Жер құқық бұзушылықтың түсінігі, құрамы жəне түрлері.
Жер құқық бұзушылықтың түрлері. ҚР жер заңдарын экологияландыру мəселелері. Жер жəне экологиялық заңнаманың ара қатынасы. Жер заңдарын бұзғаны үшін құқықтық жауапкершіліктің түрлері. Жер ресурстарына келтірілген зиянды өтеудің теориялық мəселелері. Жер – Қазақстан Республикасының егемендігі белгіленетін шектегі аумақтық кеңістік, табиғи pecуpc, жалпыға ортақ өндіріс құралы жəне кез келген еңбек процесінің аумақтық негізі болып табылады. Жер құқығы қатынастарына – жерге меншік құқығын жəне өзге де құқықтарды жүзеге асыра отырып, жер ресурстарын басқаруға, жекелеген субъектілерге жер учаскелерін бекітіп беруге байланысты жерді пайдалану мен қорғау жөніндегі құқықтық қатынастары жатады. Жер қатынастарының объектісі мен субъектісін ажырата білу маңызды. Жер қатынастарының объектісі – Қазақстан Республикасы аумағының шегіндегі бүкіл жер, онда орналасқанына жəне олардың жекелеген субъектілерге бекітіліп берілуінің құқықтық негіздеріне қарамастан жекелеген жер учаскелері, сондай-ақ жер учаскелері мен жер үлестеріне құқықтар болып табылады. Жер құқығы қатынастарының субъектілері – жер құқығы қатынастарына қатысушылар болып табылатын жəне соған орай құқықтары бар əрі осы құқық қатынасында міндеттер атқаратын жеке жəне заңды тұлғалар, сондай-ақ мемлекеттер. Қазақстан Республикасының жер қоры нысаналы мақсатына сəйкес мынадай санаттарға бөлiнедi: 1) ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер; 2) елдi мекендердiң (қалалардың, кенттер мен ауылдық елдi мекендердiң) жерi; 3) өнеркəсiп, көлiк, байланыс, қорғаныс жерi жəне өзге де ауыл шаруашылығы мақсатына арналмаған жер; 4) ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерi, сауықтыру мақсатындағы, рекреациялық жəне тарихи-мəдени мақсаттағы жер; 5) орман қорының жерi; 6) су қорының жерi; 7) босалқы жер. Жер заңдарының принциптерi: 1) Қазақстан Республикасы аумағының тұтастығы, қол сұғылмаушылығы жəне бөлiнбейтiндiгi; 2) жердi табиғи ресурс, Қазақстан Республикасы халқының өмiрi мен қызметiнiң негiзi ретiнде сақтау; 3) жердi қорғау жəне ұтымды пайдалану; 4) экологиялық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету; 5) жердi нысаналы пайдалану; 6) ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердiң басымдығы; 7) жердiң жай-күйi жəне оған қолжетiмдiлiк туралы ақпаратпен қамтамасыз ету; 8) жердi пайдалану мен қорғау жөнiндегi iс-шараларды мемлекеттiк қолдау; 9) жерге залал келуiн болдырмау немесе оның зардаптарын жою; 10) жердi ақылы пайдалану принциптерiне негiзделедi. Қазақстан Республикасында жер мемлекеттiк меншiкте болады.
