материалдық игіліктер, өтеусіз төлемдер, төленетін қызметті тегін көрсету, қымбат заттар мен техника, антикварлық, жеке коллекциялық заттар және де мүлікке құқық беретін жеңілдіктер (құрылыс жүргізу, қалпына келтіру, жөндеу жұмыстары, жол жүру билеті, жеңілдік арқылы қарыз алу және т.б.).
Қазіргі кезеңде нарықтық экономика жағдайында парақорлықтың жаңа түрлері туындаған: паралар біріншіден ғимарат, офис, жер алу үшін, қолда жоқ ақша қаражатын нақты ақшаға аудару, пайдалы банктік несие алу үшін алынады. Екіншіден параның өзі жаңа мәнге ие болды. Лауазымды тұлғаға аталған не басқа да қызметтері үшін банктен есеп шоттары ашылып, оларды меншікке ие жасап, оларды әр түрлі сылтаулармен шетелге белгілі бір маман, консультант ретінде шығуын: жол жүруін төлеп және де бірталай көп ақша қаражатын СКВ-мен берілуін ұйымдастырады.
Пара ретінде автомобильдер, ақша, мал, кәсіптік тауарлар, азық-түліктер, бағалы заттар және де басқадай материалдық мәндегі игіліктер беріледі.
Тәсіліне қарап параны алу екі түрге бөлінеді: ашық және көмескі түрлер.
а) Ашық пара беруде пара заты лауазым адамының өзіне
тапсырылады немесе оның келісімі бойынша жақындарына
тапсырылады, пара үшін істелетін іс-әрекеттер жөнінде келісіледі.
б) Көмескі түрде пара беруде пара затын беру сырттай қарағанда заңды сияқты болып көрініп, бүркемелеу жолымен кінәліге тапсырылады.
Олар лауазымды тұлғаға ақшаны қайтарылмайтын негізде "карызға" беру, оларға айлық, бір рет төленетін әр түрлі ақы, картадан өтірік ұтылу; пара алушының отбасы мүшелерін немесе туыстарын жалған жұмысқа алу, лауазымды тұлғаға еңбек шарты, контракт немесе кооператив мүшелігі бойынша бір жұмыс істеді деп жалақы, бағалы заттар беру және де лауазымды тұлғаға нақты істеген жұмысына немесе көрсетілген қызметіне ақысынан асыра отырып төленуі.
Тапсырылу уақытына қарай пара алудың екі түрі болады: оның біріншісі параға сатып алу, яғни лауазым адамының параны мүдделі жақтың өзіне тиімді іс-әрекеттерді істегенге дейінгі мерзімде тапсыруы.
Екіншісі пара — сыйлау, мұндай пара лауазым адамына келісілген іс-әрекеттерді істегеннен кейін "алғыс" ретінде тапсырылады.
Пара үшін жүзеге асырылатын іс-әрекеттің мәніне қарай бұл қылмыс тағы да екі түрге бөлінеді: 1) пара-сыйлық (мздоимство) — пара лауазым адамына заңға сәйкес жүзеге асырған әрекеттері үшін тапсырылады. Мысалы іс-әрекетінде қылмыстың құрамы жоқ адам жөнінде тергеушінің істі қысқартып пара алуы.
2. Пара — ақы (лихоимство). Лауазым адамына заңсыз әрекеттерді жүзеге асырғаны үшін тапсырылады. Мысалы, көрінеу ұрлық жасаған адамды қылмыстық жауапқа тартпау арқылы тергеушінің немесе прокурордың пара алуы.
Объективтік жағынан алғанда пара алу лауазымды адамның пара берушінің немесе оның өкілі болған адамның пайдасына жасаған іс-әрекеті арқылы сипатталады. Пара алу кінәлінің қызмет жағдайын пайдалану арқылы жүзеге асырылады. Қылмыстық кодексте лауазымды адамның қызмет бабын пайдалануы арқылы пара алуы мынадай тұрғыда сипатталған: іс-әрекет лауазымды адамның қызметтік өкіліне кіретін болса не ол қызметтік жағдайына байланысты осындай іс-әрекетке мүмкіндік жасаса, сол сияқты жалпы қамқоршылығы немесе қызметі бойынша жол берсе.
