Бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар. Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады: 1) ғибадат үйі (ғимараты) - құдайға
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) ғибадат үйі (ғимараты) - құдайға құлшылық ету, дұға оқу рәсімдері мен діни жиналыстарға, діни мінәжат етуге (құлшылық етуге) арналған объект;
2) діни қызмет - діндарлардың діни қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған қызмет;
3) діни қызметші - тиісті діни бірлестік рухани, уағызшылық қызметке уәкілеттік берген адам;
4) діни бірлестік - Қазақстан Республикасы азаматтарының өз мүдделерінің ортақтығы негізінде рухани қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіппен біріккен ерікті бірлестік;
5) миссионерлік қызмет - Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасының аумағында діни ілімді таратуға бағытталған қызметі;
6) уәкілетті орган - діни қызмет саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган.
Бап. Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнама
1. Қазақстан Республикасының діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағы ережелерден өзге ережелер белгіленген болса, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.
Бап. Мемлекет және дін
1. Мемлекет дін мен діни бірлестіктерден бөлінген.
2. Діни бірлестіктер және Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар дінге көзқарасына қарамастан заң алдында бірдей жауапты.
3. Ешбір дін мемлекеттік немесе міндетті дін ретінде белгіленбейді.
4. Қазақстан Республикасында білім беру мен тәрбиелеу жүйесі, рухани (діни) білім беру ұйымдарын қоспағанда, дін мен діни бірлестіктерден бөлінген және зайырлы сипатқа ие.
5. Азаматтардың дінге көзқарасына қарамастан олардың азаматтық құқықтарының бұзылуына, діни қызметіне заңсыз кедергі келтіруге немесе олардың діни сезімдерін қорлауға, қайсыбір дінді ұстанушылар қадір тұтатын заттарды, құрылыстар мен орындарды қорлауға жол берілмейді.
6. Қазақстан Республикасының азаматтары Конституцияға және осы Заңға сәйкес жеке өзі, сол сияқты басқа да діни және өзге де сенімдегі адамдармен бірлесіп, ұстануға және таратуға, діни бірлестіктердің қызметіне қатысуға және миссионерлік қызметпен айналысуға құқылы.
7. Ешкімнің де өз діни сенімдерін себеп етіп Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарында көзделген міндеттерін атқарудан бас тартуға құқығы жоқ.
Діни бірлестіктердің діни қызметшілері, миссионерлері, басшылары немесе мүшелері болып табылатын Қазақстан Республикасының азаматтары саяси өмірге Қазақстан Республикасының барлық азаматтарымен бірдей тек өз атынан ғана қатыса алады.
Бап. Дінтану сараптамасы
1. Уәкілетті орган осы бапта белгіленген негіздер бойынша дінтану сараптамасын жүргізуді қамтамасыз етеді.
2. Дінтану сараптамасын жүргізу негіздері:
1) уәкілетті органға келіп түскен жеке және (немесе) заңды тұлғалардың өтініші;
2) Қазақстан Республикасының мемлекеттік мекемелері мен ұйымдарының кітапханалық қорларына, сондай-ақ уәкілетті органға діни әдебиеттің, діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдардың келіп түсуі;
3) жеке тұлғалардың миссионер ретінде тіркеуден өтуге және діни бірлестіктерді тіркеуге өтініші;
4) жеке өзі пайдаланатын материалдарды қоспағанда, діни мазмұндағы ақпараттық материалдардың шетелден әкелінуі;
5) уәкілетті органның шешімі.
3. Құрылтай құжаттары, сондай-ақ діни мазмұндағы басқа да құжаттар, діни мазмұндағы ақпараттық материалдар және діни мақсаттағы заттар дінтану сараптамасы объектілеріне жатады.
4. Дінтану сараптамасын дінтану саласында арнайы білімі бар адамдар, қажет болған жағдайда мемлекеттік органдардың өкілдерін және өзге де мамандарды тарта отырып жүргізеді.
5. Дінтану сараптамасын жүргізу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.