Атомға қарсы қаһармандық күрес

»

Дата: 10.11.2012 в 07:02 · Категория: 2012-11-10T07:02:22+06:00 Қазақша жаңалықтар

Жұма, 9 қараша, 2012

Атомға қарсы қаһармандық күрес

Елбасы, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевты Нобельдің Бейбітшілік сыйлығына ұсынудың түпкі мақсаты Жер шарын атом сойқанынан сақтаудың жолы болып табылады. Өйткені, АҚШ Конгресінде бұл мәселе текке әңгіме болған жоқ.

Өткен ғасырдың 80-ші жылдарының ортасында мен ол кезде Семей облысы аталатын қазіргі Шығыс Қазақстанның Аякөз ауданында іссапарда бол­дым. Біреулердің жазған арызы бойынша Таңсық ауылындағы мектепке келдім. Мен келгенде мұнда ұстаздардың бір түрлі қо­балжып, мазасызданғанын сездім. Өйткені, Семей полиго­нын­да кезекті ядролық сынақ жа­са­лып, оның әсері осында жеткен екен. Жойқын жарылыстың сал­да­рынан мектептің бір қабыр­ға­сына сызат түсіпті. Ол кезде ядро­лық жарылыстың сойқаны мен радиация зияны айтыл­май­тын құпия еді. Бірақ менің семейлік достарым «Біз жақта күм­пілдетіп күнде атом бом­басын жарып жатады. Бұған біз әбден үйренгенбіз», дейтін.
Кеңес өкіметі өзінің сойқан қаруы – атом бомбасын Семей полигонында қырық жылға жу­ық сынады. 500-ден аса жойқын жарылыс болды. Сол дәуірде әлемді үрейлендірген Семей по­ли­гонының сойқан сүргіні жөнінде айту өте қауіпті еді. Өйт­кені, полигон Л.Берияның ті­келей басшылық етуімен өмір­ге келген болатын. 40-жыл­дар­дың соңындағы алғашқы сынақ кезінде Абыралы ауданы қа­зақ­тары басқа жаққа аяқ астынан кө­шіріліп, халық қатты жапа шеккен. Ал, 50-жылдардағы жа­ры­­лыс кезінде өлім экспе­ри­мен­ті тек мал емес, адамдарға да жа­салған. Бұл құпия кейін ай­тылды.
Мәскеу ядролық сынақтар­дың қоршаған орта мен адам­дар­ға тигізіп жатқан зардап, зия­нын біліп отырды. Өйткені, полигон жанындағы әскери бөлім­дер­де ауру шығып, ауырғандар құпия түрде Мәскеуге жөнел­ті­летін. Жарылыс кезінде ауаға та­ралған радиация жан біткенді улап, айықпас дертке шалдық­тыратын. Полигон төңірегіндегі­лер көбіне рак пен жүйке ауруларына шалдықты. Айтуға ауыз бармайтын қасіреттісі сол – жарылыстан кескін-келбеті құ­быжықтарды елестететін балалар дүниеге келді. Ер аза­мат­тардың белсіздігі және әйел ана­лардың дүниеге дені сау ұрпақ әкелмеуі – полигон аймағын­дағы қасірет еді. Ойрандалып, уланған жер-су мен табиғатты айтпай-ақ қояйық.
80-жылдардың соңында Са­рыарқаның төсіндегі атомның сойқаны шектен шықты. 1989 жылы қысты күні болған кезекті ядролық жарылыс Семей өңі­рін­дегі халықты қатты үрейлен­дір­ді. Көкке көтерілген «жалын-бұлт» радиацияның қалыпты мөл­шерден әлдеқайда асып, ауаға у-тозаң болып таралғанын көзге ұрып көрсетті. Семейліктерден Қазақстан Жазушылар одағына жеделхат келді. Мәс­кеу­ге дабыл қағылды. М.Горба­чев­тің «еркіндік демократия­сы­ның» әсерінен болу керек, халық қауым болып жиналып, шеру ұйымдастырып, қоғамдағы шын­дықты айта бастаған кез еді. Жа­зушылар одағында Семей поли­гонындағы соңғы жарылыстың кері әсері айтылып, осы облыс­тан келген біраз азамат аймақ­тағы атом сынақтарының зарда­бын ашып айтты. Сөйтіп, осы күні «Антиядролық Невада-Семей» қозғалысы құрылды. Мен оның құрылтай жиналысында бо­лып, кейін халықтық қозға­лы­с­тың шеру-митингілеріне, жина­лыстарына қатысып жүрдім.
90-жылдардың басында шық­қан «Халық Конгресі» газетінде тілші әрі «Невада-Семей» қозға­лысының сарбазы ретінде яд­ро­лық сынақ жарылыстарының сойқаны мен құпиясы жайында көп жаздым. Семей полигоны өңірінде еңбек етіп, кейін Ал­ма­ты төңірегіне көшіп келген, радиация сәулесіне шалдыққан талай адам халықтық қозғалысты жақтады. Бүкіл туған-туысы, бауыр, жақындары, «полигон кұрбаны» болып өмірден өткен, соңында радиация дертінен өзі де дүние салған Қанай атты қария шеру-митингілерде «қара ту» қөтеріп жүруші еді. «Невада-Семей» қозғалысын халық қызу қолдады. Өйткені, поли­гон­ның 40 жыл қырғын салғаны рас еді. Аймақтағы адамдар айықпас дерттен, жазылмас аурудан көз жұмып жатты.
Шыны керек, Семей поли­гоны қазақтың қасіреті болды. Полигон маңында өмірге келіп, 2 қолынан айрылған Күйіковтің тағдыры менің көз алдымда тұр. Ол «Невада-Семей» қозғалы­сы­ның әр шеруіне қатысып, «мені кемтар қылған полигон» деп сөйлегенде көзімізге жас келетін. Халықтық қозғалыс кемтарлар мен мүгедектердің, аурулар мен сырқаттардың тағдырын айтып, әлемге жар салды. Сол кездегі КСРО билігінен Семей полигонын жабуды талап етіп, батыл күреске шықты. Қозғалыс белсенділері атом сынақтары тек Қазақстан емес, жалпы әлем­ге де қауіп екенін айтып, шетелдерге сапарларға шықты. Семей өңірі халқы сойқанға қарсы түгел көтерілді. Өйткені, Мәс­кеуде сынақты одан әрі жал­ғас­тыра берудің жоспары бар еді. Қазақстандағы ядролық сынаққа қарсы қозғалысты Еуропаның 30 елі қолдады. Екі қаласын АҚШ-тың атом бомбасы жермен жексен етіп, адамзат тарихында болмаған сойқанды бастан кешкен Жапония «Невада-Семей» қозғалысын барынша жақтады. Ол елде радиация дерті ұр­пақ­тан ұрпаққа жалғасты.
