Көркем мәтіндегі композициялық баяндау формалары

Күрделі фразалық тұтастықтың мағыналық, коммуникативтік және құрылымдық ұйымын оның суреттеу, әңгімелеу, ойталқы (описание, повествование, рассуждение) түрлерінің функционалдық-мағыналық ұйымы ерекшеліктерін ескермей қарастыруға болмайды. Күрделі фразалық тұтастықтың бұл түрлерін Л. М. Лосева, М. П. Брандес және басқа ғалымдар жан-жақты зерттеген [13;16].

Суреттеу

Суреттеу ғылыми және іскерлік сөйлеуге тән, алайда көркем сөзде де жиі ұшырасады. Суреттеу статикалы, онда динамика жоқ.

Суреттеудің негізгі функциясы – ақиқаттың әлдебір сәтін суретке түсіру, қарапайым атауының орнына заттың бейнесін беру, затты, құбылысты табиғи ортасында суреттеу (мысалы, суреттелетін заттарды, құбылыстарды т.с.с.-ды осыған ұқсайтын нышандармен салыстыруда құрылатын жұмбақ-суреттеу).

Ғылыми және іскерлік мәтіндерде суреттеу негізінен фактографикалы немесе фотографиялы болады. Көркем мәтінде суреттеу нышандарын санамалау жолымен табиғат құбылысын (орнын, ортасының жағдайын, т.б), заттарды, адамның, кісілердің жағдайын және т.б. суреттеуге арналған. Суреттейтін затына қарай Күрделі фразалық тұтастықтың пейзаждық (уақиға орнын суреттеу) және портреттік суреттеу (кейіпкерді суреттеу) болып бөлінеді.

Пейзаждық суреттеуде орман, өзен, ауыл сияқты нақты сөздер мен оңында, солында, жанында, астында, алыста, жақында сияқты кеңістік мәніндегі сөздер жиі қолданылады.

Портреттік суреттеуде адамды (бойын, жасын, жалпы сырт бейнесін, жағдайын, т.б.) суреттейтін сөздер басқаларынан жиірек қолданылады.

Суреттеудің формалды нышандары: контиинум мәнді сөздердің (жол жиегінде, таң ата, кешқұрым, т.б.) қолданылуы, суреттелетін құбылыстың қашан болғанына байланысты өткен шақ, осы шақ, етістік-баяндауыштардың көптігі, баяндауыштың іс-қимылды емес, сын есімді болып келуі. Мысалы, жерге су сіңді-жер ылғалды.

Суреттеу құрамы көбінесе кеңістік мәнді сөздерді қолдану сипатына қатысты. Бір жағдайларда әрбір орын жағдайына бір күрделі фразалық тұтастықтың бекітілсе, басқасында бір күрделі фразалық тұтастықта бірнеше орын жағдайы пайдаланылады.

Бірнеше затты суреттеудің бір мезгілді, параллельді немесе сабақтастықты (қарама- қайшы құбылыстарды, заттарды суреттегенде контрастық әдіс қолданылады) болуы мүмкін. Суреттелетін адамдарды немесе заттарды салыстыру-мұндай суреттемелерде жиірек қолданылатын әдіс.

Затты, құбылысты, адамды суреттеу сөйлеу сөз стиліне де, мәтін типіне де қатысты. Суреттеу ғылыми-техникалық, ресми-іскерлік сөулеуде фактографикалы, көркем сөде бейнелі болады. Автордың суреттелетін затқа, құбылысқа субъективті қатысы көркем мәтіндерде (концептуалдық, модальділік, астарлы мәтін және т.б. түрде) байқалады, ғылыми және ресми-іскерлік мәтіндерде болмайды.

Фотографиялы, суретті мәтіндерде заттың суреттелуі автордың ойы мен фотографияда бейнеленген затқа қатысты. Сондықтан мұндай мәтінде мыналар ескерілуі керек:

а) суретте онсыз да айқын көрініп тұрған бейне жайлы артық сөздің керегі жоқ;

ә) суретте жоқ және оны сезіну мүмкін емес жайлар туралы сөз айтылмауға тиіс;

б) суреттің астарында көрерменнің ой жүгіртуіне жағдай тудыратындай мүмкіндік қалуға тиіс;

в) суретке арналған түсіндірме сананы сілкіндіріп, ой қозғайтындай болуға тиіс;

г) сөз фотографияға сілтеме жасай алады.

