Лекция. Әлемдік діндер және мәдениет

Жоспар:

1.Христиан дінінің әдет –ғұрыптары.

2.Орыс православие шіркеуі: діннің сипатындағы ерекшеліктер мен эстетикалық артықшылықтары.

3.Ежелгі орыс мәдениеті мен икона жазу ісі. Шіркеулер мен құлшылық жасау түрлері.

Қазіргі кезде әлемнің әр түкпірінде христиан дінінің өкілдерін кездестіруге болады. Ол дүниежүзі халықтары санының 1/5-ін құрайды. Христиан діні ең алғаш рет Палестинада пайда болды. Ол 1 млрд. 400 мың өкілі бар әлемдік дінге жатады. Христиан діні уахи-аянға және қасиетті кітапқа сүйенетін, түп негізінде біртәңірлік сенімі бар, сонымен қатар үштік сенімге бас иетін тәңірден келген дін болып табылады. Бұл дінде де пайғамбар, періште ақырет, тағдыр сияқты діни түсініктер бар. Бірақ бұл ұғымдардың Ислам дінінен едәуір айырмашылықтары бар.

Христиандықта Иса маңызды орынға ие. Қазіргі таңдағы христиандық иудаизмнің сенім, құлшылық және дәстүрлерімен Грек-Рим әлемінің діни салт-дәстүрлерін біріктірген құтқарушы Тәңір діні.

Христиан дінінде Иса – ұлы тұлға. Христиан діні назареттік Исаны басшылыққа алатын иудей мәсіхшілігінің басты негізі болып табылады. Иса Израйльді келешекте жүзеге асатын Құдай Патшалығына әзірлеген болатын. Бірақ қазіргі христиан діні Исаның шәкірттерінің арасына кейіннен қосылған Павелдің пайымдауларымен мүлдем басқаша сипат алды.

Христиан дегеніміз – Мәсіхке бас иію дегенді білдірді. Бұл сөз грекшедегі Христостан шыққан. Ивритшесі – Машиях сөзі «майланған» деген мағынаны білдіреді. Патшалар қызметіне кіріспес бұрын маймен сыланғандықтан иудейлер ілгері заманда келуге тиісті құтқарушыларын осылай атайтын болған. Хз. Иса өзін иудей әрі мәсіх екендігін мәлімдеген болатын. Бірақ иудейлер оған сенбеді. Өйткені олар мәсіх бір келсе, Дәуіттің ұрпағынан келетініне, патша болатынына, тек қана еврейлерді құтқаратынына және оларды дүниежүзіне үстем ететініне бек сенімді еді. Дегенмен Хз. Иса пайғамбар ретінде адамдарды туралыққа, бауырластыққа, сүйіспеншілікке, жанқиярлыққа, қысқасы ақиқатқа шақырған еді. Иудей діндарлары діннің негізінен ауытқып, формализмге және пайдакүнемдікке ұрынды. Хз. Исаның айтқан сөздері, ой-пікірлері олардың мүдделеріне қайшы келді. Тек қана халық арасынан саф таза, күнәһар болса да көңілі шынайы аз ғана адам оған сенді. Мұның нәтижесінде ресми иудейлік орталардың және римдіктердің назары Хз. Иса мен оның төңірегіндегілерге ауды. Алайда иудейлер түрлі жаугершілік, соғыс, басқыншылықтар мен қиыншылықтардан кейін өздерін бұдан құтқарып, Хз. Дәуіттің кезеңіндегідей сән-салтанатқа жеткізіп, әлемнің билігін алып беретін құтқарушы патшаны күткен болатын. Хз. Иса оларға келетін Тәңір Патшалығымен қатар оларға осы дүниелік емес ақыреттік, рухани және ахлақи нәрселерге шақырды. Бұл насихатқа мойынсұнғысы келмеген және өздерінің пайдаларын алға қойған иудейлер айқыш ағашқа керілуге себепкер болды. Уақыт өте келе христиандар айқыш ағаш оқиғасы жайында сенім негіздерін ойластырып жатқанда, яхудилер Мәсіх жеңімпаз болады, айқышқа өлмейді деп Хз. Исаның Мәсіх еместігін айтып оның пайғамбарлығын қабыл етпеді. Иудейлер Хз. Исаны күнәһар, жай жүрген қарапайым адам ретінде көрсе, христиандар тіптен ұшқары кетіп, оны тәңірге айналдырып жіберді. Ислам діні «айқыш» оқиғасына жаңа түсінік қалыптастырып, айқышқа керілген Хз. Иса еместігін мәлімдеді. Інжілдерде Хз. Иса өз шәкірттерімен айқышқа керілгеннен үш күн өткеннен кейін 40 күндей бірге болғандығы айтылған. Ал Ислам діні Хз. Иса тәңірдің емес, Мариямның ұлы, Аллаһтың құлы әрі елшісі екендігін дәріптеді. Осылайша христиандар мен иудейлер арасындағы түрлі келіспеушіліктер, қайшылықтар мәселесі нақты айқындалды, екеуінің арасынан ортақ ерекшеліктер қалыптасты.

Інжілдерде «христиан», «христиан діні» секілді сөздер кездеспейді. Бұл терминдер тұңғыш рет Хз. Исадан 20-30 жылдан кейін Антакияда қолданыла бастады (116). Бұл Інжілдер Хз. Исаның өмір жолдары жазылған кітап секілді ерекшелікке ие.

