Лекция 11. Аяқ киім үстінің бөлшектерін параллельді сыртқы, ішкі және аралас тәсілдермен қалыптау
Аяқ киім үстінің дайындамасын керіп қаптау тәсілімен қалыптау-дың елеулі кемшілігі – көп еңбекті талап етеді және үрдістің буын-буынға бөлінуі, керме жиегіне әдіптің көп кетуі, демек көп материал шығыны болады.
Параллель сыртқы және ішкі тәсілдермен қалыптау кезінде, қалыптаушы құрал ретінде ысырмалы қалыптар, тіліктер, қапсырмалар және т.б. қолданылады. Керіп-қаптау тәсілдерімен қалыптау кезінде бөлшектер деформациясы негізінен материалдардың қасиетіне, машинаның жұмысшы мүшелерінен түсетін күшке байланысты болады.
Параллель ішкі және сыртқы тәсілдермен қалыптаудың керіп қаптау әдісінен айырмашылығы деформацияның тұрақтылығы болып табылады, өйткені қалыптаушы құралдар белгілі бір соңғы күйге дейін жетеді. Демек, аяқкиім үстінің дайындамасының деформациясы негізінен жобалау кезіндегі бөлшектердің ауданның өзгеруіне байланысты. Аяқкиім үстінің дайндамасының беткі беті қалыптың беткі бетімен салыстырғанда неғұрлым кіші болса, қалыптау кезінде ол соғұрлым көп деформацияланады.
Егер қалыптау үрдісі кезінде былғары жеткілікті дәрежеде деформацияланса, онда киіп жүру кезінде, аяқкиім үсті деформацияланбайды, өйткені ол серпімді материал тәрізді жұмыс істейді. Демек, параллель сыртқы және ішкі тәсілмен қалыптау және керіп қаптау әдісі кезінде аяқкиім форманы мыжылмайтындай әжімсіз ету үшін және де оны қию кезінде сақтау үшін, аяқкиім үстінің дайындамасының материалын керу керек. Аяқкиім үстінің кеңістік дайындамасын қалыптау үшін, материалды 2-4 пайызға дейін керу керек. Бұл қалыпты дайындаманы нық қаптап тұруға жеткілікті, бірақ қалыптұрақты аяқкиім алу үшін жеткіліксіз. Қалыптұрақты аяқкиім үстін алу үшін, былғарыны 10-15 пайызға дейін керу керек. Бірақ бөлшектердің сызықтық өлшемдерін белгілі бір шамаға дейін кішірейту керек, яғни 7-10 пайызға дейін, одан ары кішірейту – тігістердің үзілуіне алып келеді.
Аяқкиім үстінің дайындамасын параллель сыртқы және ішкі тәсілдермен қалыптаудың керіп-қаптау әдісіне қарағанда бірнеше артықшылығы болады:
- күрделі керіп қаптау машиналары қажет емес, қалыптау үрдісі өте қарапайым;
- дайындау және жинау операцияларының еңбек сиымдылығы және аяқкиім үстіне арналған былғары шығыны керме жиегінің кемуіне байланысты 3-10 пайызға кемиді;
- операциялар санын қысқартуға байланысты, өндіріс ауданының 1м2-нен аяқкиімді түсіру артады.
Бұл тәсілдердің сонымен бірге кемшіліктері де бар: аяқкиім үстінің дайындамасын өте дәл жинау керек, керме жиегінің енінің аздығынан, аяқкиім жөндеу мүмкін емес; былғарының 15-19 пайызға созылмалы болу керек, ал партия бойынша былғарының ең орташа созылуы 15-35 пайыз және максимал созылу мемлекеттік стандартқа сай 50 пайыз болуы қажет. Сондықтан қалыптау кезінде былғарыда созылымдық қасиеттер сақталады, бұл аяқкиім үстінің кеңейтілуіне және форманың бұзылуына әкеледі.
