Кеңестік қоғам кезеңі. Қазақстандағы әлеуметтанудың институционализациясы. 1 страница
ХІХ-ХХ ғғ.қазақ ойшылдарының адам мен қоғам дамуына деген әлеуметтанулық көзқарастары (Ш.Уәлиханов, А.Құнанбаев, Ы.Алтынсарин, А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов т.б.).
Социологияның ғылым ретінде пайда болуына алдымен арнасында әлеуметтік-саяси және социологиялық идеялар қалыптасатын әлеуметтік ойдың даму кезеңі негіз болды. Социологиялық ой қоғам, оның өзара байланыстарының, әлеуметтік қатынастардың, әлеуметтік шынайылықтың теориялық конструкциясының құрылымы туралы көзқарастардың, ұғымдардың жиынтығын білдіреді, ол белгілі бір тарихи уақыт ішінде белгілі бір әлеуметтік-саяси және экономикалық шарттармен қалыптасады. Ол заңдардың, механизмдердің, зерттеу амалдарының айқын ресмиленген және қатаң жүйесінің қалыптасуының негізі болып табылады.
Батыстың социологиялық тұжырымдамаларының қалыптасуы мен дамуы ерекшелігі тұтас бірқатар теорияларда көрініс табатын өнеркәсіптік капиталистік қоғам дамуының тарихи кезеңдерімен байланысты. Ресейде социология "ұлттық өзіндік сана нысанына, "ресейтануға" айналды.
Социологиялық ойдың тарихшылары жазғанындай, орыс социологы (әлеуметтік философы) "жалпы алынған қоғамды", "жалпы алынған әлеуметтікті" және т.б. сирек зерделеген, ол Ресейді зерделеген, тіпті абстрактілі ұғымдарды қолданған кезде де, бұл оның тарапынан "таза ғылымға" жасалған саналы немесе еріксіз құрмет болатын, ал іс жүзінде ол не Ресейді, не жалпы әлемді тұтасымен қарастырған болатын. Орыстың социологиялық ойы "өзіндік зерделеумен", "өзіндік рефлексиямен" сипатталады – бұл оны идеялық және рухани жағынан қазақ ағартушылығымен және қазақстандық ойшылдардың әлеуметтік-саяси ілімдерімен жақындастыра түседі.
Қазақстанның әлеуметтік ойының қалыптасуы қазақ халқының қоғамдық және әлеуметтік болмысының, дүниетанымының, әлеуметтік құндылықтар жүфелерінің ерекшелік нысандарымен байланысты өзіндік ерекшеліктерге ие.
ХIХ ғасырдағы – ХХ ғасырдың басындағы әлеуметтік және әлеуметтік-саяси ілімдердің қалыптасуының объективті шарттары мыналар болып табылды: 1. рухани көтерілу – мәдениет, тарих, жаратылыс тану, әдебиет өркендеді, сондай-ақ халықтың саяси және әлеуметтік санасы сапалық жаңа деңгейге көтерілгені атап өтілді; 2. әлеуметтік-саяси даму – Қазақстандағы патшалық отаршылдық саясат әкімшілік, сот нормалары арқылы қоғамдық құрылымның дәстүрлік нысанының трансформациялануына әкеп соқты.
