Аллаһ тағаланың сипаттары
Мұсылман кісі Аллаһқа иман еткен кезде Оның затына тән кәміл сипаттарына сеніп және де нұқсан сипаттардан пәк екендігін де білуі тиіс. Аллаһ Тағаланың бүкіл сипаттарының басы мен соңы жоқ және өзге жандылардың ешбірінің сипатына ұқсамайды. Аллаһтың сипаттары айтылған кезде, бізге ол сипаттарға ұқсастық бар секілді көрінгенімен, ақиқатында ол сипаттарға ешбір ұқсастық жоқ. Себебі, Аллаһ өзін құлдарына танытқанда біздің түсіне алатын қабілетімізге сай түсіндіреді. Мысалы, Аллаһтың көру, есту, білу сипаттары туралы сөз болғанда, ол сипаттардың ұғымы біздің түсінігімізге аса қиындық тудырмайды. Адам санасында бұл сөздердің ұғымы әу бастан қалыптасқандықтан дереу Аллаһтың өзі секілді көре алатындығын, ести алатындығын түсінеді. Бірақ адам жарық дүниені екі көзімен көрсе, Аллаһты көру мына дүниеде біз үшін құпия. Асылында бұл жайында ойланудың өзі қажетсіз іс ескендігі белгілі. Өйткені біз Аллаһты заты тұрғысынан емес, тек есімдері мен сипаттары тұрғысынан ғана танимыз және солай иман етеміз. Біздің шектеулі ақылымыз шексіз құдіреті күшті Аллаһты толық меңгере алмай тек сипаттарымен ғана танығандықтан, иман етумен шектелеміз.
Аллаһ Тағаланың затына тән сипаттарды екіге бөліп қарастыруға болады: зати сипаттар және субути сипаттар. Енді осы сипаттарын ашып, талдап түсіндірейік:
а) Зати сипаттар (Аллаһқа тән сипаттар)
Зати сипаттар дегеніміз - Аллаһтың затымен бірге болып, одан бөле-жарып қаралмайтын сипаттарды айтамыз. Зати сипаттар – Аллаһтың ұлылығын, кәмілдігін, бүкіл нұқсан сипаттардан пәк екендігін білдіреді. Зати сипаттардың төмендегідей алты түрі бар:
Уужуд (бар болу)
Уужуд сөзі – бар болу деген мағынаны білдіреді. Яғни, Аллаһ Тағала бар және сол бар болуы да өздігінен, әрі Ол бар болуында ешбір нәрсеге мұқтаж емес. Бар болмау ұғымы Аллаһ Тағала үшін мүмкін емес түсінік. Уужуд (бар болу) Аллаһтың бүкіл сипаттарының негізі болып табылады. Жоғарыдағы Аллаһтың бар екендігіне қатысты дәлелдер мен мысалдарды осы уужуд сипатына жатқызуға әбден болады. Сөзімізді мына аятпен тұжырымдасақ: «Ол Аллаһтан басқа тәңір жоқ. Ол тірі, әр нәрсені толық басқарып тұр. Ол қалғымайды да ұйықтамайды. Көктер мен жерлердің барлығы Соныкі...» (2.Бақара-255).
2) Қидәм (әуелі, бастауы жоқ)
Қидәм дегеніміз - бастауы жоқ дегенді білдіреді. Яғни, Жаратушы белгілі бір уақытта пайда болмаған, Ол әу бастан бар. Егер Ол әуелде болмай кейіннен пайда болған болса, онда хадис (кейіннен жаратылған) деген сипатқа ие болған болар еді. Кейіннен пайда болған әрбір нәрсенің бір жаратушысы болады. Ал Жаратушыға тән сипат Оның әуел бастан бар болуы[5]. Аятта бұл жайында былай дейді: «Ол Аллаһ әуелгі әрі соңғы, Ол ашық (дәлелдермен білінеді), әрі ақыл жетпес құпия» (57.Хадид-3).
3) Бәқа (мәңгілік)
Бәқа дегеніміз - соңы жоқ, яғни мәңгілік деген ұғымды білдіреді. Аллаһ Тағала ‑ мәңгілік иесі. Әуелгі бастауы болмағанның әлбетте соңы да болмауы заңды. Аллаһтың сипаты үшін ақырғы деген түсінік жоқ. Өзге бүкіл мақлұқаттардың бәрі пәни, қай‑қайсысының болса да ақыры мен соңы бар. Тек Аллаһ қана әрі әуелден бар және мәңгілік болады. Бұл жайында аяттарда былай деп келтіреді: «Ол Аллаһ әуелгі, әрі соңғы» (57.Хадид-3).
