Тақырыбы: Жыныс клеткаларының дамуы
Жоспар:
1. Гаметогенез
2. Сперматогенез
3.Овогенез
Негізгі ұғымдар: Алғашқы жыныс клеткалары
Жыныс клеткаларының дамуы (гаметогенез)
Алғашқы жыныс клеткалары ұрық дамуының бастапқы кезеңінде пайда болады. Бұл кезде оларда жыныстық айырмашылық болмайды. Ұрықтың басқа клеткаларынан, заттар алмасуының кейбір ерекшеліктері жағынан өзгешеліктері көріне бастайтын ірі клеткалар. Бұлар ұрықтың денесінде емес (құс пен сүтқоректілерде), алғашқы қан тамырлары түзілетін уақытша органдарда (саруыз қапшығының эндодермасында) пайда болады. Алғашқы жыныс клеткалары кейін қанның ағысымен немесе тамырлардың бойымен өз бетінше қозғалып, жыныс безінің ұрығына жиналады. Содан кейін оларды гаметалардың одан әрі дамуын қамтамасыз ететін жыныс бездерінің ерекше клеткалары – фолликулалық клеткалар қоршайды.
Гаметогенездің кейінгі кезеңдері ұрықтың жынысына байланысты түрліше жүреді. Гаметогенез сперматогенез және овогенезге бөлінеді.
Спермотогенез
Аталық гаметалардың даму циклін спермотогенез дейді. Спермотогенез аталық жыныс безінің ирек каналшықтарында жүреді және төрт дәуірге бөлінеді: 1) көбею; 2) өсу; 3) пісіп-жетілу; 4) қалыптасу немесе спермиогенез. Көбеюші аталық жыныс клеткаларын спермотогонийлер деп атайды. Көбею кезінде спермотогонийлер митоздық тәсілмен жедел бөлінеді. Оның нәтижесінде олардың саны көбейеді. Спермотогонийлердің бөліну саны түрлі жануарларда түрліше болады. Бірнеше рет бөлінгеннен кейін өсу дәуірі басталады. Өсу дәуіріндегі аталық жыныс клеткалары алғашқы сперматоциттер немесе І ретті сперматоциттер деп аталады. Өсу дәуірінде сперматогонийлер өсіп, үлкендігі орташа есеппен төрт есе үлкейеді. Олардың ядросында мейозға әзірлік болып табылатын күрделі өегерістер байқалады. Пісіп-жетілу дәуірін жыныс клеткаларының диплоидтық күйінен гаплоидтық күйіне ауысу деп қарастыру орынды. Бұл өзгеріс интерфазаға ауыспастан клетканың екі рет бөлінуі арқылы жүреді. Сондықтан бұл кезде ДНҚ молекулалары екі еселенеді. Пісіп жетілудің бірінші бөлінуін редукциялық бөліне немесе мейоз дейді, ал пайда болған жыныс клеткаларды ІІ ретті спермотоциттер деп аталады. Екінші бөлінуі эквациялық бөліну, оның нәтижесінде пайда болған клеткаларды сперматидалар дейді. Мейоз кезінде хромосомалардың саны екі есе кемиді. Пісіп-жетілу дәуірінен кейін дамудың соңғы кезеңі қалыптасу дәуірі (спермиогенез) басталады, осы кезде сперматидалар спермотозоидтарға айналады. Сперматидалар ядросының құрылымы айқын байқала бастаған, цитоплазмасында органоидтың, бәрі де бар кешкене жұмыр клеткалар. Спермотозоидтарға қарағанда цитоплазмасы көбірек болады.
