Мемлекеттік жастар саясаты. Қазақстандық және әлемдік тәжірибе

Мемлекетіміздің тұрақты даму үдерісіндегі шарттардың бірі – жас ұрпақтың әлеуметтік бағытталуы және азаматтық қалыптасуы үшін ұйымдастырушылық, әлеуметтік-экономикалық және құқықтық жағдайлар жасау және оларды нығайту.

Жастар кез келген мемлекеттiң кешендi дамуы үшiн стратегиялық ресурс болып табылады. 2004 жылғы Украинадағы, 2010 жылғы Қырғызстандағы, 2011 жылғы Солтүстік Африка мемлекеттеріндегі, сондай-ақ Ресейдегі соңғы Парламенттік сайлаудан кейінгі орын алған оқиғалар жастардың қоғамдағы теріс әрекеттерді өткір әрі тез қабылдайтынын, жастармен жасалатын жұмыстардағы жіберілген қателіктер қолайсыз салдарға әкеп соқтыратындығын дәлелдеді.

Жастардың пiкiрлерiн зерттеу, жастар саясатының үрдісіне, жастардың бүгінгі таңдағы құндылықтарына және қазiргi жай-күйiне уақытылы мониторинг жүргізу мемлекет үшiн өте маңызды. Бұл мақсатта Қазақстан Республикасындағы жастар саясатының iске асырылуын зерделеу жөніндегі бірқатар социологиялық және талдамалы зерттеулер жүргiзiлуі аса маңызды болып табылады.

Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк жастар саясаты жеткiлiктi нормативтік–құқықтық базамен қамтамасыз етілген. Қазақстан Республикасында мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасы бекітіліп, 2004 жылы «Мемлекеттiк жастар саясаты туралы» Заң қабылданды. Білім беруді дамытудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасында, Қазақстан Республикасын дамытудың 2020 жылға дейінгі даму стратегиясында, басқа да маңызды стратегиялық құжаттарда жастар саясатына арнайы бөлім арналған. Бiлiм және ғылым министрлігінің құрылымында, аталған саладағы бейіндік мемлекеттік орган болып табылатын Жастар саясаты департаменті жұмыс iстеуде.

Бәрімізге мәлім, соңғы жылдары мемлекетімізде жастармен белсенді түрде жұмыстар жүргізілуде – жастардың жаңа қоғамдық бірлестіктері құрылды, сонымен қатар облыс аудандарында әлеуметтік қызмет көрсету жұмыстары атқарылды, жыл сайын жастар форумдарын, кәсіптік конкурстар, фестивальдар, отансүйгіштер шеруін өткізу дәстүрге айналды, жастарды әлеуметтік қорғаудың әртүрлі нысандары енгізіліп отыр. Алайда, қазіргі таңдағы қоғамдағы беталыс, қоғам мен мемлекет тарапынан жас ұрпақтың қалыптасуы мен тәрбиеленуі проблемаларына ерекше назар аударылуы мемлекеттегі жастар саясатын жүзеге асырудың жаңа сапалы тәсілдерін әзірлеуді қажет етеді. Осы ретте, жастар саясаты бүгінгі күні жас ұрпақтың қоғамдық өмірге әлеуметтік кірігуінің бірден-бір мүмкін боларлық тетігі болып табылады.

Жастар халықтың қоғамдық белсенді бөлігі және егемен еліміздің перспективалық дамуы үшін стратегиялық ресурсы болып табылады. Жастар саясаты мемлекет мүддесі мен мемлекеттің болашақта дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндіктері бар интеллектуалды және рухани-саналы тұлғаның қалыптасу қажеттілігі аясында айқындалады.

Қазақстан Республикасының мемлекеттiк жастар саясатының негiзгi мақсаты - жастардың азаматтық, әлеуметтiк дербес тұлғалық қалыптасуын жүзеге асыру үшiн қажет құқықтық, экономикалық, ұйымдастырушылық жағдайларды жасау мен нығайту болып табылады. Зерттеу жұмысының негізгі аспектісі ретінде жастардың тұрақты әлеуметтік-экономикалық қамсыздандыру мәселесі алынды. Жастар саясатын жүйелі жүргізу қажеттілігі өзінің әлеуметтендіру процесінде жас адамның кезігіп отыратын өмір қиыншылықтарымен айқындалады. Әсіресе, әлеуметтік-экономикалық проблемалардың шешілмей отырғандығын атап өтуге болады. Жастар өзінің біліктілігі және кәсіби даярлығы деңгейінің төмендігіне байланысты халықтың аз қорғалған бөлігі болып табылады. Жұмыссыздық және рухани шектелу қылмыс, нашақорлық, маскүнемдік, жезөкшелік және осы сияқты әлеуметтік құбылыстардың таралуы - олардың басты факторы болып отыр.

