Бүркіт пен аққу, мерген
Абылай: кешірем, - деп қарқылдады,
Жаңғырып, айнала шың саңқылдады.
Сол кезде көлде жүрген жұбай аққу,
Ойбайлап суды сабап қаңқылдады.
Тұрған қол кенелмекке өлеңді естіп,
Толқыды көлге қарап елеңдесіп.
Қараса, - ойран болып жұбай аққу,
Заулап жүр көл үстінде көлеңдесіп.
Сабайды көлді ойран ғып, суды шашып,
Қиқулап, аласұрып, аузын ашып.
Шулатқан екі ақкуды бүркіт екен,
Жөнелді бір баласын ала қашып...
Көктей жай төбесінен түйгендей-ақ,
Немесе түнде бүйі тигендей-ақ,
Екі аққу ойран болып бірге ұмтылды,
Зар илеп ұясы өртке күйгендей-ақ.
Аққудың ақбөбегін көлден іліп,
Тау бүркіт қуанғандай көкте күліп.
Зарлатып, ата-анасын сұңқылдатып,
Жөнелді шарыққа өрлеп көкпар қылып.
Тырнақты тырнақсызға шаппасын ба?..
Андушы алу ебін таппасын ба?..
Аққудың балапанын алып бүркіт,
Шырқады "Оқжетпестің" қақбасына.
Көлдегі бейбіт құстар үрікті шошып,
Сүңгіді, қорғалады, қашты жосып.
Әскер де қарап тұрған қайран қалды,
Қос аққу сыңқылдады даусын қосып.
Зарлаған туған әке, анасына,
Тау бүркіт көкпар қылған баласына,
Жаны ашып кейбіреулер жабырқасты,
Аяныш кіргеннен соң санасына.
Әлсізді әлді жеген күші басым,
Жылатқан әлсіз болса қарындасын.
Тұтқын қыз осыны ойлап құз басында,
Аққуға қарап тұрып төкті жасын.
Адақта қарап тұрып бойын тежеп,
Садағын қолына алып, шертіп, безеп,
Көк сүңгі оғын іліп серіппеге,
Бүркітке сығалады дәлдеп кезеп.
Бұлтиған бұлшықетті құрыш білек,
Жиырылып ырғатылды күшін білеп.
Атуға ыңғайланған жолбарысша,
Ышқынды екі бұтты кере тіреп.
Садақтың серіппесін ырғап тартып,
Шалқиды пәрменінше күшін шіреп.
Жеткенде "Оқжетпестің" басына құс, -
Садағын Адақ мерген сілтеді іреп.
Ысқырды садақ оғы көкті жарып,
Зымырап жарқылдады жолын қарып.
Торғай боп "Оқжетпеспен" қатарласқан,
Үш қырлы оқтау бүркіттен өтті дарып.
Қаруын сан қылмыстың татарына,
Тап болды мерген дәлдеп атарына:
Тау бүркіт төңкерілді жеткен кезде,
"Оқжетпес" нақ басының қатарына.
Тау бүркіт қылығына жаза тапты,
Азырақ момын аңдар маза тапты.
Лақтырған терліктей боп көлге күмпіп,
Қан-қан боп, қан құмар ер қаза тапты.
Бүркіттің көкпар алып қашуына,
Болмады "Оқжетпестен" асуына.
Көзінше қалың қолдың қаза тапты,
Тура кеп шын мергеннің басуына.
Шарықтап, балапанды ап кетті деген,
Ноқат боп "Оқжетпестен" өтті деген.
Ешкімнің қиялына кірмеп еді,
Бүркітке атқан садақ жетті деген.
Адақ мерген
Таң болып әскер толқып дуылдасты,
Адақты көтермелеп шуылдасты.
Жаңғыртты тау мен тасты көтерген сөз:
"Бәйгеден Адақ озды, Адақ асты..."
Алшитып камшат бөркін түрді Абылай.
Тамағын қоразданып қырды Абылай.
"Бағана, неге бұлай атпадың..." деп,
Адақтың қасына кеп тұрды Абылай.
"Бағана, бәйгеде сен жарысып пең?
Ортаға өнерінді салысып пең?...
Атқыштық күштілікті сынасқанда,
Онда озбай өзгелермен қалысып пең?..
