Нонкоформизмнің туындау мәні мен мазмұны
Адлердің адам табиғатына қатысты біртұтас пайымы баршаны қамтыған еді. Ол адамды жекелей алғанда өзара байланыстардың біртұтас жүйесі ретінде қарастырып қана қоймай, сонымен бірге үлкен жүйелердің – отбасының, қоғамның интегралдық құрамдас бөлігі ретенде де қарастырды, ол: «Жеке тұлға психологиясы индивидуумды қоғаммен бірге қарастырып зерттейді. Адамды қоғамнан бөлек, яғни одан оқшау қарап зерделеуге болмайды» (Adler, 1956, 2-бөлім). Адлердің теориясында адамның бүкіл мінез-құлқы әлеуметтік контексте өтеді және адам табиғатының мәніне тек әлеуметтік қарым-қатынастарды түсіну арқылы ғана қол жеткізуге болады деген ереже жетекші орын алды. Бұған қоса, әрбір адамның ортақшылдыққа ұмтылған табиғи сезімі немесе әлеуметтік мүддесі, яғни өзара әлеуметтік қарым-қатынастарға түсуге деген туа біткен қасиеті болады.
Адлер баланың әлеуметтік мүддесінің дамуына ықпал етуші күш ретіндегі маңыздылығына қарай әкені екінші орынға қояды. Біріншіден, әкенің өз әйеліне, жұмысына және қоғамға қатысты оң ұстанымы болуға тиіс. Сонымен қатар, оның қалыптасқан әлеуметтік мүддесі балалармен арадағы қарым-қатынастарда көрініс беруі қажет. Адлердің пікірінше, өзінің балаларына өзімен дәрежесі тең ретінде қарайтын, әйелімен бірге олардың тәрбиесімен белсенді түрде шұғылданатын адам мінсіз (идеалды) әке болып табылады. Әке мынадай екі қателіктен: эмоционалдық шеттеушіліктен және ата-ана тарапынан орын алатын авторитаризмнен аулақ болуға тиіс, бір қызығы, осы екі қателіктің де салдарлары бірдей. Ата-анасынан қағажу көріп отырған балалар әлеуметтік мүддеге негізделген артықшылықтан гөрі, әдетте, жекебасының артықшылығына қол жеткізуге ұмтылады. Ата-ана авторитаризмі де кемшін өмір салтына әкеп ұрындырады. Қатыгез әкенің тәрбиесін көрген балалар да әлеуметтік артықшылық үшін емес, жекебасының артықшылығы үшін және билік үшін күресуді үйренетін болады.
Кейін балалық шақтан жасөспірім шаққа аяқ басқан кезде физикалық, вербалдық, жанама агрессия және нонконформизм сияқты мінез-құлық әрекеттерінің арақатынасы айтарлықтай өзгереді. Балалардың жас кезеңінің өн бойында физикалық агрессия мен нонконформизм орнықты үстемдік етсе, ал қыздарда нонконформизм мен вербалдық агрессия үстем болады (2, 3-суреттерді қараңыз). Жас ерекшеліктеріне қарай балаларда да, сол сияқты қыздарда да агрессиялық және келеңсіз үрдістер жалпы үдей түсетінін айта кету керек. Сонымен бірге, 16 жасқа қарай балалардың физикалық және вербалдық агрессиясы, сондай-ақ 14 және 16 жасқа қарай жанама агрессиясы мен негативизмі уақытша төмендейді. Қыздарда физикалық және вербалдық агрессияның төмендеуі 14 жаста байқалады, ал жанама агрессия мен негативизмнің үдей түсуі тұрақты үрдіске айналған.
физикалық агрессия/ вербалдық агрессия/ жанама агрессия/ негативизм
Конформизм немесе нонконформизм деңгейі Кеттелл тестісі бойынша өлшенеді. Тестідегі тұжырымдар:
Топтың пікірі мен талаптарына тәуелділік, әлеуметтенушілік, қоғамдық пікірге ілесу, басқа адамдармен бірге жұмыс істеуге және олармен қосылып шешім қабылдауға ұмтылу, дербестігінің төмен болуы, әлеуметтік қолдауға сүйену.
Бұған керісінше: тәуелсіздік, өзінің шешіміне сүйену, дербестік, тапқырлық, өзінің жеке пікірінің болуына ұмтылу.
