Білім әлеуметтік институт ретінде. Білімнің пәні мен қызметтері
Білім әлеуметтік институт ретінде жастардың білім алып, тәрбиеленуіне, жас мамандарды қалыптастыруға, қоғамның өркениетті, прогрессивті дамуына негізделеді.
Білім – адамдардың белгілі бір жүйедегі ұғымдарының, деректері мен пайымдауларының, т.б. жиынтығы. Білім адамзат мәдениетінің ең ауқымды ұғымдарының бірі болып табылады. Ол сана, таным, объективті әлем, субъект, ойлау, логика, ақиқат, парасат, ғылыми және т.б. күрделі де терең ұғымдармен тығыз байланыста әрі солар арқылы анықталады. Білім философия мен рационалды білім пайда болғаннан көп бұрын дүниеге келген.
Ежелгі мәдениетте білім адамның әлеммен және қауымдастық ішіндегі қатынастарын реттейтін аңыздар, салт-дәстүрлік жарлықтар мен нормалар, тыйым салулар пішімінде болды. Мұнда білімді аруақтар, рухтар, ата-бабалар, кейініректе, құдайлар сыйға тартқан қасиетті нәрсе деп түсінген. Сондықтан білім қауіп-қатермен байланысты деп, онымен тек адамдардың ерекше тобы – дінбасылар, діни қызметкерлер ғана шұғылданған.
Білімнің әлеуметтік мәртебесі мен мәні отырықшы, техника-урбанистік қоғам типіне өтуге байланысты түбегейлі өзгерді.Білімнің айрықша пішімі ретінде рационалды білім идеалын қалыптастырған философия туындады. Философия ақиқат пен ақиқат емес ілімдер айырмашылығын енгізіп, дәлелдеудің айрықша түрлерін, негіздеу мен дәлелдемелік ұғымдарды қалыптастырды. Философия шеңберінде айрықша пән – ақиқат ойлау ережелері мен заңдарын қалыптастыратын логика туындады. Білім логикалық ойлаудың объектісіне, мақсаты мен мұратына айналды. Өркениетті қоғамда білім билікпен тұтасып, қоғамды басқарудың құралына айналуда. Білім алу тұлғаның қалыпты әлеуметтенуінің және билік құрылымына енуінің міндетті шарты болып, оның қажеттілігінен білім беру институттары туындады.Платонның «билеуші-философ» идеалы – (білімді әрі оған сай басқарушы ел басы) қазіргі «ақпараттық қоғамда» өзінің көрінісін тапты, яғни билік білімнің қазіргі формасы – ақпаратты иелену ретінде айқындалуда.
Білім әлеуметтану тұрғысынан тұлғаның мақсатты даму саласы ретінде айқындалған, ондағы әлеуметтендіру үрдістері тәртіпке келтірілген форманы, қоғамдық маңызы бар стандарт пен бағыт-бағдарды иеленеді. Білім мазмұнына білім, құндылық, норма және қызмет тәсілдерінде жүзеге асатын стандарттар жатады.
Білім біріншіден, ішкі құрылымы әлеуметтік қатынастарға толы аса күрделі жиынтықтан тұратын, қоғамның салыстырмалы түрдегі өз алдына жеке жүйешесі. Екіншіден, ол қоғамға қатысты бірқатар функциясы бар әлеуметтік институт ретінде, оның барлық жүйешелері және әлеуметтік ұйымдық деңгейі ретінде қарастырылады.
Оқыту үрдісі – оқушыға білім, тәрбие берудің және оны дамытудың мақсаттары шешілетін мақсатты бағытталған, бірізді өзгеріп отыратын мұғалім мен оқушылардың өзара әрекеттестігі. Оқыту– қазіргі заманның талаптарын ескере отырып, оқушылар тұлғасын, білім, іскерлік және дағдыларды меңгерте отырьш, мақсатты қалыптастыру мен дамыту процесі. Түрлі деңгейлерде іске асырыла отырып, оқыту процесі циклдік сипатқа ие болды. Оқыту процесінің циклдері дамуының ең негізгі көрсеткіштері, басты екі мақсатқа негізделіп топталған:
- білім беру – бұл мақсат оқушылардың танымдық іс-әрекеті тәсілін меңгеріп, олар арқылы ғылым негіздерін игерулерін, белгілі бір білімдердің, дағдылар мен іскерлікті үйренулерін, өздерінің рухани, физикалық және еңбек қабілеттерін жетілдірулерін, еңбек және кәсіби дағдыларды игеруін көздейді:
- тәрбиелеу – әрбір оқушының ғылыми көзқарасын, адамгершілігін, белсенді шығармашылығын және әлеуметті кемелденген жоғары адамгершіліктегі үйлесімді дамыған тұлғасын дамытуды мақсат етеді.
