Тақырыбы: Шақ категориясы. Етістіктің жақ категориясы
Дәріс мазмұны:
- Шақ категориясы, оның түрлері.
- Жақ категориясы туралы түсінік.
Негізгі әдебиеттер:
- Қордабаев Т. Қазіргі қазақ тіліндегі етістіктің шақ категориясы. А., 1953.
- Оралбаева Н. Етістіктің жіктелуі // Қазақстан мектебі, 1963, №2.
- Оралбаева Н. Қазақ тіліндегі етістіктің категориялары. А., 1980.
Қосымша әдебиеттер:
1. Омарова А. Осы шақтың Қ.Жұбановқа дейінгі грамматикалардағы көрінісі // Проф. Н.Оралбаева және қазақ тілі білімінің мәселелері. – А., 1998.
Қимыл, іс-әрекеттің сөйлеп тұрған сәтпен байланысты болып өткендігін, бірақ болатынын білдіріп, белгілі жолдармен жасалатын етістіктің грамматикалық категориясы шақ категориясы деп аталады. Сөйлеп тұрған сәтпен байланысты қимылдың мезгілі, шақтық мағынасы мынадай болады:
- үнемі қайталанып, дағдыға айналған іс-қимыл, сөйлеп тұрған кезде болып жатқан қимыл, іс-әрекет.
- Сөйлеп тұрған сәттен бұрын болып кеткен қимыл, іс-әрекет.
- Сөйлеп тұрған кезде әлі болмаған, бірақ кейін болуға тиісті қимыл-іс әрекеттер.
Сонымен, сөйлеп тұрған сәтпен байланысты қимылдың болу мезгілі үш түрлі. Қазіргі қазақ тілінде шақ категориясы морфологиялық белгісіне, шақтық мағынасына қарай өткен шақ, осы шақ, келер шақ болып үшке бөлінеді.
Өткен шақ қимылдың, іс-әрекеттің сөйлеу кезінен бұрын болып, істеліп кеткенін білдіретін етістіктің грамматикалық формасы. Қазіргі қазақ тіліндегі өткен шақ грамматикалық формасы мен мағыналық ерекшеліктеріне қарай жедел өткен шақ, бұрынғы өткен шақ, ауыспалы өткен шақ болып үшке бөлінеді.
а) Жедел өткен шақ етістіктің түбіріне –ды, -ді, -ты, -ті жұрнақтарының жалғануы арқылы жасалып, жіктеліп қолданылады: барды, келді, кетті. Жедел өткен шақ жұрнағы етістіктің тұлғаларына тікелей жалғанады. Жедел өткен шақтың болымсыз түрі етістіктің –ма, -ме, -ба, -бе, -па, -пе жұрнақтарының жалғануы арқылы жасалады: бермеді, айтпады, келмеді.
Жедел өткен шақтың жіктелу үлгісі:
Жекеше: Көпше:
І. –м: бардым, келдім -к, -қ: бардық, келдік
ІІ. –ң: бардың, келдің -ңдар, -ңдер: бардыңдар, келдіңдер
-ңыз, ңіз: бардыңыз, келдіңіз -ңыздар, -ңіздер: бардыңыздар
ІІІ. Ø Ø
ә) Бұрынғы өткен шаққимылдың, іс-әрекеттің сөйлеп тұрған сәтпен салыстырғанда, әлдеқашан бұрын болғандығын білдіреді. Бұрынғы өткен шақ екі түрлі жолмен жасалады:
а) Бұрынғы өткен шақ –ған, -ген, -қан, -кен тұлғалы есімшенің жіктеліп келуінен жасалады. Ашынбай топқа енбеген, Алысқан сайын өрлеген, Айбынды бауырым Төлеген.
ә) Бұрынғы өткен шақ етістікке көсемшенің –ып, -іп, -п жұрнақтарының жалғануы арқылы жасалады. Баяғыда Мысыр елінің әрі ақылды, әрі әділ кедей-кепшікке қамқоршы бір сұлтаны дәурен кешіпті.