Ғалым Б. Шалабай «Көркем проза тілі» атты еңбегінде: «суреттеу болмыстың белгілі бір қалпын, күй- жайын толықтай беру үшін қолданылады»,- деп көрсеткен. Суреттеу арқылы кейіпкердің сыртқы кейпі, киім- киісі, мінез- құлқы, табиғаттың әсем көріністері және т.б. құбылыстар беріледі [17].

Кейіпкердің сыртқы бейнесін суреттеу:

Қырынан қарағанда қыз әп- әдемі болып көрінеді екен. Тайқылау біткен тар маңдайы да, артық- ауыс жерлері қырналып, қажетті қалыпқа түсірілген қою қара қасы да ұнасымды. Екі танауы делдиіңкі, келіссіз мұрны да қырлана қалғандай. Жалпақ, доғал иегі де қайтадан қашалғандай мүсінді. (М. Мағауин)

Табиғатты суреттеу:

Бұл арада кішкентай көкторғай, бөдене, көксерке, жағалтай кекілік, балтатұмсық, шілден бастап, үлкендігі анау- мынау қозы- лақтан кем емес, қарақаз, бірқазан, дуадақ, қарабай, қырғауыл мол болатын. Қазақ даласының өзге жерінде сирек кездесетін жайра, тағанақ, сақалта, алақұмай, көк қарға, қодас қоңылтырды да іздеген адам табатын (Д. Исабеков).

М. Ахметова суреттеудің екі формасын ажыратады: статикалық және динамикалық. Статикалық суреттеуге оқиғаның мекенін, орнын, кейіпкердің сыртқы келбетін, ал динамикалық суреттеуге оқиғаның қозғалысын, іс- әрекеттерді, кейіпкерлердің көңіл – күйін, мінез- құлқын жатқызады.

Статикалық суреттеуге мысал:

Осы әйелдердің ортасында еркек кіндіктен жаман жанбай ғана жүреді. Ол- қоймашы, жасы қырықтар шамасында, қалың сырмалы күпәйке- шалбар киіп жүретін тайпақ адам. Қолында бір уыс кілті бар- колхоздағы қойма атаулының кілттері. Қалтасына сыймайды да, үнемі қолына ұстап жүреді (С. Мұратбеков).

Динамикалық суреттеуге мысал:

Далаға шықтым. Дүниені бозамық сәулеге бөктіріп Сұлуқиядан тік асып ай қалықтап барады. Сансыз жұлдыздар жымыңдайды. Төңірегім шырылдаған шегіртке үні. Тоғай жақта әлде бір түн құсы әлсін- әлі кәдуілгі адамша айқайлап қояды (С. Шаймерденов).

Гімелеу

Әңгімелеу ең алдымен көркем және публицистикалық сөйлеуге, сондай-ақ тұрмыстық хабарлар мен әлдене жайлы әңгімелерге тән.

Әңгімелеу суреттелетін оқиғалардың дамуы туралы түсінік береді. Бірінші кезекке іс-әрекеттің (үдерістің), құбылыстың, тағы басқаларының өрбу реті шығады. Әңгіменің әрбір сөйлемі әдетте іс-әрекеттің дамуының, сюжеттің шешілуіне қарай қозғалысының әлдебір кезеңін баяндайды. Жалпы әңгімелеу баяндау мәтіні іс-әрекеттің басталуынан, шиеленісуінен, дамуынан, шарықтау шегінен, аяқталуынан, тарқатылуынан, қорытындысынан тұрады.

Мәтінде оқиғаның даму сабақтастығы нақты, яғни өмірде болғанындай не жасанды, яғни автор қолайлы санағандай, мысалы, оқиғаның аяғынан (композициялық амал-трансмутация, түрлендіру), не ортасынан басталуы мүмкін. Әңгіменің толымсыз, дискретті (оқырман тыңдаушы санасында оңай қалпына келтіре алатын буындарының түсіп қалуы) болуы мүмкін. Баяндаудың негізінде уақиға (сюжет) жатады.

Көркем мәтінде пайдаланылатын фабула мен сюжет ұғымдары ең алдымен әңгімелеу мәтіндеріне тиесілі.

Фабула – шығармада айтылатын оқиғалардың жиынтығы. Фабула – көркем мәтіннің референттік кеңістігі, ол әдеттегі мәтіннің референттік кеңістігінен біршама өзгеше. Біріншіден, жазушының тақырып деп аталатын белгілі бір ақиқат аспектісін еркін таңдауының нәтижесі. Екіншіден, фабула – шындығында болған дайын «тарихтардың» ішінен таңдап алу емес, суреткердің шығармашылық қиялынан туатын «тарих».

