Дәріс тақырыбы. Жер бетіндегі топырақ қыртысының (литосфераның) ластануы және оны бақылау.
Сабақ жоспары.
1. Жер бетінің топырақ қыртысы.
2. Жалпы топырақ құрамын бақылауда санитарлық-эпидемиялық қызмет орынның жұмыстары.
3. Топырақтың санитарлық жағдайының номенклатуралық көрсеткіштері.
Сабақтың мақсаты.Әр түрлі геохимиялық өзгерістер нәтижесінде, өсімдіктер мен микроорганизмдердің тіршілік етуінің барысында саналуан физика-химиялық құбылыстар орын алатын, қозғалғыштығы төмен биогеоценоз компоненттерінің ең маңызды бөлігі-жер бетінің топырақ қыртысының ластану, бақылау жолдарын үйрету.
Қысқаша теориялық мәліметтер.
Жер қыртысының беткі қатты қабаты литосфера деп аталады. Топырақтың табиғаттың басқа бөліктеріндегі сияқты ерекше қасиеттерінің бірі - құрамындағы микроорганизмдер мен көп клеткалы организмдер (құрттар, насекомдар және т.б.) қатысуымен өздігінен тазалануы. Бұл процестер нәтижесінде органикалық заттар, өсімдіктер мен жануарлардың қалдықтары ыдырап өсімдіктер тіршілігіне қажетті түрлі минералды қосылыстар, су және көміртек (ІV) оксиді (СО2) түзіледі. Сонымен қатар топырақта ұзақ уақыт ішінде күрделі процестер нәтижесінде қара шірік жасалуы жүріп топырақ тыңаяды, құнарланады. Осындай құнарлы қабаттың 10 сантиметрі жасалуы үшін 400-500 жыл қажет екені ғылыми жолмен дәлелденген ақиқат.
Енді осындай құнды да тіршілікке өте қажетті топырақты, яғни адамдардың, жануарлар мен өсімдіктер дүниесінің жалпы қорек көзі болатын (адамдар қажетті заттардың 85% - топырақ егістігінен, 11% ормандардан және 4% теңіз, мұхиттардан алады) жердің топырақ қабаты адамның антропогенді қызметінің нәтижесінде жылдан-жылға ластанып келеді. Солардың ішінде зиянды қалдықтар, тұрмыс қажетінен түзілген органикалық минералды және басқа да түрлі қалдықтар көзі болатын объектілердін төмендегідей тізімін жасауға болады:
1. Тұрғын үйлер және тұрмыс қажетін өтеуге арналған мекемелер. Ластаушы заттар: азық-түлік қалдықтары, құрылыс және жылу жүйелерінін қалдықтары, асхана, мейманхана, дүкен және т.б. мекемелердің қалдықтары мен жарамсыз дүниеліктері. Литосфераның негізгі ластағыштарына тұрмыстық және өндірістің қатты қалдықтары жатады. Қаладағы әрбір тұрғынға жылына 1 тоннаға дейін қатты қалдықтар келеді, әрі бұл мөлшер жыл сайын өсуде.
2. Өңдіріс кәсіпорындары. Өнеркәсіп орындарының қатты және сұйық күйіндегі қалдықтарында, әрдайым тіршілікке зиянды заттар ұшырасады. Мысалы, металлургия өнеркәсібінің қалдықтарында, түсті және ауыр металдың тұздары болады. Машина жасау өнеркәсібі қоршаған ортаға - цианидтер, мышьяк қосылыстарын, ал пластмасса өндірісі - бензол, фенол, скипидар және т.б. заттарды қалдық ретінде шығарады.
3. Жылу-энергетика жүйесі. Отын жандыру нәтижесінде түзілетін: күл, шлактар, атмосферадағы күйе, күкірт тотықтары және жанбай қалған отын тозаңдары.
4. Ауыл шаруашылығы. Минералдық таңайтқыштар, улы химикаттар пайдалану барысында сумен шайылып, не буланып, қоршаған ортаға зиянды әсер етеді.