ХІХ ғасырдың аяғында Қазақстанның қоғамдық ойында қазақ Ағартушылығы қалыптасты, оның жарқын өкілдері Шоқан Уәлиханов (1835-1865 жж.), Абай Құнанбаев (1845-1904 жж.), Ыбырай Алтынсарин (1841-1889 жж.) болды. Қазақ ағартушылығының философиялық мұрасы қазақстандық ғылымда кеңінен зерделенген, онда қазақ ағарту ісінің екі кезеңі қарастырылады:
1. Классикалық, бастауын Ш. Уәлихановтан, А. Құнанбаевтан және Ы. Алтынсариннен алады;
2. Дамыған ағарту ісі, Оның өкілдері М. Сералин, С. Торайғыров (1883-1920 жж.), С.Дөнентаев [
Белгілі ғалым С.З. Зиманов ағарту ісінің даму процесі кезең-кезеңімен өтеді: білім беруді насихаттаудан бастап саяси бостандықты талап етуге және оған қол жеткізу үшін күресуді талап етуге дейін деп жазады. Сонымен қатар, ағарту ісіне баға бере отырып, зерттеушілер қандай да бір ұлттық "негізде" пайда болған кез келген ағарту идеологиясын өзінің мәнісі бойынша интернационалдық болып табылады, себебі ең алдымен өзіндік ұлттық емес, әлеуметтік және осы мағынасында ұлттықтан жоғары проблемаларды, яғни буржуазиялық қоғамдық қатынастардың қалыптасу дәуіріндегі кардиналдық әлеуметтік проблемаларды қояды деп жазады. ХІХ ғасырдағы қазақ ойшылдарының қызметі жалпы ағарту, әлеуметтік проблемаларды өз елінің экономикалық, әлеуметтік-саяси және рухани шарттары призмасы арқылы шешуге бағытталды
Ағарту философиясына тән белгі бұқара халықты білімге, білім беруге, мәдениетке, озат идеяларды қабылдауға және т.б. жұмылдыру болып табылады. Сол кездегі қоғамдық ой алдындағы тұрған басты мәселе қоғамның әлеуметтік прогресі мен оны дамыту проблемалары болды. Ағартудың әлеуметтік философиясында қоғамдық қатынастардың дамуы деңгейі, меншік нысандары, қоғамның әлеуметтік құрылымы, таптар және қоғамның таптық дифференциациясы, әлеуметтік теңсіздіктер және оны жоюдың жолдары, мемлекет және мемлекеттік басқару нысандары, отбасы және қоғам, қоғам және жеке тұлға туралы мәселелер, сондай-ақ оқыту, тәрбие және педагогика мәселелері қамтылған Сонымен қатар, билік пен басқарудың айрықша құзіреттерін, қоғамның саяси ұйымын және ондағы режимді талқылай отырып ағарту ісі қоғамның сезімтал тұстарын қозғамай тұра алмайды және сөзсіз мемлекеттік билікке қарсы келеді. Егер де ол мемлекеттік биліктің қызметіне ықпал етуге ұмтылса, онда ол оған оппозицияға тұрады
Қазақстандағы социологиялық көзқарастардың қалыптасу процесі Батыс Еуропадағы социологияның ғылым ретінде қалыптасуымен параллель жүрді. Қазақ ойшылдарының теориялық мұраларын шартты түрде үш бағытқа бөлуге болады. Бірінші бағыт Ыбырай Алтынсариннің, Шәкәрім Құдайбердиевтің, Ахмет Байтұрсыновтың (1873-1938 жж.) білім (білім беру) социологиясы саласындағы еңбектерімен және қызметімен байланысты. Олар білімді, оның әлеуметтік маңыздылығы мен құндылығын насихаттауды өз мақсаттары етіп қойды. Ыбрай Алтынсарин бұл проблемаға адам жасы психологиясы мен әлеуметтік педагогика тұрғысынан қарады.
Шәкәрімнің философиялық, социологиялық, психологиялық көзқарастары оның "Үш анық" атты еңбегінде көрсетілген, онда үш сәтті бөліп қарауға болады: 1. Шәкәрім Батыс Еуропа ойшылдарының еңбектерін сын көзбен зерделеп, Спенсердің, Конттің жұмыстарын талдайды, олардың көзқарастарына қатысты өзінің позициясын білдіреді; 2. дамыған халықтардың білімдерін өз халықына жекізуге әрекеттенеді; 3. ақиқат ғылымды іздеу – бұл басқа жат проблемалардан бас тарту деп есептейді. Ғылыммен еркін, жалтақтамай шұғылдану қажет.
Екінші бағыт таныммен, танымдық қызметпен, танымдық белсенділікпен және олардың дамуының белгілі бір әлеуметтік институттардың нақты қызметімен байланысуымен байланысты. Бұл кезеңде қазақ даласының мектептері ашыла бастады, қоғамда Ыбырай Алтинсариннің есімімен тікелей байланысты білім беру жүйесінің институттану процесі басталды. Оның ағартушылық қызметінің ерекшелігі оның мектеп ашумен шектеліп қоймай, оқытудың дидактикалық принциптерін жасағанында, инспекторлық бақылаудың негізін қалап, мұғалімдер даярлау жүйесін енгізгенінде.
