Суды пайдалану. Суды пайдалану саласындағы атқарушы органдардың компетенциясы

1-бап. Су заңдарының мiндеттерi

Қазақстан Республикасы Су Заңдарының мiндеттерi халықтың, экономика салалары мен айналадағы табиғи ортаның мұқтаждары үшiн суды ұтымды пайдалануды қамтамасыз ету, су ресурстарын ластанудан, былғану мен сарқылудан қорғау, судың зиянды ықпалын болдырмау және оны жою мақсатында су қатынастарын реттеп отыру, су қатынастары саласындағы заңдылықты нығайту болып табылады.

2-бап. Су заңдары

1. Қазақстан Республикасында Су қатынастары осы Кодекспен және соған сәйкес шығарылатын Қазақстан Республикасының заңдық құжаттармен, өзге де қалыпты құжаттармен реттелiп отырады.
2. Жер және орман қатынастарын, сондай-ақ жер қойнауын, атмосфера ауасын, өсiмдiктер мен жануарлар дүниесiн қорғау мен пайдалану жөнiндегi қатынастарды Қазақстан Республикасының арнаулы заңдары реттеп отырады.

3-бап. Су қоры

1. Мемлекет аумағындағы барлық су Қазақстан Республикасының су қорын құрайды.
2. Су қоры мыналарды қамтиды:
өзендер, көлдер, батпақтар, тоғандар, су қоймалары, басқа да жер бетiндегi су ресурстары, сондай-ақ каналдар мен магистральды су құбырларының сулары;
жер астындағы сулар;
мұздықтар;
Қазақстан Республикасының мемлекеттiк шекарасы шегiндегi Каспий және Арал теңiздерiнiң сулары.

4-бап. Су меншiгi

1. Қазақстан Республикасындағы су мемлекеттiң меншiгi болып табылады.
2. Су меншiгi құқығын тiкелей немесе жасырын түрде бұзатын әрекеттердiң заңды күшi жоқ және заңдарда көзделген жауаптылыққа әкелiп соғады.
3. Суды басқа мемлекеттердiң, сондай-ақ шетелдiк заңды ұйымдар мен азаматтардың пайдалануына беру шарттық негiзде жүзеге асырылады.
4. Суды пайдалануға беру және су меншiгi құқығын iске асыру жөнiндегi басқа да әрекеттер жасау Қазақстан Республикасының су ресурстарын басқаратын мемлекеттiк органының мiндеттi түрде қатысуымен жүзеге асырылады.

5-бап. Суды басым пайдалану

Су ең алдымен халықтың ауызсу және тұрмыстық мұқтаждарын қанағаттандыру үшiн пайдалануға берiледi.

6-бап. Суды басқару принциптерi

1. Қазақстан Республикасындағы суды басқару су ресурстарын қорғау мен толықтыруды, су пайдаланудың оңтайлы шарттарын, айналадағы ортаның экологиялық тұрақтылығын сақтауды қамтамасыз ететiн су шаруашылығы-бассейндiк және әкiмшiлiк-аумақтық принциптердi үйлестiру негiзiнде жүзеге асырылады.
2. Су шаруашылығы-бассейндiк принцип өзен, көл бассейндерi және басқа да сутоғандар шегiнде әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктер арасында су ресурстарын бөлу кезiнде iске асырылады.

II тарау
Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының
су қатынастарын реттеу саласындағы құзыретi

7-бап. Қазақстан Республикасы Парламентiнiң құзыретi

Су қатынастарын реттеу саласында Қазақстан Республикасы Парламентiнiң қарауына мыналар жатады:
су заңдарын әзiрлеу және жетiлдiру;
су қатынастарын реттеу мәселелерi жөнiндегi халықаралық шарттарды бекiту мен олардың күшi жойылуын мәлiмдеу.

8-бап. Жергiлiктi өкiлдi органдар - мәслихаттардың
құзыретi

Тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiк шегiнде жергiлiктi өкiлдi органдар - мәслихаттардың қарауына мыналар жатады:
суды ортақ пайдаланудың шарттарын белгiлеу;
судың пайдаланылуы мен қорғалуына бақылау жасау.

9-бап. <*>
10-бап. <*>

11-бап. Суды мемлекеттiк басқару органдары

1. Республикада суды мемлекеттiк басқаруды Қазақстан Республикасының Үкiметi, жергiлiктi атқарушы органдар, су ресурстарын басқаратын мемлекеттiк орган, сондай-ақ арнайы уәкiлдiк берiлген өзге де мемлекеттiк органдар өз құзыретi шегiнде жүзеге асырады.
2. Жер асты суларын басқару геология және жер қойнауын қорғау органдарымен келiсiм бойынша жүзеге асырылады.

