Жиырма сегізінші сӨз

Ей, мұсылмандар! Біреу бай болса, біреу кедей болса, біреу ауру, біреу сау болса, біреу есті, біреу есер болса, біреудің көңілі жақсылыққа мейілді, біреудің көңілі жаманшылыққа мейілді - бұлар неліктен? - десе біреу, сіздер айтасыздар: құдай тағаланың жаратуынан, бұйрығынша болған іс деп. Жә, олай болса, біз құдай тағаланы ғайыбы жоқ, міні жоқ, өзі әділ деп иман келтіріп едік. Енді құдай тағала бір антұрғанға, еңбексізге мал береді екен. Бір құдайдан тілеп, еңбек қылып, пайда іздеген кісінің еңбегін жандырмай, қатын-баласын жөндеп асырарлық та қылмай, кедей қылады екен. Ешкімге залалсыз бір момынды ауру қылып, қор қылады екен. Қайда бір ұры, залымның денін сау қылады екен. Әке-шешесі бір, екі баланың бірін есті, бірін есер қылады екен. Тамам жұртқа бұзық болма, түзік бол деп жарлық шашып, жол салады екен. Түзікті бейіске шығарамын, бұзықты тозаққа саламын деп айта тұра, пендесінің біреуін жақсылыққа мейілдендіріп, біреуін жаманшылыққа мейілдендіріп, өзі құдайлық құдіретімен біреуін жақсылыққа бұрып, біреуін жамандыққа бұрып жіберіп тұрады екен. Осының бәрі құдай тағаланың ғайыпсыз, мінсіз ғафур[29] рахимдығына, әділдігіне лайық келе ме? Жұрт та, мүлік те - өзінікі. Бұл қылғанын не дей аламыз? Өз мүлкін өзі не қылса қыла береді. Оны ғайыпты, болды дей алмаймыз десең, ол сөзің құдай тағаланың ғайыбы, міні жоқ емес, толып жатыр, бірақ айтуға бата алмаймыз дегенің емес пе? Олай болғанда, пенде өз тырысқандығыменен не табады? Бәрін қылдырушы өзі екен. Пенде пендеге өкпелейтұғын ешнәрсе жоқ. Кім жақсылық, кім жамандық қылсадағы құдайдан келген жарлықты қылып жүр екен дейміз бе?

Әрбір ақылы бар кісіге иман парыз, әрбір иманы бар кісіге ғибадат парыз екен. Және де әрбір рас іс ақылдан қорықпаса керек. Жә, енді біз ақылды еркіне жібермесек, құдай тағаланың ақылы бар кісіге иман парыз дегені қайда қалады? «Мені таныған ақылменен таныр» дегені қайда қалады? Дініміздің бір жасырын тұрған жалғаны жоқ болса, ақылды, оны ойлама дегенімізге пенде бола ма? Ақыл тоқтамаған соң, діннің өзі неден болады? Әуелі иманды түзетпей жатып, қылған ғибадат не болады? Жоқ, сен жақсылық, жамандықты жаратқан - құдай, ләкин қылдырған құдай емес, ауруды жаратқан құдай, ауыртқан құдай емес, байлықты, кедейлікті жаратқан құдай, бай қылған, кедей қылған құдай емес деп, нанып, ұқсаң болар, әйтпесе - жоқ.

ЖИЫРМА ТОҒЫЗЫНШЫ СӨЗ

Қазақтың мақалдарының көбінің іске татырлығы да бар, іске татымақ түгіл, не құдайшылыққа, не адамшылыққа жарамайтұғыны да бар.

Әуелі «Жарлы болсаң, арлы болма» дейді. Ардан кеткен соң, тірі болып жүргені құрысын. Егер онысы жалға жүргеніңде жаныңды қинап еңбекпенен мал тап деген сөз болса,- ол ар кететұғын іс емес. Тыныш жатып, көзін сатып, біреуден тіленбей, жанын қарманып, адал еңбекпен мал іздемек - ол арлы адамның ісі.

«Қалауын тапса қар жанады», «Сұрауын тапса адам баласының бермесі жоқ» деген ең барып тұрған құдай ұрған сөз осы. Сұрауын табамын, қалауын табамын деп қорлықпенен өмір өткізгенше малды не жерден сұрау керек, не аққан терден сұрау керек қой.

«Атың шықпаса, жер өрте» дейді. Жер өртеп шығарған аттың несі мұрат? «Жүз күн атан болғанша, бір күн бура бол» дейді. Тәңірге жазып мінбей-түспей, арып, шөмеңдеп диуаналықпен бір күн болған буралық неге жарайды?

«Алтын көрсе, періште жолдан таяды» дейді. Періштеден садаға кеткір-ай! Періште алтынды не қылсын, өзінің көрсеқызар сұмдығын қостағалы айтқаны.