1991 жылы Елбасы Нұр­сұл­тан Назарбаев Семей полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл әлем үшін ерекше оқиға еді. Сөйтіп, дүние жүзін­дегі дүниені үрейлендірген бір аждаһаның үні өшті. Өткен ға­сырдың 80-жылдары дүние жү­зінде ядролық соғыстың болу қаупі сезілген еді. Өйткені, 5 ірі мемлекет – АҚШ, Қытай, КСРО, Англия және Франция аса қуат­ты ядролық қаруларын сынап жатты. Сынақ бұл елдердің жерінде емес еді. Мысалы, Ресей Қазақстанда, АҚШ үндістер тұ­ра­тын Невада штатында, Қытай Шығыс Түркістанда (Лобнор), Англия мен Франция бұрын өз­дерінің отары болған елдер мен аралдарда тажал қаруларын сы­на­ды. Зор сынақтардың залалы мен сойқаны қоршаған ортаны ойрандап, бүлдіріп, Жер шарына үлкен қауіп төндірді. Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі әлем ғалымдары атом апатының қау­пі­не қарсы тұрды. Атом жары­лыс­тарының түбінде жақсы­лық­қа апармайтынын білді. 1993 жылы Алматыда өткен халық­ара­лық конгресте жаппай қы­рып-жоятын қарулардың адамзат үшін өте қауіпті екенін ға­лымдар дәлелдеп айтты. АҚШ-тан келген бір топ үндіс пен бір діндар америкалық жер бетінде бейбітшілік болсын деп Құдайға жалбарынып дұға оқыды.
Әлем экологиясы мен таби­ғатына және қоршаған ортасына зиянын тигізіп, Жер шарының бір бөлігін бүлдіріп жатқан Қытайдың Лобнор полигоны еді. Такла-Макандағы атом жа­рылыстарынан шыққан радиация тозаңы жел арқылы дүниеге тарады. Оның ішінде Қытаймен шектесетін Алматы облысы ай­ма­ғына көрші ел полигонынан ра­диацияның келуі эколог ға­лым­­дарды қатты алаңдатты. Мар­­құм, «Невада-Семей» қозға­лы­сының мүшесі, академик А.Час­ников Хантәңірі өңіріндегі ра­диация тозаңы Қытай поли­го­нынан келетінін батыл айтқан еді.
Лобнор полигонындағы жа­рылыстарды тоқтату жөнінде «Невада-Семей» қозғалысы жа­ны­нан «Лобнор» комитеті құ­рыл­ды. Қозғалыс белсенділері мен сарбаздары Мәскеуге ба­рып, Қытай елшілігі үйі алдында митинг ұйымдастырды. Ғарыш­кер Н.Гречко қозғалыс белсенділерін қолдап, керек жерінде көмектесті. Қозғалыс белсенділері шерулерін Қызыл алаңда жалғастырды. Бір рет олар тұт­қындалды да. Семейде әскери қызметте болған майор кез­дей­соқ кезігіп, «Мен полигон қасі­ре­тін жақсы білемін», деп жігіттерді жазадан құтқарғаны әлі есімде.
Атом сынақтары 80-жыл­да­ры тек Семей өңірінің эколо­гия­сын ғана бүлдіріп қойған жоқ. Батыс Қазақстанда да оның зар­дабы жалғасып жатты. Азғыр, Капустин-Яр және Тайсой­ған құмындағы құпия қару­лар­ды сынаған кезде ондағы та­биғаттың бүлінгені өз алдына, радиациядан індет тарады. Жер­асты сулары уланып, өсімдіктер құрып, мал қырылып, малшылар айықпас кеселге душар болды.
Адамзат өміріне тажал бо­лып төнген аждаһа өткен ға­сырдың 80-жылдары бизнеске айналғаны да жасырын емес. Атом қаруын сату немесе оны құпия түрде көп қаржы бөліп жасау сияқты фактілер әшкере­ленді. Француз саясаткері Жак Аттанидің кейбір елдерде атом бомбасына байланысты контра­бан­далық астыртын әрекеттер жөнінде жазған кітабы жарыққа шығып, бұл әлемді дүр сілкіндірген оқиға болды. Бұл кітапта ядролық қаруға ресми ие болған 5 мемлекеттен басқа тағы да оншақты елдің осы қаруды жа­сы­рын жасап жатқаны жөнінде айтылды. Жак Аттани 120 миллион долларға бір атом бомбасын жасауға болатынын айтып, сойқанға қарсы тұрудың жолын дәлелдеді. 8 килограмм таза плутонийден бір атом бом­басы жасалады екен. Ол кезде әлемде 300 тонна мөлшерінде плутоний бар деген болжам бар еді. Бұдан қанша атом бомбасы жасалатыны және белгілі-тін. Яғни, жаппай қырып-жоятын қа­руды жасау қатерлі бағыт алды. Адамзатқа үрей туғызған ядро­лық жарылыстарды тоқтатудың батыл әрі қаһармандық іс-әре­кеті ақыр аяғында Қазақстанда түпкі мақсатына жетті.
1991 жылы тамызда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың дүние жүзіндегі аждаһа полигондар­дың бірі – Семейдегі атом апатының ошағын жабу жөнінде шешім қабылдап, Жарлық шы­ғаруы үрейленген әлем халық­тарын бір серпілтіп тастады. Көп кешікпей, дүние жүзіндегі барлық полигондардағы сынақ-жарылыстарды тоқтату жөнінде мораторий жарияланды. Ядро­лық қарулары бар мемлекеттер арасында жер бетінде бейбітшілікті сақтауға байланысты ын­ты­мақтастықтың жаңа жобала­ры мен келісімдері жасалды. Қазақ­стандағы қаһармандық қозғалыс пен Елбасының әлемде бірінші болып ядролық қарудан бас тар­туы және оны әлем халық­тары­ның қолдауы жойқын ядролық соғыс қаупін сейілтті. Бұл жерде Қазақстан Пре­зи­денті­нің батыл қадамының адам­зат тарихында алатын орны ерекше екенін тағы бір мәрте қайталап айтқанның артықтығы жоқ.
Биылғы 29 тамызда Астанада «Ядролық сынақтарға тыйым салудан – ядролық қарусыз әлем­ге» атты халықаралық конференция өтті. Онда жер бетінде атом аждаһасының қандай зардап, қасірет әкелетіні кезекті рет көлденең тартылды. Көп өтпей, қыркүйек айында АҚШ-та Қа­зақстанның ядролық сынақтарға қатысты саясатын жақтаған саясаткер Эни Фалеомаваега Қазақ­станның «АТОМ» жобасына айрықша баға берді. Халық­ара­лық жиында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Нобельдің Бейбітшілік сый­лы­ғын беру жөнінде әңгіме көте­ріл­ді. Ұлт көшбасшысы Нобель сыйлығын алып жатса, бұл – Қазақстан үшін шын мәнінде үлкен мақтаныш әрі лайықты мәртебе болатыны және Елбасы еңбе­гінің оң бағаланғаны болып шы­ға­тыны ақиқат.
Ораз ҚАУҒАБАЙ,
жазушы, «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының ардагері, 1994 жылғы
Нью-Йоркте өткен әлемдік атомға қарсы акция-шерудің делегаты.
АЛМАТЫ.

