Жүк тасымалдауды айлық жоспарлау
Жүк тасымалы
Жүк тасымалдаумен байланысты тасымалдау үдерісін, операцияларды жүзеге асыру, құжаттарды ресімдеу және актілерді жасау, арнайы зерттеулер мен сараптамалар жүргізуді жоспарлаудың технологиясы мен қағидалары
Жалпы ережелер
1. Осы Жүк тасымалдаумен байланысты тасымалдау үдерісін, операцияларлы жүзеге асыру, құжаттарды ресімдеу және актілерді жасау, арнайы зерттеулер мен сараптамалар жүргізуді жоспарлаудың технологиясы мен қағидалары (бұдан әрі - Қағида) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 21 маусымдағы № 682 қаулысымен бекітілген Темір жол көлігімен жүк тасымалдау қағидасының 23-тармағына сәйкес әзірленді және жүктерді тасымалдаумен байланысты операцияларды, тасымалдау үдерісін жоспарлау, іске асыру тәртібін және технологиясын, құжаттарды ресімдеу және актілерді жасау, арнайы зерттеулер мен сараптамаларды жүргізу тәртібін белгілейді.
2. Осы Қағидадағы жоспарлау технологиясы дегеніміз жүру маршрутын (соның ішінде үшінші елдерге (экспорт), Достық-Алашанькоу шекаралық өтпесі арқылы экспорт/импорт) ескере отырып, негізгі және жоспардан тыс өтінімдер бойынша жүк тасымалдау жөніндегі айлық жоспарларды жасаған кездегі тасымалдаушы мен жүк жөнелтуші әрекеттерінің кезектілігі және тасымалдау жоспарын орындау (есепке алу карточкасын жасау).
Тасымалдау үдерісі – тасымалдарды жүзеге асыру кезінде орындалатын ұйымдастырушылық және технологиялық өзара байланысты әрекеттер мен операциялар жиынтығы.
Тасымалдау үдерісі жүкті тасымалдауға қабылдау, жүкті беру шарттарын, тиеу және түсіру (босату) мерзімдерін, жеткізу мерзімдерін және жеткізу мерзімдерін есептеу ережелерін, жүктің баратын жерін өзгерту, жүк жөнелтушіге қайтару, жаппай жүктерді маршруттармен және бір жүкқағазы бойынша вагон топтарымен, құндылығы жарияланған жүктерді, үйіп және ақтарып, ашық жылжымалы құрамда, жолсеріктердің алып жүруімен, жөнелту маршруттарымен, ұсақ және аз тонналы жөнелтілімдермен, контейнерлермен және көлік пакеттерімен, мұз болып қататын жүктерді, тез бүлінетін жүктерді, жануарлар мен құстарды, ветеринарлық, фитосанитарлық бақылауға жататын жүктерді, қауіпті жүктерді, сұйық жүктерді вагон-цистерналарға және бункерлік үсті ашық вагондарға құйып, тасымалдау шарттарын және жүктерді ерекше жағдайда тасымалдау шарттарын сақтай отырып жүзеге асырылады.
Жүк тасымалдаумен байланысты операциялар және құжаттарды ресімдеу жүк тасымалдау үдерісінің құрамдас бөліктерінің бірі болып табылады және оған:
жүкқағаз бен тасымалдау құжаттарын ресімдеу;
тасымалдау мен тасу ақысы бойынша есептеулер;
вагондар мен контейнерлерді пломбылауға арналған бекіту-пломбылау құрылғыларын қолдану;
вагондарды беріп-алуға арналған шарттарды жасау және мұндай шарттардыңміндетті ережелері;
жүктерді сақтау; жүктерді ұстап қалу, сату, жүктерді мемлекеттік органдарға беру;
жүкті түсірген соң вагондар мен контейнерлерді тазарту және жуу кіреді.
Актілерді жасау, арнаулы зерттеулер мен сараптамаларды жүргізу жүк тасымалдау үдерісінің қосалқы элементтері болып табылады, тасымалдаушы, жүк тасымалдауды ұйымдастыру барысында жүк жөнелтуші мен жүк алушы жүзеге асыратын әрекеттерді құжаттай ресімдеуге және растауға, сондай-ақ жүк қасиеттерінің өзгеруі себептерін зерттеуге және анықтауға бағытталған.
