Табиғат объектілеріне мемлекеттік меншік құқығының түсінігі және жалпы сипаттамасы.

Табиғат объектілері туралы айта отырып, біз еліміздің табиғи ресурстарының бәрін пайымдай аламыз. Қазақстан Республикасы бүкіл дүние жүзіндегі табиғат ресурстары босалқы қоры жағынан ең бай елдердің бірінен саналады. Бұл орайда, табиғат ресурстарын өндіру тұтастай алғанда бүкіл экологиялық жүйеге теріс әсер ету мүмкін екенін әсте де ұмытуға болмайды, өйткені жиынтығында табиғат объектілерінің өзі (жер, жер қойнауы, су, орман, жануарлар дүниесі, атмосфера) экологиялық жүйенің негізгі құрамдас бөлігі болып табылады. Табиғат объектілерінің азаматтық айналымдағы әдеттегі заттар мен мүліктен өзгешелігі өзінің айрықша белгісі болады. Атап айтканда олардың пайда болуы өндіріспен немесе адамның өнер табысымен байланысты болмайды, табиғат ресурстарын табиғаттың өзі табиғи әдіспен жасайды. Тек біздің елімізде ғана емес, сонымен бірге бүкіл ғаламшарда қолайсыз экологиялық ахуалды ескере отырып, адамзат экологиялық жүйенің табиғи теңгерімін жасауға және сақтауға қалайда ұмтылып бағады. Осымен байланысты, қазіргі уақытта қоршаған ортаны қорғау саласындағы біздің мемлекетіміздің құқық доктринасы ұлттық игілік ретінде табиғат объектілерінің тұжырымдамасы деп аталатын ауқымдарға негізделіп, дамуда.

Экологиялық кодекс қазіргі және болашақ ұрпақтардың мүдделері үшін қоршаған ортаны қорғаудың құқықтық экономикалық және әлеуметтік негіздерін белгілейді және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, шаруашылық және өзге де қызметтің табиғи экологиялык, жүйелерге зиянды әсерін болғызбауға, биологиялық алуан түрлілікті сақтау мен табиғатты ұтымды пайдалануды үйымдастыруға бағытталған.

Ұлттық игілік ретінде табиғат объектілері ұғымы кеңестік кезеңдегі табиғат ресурстарына жалпы халықтық меншік дейтіңдей идеологиялық ұғыммен бірдей емес. Егер табиғат объектілерін жалпы халықтық меншік деп есептейтін болсақ, онда мұндай көзқарас заңдық мағынасынан айрылған болар еді және ол қате көзқарас болар еді, өйткені кез келген жағдайда заңдық тұрғыдан табиғат ресурстарының меншік иесі мемлекет болып табылады.

Мемлекет, заң шығарушы, атқарушы және сот органдары атынан билікке ие бола отырып, табиғат ресурстарын мейлінше ойдағыдай басқарып, халықтың қажеттерін қанағаттандыра және қоршаған ортаны қорғау саласындағы заңды бұзғаны үшін жазалау шараларын қолдануды қоса алғанда, экологиялық құқық тәртібін қамтамасыз ете отырып, бүкіл халықтың мүдделері үшін табиғат ресурстарының құқықтық режимін анықтау міндетін шеше алады.

Заңда ұлттық игілік ретінде табиғат ресурстарының құқықтық режимі табиғат объектілерін тек қана мемлекеттің меншігіне жатқызу арқылы реттеледі. Алайда, қандай да бір табиғат ресурстары немесе олардың бір бөлігі жеке меншікте болуы мүмкін. Атап айтқанда жер өзінің айрықша қасиеттеріне ие болады, бұл оны табиғаттың басқа объектілерінен өзгешелейді. Өндірістік қасиеттерінен басқа, жер инфрақұрылымның объектілерін салу мен дамыту үшін қажет. Осымен байланысты, Қазақстан Республикасында жердің жеке меншікте болуына жол беріледі.

Табиғаттың басқа объектілеріне, атап айтқанда жер қойнауына, суға, орман мен жануарлар дүниесіне қатысты айтар болсақ, онда оларға жеке меншік орнату тиімсіз болады. Жеке меншікте болатын жер учаскелерінде орналасқан жабық су тоғандары, сондай-ақ жасанды ормандар өскен, жеке және мемлекеттік емес заңды тұлғалардың қаражаттары есебінен жасалған және оларға жеке меншікке берілген жеке орман қоры бұған жатпайды.