Христиан діні монотейстік дінге жатады. Інжілдерде және өзге жазбаларда осы пікірімізді растай түсетін сөздер бар. Онда Құдайдың бірлігі туралы сөз болады (117). Бірақ дәл сол Інжілдердегі бірқатар сөйлемдер, астарлы сөздер кейініректе үштік түсініктің шығуына жол ашты. Бұл мәселеде Інжілдің авторлары өздеріне жеткен деректерді жинап, топтастырды. Шіркеу дұрысқа шығарған бұл жазбаларда Иса «Тәңірдің ұлы», ал Құдай «Исаның әкесі» ретінде сипатталды. Сонымен қатар дәл сол жазбаларда Иса үшін «пайғамбар» атауы қолданылады Інжілдерде Исаның Тәңірге дұға еткендігі, сонымен бірге кейбір адамдардың Исаға сәжде еткендігі, оның күнәларды кешіргендігі айқын көрінеді.

Інжілдерде Тәңірге қатысты баяндаулар Исаға қарағанда тым аздау. Сондай-ақ Құдай «көк пен жердің тәңірі», оның «бір» екендігі де сөз болады.

Үштік түсінікті өте айқын түрде христиан дінінің қасиетті кітабының ешбір жерінен кездестіре алмаймыз. Бірақ « Мен және Әке – бірміз», «Әкеміздің рухы», «Құдайдың рухы» сияқты тіркестер бірте-бірте Құдайдың қатарында Иса мен Киелі Рух та бар деген пайымдауларға жол ашты. Мұндай пікірді алғаш айтқан хауариларға кейіннен қосылған Павел болатын. «Исаның ғасырының ең үлкен теологы» деген Павел қазіргі христиан дінінің негізін салған тұлға ретінде көрінеді. Қазіргі заманның ғылыми болжамдары бойынша қазіргі таңдағы христиан діні – Иса әкелген жүйе дегеннен гөрі Паувелдің жеке пайымдаулары, пікірлері болып табылады. Тіпті кейінгі ғасырларда христиандар діни сенімдерін Інжілдерден гөрі Павелдің жорамал, пайымдауларынан ала бастағандығы айтылады. Павел Құдайды емес, Иса Мәсіхті ерекше дәріптеді. Оның пікірінше Иса жай бір адам емес, Құдайдың құдіретімен тірілген тұлға. Иса Мәсіх еді. Павел Исаның туылуы, өмірі, уағыздары және іс-әрекеттері туралы сөз қозғамайды. Оның бар әңгімесі Исаның айқышқа керілуі және қай тірілуі төңірегінде. Хз. Иса жайында тоқталмаса да Павел негізгі күнә жайындағы ойларында өте мұқиятты. Оның пайымдауынша адам қатаң Таураттың талабымен емес, Исаның өлімі мен қайта тірілуімен өзін кемелдендіретін шомылу арқылы құтыла алады (118).

Павелдің айтуынша Таураттың мақсаты бір айнада өз бейнесін көргені секілді, адамға күнәһәр екенін көрсету. Өлімнің себебі күнә болатын және Павел күнәнің бастауын адамзаттың атасы Хз. Адам (а.с.)-ның мойынсұнбағанына дейін апарады (119). Бұл негізгі күнә сенімі тек Павелдің ғана емес, біршама иудей ғұламаларының көзқарасы. Бірақ бұл көзқарас христиандарда болғаны сияқты, яхудилердің арасында да оның жақтаушылары кездеспейді.

Павелдің пайымдауынша барлық адам – күнәһар. Павел «адам –тумысынан күнәһар» деген көзқарасты қатаң ұстанды. Оның ойынша Адам (а.с.) пайғамбар абайсызда тыйым салынған жемісті жеп қоюының кесірінен әрбір туылған нәресте дүниеге күнәһар болып туылады. Бұл күнә олар жасап қойған жаман әдеттерден, олардың лас, күнәһар табиғатынан туындайды. Бірақ Иса адам табиғатындағы осындай жамандықтан құтылар жолды тапты. Исаның өлімі арқылы бүкіл адамзаттың күнәсі кешірілді. Исаның қайта тірілуі соның бір дәлелі. Адам пайғамбар және Иса – адам баласының өкілі. Біріншісі – адамзатты күнә батпағына белшесінен батырса, соңғысы – сол күнәні жоятын жолды көрсетіп кеткен. Бұның бір ғана жолы – шомылдыру рәсімінен өту. Адам шомылдыру рәсімінде Исаның өлімі мен тірілуін өзімен бірлестіру арқылы толықтай құтқарылады (120).

Негізінде Исаның тұлғалығы және қайта тірілуі жөніндегі Павелдің ой-пікірлері шешімі қиын көптеген проблемаларға жол ашты. Бұл проблемаларды былайша тізбектеуге болады: Исаның Құдай және адаммен қатынасы қаншалықты? Оны адам немесе Құдай ретінде түсіну керек пе? Әлде бір бөлігі адам, бір бөлігі Тәңір ме? Ол бір көзқараста «Тәңірдің бір жаратқаны» ма, әлде Одан пайда болған жаратылыс па? Мәдени негіздері басқа болса да барлық адамдар күнәһар және Исаның жолынан басқа жолда болғаны үшін сынақтан өте алмаған бола ма? Адам атадан тараған барлық адамзат күнәлі, тумысынан күнәһар болса, Исаның өлімі және қайта тірілуіне байланысты жауапты бола ма?

Жиырма ғасырға жуық уақыт өтсе де әлі күнге дейін жауабы жоқ осындай сұрақтар сансыз ой-пікірлер ағымы мен мазхаптардың шығуына себеп болған еді.