Өзін аса жоғары бағалаған жағдайда өзін топқа қарсы қоюға және онда үстемдік етуге бейімділік таныту.
Кеттелл тестісі бойынша конформистік деңгей көпшіл адамдарда жоғары болады, олар үшін қоғамның қолдауы аса маңызды, бұлар - ақсүйектер рухында тәрбиеленген адамдар. Көбінесе топпен қарым-қатынасты үзген адамдар нонконформизм бойынша жоғары бағаға ие және оларға шұғылданатын саласына қарай дарашыл болып табылатын жазушылар, ғалымдар және қылмыскерлер жатады...
Неге деректер мұндай? Бұл Кеттелл тестісіндегі проблемаларға байланысты болар, өйткені онда жеке тұлғаның даму деңгейі ескерілмеген. Мәселе мынада: конформизм де, сол сияқты нонконформизм де көбінесе әлеуметтік-психологиялық даму деңгейі төмен топтарда кездеседі Нонконформизмге көбінесе жасөспірімдер үйір болып келеді. Адамның жеке даму деңгейі неғұрлым жоғары болған сайын, соғұрлым ол конформизмнен де, сол сияқты нонконформизнен де өзін аулақ ұстайды. Мұндай адамға өз тағдырын өзі шешуге ұмтылу қасиеті тән болып келеді.
Атақты балалар психологы Р. Дрейкурс: балалардың «жаман» мінез-құлық танытуына бар болғаны төрт мақсат итермелейді деп есептеген. Алайда, тәжірибе көрсетіп отырғандай, балалар мен жасөспірімдер арасында көрініс беретін көптеген жат қылықтарды шынымен де Р. Дрейкурс сипаттаған себептердің бірімен түсіндіріп беруге болатын сияқты. Нонконформизм мен жат қылықтардың орын алуына қандай да бір дәрежеде қанағаттандырылмаған балалардың әртүрлі қажеттіліктері себеп болады. Егер баланы мазалап жүрген мәселені ересектер дөп баса алатын болса, онда балалардың мұндай қылықтарына ересектердің жауабы анағұрлым тиімді болар еді.
Р. Дрейкурс бойынша «жаман» мінез-құлықтың төрт мақсаты мыналар:
• өзіне назар аударту. Өзіне назар аудартуға деген қажеттілік баршаға тән, уақыт өте келе көптеген адамдар үнемі елдің назарында болудың мүмкін еместігіне және адамдардың ілтипат-назары тек саған ғана түсе бермейтіндігіне амалсыздан көнеді, ал басқалар өздерінің табыс-жетістіктерімен және тағы басқа оң әрекеттерімен өзіне назар аудартуды үйренеді. Осындай тәжірибесі жоқ және алдыңғы қатарда болуға ресурстары жеткіліксіз балалар кейде тіпті жаман әрекеттерге бара отырып өзіне назар аудартуға күш салады: олар елеусіз қалғаннан гөрі осылай істеген жақсы деп ойлайды ...
Мұндай кезде балаға жайлап ескерту айтып, жат қылықты тоқтату қажет, сонымен қатар, адамдардың ықыласына сындарлы тәсілдер арқылы қол жеткізуге болатынын балаға үйретіп, оның әрекетіндегі кез келген оң көріністерді міндетті түрде оған айтып отыру керек, әрі осылай балаға назар аударуға болады.
• Билік. Осылайша өздерінің қажеттіліктерін қанағаттандыратын балалар немесе жасөспірімдер өздерінің айналасындағыларды ұдайы «тексеріп» отырады, осы арқылы олар «Мұнда кім қожайын?» деген сұраққа жауап іздегендей болады және «Сен маған не істей аласың?» деген оймен ата-анасына қарсы шығады. Оның арандатуына көнбеңіз, ұрыс-керіске баратын болсаңыз, бала одан бетер «екіленіп кетеді» және бұл ересек адамның бойындағы әлсіздікті көрсетеді. Мұндай баламен сөйлескен кезде өзіңізді сенімді әрі байсалды ұстай отырып, оған бүкіл билікті бере алмайтындығыңызды ұғындырыңыз. Сонымен бірге, осы мәселені бірге талқылай отырып, биліктің ақылға қонымды және көңілге қонарлық бір бөлігін, соның ішінде ұйымдастыру функцияларының бір үлесін оған жүктеуге болады.
