Эпителиальді тіндердің жалпы морфофункционалдық сипаттамасы. Базальды мембранаға түсінік. Морфофункционалдық және генетикалық жіктелуі.
Адам ағзасында ең көп тараған тіндердің бірі – эпителиалды тіндер немесе эпителий (грек. epi - над және thele - емізікше, жұқа тері). Ол дененің сыртқы бетін, ішкі мүшелердің шырышты және сірлі қабықтарын қаптайды, сондай - ақ көптеген безді эпителилер түзеді. Эпителидің үш түрін ажыратады: 1) жамылғы эпителилер; 2) безді эпителилер; 3) сенсорлы эпителилер (рецепторлы қызмет атқарады, сезу мүшелерінің құрамына кіреді).
Жамылғы эпителилер – бұл шекаралық тін. Ол организм мен оның мүшелерін сыртқы ортадан бөледі, олардың арасындағы зат алмасу процесіне қатысады және зат алмасу өнімдерін сору мен экскреция қызметтерін атқарады. Мысалы, ішек эпителиі сору қызметін атқарады. Өйткені, қортылған ас эпителий арқылы қан мен лимфаға сорылады, ал бүйрек каналшаларын төсейтін эпителий жасушалары зат алмасу процесі нәтижесінде түзілген зиянды өнімдерді бөледі. Сонымен қатар жамылғы эпителий оргагизмге тән тіндерді әр түрлі химиялық, инфекциялық, механикалық және т.б. әсерлерден қорғайды, тері эпителиі ауру қоздыратын бактериялардың ішкі ортаға енуінен сақтайды.
Безді эпителилер секреторлық қызмет атқарады, яғни организмде жүретін процестерде қолданылатын секрет бөліп шығарады. Мысалы, асқазан асты безі жіңішке ішектегі ақуызды, майларды, гликогенді қорытуға қатысады, ал эндокринді бездердің секреттері ағзадағы көптеген процестерді реттейді.
Сонымен, эпителий тінінің қызметтері әр түрлі: шектеуші, қорғаныштық, қоректендіру, секреторлық.
Эпителиалды тіндердің шығу тегі. Эпителий тіні адамның эмбриналдық дамунының 3-4-ші аптасынан бастап әр типті эмбрионалды бастамалардан дамиды. Осыған байланысты шығу тегі эктодермалды, мезодермалды және энтодермалды эпителилерді ажыратады.
Эпителиалды тіндердің жалпы құрылысы
Эпителилердің негізгі бес ерекшеліктері:
1. Эпителий көптеген мүшелерді түзуге қатысады. Ол жасушалар пластарынан- эпителиоциттерден түзілген. Әртүрлі эпителилерде пластардың пішіндері мен құрылыстары бірдей емес. Эпителиалдық пластарды түзуші жасушалардың араларында жасуша аралық зат аз мөлшерде болады және олар әртүрлі жасуша аралық байланыстар арқылы байланысқан.
2. Эпителилер эпителиоциттер мен дәнекер тіндерді бөліп тұратын базальді мембраналарда орналасқан. Базальді мембрананың қалыңдығы 1 мкм шамасында және ол екі пластинкадан тұрады: ашық және қара. Ашық пластинканың құрамына белогы аз, бірақ кальций ионы көп аморфты заттар кіреді. Қара пластинкада мембрананың беріктлігін қамтамасыз ететін фибриллярлы құрылым бар.
3. Эпителилердің полярлық қасиеті бар. Жасушалардың апикальді және базальді бөліктерінің құрылысы әр түрлі.
4. Эпителиде қан тамырлары болмайды. Эпителиоциттердің қоректенуі базальді мембрана арқылы диффузды орындалады.
5. Эпителилердің регенерацияға қабілеттілігі жоғары. Эпителидің қалпына келуі бағаналы жасушалардың митоздық бөлінуі мен түрленуі арқылы жүреді.