Бұрынғы өткен шақтың жіктелу үлгісі:
а) Жекеше: Көпше:
І. –мын, -мін, -бын, -бін, -пын, -пін -быз, -біз, -мыз, -міз, -пыз, -піз
ІІ. –сың, -сің -сыңдар, -сіңдер
-сыз, -сіз -сыздар, -сіздер
ІІІ. Ø Ø
б) Жекеше: Көпше:
І. -пын, -пін -пыз, -піз
ІІ. –сың, -сің -сыңдар, -сіңдер
-сыз, -сіз -сыздар, -сіздер
ІІІ. –ты, -ті -ты, -ті
Бұрынғы өткен шақтың болымсыз түрі төмендегідей жасалады:
Есімше формалы бұрынғы өткен шақ:
1. –ма, -ме, -ба, -бе, -па, -пе қосымшалары арқылы: айқайлама, барма, келме.
2. Жоқ, емес сөздері арқылы: барған емес, көрген жоқ.
б) Ауыспалы өткен шақесімшенің –атын, -етін, -йтын, -йтін жұрнақтары арқылы жасалып, бірде өткен шақтық, бірде келер шақтық мағынада қолданылады: жүре беретін, айтатын. Ауыспалы өткен шақ жіктеліп те, еді көмекші етістігімен тіркесіп келіп те жұмсалады: шығатын еді, келетін еді. Ауыспалы өткен шақтың болымсыз түрі етістікке –ма, -ме, -ба, -бе, -па, -пе жұрнақтарының жалғануы арқылы жасалады: жүре алмайтын, сатпайтын.
Ауыспалы өткен шақтың жіктелу үлгісі:
Жекеше: Көпше:
І. Білетінмін білетінбіз
ІІ. Білетінсің білетінсіңдер
Білетінсіз білетінсіздер
ІІІ. Білетін білетін
Осы шақсөйлеп тұрған сәтпен байланысты қимылдың, іс-әрекеттің болып жатқанын, өтіп жатқанын білдіреді. Басқа шақ түрлеріне қарағанда осы шақтың жасалуында кейбір ерекшелік бар. Ол қалып етістіктерінің отыр, тұр, жатыр, жүр негізгі етістік мәнінде немесе негізгі етістіктің көсемше (-а, -е, -й, -ып, -іп, -п) тұлғасына қалып етістіктерінің көмекші етістік мәнінде тіркесіп тікелей жіктеліп барып жасалуын да, бұлар грамматикаларда нақ осы шақ деп беріледі. Осы шақ мағынасы мен түрлеріне қарай нақ осы шақ және ауыспалы осы шақ болып екі түрге бөлінеді.
1. Нақ осы шаққимылдың, іс-әрекеттің сөйлеп тұрған сәтте істеліп, болып жатқанын білдіреді. Нақ осы шақ етістіктің құрамына қарай жалаң және күрделі болып екіге бөлінеді.
а) нақ осы шақтың жалаң түрі отыр, тұр, жатыр, жүр қалып етістіктерінің жіктелуі арқылы жасалады: жүресінен отыр, Мадияр жатыр, оқушы тұр. Нақ осы шақтың болымсыз түрі қалып етістіктерінің есімше тұлғасында келіп, жоқ сөзімен тіркесуі арқылы жасалады: ойлаған жоқ, келген жоқ. Қалып етістіктеріне жіктік жалғауы тікелей жалғанып есімдерше жіктеледі.
Нақ осы шақтың жіктелуі:
Жекеше: Көпше:
І. Отырмын, тұрмын. Отырмыз, тұрмыз.
ІІ. Отырсың, тұрсың. Отырсыңдар, тұрсыңдар.
Отырсыз, тұрсыз. Отырсыздар, тұрсыздар.
ІІІ. Ø Ø
ә) нақ осы шақтың күрделі түрі етістіктің –а, -е, -й, -ып, -іп, -п тұлғалы көсемше түрі мен отыр, жатыр, жүр, тұр деген қалып етістіктерінің көмекші етістік мәнінде тіркесінен жасалады: қиналып жатыр, жүгіріп жүр, ішіп жатыр, келе жатыр.