Үшінші бағыт "Адам дүниені қалай танып біледі" атты сауалға жауап іздеумен шұғылданды. Білім беру социологиясы бұл проблеманың кейбір аспектілерін өз зерттеулерінің пәні ретінде қарастырады. Осы тұрғыдан алғанда Шәкәрімнің "Үш анық" атты жұмысы аталмыш проблеманы зерттеудің аспабы болып табылады.
Қазақ ойшылдарының әлемдік қоғамдық ойға қосылғыштығы және қоғам мен прогресс идеяларын қазақ ойшылдарының айрықша қабылдауы Қазақстандағы социологиялық көзқарастардың қалыптасуының негізі болды. Бұл қағидалар социологияның пайда болуының қажетті шарттары болды. Теориялық социология өзінің бастауын спенсерлік және конттік ұғымдарындағы Прогрестен алады. Прогрестің өзін О.Конт адам Ақылының имманенттік ұмтылысы, өзіндік қозғаушы күші ретінде түсіндіреді. Конттің әлеуметтік динамикасы қоғамның күйреуге, жойылуға жетелейтін емес, керісінше оның жалпы ілгерілемелі қозғалысын қамтамасыз ететін өз бетінше өзгеруіне негізделеді, адам қоғамын жануарлардан, биологиялық бірліктен ажырататын да осы. Прогресс деген осы – жоғары бағыттағы ілгерілемелі қозғалыс – эволюция.
Спенсер "үлкен эволюцияның" үш фазасын бөледі: бейорганикалық, органикалық және органикаүстілік. Әлеуметтік эволюция – көптеген особьтардың өзара әрекеттестігін, өзінің салдарлары бойынша кез келген жеке әрекеттердің мүмкіндіктерінен асып түсетін үйлестірілген ұжымдық қызметті білдіретін органикаүстілік эволюцияның бір бөлігі.
Орыс ғалымы М.М. Ковалевский "прогресс" ұғымын ілгерілемелі қозғалыс және оның барысындағы адамның көп ғасырдан бері жасап келе жатқан құндылықтарының дамуы деп түсінді, және бұл қозғалыс сырттан болатын күрт секірулер мен дүмпілерге жол бермейді: ол қоғамның өзінің игілігі үшін экономикалық өмірдің шарттары мен саяси санасын басшылыққа ала отырып әлеуметтік үдеткіштерсіз (төңкерістер, революциялар) жүзеге асуға тиіс. Ілгерілемелі, прогрессивті қозғалысқа әлемнің барлық халықтары атсалысады, тарихи даму барысында олар барлық өркениеттің игілігі және прогрессивтік дамудың көрінісі болып табылатын құндылықтарды жасайды. Прогрестің алдыңғы шебіндегі халықтар – бұлар өздерінің құндылықтарын да, басқа халықтар мен ұлттардың жасаған құндылықтарын да игере, олардың өздеріне пайдалы екендігін көре және бұл әлеуетті пайданы экономикалық, мәдени және саяси өмірдің нақты көрінісіне айналдыра білгендер.
Абай ілімінде қоғам мен адамның даму процесі үш сатыға бөлінеді. Біріншісі – төменгі саты, онда белгілі бір әлеуметтік тәртіп, өмірлік бағдарлар жоқ. Бұл "жартылай адамның" ауыр, ұзақ, бақыстыз өмірі, оо адамды Абай жануарға теңейді. Екінші кезеңде қоғам белгілі бір тәртіпке ие олады, оны нығайтады, материалдық жеткіліктілікті қол жетеді, ақыл-оймен рухани болмыс ретіндегі жалпы адамзаттың негізі танылады. Бұл деңгейде Абай жеке адамды "адам" деп атайды. Үшінші деңгейде адам таза рухани жолмен кемелдікке жетуге тиіс. Бұл ақиқат білімге және мәңгілік қанағаттандыруға апар жол, оған "толық адам" қол жеткізеді. Алайда бұл деңгейге жалпы қоғам түгел қол жеткізе бермейді, оған тек жекелеген адамдар қол жеткізе алады, сондықтан да ол ұмтылар мақсат болып қала береді. Қоғамдық прогестің қозғаушы күші жеке тұлға болып табылады. Қазақ ойшылы үшін прогресс – қоғамның алға қозғалуы, оның жоғары сатысы өзіне әлеуметтік тәртіп пен жоғары парасатты тұлғаны қоса қамтиды. Төменгі саты – бұл бей-берекеттік пен жартылай адам.