Ережелерде пайдаланылатын ұғымдар «Темір жол көлігі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 21 маусымдағы № 682 қаулысымен бекітілген Темір жол көлігімен жүк тасымалдау қағидасында белгіленген мағыналарда қолданылады.
Бөлім. Тасымалдарды жоспарлау технологиясы
Жүк тасымалдауды айлық жоспарлау
3. Вагондармен, контейнерлермен жүктерді тасымалдауды айлық жоспарлау облысаралық және халықаралық қатынаста жоспарланған ай басталғанға дейін жүк жөнелтушілермен ұсынылатын жүктерді тасымалдау жөніндегі айлық өтінімдер негізінде 14 күнтізбелік күннен кешіктірілмей және халықаралық қатынаста үшінші елдерге 20 күнтізбелік күннен кешіктірілмей жүзеге асырылады.
Жүк жөнелтушілер жүктерді тасымалдау жоспары бойынша тасымалдаушыға 3 данада жүктердің номенклатуралық топтарымен белгіленген тізбеге (осы Қағидаға 1-қосымша) сәйкес ГУ-12, ГУ-12К нысандары (осы Қағидаға 2 және 3-қосымшалар) бойынша ресімделген айлық өтінімдер тапсырады.
Бұрыс ресімделген жүктерді тасымалдау жоспары жөніндегі өтінімдер қарауға қабылданбайды.
4. Оларды тасымалдау тоннамен және вагондармен жоспарланатын Жүктердің номенклатуралық топтарының тізбесі осы Қағидаға 4-қосымшада келтірілген.
5. Жүк жөнелтушілер вагондармен жүктерді тасымалдау жоспары жөніндегі айлық өтінімдерді толтыру кезінде вагондарды тиеудің техникалық нормаларын басшылыққа алады. Егер жүк жөнелтушілер айлық өтінімде тиеудің техникалық нормасы бойынша талап етілетіннен артық вагон санын қарастырса, онда тасымалдаушы жүк жөнелтушімен көрсетілген тоннаны тасымалдауға қабылдайды және өтінілген вагон санын азайтады.
6. Контейнерлермен жүктерді тасымалдау жоспары жөніндегі айлық өтінімдер тоннамен жүк массасы және физикалық бірліктермен контейнерлердің саны көрсетіле отырып, беріледі.
7. Жүктерді тасымалдау жоспары жөніндегі айлық өтінімдердің нысанында өтінімдердегі мәліметтерді электрондық есептеу машинасымен автоматты өңдеу мүмкіндігі қарастырылған және облысаралық және халықаралық қатынаста және халықаралық қатынаста үшінші елдерге жүк тиеуді жүргізетін барлық жүк жөнелтушілер үшін бірегей болып табылады.
8. Жүктерді тасымалдау жоспары жөніндегі айлық өтінімдер тасымалдаушыға поштамен, қолма-қол, электрондық пошта құралдары арқылы жіберіледі.
Жүк жөнелтушілерде меншікті автоматтық жүйесі (бұдан әрі – ААЖ) және/немесе тасымалдаушының ақпараттық жүйесіне рұқсаты бар болған жағдайда, жүктерді тасымалдау жоспары жөніндегі айлық өтінімдерді деректермен электрондық алмасу арқылы тасымалдаушының ақпараттық жүйесінде тиісті функционалдық мүмкіншіліктер болған жағдайда жіберуге рұқсат етіледі.
Электрондық құжат пен электрондық цифрлық қолтаңба туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына немесе тараптардың келісіміне сәйкес деректермен электрондық алмасуда электрондық цифрлық қолтаңбалар қолданылады.
Жүк жөнелтушіге тиісті емес кіреберіс жолдан жүктерді жөнелту кезінде өтінімге тиісті белгі қойыла отырып, тармақ иесімен келісілгеннен кейін жүктерді тасымалдау жоспары жөніндегі айлық өтінімдер тасымалдаушыға тапсырылады.
9. Кодтарды қоса алғанда, жүктерді тасымалдау жоспары жөніндегі айлық өтінімге енетін мәліметтер (тасымалдаушымен толтырылатын «жоспар бойынша өтінім нөмірі» бағанынан басқа) жүк жөнелтушімен өшірусіз басып теру арқылы енгізіледі.