Немесе бағана сен атпадың ба?..
Атуға жүрексініп батпадың ба?..
Әйтпесе сұлудан сен дәме қылмай,
Егеске түсуге әдеп сақтадың ба?.."
Айтты Адақ: "бәске, тақсыр, қатыспадым,
Шындағы орамалды атыспадым.
Сұлуды батырлардың бірі алсын деп,
Бәйгеге бекер түсіп шатыспадым.
Әдейі батырлармен сынаспадым,
Әуре боп, белді бекер қынаспадым.
Жаңағы қыз жұмбағын естігенше,
Әдейі, тақсыр төре, сыр ашпадым.
Жұмсайтын, бар өнерді керек іске,
Әдейі салмап едім ерегіске,
Бәрін де қыз сертінің орындайын,
Тақсыр хан, мен даярмын төреңізге.
Ешбір оқ орамалды шала алмады,
Таянып шың басына бара алмады.
Атып мен орамалды түсірейін,
Болса да сұлуды ешкім ала алмайды..."
Соны айтып Адақ енді тұрмай тоқтап,
Садағын оңтайлады безеп оқтап.
Қос аққу шыр айналды мұңлы үнмен,
Баласын кезек ұшып, сыңсып жоқтап.
Сұлу мен ханға қарап Адақ тұрды,
Безеніп "Оқжетпеске" садақ құрды.
Сүңкиіп суға төнген құз басында
Сұлу да таңырқап көз қадап тұрды.
Расы Адақ бәске қатыспаған.
Шындағы орамалды атыспаған.
Апырақ, албырт, әңгі батырлардан,
Бұл жігіт өзін аулақ, жат ұстаған.
Тұрғандай түпсіз терең ойға батып,
Қадалып, шыңбасына қалған қатып.
"Оқжетпес" өрдеш шыңмен арбасқандай.
Тұрған ед жолбарысша көзбен атып.
Және де жарысқа да енбеп еді,
"Түс" деген жігіттерге көнбеп еді.
Ауырып тұрмын, деген сылтауына,
Ренжіп қостастары сенбеп еді.
Өнері өзіне аян кем емесі,
Күшіне мұның ешкім тең емесі.
Тұрған бұл, жас құлжаша күші тертіп,
Тұрса да қайнап, қызып делебесі.
Батырлар жүгіргенде аршындатып,
Адақты күш билеп ед қалшылдатып.
Тұлпардай көрмедегі жер тарпыған,
Тықыршып ауыздығын қаршылдатып...
Жаңартты тұтқын қызбен Адақ шартты,
Шіреніп, серіппені ырғап қатты.
Сырықта шың басындағы орамалға,
Сығалап көздеп тұрып садақ тартты.
Әндетіп оқ жөнелді көкке боздап,
Әуенің дыңылдатып сымын қозғап.
Шаттанып шыңға қарай асқан сайын,
Елігіп, жар салғандай "шабандоздап".
Ұшқыр оқ шың басына кетті сарнап,
Жайқалған орамалға атқан арнап.
Қалың қол тыныс тартып, телмірісіп,
Жаңғырды айнала тау қоса зарлап.
Қос тілді оқ, найзағайша көкті тіліп,
Айырып орамалды кетті күліп.
Орамал жырымданып қала берді,
Болат оқ шүберекті кетпеді іліп...
Садаққа қыстырды Адақ үш қырлы оқты,
Ысқыртты шіреп енді аспан-көкті.
Атқан оқ орамалдың қадасына
Сақ етіп, тас жаңғыртып, барып соқты.
Үш қырлы оқ дал-дал қылған мана құсты,
Шіреніп сілтеген соң қайрап тісті.
Оталған қурайдай көк шалғыменен,
Қада мен орамалды жұлып түсті.
Адақтың оғы өзгеден ұшқыр ұшты,
Қос тілді, жасыл құрыш, үшкір үшті.
Басына "Окжетпестің" оқ жеткізіп,
Өзгеден үздік болды - күш құрышты.
Қада ұшты орамалмен шыңнан жерге,
Тигендей ауыр құрыш ұшқыр ұшы.
Оқпенен ілдіргенде орамалды,
Қанғандай болды әскердің іш құрышы.
Шуласты, Адақты қол мыңға балар,
Қамалап қошамет қып жатыр талап.
