М.Гандидің жастық шағы мен өмір жолы
КІРІСПЕ
XX ғасырдың алғашқы жартысы Үндістан мемлекетінің аласапыраны мол, асау ағыстарға толы кезеңі болатын. Араға ұзақ уақыт салып, әлем тарихының сахнасында ерекше орын алған Үнді топырағынан нәр алып, сол мемлекеттің азаттығы мен бостандығы жолында жанкештілікпен күрескен саяси қайраткер, аса ұлы пәлсафашы – Мохандас Карамчанд Гандидің тарихтағы алатын орны мен оның ұстанған пацифистік көзқарастары туралы маңызды еңбекті ақтауға қол жеткізе бастадық.
Үндістан тарихында зерттелу деңгейі мардымды, алайда, толық шешімін таппаған Махатма Гандидің пацифистік көзқарастары туралы тақырыптар өте көп. Сондай зерттелуі мол, әйтсе де өте аз зерттелген тақырыптардың бірі – Махатма Гандидің пацифизмі. Махатма Ганди туралы өте мол деректер, еңбектер,ғылыми жұмыстар шаш етектен жетерлік. Мәселен,осы күнге дейін тарихшы ғалымдар М.Гандидің бейбіт түрдегі наразылығы, оның өмірі мен саяси қызметтері туралы көптеген ғылыми еңбектер мен құнды деректерді өмірге әкелді. Алайда, М.Гандидің пацифизмі жөнінде аракідік ғалымдар арасында көрініс тауып жүрсе де, толық, әр оқырманға тұтастай жеткізудің сәті түсе бермейді. Сондықтан да, қарастырып отырған жұмыстың ең өзекті аспектілері – М.Гандидің пацифистік көзқарастары болып табылады.
Адамзат тарихында ізгілік жолды насихаттап, соғыс атаулыға табанды түрде қарусыз наразылық танытқан тарихи тұлғалар саусақпен санарлықтай. Мысал ретінде айтар болсақ, тарихта соғыс пен зұлымдыққа, қантөгіске пацифистік көңіл-күйді алғаш рет танытқан Будда (Сидһартһа Гаутама), Конфуций, Мұхаммед пайғамбар (с.а.с.) т.с.с. қайраткерлер Гандиге дейін-ақ, осы бағытқа негіз салған болатын. Сондықтан, Махатма Ганди де сол тарихи тұлғалардың ізгі жолдарын жалғастырған адамзат баласының таңдаулы бір келесі өкілі болатын. Сөз қылып отырған қайраткерлердің мұндай салмақты да, салиқалы көзқарастары зерттеу жұмысының өзекті аспектісі болып табылады. М.Гандидің пацифизмі хақында үнді ақын жазушылары (әсіресе, Рабиндранд,Тагор) өте құнды әрі субъективті түрдегі ойларын білдірген. Тиісінше, осы кезеңде Үндістанды жасыл тозаққа айналдырған Англияның саяси қайраткерлері үнді халқының ұлы көсемі туралы Үндістандық жазушылардың ойларына мүлде сәйкес келмейтін пікірлерімен ой бөліскен. Соның ішінде, Англияның лейбористік партиясының жетекшісі – Ллойд Джордж, кейінгі кезеңде Англияның ең озық примьер-министрі болған Уинстон Черчиль т.с.с. ағылшын қайраткері М.Ганди туралы өздерінің үнді көсемінің ұлылығы мен харизматикалық қасиеттерін теріске шығарушылық ой- пікірлерімен бөліседі. Сондықтан да, сөз қылып отырған екі жақты пікірлерді ортақ тұжырымға келтіру ең өзекті нысандарының бірі болып табылады.
Зерттеу жұмысының хронологиялық шегі
Зерттеу жұмысы өресі биік азаматы Махатма Гандидің 1869 жылғы дүниге келген кезеңнен бастап 1948 жылы 30 қаңтардағы үнді фанатигінен қолынан қаза тапқан мерзіміне дейінгі аралықты қамтиды.