10. Жүктерді тасымалдау жоспары бойынша жүк жөнелтушілер:
әрбір жөнелту станциясы бойынша;
әрбір жүк номенклатурасына;
жөнелту белгілері бойынша: вагондармен, контейнерлермен;
вагондар мен контейнерлердің тиесілілік белгілері бойынша;
қатынас түрлері бойынша жеке айлық өтінімді ұсынады.
Өз осьтерімен жүктерді тасымалдауға арналған өтінім өз осьтеріндегі жүк бірліктерінің саны және оның массасы көрсетіле отырып, ұсынылады.
11. ГУ-12 нысанындағы айлық өтінім осы Қағидаға 2-қосымшада жазылған тәртіппен толтырылады.
«№ бөлімше» бағанында көрсетілетін шекараларында жөнелту станциялары орналасқан жол бөлімшелерінің нөмірлері осы Қағидаға 5-қосымшада жазылған.
Вагон түрлерінің кодтары «Вагон түрлерінің кодтары» бағанында жүк вагондарының жекелеген түрлерінің тізбесіне (осы Қағидаға 6-қосымша) сәйкес көрсетіледі.
Жүктерді халықаралық қатынаста үшінші елдерге тасымалдаған кезде «Жолдың (қысқаша) және тағайындалған станцияның, аудару пунктінің және тағайындалған пунктінің атауы» 4-бағанында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің, Латвия, Эстония және Литва республикаларының экспорттық жүктерді беру жөніндегі шекаралық станцияларының (осы Қағидаға 7-қосымша) немесе Экспорттық жүктерді темір жол көлігінен теңіз және өзен көлігіне аударуды жүргізетін порт маңындағы станциялардың тізбесіне (осы Қағидаға 8-қосымша) сәйкес экспорттық жүктерді теңіз және өзен көлігіне аударуды жүргізетін порт маңындағы станциялардың кодтары мен толық атауы көрсетіледі.
Тағайындалған елдің коды мен атауы «Тағайындалған елдің коды мен атауы» 6-бағанында жүктерді халықаралық қатынаста үшінші елдерге тасымалдаған кезде ғана әлем елдері мен аумақтардың жіктегішіне (атаулар мен кодтар) (осы Қағидаға 9-қосымша) сәйкес көрсетіледі.
12. Контейнерлермен жүк тасымалдауды жоспарлау жүк жөнелтушілер тапсыратын жүктерді тасымалдау жоспары бойынша ГУ-12К нысанды өтінімдер негізінде жүзеге асырылады.
13. ГУ-12К нысанындағы айлық өтінім осы Қағидаға 3-қосымшада жазылған тәртіппен толтырылады.
14. Реттеуші тапсырмалар бойынша жөнелтілетін бос контейнерлерді тасымалдау «Қалған және құрама жүктер» номенклатуралық тобы бойынша жоспарланады.
15. Төтенше оқиғалардың салдарларын жою арналған жүктер тасымалдаушымен көрсетілуі бойынша қабылданады.
16. Көкөністерді, картопты, жемістерді және басқа да ауыл шаруашылық өнімдерін тасымалдау жүктерді тасымалдау жоспары бойынша айлық өтінімдер бойынша, сондай-ақ шектеусіз тапсыру бойынша, тиеу басталғанға дейін 5 күн бұрын берілетін өтінімдер бойынша тасымалдаушыда жылжымалы құрамның бос резерві болған жағдайда жүргізіледі.
17. Мемлекеттік резервтен ұсақ топтамалармен, сондай-ақ вагондық жөнелтіліммен тиелетін азық-түлік және өндірістік тауарлар тапсырылуы бойынша қабылданады.
18. Жүк жөнелтушілер ұсынған және тасымалдарды жоспарлаудың автоматтандырылған жүйесінің құралдарымен өңделген ГУ-12 нысан бойынша жүк тасымалдары жоспары бойынша айлық өтінімдердің негізінде тасымалдаушы облысаралық және халықаралық қатынастардағы тасымалдарды жалпы алғанда ескере отырып және:
Оларды тасымалдау тоннамен және вагонмен жоспарланатын жүктердің номенклатуралық топтарының тізбесінде (осы Қағидаға 4-қосымша) көрсетілген жүктердің номенклатуралық топтары бойынша тәулігіне орташа;
тағайындалу станциялары және жолдары мен вагондардың түрлері бойынша;
цистерналардағы құйма жүктердің тағайындалу станциялары және жолдары бойынша, мұнай өнімдері жеке, соның ішінде ашық түсті құйма, өсімдік майы, спирт, сірне, химикаттар, аммиак суы және өзге құйма;
тас көмірдің, ағаш жүктерінің, астықтың, темір және марганец рудасының, қара металдардың, құрылыс жүктерінің, химиялық және минералдық тыңайтқыштардың тағайындалуы станциялары мен жолдары бойынша бөлініп, жүк тасымалдарының жиынтық айлық жоспарының жобасын әзірлейді.