«Ата-анадан мал тәтті, алтын үйден жан тәтті» дейді. Ата-анасынан мал тәтті көрінетұғын антұрғанның тәтті дерлік не жаны бар? Ата-анасын малға сатпақ ең арсыздың қылығы емес пе? Ата-ана шамасы келсе, михнаттанып мал жиса да, дүниелік жиса да, артымда балаларыма қалсын дейді. Ол ата-анасын сатқан соң, құдайға дұшпандық іс емес пе? Осындай білместікпенен айтылған сөздеріне бек сақ болу керек.

ОТЫЗЫНШЫ СӨЗ

Қырқын мінсе қыр артылмайтұғын осы бір «қырт мақтан» деген бір мақтан бар, сол неге керек, неге жарайды? Ол ар, есті білмейді, намысты білмейді, кең толғау, үлкен ой жоқ, не балуандығы жоқ, не батырлығы жоқ, не адамдығы жоқ, не ақылдығы, арлығы жоқ. Мойнын бұрып қойып: «Өй, тәңірі-ай, қойшы әрі, кімнен кім артық дейсің, кімнің басы кімнің қанжығасында жүр, ол менің қазаныма ас салып беріп жүр ме, мен онан сауын сауып отырмын ба» - деп бұлғақтап, немесе: «аяғаным жаным ба? Өй, енесін ұрайын, өліп кетпей неге керек? Азар болса атылып, я осы үшін айдалып кетсем де көнгенім-ақ! Әйтеуір бір өлім бар ма» деп қалшылдайтұғын кісі көп қой.

Өздерің көріп жүрсіңдер, осы айтқан сөз бойына лайық қазақ көрдіңдер ме? Өлімге шыдайтұғын қазақ көргенім жоқ, өлімге шыдамаймын деген де қазақ көргенім жоқ, кеңірдегін ғана көрсетеді-ау «қиылып қала қалайын» деп. Егер осы сөз бойына лайық кісі көрінсе, ақылы жоқ болса да, қайратыменен-ақ кісі айдындыратұғын адам болғаны ғой! Егер шын айғайды көргенде, кірер жерін таба алмайтұғын дарақы, жұртты осы сөзімен айдындырамын, «мына кәпірден кісі шошитұғын екен» дегізіп айдындырайын деп айтып отырған құр домбытпасы болып, босқа қоқиып отырса, соны не дейміз? Ай, құдай-ай! Жанға мырза қылатұғын, ердің жадағайда-ақ сертке тұрғыштығы, малға мырзалығы, дүниені бір тиын есеп көрмейтұғыны, жомарттығы - әртүрлі белгісі бойында тұрмас па еді? «Ұялмас бетке талмас жақ береді» деп, көп былжыраған арсыз, ұятсыздың бірі-дағы.

ОТЫЗ БІРІНШІ СӨЗ

Естіген нәрсені ұмытпастыққа төрт түрлі себеп бар: әуелі көкірегі байлаулы берік болмақ керек; екінші - сол нәрсені естігенде я көргенде ғибрәтлану[30] керек, көңілденіп, тұшынып, ынтамен ұғу керек; үшінші - сол нәрсені ішінен бірнеше уақыт қайтарып ойланып, көңілге бекіту керек: төртінші - ой кеселді нәрселерден қашық болу керек. Егер кез болып қалса, салынбау керек. Ой кеселдері: уайымсыз, салғырттық, ойыншы-күлкішілдік, я бір қайғыға салыну, я бір нәрсеге құмарлық пайда болу. Бұл төрт нәрсе - күллі ақыл мен ғылымды тоздыратұғын нәрселер.

ОТЫЗ ЕКІНШІ СӨЗ

Білім-ғылым үйренбекке талап қылушыларға әуел білмек керек. Талаптың өзінің біраз шарттары бар. Оларды білмек керек. Оларды білмей, іздегенмен табылмас.

Әуел - білім-ғылым табылса, дүниенің бір қызықты нәрсесіне де керек болар еді деп іздемеске керек. Аның үшін білім-ғылымның өзіне ғана құмар, ынтық болып, бір ғана білмектіктің өзін дәулет білсең, һәм әр білмегеніңді білген уақытта көңілде бір рахат хұзур хасил[31] болады. Сол рахат білгеніңді берік ұстап, білмегеніңді тағы да сондай білсем екен деп үміттенген құмар, махаббат пайда болады. Сонда әрбір естігеніңді, көргеніңді көңілің жақсы ұғып, анық өз суретімен ішке жайғастырып алады.

Егер дін көңілің өзге нәрседе болса, білім-ғылымды бірақ соған себеп қана қылмақ үшін үйренсең, ондай білімге көңіліңнің мейрімі асырап алған шешеңнің мейрімі секілді болады. Адам көңілі шын мейірленсе, білім-ғылымның өзі де мейірленеді, тезірек қолға түседі. Шала мейір шала байқайды.