Исаның табиғаты, үштік сенім, Киелі Рух, негізгі күнә, сүндеттің және яхуди дінінің дәстүрлерінен бір бөлім тыйымдарының күшін жоғалтуы сияқты мәселелердегі пікірталастар, бөлінулер, мәзһәбтар, әлі де жалғасып келе жатқан бөлінулер, адасулардың да басым бөлігі Павелдің көзқарасынан және христиан киелі кітабындағы кейбір мәліметтерден туындайды. Қазіргі таңдағы христиандық көріп тұрғанымыздай Павелдің көзқарастарына сүйенеді. Негізінде Інжілдердегі «Әкемнен естідім», «Маған берген уәделерің», «Інжілдер» секілді мәліметтерді саралар болсақ, қазіргі Христиандардың қолдарындағы Інжілдерден де бұрын кейбір Інжілдердің бар болғандығы мәлім. Лұқа Інжілінің басындағы мына сөздер мәселені анықтай түседі: «Арамызда болып жатқан оқиғаларды, басы-қасында болып, көзімен көрген және бұл сөздерге қызмет етушілердің бізге жеткізгендеріне көңіл бөлсек біршама адам оны реттестіруге кірісті, мен де басынан бастап мұқият зерттеп, анықтай отырып, Уа абзал Теофилос, болғандарды болғанындай етіп саған жеткізуді дұрыс деп таптым. Есіңде болсын саған үйретілген кәләмнің тура екендігін біл» (121)

Көңіл аударатын тағы бір мәселе ең маңызды Інжіл авторы Лұқаның Павелдің шәкірті болуы. Сол себепті киелі мәтіндер алғашқы шіркеу, алғашқы христиан сенімдері қортындылайтын болсақ христиандық Павелдің еңбегінің жемісі. Павелдің жазғанын алып тастасақ, Хз. Иса пайғамбар, Аллаһ бір, сүннет бар, доңыз етіне тыйым салынған. Сондықтан-да түпнұсқасы сақталмаған, бұрмаланған болса да, Інжіл христиандығында таухид іздерін көре аламыз (Үштік сенімі кейіннен пайда болған). Бұл тәсілді христиандық, христиан әлемі қабыл етпесе де, Барнаба Інжілі мен эбионитердің киелі жазбаларынан анық байқалады.

Христиандық сенімінің ең басты тұғыры – үштік (тәслис, троица) сенім түсіндіріледі. Бірақ бұл мәселені қозғамас бұрын ол діннің сенім негіздерін жете түсініп алған жөн. Бұлардың кейбіріне қысқа-қысқа тоқталған болатынбыз.

Адамзат ғасырлар бойы Христиан дінінің сенім негіздері төңірегінде айтысып-тартысып келді. Қандай да бір адам христиан дініне кірсе, әуелі шомылдыру рәсімінен өтіп, иманға тілін келтіру керек болады. Жалпы, иман негіздері христиан дінінің киелі кітабында нақты көрсетілмеген. Иман негіздері алғашқы шәкірттер мәжілісінен бастап, әсіресе IV-V ғ.ғ. мәжілістерде мықтап орныға бастады. Кейінгі мәжілістерде да өзге мәселелермен қатар, сенімге жататын мәселелердің барлығын бір негізге біріктіруге тырысты. Бірақ сенім мәселесінде шіркеулер мен ағымдардың пікірлері ортақ болғаны сияқты әр түрлі көзқарас ұстанғандары да болды. Біз бұл жерде бүкіл христиан атаулы қабылдаған сенім жүйесі деп аталатын ортақ сенімдері туралы қысқаша мәлімет бере кетеміз. IV ғасырға тән үш бөлімді және он екі тармақты сенім жүйесі төмендегідей:

Мен:

Мен, Құдайға, құдіретті Әкеге

және Оның бірден-бір баласы Құдай Исаға

Исаның жас Мариям мен Киелі Рухтан туылғандығына

Пилат заманында айқышқа керілгеніне, өлгенініне және көмілгеніне

Үшінші күні өлілер арасынан тірілгеніне

Көкке көтерілгеніне

Әкенің оң жағында отырғанына

Ол жерден өлілер мен тірілерді соттау үшін түсетініне

Және Киелі Рухқа

Қасиетті шіркеуге

Барша күнәлардың кешірілетіндігіне

Өлілердің тірілетініне, мәңгі өмірдің бар екендігіне сенемін.

Жоғарыда айтылып өткен он екі тармақ үш бөлімге бөлінеді. Олардың алғашқысы Тәңірмен, екіншісі Иса, ал үшіншісі Киелі Рухпен, тоқ етерін айтқанда Шіркеумен байланысты. Сондықтан христиан сенімдері «үштіктің» үш тармағына шоғырланады.

Христиан киелі кітабында үштік сөзі және үштік сенімді түсіндіретін нақты бір белгі жоқ. Сонымен қатар Хз. Исаның хауарилерге «Әке, Ұл және Киелі Рух атымен баптизм жасаңдар» (194) түрінде бұйрық бергендігі білдіріледі. Бірақ алғашқы мәжілістерде бұл мәселе жайында пікірталас болған; Изник Соборында (325 жылында) Әке мен Ұлдың, Стамбұл соборында (381жылында) Киелі Рухтың тәңір екендігі туралы шешім қабылданды. Осылайша қабыл етілген «тәслис (үштік) сенімі» пайда болды.