19. Жоспарлардың жобаларында вагонның жүк көтергіштігі мен сыйымдылығы ескеріліп, жүк тасымалдарын қамтамасыз ету үшін вагондардың қажеттілігі олардың түрі бойынша көрсетіледі.
20. Жүк тасымалдарының жиынтық айлық жоспарының әзірленген жобасы тағайындалу темір жолдары бойынша, жүктер номенклатурасы бойынша және жылжымалы құрамның түрлері бойынша жеке есеп шоттардың макеттеріне қалыптастырылады және жоспарланып отырған ай басталғанға дейін 10 күнтізбелік күннен кешіктірілмей Бас Есептеу Орталығына және Темір жол көлігі жөніндегі кеңестің дирекциясына (бұдан әрі – Дирекция) жүктерді тасымалдаудың жиынтық желілік жоспарын қалыптастыру үшін тапсырылады.
21. Жүктерді тасымалдау жоспары бойынша қабылданған, тасымалдарды жоспарлаудың автоматтандырылған жүйесінде қорытылған айлық өтінімдердің негізінде тасымалдаушы жылжымалы құрамды пайдаланудың техникалық нормаларын, тағайындалу теміржол жолдары бойынша, тасымалдау бөлімшелері және жылжымалы құрамның түрлері бойынша тиеу жоспарын, теміржол жолдары бойынша жүктерді тасымалдаудың жиынтық айлық жоспарын, үсті ашық вагондарға түрі бойынша тиеу жоспарын, жүктердің түрлері бойынша статистикалық жүктеме жоспарын, тиеу станциялары бойынша көмір, мұнай және мұнай өнімдерін тиеу жоспарын әзірлеу үшін теміржол жолдары бойынша жүк тиелген вагон ағындары корреспонденциясының жобасын жасайды.
22. Дирекция қабылдаған жоспарланып отырған айға жүктерді тиеудің орташа тәуліктік мөлшеріне сәйкес тасымалдаушы жол бөлімшелері үшін тәулігіне орташа алғанда, вагондардағы және тоннадағы жүк номенклатурасы бойынша тасымалдардың айлық жоспарын бекітеді және жол бөлімшелеріне жариялайды, олар тасымалдау жоспарларын бекітеді және оларды жүк жөнелтушілерге әр тиеу станциясы бойынша келесі ай басталғанға дейін 3 күнтізбелік күннен кешіктірмей жариялайды.
23. Дирекциямен келісілген жылжымалы құрамды пайдаланудың техникалық нормаларының және жүк тиеудің орташа тәуліктік мөлшерінің негізінде тасымалдаушы өзінің барлық бөлімшелеріне бекітілген жүк тиелген вагон ағындары корреспонденциясын, тасымалдаудың жиынтық айлық жоспарын, тағайындалу теміржол жолдары бойынша жол бөлімшелері бойынша және жылжымалы құрамның түрлері бойынша тиеу жоспарын, үсті ашық вагондарға түрлері бойынша тиеу жоспарын, жүктердің түрлері бойынша және бөлімшелер бойынша статикалық жүктеме жоспарын жариялайды.
24. Тасымалдаушының құрылымдық бөлімшесі жоспарлы ай туғанға дейін жүк жөнелтушілермен келісу бойынша бір ай, онкүндік және тәулік ішінде тиеудің біркелкілігін және ырғақтылығын, сондай-ақ тасымалдардың ірілендіруін және жүктерді жөнелту маршруттарымен тасымалдау жөніндегі тапсырмалардың орындалуын қамтамасыз ететін жүктерді тасымалдау жоспары бойынша өтінімді орындаудың тәртібін белгілейді.