5. Транспорт. Іштен жану двигательдерінің жұмыс істеу барысында бөлінетін азот оксидтері, қорғасын, көмір оксидтері, көмірсутектер, топырақ бетіне қонып, өсімдіктер бойына тамырлары арқылы таралады да, жалпы айналымға түсіп, азық-түлікке қатысты жеміс-жидекке зиянды зат болып табылады.
Қалаларда қатты қалдықтарды жинауға үлкен территориялар бөлінеді. Бұларды қысқа мерзімде өңдеп жаймаса, онда насекомдар, кеміргіштар көбейіп үлкен зиян келтіруі мүмкін, сондықтан көптеген үлкен қалаларда тұрмыстық қалдықтарды өңдеу зауыттары жұмыс жасайды, олардан жылына 1 млн халқы бар қалаларда 1500 тонна металл және 45 тонна компост (тыңайтқыш ретінде қолданылады) алынады. Дұрыс технологиямен ұйымластырылған қалдықтарды сақтау қоймасында қалдықтар ұзақ уақыт жата алады, әрі оттек және микроорганизмдер қатысында өңдеуге мүмкіндік береді.
Жер бетінің топырақ қыртысы - әр түрлі геохимиялық өзгерістер нәтижесінде, өсімдіктер мен микроорганизмдердің тіршілік етуінің барысында саналуан физика-химиялық құбылыстар орын алатын, қозғалғыштығы төмен биогеоценоз компоненттерінің ең маңызды бөлігі.Жер қыртысының топырақ бөлігіне түсетін бөгде заттар (ксенобиотиктер), әр түрлі өзгерістерге (метабодизмге) ұшырап, өзге дүниелерге айналады. Көп жағдайда олар топырақпен бірге шайылып немесе оның бойына сіңіп отырады.
Топырақ бойында оның құнарлылығын арттаратын, әр түрлі өлі органикалық заттарды, минералды коректік заттарға айналдыратын бактериялар, микроорганизмдер бар. Лас қалдықтардың топырақ бойында жиналуы, оның құрамындағы аталған бактерияларға, микроорганизмдерге зиянды әсер ететін процестердің жүруіне ықпал етеді. Бұл ыдырау процесі нәтижесінде иісті және улы газдардың түзілуі ықтимал.
Топырақтың құрамындағы қалдық заттардың ондағы тіршіліктің өмір сүруіне, олардың тіршілігіне зиянды әсер етпейтін шаманы, яғни шекті мөлшерлік концентрацияның (ШМК) шамасын анықтау енді қолға алынып отыр. Қазіргі кезде, елуге жуық улы химикаттар және әр түрлі кеміргішгер мен дақыл-жеміс жауларына қарсы күресте пайдаланылатын заттардың (гербецидтер, инцектоцидтер, фунгицидтер) ШМК мәні анықталған.
Шын мәнінде, топырақ қыртысы бойындағы қалдық заттар, адамның өмір сүруіне, ауа мен суға қарағанда тікелей зиянды әсер етпейді. Топырақ бойындағы ластаушы заттар - адам өміріне, жан-жануарларға ауыл шаруашылық өнімдері арқылы зиянды әсер етуі мүмкін. Сондықтан, қалдық заттардың немесе пестицидтердің мөлшерін анықтауда, ШМК-ға қарағанда басқа көрсеткіш қолданылады. Бұл көрсеткіш пестицидтердің топырақ бойында қалған қалдық шамасы арқылы сипатталады да, шекті қалдық мөлшері (ШҚМ) деп аталады.
ШҚМ - топырақ құрамында, азық-түлік өнімдерінде, жеміс-жидектерде және басқа тағамдық дақылдарында, оның 1 кг-ға шаққанда келетін пестицидтің миллиграмм мөлшері. Жалпы топырақ құрамын, оның күйін - арнаулы санитарлық-эпидемиялық қызмет орындары бақылап отырып, төмендегідей жұмыстарды орындайды:
1. Санитарлық физика-химиялық зерттеулер (жалпы азот мөлшерінің органикалық азот мөлшеріне қатынасы, топырақ ерітіндісіндегі (сіңіндісіндегі) оттегінің биохимиялық пайдалану шамасы, тотығуға бейім құрғақ қалдықтар - сульфат хлорид және т.б.);
2. Санитарлық-энтомологиялық бақылаулар (синантропты насекомдардың өсіп-жетілу барысын қоса алғанда);
3. Адамдар жиі жиналатын орындарда гельминт (паразит құрттар) тұқымдарын анықтау үшін, санитарлық-гельминтологиялық бақылаулар жүргізу;
4. Санитарлық-бактериологиялық зерттеулер жүргізу.