Оқытудың мақсаты – дамытудың қоғамдық – тарих тәжірибесінің жан – жақтарын: білімдер мен іскерліктері, ғылым, мораль, еңбек, әдебиет, өнер, жалпы және дене тәрбиесін меңгеруге бағытталған мұғалімнің педагогикалық әрекеті мен оқушының оқу-танымдық өзара бірлескен әрекетінен ойша күтілетін түпкі нәтиже. Оқытудың қызметі оқыту процесінің мәнін сипаттайды. Оқытудың қызметтері:
1)білім беру қызметі— оқушыларда білімділерді, дағдыларды және шығармашылық іс-әрекет тәжірибесінің іскерлігін қалыптастыру;
2)тәрбиелеу қызметі— оқушылардың дүниетанымын қалыптастыру;
3)дамыту қызметі - тұлғаны және оның өз бетінше ойлауын дамыту қызметі;
4)кәсіби бағдарлауқызметі –оқытудағы кәсіптік қалыптастыру;
5)дайындау қызметі - үздіксіз білім беруде, адамды өндіріске және қоғамдық қарым-қатынастарға белсенді араласуға бағыттайды, практикалык іс-әрекетке дайындайды, өзінің политехникалық, кәсіби, жалпы білімі, толық дайындығын үнемі жетілдіріп отыруға бағыттайды;
6)креативтілік қызмет - тұлғаның жан-жақтылығын үздіксіз дамытуды көздейді.
Өзінің мәні жағынан оқыту процесі — түрлі реттегі және деңгейдегі заңдар мен зандылықтар арнайы айқындалатын зандылықты түрде дамитын процесс. Заңдылықтар объективті, мәнді қажетті, жалпы, тұрақты және белгілі бір жағдайларда қайталанып отыратын өзара байланыстарды бейнелейді. Оқыту процесінің заңдылықтары:
- Оқушының білімге деген ынтасына оқытушы әсерінің сәйкестігі. Бұл заңдылық баланың қоршаған дүниені тануға деген ықыласын жүзеге асыруға жағдай жасайды, мұғалімнің балаға өмірде қажет болатын, оларды қызықтыратын білімді берудегі белсенді ыкыласын қажет етеді.
- Оқушылардың жеке және ұжымдық іс-әрекеттеріне оқытушының әсерінің сәйкес болу зандылығы. Бұл заңдылык мұғалімнің, оқыту процесінде баланың айналысатын іс-әрекеттерінің әрбір түрінің оның қандай қасиетін талап етіп, сонымен бірге оны дамытып отыратынын түсінуіне мүмкіндік жасайды.
- Оқушының танымдық, ақыл-ой және басқа да мүмкіндіктеріне оқыту әсерінің сәйкестігі. Бұл заңдылық мұғалімдерден оқушылардың ерекшелігі контингенттерін, олардың жеке және әлеуметтік психологиялық ерекшеліктерін, танымдық мүмкіндіктерін, сабақтың және сабақтан тыс уақыттағы қызығушылықтары мен мінез – құлықтарын ескеруді және оқу -тәрбие әсерінің балалардың жеке және топтық ерекшеліктеріне, олардың жеке және ұжымдық іс-әрекеттерінің ерекшеліктеріне сәйкестендірілуді қадағалауды талап етеді.
- Оқытушы мен оқушының іс-әрекеттерін оқытудың техникалық құралдарының (ОТҚ) мүмкіндіктеріне сәйкестігі. ОТҚ нақты бір сабақтың мақсаттары мен міндеттеріне қатаң түрде сәйкестікпен қолданылуы керек.
- Оқытушы мен оқушының іс-әрекетін қазіргі таңдағы өмір мен іс-әрекеттің талаптарына сәйкес модельдеу. Соңдықтан олардың барлық оқулары ойын түріндегі тірішілік жағдайларыменен, мысалдармен кеңейтіліп оқу барысында меңгерген білімдерін, іскерліктерін және тәжірибеде қалыптасқан дағдыларын қолдануларына мүмкіндік жасайтын олардың қызығушылықтары артатын жағдайларды және еңбек әрекеттерімен толықтырылуы керек.
Сонымен, оқыту үрдісінің заңдылығы – құбылыстар мен үрдістердің дамуын бейнелейтін, объективті, қажетті, мәнді байланыс. Жалпы заңдылықтар:
- оқыту талаптарына сәйкес оқыту процесін сәйкестендіру;
- білім беру,тәрбие және дамыту процестерімен байланысы;
-оқыту процесі оқушыны нақты оқу мүмкіндігін және сыртқы жағдайына тәуелді;
-білім беру мен оқу процесі заңды түрде өзара байланысты;
-оқытудын мазмұны ғылымның даму логикасы және деңгейіне, қоғамның талабын көрсететін міндеттеріне тәуелді;
- оқытудың әдістері мен құралдары және оқуды ынталандыру, оқу іс-әрекетінің бақылау және өзіндік бақылауды ұйымдастыру білім беру мазмұнына және міндеттеріне тәуелді;
- оқытуды ұйымдастыру формалары оқытудың міндетіне, мазмұнына және әдісіне тәуелді;
- үйлесімді жағдайға сәйкес оқу процесін барлап заңдылықтары мен компоненттерін өзара байланысын оқытуды берік, саналы және іс-әрекетті нәтижелі қамтамасыз етеді.