Жариялымдар / БАҚ мақалалары
  Семей қасіреті. Семей ядролық полигонында сынақтың тоқталуына 20 жыл Ия, биыл Семей аймағына аты шулы, жұртымызды елең еткізген Семей ядролық полигонының жабылуына 20 жыл толды. «Ядролық полигон жойылсын !», «Сынаққа жол жоқ», «Жабылсын полигон !» міне бұл қарапайым қазақ жұртының көтерген үндеуі еді. 1989 жылы 19-қазанда Мәскеу уақытымен 12 сағат 50 минутта қуаты 75 килотоннаға дейін жететін жарылыс жасалды. Бұл соңғы жарылыс болатын. Дегенмен 40-жыл бойы жарылыс жасалып келген аймақтың уланған халқы, 20-жылда дерлік аурудан айығып кетті ме екен бұл әлі белгісіз. Осы полигоның кесірінен талай адам бұл дүниемен қоштасып, о дүниенің есігін ашты, балалар өлі туды, адамдар өзіне-өзі қол жұмсады, ақ қан, қатерлі ісік аурулары әлі күнге дейін толастар емес. 1989 жылы 28 ақпанда қазақ жазушысы, қоғам қайраткері О.Сүлейменов «Қазақстанда сынақ дереу тоқтатылсын » деп өтініш жасайды. Алматыда жазушылар одағының ғимаратында митингіде «Невада-Семей » антиядролық қозғалысы құрылсын деген шешім шығарылады. Антиядролық қозғалыстың мақсаты Семей ядролық полигонын жою, әлемдік ядролық қаруды сынақтан өткізуді тоқтату болатын. «Невада-Семей» антиядролық қозғалысы мәселенің шешілуінде маңызды рөл атқарған қуатты фактор болып табылады. Кеңес қозғалысын О.Сүлейменов басқарып, арнайы комиссия Семей қаласында дереу полигонды жабуға байланысты құжаттар қарайды. Бірнеше үндеулер таратылады, бірақта бұл айтылған істермен сынақ өз жұмысын тоқтатпайды. Мұрағатымызда сақталған жергілікті «Семей таңы» газетінде ( 1989 жыл 2-ші наурыз №43-ші нөмір) тілшілеріміз ядролық полигонының бастығы генерал-лейтенант А.Д. Ильенкодан бірнеше сұрақтар төңірегінде әңгімелеп беруін өтінген екен. Осы әңгімеден біраз үзінді келтіруді жөн көрдім. Тілші: Семей қаласы маңында ядролық қаруды сынайтын полигон бар екені қазір дүние жүзіне мәлім. Осыған орай облыстық газеттердің редакцияларына жер астындағы ядролық жарылыстардың айналадағы ортаға, адамдардың денсаулығына қалай әсер ететіндігіне алаңдаушылық білдірген сұрақтар түсіп жатады. Осыған байланысты және түрлі өсек-аяңға жол бермеу үшін әрі бірінші қолдан сенімді деректер алу мақсатында біз ядролық полигонның бастығы генерал-лейтенант А.Д.Ильенкодан бірқатар сұрақтар төңірегінде әңгімелеп беруін өтіндік. Тілші: Осы ядролық полигонды құруға не себеп болды? Жауап: Оған басты себеп- кезінде АҚШ ядролық басымдығын болдырмау мақсатындағы әскери қажеттіліктен туған еді. АҚШ тарапынан осындай ядролық арандату жағдайында Совет үкіметі елімізде атом қаруын жасау жөнінде қарсы шара қабылдауға мәжбүр болды. Тілші: - Біздің ядролық қаруымыз қай жылдары жасалды? Жауап: - СССР-дағы тұңғыш ядролық жарылыс 1949 жылдың 29 авгусінде Москва уақытымен таңғы сағат 7-де жасалды. Бұл отандық ғылымның атом бомбасына АҚШ-тың бірден - бір қожа болу ниетіне балта шапқан аса ірі табысы еді. Полигон, сөйтіп атом зарядтарының бүтіндей бір сериясын даярлауға және сынауға кірісті. 1954 жылдың 12 сентябрінде біздің полигонда дүние жүзінде тұңғыш рет термоядролық құрылым сыналды, ал 1955 жылдың 22 ноябрінде сутегі бомбасы сынақтан өтті. Бұл сынаулар СССР Қарулы күштерінің барлық түрлерін жарақтандыру үшін оқ-дәрінің ядролық жаңа түрлерін жасауға мүмкіндік берді. Көп уақыт бойы жарылыстар өте жоғары биіктікте ауада жасалды. Ондайда радиоактивті сәуленің зақымы мейілінше азаяды да тек жарық сәуле шашу мен серпінді толқын сияқты факторлар ғана әсер етеді.Тұрғын халықты одан сақтандырудың барлық шаралары жасалып отырды. 1963 жылдан бастап ядролық зарядтарды сынау жер астында жүргізілуде. Тілші: Ядролық жарылыстар бізді қоршаған табиғатқа және біздің өзімізге залалын тигізбеуі үшін барлығы да жасалып отыр ма? Жауап: - Сынаулар қатаң санитарлық-гигиеналық бақылаумен жасалады және ол жарылыстан бір-екі тәуік бұрын жарылыс сәтінде және ол аяқталысымен жүзеге асырылады. Полигондық сынаулар жүргізіле бастағаннан бері радияциялық жағдайды болжаудың сынақты жүз процент дерлік хауіпсіздендіруге мүмкіндік беретін сенімді методикасы жасалып практикаға енгізіледі. Болжаудың қазір қолданылып жүрген методикаларында сынақ жүргізудің қатаң талаптары жинақталған. Оның бір ғана кемшін сәті- жарылыс кезінде ауаға қасиетті газдар түрінде болымсыз ғана радияцияның шығуы. Бұл газдар барлық радиоактивті элементтердің ішіндегі адам организміне әсері жөнінен ең әлсіздері. Тілші: Жарылыстан кейін не болады? Жауап: Сынақты жүргізудің технологиясы ауаға радиоактивті заттардың қандай болмасын кездейсоқ шығып кетуін болдырмайтындай етіп жасалғанына, міне он жылдан асты. Алайда , атмосфераға қасиетті газдар (криптон және ксенон) ғана шыға алады. Олардың өзіндік ерекшеліктері химиялық жағынан мүлде бейтарап, яғни басқа элементтермен химиялық реакцияға түспейді және тұрақты құрылымдар түземейді. Организмде бөгеліп қалатын басқа радиоактивті элементтерге (мәселен, иод-тамақ бездеріне, стронций-сүйекте және с.