Жер учаскелерi Кодексте белгiленген негiздерде, шарттар мен шектерде жеке меншiкте де болуы мүмкiн. Меншiк құқығының мазмұны меншiк иесiнiң өзiне тиесiлi жер учаскесiн иеленуге, пайдалануға жəне оған билiк етуге құқықтарын қамтиды. Жер учаскесiне меншiк құқығының туындауы Жер учаскесiне меншiк құқығы: 1) меншiк құқығын табыстау; 2) меншiк құқығын беру; 3) меншiк құқығының əмбебап құқықтық мирасқорлық тəртiбiмен (мұраға қалдыру, заңды тұлғаның қайта ұйымдастырылуы) ауысуы арқылы туындайды. Меншiк құқығын табыстау, беру жəне оның ауысуы жер учаскесiнiң нысаналы мақсаты ескерiле отырып, жүзеге асырылуға тиіс. Жер учаскесiне меншiк құқығы: 1) мемлекеттiк органдар актiлерiнiң; 2) азаматтық-құқықтық мəмiлелердiң негiзiнде; 3) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де негiздерде туындайды. Жер учаскесiне жеке меншiк құқығын немесе жер пайдалану құқығын тоқтату негiздерi : 1) меншiк иесi - жер учаскесiн немесе жер пайдаланушы жер пайдалану құқығын иелiктен шығарып басқа тұлғаларға берген; 2) меншiк иесi меншiк құқығынан немесе жер пайдаланушы жер пайдалану құқығынан бас тартқан; 3) жер учаскесiне меншiк құқығынан немесе жер пайдалану құқығынан Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген өзге де жағдайларда айырылған ретте тоқтатылады. Жердi қорғаудың мақсаттары мен мiндеттерi. Жердi қорғау қоршаған ортаның бiр бөлiгi ретiнде жердi қорғауға, жердi ұтымды пайдалануға, жердi ауыл шаруашылығы мен орман шаруашылығы айналымынан негiзсiз алып қоюды болдырмауға, сондай-ақ топырақтың құнарлылығын қалпына келтiру мен арттыруға бағытталған құқықтық, ұйымдық, экономикалық, технологиялық жəне басқа да iс-шаралар жүйесiн қамтиды. Жердi қорғау мақсаттары: 1) өндiрiстiң экологиялық қауiпсiз технологияларын ынталандыру жəне орман мелиорациялық, мелиорациялық жəне басқа да iс-шараларды жүргiзу арқылы жердiң тозуы мен бүлiнуiн, шаруашылық қызметтiң басқа да қолайсыз зардаптарын болдырмау; 2) тозған немесе бүлiнген жердi жақсарту мен қалпына келтiрудi қамтамасыз ету; 3) жердi оңтайлы пайдаланудың экологиялық нормативтерiн тəжiрибеге енгiзу болып табылады. Жерді қорғау мақсатында жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылар төмендегідей шараларды жүзеге асыруға міндетті: 1) жердi құнарсызданудан жəне шөлейттенуден, су жəне жел эрозиясынан, селден, су басудан, батпақтанудан, қайталап сортаңданудан, құрғап кетуден, тапталудан, өндiрiс пен тұтыну қалдықтарымен, химиялық, биологиялық, радиоактивтi жəне басқа да зиянды заттармен ластанудан, басқа да бүлiну процестерiнен қорғауға; 2) ауыл шаруашылығы жерiн карантиндiк зиянкестер мен өсiмдiк ауруларын жұқтырудан, арамшөп, бұта мен шiлiк басып кетуден, жердiң жай-күйi нашарлауының өзге де түрлерiнен қорғауға; 3) бүлiнген жердi жаңғыртуға, оның құнарлылығын жəне жердiң басқа да пайдалы қасиеттерiн қалпына келтiру мен оны шаруашылық айналымына уақтылы тартуға; 4) жердiң бүлiнуiмен байланысты жұмыстар жүргiзiлген кезде топырақтың құнарлы қабатын сыдырып алуға, сақтауға жəне пайдалануға бағытталған iс-шаралар жүргiзуге мiндеттi.
Жерді қорғауда алдын алу шараларының маңызы үлкен. Олар: Жер мониторингi болып жатқан өзгерiстердi уақтылы анықтау, оларды бағалау, одан əрi дамуын болжау жəне керi əсерi бар процестердi болдырмау мен оның зардаптарын жою жөнiнде ұсыныстар əзiрлеу мақсатында жүргiзiлетiн жер қорының сапалық жəне мөлшерлiк жай- күйiн базалық (бастапқы), жедел, мерзiмдi байқау жүйесiн бiлдiредi. Жер мониторингi қоршаған табиғи ортаның жай-күйi мониторингiнiң құрамдас бөлiгi жəне сонымен бiр мезгiлде басқа да табиғи ортаға мониторинг жүргiзу үшiн база болып табылады. Халықаралық ғылыми-техникалық бағдарламаларға сəйкес Қазақстан Республикасы жердiң ғаламдық мониторингi бойынша жұмыстарға қатысуы мүмкiн. Жерге меншiк нысандарына, жердiң нысаналы мақсаты мен пайдаланылу сипатына қарамастан Қазақстан Республикасының барлық жерi жер мониторингiнiң объектiсi болып табылады. Жер мониторингiнiң мiндеттерi: 1) жердiң жай-күйiнiң өзгерiстерiн уақтылы анықтау, оларды бағалау, болжам жасау жəне керi əсерi бар процестердi болдырмау мен зардаптарын жою жөнiнде ұсыныстар əзiрлеу; 2) мемлекеттiк жер кадастрын жүргiзудi, жерге орналастыруды, жерді пайдалану мен қорғауды бақылауды жəне жер ресурстарын мемлекеттiк басқарудың өзге де функцияларын ақпараттық қамтамасыз ету болып табылады.