Сөйтіп, фабула «сюжетке дейін-ақ» өзіне көркем мазмұнды, әлемге авторлық көзқарасты сіңіреді.

Фабулаға керісінше сюжет – сол оқиғалар, тек шығармада хабарланғандай ретпен айтылған. Фабула – өмірде болған жай; сюжет – автордың соны қалай білгені, мазмұндық- астарлы ақпарат және мазмұндық- концептуалды ақпаратпен шендеседі.

Фабула – кейіпкерлердің басынан өткен оқиғалардың қиялдағы тізбегі болса, сюжет-соның қалай хабарлануы, фабуланың мәтіндегі көрінісі, ішінара іріктелген көрінісі.

Сюжетте ең бастысы – суреттеуге жататын фабула элементтерін іріктеу.

Фабула оқиға тізбегін білдіріп, мәтінде кеңінен суреттелуі мүмкін болса, фабуланы суреттеу реті (референттік кеңістіктің) композиция ұғымының негізгі мазмұнын құрайды. Фабула элементтерін іріктеу де, әңгімелеу реті де мәтіннің, әсіресе көркем мәтіннің көзқарас сияқты категориясымен тығыз байланысты.

Сюжет фабуланы мәтінде көрсету тәсілі ретінде автордың позициясын да көрсетеді, яғни автордың көзқарасы тұрғысынан осы оқиғада ненің маңызды және эксплицитті айтылымға алу керектігін, нені маңызды емес деп тауып, қалдырып кетуге болатынын көрсетеді.

Мәтінде сюжет тікелей беріледі, ал фабуланы оқырман сюжетте аталған элементтер бойынша қалпына келтіреді (яғни он фабуланың тоғызы референциалды астарлы мәтіннен құралады).

Сонымен, фабула мен сюжетті қарама қарсы қою – заңды зерттеушілік амал. Фабула – ой жүгірту, ой жүгірту болғанда да пайдалы, себебі оқырман ойымен кітапта жазылмағанды да сезіп біледі.

Әңгімеде негізгі мағыналық жүктемені нәтижелі мәнді баяндауыш атқарады. Әңгімелеудің негізгі мәні-іс-әрекеттің дамуын жеткізу. Әңгімелеу түрлі уақыт көрсеткіштерімен, оған бірінші кезекте жаздың басында, күзде сияқты уақытты білдіретін (мезгіл пысықтауышы) сөздермен қамтамасыз етілетін мезгілдік сабақтастық тән.

Әңгімелеуші бірден оқиғаны суреттеуден бастауы мүмкін.

Әңгімелеу таза күйінде де, аралас күйінде де ұшыра береді, оның құрамына суреттеу де, ойталқы да жиі кіреді.

Қазақ тіл білімінде әңгімелеу тәсілін Ахмет Байтұрсынұлының пікірінен бастауымыз қажет. Ахмет Байтұрсынұлы композициялық сөйлеу формаларын әуезе, әліптеу, пайымдау немесе зейіндеме деп көрсетеді.

«Дүниедегі нәрсенің қайсысы туралы сөйлесек те, бір жағынан ғана емес, әр жағынан алып сөз қылуға болады. Мәселен, бір адамды сөз қылуға алсақ, не ол адамның істеген ісін, айтқан сөзін қылып сөйлейміз. Я тұлға- тұрпатын, кескенін, көркін айтып пернесін әліптеп сөйлейміз, я болмаса ол адамның істеген істерінің, өзінің жақсы- жаман болғанын мәнісін, себебін тексере, пайымдап сөйлейміз. Осыған қарай сөйлеген сөзіміздің түрі не әуезе, не әліптеме, не пайымдама болып шығады [18,147]. Ахмет Байтұрсынұлы әңгімелеу тәсілін әуезе деп атап, оның шежіре, заман хат, өмірбаян, мінездеме, тарих, тарихи әңгіме деген түрлерін көрсетеді.

Қазіргі қазақ тіл білімінде әңгімелеу мәтінінің ақпараттық, әлеуметтік, психологиялық сипатын, композициялық сөйлеу бірліктерінің тілдік құрылымдық, прагматикалық және стилистикалық табиғатын анықтайтын зерттеулерін атауға болады. Б. Шалабай, Р. Сыздық, С. Құнанбаева, З. Ерназарова, С. Мұстафина, Г. Әзімжанова, Д. Әлкебаева, М. Маретбаева, Г. Әбікенова, Г. Смағұлова т.б. ғалымдардың еңбектерінде аталған мәселелер жан- жақты зерттеле бастады [19; 20; 21; 22; 23; 24; 25; 26; 27].

