Автор бейнесі көркем мәтін категориясы ретінде

Сан алуан шексіз айтылымдар мен мәтіндерге сіңіп кеткен автор тұлғасы өзін автор бейнесінде көрсетеді, алайда оның шын авторға еш қатысы болмауы да мүмкін (мысалы, Л. Н. Толстойдың «Кавказский пленник» шығармасында автор бейнесі солдат, қарапайым халықтан шыққан адам).

Нақты тілдік тұлға мен автор бейнесін ұқсастыруға болмайды, олар бір-бірінен эстетикалық тұрғыдан мүлде бөлек. Автор бейнесін автор «актердің сахнада сомдаған ролі» сияқты әдейі жасайды.

В. В. Виноградов «автор бейнесі» ұғымын енгізіп, өзінің көркем сөз теориясының негізі етті. «Автор бейнесі-сөз өнерінің барлық стилистикалық амалдары тоғысатын, бірігетін, синтезделетін орталығы». Автор бейнесі дегеніміз «көркем шығарманың бойымен өтетін жеке дара сөз сөйлеу құрылымы». Автор бейнесі – шығарманың бірыңғай дүние таным арқау болған жеке бөлшектерін бір тұтастыққа біріктіретін ұйымдастырушы күш» [29, 151]. Автор бейнесі – әрдайым біршама идеалдандырылған, өмірбаяндық шындықтан белгілі бір ауытқушылық.

Автор бейнесі баяндау тәсіліне (бірінші жақтан, әңгіме айтушының атынан, т.б.) қарамастан кез-келген шығармада айқын не бүркемелі болады.

В. В. Виноградовтың пікірінше, «автордың қатысы» автор бейнесінің анықтауышы болып қызмет етеді. Оның тура айтылуы мүмкін, алайда көбіне мәтіннің бүкіл ішкі құрылымында болып, «композиция мен стильдің тереңінде» жасырынып жатады. Автор бейнесі, автор тұлғасы «оның тақырыпқа қатысынан» ашылады.

Көркем әдебиетте автор бейнесі айту формаларының көптігін көрсетеді. Шығарма авторы автор бейнесі арқылы өз тұлғасы адам және жазушы ретінде тікелей айтуға тырысып, авторға ұқсамайтын кейіпкерге, әңгімешіге барынша жақындауға ұмтылады.

Авторлық көзқарас автор бейнесін барынша ашық формада көрсетеді. Кейіпкерлерінің ойы мен іс-әрекетін суреткердің өзі топтаса, оның бейнесі туралы пікір қалыптасады. Осы бейне композицияда да, сюжетте де, шығарманың тілінде де жүреді. Ол өзінің ролін оқиғаға тікелей қатысушыға немесе куәгерге жүктеп қойса (осы мақсатта әңгімеші ролі енгізіледі), онда автордың позициясын анықтау қиынырақ. Әңгімешінің әңгімені бірінші, екінші немесе үшінші жақтан айтуы мүмкін.

Автор көзқарасының әңгімешінің көзқарасымен толық сай (бір бағытта әңгімелеу) келуі де, келмеуі де (әр бағытта әңгімелеу) мүмкін. Көркем әдебитте әңгімелеудің осы екі желісі бір-бірін толықтырып отырады.

Автор бейнесі ең алдымен баяндау тәсілінде байқалады. Автор, әңгімеші, кейіпкер суреттеуге қатысты әр түрлі позиция ұстануы мүмкін. Бірыңғай «мен» авторлық көзқарасқа жақын көзқарасты да, оған қарама-қарсы көзқарасты да біріктіре алады. Баяндау перспективасы автордың идеяны дамыту үшін таңдаған баяндау тәсілінің көрінісі болып табылады.

Көркем прозада баяндау перспективасының екі түрі бар:

1) шектеусіз баяндау перспективасы;

2) шектеулі перспектива. Көптеген шығармаларда баяндау перспективасының екі түрі әр алуан формада үйлесіп жатады: вариантты тұрақсыз баяндау перспективалы шығармаларды және тұрақты константты баяндау перспективалы шығармаларды атауға болады.

