Азық-түліктер құрамына түскен түрлі қоспалардан болған созылмалы уланулар
Азық-түліктердің құрамына химиялық заттардың түрлі қоспаларының түсуінен болған уланулар
Микробсыз тамақтан уланудың себебіне көп жағдайда пестицидтер, тағамдық үстемелер, түрлі ыдыстан енетін химиялық заттар мен ауыр металл тұздарының қоспалары жатады. Қазіргі кезде тағам өнеркәсіптерінде азық салуға арналған ыдыстар, құтылар, құрал-жабдықтар, орап-қаптайтын қаптамалардан азық құрамына енетін заттардың маңызы зор. Тағам өнеркәсібінде азықпен жанасатын жүзге жуық синтетикалық материалдардың түрлері бар. Оларға түрлі ыдыс-қалбырлар, азықпен жанасатын қондырғы бетін өңдеп жапсарлауға пайдаланатын лактар, полиамидті, полиацетатты, полиэтиленді пленкалар, полистирол, резина қоспалары, орг.шыны, түрлі маркалы целлофандар, ыдыс пен қондырғы жабындысы эмальдар, шыны, түрлі металдар т.б. жатады. Кез-келген азықпен жанасатын синтетикалық материалдардың қасиеті егжей-тегжейлі зерттеліп, сынақтан өткесін Денсаулық сақтау министрілігінің санитариялық-эпидемиологиялық басқармасының рұқсат беруінен кейін қолдануға жіберіледі.
Металл қосылыстарының қоспасы
Азық-түліктің құрамында металл қосылыстарының уытты концентрациясы тағам өнеркәсібіндегі аппараттар, үлкен қазандықтар, ыдыстардың жабындысына қолданған материалдардан түзіледі.
Қорғасын глазурь, бояулар, металл жабындыларының құрамына қосылады. Қазіргі кездегі эмальдарға қорғасын қосылмайды. Тамақ әзірлейтін үлкен қазандар мен кастрюльдердің ішіне қалайыдан жасалған жабындыға қосылатын қорғасын 1%-дан аспауы тиіс. Консерв қалбырларының қалайы жабындысында 0,04%-дан аспауы тиіс. Қорғасынның тәуліктік шектік мөлшері 0,2-0,25мг. Қорғасын азықтарды сақтауға, дайындауға әсіресе, қышқыл тосап, жидек, маринадтар, тұздықтар әзірлеген сапасы төмен ыдысты ұзақ қолданудан кейін туындайды. Қорғасынмен улану белгілері баяу (плюмбизм) дамығандықтан, жеңіл әілсіздіктен басқа адамның көңіл-күйінде басқа өзгеріс байқалмайды. Кейінірек жалпы әлсіздік, бас айналу, бас ауыру, ауызда жағымсыз дәм, саусақтың дірілі, тәбет жоғалу, дене салмағының төмендеуі мазалайды. Кеш сатысында науқас иектерінде күкіртті қорғасыннан түзілген көгілдір-сұрғылт «қорғасынды кайма» пайда болғанын анықтайды. Күкіртті қорғасын белокты тамақ қалдығының ыдырауынан түзілген күкірттің иектің шырышты қабығынан бөлінген қорғасынмен қосылысынан туындайды. Ерте жағдайда қорғасынды колика мен іш қату, қосылыстың қанға түсінен айқын анемия орын алады.
Қорғасынмен уланудың профилактикасында қорғасынның организмге түсуіне жол бермеу болып табылады. Оған тағам өнеркәсібінде қаңылтырдың қауіпсіз жаңа түрлерін қолданып, сапасы төмен ыдыстарды қолданбау, құрамында қорғасыны бар сапасы төмен бояулармен қондырғы, құрал-саймандарды боямау жатады.
Мырыш, мыспенулану қорғасынға қарағанда жедел уланумен өтеді.Тағамға түсу көзі- мырышталған беткейлі аппаратура, мырыш ыдыстар болады. Олар ылғалданып, ауада көмірқышқылды мырыш пленкасын түзіп, ол азықтың органикалық қышқылдарымен әрекеттесіп, тұз түзеді. Бұл тұздар асқазанның шырышты қабатын тітіркендіреді. Сондықтан мырышталған ыдыстар тек өндірісте су сақтауға, қайнатуға ғана қолданылады. Қазіргі таңда мырыш, мыс тұздарымен улану сирек кездеседі. Өйткені, мыс ыдыстар мен қондырғылардың көпшілігі тот баспайтын, коррозияға тұрақты жетілдірілген материалдармен алмастырылған.