Спермотозоидтың қалыптасуы сперматида ядросының, клетканың болашақ бас бөліміне қарап орын ауыстырып плазмалемманың, астына барып орналасуынан басталады. Ядро мен плазмалемма аралығына көпіршіктер бөле бастайтын Гольджи аппараты орналасады. Ядро бірте-бірте тығызданып, спермотозоидтың басына тән пішінге ие бола бастайды. Гольджи аппараты ядро мембранасы мен плазмалемманың, аралығында жататын акросоманы қалыптастыруға қатысады. Екі центриольдар өздерінің орындарын тастап, акросомаға қарама—қарсы ядроның полюсіне орналасады. Центриольдердің арасындағы цитоплазманың участкесі спермотозоидтың мойнын құрайды. Дистальдік центриольдардан құйрықтың орталық (остік) жіпшесі өсе бастайды. Проксимальдік центриоль ұрықтану кезінде зиготоға түсіп, оның бөлінуіне қатысады. Сперматозоид талшығының орта бөліміне митохондриялар жиналып, митохондриялық спиральды құрайды. Осы өзгерістердің нәтижесінде сперматозоид қалыптасады.
Овогенез
Жұмыртқа клеткасының даму циклін овогенез дейді. Аналық гаметалардың дамуы аналық жыныс бездерінде жүреді. Аналық жыныс клеткаларының дамуы үш дәуірге бөлінеді: 1) көбею; 2) өсу; 3) пісіп-жетілу.
Көбею дәуірінде оогонийлер митоздық жолмен бөлінеді, осының нәтижесінде клеткалардың саны көбейеді. Оогоницлер сперматогоний сияқты қоректік заттарды жеңіл сіңіреді. Адамның аналық жыныс клеткаларының көбеюі кезеңі эмбриогенез кезінде жүреді. Эмбриогенездің соңғы кезінде алғашқы фолликулалардың пайда болуымен оогонийлардың көбеюі аяқталады, осыдан кейін олар І ретті ооциттерге немесе алғашқы ооциттерге айналады. Өсу дәуірінде бірен сараң алғашқы фолликулдар ғана өседі. Олар үлкейіп, Грааф көпіршігіне айналады. Фолликулдың өсуімен бірге І ретті ооциттің көлемі де бірнеше есе өседі, центросомасы жойылады, ядросы хроматинінен ажырайды, цитоплазмада сарыуыз жиналады, ооцит қабықшамен қапталады.
І ретті ооцитті сыртқы жағынан фолликулдық клеткалардың қабаты қаптайды. Сарыуыздың жиналуына байланысты аналық жыныс клеткасының өсу дәуірі аталық жыныс клеткасына қарағанда ұзаққа созылады. Пісіп-жетілу дәуірінде І ретті ооцит екі рет бөлінеді: редукциялық және эквациялық. Осы бөлінулердің нәтижесінде бір ғана жыныс клеткасы пайда болады. Бірінші бөлінуде бір клеткаға цитоплазманың аздаған бөлігі, ал екіншісінде барлығына дерлік кетеді. Пайда болған кішкене клеткабағыттаушы немесе полярлық денешік деп атайды. Бұл кейін дамымайтын екі клеткаға бөлінеді. Пісіп-жетілу бірінші бөлінуінде пайда болған өте үлкен клетканы ІІ ретті ооцит дейді, оның екінші бөлінуінде тағы да кіші клетка – екінші бағыттаушы немесе полярлық денешік пен жетілген жұмыртқа клеткасы болып табылатын өте үлкен клетка пайда болады. Бағыттаушы денешіктердің пайда болуы ядро затының кемуіне әкеліп соғады.
Бағыттаушы денешіктерде цитоплазма аз болады, сондықтан олар тіршілікке қабілетсіз, көп ұзамай өледі.
Аналық жыныс клеткасының дамуында қалыптасу дәуірі болмайды. Жұмыртқаның қалыптасуы оның өсу процесі кезінде жүреді. Спермотогоний мен оогоний дамуының нәтижесінде хромосомалардың гаплоидтық саны бар аналық және аталық гаметалар пайда болады.
Теңіз кірпісінің овоциттерінің бөлшектенуі. Бояуы: темірлі гематоксилин. х 400.
1-овоцит; 2-бөлшектену кезең; 3-бласіула: а-бластуланың қуысы (бластоцель); 4-гаструла: а-эктодерма; б-энтодерма; в-гастроцель (И.В. Алмазов, Л.С. Сутулов бойынша).
Дәріс