I - тарау. Махатма Гандидің өмірі мен қызметі
М.Гандидің жастық шағы мен өмір жолы
Мохандас Карамчанд Ганди 1869 жылы 2 қазанда Батыс Үндістан князьдығындағы Порбандар деген кішігірім ауылда дүниеге келді.
Гандидің ежелгі ата-бабалары саудалықпен айналысып,жоғарғы кастаға жатқан.Алайда, оның атасы мен әкесі кішігірім князьдықтың бас министрлері қызметін атқарған.Гандидің отбасында діни салт-дәстүрлер қатаң сақталды, шешесі діни дәстүрге әсіресе сенгіш еді.Ал әкесі әділдігі мен табандылығы үшін және жоғарғы қызметінде отырғанына қарамастан онша дәулетті адамдар қатарына жатпады.Ол діни қауымдар мен догматиктердің қас жауы болып, керісінше дінге және кастаға жатпайтын адамдарды қатты құрметтеді.
Мохандас өз отбасында ең кенже ұл болып өсті.Ол өзінің балалық шағы туралы былай еске алады: «Мен өте тұйық болып өстім, сондықтан да, үнемі өзге балалардан тысқары немесе алшақтау жүретінмін, менің жалғыз достарым бұл – кітаптар мен сабақтар болды, мен мектептен кітаптарымды оқуға асығып үйге қашып кететінмін,ешкіммен сөйлесуді ұнатпайтынмын, сондай-ақ, мен қорқақ болдым, мен ұрылардан,елестер мен жыландардан қатты қорқатынмын,қараңғылық мені үрей мен қорқынышқа жетелейтін, мен кейде, марапаттар мен стипендиялар алғанда да өз-өзіме таң қалатынмын»
Ұяң,әрі тұйық бола өзгеше ойлау қасиеттерімен басқалардан ерекшелене бастады.Ол 11 жасқа толғанда-ақ,үндінің қасаң қағидаға негізделген салт-дәстүрімен келісе алмады.Бұл тұста Үндістанда ең лас жұмыстарды атқаратын, өзге касталарға жататын сословие мүшелерімен араласа алмайтын, олармен бірге үнді храмында бірлесіп құлшылық ете алмайтын, бұлақ-өзеннен су іше алмайтын кемсітілген тап өкілдері өмір сүріп жатты.Олар мойындарына өздерінің келе жатқанын сездіретін дыбыс беретін қоңырау іліп алуы шарт болды.Өзге жоғарғы таптарға жақындай алмау салты ата-анадан балаға беріліп отырды және бұл сословиені тастау мүмкін болмады.Барлық үнді балалары секілді,Мохандасқа да «жақындауға болмайтын» таптармен қатынасуға ата-
анасы тиым салды. «Мен шын мәнінде ата-анама бағындым, алайда,оларға мұндай салт дінде жоқ деп күліп қана қарсылық таныттым, осылайша мен ата-анаммен осы тақырыпта үлкен таласқа түсе бастадым» деп еске алады, М.Ганди үнділіктерді дәл мұндай сорақы дәстүрден бас тартуға көндірді.
Мохандастың жастық шағындағы ең айтулы оқиғалардың бірі, ата-анасы оны ежелгі үнді дәстүрі бойынша он үш жасында өзімен тетелес қыз-Кастурбайға үйлендірді.Балалар бірін-бірі сүйіп қосылды, сондықтан да Кастурбай өмірінің соңына дейін Гандидің сенімді серігі,көмекші жары болып қала берді.
1888 жылы Ганди отбасының достары және ата-анасының кеңесі бойынша Англияға барып, адвокаттық кәсібіне байланысты білім алып келуге шешім қабылдады.Бұл шешім оның кастасындағы ақсақалдар мен үлкендердің қарсылығын туғызды.Үндістан діні үнді жерін тастап кетуге тиым салды, ақсақалдардың ойы бойынша Европада діни қағидаларды бұзбай өмір сүру мен тұру мүмкін емес болатын.Ганди олардың талаптарына бағынудан бас тартты.Осы үшін ол өз кастасынан ажырап, олардың көмегінен, қолдауынан айрылуына тура келді.