Халықымыз Елбасымыздың жолдауларын жыл сайын асыға күтеді. Себебі, Елбасымыздың жолдаулары ел дамуының бағыт-бағдарларын, басымдылықпен мəн берілетін мəселелерін айқындап, алға жаңа міндеттер қояды жəне болашаққа үлкен жол сілтейді. Елбасымыз өзінің 2010 жылғы жолдаған жолдауында, жер реформасын жүзеге асыру барысында оның қоғам дамуына қатысты рөлін бағалай келе Жер табиғи байлықтармен жəне жылжымайтын мүлікпен қатар экономиканы көтеріп тұрған жағдайлардың бірі болып табылады деп атап кеткен болатын. Тəуелсіздік алған жылдардан бері Мемлекет басшылығының елімізді гүлдендірудегі мақсатына, осыған сəйкес Үкіметтің алдына қойған стратегиялық жоспарларына сай жүргізіліп келе жатқан жер реформасы қазіргі таңда өзінің шешуші сəтіне аяқ басты деуге болады. Елімізде жер қатынастарын жаңа заман талаптары негізінде айқындап, тұрақтандыруға бағытталған, жер байлығымызды ел байлығымызға айналдырудың маңызды мəселелерін шешуге бағытталған жер заңнамасы қалыптасты. Міне, осы тұлға біз жердің өзіне тəн ерекшелігін, маңызы мен мəртебесін қатаң есте ұстауымыз қажет. Жер – өндіріс құралы. Адамдар жерді пайдаланып жұмыс істейді. Оның үстіне ол – өндіргіш күш. Себебі, жерге бидай ұрығын ексең, ол күзде бірнеше есе көбейіп шығады. Осындай үлкен ерекшеліктеріне байланысты адамдардың жермен қарым-қатынасы бірнеше заңдылықтар бойынша реттеледі. Жерді сақтау, қорғау жəне ұтымды пайдалану мəселесін көбінесе Жер кодексі қозғайды. Бұл жұмыс Жер ресурстарын басқару агенттігі құзырына, мемлекеттік стратегияға сай оның міндеттерін анықтап, оның орындалуын қамтамасыз етеді. Ал, бұл міндеттер мен іс-шаралардың орындалуын жер заңдарының шеңберінде жəне белгіленген құзыреті жер ресурстарын басқаратын орталық қамтамасыз етеді. Өмірдің серпінді дамуына ауылшаруашылығының үлесі мол, еншісі қомақты.
Ал, жер ресурстары осы саланың өндіріс құралы болып табылады. Статистикка бойынша халқымыздың 45 пайыздан астамы ауылдық жерлерде тұрады екен. Олар жер байлығын пайдаланып, ауылшаруашылық өндірісінің дамуына, халықымыздың ұлттық қадір-қасиетінің сақталуына үлес қосып отыр. Елбасымыз ұстанған сара саясаттың арқасында ауылдық жердің ажары кіріп, шаруа адамның тұрмысы түзеле бастағаны шындық. Елбасы айтқандай, қай салада да əркім елдікті түсініп өмір сүрсе, ертеңіміз бұданда жарқын болатынына сенімім мол. Жолдаудағы жоба-жоспарлар, ой-түйіндер түсінген адамға осыны аңғартады. Болашаққа серпін беретін Жолдауда көрсетілген аса маңызды мəселелердің бірі, ол жер ресурстарын, оның ішінде ауылшаруашылық мақсатындағы жерлерді ұтымды, əрі нысанды пайдалану, оны бақылау жəне қорғау болып табылады. Осы мəселелер бойынша Елбасы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында Жер ресурстарын басқару агенттігіне бірқатар міндеттер жүктеген болатын.