Қызулап төбесіне көтерісті,
Құрметтеп, айқайласып, "көп жасалап".
Адақты қамап жатыр құттықтасып,
Жапырлап, кезек-кезек ұтықтасып.
Жай күліп Адақ тұрды бәйгені ұтып,
Әңгі емес секіретін асып-тасып.
Қойқандап бөркін тастап шалқасынан,
Қошқардай байдың мыңды марқасынан.
Абылай Адаққа кеп алғыс айтып,
Риза боп, қақты күліп арқасынан.
Ыз жұмбағы
Енді қол жапырлады құзға қарап,
Бұралып құзда тұрған қызға қарап.
Үлкендер көп жасалап құттықтасты, -
Әзіл қып біркелкі жас қыз баталап.
Қыз айтты Абылайға: - "Даяр басым.
Тақсыр хан, жұрт кішкене аялдасын.
Болса да Адаққа мен тиер болдым,
Жырымның шешуін де баяндасын..."
Абылай қыз тілегін "мақұл" деді.
Адаққа: "Ортаға кел, жақын, - деді.
Кебіндей сұлу айтқан әнге салып,
Сөзіңді жыр қылып айт, ақын", - деді.
Шуласып: "шешсін... шешсін!" - деді көп те,
Шешуін қыз кебінің естімекке.
Өзі де көпшіліктің құмар еді,
Адаққа жұмбақты енді шештірмекке...
Адақ ақын
Адақ ер ыңғайланды даусын ондап,
Лашындай шарықтауға қанат қомдап.
Шиырлып бойындағы күшін жиып
Жараған бәйге кердей бойын сомдап.
Қозғалды, дарқан ақын бұрағандай,
Құлағын домбыраның күйлеп қолға ап!
Боздатып күй сарынын келтіргендей,
Екпінін ірке шертіп, кеңнен толғап.
Бой жазып бәйге кердей ойқастаған,
Тұқырып, мойнын кезек оңнан солға ап.
Орғыды бір бүгіліп, бір жазылып,
Құлашын қарыштауға жолын болжап.
Әскер де қамаласып тұрды жиын,
Анталасып, бір-біріне тіреп иін.
Шешуі қыз кебінің не екен деп
Көрінген өңгелерге сонша қиын.
Ақырып құйқылжытып шырқады Адақ,
Соққандай таудан ұйтқып долы құйын.
Кең тастап көкірегін қобдиланып,
Серпілтті көкке өрлетіп құлақ күйін.
"Әлеумет, сабыр етіп таза тыңда, -
Шешілсін қыз байлаған жұмбақ түйін.
Ұзатпай қыздың кебін баяндайын,
Тыңда да мейлің күйін, мейлің сүйін.
Адамның бір жолдағы намысы бір,
Болса егер, санасы бар, бір-ақ ұйым.
Жайылып бірден-бірге бастан-аяқ,
Жыр болмақ бұл әңгіме елге дүйім.
Ел менен ер намысын ақтай алмас, -
Ел шауып, олжа қылып алған бұйым.
Хан да бар, қара да бар - бұл арада
Төрелік берерсіндер, әділ биім..."
Жұмбақтың шешуі
Тұтқын қыз өз басының жырын айтты,
Жүректен жарып шыққан шынын айтты.
Кептерді мысал қылып өз басына,
Не көрген бала күннен сырын айтты.
Зорлықтың жастан дәмін татқан екен,
Ауылын бір күн жау кеп шапқан екен.
Өлімнен, ата-анасын жау қолынан,
Лашындай бір ер кез боп қаққан екен.
Шапқан жау отырғанда саспай жайлап,
Атасын бауыздауға пышақ қайрап.
Зарлаған екен сонда бала сұлу,
Жауынан рақым тілеп ағатайлап.
Лашындай кез болған ер ойда жоқта,
Бүйірден тиген екен жауға айқайлап.
Ауылды бейбіт жатқан қырған жаудың,
Лезде қалған екен өзі жайрап.
Ер жігіт бейне лашын ала мойнақ.
Бүйірден жауға тиіп салады ойнақ.
Жұлады қарақұстай жаудың басын,
Боп келген бейбіт елді ала қоймақ.
Әлгі ерге қыз әкесі барын сайлап,
Мал басын түгелімен тартқан айдап.
