Жүріс дөңгелектерін, мойынтіректерді, тежегіштер мен муфталарды жөндеу
Жүріс дөңгелектерінде көбінесе дөңгелек бойынша жүрудің тіректік беттері мен ребордалары тозады. Жүріс дөңгелектерін жөндеуде кең тараған әдіске тозған беттерді автоматты түрде балқытып, сонан соң оларды токарь станогінде өңдеу жатады. Балқыту сымы есебінде СВ-08ГА және АН-348А маркалы флюс қолданылады. Балқытып болған соң дөңгелекті номиналь өлшемге өңдейді де, термиялық өңдеуге (сорбитизация) жібереді. Балқытылған металдың қаттылығы 350...400 НВ болған жағдайда термиялық өңдеудің қажеті болмайды. Жүріс дөңгелектерін балқытып өңдеу әдісімен жөндеудің құны әдетте жаңа деталь құнының 15...20%-н құрайды [12].
Көліктік техникада сырғанау мойынтіректерін бүтін втулка түрінде немесе алмалы-салмалы түрінде шығарады. Сырғанау мойынтіректерінің негізгі ақаулары: жұмыс бетінің балқуы және тозуы; жергілікті зақымданулар, май жүру арналарының толып қалуы және зақымдануы.
Өлшемдері үлкен емес тозған втулкаларды әдетте антифрикциялы шойынмен, қоладан, желімнен жасалған жаңа втулкалармен алмастырады. Өлшемдері ірі втулкаларды түсті металдарды үнемдеу мақсатында биметалл етіп (ішкі беттеріне қола немесе ЦАМ10-5, ЦАМ9-1,5 маркалы мырыш алюминий қорытпа жалатылған болат немесе шойын втулка) жасайды. Втулканы престеп болған соң корпус тесігін қажетті өлшемге дейін кеңейтеді.
Мойынтірек втулкаларын қалпына келтіру пластикалық деформация немесе жөндеу размеріне келтіретін өңдеу тәсілімен жүргізіледі. Бойлық сызаттары мен сынықтары бар қола втулкаларды қалпына келтіруге болмайды, оларды жаңасымен ауыстыру қажет.
Алынып салынатын мойынтіректерде әртүрлі антифрикциялы қорытпалардан жасалған қабаттары бар төсемелер болады. Егер осы қабаттардың тозуы байқалса, онда төсемелерді үлкен диаметрге келтіріп өңдеу қажет, алайда антифрикциялы қабаттың қалған қалыңдығы 0,16 мм-ден кем болмауы тиіс.
Тербелу мойынтіректері тораптарында тек корпус қана жөнделеді, ал шектен тыс тозған мойынтіректерді жаңасымен ауыстырады. Жұмыстағы мойынтіректерді қолданған кезде оларды керосинде және ыстық майда жуады да, консистентті маймен майлайды. Корпустағы тозған отырғызу орындарын балқытып, номинал өлшемге дейін өңдейді. Корпустың қалыңдығы жеткілікті болған жағдайда оны үлкен өлшемге кеңейтіп, сонан соң болат втулканы (сақинаны) престейді. Втулканың ішкі диаметрі тербелу мойынтірегінің сыртқы диаметріне жауапты болуы тиіс. Алайда мұндай втулканың қабырға қалыңдығы 5 мм-ден кем болмауы керек.
Тежегіштерді жөндеу кезінде тежегіш шкиві құрсауының тозуы бастапқы қалыңдығынан 0,2-ге ауытқыса, онда оны жөндеу размеріне келтіріп өңдейді. Мұнда өңдегеннен соңғы құрсау қалыңдығы оның номинал қалыңдығының 0,75 бөлігінен кем болмауы тиіс. Тозуы жергілікті сипаттағы (арнашалар) тежегіш шкивтерін немесе оларда кішігірім сынықтар байқалған жағдайда автоматты дірілдоғалы немесес доғалы балқытумен қалпына келтіреді. Мұнда ерітілген металл қаттылығы шкивтің негізгі металл қатылығынан 8...10 НВ кем болуы тиіс.
Тозығы шектен шыққан тежегіш жапсырмаларын жаңамен ауыстырады да, оларды мыс немесе алюминийден жасалған тойтармалар мен тежегіш колодкаларына орналастырады.
Муфталарды жөндеу кезінде дискілі фрикционды муфталарда фрикционды жапсырмалардың тозуынан басқа қысқыш, жетекті және аралық дискілердегі беттердің мүжілуі, саусақтардың, жұдырықшалардың, қысу иінтіректерінің және т.б. детальдардың тозуы байқалады. Дискілердің мүжілуіне түзету жасап, сонан соң магнитті столы бар жазық ажарлау станогінде ажарлау арқылы жояды. Тозған фрикционды жапсырмаларды жойып, олардың орнына жаңасын қою ісі тежегіш механизмдерін жөндегендей етіп жүргізіледі. 5.6-суретте дискілерге жапсырмаларды желімдеуге арналған жабдық көрсетілген. Желімдеп болған соң жапсырма беттерінің күпшек осіне перпендикулярлығы мен беттердің өзара параллельдігі тексерілуі қажет.
5.6-сурет. Жапсырмаларды желімдеуге арналған айлабұйым:
1 – қысқыш сомын; 2,3 – қысқыштар; 4 – құралбілік; 5 – тірек тақтасы
Конустық фрикционды муфталарда тозуға көбінесе колодкалар мен шкифтердің конустық беттері жақын болады. Шектен тыс тозған колодкаларды жаңаларымен ауыстырады. Жұдырықшалы муфталарда ең көп тараған ақауға жұдырықшалар беттері мен қосу ашалары саусақтары астындағы сақиналы ойықтардың тозуы жатады. Тозған жұдырықшаларды алдымен пісіріп, сонан соң қажетті өлшемге дейін механикалық өңдеу арқылы қалпына келтіреді. Жартымуфталардың тозған сақиналық ойықтарын алдымен ерітеді, сонан соң күпшекті жонып, жаңа ойықты қажетті өлшеммен кесіп жасайды. Ал тісті муфталарды жөндеу тісті дөңгелектерді жөндеумен сәйкес жүргізіледі. Втулкалы-саусақты муфталарды жөндеу кезінде саусақтар мен амортизацияланатын втулкаларды ауыстырып, саусақасты тесіктерді қалпына келтіреді.