Мұндағы негізгі проблема – ол жер ресурстарының əлеуетін тиімді, ұтымды пайдалану жəне қорғау. Бүгінгі таңда нарықтық қатынастардың дамуы, жер пайдалану құқығының артуы, экологиялық жағдайдың шиеленісуі, жерді пайдалануда жəне жерді қорғау саласындағы заңдарды жəне басқару органдарының қызметтерін реформалауды талап етуде. 2002 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының Құқықтық саясат тұжырымдамасы елдің 2010 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық жүйесі дамуының негізгі бағыттарын айқындады. Өткен жылдары мемлекеттік жəне қоғамдық институттардың қарыштап дамуына ықпал ететін, Қазақстанның орнықты əлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ететін бір қатар аса маңызды заңнамалық актілер қабылданды. Тұжырымдаманы іске асырудың басты қорытындылары ұлттық заңнаманың негізгі салаларының (конститутциялық, əкімшілік, азаматтық, банктік, салық, қаржы, кеден, экологиялық, қылмыстық заңнама) айтарлықтай жаңаруы болды. Жаңа кодификациялық актілер: 2003 жылы – Орман, Жер, Кеден, Су кодекстері; 2007 жылы – Еңбек, Экологиялық кодекстер; 2010 жылы – Бюджет, Салық кодекстері əзірлеп, қабылданды. Бірқатар өңірлерде экологиялық қиын жағдай орын алған біздің ел ішін ең өзекті мəселе табиғат қорғау заңнамасын, оның ішінде халықаралық міндеттемелер мен дамыту болып табылады. Табиғи ресурстарды тиімді пайдалану (жерді ұтымды пайдалану) қызметінің тиімділігін арттыру мақсатында табиғи ресурстарды пайдалану жəне оларды қорғауды құқықтық реттеу тетіктерінің нақты аражігін ажырату керек. Күннен-күнге жер дауларының көптен кездесуіне байланысты жерді пайдалану мен қорғау саласындағы заңдарды реформалау барысы əлі де жалғасын табуда. Қазақстан Республикасында жер пайдалану құқығын зерттеуге арналған еңбектер аз десек қателеспейміз жəне олар негізінен жерді ұтымды пайдалануды құқықтық түрде реттеудің жалпы мəселелерін қарастырады.
Дегенменде Қазақстандық ғалымдардың құнды ғылыми еңбектері бар. Олардың ішінен Ə.Е.Еренов, Ə.С.Стамқұлов, С.Б.Байсалов, К.А.Шайбеков, Н.Б.Мухитдинов, Ə.Е.Бектұрғанов, Д.Л.Байдельдинов, Л.К.Еркінбаева, Ж.Х.Қосанов, А.Х.Хаджиев, С.Т.Культелеев, Б.Ж.Абдіраимов, Е.Ш.Дүсіпов, Ə.Ерəли, Н.Батырбаев, Б.Бегалиев, С.Мұстафаев жəне т.б. бөліп айтуға болады. Жерді пайдалану құқығын төмендегідей ресейлік ғалымдар зерттеген Иконицкая И.А., Краснов Н.И., Ерофеев Б.В., Фомина Л.П., Карамышева О.В., Топорнин Б.Н., Сыроедов Н.А., Быстров К.Е, Боголюбов С.А., Волков Г.А., Крассов О.И., Камышанскийлер жəне т.б. айтуға болады. Қазіргі кезеңдегі нарықтық қатынастардың даму жағдайындағы жер ұтымды түрде пайдалану құқығының құқықтық реттелу тəжірибесін талдап, қорыту, заңдарымыздағы кемшіліктерді, жетіспеушіліктерді көрсете отырып, теориялық қорытындыларды негіздеу жəне жер пайдалану құқықтарын реттеуді қамтитын жер заңдарын жетілдіруге бағытталған тəжірибелік ұсыныстар жасау қажет.