«Аллаһ пен бірге басқа тәңір шақырма! Одан басқа ешбір тәңір жоқ. Оның өзінен басқа әр нәрсе жоқ болады» (28.Қасас-88).
«Бүкіл жер бетіндегілер бітеді. Ұлы дәрежеге ие әрі жомарт Раббың өзі ғана қалады» (55.Рахман, 26-27).
4) Уахданият (жалғыз, бір болу)
Уахданият дегеніміз - Аллаһ Тағаланың затында, сипаттарында және істерінде жалғыз екендігін, серігі мен ұқсасы жоқ екендігін білдіреді. Қандай да бір нәрсені алып қарайтын болсақ, бірнеше элементтен тұрады, яки оны бөлуге, бөлшектеуге болады. Ал, Аллаһ Тағала ешқандай нәрседен тұрмайды, құралмайды және бөлінбейді. Себебі Ол – заты мен сипатында жалғыз. Жаратушының жалғыз екендігі жөнінде көптеген аяттар бар. Солардың бірерін мысал ретінде келтірсек: «Аллаһ бұйырады: Екі тәңір жасап алмаңдар. Шын мәнінде Ол жалғыз бір-ақ Тәңір. Ендеше Менен ғана қорқыңдар» (16.Нахыл-51). «(Мұхаммед (с.а.у.)) Оларға айт: Егер Аллаһ пен бірге олардың айтқандарындай тәңірлер болса еді. Онда бұл тәңірлер Аршының иесі Аллаһқа жету үшін шаралар іздейтін еді» (17.Исра-42).
«Егер жер мен көкте Аллаһтан басқа тәңірлер болса, онда жер мен көк сөзсіз бұзылып кететін еді. Демек, Аршының Раббысы Аллаһ олар жарастырған сипаттардан пәк»(21.Әнбия-22).
«Аллаһ еш бала иемденбеді. Онымен бірге тәңір де жоқ. Ондай болғанда әрине, әр тәңір өз жаратқанын бағыттап басқарар еді және сөзсіз бір-біріне үстемдік құрар еді. Аллаһ олар жарастырған нәрселерден пәк» (23.Муминун-91).
Міне осы аяттармен қоса, басқа да көптеген аяттарда Аллаһтың жалғыз екендігі анық, әрі ашық түрде айтылған. Адам қанша дегенмен түрлі ойға шомады да, санасында Аллаһтан басқа өзге де табынуға лайықты күшті іздейді. Біреулер қасиетті етіп дәстүрден қалған әдетті ұстанады, кейбіреулер тауға, тасқа, әулие тал деп санасында орнықтырған ағашқа шүберек байлау, оны зиярат ету секілді исламға жат қателіктерге бой алдырып, ақырында Аллаһқа серік қосып қойғанын білмей қалады. Аллаһ өзіне серік қосқанды ешқашан кешірмейтіндігін бірнеше аятта айтып өтеді. Соның бір төмендегі аятта былай дейді: «...Кімде кім Аллаһқа серік қосатын болса, Аллаһ оған жұмақты сөзсіз харам етеді де, оның барар жері тозақ оты болады. Зұлымдық жасағандардың жәрдемшілері де жоқ» (5.Майда-72). (қараңыз: 4.Ниса-48; 39.Зумәр-65).
5) Мухаләфәтун лил-хауадис (кейіннен жаратылған нәрсеге ұқсамау)
Мухаләфәтун лил-хауадис дегеніміз - кейіннен пайда болған, жаратылған нәрсеге ұқсамау. Яғни, бұл ұғымды Аллаһ Тағаланың затына қатысты қолданғанда Аллаһ кейіннен болған, кейіннен шыққан ешбір мақлұқатқа ұқсамайды деген мағынаны білдіреді. Себебі, әуелде Аллаһтан басқа ешбір күш, құдірет болмаған, және бүтін жаратылыс кейіннен жаратылды. Аллаһ мақлұқатты түрлі сипат пен ерекшеліктерге ие етіп жаратса, олар қайтіп Жаратушыға ұқсасын? Яғни, заттар мен мақлұқатар негізінен элементтерден тұрады, мүшелері бар, заман мен мекенде тіршілік етеді. Ал, Аллаһ Тағала мұндай ұғымдарға мұқтаж емес. Уақыт пен мекенді жаратқан Аллаһ Тағалаға заман мен мекеннің не қажеті бар? Мысалы, Аллаһ мәңгілік, ал тіршілік атауы мәңгілік емес. Өледі, жоқ болады. Сол үшін тіршілік өз кезегінде уақыт пен мекенге мұқтаж болып табылады.
