Ерекше қорғауға алынған сулы,орманды территориялар
Қазақстанда ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заң 1997 және 2006 жылдары қабылданды. Мұндай Республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар ұйымдастырылу мақсаттарына және табиғат корғау ережелеріне сәйкес бірнеше топқа бөлінеді.
Биосферадағы экожүйелердің бастапқы қалпын сақтап калу және корғау тірі организмдердің сан алуан түрлілігін сақтау мәселелерімен тығыз байланысты.
Ерекше корғалатын табиғи аумақтарға биосфералық қорықтар, мемлекеттік табиғи қорықтар, мемлекеттік ұлттық табиғи саябақтар, қорықтық аймақтар, корықшалар және т.б. табиғи нысандар жатады. Соңғы деректер бойынша дүние жүзінің 100-ден астам ірі мемлекеттерінде 1000-нан астам ерекше қорғалатын табиғи аумақтар ұйымдастырылған. Мұндай аумақтардың жалпы көлемі 230 млн га жерді алып жатыр. Бұл жер бетіндегі құрлықтың 1,6%-на тең.
* Мемлекеттік ұлттық қорықтар.
* Мемлекеттік ұлттық табиғи саябақтар.
* Мемлекеттік табиғи резерваттар.
* Мемлекеттік корықтың аймақтар.
* Мемлекеттік табиғи қорықшалар.
* Мемлекеттік табиғат ескерткіштері.
* Мемлекеттік зоологиялық бақтар.
* Мемлекеттік ботаникалық бақтар.
* Мемлекеттік дендрологиялық бақтар және т.б.
Биосфералық қорықтардың аумағы бірнеше белдемдерге (ішкі, шекаралық және шаруашылық) бөлініп, ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Қазір дүние жүзінде 350-ге жуық биосфералық қорық ұйымдастырылған Қазақстандағы Қорғалжын және Наурызым қорықтарына биосфералық қорық мәртебесі берілген.
Ақсу-Жабағылы, Алматы, Марқакөл және Батыс Алтай қорықтары таулы алқаптың табиғат байлығын қорғайды. Мысалы, Ақсу-Жабағылы қорығында сарыбауыр аяқсыз кесіртке, үнді жайрасы, Алматы қорығында орақтұмсық, ілбіс, т.б. қорғалады. Ал Алакөл қорығында қара мойнақ шағала, т.б. қорғауға алынған.
Біздің елімізде ерекше корғалатын табиғи аумақтардың негізгі түрі — мемлекеттік табиғи қорықтар. Қорықтар ғылыми мекемелер қатарына жатады. Қорық аумағында ешқандай шаруашылық жұмыстары жүргізілмейді, онда тек ғылыми-зерттеу жұмыстары ғана жүргізіледі. Сондықтан қорық аумағында жоғары білімі бар арнайы мамандар ғылыми зерттеу жұмыстарымен айналысады. Қазір Қазақстанда 10 мемлекеттік табиғи қорық бар. Далалы аймақта ұйымдастырылған Наурызым, Үстірт және Барсакелмес қорықтары шөлді аймақтың табиғи бірлестіктерін қорғау мақсатында ұйымдастырылған. Бұл қорықта 1953 жылы Түрікменстаннан әкелініп құлан жерсіндірілді. Алтынемел ұлттық табиғи саябағында да жерсіндірілген. Ал Қорғалжын қорығы сулы-батпақты алкаптың табиғат байлығын қорғайды. Келешекте Торғай, Сарықопа жәнө Тарбағатай қорықтарын ұйымдастыру көзделуде.
Ұлттық табиғи саябақтарда табиғат қорғау жұмыстарымен бірге табиғат қорғауды насихаттау, экологиялық білім мен тәрбие беру, туризмді үгіттеу жұмыстары қоса жүргізіледі. Елімізде 10 ұлттық табиғи саябақ ұйымдастырылған.
Табиғи қорықшалар — белгілі бір ерекше табиғи аумақтардағы барлық табиғат байлықтарын кешенді корғауға немесе өсімдіктер мен жануарлардың жеке түрлерін корғау мақсатында үйымдастырылады. Сондықтан қорықшалар кешенді, зоологиялық, ботаникалық, геологиялық және т. б. деп бөлінеді. Кейде қорықшалар уақытша (он не жиырма жыл мерзіміне) немесе тұрақты түрде ұйымдастырылады. Қорықшаларда табиғат корғау жұмыстары онша қатаң түрде жүргізілмейді және шаруашылық жұмыстардың жекеленген түрлеріне ғана тыйым салынады.
Табиғат ескерткіштері — көбіне тарихи-табиғи және ғылыми мәні зор жеке табиғат нысандарын ғана (өсімдіктердің, жануарлардың жеке түрлері, үңгірлер, сарқырамалар және т.б.) қорғауды көздейді. Олардың ғылыми-танымдық мәніне ерекше көңіл бөлінеді. Елімізде республикалық мәні бар "Қаз қонақ" (Ертіс өзенінің жағалауында), "Шарын шаған тоғайы", "Шынтүрген шыршалары" (Алматы облысында) "Баум тоғайы" (Алматы қаласында) жәнө т.б. табиғат ескерткіштері бар
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жаңа түрі — табиғи резерваттар. Елімізде Ертіс өзенінің алқабындағы реликті қарағайлы ормандарды қорғау мақсатында 2003жылы "Ертіс орманы" және "Семей орманы" деген табиғи резерваттар ұйымдастырылды. Табиғи резерваттарда қорықтық белдем де, шаруашылық жүргізілетін алқаптар да бірге қорғалады. Табиғи резерваттарда, негізінен, биологиялық сан алуан түрлілікті сақтауға және оны қалпына келтіруге айрықша көңіл бөлінеді.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар – қоршаған табиғи ортаны қорғауға байланысты мемлекет және жеке адамдар тарапынан арнайы бөлініп қорғауға алынған жер телімдері мен су айдындарының жеке бөлімдері. Қазіргі кезде дүние жүзінде Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың саны 13 мыңнан асты, бұл Жер бетінің 8,5 %-ына тең. Халықар. жіктеу бойынша Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар 10 топқа бөлінеді: 1. Қатаң түрде қорғалатын табиғи-ғыл. резерваттар; 2. Ұлттық саябақтар; 3. Табиғат ескерткіштері мен табиғаттың ерекше көрікті нысандары; 4. Табиғат қорғауға арналған резерваттар; 5. Қорғалатын ландшафтылар; 6. Табиғат ресурстарын сақтауға арналған резерваттар; 7. Антропол. резерваттар (адамның іс-әрекеттерімен жасалған нысандарды қорғау); 8. Жергілікті жердің өзіне тән табиғаты қорғалатын және түрлі мақсатта пайдаланатын аумақтар; 9. Биосфералық резерваттар; 10. Бүкіләлемдік маңызы бар тарихи және табиғи орындар.