Англияда ол өзін өте бөтен есебінде сезінді, айналасындағылардың бәрі оған бейтаныс болды.Бірақ, оның европалық мәдениетпен қарым-қатынасы оның білім кеңістігімен түсінігін одан әрі кеңейте түсті.Ол буддизммен танысып, жаңа өсиет (Новый Завет) кітабын оқып таң-тамаша болды.Ганди индуизм ілімін Будда және Христос жолымен ұштастырып біріктіруді армандады.
1891 жылы жоғарғы адвокат атағын алып, Ганди Үндістанға қайтып оралды.алайда, ата-анасының оған артқан үміті, оның жоғарғы білімі мен атақ-даңқы көп пайда әкеледі деген сенімдері ақталмады.Гандидің адалдығы мен жауапкершілігі оның саяси карьерасының өсуіне кедергі жасады.
Көп өтпей, жас адвокат үнді сауда фирмасының Оңтүстік Африкадағы жұмыстарын жүргізуге шақырылады.Ол жаңа мемлекет көре жүріп, мол
тәжірибе жинауды мақсат етті.1893 жылы Оңтүстік Африкаға аттанған Ганди алдындағы қатал тағдырдың қиын салмақтарына тап болды.
Оңтүстік Африкаға келген алғашқы күннен бастап-ақ ол ашық түрдегі нәсілдік кемсітушілікке тап болды, оны ақнәсілдер отырған дилижансқа отыруға рұқсат бермей, вагондағы «бірінші сорттағы» адамдар отырған вагоннан күштеп түсірді.Ганди бұл елдегі үнділіктердің (барлық түрлі-түстілердің) білімімен мәртебесіне қарамастан нәсілдік кемсітушіліктің құрбандары бола беретіндігіне әбден көзі жетті.
Ганди осы жерден бастап нәсілшілділікпен күресудің түрлі жлдарын құрастыра келіп, кемсітушілікке сыпайы түрде қарап, бірақ күш қолданбау тактикасын қалыптастырды.Күн өткен сайын Ганди Оңтүстік Африкадағы үнділердің жағдайы тығырықтан шығар жол жоқтығына қарай бағытталып бара жатқандығын айқын сезіне түсті.Отанына қайтадан оралу мүмкін болмады, өйткені Үндістанда да дәл осындай жері жоқ шаруалар жыл сайын аштан өліп жатты.Мұнда оларды кедейлік өмірмен лас резервацияларға, құлдық жұмыстарға таңып қойды;оларды күн сайын кемсітті, жұмыс істеуден бас тартқандары үшін абақтыға жапты, кейде өлгенше дүре соқты.Гандидің өміріндегі ең басты мақсаттардың біріне айналады.1894 жылы Ганди преторийде бүкіл үнділерді жиналысқа шақырады.Ол өз өмірінде тұңғыш рет бұқара алдында сөз сөйлеп,Трансвальдағы үнділердің тағдырлары туралы әңгімеледі.Ол үнділіктерді араларындағы қарама-қайшылықтармен касталық бөлінушіліктерді жойып, құқық үшін бірлесіп күресуге шақырды.
Оңтүстік Африканың Наталь провинциясында құрылған үнді конгресі алдына үнділіктердің құқықтарын европалықтардікімен теңестіру мақсаттарын қойды.
Ганди Оңтүстік Африкада ұзақ қалу мақсатында Үндістанға барып, өз отбасын – Кастурбай мен екі баласын әкелуді жөн деп табады.
Үндістанға келіп,Ганди Оңтүстік Африкадағы үнділердің жағдай туралы «жасыл брошюра» еңбегін жариялады.Оны Индияда,Англияда, Оңтүстік
Африкада билік басындағылар талқылап, Оңтүстік Африка билігіндегілер «Ганди европалықтарды қорлайтын мақсат қойыпты,европалықтарды кемсітуді жоспарлауда екен» деген қауесет таратып жібереді.