Аллаһ Тағаланың ешбір жаратылысқа ұқсамайтындығы мына аятта анық айтылған: «Еш нәрсе Ол сияқты емес» (42.Шура-11). «Әрі Оның ешқандай теңдесі жоқ» (112.Ықылас-4). Демек, Аллаһ Тағала ешбір нәрсеге ұқсамайды және ешбір нәрсе Аллаһ Тағала секілді бола алмайды.
6) Қиям бинәфсихи (өздігінен бар болу, мұқтаж болмау)
Қиям бинәфсихи дегеніміз - бар болуы өздігінен, яғни бар болу үшін ешнәрсеге мұқтаж болмау (уақытқа, себепке, жаратушыға, мекенге т.б.).
Мұқтаждық жаратылысы кәміл емес тіршілік иелеріне тән қасиет. Сондықтан Аллаһтан басқа күллі тіршілік иесі көп нәрсеге мұқтаж[6]. Мысалы, адам ішіп-жеуге, ұйықтауға, тыныс алуға мұқтаж. Алайда Аллаһ Тағала мұндай мұқтаждықтардан пәк:: «Айт: Аллаһ біреу, Ол Аллаһ самад – еш нәрсеге мұқтаж емес» (112.Ықылас,1-2).
«Әй, адам баласы! Сендер Аллаһқа мұқтажсыңдар. Аллаһ ешнәрсеге мұқтаж емес, өте мақтаулы» (35.Фатыр-15), - деп келтіреді.
Субути сипаттар (тұрақты сипаттар)
Субути сипаттар - Аллаһтың зати болмысы болмағанымен, затымен, болмысымен бірге болатын сипаттар. Бірақ, олар Жаратушының зати сипаттарынан бөлек қарастырылмайды. Матуридилер бойынша субути сипаттардың саны 8, Әшғарилер бойынша 7. 1. Хаят; 2. Ілім; 3. Сәмиғ; 4. Басар; 5. Ирада; 6. Құдірет; 7. Кәлам; 8. Тәкуин. Әшғарилер 8-ші Тәкуин сипатын Құдірет сипатына жатқызып, субути сипаттарды жетеу деп есептейді. Енді осы сипаттарға тоқталып өтейік.
1) Хаят (тірі болу)
Аллаһ тірі әрі тіршілік иесі және Оның бұл сипаты өз болмысымен тұрақты. Ол әуелден тірі, өмір иесі және мәңгілік тірі қалпында болады. Мақлұқаттар әлемінің тіршілігі тән мен жаннан тұрғандықтан дәм-тұзы таусылған соң, бұл пәниден кетеді. Сол себепті олардың өмірі мәңгілік бола алмайды.
Құранда бұл тақырып жөнінде дәлелдер жеткілікті:
«Сондай еш өлмейтін тірі Аллаһқа тәуекел ет» (25.Фурқан-58).
«Аллаһтан басқа ешбір Тәңірі жоқ. Ол тірі толық меңгеруші» (3.Али Имран-2).
«Ол тірі, Аллаһтан басқа ешбір тәңір жоқ» (40.Ғафыр-65).
Хазіреті Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Ей, тірі болған, Ей, Қайюм болған Раббым! Рахметің арқылы жәрдеміңді сұраймын» (Тирмизи, Дауаат-91) – деп дұға еткен.
2) Ілім (білуші)
Ілім сипаты Аллаһ Тағаланың барша құбылыс пен табиғатты білетіндігін, бүкіл ғылымның Иесі екендігін білдіреді. Аллаһ өткен, кеткенді, болғанды, болатынды, жарияны, жасырынды, бүтінді, бөлшекті, мысқалдай сыбырды т.б. болатын һәм болуы мүмкін әрекеттер мен құбылыстарды біледі. Яғни, алып қара тастар мен жеті қабат жердің астындағы тіршілік иесінің не істеп жатқанын да айна қатесіз біледі. Себебі, барлық нәрсе Аллаһ Тағалаға әуел бастан белгілі.