Ғалым Б. Шалабай «Көркем проза тілін зерттеудің ғылыми- теориялық негіздері» атты еңбегінде:

«Әңгімелеу- көркем прозаның негізгі баяндау формасы. Бұл форма арқылы объективті де, субъективті де мазмұн беріледі. Әңгімелеудің формалық, құрылымдық мазмұның оқиғалардың мезгілдік ізбе- ізділігі, құбылыстардың бірін –бірі айытыруы құрайды,»- деп көрсетеді [19, 216].

М. Маретбаева әңгімелеу мәтінін арнайы зерттеген ғылыми еңбегінде қазақ көркем порзасындағы әңгімелесу формасының ақпараттық- мазмұндық, композициялық ұйымдасу ерекшеліктерін, лексика- грамматикалық құрылымдарының өзгешелігін, көркем шығарманың стилистикалық сипатын айқындатты [26, 24].

М. Маретбаева әңгімелеу мәтіндерінің тақырыптық- мағыналық түрлерін жақтық және оқиғалы мәнді әңгімелесу мәтіндері деп топтастырады. «Жақтық мәнді әңгімелеу мәтіндеріндегі субъективтілік кейіпкердің іс- әрекетіне, соған қатысты баяндалатын оқиға- жағдайға тәуелді болса, оқиғалы әңгімелеу мәтіндеріндегі объективтілік объективтік уақытқа тәуелді болады» [26, 20].

Мысалы

Оның үстіне 1917 жылдың қысы қатты, жазы қуаң болды. Осынау кезеңде миллиондаған халық көз телмірткен Россия астығын Ақтөбеден Дутов, Кавказдан ағылшын интервенттері бөгеді де, Жетісу ақ бандылары Сібір астығына тосқауыл жасады. Осының нәтижесінде 1918 жылдың августында Ташкентте ауыр жағдай орнады (Ж. Арыстанов).

Көркем шығармалардан нақты дәлелдеме ретінде үзінділер талдап, Г. Әбікенова әңгімелеу мәтінінің эмоционалды- экспрессивтік, стилистикалық қызметін, оның лексика- грамматикалық құралдары арқылы шығарманың көркемдігін арттыруын, оқиғаны, іс- әрекетті ретімен, мезгілін, мекенін баяндай отыра, кейіпкердің мінез- құлқын, ішкі жан дүниесін ашатынын көрсетеді (толығырақ: [9, 110–112 б.] қараңыз).

Ойталқы

Ойталқы ең алдымен ғылыми сөйлеуге тән.

Ойталқы үш бөлікке бөлінеді:

- тезис,

- дәлелдеме (дәйектеме),

- қорытынды (түйін, жинақтау т.б.).

Ойталқыда ең алдымен сабақтас құрамалас сөйлемдер, біріншіден, екіншіден, үшіншіден т.б. жалпы алғанда, тұтасынан алғанда, демек, осылайша, ең соңында, себебі, сондықтан т.б. кіріспе-модальды сөздер қолданылады.

Мұндай ойталқыда баяндауыш, әдетте, ойталқы тақырыбының нышандарына тән тұрақтылықты білдіретін осы шақта болады. Алайда дәлелдемеде келер шақта болуы да мүмкін.

Ойталқының үшінші бөлімі – қорытындысы жоқ түрлері де кездеседі. Айтылған дәйектемемен мақұлданады. Қорытынды жасау оқырманның (тыңдаушының) өзіне қалдырылады.

Көркем шығармаларда ойталқы мағыналық жағынан да, құрылымдық ұйымдастырылуы жағынан да әр қилы болады. Оларда тезиссіз және қорытындысыз тек ойталқының өзі жиі кездеседі. Ойталқының модальды сөздерсіз құрылуы жиі.

Себебі, сондықтан, демек т.б. имплицитті байланыс құралдары көркем шығармада классикалық ойталқыны көрсетіп тұрады. Бұл байланыс құралдарын ойша сөйлемдердің арасына оңай ораналастыруға болады.