Қазақтың классикалық ағарту ісінде проблемалар мына блоктарға бөлінеді:
·адам, оның әлеуметтік мәні;
·білім, білім беру, ғылым;
·әлеуметтік мәдени құндылықтар жүйесі;
·қоғамның әлеуеттік мүмкіндіктерінің көрінісі ретіндегі жеке адамның әлеуметтік-экономикалық және саяси қызметі, адам тыныс-тіршілігінің механизмдері, тәсілдері мен әдістері.
Зерттеулердің орталық фигурасы адам, оның табиғаты болып келген, ол солай бола береді де. Қазақ ағартушылары жеке дара адамды ғана емес, қоғамды, әлеуметтік шынайылықты да адам табиғатын басшылыққа ала отырып бағалаған. Қоғамдық құрылыстың артықшылықтары мен кемшіліктері берілген әлеуметтік организмнің адамның негізгі қасиеттеріне, оның табиғатына сәйкес келуімен немесе сәйкес келмеуімен анықталған. Мәні адамның мәніне қарама-қайшы келетін қоғам ақылмен түрлеуге тиіс. Қоғамдық прогрестің басым идеясы әлеуметтік тіршілік иесі және рухани бастау ретіндегі адам болып табылады.
Адам табиғатын, оның әлеуметтік мәнін түсінуге іс жүзінде Абайдың барлық шығармашылығы арналған. . Ол былай дейді: “Дүниеде жалғыз қалған адам – адамның өлгенi”. Жалғыз қалуды тұлғаның өліміне теңей отырып адам мәнінің әлеуметтілігін көрсетеді.
“Адам баласына адам баласының бәрi – дос, адам баласы адам баласынан әдiл, ғылым, ар, мiнез, деген нәрселерден озады”. Бұл жерде Абай ойлары А.Тойнбидің пікірімен үндеседі, ол таза жеке бастық "менді", немесе жеке адамды жалаң абстракция деп есептейді. Өйткені "мен" жалғыздықта, жеке оқшау қалғанда және тұйықтықта емес, қоғамда, өзінің араласып, өзара әрекеттесетін басқа адамдарының ортасында жүзеге асады және түсініледі. Абай бойынша жеке тұлға – бұл қоғамның және қоғамдық қатынастардың айнасы. Ол былай дейді: "Адам баласын замана өстіреді, кімде-кім жаман болса, замандасының бәрі виноват".
Абай афоризмдерінде тұлғаның, оның құрылымының және маңыздылығының әлеуметтену процесі көрсетіледі және сипатталады. “Нәресте дүниеге келгеннен кейiн оның келешек жетiлу дәрежесi үш себепке байланысты екенiн бiлдiрген. Олар баланың ата тегi, дүниеге келу ортасы, және келешек тәрбиесi”.
Әлеуметтену процесінің оңдылығын ол жақсы айналада деп білді: "Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады". Жетінші сөзінде былай дейді: "Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады. Біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар – тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды, һәм өзі өспейді; қуат таппайды. Біреуі білсем екен демеклік. Не көрсе соған талпынып, жалтыр-жұлтыр еткен болса, оған қызығып, аузына салып, дәмін татып қарап, тамағына, бетіне басып қарап, сырнай-керней болса, дауысына ұмтылып, онан ержетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, "ол немене?", "бұл немене?" деп, "ол неге үйтеді?" деп, "бұл неге бүйтеді?" деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі – жан құмары, білсем екен, көрсем екен; үйренсем екен деген". Абай адамдағы биологиялық пен әлеуметтікті айқын бөліп қарайды, олардың табиғи бастауы мен әлеуметтік дамуын талдайды: "Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады.
Әлеуметтік құндылықтардағы басты орынға білім мен еңбекті қоя отырып, Абай олардың әлеуметтік бағыттылығын атап өтеді. Мысалға, өзінің игілігі үшен еткен еңбекті ойшыл әлеуметтік мағынасы жоқ еңбек деп қарастырады.