Үнді қоныстанушыларды мінген екі параход (оның біреуінде Ганди отбасымен болды) Дурбан портына келгенде, ақ нәсілділер тек бір идеямен: «Түрлі-түстілерді теңізге тастаймыз» деп жүгіре шықты.Билік жолаушыларға өмірлерің қымбат болса кері қайтыңдар деген талап қойды.Үнділер Гандидің айналасына топтанды, қақтығыс 23 күнге созылып, ақыры ақнәсілділер шегінуге мәжбүр болды.Өз отбасының және жолаушылардың қауіпсіз жерге қоныстанғанына әбден көзі жеткен.М.Ганди теңіз жағалауына жалғыз өзі тұрғанда, оны ашынған ақнәсілділердің тобыры қоршап алды.Ол полицияның араласуына дейін ақнәсілділер тарапынан айуандық түрде соққыға жығылып, бір өлімнен аман қалды.
Іс одан әрі күтпегендей әсер беріп, Лондон соққыға жығушыларды жазалауды бұйырды.Наталь үкіметінің мүшесі, нәсілшілдік митингілер мен қауесеттерді таратушы өкіл енді Гандиді өзіне шақырып егер де оларды «тани алса жазаға тартатындығын»мәлімдеді.Ганди:«кешіріңіз мені,соққыға жығушыларды емес, олардың басшылары мен дем берушілерін жазалағаныңыз дұрыс болар еді» деп жауап берді.
Гандидің өзін соққыға жығушыларға рақымшылық жасау арқылы жазадан алып қалуы ақнәсілділер мен үнділердің арасында жағымды әсерлер қалыптастыра түсті.Ол жергілікті халық арасында үлкен құрметке ие бола бастады.
Ганди адамдар үшін тындырымды тірліктер атқарғанына қарамастан сол қызметтері оны қанағаттандырып қоймады.Ол әр күні екі сағат ауруханада бауырластық, мейірбандықпен ауру-науқастарға жәрдемдесті.Оба эпидемиясы кең тараған тұста ол көптеген еріктілер мен жақтастар жинап өзімен бірге ауруханада науқастарға жәрдемдесуге алып барды.Осы жылдары Ганди әлемдік дін мен философияны жаңаша сипатта оқи отырып, өзіне Лев Толстойды
табады.«Толстой бейнесіндегі Ресей маған өзімнің күш қолданбай қарсыласу бағытыма нұсқау берген ұстазды берді» деп жазды кейін Ганди.
1906 жылы 22 тамызда Трансваль үкіметі үнділіктер «Қара заң» деп атап кеткен заңдар жүйесін жариялады.Бұл заң бойынша барлық үнді еркектерімен әйелдері және сегіз жасқа толған барлық үнді балалары полиция тіркеуіне тұрып, саусақ іздерін қалдырып және ерекше куәлік алуы тиіс болды.Бұл заңға бағынғысы келмегендер сотталды немесе жер аударылды.
Мұндай тіркеулер үнділіктерді қылмыс жасайтындармен бір деңгейге қойды.Мұнымен шектеліп қоймай, полицейлер үнділіктердің тұрағына баса көктеп кіруге және үнді салты бойынша әйелдің денесіне қол тигізуге болмайтын дәстүрлерін аяққа басты.Бұл заңды оқыған Ганди: «Мұндай заңмен келіскенше, өлген артық деп» тұжырым жасады.Үнділіктердің көпшілігі ашу-ызаға булығып, тіпті кейбіреулері үйіне баса-көктеп кірген ақнәсілдерді атып тастайтындарын мәлімдеді.Оларға үндеу арнаған Ганди бұл жолдың арты жамандыққа апаратынын айтып, қарсыласудың жаңаша формасын ұсынды.
Ганди алғаш рет күш қолданбай қарсыласу идеясын жариялап, оған беретін атау мен анықтама іздеді.Ақыры, ол өзінің ең кенжн ұлы Сатьграханың атын өз идеясына атау етіп бекітеді.Бұл сөз адамгершілік жолмен қарсыласуды білдірді, қанға-қан ұрандарына мүлдем қарама-қайшы бағытта болатын.
Ганди үкіметке үнділіктерді кемсітетін заңдарды қабылдайтын болса, сатьяграханы жариялайтындығын мәлім етті.Алайда, мұндай талапқа құлақ аспаған жергілікті үкімет заңды қабылдады.
