Тараудың қысқаша мазмұны. ЮНЕСКО (1977) жасаған картада континенттердегі шөлдер 4 биоклиматтық аймаққа бөлінген: 1
ЮНЕСКО (1977) жасаған картада континенттердегі шөлдер 4 биоклиматтық аймаққа бөлінген: 1. Аса құрғақ аймақ, 2. Құрғақ аймақ, 3. Жартылай құрғақ аймақ, 4. Субгумидті аймақ. Жалпы бұл картадағы мәліметтер бойынша құрғақ территориялар көлемі 48 млн шаршы км, яғни құрылықтың 1/3 бөлігін алып жатыр. Шөлдер топырақ типіне байланысты 9 типтерге бөлінеді (құмды, сары топырақты, сазды топырақты, саз балшықты, майда тасты және құмды, майда тасты гипстенген, тасты және кебірлі).
Жауын-шашынның динамикалылығына байланысты шөлдер 3-ке бөлінеді: 1) жағалаулық - ыстық жағалаулардың суық теңізбен шекаралас жерлері; 2) Орталық Азиялық типтес; 3) Жерорта теңіздік типтес.
Шөлдер ауданы Орта Азияда және Қазақстанда айтарлықтай шамамен 1 млн шаршы км (2 кесте). Оның ішінде Қарақұм 350 мың шаршы км, Қызылқұм 300 мың шаршы км, тасты шөлдер (Үстірт, Маңғыстау) 200 мың шаршы км. Бетпақдала 75 мың шаршы км. Шөлдер Еуропадан басқа барлық материктерде кездеседі. Шөлдердің негізгі белгісі ол - ылғалдың жеткіліксіздігі (50-200 мм жылына) шөлдерде жауын-шашын болғанмен, топыраққа сіңбей буланып ұшып кетеді.
Шөлдер өздерінің табиғаттағы орналасуына байланысты бірнеше типке бөлінеді:
1) Континентальдық шөлдер
2) Жағалаудағы шөлдер материктердің батыс жағалауларындағы шөлдер
Құрғақтылығының дәрежесіне байланысты шөлдер:
1) Аса құрғақ – 75-100%
2) Аридті (құрғақ) – 50-75%
3) Жартылай аридті – 20-40%.
Шөлдерде мал шаруашылығымен айналысуға қолайлы жағдай бар (қой, түйе). Шөлдер арқылы өтетін Еділ, Ахтуба, Сырдария, Әмудария сияқты үлкен өзендердің алқаптарында және жайылымдарында көкөніс, күріш, мақта кейбір жерлерде жүзім өсірумен айналысады.
Шөл өсімдіктері эромофиттердің спецификалық эколого-физиономиялық ерекшеліктері бар. Ол ерекшеліктер туралы С.А. Никитин (1968) талдауын білу қажет.
Шөл өсімдіктері және оларды классификациялау туралы әртүрлі көзқарастар бар Родин (1958), Курочкина (1961), Коровин (1963), Закиров (1978).
П.И. Овчинников (1957) өсімдіктердің шығу тегіне байланысты өз классификациясын ұсынды. Овчинниковтың идеясын ары дамытып Р.В. Камелин (1974) Қазақстан және Орта Азия жазықтықтары өсімдіктерін, бірнеше флороценотиптерге бөлді.
А.В. Прозоровский (1940) сүректену дәрежесін және су режимінің ерекшеліктерін негізге алып өз классификациясын ұсынды.
Шөл өсімдіктері жабыны гидротермиялық жағдайға байланысты солтүстіктен оңтүстікке қарай өзгереді. Соған байланысты ол 3 климаттық аймақ тармақтарына бөлінеді.
Солтүстік, Ортаңғы және Оңтүстік шөлдері болып шөл аймағының шекарасында өсімдіктер қауымдарының географиялық әртүрлілігін байқауға болады. Оларды ендіктегі және бойлықтағы бағыттарда ауысқанында байқауға болады.
Шөлдердің негізгі ботаникалық-географиялық типтері болып: 1) Жоңғар Солтүстік Тұрандық, 2) Оңтүстік Тұрандық болып саналады. Өз кезегінде Жоңғар Солтүстік Тұрандық типі 9 региондық варианттарға, ал Оңтүстік Тұран типі 3 региондық варианттарға бөлінеді.
Е.И. Рачковскаяның (2003) түсінігінде, эколого-физиономикалық категория доминанттары бір экобиоморфаға жататын және экологиясы ұқсас түрлер тобынан тұратын қауымдарды біріктіреді. Біріктіргенде биоморфалардың даму ритмикасы есепке алынады. Шөл өсімдіктері қауымының физиономикасы, көрінісі доминант және содоминант тіршілік формасымен анықталады.
Осы категорияларды негізге алып, Е.И. Рачковская және т.б. (2003) шөл өсімдіктерінің мынадай эколого-физиономикалық типтерін бөліп көрсетті: 1) жусанды шөлдер, 2) көпжылдық соралар, 3) псаммофитті-жусанды шөлдер, 4) псаммофитті-қоңырбасты шөлдер, 5) псаммофитті-терескенді шөлдер, 6) псаммофитті-бұталы шөлдер, 7) сексеуілді шөлдер, 8) астрагалды және шырмауықты шөлдер, 9) қысқа өмірлі шөлдер.
Тарауда осы жоғарыда аталған шөлдердің таралуы, ауданы олардағы басым өсімдік түрлері берілген.
Шөлдерді геоботаникалық аудандастыру толық шешілді деп айту қиын. Алғашқылардың бірі болып А.В. Прозоровский (1940) шөлдерді аудандастыру жобасын ұсынды.
Шөлді аймақтың үлкен кеңістігі өсімдіктер жабынының флоралық құрамы жағынан біркелкі емес. Эдификаторлары және оларға ілесіп жүретін түрлерде бір аймақ тармағынан екіншісіне ауысқанда өзгеріп отырады.
Батыстан шығысқа жылжығанда эдификаторлар және оларға ілесіп жүретін түрлер жақын түрлермен ауысады, ескеретін нәрсе ол түрлердің таралуы аймақ тармақтары (подзона) шекараларымен сәйкес келмейді. Кейбір түрлер мысалы, Stipa sareptana, S. capillata және Festuca sulcata бірнеше аймақ тармақтарына тән болуы мүмкін. Шөлдерді геоботаникалық аудандастырғанда осындай ерекшеліктер ескерілуі керек.