25. Жүк жөнелтушілер жүк тасымалдары жоспары бойынша айлық өтінімдермен қатар тасымалдаушыға жоспарланып отырған ай басталғанға дейін 14 күнтізбелік күннен кешіктірмей, ГУ-114 нысанындағы тасымалдау жоспары бойынша айлық өтінімде (осы Қағидаға 10-қосымша) көзделген мөлшерде жүктерді маршруттармен тасымалдауға үш дана өтінімді тапсырады.
Жүктерді маршруттармен тасымалдауға арналған өтінім негізгі айлық өтінімге қоса тіркеледі.
26. Жол бөлімшесі жүк жөнелтушімен келісу бойынша маршруттарды тиеудің айдың күндері бойынша, жылжымалы құрамның тиесілілігіне қарай бөле отырып, күнтізбелік жоспарын әзірлейді және жоспарланып отырған ай басталғанға дейін 5 күнтізбелік күн бұрын бекітеді.
Бекітілген күнтізбелік жоспар маршруттарды тиеу станцияларына және жүк жөнелтушілерге жоспарлы ай басталғанға дейін 3 күнтізбелік күннен кешіктірмей жарияланады.
27. Жүк жөнелтушілер онкүндік басталғанға дейін 3 күн бұрын жол бөлімшесіне немесе тасымалдаушының өкіліне станцияға күнтізбелік кестемен онкүндіктің күндері бойынша тиеу мөлшеріне ГУ-11 нысанындағы өтінімді (осы Қағидаға 11-қосымша) береді. Жол бөлімшесі жүк жөнелтушілермен бірлесіп ұзақ мерзімге (мысалы, жарты айға, бір айға) өтінімдер берудің тәртібін белгілейді.
28. Жүктерді тасымалдау жоспары бойынша өтінімді орындаудың келісілген тәртібі осы Қағидаға 12-қосымшаға сәйкес ГУ-1 нысаны бойынша тасымалдар жоспарын орындаудың есептік карточкасына жазылады.
29. Тасымалдаушы жүктерді тасымалдау жоспары бойынша негізгі айлық өтінімдерді тағайындалу станциялары бойынша өзгертуді жүк жөнелтушілердің қолдаухаты бойынша ағымдағы ай аяқталғанға дейін 10 күнтізбелік күннен кешіктірмей жүргізеді.
30. Жүк жөнелтушілердің осы Қағиданың 3-тармағында белгіленген мерзімдерден кеш берген жүктерді тасымалдау жоспары бойынша айлық өтінімдерін, тасымалдаушы жоспардан тыс тасымалдар туралы өтінім ретінде қарайды.
31. Жүк жөнелтушілер жоспардан тыс жүк тасымалдарына өтінімдерді тиеу күні басталғанға дейін 5 күнтізбелік күннен кешіктірмей тапсыруы тиіс.
Мұндай тасымалдарға арналған өтінімдер «жоспардан тыс» белгісімен бір данада ГУ-12, ГУ-12К нысандағы бланкілерде ресімделеді.
Жоспардан тыс тасымалды жүзеге асыру мүмкіндігі болмаған жағдайда тасымалдаушы үш тәулік мерзімде өтінім берушіге мұндай тасымалдардан бас тартатындығы туралы хабарлайды.
Халықаралық қатынаста жоспардан тыс тасымалға арналған рұқсат ағымдағы күнтізбелік айдың аяғына дейін күшінде болады.
Облысаралық қатынаста жоспардан тыс тасымалға арналған рұқсат тасымалды жүзеге асырудың техникалық және технологиялық мүмкіндіктері ескеріле отырып, өтінім келіп түскен сәттен бастап ағымдағы күнтізбелік айдың аяғына дейін күшінде болады.
32. Тасымалдаушы:
1) онда кәсіпорынның (жүк жөнелтушінің) техникалық мүмкіндіктерінен және өңдеу қабілетінен асатын тиеу көлемі көрсетілген жағдайда;
2) жүк жөнелтушінің кінәсінен алдыңғы үш және одан көп айларда айлық жоспарлық өтінімдерді асып кететін көлем бөлігінде орындалмағанда;
3) жолға вагондарды беру-алу шарты немесе тармақ иеленушінің жазбаша келісімі болмағанда;
4) онда жүк жөнелтуші көрсеткен тасымалдарды жоспарлаудың автоматтандырылған жүйесі құралдарымен енгізу және өңдеу үшін қажетті мәліметтер қате, бұрыс немесе толық болмағанда;
5) Заңға сәйкес темір жол қатынасы тоқтатылған жағдайда;
6) тасымалдаушының тасымалды ұйымдастыру бойынша техникалық мүмкіндіктері болмаған жағдайда және өзге жағдайларда, жүктерді тасымалдау жоспары бойынша айлық өтінімді қабылдаудан бас тартады.