Иудей дәстүрінде біртәңірлік басым болғанымен мұндай ортадан шыққан христиандықта үштіктің орын алуы, Исаны тәңір дәрежесіне көтеру теологиялық нәтиже ретінде байқалады. Киелі Рухтың да өз алдына құдайлық жаратылыс ретінде көрінуі үш бөлек тәңірді ортаға шығарды. Бұл жағдайға шешім табу үшін Әке, Ұл және Киелі Рух тәңірліктің үш бөлек көрінісі болғандығын қамтитын тәслис (үштік) үлгісі пайда болды. Грекше үштік сөзі (trias), алғаш рет антакиялық Теофил тарапынан шамамен 180 жылдары қолданылған. Үштік доктринасы христиандар бойынша өз басына адам ақылымен емес, тек қана аян арқылы түсінілетін бір сыр. Сондықтан да тәслис «түсіндірілуі» қиын, оған сену міндетті болған сыр ретінде қарастырылады. Алайда білуіміз тиіс нәрсе тәслис христиандардың алғаш болып тапқан доктринасы емес. Басқа кейбір діндерде философиялық-теологиялық мәселеде христиандықтан бұрын да үштік сенім кездеседі. Шумерлерде Ану-Энлил-Эа, Мысырда Осирис-Исис-Хорус, индуизмде Бхарма-Вишну-Шива, Тибетте Ом-Ха-Хум түрінде, Ежелгі Грецияда Зевстің айналасында құрылған троица (Зевс-Гера-Аполло) назар аудартады.

Христиан діні сол өркен жайған ортадағы үстем болған діндердің, сенімдердің және мәдениеттердің ықпалына ұшырап отырды, олардың кейбір ерекшеліктері мен қасиеттерін өзіне сіңірді. Осылайша бастапқыда болмаған үштік сенімі христиан дініне кейіннен кірген әр түрлі элементтердің бірі ғана еді.

Үштік сенім – Әке, Ұл, Киелі Рух сияқты үш элементтен тұрады.

1. Әке (Құдай): Христиан дінінде үштік сенімнің ең бірінші әрі басты элементі – Әке. Христиандықта Құдай тағала Әке ретінде танылады. Құдай ең кәміл, мәңгі саф таза рух. Ол барлық нәрсенің жаратушысы әрі иесі. Мәңгілік, барлық жерден табылады және бүкіл нәрсені біледі. Бірақ Құдай тағалада осы қасиеттердің барлығы бөлек, жеке-дара емес, бір бүтін болып табылады. Құдай бәрін де көріп тұрушы. Ешкім Оны көре алмайды (Христиан шіркеуінің көзқарасы бойынша болмысы көрінбеген Құдай тағала өзін Иса Мәсіх арқылы көрсеткен). Христиандардың сенімі бойынша Құдайдың мән-мағынасы – сүйіспеншілік. Өз ұлы Исаны адамдарды күнәдан құтқару үшін мына дүниеге жіберуі арқылы Құдай осы сүйіспеншілігін көрсетті. Құдайдың негізі – Әке құдай, Ұл құдай және Киелі рух құдай болып көрінсе де, бәрібір бұлардың барлығы бір-ақ нәрсе. Бөлінбейтін негіз. Өйткені негіз – ол рух. Рухта бөліну қасиеті жоқ. Сондықтан Құдай бір. Құдай қасиетті үштік болып табылады.

«Киелі Үштіктің әрбірі Тәңір. Әке Тәңір, Ұл Тәңір және Киелі Рух Тәңір. Бұларды бір тәңірдің түрлі көріністері, сипаттары ретінде түсіндіруге күш салуда. Христиандықта бұл үштік түсіндірілуі қиын, бірақ сенілуі тиіс бір сыр ретінде қарастырылады.

Төрт інжілде де Тәңірдің бірлігі, ұлылығы, шексіз құдіреті, жарату қасиеті бар. Інжілдер Тәңірдің бар екендігі жайында қайшы пікірге түспейді. Жалғыз Тәңірдің ежелден әрі соңы жоқ екендігінен сөз қозғайды. Мысалы Жоқан Інжілінде Тәңір жайында тек қана «бар еді» дегеннен басқа түсіндірулер жоқ (195). Мұнымен қатар бұл жағдай Тауратта да солай. Христиан сенімі бойынша «Әке» ретінде бейнеленген Тәңір нұр, Иса Оның ұлы. Тәңір Исаның тұлғасында адамммен бірлескен, Исаның денесі адам, рухы тәңір. Онда тәңірлік негіз бар. Адамды Тәңірмен біріктіретін сүйіспеншілік. Тәңір адамзатты Адам (а.с.)-нан бері қарай жалғасып келе жатқан негізгі күнәдан құтқару үшін ұлын жіберген. Ол айқышта өзін құрбан етіп адамзатты құтқарған.

2. Ұл (Иса Мәсіх) Әуелде Әке, Ұл, Киелі Рух бір-бірінен бөлек нәрсе деген түсінік қалыптасқан еді. Осы үшеуінің өзара тығыз байланысы 381 жылы Стамбулдағы өткен мәжілісте былай түсіндірілген болатын: Әке Құдай туылмаған, тумаған. Ұл Иса туылған. Киелі Рух құдайдан шыққан. Кейініректе 431 жылы өткен Эфес мәжілісінде Мәриям – Құдайдың анасы, Құдайтуғыш (Teotokos); ал Иса – шынайы Тәңір, тәңірлік-жаратылыстық екі табиғатқа ие адам және Иса Әке құдаймен бір негіз болып саналады. Қадыкөй мәжілісінде (451 жылы) Исаның бойында екі бөлек табиғат бар, Мариям әке жағынан алғанда құдайды, ал шешелік жағынан алғанда адам Исаны туған деген бір шешімге келді. Бірақ дегенмен Исаның бойында бір ғана табиғат бар, яғни құдайлық және жаратылыстық табиғаттың біріккенін айтып, қорғағандар болды. Кейіннен осы көзқарасты ұстанушылар Монотип болып аталып кетті.