Құранда Аллаһтың білімі жайлы былай деп баян етеді:
«Көместің кілттері Оның жанында. Оны Ол өзі ғана біледі. Құрлықтағы, теңіздегі нәрселерді біледі. Бір жапырақ түссе де, Аллаһ оны біледі» (6.Әнғам-59).
«Сөздеріңді жасырсаңдар немесе әшкерелесеңдер де шәксіз Аллаһ көкіректегіні, көңілдегіні толық біледі. Жаратқан білмей ме? Ол тым жұмсақ, әр нәрсені толық білуші» (67.Мулк, 13-14).
«Расында Аллаһ барлық нәрсені толық біледі» (8.Әнфал-75).
«Мұхаммед (с.а.у.) көрмедің бе? Шәксіз Аллаһ көктер мен жердегі нәрселерді біледі. Үш кісі сыбырласса, сөз жоқ төртіншісі, әлбетте бестің алтыншысы Аллаһ. Тағы бұлардан аз, я көп тіпті қайда болса да, әрине Ол, олармен бірге болады. Сонан кейін қиямет күні оларға не істегендерін білдіреді. Шүбәсіз Аллаһ әр нәрсені толық білуші» (58.Мужадәлә - 7).
«Ол ғайыпты, көрінгенді біледі. Аса ұлы өте жоғары. Сендерден кім сөзді жасырса да, жарияласа да және кім түнде жасырынып, күндіз шықса да Аллаһқа бәрі бірдей» (13.Рағыд, 9-10). (қосымша қараңыз: 3.Али Имран, 5-9; 6. Әнғам-3; 2.Бақара-255; 34.Сәбә - 3).
3) Сәмиғ (естуші)
Аллаһ Тағаланың субути сипаттарының бірі – самиғ, яғни есту сипаты. Аллаһ Тағала мейлі ашық, мейлі жасырын дыбыс болсын естиді. Және Оның бір нәрсені есту барысында екінші бір нәрсені естуіне ешбір кедергі жоқ болғандықтан, бүтін дыбыс атаулыны бір мезетте естиді. Бұл есту сипатында да Жаратушы ешбір нәрсеге мұқтаж емес (жаратылыстағы тіршілік иелері секілді көмекші құралға, есту мүшелеріне т.б.).
Құранда Аллаһтың сәмиғ сипаты көбінесе «басир» және «алим» сипатымен бірге қолданылады. Төмендегі мысалдар соның дәлелі: «Сен тілекті тым естуші, толық білушісің» (2.Бақара-127); «Ол Аллаһ естуші, әр нәрсені білуші» (2.Бақара-137, 181, 224, 227, 256), (3.Али-Имран, 34, 35, 38). «Күдіксіз Аллаһ әр нәрсені естиді, көреді» (22.Хаж-61).
4) Басир (көруші)
Аллаһ тіршілік атаулының бәрін, бүтін ғаламшарды (планеталар мен жұлдыздар т.б. бізге беймәлім әлемдерді) түгелдей көреді. Аллаһтың бұл көру сипатынан ешбір нәрсе тыс қалмайды. «Күдіксіз Аллаһ толық естуші тым қырағы» (40.Ғафыр-20).