Басқаның игілігі үшін еңбек ету – бұл адамдық борыш: "Өзің үшін еңбек қылсаң өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, алланың сүйген құлының бірі боласың". Еңбек – қоғамдық, жалпы адамзаттық құндылық. Адал еңбек құндылықтар шкаласында қарияның сақалынан жоғары тұрады: "Алдау қоспай, адал еңбегiн сатқан өнершi – қазақтың әулиесi", "Сақалын сатқан кәрiден еңбегiн сатқан бала артық".
Өз халқының әлеуметтік сорының түбірін Абай қазақтардың өздерінен көрді, оларды надан, менмен, ақымақ және еріншек деп айыптады. "... Надан ел қуанбасқа қуанады. Һәм қуанғңанда не айтып, не қойғанын, не қылғанын өзі білмейді, есі шығып, бір түрлі мастыққа кез болып кетеді. Һәм ұялғандары ұялмас нәрседен ұялады, ұяларлық нәрседен ұялмайды".
Абайдың қалыптастырған жалпы адамзаттық құндылықтардың маңыздылығы, бірыңғай қазақ қоғамының тұтастығы туралы қағидасы негіз қалаушы сәт болып табылады… Өзінің философиясын Батыс пен Шығыстың дүниетанымы негізінде құрған Абай Қазақстанның қоғамдық ойында тұңғыш рет әлеуметтік өзгерістердің даму идеяларының, қозғалысының және тұжырымдамасының маңыздылығын таныған.
Осы көзқарас тұрғысынан ол өз халқының тағдыры мен болашағын, қазақтардың шаруашылық-мәдени типтерін өзгерту мүмкіндіктерін, ондағы көшпенділік, отырықшылық және жартылай көшпенділік шаруашылық тәсілдерін оймен таныды, қоғамдағы экономикалық және рухани өмірдегі бар істің жай-күйін конструктивті сынға алды. Абай кең байтақ ұлы далада әрқашан әлеуметтік өмірді ұйымдастырудың уақыт пен кеңістікте үлкен тұрақтылыққа ие және жеке адамдардың материалдық және рухани аспектілердегі жалпыға ортақ байланыстарына негізделген ірімасштабты нысаны болғанын көрсете білді. Бұл ретте қоғамдық өзара байланыстардың жалпыға бірдей маңыздылыққа ие рухани нысандары ерекше мәнге ие болады және қажетті құрылымдық компоненттерде жүзеге асады. Бұл өркениеттің әлеуметтік тасымалдаушылары оның ол рухани құндылықтардың, идеялардың, бағдарлардың, нормалар мен символдардың бірлігі түріндегі толықтығын қамтамасыз етеді. Бұл жалпы өтімді қауымдастық қоғам дамуындағы сабақтастықты, оның болашақпен байланысын қамтамасыз етеді, қоғамды өзінің динамикасына бағындырады, бұл әртүрлі қалыптасу, гүлдену, тоқырау және т.с.с. кезеңдерінде көрінеді.
Абайдың рухани мұрагері – Шәкәрім қоғам және қоғамдық қатынастар ұғымына ғылымилықты енгізді, яғни Батыс пен Шығыстың білімі мен тәжірибесіне негізделе отырып тұлға мен қоғамның прогресі мен дамуы идеясын дамыта түседі. Шәкірімнің шығармашылығының терең көркемділігі, идеялылығы, мәдениеті, оның өзі түсіндіргеніндей, "туған жерден, ана тілден" және шығыс, орыс, батыс мәденитінен келе жатқан нәрсе". "Мен шығыспен ерте қауышқаннан дүниені айнадан өзімді көргендей көрдім; білімсіздіктің кірінен тырысуымның және орыс тілі мен әдебиетін оқып-үйренуімнің арқасында тазардым" деп жазды ол. Оған орыстың революциялық-демократиялық философиясы, батыстық-еуропалық қоғамдық ой, ағартушылық барлық көріністері мен бағыттарында жақсы таныс болатын.