Мырыш пен мыс тұздары ас қорыту жолынан қанға сіңбейді. Сондықтан жалпы организмге айқын әсері байқалмайды, тек асқазан шырышты қабатына жергілікті тітіркендіргіштік және күйдірген тәрізді әсері сезіледі. Осы тұздар көп концентрацияда түссе, іштің түйіліп ауыруы, құсу, ауызда металл дәмі байқалады.
Азық-түліктер құрамына түскен түрлі қоспалардан болған созылмалы уланулар
Соңғы кездегі әдеби мәліметтерде нитрозоаминдердің канцерогенді әсері көп айтылып жүр. Организмге нитраттардың түсуі бірден метгемоглобин түзбейді. Метгемоглобин ас каналындағы ішек микрофлорасының әсерінен нитраттан нитритке ауысуынан түзіледі. Ал нитрозоаминдер осы нитриттің ыдырауындағы екіншілік аминдер өнімі болып табылады.
Қоршаған ортада нитраттар мен нитриттер суда, топырақта органикалық азотты заттардың ыдырау өнімі ретінде кездеседі. Нитрат азық құрамына су арқылы және технологиялық өңдеу үрдісіне тағамдық үстеме қолданудан түседі. Нитратпен улану көбінесе аз мөлшерде, ұзақ уақыт бойы шұжық арқылы организмге нитраттың түсуінен туындайды. Шұжыққа натрий нитритін миоглобин фиксаторы және консервант ретінде қосады. Организмде метгемоглобин түзіліп, оксигемоглобин белсенділігін төмендете отырып, бүкіл тіннің тыныс алуына кері әсер көрсетіп, коронарлық жетіспеушілікке алып келуі мүмкін. Шұжыққа нитриттер консервант ретінде қолданылса, кейбір көкөніс пен бақша өнімдеріне тез өсіріп, жетілдіру үшін тыңайтқыш ретінде қосылады. Ыстап, кептірілетін сиыр, шошқа еттеріндегі нитриттің мөлшері 1кг/50мг, шұжық өнімдерінде 3-10%-дан аспауы керек.
Полимерлік материалдар тағам өнеркәсібінде, сауда орындарында кеңінен қолданылады. Пластмасса ыдыстар, қораптар, құбырлар, қондырғылар, тоңазытқыштар т.б. үшін қолданылады. Пластмассадан жасалған бұйымдардың теріс әсері де жоқ емес. Олардың қауіптілігін полимер негіз емес, оған қосылатын үстемелер күшейтеді. Гигиеналық талаптар бойынша мономерлердің қалдық мөлшері 0,03-0,07%-дан аспауы тиіс. Полимерлік материалдан жасалған ыдыстардың кемшілігі уақыт өте деструкцияға ұшырап, тез тозады.
Полимерлік материал құрамындағы органикалық қосылыстардың тамаққа өтуін болдырмау үшін, ыдыстарды қолдану ережесі мен қолдану мақсатын дұрыс қадағалау қажет.
Пестицидтер (улыхимикаттар) дегеніміз – ауыл шаруашылығында дақылдарды арамшөптерден, түрлі зиянкестерден (жәндіктер, кеміргіштер, кенелер, бактериялар т.б.) және аурудан қорғау үшін, сонымен қатар дақылдардың өсуін жылдамдату, дәндердің жетілуін тездету, астықтың өнімділігін арттыру және басқа да арнайы мақсатта қолданылатын түрлі дәрежедегі уыттылығы бар синтетикалық, химиялық заттектерді айтамыз.