Ойталқы таза күйінде басқа стильдерге қарағанда көркем әдебиет шығармаларында едәуір сирек кездеседі (іскерлік стильде мүлде болмайды деуге болады). Ойталқы элементтері суреттеу және әңгімелеуде жиірек ұшырасады. Ондай күрделі фразалық тұтастық типін әдетте аралас типке жатқызады.

Негізгі үш бөлім – тезис, дәлелдеме және қорытынды бөлініп көрінетін ойталқыға негізгі назарды аударған жөн. Тезис түсінікті бір сөйлеммен де айқын құрыла береді, дәлелдеме (аргументация) біріншіден, екіншіден, үшіншіден, сол сияқты, сондай-ақ, сонымен бірге және басқа да қыстырма сөздермен басталуы мүмкін. Ойталқының қорытындысы кейде қысқа да нұсқа бір сөйлемнен тұра береді.

Ойталқының композициялық ұйымдастырылуы (бүкіл мәтін сияқты) мәтіннің қандай стильге жататына қатысты.

Мәселен, ғылыми мәтіннің (кез-келген жанрда) композициясы стандартты, онда үш тармақтық-тақырыптық (кейде тақырыпшаның да), кіріспенің, тақырыптың дамуының және қорытындының болуы міндетті. Жанрды тақырыптық кешенде белгілеу өте сирек.

Ресми-іскерлік мәтін композициялық тұрғыда клишелі мәтіндерге, яғни белгілі бір қатаң композициялық құрылымды мәтіндерге жатады. Ресми-іскерлік мәтіннің тақырыбының мәні жоғары, оған тұтас мәтіннің проспективалы белгісі (өтініш, анықтама, акт, түсініктеме хат, бұйрық, заң, т.б.) болып табылатын мәтіннің жанрлық белгісі енуі маңыздырақ. Мәтіннің жанрлық белгісінде адресатқа прагматикалық бағдар көрсетілген. Маман заңгерлер оны зерделеп, тіпті талқыға салады. Алайда ресми-іскерлік мәтінде қорытынды әрдайым бола бермейді.

Публицистикалық мәтін тақырыптан, тақырып басталуынан, дамуынан және аяқталуынан тұрады. Тақырып пен аяқталуы антистандартты, бағалау және прагматикалық функцияны атқарады, тақырып-информатикалық, ал қорытынды логикалық функцияға ие. Публицистикалық мәтіннің басталуы тақырыптық мазмұнмен ұқсас-автордың мақсатын білдіріп, оқырманның назарын аударады.

Ауызекі сөйлеу мәтінінің шекаралары берілген нақты жағдаймен ғана, этикеттік шеңбермен анықталып, айтушының «мен» желісімен байланысты.

Көркем мәтінде композициялық блоктар өте айқын бөлінген: тақырыптар, мәтінді мүшелеудің графикалық тәсілдері. Көркем мәтіннің тақырыбы – мазмұнына ақпарат енген, шығарманың бүкіл құрылысын анықтайтын проспективалы бірлік.

Көркем мәтіннің композициялық шегі – басталуы (экспозиция) мен соңында (финал) стандартсыздық басым, алайда мұнда белгілі бір стереотиптер (жанрлық және жалпыстильдік) жинақталған.

Жалпы композициялық блоктардың сипаты мен ара қатынасы эстетикалық міндет пен автордың психологиялық мақсатына бағындырылған.

Ойталқы формасында кейіпкердің немесе автордың ішкі дүниесінің толғаныстарын, ой арпалысы, болмысқа көз қарасы т.с.с. ойлау үдерісіне негізделген көріністер орын алады. Бұл күрделі фразалық тұтастыққа көбінесе риторикалық сөйлемдер, инверсия, синтаксистік параллель түзілімдер, сөйлемнің үзілмелілігі сияқты тілдік құрылымдар жатады.

Мысалы

Ыстық қой, шіркін, туған жер! Туған жерге жеткенше, қайтіп дәті шыдайды? Кім сағынбас өз қағын? Кім сүймесін өз жерін? Сүймесе сүймес зердесіз, шерсіз жүрек, тілеуі бөлек жетесіз

(Ж. Аймаутов).

Ойлауды құрайтын маңызды бөлшектерге уақыт пен кеңістік және себеп- салдар жатады. Мысалы: Ақ тиін мен қасқыр

Бір күні ақ тиін бұтақтан ұйықтап жатқан қасқырдың үстіне құлайды. Қасқыр қарғып тұрып оны жегісі келеді. Ақ тиін жалынып:

- Мені жеме, жібер?- дейді.