Сыртқы тәсіл.Сыртқы қалыптау кезінде аяқкиім үстінің дайындамасының тігілген сыздығы немесе бауы бар кеңістік пішіні болуы тиіс. Қалып саптама сыналы /кесілген сынасы бар/ немесе буындасқан болуы керек.
Аяқкиім үстінің дайындамасының кеңістік пішіні жұлықтың немесе алдынғы бөліктің бөлшектерге жіктелуінің арқасында құрылады. Дайындаманың кеңістік пішіні сонымен қатар жазық жұлықты немесе алдыңғы арнайы машинаның пуансонымен алдын-ала қалыптау жолымен түзіледі.
Аяқкиім үстінің дайындамасын сыртқы қалыптау тәсілінің мысалы Парко-1 ұстастыру әдісі болып табылады. Қалыпқа кигізілген аяқкиім үстінің дайындамасының тұмсық бөлігін уақытша аяқкиімнің қол шегесімен бекітеді. Содан соң металл тіліктер аяқкиім үстінің дайындамасының бүкіл нұсқасы бойынша қысады да, дайындама мен сыздық арасына кіреді. Тіліктер біріге келіп, тігілген сыздығы бар керме жиегін қалыптау ізіне жылжытады. Содан кейін керме шегелерін алып тастайды.
Сыртқы тәсілмен қалыптау кезінде, дайындаманың керме жиегіне бау тігілуі мүмкін /зығыр немесе капрон жіп/. Осылайша көбінесе жеңіл аяқкиімнің үстінің дайындамасы қалыптанады. Аяқкиім дайындамасын керу және тарту бауды тарту кезінде бірыңғай орындалады. Шет елде баумен тарту үшін, «Спанг» фирмасының /ГФР/ 400 және «Ториелли» /Италия/ фирмасының №7 машиналары қолданылады.
Ішкі тәсіл. Ішкі қалыптау кезінде үстінің дайындамасына қосарланған матадан, астарға қолданылатын былғарыдан жасалған ұлтарақты тігеді. Ысырмалы қалыпты қалыптаған кезде аяқкиім үстінің дайындамасы біркелкісіз деформацияланады. Деформацияның таралу сипатына аяқкиім үстінің дайындамасының түрі мен конструкциясы, қалыптаушы қалыптың конструкциясы, материалдардың физика-механикалық көрсеткіштері әсер етеді.
Ішкі қалыптау тәсілімен кеңістік формалы аяқкиім үстінің дайындамасын қалыптаған жөн, өйткені бұл кезде деформация біркелкі таралады, демек жобалау кезінде, бөлшектердің өлшемдерін үлкен шамаға кемітуге болады. Жартылай жазық аяқкиім үстінің дайындамаларын қолданған кезде, жұлықтарды арнайы машиналарда алдын-ала қалыптау қажет.
Қалыптаушы қалыптардың үш ерекше конструкциялары бар:
- фигуралы немесе түзу кескіні бар, алдыңғы немесе артқы бөліктері өн бойымен жылжитын қалып /5.25 а-сурет/;
- өкше бөлігінен тұмсық бөлігіне қарай айналма кескіні бар, алдыңғы бөлігінің сырғитын доға тәрізді жылжуы кезіндегі артқы бөлігі өн бойымен жылжитын қалып /5.25 б-сурет/.
- тұмсық-шоғыр бөлігінен өкше бөлігіне қарай айналма немесе фигуралы кескіні бар, артқы бөлігінің сырғитын қозғалысы кезіндегі алдыңғы бөлігі өн бойымен жылжитын қалып /5.25 в-сурет/.
Қалыптардың ысыру механизмі, буындастыру-механизмі сияқты әртүрлі.
Жұмсақ ұлтарағы бар аяқкиім үстінің көлемді дайындамасын қалыптау үшін, өн бойы бағытында 9 мм-ге ысырылатып механизмі бар бірінші типті қалыптарды қолданады. Қатты ұлтарағы бар аяқкиім үстінің көлемді дайындамасын қалыптау үшін екінші немесе үшінші типті қалыптарды қолданған жөн.
