Бап. автоматтарды пайдалана отырып тауар сату
1. Тауар сату автоматтарды пайдалана отырып жүргiзiлген жағдайларда автоматтардың иесi сатып алушыларға тауар туралы (атауы, саны, бір тауардың бағасы және т.б.), автоматқа орналастыру арқылы тауардың сатушысы туралы ақпарат жеткiзуге немесе сатып алушыларға сатушының атауы (фирмалық атауы), оның орналасқан жерi, жұмыс режимi, сондай-ақ сатып алушының тауар алу үшiн жасайтын қажеттi әрекеттерi туралы өзге де әдiстермен мәлiметтер беруге мiндеттi.
2. Сатып алушы тауар алуға қажеттi әрекеттер жасаған кезден бастап шарт жасалған болып есептеледi.
3. Егер сатып алушыға ақысы төленген тауар берiлмесе, сатушы тауардың сатып алушыға дереу берiлуiн немесе оның сатып алушының сол тауар үшiн төлеген ақша сомасының қайтарылуын қамтамасыз етуге міндетті.
452-бап. Сатып алушыға тауар жеткiзiп беру туралы талап
қойылатын шарт
1. Сатып алушыға тауар жеткiзiп беру туралы талап қойылып шарт жасалған жағдайларда сатушы тауарды сатып алушы көрсеткен жерге шартта белгіленген мерзімде жеткізіп беруге міндетті.
2. Егер заң актілерінде, шартта өзгеше көзделмесе немесе ол міндеттеменің мәнінен туындамаса, сатып алушыға, ал ол болмаған кезде - шарттың жасалғандығын немесе тауарды жеткізіп берудің ресімделуін куәландыратын түбіртекті немесе өзге бір құжатты көрсеткен кез келген адамға тауар табыс етілген кезден бастап сатушы шартты орындады деп есептеледі.
453-бап. Тауардың бағасы және оған ақы төлеу
1. Егер заң актілерінде өзгеше көзделмесе немесе ол міндеттеменің мәнінен туындамаса, сатып алушы шарт жасасу кезінде сатушы жариялаған баға бойынша тауарға ақы төлеуге міндетті.
2. Шартта тауарға алдын ала ақы төлеу (осы Кодекстің 440-бабы) көзделген жағдайларда сатып алушының шартта белгіленген мерзімде тауарға ақы төлемеуі, егер тараптардың келісімінде өзгеше көзделмесе, сатып алушының шартты орындаудан бас тартқаны деп танылады.
3. Тауарларды кредитке бөлшектеп сатып алу-сату, соның ішінде сатып алушының тауарларға төлемді бөліп-бөліп төлеу талабы қойылған шартына осы Кодекстің 441-бабы 3-тармағының екінші бөлігінде көзделген ережелер қолданылмауға тиіс.
4. Сатып алушы тауарға ақыны бөліп-бөліп төлеудің шартта белгіленген кезеңі шегінде тауарға кез келген уақытта толық төлем жасауға құқылы.
454-бап. Сапасы лайықты тауарды алмастыру
1. Сатып алушы азық-түлікке жатпайтын тауар өзіне берілген кезден бастап он төрт күн ішінде, егер сатушы неғұрлым ұзақ мерзім жарияламаған болса, сатып алынған тауарды сату орнында немесе сатушы хабарлаған өзге де орындарда бағасында айырма болған жағдайда сатушымен қажетті қайта есеп айырыса отырып, мөлшері, нысаны, ауқымы, пішіні, түсі, жинақтылығы және т.б. бойынша соған ұқсас тауармен алмастырып алуға құқылы.
2. Сатушыда алмастыруға қажетті тауар болмаған жағдайда сатып алушы сатып алынған тауарды сатушыға қайтарып беруге және оған төленген ақша сомасын алуға құқылы.
3. Егер тауар пайдаланылмай, оның тұтыну қасиеттері сақталса және оның сол сатушыдан сатып алынғандығына дәлелдер болса, сатып алушының тауарды алмастыру немесе оны қайтару туралы талаптары қанағаттандырылуға тиіс.
4. Осы бапта аталған негiздемелер бойынша алмастырылуға немесе қайтарылуға жатпайтын тауарлардың тiзбесi заңдарда белгiленген тәртiппен айқындалады.
455-бап. Сатып алушының оған сапасы лайықсыз тауар
сатылған жағдайдағы құқықтары
1. Сапасы лайықсыз тауар сатылған сатып алушы, егер сатушы оның кемшiлiктерiн айтпаған болса, осы Кодекстiң 428-бабының 1-тармағында көзделген әрекеттердi жүзеге асыруға құқылы, бұл орайда сатып алушы сатушының талап етуi бойынша және оның есебiнен алынған сапасы лайықсыз тауарды қайтарып беруге тиiс.
2. Тауар үшiн төленген ақша сомасын сатып алушыға қайтарған кезде сатушының одан тауарды толық немесе iшiнара пайдаланудан, оның тауар түрiн жоғалтудан және т.б. болған тауар құнының төмендеген сомасын ұстап қалуға құқығы жоқ.
456-бап. Тауарды алмастыру, сатып алу бағасын кеміту
және сапасы лайықсыз тауарды қайтару кезiнде
баға айырмасының орнын толтыру
1. Сапасы лайықсыз тауарды шартқа сәйкес сапасы лайықты тауарға алмастыру кезiнде сатушының шартта белгiленген тауар бағасы мен тауарды алмастыратын немесе тауарды алмастыру туралы сот шешім шығарған кезде қолданылатын тауар бағасы арасындағы айырманың орны толтырылуын талап етуге құқығы жоқ.
2. Сапасы лайықсыз тауарды соған ұқсас, бiрақ көлемi, пiшiнi, сорты және т.б. жағынан өзгеше сапасы лайықты тауарға алмастырған кезде алмастырылатын тауардың айырбастаған кездегі бағасы мен сапасы лайықсыз тауардың орнына берілетін тауар бағасының арасындағы айырманың орны толтырылуға тиiс.
Егер сатушы сатып алушының талабын қанағаттандырмаса, бұл баға тауарды алмастыру туралы сот шешiм шығарған кезде белгiленедi.
3. Тауардың сатып алу бағасын соған орай кемiту туралы талап қойылған жағдайда бағасын арзандату жөнiнде талап қойылған кездегi, ал егер сатып алушының талаптары ерiктi түрде қанағаттандырылмаса, бағаны соған орай кемiту туралы сот шешiм шығарған кездегi тауар бағасы есепке алынады.
4. Сапасы лайықсыз тауарды сатушыға қайтарған кезде сатып алушы шартта белгiленген тауар бағасы мен сатып алушының талабын ерiктi түрде қанағаттандырған кездегi, ал егер талап ерiктi түрде қанағаттандырылмаса, сот шешiм шығарған кездегi тиістi тауар бағасы арасындағы айырманың орнын толтыруды талап етуге құқылы.
457-бап. Сатушының жауапкершілігі және мiндеттеменi
заттай орындау
Сатушы бөлшектеп сатып алу-сату шарты бойынша мiндеттемесiн орындамаған жағдайда залалдарды өтеу мен тұрақсыздық айыбын төлеу сатушыны мiндеттемесiн заттай орындаудан босатпайды.