Кейбірі айрықша Хижаз өлкесінің христиандары үштікті, ішінде Иса болумен қатар, Киелі Рухтың орнына Мәриямды қойып қалыптастырған. Христиандықта Иса және Мәриям жайында жазылғандар «кристология және мариология» деген екі білім саласының пайда болуына жол ашты.

Інжілдер бойынша Иса мәселесі айтылып жатқанда оның жеке тұлғасы пікірталасқа жол ашады. Інжілді түсіндіруде айрықша Павел Исаның өлуі, тірілуі және тәңірлігіне қатысты көзқарастарына тоқталады. Бұған тағы да Исаның туылуын, өміріндегі таңғажайып оқиғалары, кереметтерін де қосуға болады. Осылайша «Құдайдың ұлы» деген атаумен басталған түсінік оның тәңір ретінде қабылдануына әкеп соқтырды.

Павел христиандықты негізгі Исаның адамзатты құтқарған өлімі діни сыр халіне келтірген (Ежелгі Грециядағы секілді). Бұл жаңа көзқараста алғаш шәкірттерінің көргені сияқты, жалғыз тарихи адам ретінде емес, өліп тірілген және көкке көтерілген Раббысы (kyrios) ретінде сипатталады. Бұл «kyrios» термині христиан теологиясы бойынша мұғалім әрі иләһи Раббысы және патша мағынасын қамтитын барлық абыройлы атақты білдіреді. «kyrios» лақабы Исаға бағытталған дұғаларда маңызы жоғары. Сондықтан да ежелден бері христиандар иләһи Раббысы ретінде қабыл еткен Иса Мәсіхке дұға немесе оның атымен Тәңірге жалбарынады.

Христиандықта Иса адам бейнесіндегі Тәңір. Аллаһ Исада тәнге енген. Әке Аллаһ адамдарға, сүйіспеншілігі мен мейірімін көрсету үшін Иса Мәсіх бейнесінде жақындап араларында өмір сүрген. Осылайша Аллаһтың жәрдемі адамдарға Иса Мәсіх арқылы жетеді. Исаға табыну, оған құл болу, Әке Аллаһпен байланыс құру болып есептеледі. Өйткені ол Әкемен бір негіз және Әке сияқты кәміл. Ол шынайы Аллаһ. Өйткені ол түрлі мұғжизаларымен, өлуі мен тірілуі «Тәңір» екендігін көрсетті. Аллаһтың ұлы. Ол сонымен қатар адам. Бір адамды тәңір дәрежесіне көтеру пайғамбарда көрінген мұғжизалардың Аллаһқа емес ол адамға берілуінің салдарынан болғанындай, тарихта болған оқиғалар ықпал еткен болуы мүмкін.

3. Киелі Рух - Христиан дініндегі үштік сенімнің үшінші тірегі – Киелі рух. 381 жылы Стамбул мәжілісінде Киелі Рух та Әке мен Ұл сияқты тәңір деген нақты тоқтамға келді. Католиктер бойынша Киелі Рух әрі Әкеден, әрі Ұлдан шығады. Ал ортодоксальды христиандар Киелі Рухтың Ұл арқылы Әкеден шыққанына сенеді.

Киелі Рух, Әкемен бір негізде, бірақ бөлек қасиет ретінде қабыл етіледі. Киелі Рух Әкенің бүкіл құдірет-күшіне және қалау-еркіне ие. Әке, Ұл және Киелі Рух бір ғана зат болғанымен де үш түрлі тұлға. Бәрі де мәңгілік.

Киелі Рух Исаның шомылдыру рәсімінен өту кезінде Оның тәңірлігін жариялау үшін көгершін бейнесінде келіп қонған болатын. Киелі Рух Тәңір сияқты кез-келген жерде бола бермек. Бірақ ол өлтіруші күнәлардан ұзақ болған пенденің бойында жүреді. Киелі Рух адамға жақсы ойлар салады, жақсылыққа үндейді, тәубені, дұға-тілекті т.б. үйретеді. Символы – ақ көгершін. Киелі Рух шомылдыру рәсімінен кейін адам бойына кіреді. Әкеден шығып, Ұлдың бойына енген, Ұлдың бойынан шығып, адамзатқа берілген рух – ол Тәңір. Әке барлық істерді осы Киелі Рух арқылы жасайды және әрдайым сол арқылы құдіретін көрсетіп отырады. Киелі Рух қасиеттілерге, игі-жақсыларға пайғамбарлардың және елшілердің (Исаның) үндеулерін аян етіп отырады, Шіркеуді Құдайдың нығметтерімен және сыйымен толтырады. Шіркеуді қателіктерден қорғайды.

Қысқасы, Әке Құдай – Жаратушы, Иса Мәсіх – құтқарушы, ал Киелі Рух – қасиетке бөлеуші.