Аяқкиім үстінің дайындамасын ішкі қалыптау үшін, аяқкиім үстінің материалын тығыздығы және ұзаруы бойынша жақсылап таңдау қажет және аяқкиім үстінің бөлшектерін, астарларын және әсіресе жұмсақ ұлтарақты өн бойындағы өсі матаның немесе қосарланған материалдың ең қысқа ұзаруы бағытымен беттесуі керек. Аяқкиім үстінің – ұлтарақ жүйесінде соңғысының созылғыштығы азырақ болуы керек. Тек осы жағдайда ғана қалыптау жақсы орындалады.
Ішкі тәсілмен қалыптанатын аяқкиім үсті үшін, жартылай былғарыны, бұзау терісінен жасалған былғарыны, ал аяқкиім үстінің дайындамасының ерекше конструкциялары үшін – ешкі терісінен жасалған былғары, велюр, жүннен тоқылған қосарлы және мақтатадан жасалған маталар қолданылады. Астарлар үшін, аяқкиім үстінің материалының қалыңдығын елемей, тик-саржаны, диагональді, астарлы былғарыны және тығыз маталарды /көбінесе корд/ пайдаланады. Жұмсақ тігілмелі ұлтарақты үш-екі бетті кирзадан, қосарланған тик-саржадан, ал ерекше жағдайларда астарлы былғарыдан пішіп шабады. Қосарланған маталар қайма ұлтараққа аяқкиім үстінің беріктілік және өн бойы және көлденең бағыттарында бірдей созылғыштық береді.
Қалыптаудың бұл тәсілінің керіп-қаптаудан біршама артықшылықтары бар:
- аяқкиім үстінің дайындамасының бөлшектерін біршама және біркелкі етіп қаптау және керме жиегіне әдіпті кеміту немесе мүлде қалдырмау нәтижесінде аяқкиімнің материал сиымдылығы 8-12 пайызға кемиді;
- қалыптанған аяқкиімді негізгі кептіру операциясы орындалмайды, бұл өндіріс циклының азаюына және керме қалыптарына қажеттіліктің кемуіне алып келеді;
- технологиялық операциялардың бірқатарын біріктіру және алып тастау нәтижесінде еңбек өнімділігі 15-20 пайызға артады.
Берілген тәсілдің кемшілігіне қалыптаушы жабдықтардың көптігі жатады, өйткені олар екі немесе аралас өлшемді аяқкиімнің оң /немесе сол/ сыңарын өңдеуге арналған және оларды жаңа сұлбалы қалыптарды конвейерге жіберу кезінде алмастыру материалдық шығындарға алып келеді.
Мокасин типті желім әдісімен бекітілген аяқкиімнің қалыптау технологиясы бойынша, аяқкиім үстінің дайындамасының өкше бөлігін сірісімен бірге пуансонда алдын-ала қалыптайды да, содан кейін барып қалып көмегімен ақырғы рет қалыптайды. Зерттеулер нәтижесінде осындай технология кезінде аяқкиім үстінің дайындамасының өн бойлық деформациясы біркелкі тарайды және де 9-11 пайыз құрайды деп табылған. Аяқкиім үстінің дайындамасының ізі бойынша өн бойлық және көлденең бағыттардағы деформация 3-4 пайызға тең.
Аралас тәсіл.Жартылай жазық аяқкиім үстінің дайындамасын және ысырмалы қалыпты қолдану ұсынылады. Қалыптау келесі операциялардан тұрады: ажыраған қалыпқа ұлтарақты бекіту; қалыпты жабу /оның ұзындығын кеміту/; аяқкиім үстінің дайындамасын керу; шегелеу тәсілімен өкше және тұмсық бөліктерін керу; қалыпты ашу /ішкі қалыптау/, бүйірлерін шегелеу тәсілімен керу. Аяқкиім үстінің дайындамасының деформациясы бұл кезде керіп қаптау әдісімен салыстырғанда үлкендеу болады.