Эпителилердің классификациясы
Эпителилерді жіктеуде алатын негізгі принциптер: олардың шығу тегі, орналасуы, құрылысы, қызметі. Сондықтан эпителийлердің бірнеше классификациясы бар: морфологиялық, функционалдық, генетикалық. Оның ішінде ең көп тарағаны морфологиялық жіктеу.
Морфологиялық жіктеуде жасушалардың базальді мембранаға қатынасы мен олардың пішіндері көрінеді. Осыған байланысты эпителилер бір қабатты және көп қабатты болып екіге бөлінеді. Бір қабатты эпителиде барлық жасушалар базальді мембранамен байланысады, ал көп қабаттыда тек төменгі қабаттағы жасушалар ғана байланысқан. Жасушалардың пішіндеріне байланысты: жазық, куб және призма тәрізді болып жіктеледі.
Бір қабатты эпителилер бір қатарлы немесе көп қатарлы болуы мүмкін. Бір қатарлы эпителилерде барлық жасушалардың пішіндері бірдей - жазық, куб, призма тәрізді және олардың ядролары бір қатарға орналасады. Көп қатарлы эпителилердің жасушаларының пішіндері әртүрлі, ядролары бірнеше қатар болып орналасқан.
Көп қабатты эпителилер мүйізделген, мүйізделмеген және ауыспалы болып жіктелінеді. Жасушалардың үстіңгі қабаты мүйізделген қабыршаққа айналып, мүйіздену процесі жүреді. Мұндай эпителиді көп қабатты мүйізделген эпителий дейміз. Эпителиде мүйіздену процессі жүрмесе, онда көп қабатты мүйізделмеген эпителий дейміз.
Ауыспалы эпителий несеп шығару жолдарын - қатты созылатын мүшелерді астарлайды. Мүшелердің пішіндері өзгерген сайын, эпителидің қалыңдығы мен құрылысыда өзгереді.
Эпителидің генетикалық классификациясы
Тіндердің дамуын зерттеу негізінде Совет гистологы Н.Г.Хлопин эпителий тінінің онтофилогенетикалық классификациясын жасады. Оған эпителидің эпидермальді (тері), энтодермальді (ішек), целонефродермальді, эпендимоглиальді және ангиодермальді түлері жатады.
Эпидермальді түрі эктодермадан дамиды, оның құрылысы көп қабатты және көп қатарлы, негізгі қызметі – қорғаныштық. (мысалы: терінің көп қабатты жазық мүйізделген эпителиі).
Энтодермальді түрі энтодермадан дамиды. Құрылысы бойынша бір қабатты призмалы болып, заттарды сору қызметі (мысалы, жіңішке ішектің бір қабатты көмкермелі эпителиі) мен безді қызмет атқарады.
Целонефродермальді түрінің шығу тегі мезодермальді. Құрылысы бойынша бір қабатты, жазық, куб және призма тәрізді, негізгі қызметі экскреторлы (мысалы, сірлі қабықтың жазық эпителиі – мезотелий, бүйрек өзекшелерінің куб және призмалық эпителиі).
Эпендимоглиальді түрі ми қуысын астарлайтын арнайы эпителиден тұрады. Ол нерв түтігінен дамиды.Ангиодермальды түрнеі мезенхимадан дамыған қан тамырларының эндотелиалді астарын жатқызады. Құрылысы бойынша бір қабатты жазық эпителий болып табылады.
Эпителиальді тіндердің секреторлық қызметі. Безді эпителийлердің құрылысы мен жіктелуі. Секреторлық процестің гистофизиологиясы. Секреция түрлері: голокринді, апокринді, мерокринді.
Безді эпителилерге секреторлық қызмет тән. Безді эпителий безді немесе секреторлық жасушалардан – гландулоциттерден тұрады. Олар тері, шырышты қабықтар және бірқатар ішкі мүшелердің бетіне арнайы өнімдер - секреттер бөледі. Ағзада секреция жолымен көптеген маңызды қызметтер орындалады: сүттің, сілекейдің, асқазан және ішек сөлдерінің түзілуі.