Көп сөздің ақырында лашын-сынды ер,
Кетіпті қыз баламен бір сөз байлап.
Кім көрген уәденің мұндай түрін,
Әңгімем естілмеген бұдан бұрын:
Лашын мен кептер кебін айтты сұлу,
Мысал ғып әлгі ерменен сертті сырын.
"Күнәға" бой жеткен соң, батпай тұрып,
Әйелдік тұрмыс дәмін татпай тұрып,
Әлгі ерге бір түнекке кеп қайтпақ қыз, -
Қойнына күйеуінің жатпай тұрып.
Әйел боп салмай тұрып басқа күндік,
Болатын болса-дағы мейлі кімдік:
Байласқан серт бойынша әуелі қыз,
Әлгі ерге әйел болмақ бір-ақ түндік.
Сөз байлап ер кетіпті сұлуменен
Қыз өскен аз ғана өмір сүруменен...
Бір сабаз қызды келіп алмақ болған,
Қалап кеп, іздеп құлақ түруменен.
Күйеуін мысал қылды ақ сұңқарға, -
Әрине, сұңқар сипат ашық жарға.
Сұңқар ғой сүйген жары сұлу қыздың,
Болмай ма, сүймегені нақ сұм қарға...
Әрине, күйеу отау тіккен аулақ
Оңаша күйеу сонда жатпақ аунап.
Қасына алып келген қалындығын,
Үйіріп, сыр ашысып алмақ баурап.
Күйеуге қалындығын әкеп аулы,
Басына салмақ болған желек жаулық.
Қыз сырын айтқан екен күйеуіне,
Екеуін қалдырғанда құсша баулып.
Оңаша түнде отауда емін-еркін,
Сабаз қыз күйеуіне кебін шертіп,
Сол түнгі кеңшілігін сұранады,
Өтеуге баяғы ермен қылған сертін.
Сұлуға берген екен күйеуі ерік,
Жомарттық ерлігінде болып серік.
"Сертінді бар да орында" депті жары,
Адамдық - қылған сертке болмақ берік.
Күйеуі айтқан сонда өсиетін:
Шыншылдық, - адамшылық қасиетін,
Жалғаншы атанба, бар, сертінді өте,
Шыншыл бол, әділ халық бас иетін..."
Белгіге берген күйеу орамалын,
Сұлудан аямайды қора малын.
Шеттерін кестелеген орамалды,
Қыз шыққан, қыпша белге орап алып.
Рұқсат ап, ақ сұңқардан қойнындағы,
Білінбей өзге жұртқа бойын бағып,
Жөнелген екен сұлу түнде жалғыз,
Өтеуге, алған сертін мойнындағы.
Әр жерде ұрылардың ісі ұласқан,
Бәрінен сол түнгі бір үш ұры асқан.
Жүгірген түнделетіп жалғыз сұлу,
Бір жерден үш ұрыға ұшырасқан.
Ұрылар қуанысқан секірісіп,
Зорлауға қызды ыңғайлап бекінісіп.
Құтырып айуандық нәпсілері
Шұбырып сілекейі кекірісіп.
Жемді тек түнде аулайтын құсша қарап,
Жол тосып кездескенді жүрген талап.
Кептер құс ұшырасқан түнде орманда,
Мысал ғой үш ұрыға үш жапалақ.
Сұлуға үш қарақшы қызығады,
Көздері қарауытып қызынады.
Айуан нәпсілерін тойдыруға,
Естері алабұртып бұзылады.
Бұралған көк шыбықтай көркем ару,
Нәзік қыз істей алмақ кімге қару?..
Іліксе арсыздарға мұндай олжа, -
Болады тілектері итше сару.
Қыз жылап айтқан екен барлық сырын,
Себебін келе жатқан бүйтіп ұрын.
Алдаушы болам ғой деп сенгіш ерге,
Жойма деп жалыныпты әбүйірін.
Сұлудың сырын айтып жылағаны,
Жалынып көздің жасын бұлағаны,
Оятқан үш ұрының ар, намысын,
Кеңшілік олардан да сұрағаны...
Құтырып қозған нәпсі басылады,
Кешірім сұрап қызға бас ұрады.
Оянған адамшылық ар-ұяты,
Айуан нәпсі жынын қашырады.