Баяндау перспективасы екі бағыттан – объектіленген авторлық баяндау мен субъектіленген әңгімеден тұрады. Әр бағытта (объектіленген және субъектіленген) бірнеше баяндау типтері ажыратылады:

- баяндаушының бірінші типі – мәтінде көрінбейтін, айтылмаған, авторға барынша жақындастырылған және әңгімені үшінші жақтан айтатын баяндаушы. Ол көркем шығарма оқиғасына қатыспайды, тек сыртынан бақылайды. Бұл тип автор - баяндаушы ретінде белгіленеді;

- баяндаушының екінші типі-кейіптендірілген әңгімеші, көркем шығарма кейіпкерлерінің бірі, оны «әңгімеші оқиғаға қатысушы»деп белгілеуге болады;

- баяндаушының үшінші типі әңгімешінің де, прозалық шығарма басты кейіпкерінің де бір адам болуы. Баяндау уағызды әңгіме (исповедальный рассказ) сипатында болады.

Осылайша көркем мәтін авторы баяндау типін, идеяны қай тұрғыда дамытуды және тұтас эстетикалық құрылым үлгісін анықтайды.

Оқиғаны басым көпшілігінде адам нақты баяндаушысы бар бірінші жақта әңгімелейді, алайда кез-келген жанды (жылқы, мысық, ит, т.б.), жансыз заттың әңгімеші болуы мүмкін. Өлеңдерде жансыз дүниенің не хайуанның атынан сөйлеу кең тараған.

Бірінші жақты шығармалардың бір бөлігін естеліктер құрайды.

Естеліктер әлі есімде, көз алдымда, т.б. тұрақты сөз тіркестерімен беріледі.

Бірінші жақты баяндауларға әңгіме тұрақты қайталанатын іс-әрекет туралы болғанда бірінші жақтағы есімдіктің варианты сияқты көрінетін екінші жақтағы есімдікпен ұйымдастырылған үзінділер қосылады.

Баяндаушы – әрі әңгімеші, әрі кейіпкер болса, бірінші жақтан баяндағанда әдеттегі «мен»-нің орнына үшінші жақты есімдіктің шығуы мүмкін.

Автор бейнесі – бүкіл шығарманың өзегі, ол өз кейіпкерінің басынан өткен жайларда, тағдырында, сөзінде, мінез-құлқында, оқырманға эстетикалық әсерінде көрініс табады.

Қорыта келгенде, автор бейнесі мәтіннің барлық категорияларын, соның ішінде когезияны, уақыт және кеңістік континуумын топтастырады. Бүкіл шығарманың композициялық-құрылымдық формасын анықтайды.

Орытынды

Оқулықта баяндалған мәтіннің негізгі категориялары мен ұғымдары туралы түсінік тіл маманына жалпы мәтіндерді, соның ішінде талдауы ерекше күрделі көркем әдебиет мәтінін толық және жан-жақты талдауға көмектеседі.

Мәтінді, оның ішінде көркем мәтінді кешенді талдау көп аспектілі және көп қырлы. Талдау жасауға кірісерден бұрын мәтін, оның ерекшеліктері мен көбірек белгілі категориялары, сол сияқты әрбір нақты мәтінде олардың қалай көрінетіні жайлы түсінік болу керек. Алдымен мәтінге ішінара талдау жүргізіп, яғни не байланыс түрлері мен құралдарын, не мәтінде информативтік, континуум, модальділік т.б. категориялардың көріну тәсілдерін талдап, содан кейін мәтінді жан-жақты талдауға көшкен жөн.

Мәтінді терең кешенді талдау көркем әдебиет мәтіндерін шынайы түсінуге, оқушыларды қарабайыр сөздерден аулақтатып, өз бетінше ойлап, пікір айтуға, адамгершілігі зор білімді де мәдениетті тұлға тәрбиелеуге ықпал етеді.

Сөз соңында, «Мәтін лингвистикасы» пәні бойынша семинар сабақтары мен студенттердің өздік жұмыстарында мәтіндерді, әсіресе көркем мәтінді, лингвистикалық, филологиялық талдау жүргізгенде пәннің теориялық мәселелерін ойдағыдай игеру үшін міндетті түрде қазіргі қазақ тіл білімінде жарық көрген бай практикалық/тілдік материалды кеңінен, жүйелі түрде пайдаланған бірден-бір дұрыс бағыт деп санаймыз.

Наши рекомендации