Бұл мәселеге байланысты Жүнейд Бағдадидің мысалын айта кеткен орынды болар. Жүнейд бала кезінде діни сауатын жетілдіру үшін медреседе оқиды. Оның алғырлығы, ақылдылығы ұстазының көңілінен шығып, ұстазы оны өзге шәкірттеріне қарағанда жақсы көретін болады. Әлбетте, шәкірттердің Жүнейдке деген қызғаныш пен көре алмаушылық пиғылдары артады. Бірде мұны ұстаздары сезіп, шәкірттерінің бәрін шақырып алып: «Әрқайсысың бір тауықты алып, ешкім көрмейтін жерге барып, сойып әкеліңдер», - дейді. Шәкірттер жан-жаққа кетіп, біраз уақыттан кейін келеді де, тауықты қалай сойғандығын айта бастайды. Біреуі сайда, біреуі қорада, біреуі үңгірде дегендей өздерінше ешкім көрмейтін жерде сойдық деп келеді. Ал, Жүнейд тауықты тірі күйінде ұстазының алдына алып келеді. Ұстазы оған: «Әй, Жүнейд сен неге айтқанымды істемедің? Тауықты соятын жер таппадың ба?», - дейді. Сонда Жүнейд: «Сіз ешкім көрмейтін жерге барып сойып әкеліңдер дедіңіз. Бірақ мен ешкім көрмейтін жерді таппадым. Өйткені Аллаһ Тағала барлық жерде және бәрін көріп тұр. Сол себепті тауықты соя алмай қайтып келдім», - дейді. Сол кезде ұстазы өзге шәкірттеріне қарап: «Міне, көрдіңдер ме? Жүнейдті сендерге қарағанда не үшін жақсы көретінімді енді түсінген шығарсыңдар?», - деп жөн айтады.
5) Ирада (қалаушы)
Аллаһ бір нәрсенің қашан, қайда, қай уақытта болатындығын Өз қалауы бойынша жасайды. Аллаһтың қалағаны болып, қаламағаны болмайды және ешбір күш те, құдірет те бұл істе шарасыз, яғни ешнәрсе Оның қалауындағы нәрсеге әсер ете алмайды. Бүтін ғаламшардың және бізге беймәлім басқа да әлемдердің басқарылуы мен ішінде болып жатқан әрбір іс тек Аллаһ Тағаланың қалауымен жүзеге асады. «Шынында Раббың қалағанын толық орындаушы» (11.Худ-107) аяты бұған толық дәлел.
Аллаһ қалаған нәрсеге «бол» әмірін берген мезет, сол нәрсе болады. «Шын мәнінде Ол бір істің болуын қаласа, Оның бұйрығы оған «бол» деу, сонда ол бола қалады» (36.Ясин-82) аяты Жаратуышның бұл сипатының қаншалықты құдіретті екендігін паш етеді.
Жер бетіндегі тіршілік иелеріне Аллаһ қалауы бойынша рызық несібе беретіндігін аятта былай деп келтіреді: «Әй, мүлік иесі Аллаһ! Кімге қаласаң мүлік бересің де, кімнен қаласаң дәулетті аласың. Сондай-ақ кімді қаласаң ардақтайсың да, кімді қаласаң қорлайсың. Шәксіз әр нәрсеге күшің жетеді, - деп айт. Түнді күндізге айналдырасың да, күндізді түнге айналдырасың. Сондай-ақ өліден тіріні шығарып, тіріден өліні шығарасың. Кімді қаласаң сансыз несібе бересің» (3.Али Имран, 26-27).
6) Құдірет (құдіреті күшті Жаратушы)
Аллаһтың құдірет сипаты оның шексіз күш пен құдірет иесі екендігін білдіреді. Аллаһ Тағаланың күш‑құдіреті жетпейтін ештеңе жоқ – Ол кез‑келген нәрсені құдіретімен іске асырады немесе жоқ етеді. Бүкіл әлем Аллаһтың құдіреті, ілімі мен қалауына бағынышты.
Бұл жөнінде Құран Кәрім былай дейді: «Аллаһ әр жандыны судан жаратты. Сонда кейбіреуі бауырымен жүреді, кейбіреулері екі аяғымен жүреді және кейбіреулері төрт аяқтап жүреді. Аллаһ қалағанын жаратады. Рас Аллаһтың әр нәрсеге толық күші жетуші» (24.Нұр-15).
«Көктердегі және жердегі нәрселер Аллаһты осалдата алмайды. Шексіз Ол толық білуші, аса күшті» (35.Фатыр-44).
Егер сәл ғана ой жүгіртіп қарасақ, жоғарыдағы қос аяттың мағынасы, бізді Аллаһтың шексіз құдіретіне еріксіз барша ықыласымызбен және бүтін мейір‑махаббатымызбен бас идіреді.
7) Кәләм (сөйлеуші)
Аллаһ Тағала сөз Иесі болғандықтан – «сөйлейді». Әрине, Ол дыбысқа, әріптерге және әріптерден құралған сөздер мен сөйлемдерді құрастыруға мұқтаж емес (және Жаратушының сөйлеуі әріптер мен дыбыстардан құралмайды да). Сондықтан Оның сөйлеуі біздің ұғымымыздағы сөйлеуге мүлде ұқсамайды.
