Параграф. Молекулярлық-биологиялық, иммундық-биологиялық зертхананың жұмыс жағдайларына қойылатын талаптар
104. ПТР әдісімен зерттеулер жүргізген кезде мынадай қағидалар сақталуы тиіс:
1) әр аймақта өзіне тиесілі жиһаздар жиыны, тоңазытқыштар/мұздатқыштар, зертханалық жабдықтар, реагенттер, автоматты тамшуырлар (дозаторлар), ұштықтар, пластикалық және шыны ыдыстар, қорғаныш киімдері, аяқ киімдер, ұнтақсыз бір рет қолданылатын қолғаптар, жинау мүкәммалы және тек осы бөлмеде қолданылатын басқа да шығыс материалдары болады;
2) жабдықтарды, шығыс материалдарын, реактивтерді, қолғаптарды, халаттарды бір үй-жайдан екінші үй-жайға тасымалдауға жол берілмейді;
3) мына аймақтар үшін жеке үй-жайлар бөлінеді: сынама дайындау, реакциялық қоспаларды, детекциялар ( нәтижелерді есепке алу) дайындау, үш зонаның барлығы бокс аклды бөлмелермен жабдықталады;
4) ПТР-дің әрбір кезеңі бір рет қолданылатын шығыс материалын қолдану арқылы автоматты тамшуырдың (дозатордың) жеке жинағымен жүзеге асырылады. Бір рет қолданылатын шығыс материалы (ұштықтар және түтіктер) ДНҚ-аздан және РНҚ-аздан бос, апирогенді болуы тиіс. Ұштықтарда сүзгіштер бар (аэрозолдық кедергі) болады;
5) ПТР бойынша барлық жұмыстар жұмыстың әрбір кезеңі қамтамасыз етілетін ұнтақсыз бір рет қолданылатын қолғаппен жүргізіледі;
6) ПТР жүргізуге арналған барлық үй-жайлар жуу және дезинфекциялық құралдардың әсеріне төзімді материалмен жабылады; барлық үй-жайларда бактерицидті сәулелегіштер орнатылады;
7) ПТР зерттеулеріне арналған үй-жайларды жеке ғимаратта орналастыру кезінде мыналар көзделеді: материалды қабылдайтын, үлгілерді тіркейтін және алғашқы өңдеуден өткізетін бөлме, дәрігерлерге арналған бөлме, киім ілетін орын, дәретхана, себезгі, қойма үй-жайлары, автоклав, жуатын бөлме;
8) ПТР зерттеулерін нақты уақыт режімінде жүргізген кезде детекция үшін жеке үй-жай қажет етілмейді.
9) ПТР-дің барлық кезеңдерін өткізуге арналған реагенттерді сақтау шарттары қолдану бойынша нұсқаулыққа сәйкес болуы тиіс. Клиникалық үлгілер реагенттерден бөлек сақталады;
10) сынама дайындау және реакциялық қоспаларды дайындау кезеңдері БҚБ-да жүргізіледі;
11) сынама дайындау үй-жайы (бөлмесі) материалды қабылдау бөлмесіне жақын, детекцияға арналған бөлме мүмкіндігінше басқа аймақтардан алыс немесе оларға ауа ағынымен амплификация өнімдерінің енуін болдырмайтын оқшауланған бөлікте орналасады;
12) терезелер тығыз жабылуы тиіс. Жұмыс үстелдеріне күн сәулесінің тікелей түсуінен қорғау үшін дезинфекциялық құралдарға төзімді материалдан жасалған жарықтан қорғаушы үлдір қолданылады.
105. ИФТ жүргізу кезінде:
1) бір рет қолданылатын ұштықтарды және ыдыстарды қайта пайдалануға, жабдықтарды, шығыс материалдарын, реактивтерді, қолғаптарды, халаттарды ИФТ арналған үй-жайлардан басқа үй-жайларға тасымалдауға жол берілмейді;
2) жууға арналған ерітіндінің ұсақ тамшыларын сорғытуға арналған сүзгіш қағаз бір рет қана қолданылады;
3) ИФТ арналған үй-жайдың оңтайлы температурасы плюс 18оС - 22оС болады;
4) күн сайын (жұмыстан кейін) жабдықтарды, дозаторларды, штативтерді өңдеу 70% этил спиртімен жүргізіледі, планшеттерді автоматты жуғыш дистиллденген сумен, аптасына бір рет 70% этил спиртімен мұқият жуылады;
5) планшеттерді қыздырғыш аспаптардың жанында инкубация жасауға жол берілмейді;
6) термостаттың жоғарғы және төменгі сөрелеріндегі температура күн сайын бақыланады.
106. ЖИТС орталықтарының зертханаларында АИТВ-жұқтырғандардың қан сарысулары үлгілерінің банкін" ұйымдастыру үшін жеке бөлме көзделеді. Бөлме 2-камералық минустық (минус 40оС) тоңазытқыштармен жабдықталады, құлыппен жабылады және сүргі салынады.
107. Мицелиалды өсірінділермен зерттеу жүргізу кезінде мынадай шарттар сақталады:
1) грибоктардың мицелиалды фазасымен жұмыс істеу кезінде себінді бар агарлық пластинкалар термостатта 5 тәуліктен асырмай ұсталады (споралардың пайда болғанына дейін), себінді бар матрастар, түтіктер бокстың сыртында ашылмауы тиіс. Себінділерді қарау бокстарда 4 типті костюмде мақта-дәке бетпердесімен, бокстағы грибоктардың ашытқы фазасымен жұмыс 3 типті костюмде, бетпердемен, серологиялық зерттеулер 4 типті костюмде жүргізіледі;
2) жұмыс басталу алдында 15 минут бұрын бокста бактерицидті сәулелегіштерді және сыртқа шығару желдеткіш жүйесін қосады. Боксты тиеген кезде желдеткішті ажыратады. Егер бокстағы жұмыс кезінде ауаны сору тоқтатылса, жұмысты жедел тоқтатады. Бокстың ауасына бактериологиялық зерттеу тоқсанына бір реттен кем емес, сүзгіштің жұмысына бақылау айына бір рет жүргізіледі;
3) жасушалық элементтерді есептеу алдында, грибоктардың жүзгінің автоклавтайды немесе оған 10 % формалин қосып, әрі қарай термостатта 37оС температурада 2 сағат ұстайды.
4) мицелиалды фазадағы өсірінділермен жұмыс бокстан шығатын және кіретін ауаны тиімділігі жоғары сүзгіштер арқылы сүзуді қамтамасыз ететін желдету жүйесі бар тұмшаланған бокста жүргізіледі;
5) мицелиалды өсірінділерді себу бокстарда өсірінділерді алдын ала түтіктерге және матрастарға физиологиялық ертіндімен немесе сорпамен енгізгеннен кейін жасалады. Өсіріндінің шайындысы жағдайында сұйықтықты матрастарға ұзын инесі бар шприцпен түтік арқылы енгізеді. Себінділерді металл сыйымдылықтарда инкубация жасайды;