12-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құзыретi

Суды басқару саласында Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қарауына мыналар жатады:
су ресурстарын пайдалану, ұдайы молықтыру және қорғау саласында мемлекеттiк саясатты iске асыру;
су ресурстарын ұтымды пайдалану мен қорғаудың, су шаруашылығын дамытудың негiзгi бағыттарын бекiту;
су ресурстарын кешендi пайдалану мен қорғаудың бассейндiк схемаларын және су шаруашылық баланстарын бекiту;
сутоғандар мен су көздерiн сақтау және қалпына келтiру жөнiндегi республикалық бағдарламалардың орындалуын қамтамасыз ету;
суды мемлекеттiк есепке алуды жүргiзу және оны пайдалану тәртiбiн белгiлеу, сондай-ақ мемлекеттiк су кадастры мен су мониторингiн жүргiзу;
суды пайдалану мен қорғауға мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыру тәртiбiн белгiлеу;
су қорғау аймақтары мен белдеулері туралы ереженi бекiту;
республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар санатына жатқызылған, ерекше мемлекеттiк маңызы немесе ерекше ғылыми құндылығы бар сутоғандарының тiзбесiн бекiту;
судың жай-күйiне әсер ететiн кәсiпорындарды, құрылыстарды және басқа объектiлердi орналастыру мен iске қосу тәртiбiн, сондай-ақ сутоғандарда, олардың су қорғау аймақтары мен белдеулерiнде құрылыс, су түбiн тереңдету және басқа да жұмыстар жүргiзу шарттарын белгiлеу;
сутоғандарды жеке пайдалануға беру;
республика облыстары арасындағы су қатынастарын реттеу;
жер үстi су көздерiнiң су ресурстарын пайдаланғаны үшiн төленетiн ақы ставкаларын белгiлеу;
Қазақстан Республикасының шет мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен суды пайдалану мен қорғау мәселелерi жөнiндегi қатынастары саласындағы шараларды жүзеге асыру.

13-бап. Облыстық атқарушы органның құзыретi

Облыстық атқарушы органның қарауына мыналар жатады:
Қазақстан Республикасының су ресурстарын басқаратын мемлекеттiк органының ұсынуы бойынша облыстың әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктерi, салалар мен жекелеген су пайдаланушылар арасында су тұтыну лимиттерiн бөлу;
Қазақстан Республикасының су ресурстарын басқаратын мемлекеттiк органымен келiсiм бойынша заңды ұйымдар мен азаматтарға сутоғандарын жеке пайдалануға беру;
судың жай-күйiне әсер ететiн кәсiпорындарды, құрылыстарды және басқа объектiлердi орналастыруды және iске қосуды, сондай-ақ сутоғандарында және су қорғау аймақтары мен белдеулерiнде құрылыс, су түбiн тереңдету және басқа жұмыстарды жүргiзу шарттарын келiсу;
облыстың су ресурстарын кешендi пайдалану схемаларын келiсу мен бекiту;
су ресурстарын басқаратын мемлекеттiк органның ұсынуы бойынша су қорғау аймақтары мен белдеулерiн белгiлеу;
суды пайдалану мен қорғауды бақылау;
суды пайдалану құқығын доғару.

14-бап. Аудандық, қалалық атқарушы органның құзыретi

Аудандық, қалалық атқарушы органның қарауына мыналар жатады:
Қазақстан Республикасының су ресурстарын басқаратын мемлекеттiк органының ұсынуы бойынша ауданның, қаланың су тұтыну лимиттерiн су пайдаланушылар арасында бөлу;
су ресурстарын басқаратын мемлекеттiк органмен келiсiм бойынша заңды ұйымдар мен азаматтарға сутоғандарын жеке пайдалануға беру;
судың жай-күйiне әсер ететiн кәсiпорындарды, құрылыстарды және басқа объектiлердi орналастыруды және iске қосуды, сондай-ақ сутоғандарда және су қорғау аймақтары мен белдеулерiнде құрылыс, су түбiн тереңдету және басқа жұмыстарды жүргiзу шарттарын келiсу;
су ресурстарын басқаратын мемлекеттiк органның ұсынуы бойынша су қорғау аймақтары мен белдеулерiн белгiлеу;
су пайдалану мен қорғауды бақылау;
суды пайдалану құқығын доғару.

14-1-бап. Поселке, ауыл (село) әкiмiнiң құзыретi

Тиiстi елдi мекендердiң аумағындағы поселке, ауыл (село) әкiмiнiң қарауына мыналар жатады:
суды ортақ пайдаланудың шарттарын белгiлеу;
судың пайдаланылуы мен қорғалуына бақылау жасау.

