Шөл аймағын геоботаникалық аудандастыру
Шөлдерді геоботаникалық аудандастыру әлі жеткіліксіз деуге болады. Алғашқылардың бірі болып А.В. Прозоровский (1940) шөлдерді аудандастыру жобасын ұсынды.
Шөлді аймақтың үлкен кеңістігі өсімдіктер жабынының флоралық құрамы жағынан біркелкі емес. Эдификаторлары және оларға ілесіп жүретін түрлерде бір аймақ тармағынан екіншісіне ауысқанда өзгеріп отырады.
Батыстан шығысқа бет алғанда эдификаторлар және оларға ілесіп жүретін түрлер жақын түрлермен ауысады, ескеретін нәрсе ол түрлердің таралуы аймақ тармақтары (подзона) шекараларымен сәйкес келмейді. Кейбір түрлер мысалы Stipa sareptana, S. capillata және Festuca sulcata бірнеше аймақ тармақтарына тән болуы мүмкін. Аудандастырғанда осындай заңдылықтар ескерілуі керек.
Сонымен, өсімдіктер типтерінің комплексі басымдығына байланысты Азия шөлі облысы бөлінеді. Ол облыс сосын провинция тобына, провинцияға, провинция тармағына (флоралық белгілеріне байланысты) және округтарға бөлінеді.
I Тұран провинциялар тобы
Солтүстігінде дала облысымен шектеледі, ал оның оңтүстік шекарасы оңтүстік шөлі аймақ тармағының солтүстік шекарасымен сәйкес келеді. Бұрынғы КСРО көлемінде ол Шығыс Предкавказьені Солтүстік Каспий маңын, жартылай Арал Маңғыстау және Үстірт, оңтүстік Мұғолжар Арал маңын, Бетпақдала, Солтүстік және Орталық Қызылқұмды, Мойынқұмды, Балқаш маңын, Жоңғар Алатауын және Солтүстік Тянь-Шанды қамтиды.
Бұл провинциялар тобына солтүстік типті қоңырбасты жусандар шөлі алқабы кіреді. Жусандардан Artemisia lercheana, A. Pauciflora, A. terrae-alba, A. Lessingiana және т.б. басымырақ. Бұл жусандардың ареалымен Chenopodiaceae тұқымдасының кейбір өкілдерінің ареалдары сәйкес (мысалы, Salsola, Anabasis, Nanophyton және т.б.).
Тұран провинциялар тобы 3 провинцияға бөлінеді:
1) Терск-кум провинциясы Шығыс Предкавказье Кум өзеніне дейін қамтиды. Бұл провинцияда далалық жусандар, кебір-жусанды және сораңды шөлдер басым. 2 округқа бөлінген.
2) Солтүстік Каспий провинциясы. Солтүстік Каспий маңын және Орал-Мұғолжар борлы платформасын қамтиды. Бұл провинцияда ақ жусан (Artemisia incana) және қара жусандар (Artemisia pauciflora) ассосациялары және сораңды шөлдер (көкпекті, бұйырғынды, сарсазанды) басым. 3 округқа бөлінген.
3) Арал-Каспий провинциясы – кең көлемді, өте үлкен кеңістікті алып жатыр. Каспий теңізінің Шығыс жағалауынан және Ембі өзенінің төменгі жағынан Жоңғар Алатауы және Солтсүтік Тянь-Шанның негізгі жоталарына дейінгі кеңістікті алып жатыр. Бұл провинция 5 провинция тармағына бөлінеді:
а) Маңғыстау (Маңғыстау жарты аралының Солтүстік бөлігін және Бузашиді қамтиды). Бұл жерде жусанды шөлдерде дала қоңырбастары өте көп кездеседі, Artemisia terrae-alba және Anabasis salsa өсімдіктер топтары басым.
б) Үстірт-Мұғолжар (Үстірттің орталық және солтүстік бөлігі, Мұғолжардың оңтүстік шеті, Торғай Үстірті).
Бұл провинция тармағында Artemisia terrae-alba басым, бірақ та A. incana, A. Pauciflora және солтүстік сораңдар (баялыш, бұйырғын және көкпек) мол мөлшерде қатысады. Екі округке бөлінген.
в) Арал-Балқаш. Арал теңізінен Жоңғар Алатауына дейін. Бұл провинция тармағына Бетпақдала, Арал маңы шөлдері, Мойынқұм, Балқаш маңы шөлі кіреді. 8 округке бөлінеді.
г) Қызылқұм-Орталық және Солтүстік Қызылқұмда орналасқан. Эфемерлі-жусанды топтар басым. 2 округке бөлінген.
д) Жоңғар-Тянь-Шань таулы региондарды қамтиды.
II Кавказ-кіші Азия провинциялар тобы. Провинциялардың бұл тобына бұрынғы КСРО территориясындағы «Закавказье» шөлдерінен басқа олармен аралас Алдыңғы (Передней) және Кіші Азия да кіреді. Олар негізінен таулы елдерде орналасқан.
III Алдыңғы-Азия провиниялар тобы. Бұл провинциялар бұрынғы КСРО-ның шөлді облыстары бөлігін қамтиды. Сонымен бірге Алдыңғы Азияның шөлді региондарын да қамтиды. Көптеген провинциялар таулы және тау алды региондар.
Өсімдіктер жабынында тек шөлдердің құрамында ғана емес басқа қауымдарда да эфемерлер және эфемероидтар, солармен бірге кейбір жусандар (Artemisia badghysii, A. dumosa және т.б.) болуы тән.