Адамдағы әлеуметтік пен биологиялықтарды Шәкәрім біріне бірін қосып қарайды. Бұл жерде ол Чернышевскийдің «Антропологический принцип в философии» ("Философиядағы антропологиялық принцип") жұмысында баяндалған идеяларына жақын және жоғарыда өзіміз қарастырған Абайдың идеяларын жалғастырады. Адамда екі қажеттілік бар, – деп жазады ол, – тән мен жан қажеттіліктері". Үнемі өз қамын ойлау, өзін-өзі жақсы көру, маңғаздық – бұл тәннің қажетітіліктері. Ар-ұяттылық, адал еңбекке ұмтылу – жанның қажетітілігі. Кімді бірінші қажеттілік жеңсе, ол баю үшін, пайда табу мен даңққа жету үшін кез келген зұлымдыққа баруға дайын тұрады. Екінші адам адал еңбек пен ізгі әрекеттен танбайды.
Оған білім және еңбек сияқты әлеуметтік құндылықтар да маңызды. Алайда, батыс қоғамдарының тарихи дамуын көре отырып және жатырқау, шеттету проблемаларымен бетпе-бет келе отырып, Шәкәрім адамзат қоғамын игілікке жетелер жалғыз құндылық "білім" деген ұғымнан қайтады. Ол мәселені М. Вебердің ұғымындағы әлеуметтік еңбек пен әлеуметтік мінез-құлыққа ұқсас білімнің әлеуметтілігі тұрғысынан қарастырады. Білім еңбекпен келеді, тиісінше еңбек – адам үшін бастапқы әлеуметтік құндылық. Бұл жерде ар-ұят, атаққұмарлық, әділеттілік сияқты адамның негізгі мінездемелері маңызды. "Оларға еңбек өнерін үйрету керек, онымен қат оқу-білімге жетілдіру қажет. Жоғарғы айтылған жаман әдетті жоюға бұлар жеткіліксіз...".
Шәкәрім адамды тәрбиелеу процесіне ар білімін енгізуді ұсынады. "Бұл ғылымды ақылды адамдар ойластырып, пән ретінде жазып, нәпсіні жойып, адам бойында жеке ардың қожа болып қалу жағын көздеу керек. Адам бойындағы нәпсі кеселі кетсе, өзгесі оңай...".
Шәкірім үнемі қоғамның одан әрі дамуының жолдарын ізденуде болды. Ол адамдар өмірін жақсартуға тырысқан ғалымдарды мысалға келтіреді. Олардың кейбіреулері адамды әлемді жаратушыны тани, құдайға құлшылық жолына беріле отырып тазара және жетіле алады деп сендіреді. Басқалары адам қоғамының үйлесімділігіне үкіметті болдырмау арқылы қол жеткізуді ойлайды. Ал енді біреулері әрбір адам өз қалауынша өмір сүруі үшін жаппай бостандықты жақтайды. Егер біреулер адамзатты құтқаруды жалпыға ортақ ағартуда деп білсе, басқалары байлар мен кедейлердің құқықтарын теңестіруге тырысқан, ал үшіншілері адамды тәрбиемен өзгертуге болады деп есептеген. Жер бетіндегі тіршілік – тіршілік үшін үздіксіз, аяусыз күрес болғандықтан, адамдар сол заңмен өмір сүруге тиіс деп есептейтіндер де табылған. Шәкірімнің өзі бұл идеялардың ешқайсысы адам жаратылысын өзгерте алмайтынына сенімді болды. Жақсы өмірдің негізін ол "адал еңбек, ар-ұятты ақыл-ой, шыншыл жүрек" деп анықтайды. Жеке тұлғаның әлеуметтік мінез-құлқы осы мінездемелердің болуымен анықталады, ол жеке адамдардың мінез-құлық нысандарын механикалық түрде ұдайы өндіруді болдырмайды. Кез келген әлеуметтік әрекет әлеуметтік мәнділігін ұғынумен және басқаға ұстаным берумен қатар жүреді. Қазақ қоғамындағы жеке адамның социумда өмір сүруі мен мәртебелік позициялары социумның интеракциялаушы элементтері арасындағы айқын әлеуметтік ара-қашықтықты қажет етеді. "Бай мен кедейді теңеу, байдың малын кедейге бөліп беру – кедейді еріншектік, еңбексіз мал табуға дағдыландырып жіберетін жол