с.) қарағанда бұл газдар организмге енгенімен тыныс органдары арқылы іс жүзінде қолма-қол дерлік сыртқа шығып кетеді. Тілші: - Яғни адамның ішкі органдарына олардың ұзақ уақыт әсер етуі іс жүзінде мүмкін емес қой? Жауап: Дұрыс айтасыз. Мұндай деректер лабораторияларда жануарларда жасалған тәжірибе жолымен және сол сияқты радиоактивті зақымданған аймақтарда болған адамдарды арнайы тексеру кезінде алынған. Көпшілік жағдайда бұл газдардың таралу аймағы 10-50 километрден аспайды. Сөйтіп олар ауамен араласып сұйылып, олардың гамма сәулесінің күші кемиді де, табиғи фонның деңгейіне түседі. Тілші: Кейбіреулері облыста балалардың өлім-жітімі және онкологиялық аурулармен ауыру көбейіп барады дегенді айтады. Жауап:Жалпы және онкологиялық аурулармен ауру, сондай-ақ облыс халқының барлық контингенттерінің арасындағы өлім жітім СССР-дің орта статистикалық көрсеткіштерінен артық емес Бұл арада сынау жұмыстары мен халық денсаулығының жағдайы арасындағы себеп-салдар байланысы байқалмайды. Екінші бір қауесет- радиацияның әсерінен өлі туған балалардың саны және балалардың кемтарлығы көбейіпті-мыс. Егер, балалар өлімі цифрына қарайтын болсақ, ол соңғы жылдары облыста 1000 баладан 14-26 болып отыр. Ал, басқа аймақтардың әйелдер босанатын үйлерінде осы жылдар ішінде бұл көрсеткіш 18-13 мөлшерінде. Бұл арада полигондағы жағдайдың әсері туралы айту орынсыз, ал жоғарыдағы көрсеткішті төмендетуге жетісу қажеттігі өз алдына мәселе. Әрине, бұл айтылғандардың «алаңдайтын ештеңе жоқ» деген ұғым тумаса керек. Жағдай әрқашанда тұрақты бақылауда болуға тиісті. Тілші: Әңгімеңізге рахмет! Осы әңгімені мұқият оқып шықсақ, сұраққа жауап берген генерал-лейтенант А.Д.Ильенконың ядролық сынақтың адам ағзасына ешбір зияны жоқ деп басып айтқанына, қарапайым халықтың имандай сенгендігі анық көрінеді. Осыған қарамастан митингіге қатысушылар өзінің үндеуін тоқтатқан жоқ. «Семей таңы» 1989 жыл 24-ші қазан № 204-ші нөмірінде, Антиядролық митингілерге қатысушылардың үндеуі берілген. Онда: «Осы жылдың 19 октябрінде, осы айда, міне, екінші рет, Семей полигонында кезекті ядролық жарылыс жасалды. Соңғы жарылыс бірнеше рет кейінге қалдырылғандығы да мәлім болды. Біз полигонның басшылығы республика жұртшылығының пікірін және халықаралық антиядролық күштердің беделін ескереді, сөйтіп, сынауды болдырмайды деп үміттенген едік. Іс жүзінде әскери адамдар тек ауа райының қолайлы сәтін ғана күткен болып шықты. Сөйтіп, 19 октябрьде Москва уақытымен 12 сағат 50 минутта қуаты, 75 килотоннаға дейін баратын жарылыс жасалды. Осы жылдың февралындағы қазір бәрімізге белгілі жарылыстан кейін желдің бағыты өзгеріп, ол Шаған қаласындағылардың үрейін туғызғаны біздің есімізде. Жергілікті тұрғындардың айтуына қарағанда 4 октябрьде құс жаппай қырыла бастаған. Міне, осының бәрін біз қасақана жасағандық, халықтың талабын елемеу, бейбітшіліктің халықтық дипломатиясына қарсы тұру, жарылыстардың санын күрт қысқартып, қуаттылығын 20 килотоннаға дейін азайту жөніндегі үкімет шешімін анық бұзғандық деп бағалаймыз. «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының Совет үкіметімен Қорғаныс министрлігіне жолдаған Үндеулеріне жауап әзірге бұрынғысынша- сынаулар тоқтатылған жоқ. Біздің үкіметтің халықаралық антиядролық форумдардың адресіне құттықтау телеграммалар жолдай отырып, сонымен бір мезгілде өз халқының талабын елемейтін позициясын қалай түсінуге болады?! Әскери ведомство бізді патриотизмі жоқ деп кінәлайды. Бірақ біз қазірдің өзінде өз халқына қатер төндіріп отырған ядролық қорғаныс қалқанын үстемелей беру адамгершілікке жатпайды деп есептейміз. 60 мың атом боеголовкасына тағы да бір мың қосу-ешқандай ақылға сыймайды және қылмыс. Біз Алматы қаласы жұртшылығының антиядролық митингісіне қатысушылар Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Семей полигонын дереу жабу туралы шешім қабылдауын және республиканың халықтары атынан бұл мәселені СССР халық депутаттары Съезінің күн тәртібіне енгізуді талап етеміз. Халықтың еркі-үкімет үшін заң! Демократияның мәні осында! Халық Семей полигонын жабуды талап етеді. Үндеу Алматы-Семей-Қарағанды қалалары жұртшылығының антиядролық митингілерінде қабылданды.» деп жазылған. Полигонның буырқанған ащы уын татыған жұрттың, зар мұңын жыр етіп жазған ақындарымы да жоқ емес. «Семей таңы» (1989 жыл 1-ші қараша №209-шы нөмір) газетінде ақын Төлеген Жанғалиев ағамыз «Қайғы әкелген қалқан» немесе ядролық жарылыстардың зардаптары туралы жыр: жазады. Сонымен қоса мұрағатымызда фото суреттерде сақталған. Осы секілді осыдан 20-жыл бұрын, полигонның зардаптары жайлы баспа беттерінде көптеген мақалалар жарық көрген екен, менің келтірген мысалдарым осының жартысы ғана. Қасиетті қарт Семейдің қасіретіне айналған ядролық сынақ жойылып, халықтың арманы орындалды. 1991 жылы тамыздың 29-ында «Семей ядролық полигонын жою туралы » Қазақстан Республикасының президенті Н.Ә Назарбаев жарлыққа қол қойып, шешім шығарды. Полигон зардабын тартып, ядролық сынақтан пайда болған қасіреттен айырылмаған жұрт қуанышқа бөленді. Болашақта мұндай жойқын, ядролық сынақ болмаса екен деп тілейік. ШҚО ҚЗТҚО. 1. «Семей таңы» газеті 1989 ж. 2 наурыз. № 43 2. «Семей таңы» газеті 1989 ж. 24 қазан №204 3. «Семей таңы» газеті 1989 ж. 1 қараша №209