5. Зерттеу барысында, әр түрлі басқа да көрсеткіштер анықталады.
Топырақтың санитарлық жағдайының номенклатуралық
көрсеткіштері
№ | Көрсеткіш атаулары | Өлшем бірлігі | Топырақ қасиетін сипаттаушы |
Санитарлық сан (белок құрамындағы азоттың жалпы органикалық зат құрамындағы азотқа қатынасы) Аммоний азоты Нитрат азоты Хлоридтер Пестицидтер (қалдық мөлшері) (қолдану саласы көрсетілген) Ауыр металдар Мұнай және мұнай өнімдері өшқыш фенолдар Күкіртті қосылыстар Тыңайтқыштар (қалдық мөлшері) Радиоактивті заттар Термофильді бактериялар Патогенді микроорганизмдер Гельминт личинкалары мен тұқымы | Салыстырмалы өлшем бірлігі мг/кг топырақ -“- -“- -“- -“- -“- -“- -“- -“- -“- -“- Салыст. өлш. кг Топыраққа Индекс Титр Дана /кг | Химиялық-санитариялық -“- -“- -“- -“- -“- -“- -“- -“- -“- -“- -“- -“- -“- Санитарлы бактериологиялық -“- Санитарлы гельминтологиялық |
Бақылау сұрақтары:
1. Жер бетінің топырақ қыртысы.
2. Жалпы топырақ құрамын бақылауда санитарлық-эпидемиялық қызмет орынның жұмыстары.
3. Топырақтың санитарлық жағдайының номенклатуралық көрсеткіштері
4. Қалдық заттардың немесе пестицидтердің мөлшерін анықтау әдістері.
5. Шекті қалдық мөлшері.
Аудиториялық тапсырманы орындау тәртібі.
1. Бақылау сұрақтарына жауап.
2. Сағынбаев Г.К. Экология негіздері. Алматы, 1995 ж., 100 бет.
Сабаққа тақырыбына сәйкес әдебиеттер тізімі:
1.Букс И.И., Фомин С.А. Экологическая экспертиза и оценка воздействия на окружающую среду (ОВОС): Программа курса и учебно – методические материалы. М.: изд-во МНЭПУ, 1997. – с 96.
2.Мамбетказиев Е.А., Сыбанбеков Қ. Табиғат қорғау. Алматы, Қайнар 1990.
3.Демегенов А.М., Жаңбыршин Е.Г., Аренова А.Қ. Экология. Атаулар мен анықтамалар. Тараз, 2000.
4.Бродский А.К. Жалпы экологияның қысқаша курсы. Алматы: Ғылым, 1998.
5.Жумадиллаева С.А., Баешов А.Б., Жарменов А. Қоршаған орта химиясы. Алматы, 1998.
6.Сағынбаев Г.К. Экология негіздері. Алматы, 1995.
7.Баешов А., Дәрібаев Ж.Н., Шакиров Б.С., Мәдиев Ө.Қ., Сарбаева А.С. Экология негіздері. Туркестан: Яссауи университеті, 2000.
8.Бейсенова Э.С., Шілдебаев Ж.Б., Сауытбаева Г.З. Экология. Алматы: ұылым, 2001.
9.Европа экономикалық бірлестігі Директивасы 85/337/ЕЭС «По оценке воздействия некоторых частных проектов на окружающую средуң Европейское экономическое сообщество, Люксембург, 1985.
10. ҚР «Қоршаған ортаны қорғау туралы заңы. 15.02.1997 № 160-1.