2. Ауыспалы осы шақ қимыл, іс-әрекеттің дағдылы қалыпта болып тұруын білдіреді. Ауыспалы осы шақ –а, -е, -й тұлғалы көсемшенің жіктелуі арқылы жасалады: айтады, сынайды.
Ауыспалы осы шақтың жіктелу үлгісі:
Жекеше: Көпше:
І. Айтамын айтамыз
ІІ. Айтасың айтасыңдар
Айтасыз айтасыздар
ІІІ. Айтады айтады.
Келер шаққимыл, іс-әрекеттің әлі болмағанын, сөйлеп тұрған сәттен кейін іске асатынын білдіреді. Мағыналық ерекшеліктеріне қарай келер шақ үшке бөлінеді: болжалдық келер шақ, мақсатты келер шақ, ауыспалы келер шақ.
1. Болжалды келер шаққимылдың, іс-әрекеттің болу мүмкіндігін айқын көрсетпей, болжай ғана айтылуын білдіреді. Болжалды келер шақ етістіктің түбіріне есімшенің –ар, -ер, -р, болымсыз етістіктен кейін –с жұрнағы жалғанып, одан кейін жіктік жалғауының үстелуі арқылы жасалады. Бірақ оның ойлағанының бәрі бола бермес. Болжалды келер шақ –с жұрнағы арқылы жасалған болымсыз етістіктен жасалғанда, қимыл, іс-әрекеттің болмауын болжай, күмән келтіре айтудан, білдіруден гөрі, жігерлі, үзілді-кесілді мән беруге бейім болады: Амандық, тыныштық іздемеспін.
Болжалды келер шақтың жіктелуі:
Жекеше: Көпше:
І. Барармын, бармаспын барармыз, бармаспыз
ІІ. Барарсың, бармассың барарсыңдар, бармассыңдар
Барарсыз, бармассыз барарсыздар, бармассыздар
ІІІ. Ø Ø
2. Мақсатты келер шаққимылдың, іс-әрекеттің келешекте мақсат етіле орындалатынын білдіреді. Мақсатты келер шақ етістіктің түбіріне –мақ, -мек, -бақ, -бек, -пақ, -пек жұрнақтарының жалғанып, одан кейін жіктік жалғауларының үстелуі арқылы жасалады: Ол ертең өз еліне қайтпақ. Етістіктің –мақ, -мек, -бақ, -бек, -пақ, -пек жұрнақтарының үстіне –шы, -ші жұрнағы жалғанып, жіктелуі арқылы да мақсатты келер шақ жасалады: Етікбайды күзетке қойып, Петр мен Қойшығара бой жазып отырмақшы.
Мақсатты келер шақтың жіктелу үлгісі:
Жекеше: Көпше:
І. Бармақпын бармақпыз
ІІ. Бармақсың бармақсыңдар
Бармақсыз бармақсыздар
ІІІ. Ø Ø
3. Ауыспалы келер шақта ауыспалы осы шақ сияқты –а, -е, -й жұрнақты көсемшенің жіктеліп келуі арқылы жасалады: Ішімнен шыққан Құтжаннан кем көрмеймін. Ауыспалы келер шақ пен ауыспалы осы шақ бір-бірінен сөйлемдегі мағынасы жағынан ажыратылады. Ауыспалы келер шақтың болымсыз түрі етістіктің –ма, -ме, -ба, -бе, -па, -пе жұрнақтарының жалғануы арқылы жасалады: Ыққаннан еш нәрсе шықпайды.
Етістіктің жақ категориясы– қимылдың субъектісін көрсететін категория. Жақ категориясы қимылдың субъектісін үш жақ арқылы көрсетеді. 1-жақ – сөйлеуші, 2-жақ – тыңдаушы, 3-жақ – бөгде адам. Тілде осы үш жақтың әрқайсысының мағынасын білдіретін жіктік жалғаулары бар. Олардан басқа қазақ тілінде 2-жақтың сыпайы түрінің жалғауы бар.