Бұл жағдайларда тасымалдаушы бас тарту себептерін көрсете отырып, жүктерді тасымалдауға арналған өтінімдерді жүк жөнелтушіге қайтарады.
33. Тасымалдаушы айлық жоспарлық өтінімді орындауға зиян келтірмейтіндей етіп, халықаралық қатынаста басқа жүктер бойынша бас тартылған және жете тиелмегендер және сол тағайындалу темір жолдарына жөнелтушілер есебінен, облысаралық қатынаста және жылжымалы құрамның тиісті түрі бос күйде жүріп келе жатқан бағытта бас тартылған өтінімдер есебінен, сондай-ақ жылжымалы құрамды пайдалану тиімділігін арттыру есебінен де жоспардан тыс жүктерді тиеуге рұқсат етеді.
34. Тасымалдаушыға жүк жөнелтушілердің қолдаухаты бойынша:
1) жүк тасымалдары жоспары бойынша өтініммен көзделген жүк жөнелту станциясын өзгертуге;
2) жүктердің бір номенклатуралық тобымен көзделген шегінде жүктің бір түрін басқасымен ауыстыруға;
3) мүкәммал вагонды, контейнерді өз вагонына, контейнерге ауыстыруына рұқсат етіледі.
35. Тасымалдаушы жүк жөнелтушілердің қолдаухаты бойынша республикаішілік қатынаста жүктерді тасымалдау жоспары бойынша айлық өтінімде көзделген және көрші қатынаста бір темір жол әкімшілігінің шектерінде тасымалдар жоспары бойынша аталған жүк бойынша ГУ-12 нысанды жан-жақты өтінім берген клиенттің тиеудің жоспарлық нормасынан 15%-дан аспайтын мөлшерде, ал тасымалдар жоспары бойынша айына 50 вагонға дейін өтінім бар клиенттерге - 15 вагоннан аспайтындай өзгертеді.
36. Жол бөлімшесіне:
1) жүк жөнелтушілердің қолдаухаты бойынша жүк тасымалдары жоспары бойынша өтінімде көзделген жүкті жөнелту станциясын тасымалдау бөлімшесінің шегінде өзгертуге;
2) егер осы Қағидаттың 13-тарауында жол берілсе аталған жүкті үсті ашық жылжымалы құраммен тасымалдауға жол берілетін болса, жүктерді тасымалдау жоспары бойынша өтінімде көзделген жабық жылжымалы құрамды ашығына, сондай-ақ вагондардың жекелеген үлгілерін ұтымды пайдалануды ескере отырып, үсті ашық жылжымалы құрамның бір түрін екіншісіне ауыстыруға;
3) облысаралық қатынаста, халықаралық қатынаста, транзиттік темір жолдардың қатысуынсыз жоспардан тыс тасымалдарды жүзеге асыруға;
4) онкүндік басталғанға дейін үш тәулік бұрын жүк жөнелтушімен келісу бойынша қажетіне қарай маршруттарды тиеудің күнтізбелік жоспарларын өзгертуге;
5) жекелеген жағдайларда жүк жөнелтушілердің өтінімдері бойынша тиеу күнінің алдында - жүктерді тасымалдау жоспары бойынша өтінімде көзделген шекте маршруттың тағайындалу станциясын өзгертуге рұқсат етіледі.