Семей полигоны

4-Мамыр, 2011 |

Атомға қарсы қаһармандық күрес - student2.ru Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 1991 жылы 29 тамызда Семейдегі атом полигонын жабу турасындағы Жарлыққа қол қойғанына да, міне, жиырма жыл толады. Бұрынғы Семей атом полигонының ел мен жерге тигізген зардаптары туралы БАҚ-тарда аз жазылып жүрген жоқ. Әйтсе де, оны егемендік алған еліміздің қай халық өкілі болмасын естен шығармауы тиіс. Семейдегі Радиациялық-экологиялық ғылыми орталықтың және басқа да ғылыми деректерге сүйенсек, сынақ тоқталғанға дейін жалпы Кеңестер Одағында 670-тей ядролық жарылыс жасалған. Мұның 95 пайызы Семей атом полигонында өткізіліпті. Сынақ 1964-1965 жылдардан бастап қана жерасты шахталарына көшірілген. Ал 1949 жылдың тамызынан бастап жер үстінде, ауада жүргізіліп келген.

Сынақ алаңының зардабы

Ресми түрде тіркелген сынақтар саны – 124. Бірақ кейбір мұрағаттық құжаттарға қа­расақ, бұл алдамшы мәлімет сияқты. Шындығында, тек кейінгі жылдарда ғана полигонда 345 жерасты сынағы болғанға ұқсайды. Олар қазіргі Абыралы мен Саржал маңайындағы Дегелең тауының қойнауында терең шахталарда жүргізілген. Полигонда жарылған 600-ден астам сынақтың 467 бомбасының зарядының күші тіпті белгісіз, құпия күйде. Оны жүргізгендер Мәскеу асып кеткен. Бұған қосымша кейбір термоядролық қарулардың сыналғандығы туралы деректер де бар.
Жетпісінші жылдарға дейін зарядтар салынған штольнялар мен сква­жиналардың түптері мен шығар ауыз­дары дұрыстап бетон қақпақтармен жабылмапты да. Соның салдарынан улы инертті газдар, ауыр металдар, басқа да радиациялық заттар жер бетіне жайылған. Мұны мамандардың өздері де жоққа шығармайды. Сынақ кезінде бөлініп шығар зиянды ауыр металл изотоптарының ең қауіптілері – «Стронций-90», «Плутоний-238», «Цезий-137», тағы басқалары. Мәселен, стронцийдің ұсақ микробөлшекке айналып, қоршаған ортаға зиянсыз күйге енуі үшін 56 жыл керек екен. Ал цезийге – 30, плутонийге – 2100 жыл қажет. Бір ғана жарылыс өткізуде осындай он мыңдаған изотоптар мен қосындылардың пайда болатынын ескерсек, барлық сынақтан кейінгі жеріміздің, ел-жұртымыздың денсаулығын ойлап көріңіз. Осыншама сынақты қойнына тығып жатқан қара жер қойнауының әлі алда не әкелерін кім білсін?! Бұл жақта сирек те болса өтетін жер сілкінісінің өзі күдікті мың еселей түседі.
Қазақ – көнбіс те шыдамды халық. Әйтеуір, қу жанын шүберекке түйіп алып, атам заманнан бері мекен етіп келе жатқан атажұртын тастап кетер емес. Қайнар – (Абыралы) полигоннан 120-ақ шақырым, Саржал (Абай) бұдан да жақын жерде, Абыралы ауданы қайта ұйымдастырылғанда, полигон түбінен тағы екі шаруашылық ірге тепті. Оған әдейі істегендей Моңғолиядан келген қандастарымызды көшірдік. Олардың көпшілігі бір жылға әрең шыдап, ауруға шалдыға бастаған соң көшіп кетті. Тек туған жердің тұрғылықты момын жұрты ғана қозғалар емес.
Бір кезде қайнарлық қайсар азамат, марқұм Болат Жәкішев ауылында полигон зардаптарынан қайтыс болғандардың тізімін жасап жүрген. Ол қайтыс болғалы он жылдан асыпты. Оның сол кездегі деректеріне жүгінсек, 1963 жылдан бері қатерлі ісік ауруларынан алақандай Қайнардың өзінде 200-ден астам адам қайтыс болған. Жиырмадан астам қыз-жігіт өзіне-өзі қол жұмсап, 18 адам ақ қан ауруынан қайтпас сапарға аттанған.
Жарма ауданының «Қалбатау» ұжымында тұрған марқұм Мүтән Аймақов та – сол кездің куәгері. «Қайнар» синдромын көзімен көрген адам. 1953 жылы 12 тамызда тұңғыш сутегі бомбасын сынау кезінде Қайнар ауылында 42 адам әдейі тәжірибе үшін қалдырылған. Бұл күнде солардың бірде-біреуі жер басып тірі жүрген жоқ.
Көршілес Саржал ауылының да түпкілікті тұрғындарының айтуынша (кейбір мұрағат құжаттары растайды), осы ауылда 200-ге таяу адам қатерлі ісік, тағы басқа ауыр металдар туғызған науқастардан қайтыс болған. Мұнда ауруханада 1962 жылдан бері радиация зардаптарынан қайтыс болғандардың да тізімі жасалыпты. Оқи бастасаң жаның түршігіп, жағаңды ұстайсың! 1962 жылдан бері Саржалдың 70-тен астам адамдары өзіне-өзі қол жұмсаған, мұның басым бөлігі он екіде бір гүлі ашылмаған бозбала мен бойжеткендер еді.
Иә, өзекті өртеген өкініш осымен тынбапты. Сол ауылдағы дәрігерлердің айтуынша, қазір мұндағы әрбір жас балада қан жетімсіздігі, жүйке ауыт­қушылық, көз ауруы сияқты ауыр дерт­терге шалдығушылық факторлары байқалады. Саржал ауылының 300 адамы радиологиялық диспансер есе­біне тіркелген. Медициналық тексеруден өткенде 1083 адамның 500-ден астамының денсаулығында түрлі ауытқушылықтар анықталған. Ауылдағы орта мектептің 800 оқушысын тексеруден өткізгенде, төрт жүзден астамынан қатерлі ісіктің белгілері байқалған. Әр үш баланың бірі көз жанары ауруымен ауырады.
Радиациялық сәуле алу кесірінен бұрын естіп-білмеген сұмдықтарды көру пешенемізге жазылыпты. Мәселен, Қарауылда бір әйел босанып, қол-аяғы жоқ, басында екі көзі мен аузы ғана бар мутагенді жан иесін дүниеге әкелген. Мұндай бір қолы, бір аяғы жоқ, не аяқ-қолы істемейтін, не саңырау, мылқау болып туған кемтар балалар Саржалда, Қайнарда әлі де жиі кездеседі. Осындай кембағал жан, суретші, қарағандылық Күйіковтің есімі, кескіні қазір бүкіл әлемді шарлап кеткен.
Жалпы, Семей өңіріндегі полигонға жақын бұрынғы бес аудан халқының денсаулық жағдайын сараласақ, жүйке ауруына шалдыққандар саны (1995 жылғы деректер) – 1650-ге таяу, ақыл-ойы кемтарлар 4700-ге жетіпті. Ал 3700 адам жүйке тамыры ауруына шалдыққан. Әсіресе, екі әйелдің бірінде тамақ бездерінің ауруы асқынып қабынуы, ауруға шалдығушылардың иммунитеттері нашарлығы байқала бастаған. Республика бойынша орташа жас ұзақтығы ерлерде – 59, әйелдерде – 62 жас болса, полигон аймағына жататын аудандарда ерлерде – 52-55, әйелдерде 58 жас күйінде қалып келеді.