1908 жылы 1 қаңтарда сатьяграха Иоханнесбургте митингті бастап, тіркеуге шақырылатын қағаздарын мыңдаған үнділіктер отқа өртеп жіберді.Ганди тұтқындалып, абақтыға жабылды, алайда қозғалыс одан әрі ушыға түсті. «Түрлі түстілер заңды айыптады, абақтылар адамдарға толып кетті, бірақ, репрессия ешқандай нәтиже бере қоймады.Билік өте сұрқия әдіс ойлап тапты:Гандиді түрмеден босатып, тіке генерал Смитске алып
барды.Генерал егер үнділіктер сатьяграханы доғарса, «қара заң» қайтадан алынып тасталатындығын айтады, алайда, үнділіктер бір рет өздері туралы үкіметке толық мәлімет береді, өйткені, бұл үнділіктердің санын есептеп отыру үшін қажет деп мәлімдейді.Ганди бұл ұсынысқа келісіп, сатьяграханы тоқтады.Бұл барлық үміттің тас-талқан болғаны сияқты болды.Үнділер жеңіліспен шектелді.Көптеген үнділер Гандиді «сатқын» деп ойлады.Ганди бәрін қайтадан бастауды ойластырды.
Ганди азаматтық бағынбау тактикасын жариялайды да ұзақ мерзімге абақтыға жабылады.Түрмеден шыққан Ганди сатьяграханы бүкіл Оңтүстік Африка аумағында жүргізуді мақсат етіп,күрестің масштабын кеңейтуді ойластырды.1913 жылы Натальдағы тау кеншілерінің наразылығын Ганди ұйымдастырды.Наразылық шерулері бүкіл елге тарай түсті.Кеншілердің шеруіне қарсы үкімет қару қолданып, көптеген жұмысшылар жұмыстарын атқарудан бас тартқандары үшін нақақтан-нақақ атылды.
Түрмелер мыңдаған адамдарға, соның ішінде әйелдер мен жастарға да толып кетті.Антисанитарияның болмауы мен адами құндылықтарға жат түрде қараудың салдарынан мыңдаған адамдар көз жұмды.Гандидің өзі де абақтыға жабылып, сол жердегі адамдардың ертеңгі күнге деген сенімдері мен қайғы-уайымдарын жеңілдету жолында жұмыстар атқарды.
Қозғалыс бәсеңдеген тұста билік Гандиді бостандыққа қоя берді, алайда ол қапастан шыға сала, қайтадан наразылық шерулерін ұйымдастыруға бел шеше кіріседі.
1913 жылы 6 қарашада ол Наталь мен Трансваль арасындағы әйгілі бейбіт шеруге басшылық жасайды.Бұл заңды бұзушылыққа жатты, өйткені,рұқсатсыз демонстрация ұйымдастыртыру былай тұрсын,үнділерге бір провинциядан екіншісіне көшуіне,баруына қатаң түрде тиым салынған.
Ганди күн санап артып келе жатқан мыңдаған топтың басында келе жатты.Үкімет шақырған жауынгерлер шерушілерге қарсы оқ шығындауды артық санап, атпен басып өтуді ойластырды.Алайда, дәл осындай тәсілмен
тапберген жауынгерлер алдына көтерілісшілер жерге жата қалды да, аттар жердегі адамдарды жаныштауға бір адым баспай қойды.
Оңтүстік Африкадағы оқиғалар мен жаңалықтар мұхиттың арғы жағындағы Америка мен Европа елдерін бей-жай қалдырмады.Үнділіктерді қолдау мақсатында көзі ашық, көкірегі ояу көптеген қоғам қайраткерлері Альберт Эйнштейн,Бернард Шоу,Бертран Рассел т.с.с. ағылшын басқыншылығын ашық түрде айыптады.
Билік өз райынан қайтуды жөн деп тауып, ақыры ұзаққа созылған келіссөздер нәтижесінде 1914 жылы 30 маусымда келісімге қол қойылды.Үнділіктерді кемсітетін және масқаралайтын барлық нәсілдік типтегі заңдар күшін жойды.Гандидің Оңтүстік Африкада жиырма жылға созылған күресі жеңіспен аяқталып, ол өз отанына қайтып оралады.