Кінәлінің пара алуының бірінші нысаны лауазымды адамның қызметтік өкіліне кіретін іс-әрекеттерді жасауы арқылы пара алуы (басшылык жұмысқа аламын немесе жұмыстан шығарамын деп пара алуы; қызметін жоғарылату немесе басқадай көтермелеу жасағаны үшін қол астындағы бағынышты адамнан пара алуы; немесе ревизия, материалдық игіліктерге тексеру жүргізбегені, жетпейтін заттарды тексеру қорытындысында көрсетпегені үшін) пара алуы. Қызметіне байланысты пара алу пара алудың екінші бір нысаны болып табылады. Бұл жерде лауазым адамы өз құзіретіне жатпайтын іс-әрекеттерді жүзеге асыру үшін өзінің беделін, қызметтік байланысын пайдалану арқылы басқа бір лауазым адамына ықпал ету арқылы пара алады.
Мысалы: прокурордың тергеуші тергеп жатқан іс бойынша пара алып, өз лауазымын пайдаланып, тергеуді заңсыз қысқарттыруға ықпал етуі т.б.
Қызмет бабын пайдаланудың үшінші бір нысаны қамқорлық жасау немесе қызметі бойынша жол беру болып табылады.
Қамқорлық жасауға — тамыр-таныстық бойынша қызметке орналастырып пара алу, негізсіз сыйлықтар беру, көтермелеулер көрсету немесе өте кұнды заттарды босату арқылы пара алулар сияқты әрекеттер жатады.
Қызмет бойынша жол беруге — қол астындағы бағынышты адамдардың заңсыз, қылмысты әрекеттеріне тыйым салмау, жұмысқа мас болып немесе келмей қойғанын елемеу, басқа да заңсыздықтарға жол бергенін көре тұра, жоғарыда көрсетілген адамдардан пара алу арқылы шара қолданбау әрекетгері жатады.
Пара лауазымды тұлғаға пара берушінің мүддесі үшін қызметін пайдаланып белгілі бір әрекетті істеуге немесе істемеу үшін беріледі.
Пара берушінің мүддесіне тек оның жеке мүддесі емес, сондай-ақ оның қорғап отырған үшінші жақтың — жақын туыстарының, өзі қызмет істейтін заңды ұйымның мүдделері де жатады.
Пара алу — формальдық қылмыс құрамға жатады. Ол лауазым адамының келісілген параның бір бөлігін алған уақыттан бастап аяқталған деп танылады. Егер кінәлі адам өз ырқына байланысты емес себептермен параны ала алмаса, онда оның әрекеті пара алуға оқталғандық деп танылады.
Пара алудың субъективтік жағы тікелей қасақаналықпен, пайда табу мақсатымен сипатталады. Кінәлі адам өз қызмет жағдайын пайдалану арқылы іс-әрекет ететінін және соны тілей отырып, пара алып отырғанын сезеді. Пара алуда жанама қасақаналық пен абайсыздық болу мүмкін емес. Пара алушының қасақаналығы, қызмет жағдайына байланысты пара берушінің мүддесіне байланысты әрекетті істеу немесе істемеу аркылы, заңсыз сыйакы алуымен көрінеді және де лауазымды тұлғаның ниеті пайда табу мақсатында болады.
Заңда пара алудың ауырлататын, аса ауырлататын бірнеше түрлері көрсетілген.
Лауазымды адамның заңсыз әрекет (әрекетсіздігі) үшін пара алуы (311-баптың 2-тармағы). Мысалы: лауазым адамы пара алып қылмыс болып табылмайтын заңға сыйымсыз іс-әрекеттерді істейді. Кезексіз пәтер беру, жұмысқа мас болып келгендігіне шара қолданбау, ұсақ ұрлығы үшін адамды тәртіпке шақырмау т.б. Мұндай әрекеттер үшін кінәлі адам Қылмыстық кодекстің 311-бабының 2-тармағы бойынша жауапқа тартылады. Ал лауазым адамы пара алып басқа бір қылмыс болып табылатын заңсыз әрекетке жол берсе (мысалы, пара алып айыпкерді тұтқыннан негізсіз босатса, немесе оған тым жеңіл жаза тағайындаса) онда оның әрекеті қылмыстардың жиынтығы бойынша саралануға жатады.
Пара алудың ауырлататын екінші бір түрі — жауапты мемлекеттік лауазымды атқарушы адамның пара алуы болып табылады (311-баптың 3-тармағы).
Жауапты мемлекеттік қызмет атқаратын адамның түсініп ҚК-тің 307-бабының ескертуінің 2-тармағында берілген.