«Інжіл» сөзі «сүйінші, ізгі хабар» деген мағынаны білдіреді. Інжілдер дегеніміз – Христиан дінінің қасиетті кітабының (Китәб-ул Муқаддас: Библия. Грекше Библиа: кітап) бір бөлімі болып табылатын Жаңа Өсиет. Өзге бөлімі Көне Өсиет деп аталады. Христиандар басқа дін өкілдерінің (Иудаизм) киелі кітабына өз кітаптарының ішінде бөлім ретінде орын берген бір ғана мысал. Алайда христиандардың қолындағы Көне Өсиет, грек тілінде жетпіске жақын аудармасы болса да ішіндегі кітап саны бірдей емес. Көне Өсиет 39 кітаптан тұрады. Жаңа Өсиет болса 27 кітапты қамтиды. Сондықтан христиан Киелі Кітабының барлығы 66 кітап.

Жаңа Өсиетте төрт Інжіл, жиырма бір хат, Елшілердің істері және уахи жазылған. Олар III ғасырдан кейін грек тілінде жазылған 27 кітап. Жаңа Өсиеттің құрамына кіретін бұл кітаптар Исаның шәкірттерінен келген және аса сенімді деп есептеледі. Сондай-ақ Інжілдер Хз. Исаның еңбегі еместігін, қажеттілікке орай кейіннен жазылғанын, Исаның пікірлері еместігін айтушылар да табылды. Одан басқа, Інжілдерде Исаның айтқандарының бәрі жазылмаған, қайта Исаға тән емес кейбір пікір-ойлар орын алған деп есептейтін христиандар, тіпті христиан діндарлары да болды. Қазіргі кезде Інжілдерді Құран сияқты емес, хадис сияқты деп есептеу керектігін тілге тиек еткен христиан дін ғалымдары мен қаламгерлерін кездестіруге болады.

Христиан Киелі Кітабының екі негізгі бөлімін шіркеу дұрыс (каноник) санамайтын мәтіндер бар. Бұлар апокриф (күмәнді, дұрыс емес) мәтіндер деп аталады. Апокриф мәтіндерге байланысты теологтар мен ағымдар арасында пікірталастар бар. Көне Өсиеттің грек тілінде «Жетпістер Аудармасындағы» кейбір жазулар иудейлердің Киелі Кітабына шамамен б.э. ІІ-ғасырда Явнеде (Jamnia) жиналған мәжілісте кіргізілмеген. Орта есеппен б.э.д. 300 б.э. 100 жылдар аралығын иудей өмірі және пікірлерімен бірге христиандықтың басталу жылдары жайында да мәлімет береді. Бұл жазулардың қайсыбірінің христиан Киелі Кітабына (Көне Өсиет бөліміне) алынатындығы жайлы алғаш шіркеу қызметкерлері арасында пікірталас болса да, бұлардың бір бөлімі Вулгатқа (Жердме тарапынан шамамен 404 жылы папа Дамасустың бұйрығымен христиан Киелі Кітабының латын тіліне аудармасы) алынып, дұрыс деп қабыл етілген. (Бұл жазылғандардың тізімі жоғарыда иудей Киелі Кітабы Танах танытылып жатқанда келтірілген). Протестант лидерлер бұлардың оқылуында пайда бар деумен қатар олармен доктрина қорғалады деген пікірді алға тартқан. Трент мәжілісінде (1548 жылы) бұлардың дұрыстығы қайтадан бекітілген.

Жаңа Өсиет апокрифтерінің кейбірі екінші ғасырға қатысты жазбалар болып саналады, Иса және Жаңа Өсиет тұлғаларымен қатысты бұл жазулар Жаңа Өсиетке кіргізілмеген. Бұлар дұрыс болмаумен қатар, жалпы халық түсіне алатындай дәрежеде алғаш христиан өмірлері мен тұжырымдарына енуі тұрғысынан маңызды. Бұл жазулар төрт топ. 1) Інжілдер: Бұлардан «иврит бойынша» және «Томас інжілі» сияқты бір бөлімі, алғаш ауызекі дәстүрді қамтиды. Басқалары Исаның балалық шағы және өміріне қатысты тереңірек іздену мақсатымен жазылған. Бұларға «Томастың балалық Інжілі», «Никодемус Інжілі», «Протоевангелиум», «Ағаш ұстасы Юсуфтың тарихы» мысал ретінде беріледі. 2) Петр, Павел, Жоқан сияқты алдыңғы қатардағылардың жасағандарын түсіндіретін «Пайғамбарлардың істері». 3) Хаттар Иса мен Абгардың хабарласуы, Павелдің жоғалған хаты, Лентулустың хаты секілді. 4) Уахилар: Петрдікі сияқты.

Төрт Інжілге Матай, Марқа, Лұқа және Жохан Інжілдері жатады. Бірқатар айырмашылықтың болғандығына қарамастан алғашқы үш Інжіл арасында өзара ұқсастықтар байқалғандықтан оларды синоптикалық Інжілдер деп атаған. Деректерде синоптикалық Інжілдер 60-85 жылдары арасында жазылған делінеді. Төртіншісіне жататын Жохан Інжілі 100 жылдан кейін жазылды. Ол алғашқы төрт Інжілдің мазмұнын қамтиды.