- Оқытудың барлығына тән зандылықтар қандай-да бір түрінде болмыс көрініс беруі сөзсіз:
- Оқу процесі оқытушымен оқушының мақсатына сәйкес болады, егер мұғалімнің іс-әрекеті оқылатын материалды меңгерту тәсіліне сәйкес келсе.
- Жеке адамды мақсатқа сәйкес оқыту бұл іс-әрекетке тікелей қалыптасуына байланысты.
- Оқыту мақсаты, оның мазмұны және әдістері арасында тұрақты тәуелділік бар; яғни мақсаты, оның мазмұнын, әдісін анықтайды, ал соңғысы мақсатқа жетудің шарты болып табылады.
Оқытудың принциптері оқыту процесінің заңдылықтарынан дамиды. Принциптер – бұл педагогтың өзінің тәжірибелік іс-әрекетінде және мінез – құлқында басшылыққа алатын негізгі, бастапқы жағдайлар. Оқыту принциптері – оқытудың мазмұнына, ұйымдастырылуына және әдістемесіне қойылатын талаптар жүйесін анықтайтын неігзгі жағдайлар. Оқыту принциптері:
1) Оқытудың саналылық, белсенділік және өз бетіншілік принциптері оқушылардың сабақтың мақсаты мен міндетіне жауапкершілігін, оның практикалық мәінін ұғынуды қажет етеді. Оқытудың тиімді әдістері, ОТҚ және басқа да көрнекі құралдар қазіргі кездегі әдістемелер тәсілдері арқылы оқушылардың танымдық белсенділігін арттырады, жаңа материадды оқу және оны тәжірибеде қолдану процесінде шығармашылықтың, белсенділіктің дамуына қабілеттендіреді.
2) Оқытудың көрнекілік принципі, көрнекіліктің сабақтың мақсатына және мазмұнына жауап беруіне, айқын мазмұнды болуына, ұғымды әрі түсінікті болып, шығармашылық және әдістемелік жағынан дұрыс қолданынуына бағыттайды.
3) Жүйелілік, бірізділік, және кешенділік принциптері: оқу пәнінің білімдерін жүйелі беруге жаңа білімді бұрынғы білімдермен байланыстыра оқытуды, оқыту процесінің ұйымдастырылуы мен нәтижесіне жүйелі және нақты бақылау жасауды; оқу сабақтарының нақты жоспарын іске асыруды, оқу материалының логикалық байланысы мен орналасуын қатаң сақтауды талап етеді.
4) Күрделіліктің жоғарғы деңгейінде оқыту принципі оқушылардың ақыл – ой және дене мүмкіндіктерін үнемі ескере отыру; оқу материалының және олардың мазмұндалу қарқынының күрделілігіне; оқушылардың бастапқы дайындығының деңгейіне сүйене отырып, оқу материалын қарапайымнан күрделіге қарай біртіндеп оқытуға; оқушылардың оқу әрекеттерінің қиыншылықтарын жеңуге саналы қатынасын тәрбиелеуге бағдарлайды.
5) Білімді, іскерлікті және дағдыны меңгеру беріктілігі принципі: оқушыларға оқылып отырған материалдың олардың тәжірибелік іс-әрекеттері үшін маңыздылығын түсіндіруді оқытылатын материалды және ең бірінші оның негізгі мазмұнын берік, әрі ұзақ уақытқа дейін еске сақтауға деген мақсатын қалыптастыруды; бұрын оқытылған оқу материалын жүйелі ұйымдастырылған түрде қайталауды; оқытылған материалдың игерілуіне жүйелі түрде бақылау жүргізуді талап етеді.
6) Оқытудың топтық және жеке тәсілдері принципі; балаларды келісімге негізделген бірлестік әрекеттерде оқытуға, топта жағымды психикалық жағдайда оқытуды болжайды. Оқытудың әдіснамалық негіздері. Оқытудың жалпы ұйымдасуын формалары мен әдістерін тандауды белгілейтін принциптері ережелері педагогикалық процесстің жалпы әдіснамасынан дамиды. Сонымен қатар, оқытудың оқушылардың танымдық әрекеттерінің ұйымдастырылуымен тікелей байланысты болғандықтан, оның әдіснамалық негізін арнайы құрастыру қажет.