Жастар мемлекеттің қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысушылардың бірі және қоғамның маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Жастар мемлекеттің проблемаларын өткір сезінетін және қабылдайтын топтардың бірі болып табылады, бұл фактыны елемеу немесе оны жеткілікті деңгейде зерделемеу жастардың саяси жоғары бағалауларды дұрыс түсінбеуіне әкеліп соқтырады. Ол өз кезегінде жастардың бүтіндей әлеуметтік топ және жеке алғанда индивид ретінде билік институттарының: биліктен, оның практикасынан, нақты бір тұлғалардан және мекемелерден, билікті көрсететін рәсімдерден жатсыну миханизмін тудырады және қоғамның көңіл-күйі мен саяси жүйеге сенім деңгейінің маңызды индикаторы болып табылады.

Жастар ортасында жүргізіліп отырған іс-шаралар Қазақстан жастарының қажетті қоғамдық-саяси ұстанымын қалыптастыруға бағытталған.«Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңның барлық нормалары толығымен іске аспай, жастарды кешенді қолдау жөніндегі жұмыстар жеткілікті түрде тиімді орындалмауда. Қылмыстың, нашақорлықтың өсуі тіркеліп өзекті проблемалардың бірі жастар ортасында суицидтердің өсуі тіркелуде. Жастар өмірінде интернет қызметтері: блогтар, форумдар, мессенджерлер, әлеуметтік желілер әлі де үлкен рөл атқарады. Интернет жастар санасына әсер етудің анағұрлым тиімді құралдарының бірі ретінде маңызы артуда. Мемлекет жастарға әр түрлі сипаттағы құрылымдық ұйымдардың әсер етуіне жол бермеу мақсатында инновациялық it-технологиялары арқылы жастармен жұмыс істеуге белсенді кірісуі қажет. Осыған байланысты жастарды дамытудың қазіргі заманғы үрдістерін қанағаттандыратын жаңа нормативтік құқықтық құжатты әзірлеу арқылы мемлекеттік жастар саясатын іске асырудың нормативтік құқықтық негізін күшейту керек.

Тәрбиелік жұмыстар жастар саясатының маңызды аспектісі болып табылады. Жастармен жүргізілетін жұмыстардың әлеуметтік аспектісіне және жастарды кешенді дамытуға, қылмыстардың алдын алуға, тұрақты моральдық-этикалық құндылықтарды қалыптастыруға, тәрбие беру жұмыстарына көп көңіл бөлген жөн. Себебі әлеуметтік-экономикалық, жаһандану процесі жастар құндылықтарының өзгеруіне ықпал ететін негізгі факторлар. Полиэтникалық болып табылатын ҚР үшін қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтауда жастар ортасындағы этносаралық және конфессияаралық өзара қарым-қатынас әлеуметтік-экономикалық фактор секілді маңызға ие. Сол себепті жастар ұйымдарының қызметін оларды жаңа тиімді жұмыс орындарына тарту арқылы жандандыру, жастарды әлеуметтендірудегі және оларды тұтас экономикалық, саяси және социомәдени кеңістікке біріктірудегі елдің шығындары мен жоғалтуларын шамалау (минимизация) мақсатында әртүрлі жастар ұйымдарының қызметін мемлекет тарапынан үйлестіру қажет.

Қайталау үшін сұрақтар:

Жастар туралы не білесіз?

Жастардың субмәдениеті деген не және оның қоғам үшін зияны бар ма?

Қазақстандағы жастар саясаты туралы не білесіз?

Жастарды ұлттық нақышта тәрбиелеу қажет пе?

Негізгі әдебиеттер:

1. Смелзер Н. Социология. – М., 1994 г. гл. 9 390-426 б.

2. Антонов А. И., Медков В. Н. Социология семьи. Учеб. пособие для вузов. М., 1996 г.

3. Булатова А.Н., Исмагамбетова З.Н. Курс лекций по социологии. – Алматы, 2000 г. 56-68 б.

4. Социология (жауапты ред. Ә.Нысанбаев). – Алматы: 2002 ж. 122-131 б.

Қосымша әдебиеттер:

1. Гурко Т.А. Трансформация института современной семьи // Соц.исслед. 1995 г. №10

2. Мәдениеттану: жоғарғы оқу орнындары мен колледж студенттеріне арнлған оқулық. Алматы
3.Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС
4.Биекенов К., Садырова М. Әлеуметтанудың түсіндірме сөздігі. — Алматы: Сөздік-Словарь

5. Ш.К.Тухмарова мақала

Наши рекомендации