1995-2000 жылдары бұрынғы Семей облысында туғандар санынан өлгендер саны басым түсе бастауы дабыл көтерерлік жағдайдың босағадан аттағанын көрсетеді.
1990 жылдан бастап полигон маңайындағы бес аудан халқы медициналық тексерулерден жыл сайын өтіп келсе, бұл жұмыс қаржы жетіспеушілігінен 1992 жылдан тоқтатылған. Ал қолда бар мәліметтерге жүгінсек, полигон маңайындағы 100 мыңнан астам ауыл тұрғындары 100-ден 200 бэрге дейін радиациялық сәуле алғандығы мәлім болып отыр. Ол «Қайнар синдромы» деген атпен құпия түрде Мәскеудегі әскери ведомствоға жинақталған. Осы медициналық тексерулерді сол кездегі Кеңес Одағына мәлім радиолог-ғалым А.Ф.Цыб басқа­рып келген. Кезінде осы ғалымның медициналық комиссия сараптамасы баспасөзде жарияланды. Оны негізгe алсақ:
– полигондағы атом сынақтары болған аймақта тұрғандардың қанында қызыл түйіршіктер азаюы (ақ қанға айналуы), хромосомдық өзгерістер 4-5 есеге артқан;
– 1970 жылмен салыстырғанда әр тұрғынның орташа жасы үш жылға қысқарған;
– медициналық тексеруден өткен­дердің 45-50 пайызының орга­низм­дерінде ауруға қарсы тұрушылық (иммунитеті) төмендеген;
– 1969 жылмен салыстырғанда ақ қан ауруымен науқастанып, қайтыс болушылар саны үш есе көбейген;
– полигонмен жапсарлас тұрған аудандарда туған балалар арасында ақыл-ойы кемістер сол кездегі Одақтық көрсеткіштен (әр мың адамға шаққанда) бес есе көп;
– әр мың адамға шаққанда осы бес ауданда қатерлі ісік аурулары 445-460 адамға жеткен;
– екіқабат әйелдердің науқастануы, түсік тастауы, үш әйелдің бірінің басындағы қасірет, тағысын-тағылар, айта берсең таусылмайды.
Кеңестер Одағының әскери ведомствосы қолмен туғызған сорақылық, қылмыскерлік 40 жыл бойы Қа­зақстанның ең құйқалы өңірінде үнсіз қырғын ұйымдастырып келген. Біздің бағымызға орай, Радиологиялық зерттеу орталығының бас дәрігері В.Гусев семейлік болды. Ол республикамыз тәуелсіздік ала салысымен, көптеген құжаттардың көшірмесін алып қалып, жантүршігерлік жағдайлардың бетпердесін ашты.
Атом сынақтарынан кейін пайда болатын 600-700 микрорентген бүкіл тіршілікті жояды. Ал 300-400 рентген дозасын бойына сіңіргендер ақ қанға шалдығып, аз уақыт ішінде өмірмен қоштасады. Радиологиялық орталық дәрігерлерінің зерттеуінше, бұрынғы Семей облысы, көршілес Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Алтай өлкесі тұрғындарының көпшілігі 25-30 бэр, кей аудандарда 40 бэрге дейін залал шеккен көрінеді. Мұндай сұмдықтың растығын Семей жеріне келіп, радиациялық деңгейді өлшеп жүрген ғалымдар да аракідік айтып жүр. Мәселен, семейліктер ішіп жүрген қымызда стронций нормадан 28 есе көптігі, ет, сүт, бау-бақша өнімдерінде басқа да ауыр металдар құрамы аз еместігі енді-енді анықталуда. Осындай жағдай Ертіс пен Шаған суларынан ауланған балық түрлерінде де байқалуда.
Бұрынғы Кеңестер Одағының әскери ведомствосы Қазақстанда 20 миллион гектар жерді әскери сынақ алаңдары үшін бауырына басқан екен. Соның 2 миллион гектары Семей полигоны төңірегіндегі сынақтар алаңына жатқызылған. Осы алқапқа, полигонға жапсарлас аудандардың жері мен еліне сынақтардан қандай зиян келді? Кейбір шетелдік басылымдардың, әсіресе, америкалық және жапондық ғалымдардың деректері бойынша, Семей өңіріне атом сынақтары салдарынан келген зиян мөлшері 45-50 мил­лиард доллар көрінеді.
Күні кеше Ресей Кеңестер Одағының жалғыз мұрагері ретінде барлық әскери қуатты қаруды өзі жеке иемденіп кетті. Тіпті стратегиялық атом қаруымен жарақтанған бірнеше полкті де жеке-дара меншіктеніп, өз аумағына көшіріп алды. Ал күні бүгінге дейін Кеңестер Одағының осы мұрагерлеріне атом полигоны зардаптарын жою жөнінде талап қоймауымыз неліктен? Қаржылай көмек бере алмағанның өзінде, ағаш, мұнай, энергетикамен қараса алады ғой.
Атом полигоны зардаптарынан қайтыс болғандардың толық тізімін жариялайтын «Қаралы кітап» шығаруды да қолға алатын мезгіл жетті.
Келешекте сынақ өткен жерлерді цеолит араласқан топырақпен өңдеуді осы бастан ойластырғанымыз жөн. Өзіміздің облыста Тарбағатай ауданында цеолиттің мол кен орыны бар. Полигонды, сол маңдағы елдімекендерді, атқарушы органдар мен медициналық орындарды гейзер, дозиметрлермен қамтамасыз еткен ләзім. Әлі күнге дейін полигон аймағындағы радиациялық деңгейдің картасы көпшілік қолына берілмеуі де зардаптарды молайта түсуде. Қай жерлерде тіршілік етуге болады, қай жерлер қауіпті, оны халық білмейді. Радиациялық қауіпті аймақтардағы торлар алынып тасталған, мал жаюшылар, түрлі-түсті металл сынақтарын іздеушілер ол жерлерде еркін жүреміз деп, кенеттен қайтыс болуда.
Чернобыль апаты кезінде зардап шеккен отбасындағыларға ақшаның құнды кезінде – 120 мың сомнан қаржы бөлінгені мәлім. Ал Қазақстан үкіметі қаражат жетімсіздігін сылтауратып, полигон зардаптарын жоюға байланыс­ты жеңілдіктерді уақытша тоқтатып тастады. Семейде бір кезде ядролық сынақтар зардаптарын жою үшін облыс басшысы К.Бозтаевтың тегеурінімен 18 медициналық әртүрлі емдеу орталықтары іске қосылған-ды. Қазір көпшілігі біріктіріліп, кейбіреулері жекешеленіп кетті. Қалай болғанда да, Семей полигоны аймағындағы халық тағдырын естен шығармай, оларға әлеуметтік, экономикалық жеңілдіктер жасау, дамыту – елдігімізге сын.
Қазақстан мемлекеті бейбіт кезеңде халқымызды үнсіз қырғынға ұшыратқандарды тегіс Гаагадағы халықаралық сотқа беруі тиіс. Сонда ғана әділеттік орнап, өлі де, тірі де риза болмақ.