Мәтіндік зерттеулердің нәтижесінде бір топ ғалым ең көне Інжіл – Марқа Інжілі деген қорытындыға келді. Матай кейініректе жазылған. Ал Лұқа Інжілі алғашқы екі Інжілге сүйенеді. Бірақ үш Інжіл де қазір қолда жоқ, жоғалып кеткен арамейше бір Інжілден жазылғандығы белгілі болды. Хз. Исаның б.з.д. 6 немесе 4 жылы туылғанын, шомылдыру рәсімінен 28 жасында өткенін, діни миссиясын 30 жасында немесе айқышқа 33 жасында керілгенін ескерсек, қолымыздағы ең көне Інжілдің одан ең кемі 30 жыл кейін жазылғаны белгілі болады.

Хз. Исаның шәкірттері арасында оқу-жазу білетіндер жоқ дерліктей аз еді. Інжілдерде берілген мәліметтер ауыздан-ауызға жеткен деректер болып табылады. Інжілдердің жазылуы мәселесі бас қатырарлық мәселе болып келеді. Қолдағы Інжілдерде Хз. Исаның бұларды жаздырғаны жайлы сөздерді кездестіру қиындау. Шындығында «маған берген сөздеріңді оларға бердім» (Жохан 17;8,14) секілді түсіндірулер кездеседі. Бірақ Інжілдердің қалай жазылғандығы жайында нақты деректер жоқ. Кейбір әдебиеттерде алғашқы христиандардың Інжілдері болғандығы келтірілген. Бұл Інжілдер иудейлер мен римдіктердің қудалауларына байланысты жазған кісілер сақтап қалу үшін кейбір жерлерге жасырған немесе қолды болып, жойылған. Қазіргі таңдағы Інжілдердің белгісіз әдебиеттерінің осылардың арасында екендігін алға тартылады.

Кейінгі Інжілдер ауызша жеткен деп есептелетін Ініжілдердің негізінде жазылған делінсе де, ғалымдар бәрібір нақты бір тоқтамға келе алмады. Бірақ кейбір христиан дерек көздерінде Інжіл мәтіндерінің үш-төрт мәрте өзгертілгендігі сөз болады. Бұл жағдайлар алғашқы христиандар арасында шыққан көзқарас айырмашылықтарына байланысты туындаған еді. Олар өз көзқарастарын қорғау үшін немесе сенбеген дінсіздерге ескерту үшін осындай әрекетке барған болатын. Бұдан басқа, Інжілдердің жазылуында белгілі бір ереженің болмауы, әрі бақылаусыз болуы, кез келгеннің Інжіл жазуы, соның салдарынан жүзге тарта Інжілдердің пайда болуы жоғарыдағы айтылып өткен Інжілдердің өзгергендігі жөніндегі көзқарастарды растай түседі. Қолымыздағы Төрт Інжіл осынау жүзге тарта Інжілдердің арасынан бір-біріне жақындау деп іріктеліп алынған. Бұлар әрі күмәнсіз, сенімді, әрі Киелі Рухтың жетелеуімен жазылған деп есептелді. Шіркеу бұдан басқа Павел, Петір, Жохан, Жақып және Яхуданың хаттарын, Елшілердің істерін (Лұқаныкі болуы ықтимал) және Уахи (Жоханның уахиі) кітаптарын сенімді етіп шығарып, барлығын Жаңа Өсиеттің құрамына кіргізді.

Шіркеу күмәнді санап, Жаңа Өсиетке кіргізілмеген Інжілдер мен жазбалар арасында Эбиониттер Інжілі Және Варнава Інжілі бар еді. Бұл Інжілдер Құдай тағаланың бірлігін, Хз. Исаның Құдайдың құлы әрі елшісі екенін, тәңір еместігін, айқышқа оның орнына басқа біреу керілгенін және Хз Исадан кейін пайғамбар келетінін хабарлаған болатын. Бұларда берілген мәліметтер Құрандағы хабарларға қатты сәйкес келеді.

Жаңа Өсиеттің жазылуы және мазмұны туралы көзқарастар

Шіркеу Інжілдермен қоса, бірқатар хаттар мен кітаптарды да Жаңа Өсиет құрамында топтастырып, нақты қасиетті жазба емес-ау деген күмәнді кемшіліктерден тазартуды көздеді. Бірақ олар тікелей Хз. Исаның айтып жаздырып кеткен сөздері емес еді. Өйткені ол кезде Иса арамейше сөйлейтін. Ал Жаңа Өсиеттің мәтіндері грекше жазылған (Қолдағы ең ескі Жаңа Өсиет мәтіндері грек тілінде). Інжілдер Исадан белгілі бір деректік тізбектер арқылы келмеген. Мәселен, Лұқа өз Інжілінің басы жағында әңгімені Теофил атты досына қарата айтып, соған ғана арнап жазғаны түсінікті болады (196). Бұл жазбалар –әлбетте Хз. Исаның сөзі емес, Лұқаның сөздері. Тіпті мәтіндік зерттеулердің нәтижесінде ең қуатты, ең сенімді деп қабылданған Лұқа Інжілінің кейбір бөлімдері оған тән еместігі белгілі болды. Жаңа Өсиетті құрайтын кітаптарда қайшылық сияқты көрінген және айырмашылық байқатқан бірқатар мысалдар:

1. Хз. Исаның ата-тегі Лұқа Інжілінде Матай Інжілінен басқаша түсіндіріледі. Мәриямның күйеуі Жүсіп Лұқа Інжілі бойынша Елінің, ал Матай бойынша Жақыптың баласы. (Қар. Лұқа, 3:23; Матай, 1:16).