- Жарайды, жіберейін, бірақ сен маған айт: неліктен сендер әр уақытта шат болып жүресіңдер?

Сонда ақ тиін:

- Мені жіберіңіз, сонан соң айтайын,- дейді.

Қасқыр ақ тиінді босатады. Ақ тиін ағаш басына шығып алып:

- Сен қасқыр, залымсың, залымдық ішіңді жандырады.Сондықтан әрқашан қапалы жүресің. Біз ешкімге жауыздық жасамаймыз, сол үшін де әр уақытта шат болып жүреміз, - депті (Елу ертегі).

Сонымен, мәтіннің композициялық сөйлеу формалары туралы лингвист ғалымдардың ұстанымдарын қорытындылай келе: «Суреттеу- бейнелеудің кеңістіктегі дамуы болса, әңгімелеу- мезгілдік дамуы, ал, ойталқы- логикалық дамуы... Шығарманың композициялық құрлымы осы айтылған сөйлеу формаларының түрліше байланысып қиысқан өрмегінен тұрады [17, 10].

Диалогты бөлшектеу

Диалогтік мәтіннің бірліктері (монологтік мәтіннен – бір автордың сөйлемдерінің желілік тізбесінен) сөйлеу актісіне қатысушы екі немесе бірнеше адамның айтылымының кезектесуімен құрылатын сөйлемдердің баламалық тізбегін көрсетеді; әр қатысушы сөйлеу актісі үдерісінде не айтушы, не тыңдаушы ролінде болады. Психолингвистикалық көзқарас тұрғысынан диалогтың негізінде екі жақты қатынас: түрлі варианттағы ынталандыру – реакция (бір айтушының ынталандыруына сұхбаттасушының реакциясы, оның әңгімені жалғастыру реакциясы, айтушының өзіне бағытталған адресаттың ынталандыруы және т.б. болуы мүмкін). Коммуникативтік көзқарас тұрғысынан айтушының – ынталандыруы (көбіне сұрақ, дегенмен іс-қимылға ынталандыру және ақпаратты хабарлау) айтылым тақырыбы, ал адресаттың – реакциясы – рема болады, бұл сұрақ-жауап диалогтік бірліктерде тақырып-ремалық қатынас тудыра отырып, бүкіл коммуникацияны өзектендіреді. Барлық жалпы сұраққа әмбебап жауап – мақұлдау мен бас тарту болып табылады.

Жайылма диалогта коммуникативтік прогрессия да өзінше дамиды. «Таза диалог» құрайтын ынталандыру мен реакциялардың баламалы тізбесінде әрбір жаңа буын (ынталандыру-реакция) коммуникативтік прогрессияның жаңа қадамына материал береді.

Диалогтік мәтін коммуникативтік-прагматикалық талдау кезінде байқалатын көп өлшемді мағыналық мазмұнға ие.

Диалогтік мәтіннің мағыналық көлемі реплика (қақпайсөз) тудыратын айтылымдардың пропозициялық мазмұнының негізінде құралып, имплицитивтік құрамалар-пресуппозиция мен импликацияның көмегімен өседі. Алайда негізгі мазмұнын интенциялық мәндер, модальды және эмоциялық мағыналар құрап, осының бәрі статустық, рольдік қатынастардың әлеуметтік мағыналары мен коммуниканттардың психологиялық жағдайларына тіреледі.

Диалог бірліктерінің құрылымында монологтық сөздің күрделі фразалық тұтастықтарының құрылымдық безендірілуімен салыстырғанда елеулі айырмашылықтары бар.

Диалогтың өзіне тән құрылымдық қыры – репликаның ықшамдылығы. Ауызекі сөзде диалог бірліктерінің интонациялық бірлігі айқын көрінеді.

Диалог – үдемелі дамитын сөйлеу оқиғасы; сөйлеу әрекетінің үдерісі және жемісі ретінде құрылып, оған мыналар кіреді:

- айтушының әлем және қарым-қатынас жағдайы туралы білімі;

- адресатта да сондай білімнің, пікірдің т.с.с. болуын ескеру;

- өзімен арақатынаста адресаттың әлеуметтік ролі мен мәртебесіне бағдар ұстау.

Диалог бірлігін құрайтын репликалардан тұратын микродиалогтар мен әңгіме, дау, ұрсысу, сұхбаттасу және т.б. жанрдағы макродиалогтар өзара ажыратылады.

Наши рекомендации