* Кек. Мұндай себеп итермелейтін бала не жасөспірім өзін жәбір көргендей немесе мақұрым қалғандай сезінеді. Бұл жерде бала үшін оның көрген жәбірі (отбасындағы қиындықтар, дене кемістігі, психикалық жарақат...) нақты орын алған-алмағаны маңызды емес не болмаса бала өзінің бүкіл айналасы оған әділетсіз қарайды деп есептейді. Ата-ана мұндай балаларды жақсы қарым-қатынас жасау арқылы өзіне қарату қажет. Оларға ата-ананың ықыласы мен мейірімі, қамқорлығы мен түсіністігі керек.
• Сәтсіздіктен жалтару. Мұндай балалар кез келген іс-шараға көп жағдайда қатысудан бас тартып жатады, себебі, ол жерде табыс пен жетістікке қол жеткізе алмаймын деп ойлайды. Олар өзіне деген сенімнен айрылған және осының салдарынан өздерін өте жайсыз сезінеді. Мұндай кезде мейлінше шыдамдылық танытыңыз, баланың кез келген, тіпті, кішкентай жетістігі болса да, оған қолдау көрсетіп, баланы ынталандырып отырыңыз. Бұл жол ұзақ әрі қиынға соғады.
Американдық зерттеуші С. Милгрэмнің экспериментінде сынақтан өтушілерге басқа адамдарға қос сөздерді есте сақтауды үйрету ұсынылды. Сынақтан өтушілерге жауапты дұрыс бермеген адамды алдымен әлсіз электр тоғымен жазалау ұсынылады. Қайтадан қателескен жағдайда, тоқтың күшін әрдайым күшейтіп отыру тапсырылды. Шын мәнісінде электр тоғы болған жоқ, «сынақтан өтуші» экспериментатордың көмекшісі еді. Ол әрдайым тоқтың әсерінен азап шегіп отырған адам сияқты болып көрінді. Тоқ күшінің шкаласы әлсіз шамадан бастап күшті және одан да өте күшті шамаға дейінгі аралықты көрсетіп отырды (15 вольттен 450 вольтке дейін). «Жалған сынақтан өтуші» алдымен ыңырсып, сосын айқайлап, экспериментті тоқтатуды талап етті, сонан соң күшті тоқ күші берілген кезде мүлдем үнсіз қалатын. Бірақ бұл да сынақтан өтушілерді тоқтата алмайтын. Экспериментатордың беделіне бағынғаны соншалықты, Милгрэм экспериментіне қатысқан сынақтан өтушілер «жалған сынақтан өтушіге» тіпті 450 вольт кернеуі бар тоқ күшін қолданған. Бұл ретте сынақтан өтушілер экспериментаторға тәуелді болмаған, олар кез келген сәтте экспериментті жалғастырудан емін-еркін бас тартуларына болатын еді. Мұндай экспериментте беделге мойынсұну конформистік қылмыстық мінез-құлықтың көрінісін суреттеп берді, яғни бұйрық бойынша қылмыс жасауға болатынын көрсетті. 1956 жылы Соломон Аш «конформизм» терминін қолданып, жалған сынақтан өтуші топ пен аңғал сынақтан өтушілер қатысқан өз эксперименттерінің нәтижелерін баяндап берді.
Алғаш қараған кезде эксперимент мазмұнында ешқандай қиындық жоқ сияқты: салыстыру операцияларына байланысты әдеттегі әрекеттер. Қатысушыларға үш кесіндінің ұзындығын салыстырып, солардың ішінен ұзындығы жағынан эталонға сай келетінін таңдап алу ұсынылды. Эксперименттің бастапқы сатысында экспериментатордың сұрағына әрбір сынақтан өтуші әрқайсысы жеке-жеке жауап беріп отырды, бұл ретте барлық қатысушылар тапсырманы ойдағыдай орындап шықты. Екінші кезеңде сынақтан өтушіге дәл осындай тапсырманы орындау тапсырылды, бірақ жалғыз өзі емес, енді тапсырманы топпен бірге орындауға тиіс болды, олар сұраққа кезекпен жауап беріп отырды.