Аллаһ Тағала Кәләм сипаты арқылы пайғамбарларына кітаптар түсіріп, әмір мен тыйымдарын жеткізді. Кәләм сипаты Аллаһтың затымен бірге әзәли (әуелгі). Аллаһ Тағаланың кәләм сипаты арқылы кей пайғамбарымен тікелей тілдескендігі жайында аятта былай дейді: «Мұса белгілі уәдемізде келгенде, Раббы оған сөйледі» (7.Ағраф-143), «Аллаһ Мұсамен тікелей сөйлескен» (4.Ниса-164).
Аллаһ жіберген дінін, әмірін, тыйымдарын уахи арқылы пайғамбарына жіберіп отырды. Уахи - Аллаһтың «сөйлеуі» деген мағынаны береді. Бұл тақырыпқа байланысты аятта: «Аллаһ адаммен тек қана уахи арқылы немесе перденің ар жағынан сөйлеседі немесе бір елші жіберіп рұқсатымен оған қалағанын уахи етеді. Ол ұлы хаким болған Аллаһ» (42.Шура-51) ‑ дейді.
Біздің ұғымыздағы және одан тыс бүтін сөз атаулы ‑ Аллаһтың кәләм сипатының бірден‑бір көрінісі. Аллаһ кәләм сипатының шексіз құдіретін көрсету арқылы тіршілікке тілдесу қабілетін сыйлаған. Жаратушының кәләмы ешқашан таусылмайды, ол шексіз: «(Әй, Пайғамбар! Оларға) айт: Раббымның сөздері үшін теңіз сия болса, тағы бір сондайды көмекке әкелсек те, әлбетте Раббымның сөздері таусылудан бұрын теңіз таусылар еді» (18.Кәһф-109).
«Егер жер бетіндегі ағаш атаулы қалам, теңіз де артынан тағы жеті теңіз қосылып сия болса, сонда да Аллаһтың сөздері таусылмайды. Күдіксіз Аллаһ өте үстем, хикмет иесі» (31 Луқман-27).
Айналамыздағы жанды-жансыз тіршілік әлемі Ұлы Жаратушының сыйлаған сөйлеу, тілдесу қабілеті арқылы өзін жаратқан Раббысын тасбих етіп жатқанын біле бермейміз. Олардың сөйлейтіндігін естігенде таңданамыз. Шындығында бүкіл тіршілік атаулы өзін жаратқан Аллаһ Тағаланы тасбих (мадақтау) етеді. Құран Кәрімде бұл мәселе былай деп баян етіледі: «Жеті көк және жер, сондай-ақ ондағы болғандар, Аллаһты пәктейді (тасбих айтады). Оны пәктеп, мақтамайтын еш нәрсе жоқ. Бірақ, сендер олардың тасбихтарын түсіне алмайсыңдар» (17.Исра – 44).
8) Тәкуин (жаратушы)
Тәкуин - жоқтан бар ету деген мағынаны білдіреді. Шексіз құдірет иесі Аллаһ Тағала тәкуин сипатымен қалаған нәрсесін жаратады, жоқтан бар етеді. Әлемде Аллаһтың жаратуынсыз пайда болған ешбір нәрсе жоқ. Тәкуин сипаты - жарату, рызық беру, азап беру, тірілту, өлтіру, нығмет беру секілді т.б. сипаттарды қамтитын аса ауқымды ұғым болып табылады.
Тәкуин сипатының өзге сипаттардан айырмашылығы бар. Аллаһ Тағала ілім сипатымен барлық нәрсені толық білсе, құдірет сипатымен мақлұқтардың бар болуы мен жоқ болуын қалап реттейді. Ал, ирада сипаты арқылы кез келген нәрсені қалайды. Ал осы қалаған нәрсені жарату тәкуин сипатымен жүзеге асады[7]. Тәкуин сипатының көрінісі аятта былайша беріледі:
«Ол сондай Аллаһ жер бетіндегі барлық нәрселерді сендер үшін жаратты» (2.Бақара-29).
«Ол Аллаһ әр нәрсенің жаратылысын көркемдестірді. Адам баласын жаратуды балшықтан бастайды» (32.Сәжде-7).