Полигон аймағы қонысқа жарамды ма?

Кеңестер Одағының елуінші жылдардағы басшылығы ядролық қаруды сынау алаңын Семей өңірінен таңдауында арам жымысқы саясат болғанын жасырып қайтеміз. Екі млн. гектардан астам полигон аймағына жатқызылған жер үш облыс көлемінен, Семей, Павлодар, Қарағанды өңірлерінен кесіп алынған болатын.
Онда жер үсті, әуеде, жер астында қанша ядролық бомбалар жарылғанын жоғарыда баяндап өтсек те, Елбасы Н.Назарбаевтың: «Полигонда барлығы 456 ядролық сынақ жүргізілген. Оның барлық қуаты Хиросимаға тасталған бомбадан 2,5 мың еседен де күштірек» деп айтқан мысалынан анық байқай аламыз.
Ядролық сынақтар жүргізілу үшін Семей облысының Абыралы ауданы жабылып, Абай ауданының көп жерін полигон бауырына басты. Павлодар облысынан Май ауданының үштен бір аумағы, Қарағанды облысынан бес елдімекен жабылып, халық босып, басқа елдімекендерді паналауға мәжбүр болды. Әсіресе, Семей өңіріндегі Абыралы ауданын жабу халыққа моральдық, материалдық жағынан ауыр соққы болды. Бұл үнсіз қырғынды Сталин бастаған қанішерлер қазақ халқына қасақана жасады. Себебі бір кездері Сталиннің өзін салиқалы пікірлерімен тұқыртқан М.Шоқай, А.Байтұрсынов, С.Смағұлов, Ә.Бөкейханов және т.б. алашордашылар осы Семейде тұрып, тәуелсіз қазақ елін жариялап, Мәскеуге барып, пікірлерін дәлелдеген. Ленин бастаған коммунистер ол пікірлерге құлақ асып, Қазақстанды автономиялық республика деп жариялатып, шекарасын белгілеп берген. Оның ар жағындағы туған жер, тарих қойнауына үңіле түссең, бүкіл Еуразияны жаулаған Шыңғысхан ақ киізге көтерілсе, биік жотаға отырғызған Шыңғыстау да Абай ауданында деген ақпарат бар. Кейін ол Наймантау атанғаны да белгілі, бірақ қазір бұрынғы атауы қалпына келтірілді. Бір деректерде Шыңғысхан орыс пен Еуропа жеріне әскер жіберіп жаулап аларында осында хан кеңесін өткізгені мәлім дейді. Содан жорық бастау алып, Ресейдің бүгінгі бүкіл аймағының басым бөлігі үш ғасыр моңғол езгісінде болған көрінеді.
Міне, осыған шамданған Сталин бастаған отаршылдар тобы қайткенде де Семей өңірінің атын тарихтан өшіруге тырысып, топырағын күл, әйелі мен еркегін құл етуді көздегенін жасырып қайтеміз. Әйтпесе, Ресейде бүкіл адам аяғы баспаған жер болмады дейсіз бе, анау Қиыр Солтүстіктегі «Жаңа жер» сияқты адам мекендемеген елдімекендер неге таңдалмаған?!
Бірақ қанқұйлы басшылар мен қосшыларының ойлағанын Жаратушы Ием болдыра қоймады. 1949-1989 ж.ж. 40 жыл қырғын жасаса да қазақты радиа­ция ала алмады. Қазақтар Американың Невада штатындағы үндістерден де өміршең, төзімді екенін әлемге паш етті. Онда полигон зардаптарынан жапа шеккен әр отбасына жылына – 100 мың доллар көмекақы беріп отырса, Семей Кеңестер Одағы мен оның мұрагері Ресейден көк тиын да алған жоқ.
Таяуда баспасөз беттерінде «бұрын­ғы Семей полигоны аймағында орта­лығы Курчатов қаласы боп жаңа аудан құрылады екен» деген әңгіме болды. Сол деректерге сүйенсек, полигонның құрамына жататын жердің 95 пайызы халық шаруашылығына жарайды екен. Бұған қазақтың Ұлттық ядролық орталығы ғалымдары кепілдеме бе­ріп отыр дейді. Осы хабар Астанаға жетісімен Мәжілістің 50 депутаты қол қойып, Үкіметке сауал қойып, бұлай жасауға болмайтындығын айтты.
«Полигонның табиғатқа, тіршілікке әсері төмендеуі үшін әлі кемінде үш ғасырдай уақыт керек» дейді депутаттар мен ғалымдар. Мәселен, «плутоний-240», толық ыдырап кетуі үшін 6500 жыл қажет, ал «плутоний-239»-ға 2100 жыл, ал «плутоний-241» ыдыраған кез­де жаңадан альфа-сәуле пайда болатындығын Курчатовтағылар елемей отыр. Ядролық полигон зардаптарына ШҚО-ның 1,5 млн. тұрғыны ұшыраған. Мемлекет тарапынан біржолғы өтемақы төленгенімен, басқа жеңілдіктер алынып тасталған. Қазір облыстағы 700 мың тұрғын полигон туғызған аурудан аурухана, емханаларға тіркелген. Әсіресе, рак, қан айналымы, көз, буын аурулары өте жоғарғы деңгейде.
Радионуклеидтер жерасты суларымен полигон маңындағы өзендер мен бұлақтарға құйылып, қоршаған ортаға зиян әкелуде. Оған мысал, өткен жылы Шаған өзенінде болған апаттық жайды айтуға болады. Шаған өзеніне тәжірибе алаңынан (опытное поле) бірнеше бұлақтар құяды екен. Ядролық орталықтың ғалымдары Шаған өзеніне суға түспеуді, мал апарып суармауды айтып, дабыл көтерді. Себебі өзен суында көп мөлшерде тритий бар боп шықты. Ғалымдар зерттеуі бойынша, Шаған суындағы тритий табиғаттық деңгейінен жүздеген есе асып кетіпті. Ал тритий адам ағзасында сумен барып 10 тәулікке дейін сақталса, радиацияға ұшыратып, айықпас дертке соқтырады. Шаған өзені бойындағы осы ат­тас көл­ге балық аулауға, жағасында дема­лып, суын ішуге тыйым салынған. Бұл – кезінде бомба түскен жерде пайда болған, ұзындығы 500 метрдей, ені 100-120 метрдей, тереңдігі 40 метрден астам болатын жасанды көл. Бұған жан-жағынан бірнеше бұлақтар құяды. Бұл көлдің маңайында ешқандай құс ұшпайды. Жергілікті адамдар ол көлді «Атом көлі» деп атайды. Ал балық бар, ірі-ірі болып келеді. Семейдің кейбір балықшылары «Атом көліне» барып, ау салып, балықтарын Зайсандікі деп базарларда сатып жүр, тритий жерасты суларымен бүкіл Шаған өзенін лайлап, Қара Ертіске құйып жатыр. Ал Ертістің сол тұсындағы су деңгейіндегі қауіпсіздік мәселесі қандай, ешкім бас ауыртып отырған жоқ. Шаған, Долон, Бөдене елді аймақтарындағы халық Ертіс өзенінің суын қауіпсіздік жайын ойламастан пайдаланады.
Ал Ядролық орталық ғалымы Сергей Лукашенко пікірі бойынша, тритий «Опытное поле» маңайындағы «Балапан» сынақ-тәжірибе алаңынан келіп жатыр. Онда жерасты сынақтарының үштен бірі болған. Қазір бір бүйірінде бүкіл облысқа көмір өндіретін «Қаражыра» кеніші бар. Қазіргі аз айтылып жатпаған көмір сапасыздығын да содан ба деген ой келеді. Өйткені көмір құрамында күл көп кездеседі. Ал көмір неге тексеріліп, «қауіпсіз» деген белгі соғылмайды. Ертең-ақ көмірден бір пәле шықса, кім жауап береді?
Міне, осындай үнсіз жатқан ажда­һа­ның көп залалды апанын халық шаруа­шылығына беру қандай ақылға сыяды?
Ал күні кеше ғана Абыралы өңіріне Моңғолиядан көшіп келген 200-ден аса отбасымыз қайда? Әрине, олар Қайнарға, т.б. жерлерге көшіп келгенде үнсіз ажал құшып жатқан отбасыларын көзімен көріп, тірідей мақұлық болып туғандардан шошынып, көпшілігі баяғыда-ақ Талдықорған, т.б. аймақтарға қоныс аударып кеткен. Ал туған өңірінен көшпей отырған – жергілікті тұрғындар. Аждаһа күнделікті түрде үнсіз жалмап жатса да, жанын шүберекке түйіп, тағдырдың жазғанын көруге даяр отыр. Полигон жерін халық шаруашылығына қайтарып, жеке аудан ашу жөнінде мәселе қозғалып жүр. Оны тұрғындар да құптайды. Абыралы ауданын қалпына келтіретін қоғамдық топ жұмыс істеп, Астанаға дейін барып келген.
Бірақ осы аудан кейін өзін-өзі асырай ала ма? Оған ешкім басын ауыртқысы келмейді. Айтатын уәждері: «Абай ауданы өмір сүріп жатқанда, Абыралы неге аудан болуға тиіс емес» дейді.
Тіпті өткен жылы Астанадан Курчатовты аудан етіп құрмақ комиссия тобы Қайнар ауылына барғанда бір топ ақсақалдар плакат көтеріп шығып, «аудан орталығы – Қайнар, аудан аты – Абыралы делінсін» деп ұрандатқаны белгілі. Ал енді бір зиялы топ Курчатов қаласына атом полигонын жапқан Елбасы Н.Назарбаевтың атын беріп, Дегелең ауданы (жанында Дегелең станциясы бар) деп атау керек деген ұсыныс айтады.
Қалай десек те, полигон жеріне оралмандарды тоғытып, халықты көшіру дұрыс саясат емес. Жоғарыда айтқан «Балапан» учаскесі – мысал ғана.
Радиациялық қауіпті жерлер Абай ауданының Саржал елдімекенінен – 15-20 шақырым, ал Курчатов қаласынан – 60-65 шақырымда. Осы учаскенің 36 шаршы шақырымында кезінде 23 ядролық жарылыс жасалған. Олардың басым бөлігі термоядролық жарылыстар, күші 165 килотоннаға дейін жеткен. Бұл – ресми мәлімет. Осы топырағы күлге айналған плутоний мен басқа да улы радиацияға толы жерді басып жүру, ол – тіршілікпен қоштасу екенін ғалымдар ескерткенімен, жерді сатып, темір-терсектерді Қытайға асырып пайда тапқысы келетіндер құлқыны қоғамдық пікірді жеңіп кетсе қайтеміз? Осы «Атом көлі» мен «Балапан» учаскесінен әрқайсысы 5 шаршы шақырымды ғалымдар мүлде жабу керек деп есептейді. Полигон жерлерін халық шаруашылығына беру үшін топырақ қыртысы цеолит тыңайтқышымен өңделуі қажет. Ондай іс кезінде Чернобыльде атқарылған болатын.
Үкімет басшысы К.Мәсімовтің депутаттарға берген жауабында елі­міз­дің Ұлттық ядролық орталығы ғалым­дарына тапсырма берілгенін, сол бойынша полигон аймағы үш бөлікке бөлініп (радиациялық қауіпсіздігі бойынша) отырғаны айтылған.
Оның біріншісі – «Опытное по­ле» шағын көлі аймағы – халық шаруа­шылығына пайдалануға беріл­­мей­ді. Ал екі­н­шісі – Қайнар маңы, Павлодар, Қара­ған­ды облысы шека­расындағы Курчатов маңайы залалсыздандырылғасын, ауыл шаруа­шы­лығына пайдалануға жарамды деп Ядролық ұлттық орталық ғалымдары қорытынды шығармақшы. Ядролық ұлттық орталық ғалымдарының бұл тұжырымдамасына қалың бұқара қатты алаңдауда. Сол себепті жоғарыдағы дәлелді жайттарды ескере отырып, бұл мәселеде ақырғы нүктені қою әлі ерте екенін хабарлаймыз. Сондай-ақ аталған жерлерде аудан ашу мәселесін арнайы қоғамдық комиссия негізінде саралап, нақты тұжырымды содан кейін шығару қажет. Сүйеубай Байқадиұлы,
Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, журналист Семей-Қайнар-Саржал-Семей«Ана тілі».( http://adyrna.kz/?p=3446)