Мемлекеттің меншігі жеке меншік алдында ешқандай да басымдыққа ие болмайды, мұның қай-қайсысы да тек қожайынына ғана емес, сонымен бірге бүкіл қоғамға қызмет етуге тиіс, бұл ҚР-сы Конституциясының 6-бабында өзінің көрінісін тапты, онда былай делінген: Қазақстан Республикасында мемлекеттік меншік пен жеке меншік танылады және бірдей қорғалады.

Табиғат объектілеріне меншік құқығы немесе тағы да оларды табиғат ресурстары деп атайтыныңдай, тек экологиялық құқықтың мәнін құрап қана қоймайды, сонымен бірге конституциялық, азаматтық, аграрлық, тау-кен, су, орман және жер құқығы сияқты кұқықтың бірқатар басқа да салаларын құрайды.

Табиғат объектілеріне меншік құқығын немесе табиғат ресурстарын 2 мәнісінде қарастыру керек.

Біріншіден, табиғат объектілеріне меншік құқығы ұғымынан нормативтік кұқықтық актілерде баянды етілген, экологиялық құқық қатынастарын реттейтін құқықтық нормалардың жиынтығын түсінеміз. Басқаша айтқанда, бұл объективтік мағынадағы меншік кұқығы.

Екіншіден, табиғат объектілеріне меншік құқығы деп табиғат ресурстарын иелену, пайдалану және билік ету жөніндегі субъектілердің заңдылық жиынтығы түсініледі. Басқаша айтқанда бұл субъективтік мағынадағы меншік құқығы ретінде түсініледі.

Табиғат ресурстарының негізгі объектілері және табиғаттың осындай объектілеріне меншік құқығы негіздерінің өзі ҚР Конституциясында баянды етілген.

Айталық, ҚР Конституциясының 6-бабына сәйкес жер және оның қойнауы, су көздрі, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар мемлекет меншігінде болады. Жер, сондай-ақ заңмен белгіленген негіздерде, шарттар мен шектерде жеке меншікте де болуы мүмкін.

Сонымен бірге, ҚР Азаматтық Кодексінің 193-бабында былай делінген: жер, оның қойнауы, су, өсімдік және жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар мемлекеттік меншікте болады. Жер заң актілерінде белгіленген негіздерде, шарттар мен шектерде жеке меншікте болуы да мүмкін.

ҚР Азаматтық Кодексінің 188-бабында былай делінген: меншік құқығы дегеніміз субъектінің заң кұжаттары арқылы танылатын және қорғалатын өзіне тиесілі мүлікті өз қалауынша иелену, пайдалану және оған билік ету құқығы. Алайда бұл заңдылық абсолютті болып табылмайды, мемлекет нормативтік құқықтық актілерін шығару арқылы меншік құқығының өзін, сондай-ақ табиғи ресурстардың меншік иесі жасауы мүмкін іс-қимылдарды да шектей алады. Мысалы, жеке меншікте қорғаныс мұқтаждары және мемлекет қауіпсіздігі үшін орналасқан жер учаскелері бола алмайды.

Мемлекет - табиғат объектілеріне меншік құқығының субъектісі. Қазақстан Республикасының Парламенті, жергілікті өкілді және атқарушы органдары мен олардың табиғат объектілеріне меншік құқығын іске асыру жөніндегі өкілеттігі.

Бұл мәселе экологиялық саланы басқару атты тақырыпта толық қаралады. Қазір тек қоршаған ортаны мемлекеттік реттеу мәселесін қарастырған жөн. ЭК 6-бабына сәйкес: қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттiк реттеу:

1) қоршаған ортаны қорғау саласындағы қызметтi лицензиялауды;

2) экологиялық нормалауды;

3) қоршаған ортаны қорғау саласындағы техникалық реттеуді;

4) мемлекеттiк экологиялық сараптаманы;

5) экологиялық рұқсаттар берудi;

6) мемлекеттiк экологиялық бақылауды;

7) қоршаған ортаны қорғауды экономикалық реттеу жүйесiн, неғұрлым экологиялық таза технологияларды енгiзудi ынталандыруды, табиғат қорғау iс-шараларын қаржыландыру жүйесiн;

8) мемлекеттiк экологиялық мониторингтi;

9) табиғат пайдаланушыларды, қоршаған ортаны ластау көздерi мен учаскелерiн мемлекеттiк есепке алуды;

10) экологиялық бiлiм беру мен ағарту iсiн қамтиды.

Наши рекомендации