Мұнда экспериментке қатысушылардың барлығы, тек бір адамды қоспағанда, экспериментатордан сұраққа қате жауап беру жөнінде нұсқау алған оның өз адамдары еді. Міне, барлық кілтипан осында болатын. Бұдан хабары жоқ сынақтан өтуші кезек-кезек жауап беріп жатқан басқа қатысушылардың барлығы бірдей сенімді түрде қате жауап беріп жатқанын естіген кезде, абдырап сасып қалды. Экспериментке қатысқан 123 адамның үштен бірі (37 пайызы) топтың қысымына шыдай алмай қате жауап берген, осы арқылы олар конформистік мінез-құлық танытты.
3.2. Қолданылатын әдістемелердің жалпы сипаттамасы
Тәжірибелік зерттеу Астана қаласының №7 мектеп-гимназия коммуналдық мемлекеттік мекемесінде жүргізілді. Зерттеуге екі паралельді сынып оқушылары қатысты. 9А сыныбы бақылау ретінде, 9В сыныбы- тәжірибе ретінде қатысты. Кеттель тесті (бейімделген нұсқа) көмегімен жүргізілген.
Р.Б. Кеттелдің көп факторлы әдістемесі бойынша жасалған жасөспірімдер нұсқасы 12 жастан 16-18 жас аралығындағы орта және жоғары сынып оқушыларын диагностикалауға арналған. Жасөспірімдерге арналған 14 факторлы әдістемеде 142 сұрақ қамтылған, олардың әрқайсысында жауаптың үш нұсқасы берілген. Кеттелдің тест-сауалнамасын өту уақыты жасөспірімдер үшін орташа 30-40 минут.
Бұдан әрі: Кеттелдің жасөспірімдерге арналған сауалнамасына нұсқаулық. Кеттелдің жасөспірімдерге арналған тестісіне сұрақтар. Өңдеу: Кеттелдің жасөспірімдерге арналған тестісін шешу жолы (мағынасын ашу).
Кеттелл тестісінің жасөспірімдер нұсқасына нормативтер. Ұлдар 12, 13, 14, 15, 16, 17, 18 жас.
Кеттелл тестісінің жасөспірімдер нұсқасына нормативтер. Қыздар 12, 13, 14, 15, 16, 17, 18 жас. Кеттелдің жасөспірімдерге арналған сауалнамасы нәтижелерін интерпретациялау.
Кеттелдің жасөспірімдерге арналған сауалнамасына нұсқаулық: балаларға бірқатар сұрақтар қойылатын болады, олардың әрқайсысында жауаптың үш нұсқасы берілген. Олар осы үш нұсқаның ішінен сенің пікіріңді көрсететін немесе сенің пікірің бойынша дұрыс болып табылатын бір нұсқаны таңдаулары қажет. Таңдап алынған жауап нұсқасы («а», «в» немесе «с») сұрақтың тиісті нөмірінің қарсы жағына тіркеледі. Тапсырма бірінші сұрақтан бастап соңғы сұраққа дейін, ешқайсысын қалдырмай дәйекті түрде орындалады. Тез жұмыс істейміз, ұзақ ойлануға болмайды. Бүкіл жұмысты 30-40 минут ішінде бітіру керек. Жауаптың аралық нұсқаларын («в») аса жиі таңдаудың қажеті жоқ. Егер басқаша жауап бере алмайтын болсақ, сол кезде ғана осындай жауапты таңдауға болады. Жақсы жауап беретін болсам, көзге түсемін дегеннен аулақ болған жөн. Кез келген жауап еш жерде талқыланбайды.
Кеттелдің жасөспірімдерге арналған сауалнамасы нәтижелерін өңдеу. 1. Диагностикалау барысында тестіден өтушінің берген жауаптарының шешу жолымен сәйкес келген саны есептеледі. Әрбір сәйкестік үшін 2 балл есептеліп отырады. Тек В факторы бойынша әрбір сәйкестікке 1 балл беріледі, сондай-ақ «в» жауабы үшін 1 балл есептеледі. 2. Жиналған баллдар сомасы кесте бойынша нормативтік деректермен салыстырылады және осы деректерге байланысты төмен немесе жоғары деген баға беріледі.