Гландулоциттерде көбінесе цитоплазмасында секреторлық қосындылар болады және эндоплазмалық тор мен Голджи кешені жақсы дамыған. Сондай – ақ органеллалар мен секреторлық түйіршіктер полярлы болып орналасқан.
Гландулоциттер базальді мембранада орналасады. Олардың пішіндері әр түрлі және секреция фазасына байланысты өзгереді. Ақуызды секретті синтездейтін гландулоциттердің цитоплазмасында түйіршікті эндоплазмалық тор, ал ақуызды емес секретті синтездейтін жасушаларда түйіршіксіз эндоплазмалық тор жақсы дамыған.
Безді эпителидің қызметі – секреция күрделі процесс. Ол төрт фазадан тұрады: заттардың түсуі, секреттің синтезі мен жиналуы, секретті шығару және қалпына келу.
Бірінші фазада безді жасушаларға қан мен лимфадан органикалық емес қосындылар, төмен молекулярлы қосындылар, су түседі. Екінші фаза кезінде эндоплазмалық торда бұл өнімдерден секрет синтезделеді. Эндоплазмалық тордан синтезделген секрет пластинкалы кешенге ауысады және сол жерде жиналып гранула түзеді.
Үшінші фаза кезінде түзілген гранула жасушадан бөлінеді. Секреттің бөліну механизмі әр түрлі бездерде бірдей емес, сондықтан секрецияның үш түрін ажыратады: мерокринді, апокринді және голокринді.
Секрецияның мерокринді типі кезінде безді жасушалар өзінің құрылысын толығымен сақтайды. Оларға асқазан, ішек бездері жатады. Секрецияның апокринді типі кезінде безді жасушалар жартылай бұзылады. Оларға сүт және тер бездері жатады. Голокринді типте цитоплазмада секрет жиналып, безді жасуша толығымен бұзылады. Бұл бездерге терінің май бездері жатады.
Төртінші фаза - безді жасушалардың қалпына келуі. Ол жасушалық регенерацияға, яғни камбиальді жасушалардың бөлінуі мен дифференцировкасына байланысты.
Безді эпителиалды тін бездер қалыптастырады. Бездерді екі топқа бөледі: ішкі секреция бездері немесе эндокринді және сыртқы секреция бездері немесе экзокринді.
Эндокринді бездер жоғары белсенді заттар - қан мен лимфаға тікелей түсетін гормондарды түзеді. Сондықтан олар тек қана безді жасушалардан тұрады және шығару өзектері болмайды. Оларға гипофиз, эпифиз, қалқанша және қалқанша маңы бездері, бүйрек үсті безі, ұйқы безінің аралшалары жатады.
Экзокринді бездер сыртқы ортаға, яғни терінің және эпителимен астарланған мүшелер қуысының бетіне бөлінетін секреттер түзеді. Көпжасушалы экзокринді бездер екі бөлімнен тұрады: секреторлық немесе соңғы бөлімдерден және шығарушы өзектерден. Секреторлық бөлімдер грандулоциттерден түзілген. Шығарушы өзекшелер бездің шығу тегіне байланысты әр түрлі эпителимен астарланған.
Соңғы бөлімдердің құрылысына байланысты келесі бездерді ажыратады: күрделі және қарпайым. Қарапайым бездерде шығару өзектері тармақталмаған, ал күрделіде - тармақталған.
Секреттің химиялық құрамы әр түрлі. Осыған байланысты экзокринді бездер бірнеше түрлерге жіктеледі: ақуызды, шырышты, ақуызды-шырышты, майлы және тұзды (тер және жас).
Бездердің регенерациясы
Секреторлық қызметіне байланысты бездерде ұдайы физиологиялық регенерация процесі жүреді.