2. Марқа Інжілінде «Інжіл» Құдай тағаладан келсе, Павелдің римдіктерге арнаған хатында Хз. Исадан бастау алады («Ұлымның Інжілі» түрінде) (Қар. Марқа1:14, Римдіктерге 1:8-10). Бұдан басқа, Марқа Інжілінің бір жерінде «Иса Мәсіхтің Інжілі», ал бір жерінде «Құдайдың Інжілі» делінеді. (Қар. Марқа, 1:1; 1:14).

3. Лұқа Інжілінің бір жерінде «Құтқарушым Құдай», ал басқа бір жерінде «Құтқарушы – Иса Мәсіх» делінген. (Қар. Лұқа, 1:47; 2:11).

4. Көптеген жерде Хз. Исаны әрі «Құдайдың ұлы», әрі «Жүсіптің ұлы», әрі «Дәуіттің ұлы», әрі «Адамның ұлы» деген тіркестермен атайды.

5. Бір Інжілде бар мәлімет келесісінде мүлдем жоқ. Кейде бір мәлімет төрт Інжілдің тек біреуінде ғана жазылып, қалғандарында кездеспейді. Кейде үш Інжілде жазылған мәлімет төртіншісінде жоқ. Мәселен, Жақия Хз. Исаны шомылдыру рәсімінен өткізгені Матай, Марқа және Лұқада айтылғанмен, Жоханда бұл жайлы әңгіме болмайды. (Қар. Матай, 3:3-17; Марқа, 1:9-1; Лұқа, 3:21-22, 4:1).

6. Алғашқы үш Інжіл бойынша Хз. Исаның негізгі мемлекеті – Галилея болса, Жоханда Яхудия. (Қар. Матай, 13:54-58; Марқа, 6:4; Лұқа, 4:29; Жохан, 4:3-43-45). Матай мен Лұқа бойынша Иса Бетхлеһемде туылған (Қар. Матай 2/1; Лұқа ІV/4,15). Марқа мен Жоханда бұл жағы айқын емес. Осы екі Інжілде Исаның Галилеядан келгендігі айтылады. (Қар. Марқа, 1:9; Жохан, 7:42).

7. Матайда ораза болып Хз. Исаға сұрақ қойғандар Жоханның шәкірттері, Марқада жазушылар және парсылар (Қар. Матай 9:14, Марқа 2:18).

8. Хз. Иса Эриха мемлекетінен шыққанда Матай бойынша екі, Марқада бір соқыр келіп көзін ашып беруі үшін келген (Қар. Матай 20:30, Марқа 10:46).

9. Матай мен Марқада Хз. Исаның міндеті шомылдырушы Яхия зынданға тасталған соң, Жоханда болса зынданнан бұрын бастағандығы айтылған (Қар. Матай 4:12-17, Марқада 1:14-15, Жохан 3:22-26, 4:13).

10. Хауарилердің Исаны ұстап берген адамды суреттеуі Інжілдерде әр түрлі айтылады. Бұл Жохан Інжілінде Исаның бір үзім нанды батырып ұзатып берген адам; басқа Інжілдерде қолын Исаның қолымен бірге дастарханға ұзатқан адам (Қар. Жохан13:26, Марқа 14:20, Матай 26:23, Лұқа 22:21).

11. Құдысқа кіріп бара жатқанда есекке мінуі, мінгізілуі түрінде бір-біріне қарама-қайшылықтармен қатар осы жайтқа байланысты түрлі түсіндірулер назар аудартарлық (Қар. Марқа 11:7; Матай21:5; Лұқа 19:30-35; Жохан 12:14).

12. Зебедидің әйелі Мәриямның Мәсіхке келуі жайлы Матай мен Марқада басқаша түсіндіріледі. Лұқа мен Жохан Інжілдерінде бұл мәселелер кездеспейді (Қар. Матай 20:20-22; Марқа 10:35-40).

13. Матайда Яхияның (Хз. Яхия) бір жерде шегіртке мен балықты жегендігі, басқа жерінде жемегендігі айтылады (Қар. Матай 3:4; 11:18-19).

14. Інжілдерде Тәңірді көру жайында бір-біріне қайшы келетін мәліметтер берілген (Қар. Жохан 5:37; 14:7-9; Матай 18:1-14; Марқа 9:1-8).

Ең қуатты Інжіл саналатын Лұқа Інжілін жазған Павелдің шәкірті хауарилерден емес. Лұқа Інжілін Павелдің сенім негіздеріне сай жазған. Ол Інжілін басқа Інжілдерді зерттей отырып жазғанын басында айтып өтеді. Бірақ басқа Інжілдер мен Лұқа Інжілі арасындағы айырмашылыққа назар аударсақ оныкі немесе басқаларыныкі дұрыс емес. Басқа Інжілдерге көз жүгіртер болсақ олардың да бір-бірлері арасында қарама-қайшылық, үйлеспеушілік және басқаша түсіндірулермен қатар бірінде жазылған нәрсе енді бірінде ол жоқ. Міне осылардың бәріне мұқият қарасақ жазылған стилі мен қамтыған нәрселері адамның еңбегі екендігі, әрі көзқарастарының енгізілгендігі көрініп-ақ тұр.

Бұл секілді қайшылықтар мен айырмашылықтардың Аллаһ жіберген кітапта болмайтындығына және бір пайғамбардың өзін Тәңір дәрежесіне көтеріп, Тәңірді адам дәрежесіне түсірмейтіні белгілі. Христиандардың Киелі Кітаптарының кейіннен адамдар тарапынан жазылғандығы, түрлі жорамал жасағандықтары, бұрмалағандықтары тайға таңба басқандай-ақ көрініп тұр.

Наши рекомендации