37. Тасымалдаушының кінәсі бойынша жол берілген кем тиеудің орнын толтыру мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:
1) жол бөлімшесі есептік айдан кейінгі айдың 2-сінен кешіктірмей тасымалдаушыға алдын ала тексерілген ГУ-1 нысанды есепке алу карточкасын (осы Қағидаға 12-қосымша) бере отырып, оның кінәсі бойынша әр жүк жөнелтуші, жүктің түрі және тағайындалу станциясы бойынша жол берілген кем тиеулер жайында хабарлайды;
2) жүк жөнелтуші айдың аяқталуы бойынша 3 күннен кешіктірмей, егер тасымалдау шартымен өзгеше көзделмесе, жол бөлімшесіне тасымалдаушының кінәсі бойынша жол берілгеннің орнын толтыруға өтінім береді;
3) жол бөлімшесі тасымалдаушының кінәсі бойынша шын мәнінде жол берілгеннің жүк жөнелтуші берген өтінімге сәйкес келуін, есептеудің дұрыстығын мұқият тексергеннен және тараптардың жауапкершілігін есепке алу карточкасына жазғаннан кейін, жүктерді тиеудің онкүндік тапсырмасына жеке жол берілген кем тиеудің орнын толтыру бойынша вагондарды беру мөлшерін енгізеді. Жол бөлімшесі бір уақытта тасымалдаушыға жалпы алғанда жол бөлімшесі және жүктердің түрлері бойынша кем тиеудің орнын толтыру үшін тиеудің қабылданған мөлшерлері туралы хабарлайды;
4) жол бөлімшесінен өткен айда тасымалдаушының кінәсінен жол берілген кем тиеудің орнын толтыруға тапсырма алғаннан кейін станция жүк жөнелтушімен әр онкүндіктің күндері бойынша орнын толтырудың тәртібін келіседі және әр жүк жөнелтуші және жүктің түрі бойынша жеке есепке алу карточкасын ашады.
2. Үшінші елдерге халықаралық қатынаста тасымалдарды
жоспарлау (экспорт)
38. Үшінші елдерге халықаралық темір жол қатынасында жүк тасымалдарын айлық жоспарлау осы Қағиданың 1-тарауында белгіленген жүктерді жоспарлаудың бекітілген тәртібі бойынша жүзеге асырылады.
39. Тасымалдаушы жоспарланып отырған ай басталғанға дейін 3 күн бұрын жөнелту станцияларына тасымалдарға қатысушы транзиттік темір жол әкімшіліктері бойынша төлемдерді жүзеге асыратын экспедиторларды көрсетіп, жүк жөнелтушілер бойынша үшінші елдерге халықаралық қатынаста жүк тасымалдарының келісілген көлемдерін хабарлайды.
40. Ақтау-Порт-Перевалкаға тағайындалуымен жүкті ағыза отырып және одан әрі экспортқа (үшінші елдерге халықаралық қатынаста) жүк тасымалдарын келісуді тасымалдаушы кемежаймен және жүк тасымалдауға қатысушы барлық қатысы бар кемежай маңындағы әкімшіліктермен дербес жүргізеді, ал Ақтау-Порт-Паром арқылы халықаралық қатынаста үшінші елдерге (экспорт) тасымалдау, сондай-ақ тасымалдауға қатысушы кемежай маңындағы темір жол станцияларының қатысы бар темір жол әкімшіліктерімен жоспарланып отырған ай басталғанға дейін 10 күн бұрын, жүк жөнелтушіні, жөнелту станциясын, жүктің атауын, жүктің көлемін вагондармен және тоннамен, кемежай маңындағы станцияның атауын, кемежайдағы жүк жөнелтушінің атауын, тағайындалған елдің атауын көрсете отырып, жүзеге асырады.
41. Үшінші елдерге халықаралық теміржол қатынасында негізгі жоспармен көзделмеген, жоспарлы ай ішінде түскен жүк тасымалдарына өтінімдерді келісуді тасымалдаушы мынадай тәртіпте жүргізеді:
1) тасымалдаушы шекаралық темір жол станциялары арқылы жүк тасымалдарын үшінші елдердің темір жолдарымен Ресей Федерациясының теміржол әкімшілігі арқылы келіседі;
2) тасымалдаушы Ресей Федерациясының, Украинаның, Түрікменстанның, Грузияның, Әзербайжанның, Латвия Республикасының, Литва Республикасының, Эстония Республикасының кемежай маңындық темір жол станциялары арқылы жүк тасымалдарын магистральдық темір жол желісі операторы арқылы қатысы бар темір жол әкімшіліктерімен келіседі.
42. Тасымалдаушы экспортқа арналған жүктерді тасымалдау жоспары бойынша өтінімнің орындалуын жеке есепке алу карточкалары бойынша есепке алуды жүргізеді.