Пестицидтердің тірі организмдерді жоятын (биологиялық белсенділігі) қабілеті бар. Олар белгілі бір тірі организмнің тіршілігін жоюмен қатар, жылықанды жануарлар мен адамдарға да әсер етуі мүмкін. Бірақ тіршілігін зақымдау жағынан әр организмге әртүрлі әсер етеді, яғни олар таңдамалы әсер ету арқасында белгілі бір организмді зақымдаса, ал басқа организмге зиян келтірмеуі мүмкін.
Пестицидтермен ауқымды аймақтар өңделеді, бұдан аздаған пестицидтердің ұсақ бөлшектері ауаның ағымымен атмосфераның жоғарғы қабаттарына барып, ұзақ сақталып, кейін жаңбыр не қар арқылы қайта түседі. Гигиеналық жағынан ең қолайлы пестицидтерге мақсаты бойынша қолданылғаннан кейін, түрлі сыртқы орта факторларының әсерінен зиянсыз заттектерге ыдырап кететін пестицидтерді жатқызады. Пестицидтердің халық денсаулығына қолайсыз әсері 1) жіті және 2) созылмалы уланулар түрінде байқалуы мүмкін.
Жіті улану – препараттың салыстырмалы үлкен дозасының қысқа уақытта түсуінен, ал созылмалы улану - организмге пестицидтің аз мөлшерінің ұзақ уақыт түсуінен, көбінесе пестицидтерді қолдану ережелерін және пестицидтермен өңделген өнімдерді пайдалану ережелерін орындамағанда туындайды.
Созылмалы улану адам организміне ұзақ уақыт шектік бағдарлық концентрациядан (ШБК-допустимая ориентировочная концентрация -ДОК) азғантай асатын дозада түсуінен туындайды. Пестицидтермен улануға сонымен бірге эмбриотоксикалық, гонадотропты, мутагенді және тератогенді, аллергенді, бластомогенді, канцерогенді әсерлерімен байқалатын жанама және кейінірек, уақыт өте байқалатын салдары туындауы мүмкін.
Пестицидтер табиғаты, химиялық құрылымына қарай төмендегіше бөлінеді: хлорорганикалық, фосфорорганикалық, карбамин, тио- және дитиокарбамин қышқылдарының туындылары
Хлорорганикалық пестицидтерге: гексахлорциклогексан (ГХЦГ), гептахлор, кельтан, полихлорпинен, хлортен, пертан, метоксихлор, эфирсульфонат. Олар орташа және жоғары уыттылығымен, айқын кумулятивті қасиеттерімен, лактация кезінде сүтпен бөліну қабілетімен және сыртқы ортада тұрақтылығымен сипатталады. Құрамы жағынан майларға ұқсас болғандықтан, организмге түскенде майлы тіндерде жиналады.Токсикологиялық қасиеттері бойынша хлорорганикалық пестицидтер политропты уға жатады. Организмге түскеннен кейін орталық жүйке, эндокринді және жүрек-қантамырлар жүйелерін және паренхиматозды ағзаларды (бауыр, бүйрек) зақымдайды. ХОҚ организмге асқазан-ішек жолдары арқылы түскенде лоқсу, құсу, іштің жоғарғы бөлігінде ауру сезімі байқалады. Осылармен бірге жалпы әлсіздік, бас айналу, бас ауруы, қозу процесінің артуы, ұйқының қашуы дамиды. Уланудың ауыр түрінде аяқ-қолдың дірілдеуі, тартылуы, жансыздануы, ентікпе, тері беттері мен сілемейлі қабаттардың көгеруі байқалады. Жіті улану кезінде негізгі симптоматика жүйке жүйесіне, ал созылмалы улануда паренхиматозды ағзаларға (бауыр, бүйрек) қатысты дамиды.
Фосфорорганикалық қосылыстар.Пестицидтердің басқа топтарымен салыстырғанда ФОҚ кеңінен қолданады. ФОҚ тобына құрамында фосфор қышқылының эфирі бар, түрлі химиялық құрылымдағы заттектер жатады. Олар: октаметил, метафос, метилмеркаптофос, фосфамид, карбофос, хлорофос, үшхлорметафос-3 және т.б.