Жаман ой, арам қулық бәрін тастап,
Құрметтеп, енді үш ұры "қарындастап"
Сабаздың лашын-сынды мекеніне,
Қызды ертіп, түн ішінде жүрген бастап.
Үш ұры тірі жанға білдірместен,
Жолшыбай жат көздерге ілдірместен.
Қыз іздеп шыққан ердің мекеніне,
Жеткізіп сап қайтыпты кідірместен.
Түн қатып іздеп шыққан жерін тауып,
Қыз келіп жолығады ерін тауып.
"Баяғы серт бойынша келдім" дейді,
Мұрсат ап түн ішінде ебін тауып.
Кебін қыз шерткен екен түгел бастан,
Бір сөзін уақиғаның қалдырмастан.
Күйеу мен ұрылардың кеңшілігін
Баяндап ақтарғандай бейне дастан.
Қалай ғып сұлу рұқсат алғандығы,
Күйеуі жомарттық қып қалғандығы.
Батырды бәрі қайран қылған екен,
Үш ұры тимей әкеп салғандығы.
Сұлуға батыр енді дейді шырақ!
Оншалық аулың сенің емес жырақ.
Ризамын қайт ізіңше сертің бітті,
Қызықсам қала ма ардан бір жапырақ?.
Ер арын қайтсын, енді зорласын ба?..
Өзін де, сұлуды да қорласын ба?..
Бұрын ер енді қызып бір шашаққа,
Алданып бұ да жомарт болмасын ба?..
Қыз аман кейін қайтып жолға түскен,
Кептерден пенде бопты торға түскен.
Жеткенше сұңқарына қайта келіп,
Сол елді шапқан жауға қолға түскен.
Сол елді шапқан жауы бізбіз міні...
Осы еді қыз кебінің барлық шыны.
Тайлақша бәйге боп тұр, міне, ортада,
Біреудің мандайдағы Ай мен Күні?
Орманға тиген барып тау бүркіті,
Аңдарға ылғи момын жау бүркіті,
Тақсыр хан, сізге мысал айтылған сөз,
"Жүрміз ғой, десек-дағы жауды үркітіп..."
Жазықсыз қалмақпенен жауласамыз,
Аянбай аңша қырып ауласамыз.
Қалмақ та ел өзіміздей деген болса,
Теңгермей бойымызға дауласамыз.
Мысал ғып жырлады қыз сыр мен зарын,
Елінің әділ, жомарт сабаздарын.
Жыр қылды түнде өзімен ұшырасқан,
Жол тосып ұрлық қылған - "бабы аздарын"
Бәрінің жомарттығы сүйсінерлік,
Әр елге осындай-ақ тисін ерлік.
Жомарттық бізден мұндай табылмаса,
Мақтанған құр өтірік күйсін ерлік!..
Өлтірер деген еді ерді намыс,
Қоянды өлтіреді деген қамыс, -
Қызды енді олжаласақ елімізді
Не демек естісе егер, жат ел - қалыс...
"Сабаз" деп бұл сұлуды мақтар еді,
"Момын" деп қалмақ елін жақтар еді.
Бізден де бір қыз сөйтіп зарлап тұрса,
Қиянат қылғандарды ақтар еді.
Сөзді енді бүркемелік, етіп күлте,
Мұндайда керек емес мақта-білте.
"Ханы да, қарасыла арсыз деген",
Келмесін ел бетіне шіркеу-шілте.
Қыз жырын сізге арнады төрелікке,
Болмайық, тақсыр, бекер өр-елікпе.
Естіген халық жерге түкірмесін,
Біз-дағы әділ билік берелік те.
Әлеумет, мойнымызға бұл бір салмақ,
Қырылды, қолымыздан талай қалмақ...
Күн сайын лағнат айтып отыратын,
Боламыз қызды ұялмай, қалай алмақ?...
Бұл сұлу бәйгеме енді маған тиді,
Тақсыр хан, билігіңе басымды идім.
Ұрықсат бердім қызға елін тапсын,
Олжаны ұры қиған мен де қидым...
Тарқатсын нәзік тұтқын қасірет, шерін,
Жарамды бір жүйрікпен тапсын елін.
Еліне аман қайтып сұлу бикеш,
Өлмесе, тауып алсын жомарт ерін...