Пара алудың аса ауырлататын түрлеріне мыналар жатады:
а) қорқытып алу жолымен;
б) адамдар тобы алдын ала сөз байласып немесе ұйымдасқан топ;
в) ірі мөлшерде жасалса;
г) әлденеше рет жасалса, — (Қылмыстық кодекстің 311-бабының 4-тармағы) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Пленумының "Парақорлық үшін жауапкершілік жөніндегі заңдарды Соттардың қолдану тәжірибесі туралы" 1995 жылғы 22 желтоқсандағы №9 қаулысына сәйкес лауазымды адамның пара берушінің мүддесіне залал келтіретін әрекеттер істелетінін айтып қорқыту әрекетін жасап пара талап етуі немесе соңғыны өзінің құқықтық мүдделеріне тиетін зиянды болдырмау мақсатында пара беруге мәжбүр болу жағдайына жеткізу параны қорқытып алу болып табылады.
Параны қорқытып алуға, мысалы маманды жұмыстан шығарамын деп қорқытып пара талап ету; немесе жәбірленушіге ашық түрде пара бер деп айтпаса да, оның мәселесін (үй алу, жұмысқа тұру) ұзақ уақыт шешпей сандалту арқылы пара беруге мәжбүр етеді; мұндай әрекеттер Қылмыстық кодекстің 311-баптың 4-тармағы "а" тармақшасымен саралануға жатады.
Пара алудың аса ауырлататын тағы бір түрі — адамдар тобы алдын ала сөз байласқан немесе ұйымдасқан топ жасаған осы әрекеттер (311-баптың 4-тармағының "б" тармақшасы).
Егер осы қылмысты бірлесіп жасауға алдын ала келіскен екі немесе одан да көп лауазымды адам қатысса, онда параны алдын ала келісім бойынша бір топ адам алды деп есептеледі.
Осыған орай бұл тұрғыдағы құрам болу үшін мына шарттардың болуы қажет:
1) пара алу туралы екі немесе одан көп лауазым адамының
арасында пара алу туралы келісімнің болуы;
2) бұл келісімге пара алғанға дейін қол жеткізу;
3) келісімге келген әрбір лауазым адамы өз қызметін пайдалана отырып пара берушінің мүддесіне белгілі бір іс-әрекеттерді жасайды;
4) келісімге қатысқан әрбір лауазым адамы параның тиісті
бөлігінен өз үлесін алады.
Ұйымдаскан топ болып пара алуға лауазым адамдарының осы әрекетпен шұғылдану үшін тұрақты топқа бірігуі жатады. Ұйымдасқан топтың түсінігі Қылмыстық кодекстің 31-бабының 3-тармағында берілген.
Пара алудың аса ауырлататын тағы бір түрі — ірі мөлшердегі пара алу болып табады (311-баптың 4-тармағының "а" тармақшасы).
Заңға сәйкес бес жүз айлық есептік көрсеткіштен асатын ақша сомасы, бағалы қағаздардың, өзге де мүліктің немесе мүліктік сипаттағы пайданың құны ірі мөлшердегі пара деп танылады (311-баптың ескертуі).
Пара алудың аса ауырлататын түріне — әлденеше рет пара алу жатады. (311-бап 4-тармағының "г" тармақшасы). Әлденеше рет жасалатын қылмыс түсінігі Қылмыстық кодекстің 11- бабында берілген.
Заңға сәйкес пара затының құнын толық белгілеудің де өзіндік маңызы зор. Кейбір реттерде сыйлық ретінде пара алу құны іс-әрекетті қылмысқа жатқызуға немесе жатқызбауға негіз болады. Осыған орай қылмыстық занда — егер сыйлықтың құны екі айлық есептік көрсеткіштен аспаса, лауазымды адамның бірінші рет сыйлық ретінде мүлік, мүлікке немесе өзге мүліктік пайдаға құқық алуы бұрын жасалған заңды әрекеті (әрекетсіздігі) үшін алдын ала уағдаластық болмаған жағдайда маңызы аз екендігіне байланысты қылмыс болып табылмайды және тәртіптік ретпен қудаланады деп белгіленген (ҚК-тің 311-бабының ескертуінің 2-тармағы).
Бұл жерде алдын ала уағдаласпай жүзеге асырылған осы әрекеттер үшін лауазымды адамдар тәртіптік жазаға тартылады, ал ондай уағдаластық бар болған ретте олардың іс-әрекеті қылмыс қатарына жатқызылып, кінәлі 311-баптың тиісті тармақтары бойынша жауапқа тартылады.