15-бап. Қазақстан Республикасының су ресурстарын
басқаратын мемлекеттiк органның құзыретi

1. Қазақстан Республикасының тапсыруы бойынша су ресурстарын басқаруды өз қызметiн тiкелей немесе бассейндiк, облыстық және өзге де бөлiмшелер арқылы атқаратын Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттiк органы табиғатты қорғау органдарының және осыған арнайы уәкiлдiк берiлген өзге де мемлекеттiк органдардың қатысуымен жүзеге асырады.
2. Қазақстан Республикасының су ресурстарын басқаратын мемлекеттiк органының қарауына мыналар жатады:
бассейндердiң, облыстар мен аудандар шегiнде су тұтыну лимиттерiн белгiлеу;
суды және оның пайдаланылуын мемлекеттiк есепке алу;
мемлекеттiк су кадастрын және су мониторингiн жүргiзу;
табиғатты қорғау органдарымен келiсiм бойынша суды арнайы пайдалануға рұқсаттар беру;
су пайдаланудың барлық түрлерiне техникалық шарттар беру;
экологиялық талаптарды ескере отырып су ресурстарын кешендi пайдалану негiзiнде олардың аймақаралық, облысаралық, ауданаралық және салааралық бөлiнуiн қамтамасыз ету;
өзендердi, көлдер мен басқа да сутоғандарын сақтау және олардың жай-күйiн жақсарту, судың зиянды әсерiн болдырмау және жою жөнiндегi шараларды жүзеге асыру;
өзендер бассейндерiнiң су ресурстарын пайдалану мен қорғаудың негiзгi бағыттарын әзiрлеу;
су ресурстарын пайдалану мен қорғауға мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыру;
шектес мемлекеттермен су қатынастарын реттеу мәселелерi жөнiнде ынтымақтасу.
3. Қазақстан Республикасының су ресурстарын басқаратын мемлекеттiк органының суды пайдалану мен қорғау мәселелерi жөнiндегi өз құзыретi шегiндегi нұсқаулары барлық азаматтар, министрлiктер, мемлекеттiк комитеттер, ведомстволар, кәсiпорындар мен ұйымдар үшiн қай ведомствоға бағынатынына және меншiк түрiне қарамастан мiндеттi болып табылады.

16-бап. Суды пайдалану мен қорғау саласындағы
басқарудың осыған арнайы уәкiлдiк берiлген
өзге де мемлекеттiк органдары

Суды пайдалану мен қорғау саласындағы басқарудың осыған арнайы уәкiлдiк берiлген өзге де мемлекеттiк органдары өз құзыретi шегiнде табиғатты, жер қойнауын, балық қорларын, өсiмдiктер мен жануарлар дүниесiн қорғауды, мемлекеттiк санитарлық және мал дәрiгерлiк қадағалауды жүзеге асыратын органдар болып табылады.

17-бап. Суды пайдалану мен қорғауға мемлекеттiк
бақылау

1. Суды пайдалану мен қорғауға мемлекеттiк бақылаудың мiндетi барлық министрлiктердiң, мемлекеттiк комитеттердiң, ведомстволардың, кәсiпорындардың, ұйымдардың және азаматтардың су ресурстарын пайдаланудың және оларды есепке алудың белгiленген тәртiбiн сақтауын, суды қорғау, оның зиянды әсерiн болдырмау және жою жөнiндегi мiндеттерiн орындауын қамтамасыз ету болып табылады.
2. Суды пайдалану мен қорғауға мемлекеттiк бақылауды табиғатты қорғайтын, су ресурстарын басқаратын мемлекеттiк органдар, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдары және осыған арнайы уәкiлдiк берiлген өзге де органдар өздерiнiң құзыретi шегiнде жүзеге асырады.

18-бап. Суды пайдалану мен қорғауға бақылауды
жүзеге асыруға қоғамдық бiрлестiктер
мен азаматтардың қатысуы

1. Қоғамдық бiрлестiктер мен азаматтар мемлекеттiк органдарға жәрдемдесiп, суды пайдалану мен қорғауға, су пайдаланушылардың өз мiндеттерiн атқаруына бақылауды жүзеге асыруға қатысады.
2. Мемлекеттiк органдар суды ұтымды пайдалану мен қорғау жөнiндегi шараларды әзiрлеу және жүзеге асыру кезiнде қоғамдық бiрлестiктер мен азаматтардың негiзгi ұсыныстарын ескеруге мiндеттi.

Наши рекомендации