Екінші - ғылымды үйренгенде, ақиқат мақсатпен білмек үшін үйренбек керек. Бахасқа бола үйренбе, азырақ бахас көңліңді пысықтандырмақ үшін залал да емес, көбірек бахас адамды түземек түгіл, бұзады. Аның себебі әрбір бахасшыл адам хақты шығармақ үшін ғана бахас қылмайды, жеңбек үшін бахас қылады. Ондай бахас хүсідшілікті[32] зорайтады, адамшылықты зорайтпайды. Бәлкім азайтады. Және мақсаты ғылымдағы мақсат болмайды, адам баласын шатастырып, жалған сөзге жеңдірмекші болады. Мұндай қиял өзі де бұзықтарда болады. Жүз тура жолдағыларды шатастырушы кісі бір қисық жолдағы кісіні түзеткен кісіден садаға кетсін! Бахас - өзі де ғылымның бір жолы, бірақ оған хірслану[33] жарамайды. Егер хірсланса, өз сөзімшіл ғұруырлық[34], мақтаншақтық, хүсідшілік бойын жеңсе, ондай кісі адам бойына қорлық келтіретұғын өтіріктен де, өсектен де, ұрсып-төбелесуден де қашық болмайды.

Үшінші - әр хақиқатқа тырысып иждиһатыңмен көзің жетсе, соны тұт, өлсең айрылма! Егерде ондай білгендігің өзіңді жеңе алмаса, кімге пұл болады? Өзің құрметтемеген нәрсеге бөтеннен қайтіп құрмет күтесің?

Төртінші - білім-ғылымды көбейтуге екі қару бар адамның ішінде: бірі - мұлахаза[35], екінші - мұхафаза[36]. Бұл екі қуатты зорайту жаһатінде болмақ керек. Бұлар зораймай, ғылым зораймайды.

Бесінші - осы сөздің он тоғызыншы бабында жазылған ақыл кеселі деген төрт нәрсе бар. Содан қашық болу керек. Соның ішінде уайымсыз салғырттық деген бір нәрсе бар зинһар[37] жаным, соған бек сақ бол, әсіресе, әуел құданың, екінші - халықтың, үшінші - дәулеттің, төртінші - ғибраттың, бесінші - ақылдың, ардың бәрінің дұшпаны. Олар бар жерде бұлар болмайды.

Алтыншы - ғылымды, ақылды сақтайтұғын мінез деген сауыты бар. Сол мінез бұзылмасын! Көрсе қызарлықпен, жеңілдікпен, я біреудің орынсыз сөзіне, я бір кез келген қызыққа шайқалып қала берсең, мінездің беріктігі бұзылады. Онан соң оқып үйреніп те пайда жоқ. Қоярға орны жоқ болған соң, оларды қайда сақтайсың? Қылам дегенін қыларлық, тұрам дегенінде тұрарлық мінезде азғырылмайтын ақылды, арды сақтарлық беріктігі, қайраты бар болсын? Бұл бір ақыл үшін, ар үшін болсын!

ОТЫЗ ҮШІНШІ СӨЗ

Егер де мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды. Алдау қоспай адал еңбегін сатқан қолөнерлі - қазақтың әулиесі сол. Бірақ құдай тағала қолына аз-маз өнер берген қазақтың кеселдері болады.

Әуел - бұл ісімді ол ісімнен асырайын деп, артық ісмерлер іздеп жүріп көріп, біраз істес болып, өнер арттырайын деп, түзден өнер іздемейді. Қолындағы аз-мұзына мақтанып, осы да болады деп, баяғы қазақтың талапсыздығына тартып, жатып алады.

Екінші - ерінбей істей беру керек қой. Бір-екі қара табылса, малға бөге қалған кісімсіп, «маған мал жоқ па?» дегендей қылып, еріншек, салдау, салғырт, кербездікке салынады.

Үшінші - «дарқансың ғой, өнерлісің ғой, шырағым», немесе «ағеке, нең кетеді, осы ғанамды істеп бер!» дегенде маған да біреу жалынарлыққа жеткен екенмін деп мақтанып кетіп, пайдасыз алдауға, қу тілге алданып, өзінің уақытын өткізеді. Және анаған дүниенің қызығы алдауды білген дегізіп, көңілін де мақтандырып кетеді.

Төртінші - тамыршылдау келеді. Бағанағы алдамшы шайтан тамыр болалық деп, бір болымсызын берген болып, артынан үйтемін-бүйтемін, қарық қыламын тамырым, досым десе, мен де керектінің бірі болып қалыппын ғой деп және жасынан іс істеп үйден шықпағандық қылып, жоқ-барға тырысып, алдағанды білмей, дереу оның жетпегенін жеткіземін деп, тіпті жетпесе өзінен қосып, қылып бер дегенінің бәрін қылып беріп, күні өтіп еңбек қылар уақытынан айрылып, «жоғары шыққа» қарық болып, тамақ, киім, борыш есінен шығып кетіп, енді олар қысқан күні біреудің малын бұлдап қарызға алады. Оны қылып берейін, мұны қылып берейін деп, сонымен табысы құралмай, борышы асып, дауға айналып, адамшылықтан айрылып, қор болып кетеді. Осы несі екен? Қазақтың баласының өзі алдағыш бола тұрып және өзі біреуге алдатқыш болатындығы қалай?

Наши рекомендации