Ауыл-шаруашылығында фосфорорганикалық пестицидтерді кеңінен қолдануға - олардың инсектицидті тиімділігінің жоғары болуы мен қоршаған ортада салыстырмалы түрде тезірек ыдырауы негіз болған. Фосфорорганикалық пестицидтердің негізгі ерекшелігі –уыттылығы төмен, кейбір жағдайда ыдырау барысында уытты қасиеті бар заттектер мүлдем түзілмейді.
Организмдегі әсер ету механизмі холинэстеразаның белсенділігін тежеумен сипатталады. Сонымен бірге каталазаның белсенділігі өзгереді, қан сарысу белоктарындағы кейбір аминқышқылдарының азаюы, қанның белокты фракциясының және басқа да биохимиялық көрсеткіштердің өзгеруі мүмкін. ФОҚ асқорыту жолдары арқылы түскенде алғашында құсу, ішінің ауруы, іш өту сияқты клиникалық белгілер дамуы мүмкін. Сосын көзден жастың ағуы және орталық жүйке жүйесінің зақымдану белгілері (үрей, қорқыныш сезімі, мазасыздық, бастың айналуы т.б.) дамиды. Орташа ауырлықтағы улану белгілері жүрістің өзгеруімен, қол мен бастың дірілдеуімен, кеңістікте бағдарлау қабілетінің төмендеуімен сипатталады. Уланудың ауыр түрінде көру өткірлігі төмендейді, қарашықтар тартылады, құрысулар пайда болады, коллапс, кома дамуы мүмкін.
Карбамин, тио- және дитиокарбамин қышқылдарының туындылары (карбаматтар) ауыл шаруышылығында кеңінен қолданылады. Осы топқа дикрезил, севин, бетанал, карбин, ронит, тиллам, эптам ялан, цирам, поликарбацин, цинеб жатады. Карбаматтардың әсер ету спектрі кең, инсектицидті белсенділігі жоғары және сыртқы ортада тұрақтылығы орташа. Осымен қатар карбаматтардың организмге қолайсыз әсері де бар. Мысалы, цинебтің канцерогенді және мутагенді қасиеті, севиннің тератогенді қасиеті, кейбір карбаматтардың ұрпақ жаңғырту қызметіне қолайсыз әсері және метгемоглобинтүзуші әсері.
Севин мен басқа да карбаматтардың уытты әсер ету мезанизмі холинэстераза мен басқа да тіршілікке қажетті ферменттер жүйесін тежеуге бағытталған.
Сынапорганикалық қосылыстар.Гранозан мен меркуранды дәнді дәрілеу үшін қолданады. Сынапорганикалық қосылыстардың уыттылығы өте жоғары, сыртқы ортада тұрақтылығы жоғары, азық-түлікте ұзақ сақталады, кумулятивтік қасиеті айқын. Осы аталған препараттардың жоғары уыттылығына байланысты олар тек қана тұқым ретінде қолданылатын дақылды дәрілеу үшін қолданылады. Дәріленген дақылды тағамдық мақсатта қолдануға мүлдем тиым салынады.
Пестицидтермен уланудың алдын алу шаралары
- Сыртқы ортада өте тұрақты және айқын кумуляциялану қасиеті бар пестицидтердің қалдық мөлшерімен ластанған азық-түлікті тұтынуға тиым салу.
- Азық-түлікте пестицидтің әсер етпейтін қалдық мөлшері рұқсат етіледі.
- Ауыл шаруашылығында өнімнің жеуге жарамды бөлігі пісіп жетілгенге дейін пестицидтің қалдығынан толық арылуын қамтамасыз ету үшін жартылай ыдырау кезеңі қысқа болатын пестицидтерді қолдану керек.
- Пестицидтерге арналып қолданған тарада азық-түлікті, суды, малдың жемін сақтауға мүлдем рұқсат етілмейді.
- Өнімдегі пестицидтің қалдық мөлшерін қадағалау және олардың бекітілген максималды шектік деңгейден (МШД-МДУ) асуын болдыртпау.
- Ең негізгі алдын алу жолы- пестицидтерді тиімді зерттеу. Азық-түліктің құрамындағы пестицидтің максималды шектік деңгейі (МШД –МДУ-максимально допустимый уровень) мен шектік бағдарлық концентрациясына (ШБК-ДОК-допустимая ориентировочная концентрация) санитариялық сараптама жүргізу.