Сөйлемде жіктік жалғаулы етістік атау тұлғадағы жіктеу есімдерімен жақ арқылы қиысып тұрады. Мысалы,
Мен оқимын Біз оқимыз
Сен оқисың Сендер оқисыңдар
Сіз оқисыз Сіздер оқисыздар
Ол оқиды Олар оқиды.
3-жақ жіктеу есімдіктерімен қатар атау септіктегі зат есімдерде сөйлемде бастауыш қызметінде қолданылады. Зат есімнен болған бастауыштар тек 3-жақта етістікпен жақ арқылы яғни 3-жақта байланысады. Мысалы, Асқар оқиды.
Етістіктің жақтық мағынасы есім сөздің жақтық мағынасын айқындап толықтырып тұрады. 1-жақтағы етістік баяндауыш есім бастауыштың сөйлеуші екенін хабарлайды. 2-жақтағы етістік баяндауыш бастауыштың тыңдаушы екенін айғақтайды. 3-жақтағы етістік баяндауыш сөйлесуге қатыспаған бөгде адам туралы әңгіме болғанын білдіреді.
Қазақ тілінде жіктік жалғау 3 түрлі:
1) жіктік жалғаудың қысқа түрі;
2) жіктік жалғаудың толық түрі;
3) бұйрық райдың жіктік жалғауы.
Жіктік жалғаудың қысқа түрі жедел өткен шақ пен шартты райда қолданылады. Мысалы,
Мен келдім, келсем Біз келдік, келсек
Сен келдің, келсең Сендер келдіңдер, келсеңдер
Сіз келдіңіз, келсеңіз Сіздер келдіңіздер, келсеңіздер
Олар келді Ø, келсе Ø Олар келді ØØ, келсе ØØ.
Жіктік жалғаудың толық түрі жедел өткен шақтан басқа шақтардың бәрінде қалау райда, есім сөздердің жіктелуінде де қолданылады. Олардың жіктелуінде бір айырма бар. Жіктік жалғаудың 3-жағының жалғауы ауыспалы осы шақ пен ауыспалы келер шаққа бұрынғы өткен шақтың –п жұрнағы арқылы жасалған түріне ғана жалғанады. Мысалы, құс ұшады, балық жүзеді, ертең келеді, ол келіпті. Қалған жағдайдың бәрінде 3-жаққа жалғау жалғанбайды. Мысалы, ол келген Ø, ол келмек Ø, Әсет мұғалім Ø.
Жіктік жалғаудың толық түрінің үлгісі:
Мен барамын, алыппын, көргенмін
Сен барасың, алыпсың, көргенсің
Сіз барасыз, алыпсыз, көргенсіз
Ол барады, алыпты, көрген.
Бұл жіктік жалғаулары түбір етістікке шақ, рай жұрнақтарының көрсеткіштерінен соң жалғанады.
Бұйрық райдың жіктік жалғауы тек бұйрық райда ғана қолданылады, басқа райларда, шақтарда қолданылмайды. Бұйрық райдың жіктік жалғауы түбір етістікке тікелей жалғанады. Басқа жіктік жалғауларында 3-жаққа жалғау жалғанбай, нөлдік морфема қолданылса, бұйрық райдың жіктік жалғауында 2-жақ жекеше түрінде жалғау жалғанбай, нөлдік жалғау қолданылады.
Мен сұрайын, кетейін, жатайын.
Сен сұра Ø, кет Ø, жат Ø.
Сіз сұраңыз, кетіңіз, жатыңыз.
Ол сұрасын, кетсін, жатсын.
Біз сұрайық, кетейік, жалғайық.
Сендер сұраңдар, кетіңдер, жалғаңдар.
Сіздер сұраңыздар, кетіңіздер, жалғаңыздар.
Олар сұрасын, кетсін, жалғасын.
Апта