Атмосфералық ауаны бақылаудың бағдарламалары
Атмосфералық ауаны қорғау саласындағы мемлекеттiк бақылау
1. Атмосфералық ауаны қорғау саласындағы мемлекеттiк бақылау:
1) атмосфералық ауаға зиянды (ластаушы) заттарды шығаруға және оған зиянды физикалық әсер етуге рұқсаттармен белгiленген талаптарды;
2) атмосфералық ауаны қорғаудың, оның iшiнде атмосфералық ауаны қорғауға өндiрiстiк бақылау жүргiзудiң стандарттарын, нормативтерiн, ережелерiн және өзге де талаптарын;
3) атмосфералық ауаға зиянды (ластаушы) заттар шығаратын тұрақты көздерi бар объектiлердiң санитариялық-қорғаныш аймақтарының режимiн;
4) атмосфералық ауаны қорғау бағдарламаларының орындалуын;
5) Қазақстан Республикасының атмосфералық ауаны қорғау саласындағы заңдарының өзге де талаптарын сақтауды қамтамасыз етуге тиiс.
2. Мемлекеттiк бақылауды ұйымдастыру:
1) атмосфералық ауаға қарқынды әсер ететiн табиғат пайдаланушылар қызметiнiң экологиялық нәтижелiлiгiн бағалау;
2) тексерiлетiн объектiлер бойынша перспективалық, жылдық, жедел жұмыс жоспарларын әзiрлеу және зертханалық-талдау деректерiн және атмосфералық ауаға әсер ету, шаруашылық қызметi ықпалынан оның өзгеруi туралы өзге де ақпараттар жинау жолымен мемлекеттiк органдардың, табиғат пайдаланушылардың арасындағы өзара тығыз қарым-қатынаста жүзеге асырылатын атмосфералық ауаға терiс әсер етудi азайту мен жою жөнiндегi шаралар кешенiн қамтиды. Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органының, оның аумақтық бөлiмшелерiнiң зертханалық-талдау бақылауы қызметтерiнiң деректерi атмосфералық ауаның сапасын айқындау үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес оны ластайтын көздерден сынамалар алу жолымен алынуы мүмкін.
3. Атмосфералық ауаны қорғау саласындағы мемлекеттiк бақылау:
1) мемлекеттiк және ведомстволық статистикалық есептiлiк материалдарын,
Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органының, оның аумақтық бөлiмшелерiнiң зертханалық-талдау бақылауы қызметiнiң атмосфералық ауаға әсер ету туралы деректерiн, сондай-ақ кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң табиғат қорғау қызметi және тексерулер барысында анықталған бұзушылықтарды жоюы туралы мәлiметтердi талдау;
2) тексерулердi ұйымдастыру мен жүргiзу жолымен жүзеге асырылады.
4. Тексерудiң түрлерi:
жоспарлы - Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органы, оның аумақтық бөлiмшелерi жоспарлаған және алдыңғы тексерулерге қатысты Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген уақыт аралықтары ескерiлiп жүргiзiлетiн тексеру;
жоспардан тыс - жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерiн бұзушылық туралы өтiнiштерде және өзге де ақпараттарда жазылған фактiлер бойынша жеке тұлғалардың өмiрi мен денсаулығына, қоршаған ортаға, қоғамдық тәртiпке, ұлттық қауiпсiздiкке төнген қауiп-қатердi тексеру;
рейдтiк - атмосфералық ауаны қорғау саласындағы нормативтiк құқықтық актiлердiң жекелеген талаптарын сақтау мәселелерi бойынша бiрмезгiлде бiрнеше субъектiлердi тексеру;
кешендi - Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органы, оның аумақтық бөлiмшелерi қоршаған ортаны және табиғи ресурстарды қорғау саласындағы бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыратын басқа да мемлекеттiк органдармен бiрлесiп жүргiзетiн тексеру. Тексерулердiң өзге түрлерiн жүргiзуге тыйым салынады.
Атмосфералық ауаны қорғау бағдарламалары және оны қорғау жөнiндегi iс-шаралар:
1. Өздерi үшiн белгiленген шектi жол берiлетiн нормативтен асып кететiн атмосфералық ауаға зиянды (ластаушы) заттар шығаратын және (немесе) зиянды физикалық әсер ететiн көздерi бар жеке және заңды тұлғалар оларды азайту жөнiнде шаралар қабылдауға тиiс. 2. Атмосфералық ауаны қорғау жөнiндегi iс-шаралар Қазақстан Республикасының атмосфералық ауаны қорғау саласындағы заңдарына сәйкес жүргiзiлуге тиiс.
3. Атмосфералық ауаның сапасын жақсарту жөнiндегi iс-шараларды жоспарлау және жүзеге асыру кезiнде азаматтар мен қоғамдық бiрлестiктердiң ұсыныстарын ескеру мақсатында атмосфералық ауаны қорғау бағдарламалары олардың талқылауына шығарылады. 4. Атмосфералық ауаны қорғау бағдарламаларын және оларды жүзеге асыру жөнiндегi iс-шараларды қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүргiзiледi.