Тарау. Химиялық заттармен және улармен жұмыс жағдайларына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар
138. Зертханаларда арнайы (зақымдалмаған) химиялық ыдыстар пайдаланылады. Химиялық ыдыстар таза және құрғақ күйінде пайдаланылады. Суда ерімейтін органикалық заттар ыдыстан органикалық еріткіштермен кетіріледі.
Ыдыстарды химиялық әдістермен тазарту үшін хромдық қоспа, күкірт қышқылы және сілтілердің ерітінділері қолданылады. Ыдыстар мұқият тазартылғаннан және жуылғаннан кейін арнайы кептіргіш шкафтарда кептіріледі.
139. Шыны материалдарынан жасалған аспаптарды жинау бойынша жұмыстарды жүргізу кезінде мынадай талаптар сақталады:
1) диаметрі үлкен емес шыны түтікшелер шыны кесуге арналған арамен кескеннен кейін сынады;
2) шыны түтікшелердің ұштарын жинауды жеңілдету үшін олар балқытылады және сумен немесе глицеринмен ылғалдандырылады;
3) шыны ыдыстармен жұмыс істеу барысында жарақат алғанда (кесіп алғанда) жараны шынының сынықтарынан тазартады, түскен химиялық затты бейтараптандырады немесе теріден тиісті ертіндімен немесе суға батырылған тампонмен сіңіріп алынады.
140. Жабдықтарда жұмыс кезінде мынадай талаптар сақталады:
1) вакуум астындағы жұмыстар үшін түбі жайпақ құтыларды, сондай-ақ плюс 100 оС жоғары температурада пайдалануға жол берілмейді;
2) вакуум астынан сорып алу үшін қалың шыныдан жасалған Бунзен құтысы қолданылады. Шар түріндегі емес, жұқа қабырғалы ыдыстарды вакуумның астына қоюға жол берілмейді. Вакуумның астында жұмыс істеуге арналған ыдыстар алдын ала ең көп сұйылтылуға сыналады. Сынақ жүргізу алдында ыдысты темір тормен орайды;
3) жинақталған аспапты оның жарамдылығын алдын ала тексермей пайдалануға және жұмыс істеп тұрған аспапты қараусыз қалдыруға жол берілмейді;
4) жұқа қабырғалы ыдысты тығынмен жапқан кезде тығынға жақын болатын мойнының жоғарғы бөлігінен ұстайды. Ысыған ыдысты кептелген тығынмен салқындағанға дейін жабуға жол берілмейді;
5) қайнау температурасы плюс 150 0С жоғары заттарды айдау барысында ауамен салқындататын тоңазытқыш қолданылады;
6) көгертетін қышқылмен және оның тұздарымен, диметилсульфатпен, алмаспен, фосгенмен, хлормен, броммен, азот тотығымен, диазометанмен, күкірт сутегімен жүргізілетін жұмыс резеңке қолғаптарды және қажет болған жағдайда шаңтұтқышты (газтұтқыш) қолданып, ауа шығару шкафында орындалады;
7) натрий азидімен, металлды натриймен және калиймен жұмыс кезінде сумен жанасуға жол берілмейді;
8) металлды натриймен және калиймен реакциялар ауа немесе майлы моншаларды қолдана отырып жүргізіледі. Ерітілмеген майлы қатардағы галоидті қосылыстарды диметилсульфоксидпен, металлды натриймен және металлды калиймен қосуға жол берілмейді;
9) реакциялық қоспаны қайнатуға дейін қыздырған кезде түбі дөңгелек қабырғасы жұқа термоқұтылар, сұйықтықтарды айдау үшін арнайы түбі дөңгелек құтылар (Вюрц, Кляйзен құтылары, екі немесе үш ауызды құтылар) қолданылады;
10) сұйықтықты түтікте немесе құтыда қыздыру кезінде құтыны арнайы ұстағышпен, оның тесігін жұмыс істейтін адамнан басқа жаққа бағыттап ұстайды;
11) сумен салқындататын тоңазытқышпен жұмыс кезінде судағы токтың үздіксіздігі бақыланады;
12) тотықтарды жою темір сульфатының сулы ерітіндісімен сілкілеу арқылы жүргізіледі;
13) эфирді, эфирлі ерітінділерді және басқа тез тұтанатын заттарды төгу ауа шығару шкафындағы арнайы шыны сауытқа жүргізіледі, одан әрі бөлек ыдысқа ауыстырылады. Оларды су құбыры раковиналарына немесе су ағызатын құйғыштарға құюға жол берілмейді.
141. Еріткіштерді айыру (эфир, спирт, бензол, толуол) алдын ала су ағысы бар сорғыда, одан әрі майлы вакуум-сорғыны қолдану арқылы жүргізіледі. Вакуум-сорғыны қосу алдында құтының ішіндегі салқындатылады. Айырғыш құтыны вакуум-қондырғыда қыздыру аспапта сұйылтуға қол жеткізілгеннен кейін жүргізіледі.
142. Газдық оттықтың ашық жалынында айыру кезінде құты түбінің бетін қыздыру біркелкі жүргізіледі.
Вакуум-қондырғыда айыру және құтыны салқындатудан кейін, манометрдің шүмегі жабылады, сорғы жүйеден ажыратылады және мотор өшіріледі.
143. Улы заттармен (органикалық және минералды қышқылдар, оттегі, азот, құрамында галоид бар қосындылар, мышьяк, фосфор және басқа да улы металлдар мен металл еместер қосындылары) жұмыстарды сақтық шараларын сақтап, оқытылған персонал жүргізеді.
144. Зертханада қолданылатын қатты әсер ететін улы заттарды (бұдан әрі – ҚӘУЗ) (мышьяк және оның қосындылары, көгертетін қышқыл және оның тұздары, алмас, фосфор органикалық қосындылар және басқалары) шкафта арнайы бөлінген орында немесе құлпы мен пломба салынатын ағаш жәшікте сақталады. Ішінде улы заттар бар ыдыстардың «У» деген және заттың атауы жазылған айқын және ашық түсті затбелгісі болуы тиіс. ҚӘУЗ-ды сақтауға, есепке алуға және шығысқа жазуға жауапкершілік кәсіпорын (мекеме, ұйым) бойынша бұйрықпен тағайындалған адамға жүктеледі.
145. Ішінде от-жарылыс қауіпті заттар және қатты әсер ететін улы заттар бар сыйымдылықтар жұмыс үй-жайларында жұмыс күніне қажетті мөлшердегі заттарымен сақталады. "А" және "Б" тізіміндегі медициналық препараттар 1-2 апталық қажеттіліктен аспайтын көлемде сақталады, жұмыс үшін тәуліктік қажеттілік мөлшерінде беріледі, ал күні бойы қолданылмағандары сақтауға қайтарылады.
146. Улы заттармен және қатты әсер ететін заттармен жұмыс істеу кезінде сифон немесе резеңке грушасы бар арнайы тамшуыр пайдаланылады.
Қатты улы заттар және қатты әсер ететін заттар жабық ступкада ұнтақталады және салмақ астындағы ыдыста өлшенеді. Жұмыс шаңтұтқышпен жүргізіледі.
147. Улы және қатты әсер ететін заттарды қыздыруға түбі дөңгелек құтыларда майлы, құмды, сулы моншаларда спиралі жабық электрлі пештерде жол беріледі. Ашық отты пайдалануға жол берілмейді.
148. Еденге немесе үстелге төгілген улы және қатты әсер ететін сұйықтық дезактивацияланады.
Улы және қатты әсер ететін заттармен жұмыс кезінде пайдаланылған сүзгілер және қағаз бөлек ыдысқа жиналады және газ пештерінде немесе камераларында өртеледі.
149. Улы газдармен жұмыс аяқталғаннан кейін аспаптар инертті газбен үрлеу немесе сумен толтыру арқылы залалсыздандырылады.
Сынақ жүргізіліп болғаннан кейін босаған ыдыстар мен құралдар залалсыздандырылады және жалпы жуғышқа беріледі.
150. Тез тұтанатын жанатын сұйықтықтар (қайнау температурасы төмендерін есептемегенде) сыйымдылығы 2 литрден (бұдан әрі - л) аспайтын қабырғасы қалың сауыттарда немесе берік кептелген тығындары бар банкілерде сақталады. Сыйымдылығы үлкен болған кезде ыдыс тұмшаланған металл сауыттармен жабдықталады.
151. Ішінде оңай тұтанатын жанғыш заттар бар банкілер қақпағы тығыз жабылатын, қабырғасы мен түбі асбестпен қапталған арнайы металл жәшіктерге салынады. Жәшіктің түбіне қалыңдығы 10 мм құм төселеді. Жәшік қақпағының ішкі жағына заттың атауы анық жазылады.
Жәшік жүретін жерлерден және қыздыру құралдарынан алыс, оған баратын жол ыңғайлы болатындай еденде орналастырылады.
152. Диэтильді (күкіртті) эфир басқа заттардан оқшау салқын және қараңғы үй-жайда сақталады. Дайындалған мерзімінен бір жыл өткен эфир құрамындағы периоксидтерге тексеріледі. Құрамында периоксидтер бар ерітінділер жойылады немесе қайта айдаудан өткізіледі. Тез тұтанатын және жанатын сұйықтарды қоймадан зертханаға жабық сынбайтын ыдыспен немесе сауытқа салынған шыны ыдыспен жеткізеді.
153. Сығылған газды пйдаланатын жабдық (газды хроматографтар, хроматомассалар, сұйықтық хроматографтар, атомдық-сіңіруші спектрометрлер, вольтамперометрлік талдағыштар) бірінші қабатта немесе басқа қабаттарда газ баллонына арнайы орын бөлу сақталған жағдайда орнатылады. Жабдықтармен жұмыс істеуге арнайы оқытудан өткен адамдар жіберіледі.
Газ баллондарының таңбалануы және айрықша түске боялады.
154. Өрт-жарылыс қауіпті заттармен жұмыс істеуге арналған үй-жайлар көмірқышқылды өрт сөндіргіштермен және өрт сөндіретін басқа құралдармен жабдықталады.
Тез тұтанатын және жанатын сұйықтықтармен жүргізілетін барлық жұмыстар ауа шығару шкафында желдеткіш жұмыс істеп тұрғанда және электр құралдары мен газдық оттықтар өшірілген жағдайда жүргізіледі. Ауа шығару шкафтары және жұмыс үстелдері ыстық және суық суды келтіруге арналған коммуникациялармен, сығылған ауамен, тұрмыстық газбен, электр қуатымен қамтамасыз етіледі; суды ағызуға арналған раковина орнатылады.
155. Қайнау температурасы төмен өрт қауіпті заттар қатты балқытылған шынылардан жасалған түбі дөңгелек құтыларда осы заттың қайнау температурасын ескере отырып, тиісті жылу ұстағышпен (сумен, маймен) толтырылған моншаларда қайта айдалады және қыздырылады. Моншалар айдауға арналған құралдан кем дегенде 0,5-0,8 м қашықтықта орналастырылады.
156. Қайнау температурасы төмен тез тұтанатын сұйықтықтар бар ыдыстарды ашық отта және электрлі қыздыратын аспаптарда қыздыруға жол берілмейді.
Қайнау температурасы аса жоғары сұйықтықтар құты қыздырғыштарда қыздырылады.
0,5 л көлемдегі оңай тұтанатын сұйықтықтарды қыздыру кезінде құралдың астына авариялық жағдайда сұйықтың үстелдің үстіне төгілуін болдырмау үшін сыйымдылығы жеткілікті кювет қойылады.
157. Тез тұтанатын сұйықтықтарды қыздыруға қолданылатын барлық аппаратура жарамсыздықтарды уақытында анықтау үшін мезгіл-мезгіл тексеріледі.
158. Жарылыс болдырмау үшін диэтильді эфирді кепкенге дейін булауға жол берілмейді.
159. Жанғыш сұйықтықтармен жұмыстар жүргізілген ыдыстар зерттеу аяқталған соң жуылады.
Жұмыста пайдаланылған жанғыш сұйықтықтар арнайы тұмшаланған жабылатын ыдысқа жиналады, ол жұмыстың соңында жою үшін зертханадан әкетіледі.
Қауіптілігі 3-4-сыныпты пайдаланылған жанғыш сұйықтықтарды жою тұрмыстық қатты қалдықтарға арналған полигондарда, ал қауіптілігі 1-2 сыныпты жанғыш сұйықтықтары улы қалдықтарға арналған полигондарда көмуге жатады.
160. Өрт қауіпті сұйықтықты кездейсоқ төгіп алған жағдайда барлық оттықтар және қыздыратын асапаптар сөндіріледі, сұйықтық төгілген жерге құм себіледі. Ластанған құм ағаш немесе пластмасса күрекшемен жинап алынады. Тез тұтанатын заттарды сумен сөндіруге жол берілмейді.
161. Тез тұтанатын және жанғыш сұйықтықтарды ауа шығару шкафында (ауа сорғышта) өртенген жағдайда желдеткіш ажыратылады.
162. Күйдіргіш заттармен (қышқылдар, сілтілер) кез келген жұмыстарды орындау кезінде күйіп қалудың алдын алу үшін зертханада жұмыс істеушілер қорғаныш көзілдіріктерін (былғары немесе резеңке оправалы) және резеңке қолғаптарды, кейбір жағдайларда резеңке (резеңке қосылған) алжапқыш пайдалануы тиіс. Қышқылдармен және сілтілермен жұмыстарды қорғаныш көзілдіріксіз орындауға жол берілмейді.
Қаныққан қышқылдармен және ұшқыш сілтілермен атқарылатын жұмыстар ауа шығару шкафтарында орындалады.
163. Қышқылдар бар шөлмектер корзинада немесе тор себетте сақталады, екі адам немесе тұмшаланған ыдыста арнайы арбамен тасымалданады.
Шөлмектен қышқылдар және сілтілер кіші ыдыстарға сифон немесе әртүрлі конструкциялардағы қол сорғылары арқылы құйылады.
164. Қышқылдардың ерітіндісін дайындау үшін суға жіңішке ағынмен ақырын үздіксіз араластыру арқылы құйылады. Қышқылға су құюға жол берілмейді. Күкірт қышқылын вакуум-эксикаторларда су сіңіретін зат ретінде қолдануға жол берілмейді.
Қаныққан азот, күкірт және тұз қышқылдарын зертханалық үй-жайларда қабырғасы қалың сыйымдылығы 2 л аспайтын шыны ыдыста ауа шығару шкафында шыны немесе фарфор тұғырықтарда сақтайды. Түтіндейтін азот қышқылы бар шыны сауыттарды тотықпайтын болаттан жасалған арнайы жәшіктерде сақтау керек.
165. Ерітінділерді дайындау кезінде сілті суға шағын кесектермен үзіліссіз араластыра отырып ақырын салынады, сілтінің кесектері тек қысқышпен ғана ұсталады. Алдын ала тығыз матамен жабылған күйдіргіш сілтінің ірі кесектері арнайы бөлінген орында ұсақ кесектерге бөлінеді.
166. Сынапты төгіп алған жағдайда оны демеркуризациялау бойынша іс-шаралар жүргізіледі. Төгілген сынапты аулағышы бар вакуум-тамшуырмен жинайды немесе вакуумдық сорғыға қосылған Тищенко сауыттарын, мыстан жасалған қылқаламдарды немесе тілімдерді пайдаланады. Сынаппен былғанған бет тұз қышқылымен қышқылданған перманганат калийінің 1%-дық ерітіндісімен өңделеді.
167. Қышқылмен күйген кезде зақымдалған орын судың мол мөлшерімен, содан кейін натрий гидрокарбонатының ерітіндісімен жуылады және күйікке қолданылатын жағынды жағылады, сілтімен күйген кезде мол мөлшердегі сумен, содан кейін сірке қышқылының 1%-дық ерітіндісімен өңделеді және күйікке қолданылатын жағынды жағылады.
168. Уланудың аздаған белгілері байқалған кезде зардап шегушіні ластанған үй-жайдан таза ауаға шығарады, жазық бетке жатқызады, қысып тұрған киімдерінен босатады, жылы жауып қояды.
Фосформен уланған кезде асқазанын мол мөлшердегі сумен шаяды. Сүт немесе май ішуге жол берілмейді.
169. От-жарылыс қауіпті заттармен жұмыстан кейін жұмыс орнын жинау, асапаптар мен аппараттарды су, электр қуаты, тұрмыстық және сығылған газ көздерінен ажырату жүргізіледі.
170. Жұмыс аяқталғаннан кейін қолдарды сабындап жуады, ауыз сумен шайылады, қорғаныш көзілдіріктер дезактивацияланады.
171. Улы және қатты әсер ететін заттармен ластанған арнайы киімдер және сулық жуу алдында дезактивацияланады.
172. Электрлі қондырғыларды және электрлі жабдықтарды пайдалану бойынша жұмыстарға арнайы оқытудан өткен және біліктілік куәлігі бар қызметкерлер жіберіледі.
173. Әрбір зертханада кесіп алу, күю, улану және басқа да жазатайым оқиға орын алғанда алғашқы көмек көрсету үшін дәрі-дәрмек қобдишасы болуы қажет, сондай-ақ авариялық жағдайларда және қауіпті жұмыстарда қорғауды қамтамасыз ететін газтұтқыштардың жеткілікті саны болады.
Тарау. Токсикологиялық зертханадағы жұмыс жағдайларына және токсикологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар
174. Зертханалық жануарларды орналастыруға арналған үй-жайлар желдету жүйесіне қосылған торларға арналған шкафтармен жабдықталады.
175. Виварийге келіп түсетін барлық жануарлар түскен күні міндетті түрде ветеринариялық қараудан өтеді. Дені сау жануарлар мен тәжірибеде қолданылған жануарларды бірге ұстауға жол берілмейді.
176. Улау камерасының үй-жайы қалған үй-жайлардан бөлек орналастырылады және сору-сыртқа шығару желдеткішімен және камералардағы арнайы желдеткішпен жабдықталады.
177. Камераларда жануарларға улау жүргізген кезде зерттелетін затты беру жануарларды камераға кіргізгеннен кейін және камераны мұқият тұмшалаудан соң басталады.
178. Улау үдерісі камерадағы тұрақты теріс қысым (су бағанасы бойынша 5-6 мм) кезінде жүргізіледі. Улау аяқталған соң зерттелетін затты камераға беруді жануарларды камерадан шығарудан 10-15 минут бұрын тоқтатады, камераны таза ауамен желдетеді және оның тұмшалауын ашу және жануарларды шығару жүзеге асырылады.
179. Жануарлардың әрбір өлген немесе союға мәжбүр болған жағдайы арнайы журналда тіркеледі. Тәжірибелік және қолданылмаған жануарлардың өлекселері акті ресімделе отырып, әкімшілік бөлген жауапты адамның бақылауымен өртеледі.
180. Жануарларды виварийден зертханаға жеткізу және кері апару арнайы дезинфекцияланған торларда жүзеге асырылады. Егеуқұйрықтар мен тышқандар виварийде күтіп-ұсталған торларында тасымалданады. Жарақаттанудың (тырнау және тістеудің) алдын алу мақсатында зертханалық жануарлармен барлық әрекеттер арнайы станоктарда және қолғаптарды киіп жүргізіледі.
181. Ауру жұқтырған жануарларды күту кезінде әрбір торды тазалағаннан кейін резеңке қолғаптарды қолдан шешпей, дезинфекциялық ерітіндіге батыра отырып залалсыздандырылады.
182. Виварий қызметкерлері арнайы киіммен (халаттар, алжапқыш, қалпақ, резеңке қолғап) қамтамасыз етіледі.
183. Уытты заттармен жұмыс жүргізілетін токсикологиялық зертхананың үй-жайларында тамақ ішуге және темекі шегуге жол берілмейді.
Тарау. Радиологиялық зертханадағы жұмыс жағдайларына және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар
184. Сәуле көздерімен жұмыс істеуге (А тобының персоналы) 18 жасқа толған, медициналық қарсы айғақтары жоқ, нұсқамадан өткен және қауіпсіздік қағидаларына білімі тексерілген адамдар жіберіледі. Білімін тексеру нәтижесі журналда тіркеледі.
185. Радиологиялық зертханалар басқа үй-жайлардан оқшауланып, ғимараттың жеке бөлігінде немесе бөлек қабатта орналасуы тиіс. Қабылдауға, дозиметрлік бақылауға және сынамаларды бөлуге арналған ортақ үй-жайлар бөлінеді. Жоғары белсенді сынамалармен жұмыс жүргізуде зертханалар үй-жайлары «лас» және «таза» аймақтарға бөлінеді.
186. Лас аймақта:
1) радиохимиялық зерттеуге (лас аймақ);
2) сынамаларды дайындауға, сақтауға және күлдеуге арналған үй-жай;
3) ыдыстарды, контейнерлерді, жабдықтарды, киім-кешекті және арнайы киімдерді дезактивациялауға арналған үй-жайлар орналасады.
187. Таза аймақта:
1) радиохимиялық зерттеулер (таза аймақ);
2) сынамаларды дайындауға, сақтауға және күлдеуге арналған үй-жай орналасады.
188. Жылыту, газбен жабдықтау, сығылған ауамен, су құбырымен жабдықтаудың жалпы жүйелерін басқару және топтық электр қалқандары жұмыс үй-жайларынан шығарылады.
189. Ауаның радиоактивті ластану мүмкіндігіне байланысты (ұнтақтармен жұмыстар, ерітінділерді булау, эманациялаушы және ұшпа заттармен жұмыс) жұмыстар ауа шығару шкафтарында және жеке жұмыс үстелдерінде жүргізіледі.
190. Радионуклидтердің жұмыс үй-жайларына және қоршаған ортаға органикалық түсуі статикалық (жабдықтар, үй-жайдың қабырғалары және жабындары) және динамикалық (желдету және газ тазарту) кедергілерін қолдану арқылы қамтамасыз етіледі.
191. Жабдықтар, аспаптар және жиһаздар әр аймақтың үй-жайларына бекітіліп қойылады және таңбаланады. Оларды бір аймақтың үй-жайынан екіншісіне беруге радиациялық бақылаудан кейін таңбасын ауыстыра отырып жол беріледі.
192. Құрамында калибрлі жабық сәуле көздері кіретін аспаптарға, иондалған сәуле көздерін өндіретін құрылғыларға бөгде адамдардың қол жетімдігіне жол берілмейді. Зертханаларда иондаушы сәуле көздерінің сақталуы қамтамасыз етіледі.
193. Көздерді, радиоактивті заттарды, шыны ампулаларға балқытып жабылған радий тұздарының сұйық ерітінділерін, альфа және бета эталондарды зертханаға бұйрық бойынша жауапты адам қабылдайды және есепке алады, сейфте сақтайды.
194. Радиологиялық зертханада мынадай қауіпсіздік қағидалары сақталуы тиіс:
1) барлық үй-жайларда күн сайын ылғалды жинау жүргізіледі.
2) радиоактивті препараттармен және ластанған сынамалармен жұмыс істеу кезінде манипуляторлар қолданылады, оларға қолмен жанасуға жол берілмейді;
3) радиоактивті заттармен, ластанған сынамалармен әрекеттер жеңіл дезактивацияланатын беттерде жүргізіледі;
4) радиоактивті ластанған сынамалармен жүргізілетін барлық жұмыстар
қолғаппен, бахилада және арнайы киіммен орындалады;
5) радиоактивті заттармен жұмыс істеу кезінде пластикалық немесе полиэтиленді үлдірлермен, сүзгіш қағаздармен және бір рет қолданылатын материалдармен жабылған, нашар сорғытатын материалдан жасалған астаушалар және тұғырықтар пайдаланылады;
6) радиоактивті заттарды, ластанған сынамаларды ауыстырып құю, булау, ауыстырып салу, сондай-ақ радиоактивті заттардың ауаға түсуі мүмкін басқа операциялар ауа шығару шкафтарында жүргізіледі. Шкафтағы желдету жұмыс басталғанға дейін қосылады, жұмыс ойықтарындағы ауаның жылдамдығы кемінде 1,0 м/сек болады;
7) радиоактивті заттармен жұмыс аяқталғаннан кейін қызметкерлер қолдарын жылы сумен сабындап мұқият жуады, содан кейін қолдарының тазалығына дозиметрлік тексеру жүргізіледі. Зертханадан шығатын кезде шешілген қолғаптар, бахилалар, арнайы киімдер арнайы кір жуатын орынға жіберіледі.
195. Радиоактивті ластанған сынамаларды зерттегеннен кейін барлық сұйық немесе қатты қалдықтар арнайы ыдыстарға жиналады. Қолданылған зертханалық ыдыс ағынды судың астында мұқият жуылады және дезактивациялық ерітіндімен (5% лимон қышқылының ертіндісімен, 10% тұз немесе азот қышқылының, этильді спирттің ертіндісімен) өңделеді, содан кейін қайтадан ағынды сумен жуылады. Мұқият тазартудан және жуудан кейін ыдыстар кептіргіш шкафтарда кептіріледі. Ыдыстарды дезактивациялау радиациялық бақылау арқылы жүргізіледі.
196. Радиоактивті заттар, сақтау барысында радиоактивті газдар, булар немесе аэрозолдар бөлуі мүмкін құрамында көп мөлшерде радиоактивті заттар бар сынамалар ауа шығаратын шкафтарда, бокстарда, камераларда өртенбейтін материалдан жасалған жабық ыдыстарда сақталады.
197. Радиоактивті сұйықтық құйылған шыны сыйымдылықтар металл немесе пластмасса ыдыстарға орналастырылады.
198. Қалдықтарды жинау және тасымалдау үшін мыналар қолданылады:
1) қатты радиоактивтік қалдықтар үшін контейнерлер, пластикалық немесе қағаз қаптар;
2) сұйық радиоактивтік қалдықтар үшін контейнерлер және арнайы цистерналар.
Контейнерлердің сыртқы бетіне радиациялық қауіпсіздік белгісі қойылады және радиоактивті қалдықтың түрін, олардың радионуклидтік құрамын және белсенділігін көрсететін бирка бекітіледі.
199. Контейнерлерді, аспаптарды, ыдыстарды, жабдықтарды дезактивациялау үшін арнайы үй-жай бөлінеді. Дезактивация радиациялық бақылау арқылы жүргізіледі.
200. Радиоактивтік қалдықтарды уақытша сақтау және ұстау үшін қолданыстағы нормативтік құқықтық актілердің талаптарына жауап беретін арнайы үй-жайлар бөлінеді және жабдықталады.
201. Лас және таза аймақтарда жұмыс орнына нәтижелері журналда тіркелетін дозиметрлік бақылау және персоналға жеке дозиметрлік бақылау жүргізіледі. Лас аймақта сынамалармен жұмыс кезінде үш негізгі қорғау қағидалары сақталуы тиіс: «уақытпен», «қашықтықпен», «экрандаумен» қорғау.
Радиоактивтік заттармен жұмысты жалғастыруға кедергі болатын денсаулық жағдайында ауытқу анықталған кезде осы адамдар иондалған сәуле көздерімен жанаспайтын жұмыстарға уақытша немесе тұрақты ауыстырылады.
202. Зертханада дезактивациялайтын заттардың авариялық қоры болады.