«Невада-Семей» қозғалысы жабылған жоқ

0 1370

«Невада-Семей» қозғалысына биыл 20 жыл толады. Бұл ұйымның құрылудағы мақсаты ядролық сынақты тоқтату еді. Ядролық полигон жабылғаннан кейінгі ұйымның тағдыры қалай болды, жабылып қалды ма, әлде қазір де жұмыс істеп жатыр ма?

Ақерке ТАЛҒАТҚЫЗЫ,Алматы облысы, мектеп оқушысы

Осыдан 20 жыл бұрын Қазақстан Президентінің Жарлығымен Семей яд­ролық сынақ полигоны біржолата жа­былды. Бұл шешім Қазақстан жерінде жүздеген ядролық жарылыстарға нүкте қойды. Семей ядролық полигонын жа­буға «Невада-Семей» қозғалысы зор үлес қосты. Осыдан кейін ЮНЕСКО ше­шімі бойынша «Невада-Семей» қоз­ғалысы адамзат алдындағы қызметі үшін «Әлем ескерткіші» атты бүкіл­әлем­дік регистрге енгізілді. Бұдан бы­лай ха­лық­аралық «Невада-Семей» қоз­­­ғалысы атанған ұйым ядролық сы­нақтардан зар­дап шеккен миллионнан астам тұр­ғындардың мүддесін қорғау, аймақты қалпына келтіру жұмыс­та­рымен айна­лысып келеді. Сондай-ақ атал­ған қоз­ғалыс өкілдерінің әлемнің басқа да ай­мақтарындағы ядролық сынақтардың жа­салуына халықаралық мораторий қа­был­дауы миллиондаған адамдардың ден­саулығы мен өмірін сақтап қалды. Соңғы бірнеше жылда халықаралық «Не­вада-Семей» қоз­ға­лысының өкіл­де­рі еліміздің және шет­елдердің оқу орын­дарында ядролық сынақтардың ти­гізетін зардаптары жө­нінде арнайы лек­циялар, үздіксіз на­сихаттаулар жүр­гі­зіп келеді. Себебі соңғы жылдары көп­те­ген мем­ле­кеттер ядролық қарулармен жарақ­та­нып, сы­нақтар ұйымдастырып жат­қан­да бұл мәселенің өзектілігі әлі де зор. (http://www.alashainasy.kz/interested/14482/)

Наши рекомендации